Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АвтомобилиАстрономияБиологияГеографияДом и садДругие языкиДругоеИнформатика
ИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеталлургияМеханика
ОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРелигияРиторика
СоциологияСпортСтроительствоТехнологияТуризмФизикаФилософияФинансы
ХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника

ДӘРІС ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВТЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

Читайте также:
  1. ДӘРІС 1941-1960 ЖЫЛДАРДАҒЫ ҚАЗАҚ ПОЭМАЛАРЫ
  2. ДӘРІС 1941-1960 ЖЫЛДАРДАҒЫ ДРАМАТУРГИЯ
  3. ДӘРІС ТАЙЫР ЖАРАКОВТЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ
  4. Тәжірибелік сабақ: Қасым Аманжоловтың өмірі, шығармашылығы.
  5. ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ
  6. ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

Дәрістің мақсаты: Қасым Аманжоловтыңақындық, аудармашылық қырларын

таныту.

Тірек сөздер: Өлең, поэма, баллада, сонеттер, романс, аударма, мақала.

Дәрістің жоспары: 1. Қасым Аманжоловтыңшығармашылық өмірбаяны.

2. Соғыстан кейінгі өлеңдері.

3. Аудармалары.

Қазақ поэзиясындағы санаулы саңлақтардың санатында өзіндік өршіл үнімен, сыршыл жырларымен дараланған ақын Қасым Аманжоловтың соңында қастерлі мұрасы қалды. Өлеңдер, поэмалар, балладалар, сонеттер, романстар, аудармалар, мақалалар.

Қасым Рахымжанұлы Аманжолов 1911 жылы Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты Қызыл ауылында туған. Әкесінен бес жасында айрылған болашақ ақын ауылда қозы бағып, отын-су, шөп тасумен бірге мал күзетеді. Шешесі Айғаншаны (1888 жылы туған) төркін жұрты ықтиярына қарамай, бір байға қосады. Ата-анасынан айрылған баланың ендігі күні аға-жеңгелеріне қарап қалады.

Шешесі Айғанша аздап ән салады екен, «Қыз Жібек» секілді жырларды жатқа айтқан. Соның әсері ме, анасының айтуына қарағанда, Қасым жылағанда, бесікті сықырлататын. Жеті айда жүріп кеткен мазасыз бала болған екен. Таңертең ерте үй-іші ұйықтап жатқанда, «..тұрып алып, далада үй айналасында жападан жалғыз ойнап жүретін, жалғыз сиырдың қара бұзауымен ойнап, өзімен өзі болып өлең айтатын. Көп балалардың тобына қосылмай, оңаша жүруді ұнататын. Балалардың ұрыс-жанжалына жоламайтын» –дейді.

Сөйтіп жүріп молдадан тиіп-қашып оқиды, сауат ашысымен қолына түскен бірлі-жарым кітапты құр жібермей, қызығып нәр алады.

Көкірегінің сезімі, жүрегінің оты бар баланы ағасы Ахметжан 1923 жылы Семейге әкеліп, сондағы бастауыш мектепке оқуға береді. Алғыр да зерек, зейінді Қасым алғашқы жылы-ақ екі сыныпты бірден тәмамдаған. Ахметжанның үйіне жиі жиналатын өнерпаздардың, қаламгерлердің сұхбаттары, қызық-думаны сергек ойлы, сезімтал баланың назарын аудармауы мүмкін емес еді. Әміре, Майра секілді әншілер, Иса сияқты аты шулы ақын, Мұқамбетқали Дауылбаев сияқты талантты, жас скрипкашылардың сауық құруы, Мұхтар Әуезов, Сәбит Дөнентаев сияқты сол тұста-ақ танылған қаламгерлердің келуі – бәрі болашақ ақынның өнерге, өлеңге деген ықыласын, ынтасын, құштарлығын арттырғаны сөзсіз. Өнерпаздарға еліктеп домбыра, скрипка үйренумен бірге өлең де жазып, бірлі-жарымын С.Дөнентаевқа ұсынғанымен, ол «тіл жағынан ұнатпапты».

Туғалы ән-жырға құмар, көкірегі ояу бала осы жылдарда өлең жазуға талаптанып, өз толғаныстарын дәптерге түсіре берген. Осында жүріп жазған бір дәптер өлеңдерінің арқауы–жастық шақ, айналасындағы дос-жарандарына арнаған әзіл-қалжыңдар, сол тұстағы әдебиетте белең алған үгіт-насихаттық ұрандарға еліктеу еді. Бұл дәптері жоғалғанда, «қымбат қазынам еді» деп өкінбейтінін ақынның өзі де кейін ашық айтқан. Сондықтан 1932 жылға дейін жазған жырларынан айтарлықтай мардымды дерек қалмаған.

1924 –26 жылдары балалар үйінде тәрбиеленген Қасым бұдан кейін Семейде мал дәрігерлік техникумында оқиды (1927-30 жж.). Алайда мұны қанағат етпей, білімге құлшынып Алматыға келеді. Бірақ өзі қалаған оқуға түсудің реті келмей, республикалық «Лениншіл жас» газетіне қызметке орналасып, қалам ұштайды. Біраз ысылып, тәжірибе жинақтаған соң «Қызыл әскер» газетінде істейді. Осы кезден бастап-ақ өз білімін толықтыруға айрықша мән береді. Талмай ізденіп, талғамын тәрбиелейді. Газет жұмысына төселіп, очерктер, мақалалар жазады. Заман талабына үн қосуға талпынған біраз өлеңдері «Лениншіл жас», «Пионер», «Қызыл әскер» газетінде жарық көреді. Әрине, оң-солын әлі жете танып үлгермеген жас ақын бұл өлеңдерінде сол тұста күллі елдің санасын күштеп билеп, дәуірлеп тұрған қатаң, үстем идеология ырқынан алыс кете алмайды. Ол заманда басқаша жазуға, ой-толғанысты еркін өріп, өрнектеуге мүмкіндік те жоқ еді.

1931 жылы Қасым Ленинград қаласындағы (қазіргі - Санкт-Петербург) орман шаруашылығы институтына түседі. Бірақ денсаулығының сыр беруі салдарынан бір жылдай ғана оқып, институттан қол үзуге мәжбүр болып, сол кездегі Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласындағы «Екпінді құрылыс» газетіне жұмысқа орналасады. Осында өткен жастық жылдарын кейін сағына еске алып жүреді. 1933 жылы әскерге алынып, әскери міндетін сол қалада өтейді.

Ән-күйге, өнерге деген құштарлық Қасымды 1935-36 жылдары Оралда жаңадан ашылған қазақ театрында әртіс болып қызмет істеуге құлшындырған. Осы жылдар ақын өміріндегі ұмытылмас қызықты да аяулы шақтар болып, жадында жатталып қалады. Әр алуан музыкалық аспаптарда еркін ойнап, домбыра, мандолина, т.б. шекті аспаптардан әуен әуелеткен ақын қызулы думан, жаңа орта, аяулы жандар арасында рухани есейеді. Бойында буырқанған ақындық дарыны айқын белгі беріп, өлеңдері жұртшылық назарына ілігеді. Сонымен бірге әншілік, әртістік қабілеті де осы кезде танылады. Театр топтарын ұйымдастырып қана қоймай әрі әртіс, әрі көркемдік жетекшісі болған Қасым өзінің өмірлік тәжірибесін де, ақын, өнерпаз ретінде көркемдік тәжірибесін де молайтқан.

Бала кезінен халықтың ән-жырынан, бай фольклоры мен ауыз әдебиеті шығармаларынан сусындап өскен Қасым Амажоловтың хат танығаннан кейін поэзия алыптарының шығармаларын мұқият зер салып оқығаны, олардың творчествосынан нәр алғаны анық. Бұл ретте алдында өткен айтулы ақындар поэзиясының ықпалы, әсіресе, айқын байқалады. Мәселен, «Сұлудың сымбатынан» (Орал, 1935), Абайдың «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» өлеңінің ізі көрінеді.

Қара көз, қиылған қас, жазық маңдай,

Алма бет, ақша жүзі нұр тамғандай.

Қыр мұрын, оймақ ерін, меруерт тіс,

Бейне мақпал қызыл тіл шекер балдай.

Төгілер иығына қара шашы

Жібектей жүз құлпырған дамыл алмай.

Немесе «Көктемдегі» өлеңінде.«Алақанын тұр жайып, жас ағашта жапырақ. Балғын өмір ғажайып, Жас дауыспен жамырап» тәрізді сыршыл образдылық Абайдың «Жас жүрек жайып саусағын, Талпынған шығар айға алыс» секілді толғаныстарымен үндесіп жатыр. Мұндай портреттік бейнелеуде Абай қолданған тәсіл, Абай пайдаланған көркемдік өрнектер, бояулар бірден «менмұндалайды».

Ақынның әлі толыспаған, жас кезіндегі өлеңдеріндегі еліктеу сипатына, алған бастау, үйренген үрдісіне зер салғанда, ұлттық поэзиядағы, фольклордағы өзінің жанына жақын, жүрегіне жылы тиген сарындарға, тәсілдерге, бейнелік байлыққа, ой мен көңіл-күй әуендеріне бүйрегі бұрғаны айқын аңғарылады. Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов өлеңдеріндегі ой толғау сыр ақтару сарыны мен машығы сезіледі. Мәселен:

Қас тұлпар деп кім айтар,

Өрге ұмтыла шаппаса,

Ақ сұңқар деп кім айтар,

Қияға қанат қақпаса, –

сияқты жолдар фольклор дәстүрін, бейнелеу мен ой толғау машығын еске салса, 1936 жылы 27 мамыр күні Оралда жазған «Тойла, қазақ!» атты өлеңі:

Сарғайып сар далада жатқан қазақ,

Өмірдің бар азабын тартқан қазақ,

Бай, төре,би, молданың бұғауында

Азаптың ащы азабын тартқан қазақ, –

деп басталып:

Кім едің, кім болдың сен, ойла, қазақ!

Бірақ та ойлап қана қойма, қазақ!

Көсемің, ұлы Отаның болсын риза,

Табысты таудай үйіп, тойла, қазақ!

деп тәмамдалады. Жинақтаушы бейне ретінде алынған ел-халыққа арнап тіл қату, үндеу тәсілі Міржақып Дулатовтың «Оян, қазағын» жаға заманның талабына сәйкес жаңғыртады. А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, т. б. халық жауы ретінде қаралау майданы басталып, одан тамам ел түгел құлақтанса да, жас, албырт ақын жанына жақын әуен мен тәсілден бас тартпайды, жаңа заманға бейімдеп қолданады.Мұндай мысалдар алыптар дәстүрінің өміршеңдігін де, ақынның өнер өкілі ретіндегі ұлттық-патриоттық табиғатын да көрсетеді. Тек өміршең, озық дәстүр ғана көркемдік әлемінде жоғалмайтынын, жойылмайтынын ақын сезіне білген. Сондықтан да ырықты, ырықсыз түрде сол дәстүрлерді өз жүрегінің көрігінен өткізеді, өзінше жаңғыртады. Мағжан жырының жаңғырығы, Мағжан стилі А.С.Пушкиннің қайтыс болғанына 100 жыл толуына байланысты жазған «Ақын» өлеңінен нышан танытады:

Күн боп туған ұлан күнше күледі,

Күндес болған түн өзегін тіледі.

Жас ұланның таза қаны күйеді,

Қара түнде қара киіп қайғырған,

Сұлуларды құшады да, сүйеді...

 

Немесе:

Таба алмай көп шарлап ем жердің жүзін,

Кез болдым, Сіз екенсіз сол жұлдызым.

Кең жайып құшағымды шақырамын,

Жаныма жылжып қана кел, жұлдызым,

сияқты тармақтардан Мағжанның көркемдік әлемі елестейді.

Үздіктердің үр жаңа үлгісінен үйренуге елгезек жас ақынның қалыптасу өсу кезеңінде дүниеге келген туындыларынан С.Сейфуллин, Б.Майлин шығармаларының да әсері аңдалады. 1936 жылы Алматыда жазылған «Бәрін айт та, бірін айт» өлеңіндегі:

Бәрін айт та, бірін айт,

Жаңа өмірдің сырын айт!

Таң қалдырған тарихты

Сырлы өмірдің шынын айт,

деген секілді жолдар Б.Майлиннің атақты «Бәрін айт та, бірін айт. Коллективтің жырын айт!» деп келетін, кең таралған өлеңіне тікелей үндесіп жатыр.

Қ.Аманжолов шығармашылығына айрықша қуатты ықпал еткен - I.Жансүгіров поэзиясы. Мағжан поэзиясы отызыншы жылдарда қатты қысымға ұшырап, Бернияздың жырлары тағы да жарық көрмей, поэзияның көркемдік әлемі жүдеп-жадап қалған кезде Ілиястың сергек серпінді, асау арынды жырлары, психологиялық талдау арқылы кейіпкердің жан дүниесін еркін шарлаған поэмалары дүниеге келді. Ұлттық тілдің орасан байлығын емін-еркін қолдануы, телегей-теңіз қазынасын жарқыратып танытуы сол тұстағы жас Қасымға әсер етпей қалуы, талғампаз жас дарынның оған назар аудармай жүруі мүмкін еместі. Міне, сондықтан да Қ.Аманжоловтың бұл тұстағы туындыларында І.Жансүгіров поэзиясының ықпалын көрсететін мысалдар жеткілікті:

Құз шыңылдап, жаңғырап,

Сай шуылдап, тау жылап,

Жер бауыры тоң болып,

Жердің түгі сор болып.

Суалғандай айдын көл,

Қуарғандай шалқар бел,

Ол – бір күн, ол –бір заман.

немесе:

Ертеде ерте ел болған,

Ертеде талай ел болған,

Ертегі ескі заманда

Еркіндеген қабанға

Арыстандар жем болған,

деген жолдардан Ілияс екпіні, сөз саптау, бейнелеу машығы бедерленсе,

«Лондон»атты өлеңінен «Гималай» сарыны естіледі:

Лондон! Лондон! Не болдың?

Қарашы бір өзіңе:

Не көрінед, уа, Лондон,

Сенің миллион көзіңе?

Ұлы денең, зор кеудең

Мұнша неге жаралы?..

Ал «Толғаудағы»:

Бүгін, бүгін, дәл бүгін!

Ақтармаған жыр қалмас!

Бұдан жиырма жыл бұрын

Жүрген бала жалаңаш...

Ал, ақтарыл, асыл жыр,

Ой арнасын ашамын,

Ағыл-тегіл жосыл жыр...

Сайра-сайра, домбыра,

Құлақтың құрышын қандыра,

Әлемді таң қалдыра,

Жаудың жанын жандыра...

деп, екпіндеп төкпелеп келетін жыр жолдары жас ақынның қазақ поэзиясының алыбы Ілияс Жансүгіров шығармашылығынан үйренгенін, іштей буырқанып, жарысқа түскендей құлшына ізденгенін дәлелдейді.

Алайда Қ.Аманжолов ізденістері ырықсыз, соқыр еліктеу емес, саналы түрде дәстүрден үлгі алумен бірге өзінің үнін танытуға, табуға деген ықыласпен басым. Белгілі үлгілермен өзін салыстыра жарысқа салады. Ақынның өз замандастарымен жарысқа түскендей жазған өлеңдері де бар екені белгілі. Соның бір мысалы– Ә.Сәрсенбаевтың «Ақша бұлтынан» кейін дүниеге келген «Ақша бұлт» атты өлеңі. Ә.Тәжібаевтың «Сырдариясымен» де жарыса өлең жазылған.

Келтірілген мысалдар – ақын нәр алған айтулы мектептердің әр

алуандығының дәлелі. Ұлттық құндылықтардың қайталанбас көркемдік әлемі Қ.Аманжолов поэзиясыныңтың өріс, жаңа айдынға шығуына зор ықпал жасады.

Ақын шығармашылығының құнарына, әуен-сарын, бояу алуандығына игі ықпал еткен тағы бір өнімді фактор – орыс және басқа да халықтар өкілдерінің поэзиясы.Пушкин, Лермонтов, Маяковский, сондай-ақ отызыншы жылдардан бастап бірге жүрген достарының бірі Ғ.Слановтың айтуынша, ол «Аталған ақындарға қоса Шевченко, Байрон, Руставели, Низами шығармаларын көп аударды. Осыдан кейін-ақ Қасымның ақындығы күшейіп жүре берді». Сөйтіп, ақындық тәжірибесінің молаюына, өмірді көркемдік тұрғыдан тануына, өзіндік мәнерінің қалыптасуына аударманың да айрықша септігі тиген.

Қ.Аманжолов шығармашылығына тікелей әсер еткен жемісті, игі ықпалдардың бірі – әдеби сын, әдебиеттану.

Қасымның өнерге, өлеңге, өзіне қояр талабының үнемі өрлеп отыруына орыс сынының да, сонымен бірге, төл әдеби сынның да үлесі зор болғаны талассыз. Ақын үнемі іздеп хабарласып, пікірлесіп тұратын белгілі сыншы-ғалым Есмағанбет Ысмайыловтың айтуынша: «Соғыстан кейінгі дәуірлерде Қасымның өз бетімен оқуы бір жүйеге түскен болатын. Нақты зерттеп, тереңдей оқыған біркелкі авторлары орыстың революцияшыл-демократтары –Белинский, Чернышевский, Добролюбов, Писарев және Плеханов шығармаларын оқу үстінде бір күні маған Белинскийдің Гогольге жазған хатының қазақша аудармасын оқып берді. Терең ойға толы, өткір жалынды леппен, күрделі әдебиет тілімен жазылған Белинский шығармасына қазақ тілінің сөз байлығын, сөйлем құрамдарын сондайлық дәл жеткізе пайдаланған Қасымның жазушылық, аудармашылық шеберлігіне қайран қалдым.

Ол Белинскийдің «Александр Пушкиннің шығармалары» атты еңбегін қадағалап оқып, өзіне керекті жерлерін сызып, кейде кітаптың беттеріне жазып отырған».

Қандайда болсын қаламгердің шығармашылық әлемі, туындыларының эстетикалық сипаты, көркемдік дәрежесі ең алдымен автордың талғамына, өзіне өзі талап қоя білуіне тікелей тәуелді екенін ескерсек, Қасымның өзіне биік талап қоятынын өлеңдері мен поэмаларының, шығармаларының жылдан жылға ширап, көркемдік қуаты кемелдене, концептуалдық әлемінің кеңейе түсуінен көреміз.Ақын өлеңдерінің лирикалық кейіпкері көңіл күйіне қарай алуан кейіпте көрінеді. Бірде өр, тәкаппар, енді бірде үлбіреген нәзік соншалық сезімтал. Дегенмен арқыраған асау арын, буырқанған бұла күш, дауылды екпін лирикалық кейіпкердің жанына жақын. Өршіген өрттің аспанды шарпыған жалыны, тебіренген телегейдің көк пен жердің арасын шайқағандай жойқын сұрапылы. Қалыптағыдан тыс осындай адуын, асқақ сезім лирикалық кейіпкердің табиғатын да, ақын рухының сыр-сипатын да аңғартады.

Дәрісті бекіту сұрақтары: 1. Қасым Аманжоловтыңсоғыстан кейінгі жазған қандай өлеңдері бар?

2. Қасым Аманжоловтыңқандай аудармалары бар?

3. Қасым Аманжоловтыңқандай поэмалары бар?

Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 7, 9, 10, 17, 18, 19, 20, 21, 22, 27, 28, 30, 43, 45, 51,58,

64, 63.

 


Дата добавления: 2015-07-08; просмотров: 670 | Нарушение авторских прав


Читайте в этой же книге: Дәріс 1941-1956 ЖЫЛДАРДАҒЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ | ДӘРІС 1941-1960 ЖЫЛДАРДАҒЫ ҚАЗАҚ ПОЭМАЛАРЫ | ДӘРІС 1941-1960 ЖЫЛДАРДАҒЫ ДРАМАТУРГИЯ | ЗЕРТТЕУЛЕР | ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ | ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ | ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ | ДӘРІС ТАЙЫР ЖАРАКОВТЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ | ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ | ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ |
<== предыдущая страница | следующая страница ==>
ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ| ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.017 сек.)