Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

Философиялық ұғымдар мен терминдерді оқып-білу, жоғарғы оқу орындарында философия ғылымын оқытудың тиімді формасы, оқу және 7 страница



ГОББС Томас (1588-1679) – ағылшын философы, қоғамдық келісім теориясының негізін салушылардың бірі. Гоббс көзқарасының қалыптасуына Ф.Бэкон, Галилей, Гассенди, Декарттармен қарым-қатынаста болуы үлкен әсер етті. Гоббс 17 ғ. өрістеген Жаңа заман мәдениетінің философиялық және саяси-әлеуметтік бастауларын негіздеуде үлкен қызмет атқарды. Ф.Бэкон сияқты білімді адам өмірі мен игіліктерінің басты қайнар көзі деп есептеп, әсіресе қоғам туралы ілімдерді бір жүйеге келтіргісі келді. Гоббстың әлеуметтік ілімі еуропалық ойдың ары қарай дамуына үлкен әсер етті. Гоббс мемлекетті құдайшылықтан гөрі адами бастаулардан қалыптасатын «жасанды дене» деп қарастырды. Табиғи жағдайда, дейді Гоббс адамдар бір-бірімен толассыз соғыс жағдайында болды. Адам адамға қасқыр сипаттас келді. Жалпы, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін, адамдар қоғамдық келісімге келіп, құрастырылған мемлекетке өз құқықтары мен азаттықтарын берді. Мемлекеттің басқарушының қызметі – осы бейбітшілік пен елдің қауіпсіздігін қорғап отыру. Гоббс өз отанындағы азаматтық соғыс зардаптарын дұрыс шешу үшін тұрақты азаматтық келісім қажет деді. Әдептіліктің негізінде, Гоббс бойынша, табиғи заң - өзін өзі сақтауға және табиғи мұқтаждықтарды өтеуге ұмтылу жатыр. Гоббстың 18 ғ. жан-жақты шарықтаған Ағартушылық мәдениеттің алғышарттарын қалыптастырудағы рөлі үлкен болды. Негізгі шығармалары: «Табиғи және саяси заңдар элементтері» (1640), «Философия негіздері» трилогиясы, «Дене туралы» (1655), «Левиафан» (1651) және «Азамат туралы» (1642), «Адам туралы» (1658).

ГОЛЬБАХ Поль Анри (Holbach) (1723 – 1789) – француз философы, француз материализмі және атеизмі мектебінің негізін қалаушылардың бірі, француз Ағартушыларының көрнекті өкілі, 18 ғ. француз буржуазиялық төңкерісінің идеологы. Гольбах Дүниенің философиялық бейнесін бірімен-бірі өзара байланыста болатын тұтас жүйе ретінде қарады. Материяның, табиғаттың алғашқылығын, жоқтан пайда болмайтындығын және жоғалмайтындығын, адам санасынан тыс уақыт пен кеңістікте өмір сүретіндігін батыл мойындаған философ. «Өзімен-өзі өмір сүріп жатқан табиғат дүниедегі барлық құбылыстардың себебін құрайды». Табиғат дегеніміз – орасан зор шеберхана. Материяның негізгі өмір сүру тәсілі – қозғалыс. Ал тарту мен инерция – материяның ең терең табиғи қасиеттері. Өзінің әлеуметтік философиясында ғалым адамдарды адамзаттылыққа, заңға көнуге, елді қоғауға, қайсыбір саясаттағы озбырлыққа қарсы күресуге, жоғары мәдениетті басқару жүйесін орнатуға шақырады. Мораль саласындағы негізгі құндылықтарға ол ізілік, ақиқат, зердені жатқызып, тек соларға ғана табынуға болады деген пікірге келеді. Ол қайсыбір діни көзқарастарды қабылдамай, діни надандықтан арылуға шақырады. Дін мен шіркеулік көзқарастарды келеке етті. Таным теориясында Гольбах Гельвеций сияқты материалистік сенсуализм принципін қолдап, агностицизмге және туа біткен идеяға қарсы болды. 18 ғ. Ұлы француз революциясына Гельвециймен бірге рухани күш берді. Негізгі философиялық еңбектері: «Табиғат жүйесі, немесе физикалық дүние мен рухани дүние заңдары туралы» (1770), «Әшкереленген христиандық» (1761), «Дұрыс ақыл» (1772) және т.б.



ГОМЕОМЕРИЯ ( грек. homoiomereia – бөлшек тәріздес) – Анаксагор философиясындағы ұғым. Анаксагордың ойынша, «Әр нәрсе өзіне өте ұқсас бөлшектерден – «тұқымдардан», гомеомериялардан пайда болады». Ол тұқымдар стихиялардың ішінде қалқып жүріп, бір-бірімен қосылып заттарды тудырады. Ал барлық заттардың пайда болуына түрткі болған, оларды ретке келтіріп отыратын ол Нус – дүниежүзілік ақыл-ой.

ГУМАНИЗМ (лат. humanus – адамдық, адамгершілік) – тұлға ретіндегі адамның, оның еркін дамуы және өз қабілеттерін қоғамдық қатынастарды бағалаудың өлшемі ретінде қабылдау. Тар мағынасында – ортағасырдағы діни схоластикаға қарсы Қайта Өрлеу дәуіріндегі зайырлы еркін ой. Бұл өзіндік құндылықтардың түбірі адам еркіндігін мойындаудан бастау алады. Гумандылықтың теориялық тұжырымы ретінде И.Канттың мына ойын келтіруге болады: «Мен мынаны айтамын: адам және кез-келген ақылды жан басқаның ырқынан туындаған құрал емес, әр уақытта мақсат болып табылады, өзіне не басқа ақылды жандарға бағытталған әрекеттерінде ол қашанда мақсат ретінде алынуы қажет». Теориялық ілім ретінде гумандылықтың негізінде адамның ешқандай шартсыз, өзімен-өзі жеткілікті құндылығы идеясы жатыр. Еуропаорталықтық ұстаным бұл идея тек Батыста қалыптасады деген пікір айтады. Алайда ортағасырлық мұсылман философиясында мінсіз жетілген адам ұғымын (әл-Кинди, әл-Фараби, суфийлер, парсы-тәжік ақындары) жан-жақты зерделеген. Христиандық мәдениетте гуманизм идеясы «басқаға деген махаббат» және «жақынға деген махаббат» түсініктері арқылы берілген. Гумандылық алыптылық (титанизм), не әлсіздік пен пақыршылық идеологиясы емес. Оның негізінде адамды қастерлеу идеясы жатыр.

ГУССЕРЛЬ Эдмунд (1859-1938) – неміс философы, феноменологиялық мектептің негізін қалаушы. Оның философиясының түп-төркіні – Платонның, Лейбництің, Канттың, Брентаноның ілімі. Гуссерльдің алғашқы жұмыстарының теориялық бағдарламасы – философияны «қатаң ғылымға» айналдыру. Осы мақсатпен ғылыми ойлаудың категориялық негіздерін таза түрде бөліп шығаруға тырысу қажет. Бұл мәселені Гуссерль «феноменологиялық редукция» әдісі арқылы шешуге тырысты, себебі ол нақты білімді алдыңғы мәдениеттің, дәстүрлердің, тұлғалық факторлардың, философиялық түсіндірулердің қатпарынан тазартуға мүмкін болатын құрал деп есептеді. Нәтижесінде Гуссерль бойынша білімнің мазмұны субъектінің санасы және сананың заттық образды анықтайтын интенциональдық актілер мен оның бағыттылығымен тығыз байланысты «феномендер әлеміне» ұластырды. Бұл «дүниені» талдауда Гуссерль өзіндік субъектінің құрылымы «таза Мен» ретінде көрінетін феномендер «қабатының» нақты құрылымының өмір сүретіндігі туралы қорытындыға келеді. «Кейінгі» Гуссерль философияны «қатаң ғылым» ретінде жасау әрекетінен бас тартып, жекелеген субъектілердің ойлау және сезімдік қызметінің нәтижесі болып табылатын «тіршілік дүниесін» зерттеуге назар аударды. Бұл жерде ол бұл пәнді бейнебір зерттеуге қабілетсіз ғылым ретінде сынады. Гуссерль идеялары буржуазиялық философиясының кейінгі өркендеуіне зор ықпал етті. Гуссерльдің объективтік идеализмнің элементтері Н.Гартманның «сыншыл онтологиясында» және АҚШ пен Англияның жаңа неореалистік мектептерінде дамытылды, ал Гуссерльдің субъективтік идеализмі неміс экзистенциализміне (әсіресе Хайдеггерге) көп ықпал етті. Негізгі еңбектері: «Логикалық зерттеу», 1,2 т. (1900-1901) және қайтыс болған соң басылып шыққан «Еуропалық ғылымдардың дағдарысы және трансцендентальдық феноменология» (1954), «Бірінші философия» (1956-59).

-Ғ-

ҒАЗАЛИ (әл-Ғазали) Әбу Мұхаммед ибн Мұхаммед (1058/59— 1111) ислам дінін зерттеуші ғалым, сопылықтың көрнекті өкілі, философ. Оның эстетикалық көзқарасы мінез-құлық философиясымен байланысты. Құндылықтың ол жасаған иерархиялық жүйесінде құндылықтар тума сезімнің барған сайын өсіп отыратын тазалық желілері бойына орналасады, яғни ғұмыр (өмір сүру) құндылығынан әл-ауқат құндылығы мен мінез-құлық құндылығы арқылы эстетикалық құндылыққа және сүйіспепшілік құндылығына ауысады. Ғазалидің пікірі бойынша, сұлулық өзінің әрбір ерекше көрінісінде объектілердің белгілі бір тобына ғана тән және оның өрісі өзін жетілдіре түсуге лайықты және жетілдіре түсуі мүмкін болатын заттағы өтімділік дәрежесіне баііланысты. Сезім түйсігімен ғана емес, сонымен қатар адамның ақыл-парасатын көрсететін объектілер де («тамаша ғылым», «тамаша ғұмыр») тамаша бола алады, сондай-ақ адамның рухани әдемілігіне баға беру тән сұлулығына баға беруге қарағанда бөлегірек. Құранды қарттың бәрі жатқа біледі, ал ақындар әрдайым жаңа шығарма жазады; ақындардың өлеңдері ырғақты келеді, әдеттегі өлеңдерді көркемдеп оқуға болады, ал Құран белгілі бір дәстүр, қағида бойынша оқылады; әдетте поэтикалық шығармаларда музыкаға түсіре аламыз, ал Құранның өлеңдерін музыкаға түсіруге жол берілмейді; әдетте өлеңдерді тыңдаушылардың көңіл күйі мен талғамына қарай таңдап оқуға рұқсат, ал Құранның сүрелерін бұлай істеуге келмейді, әдеттегі өлеңдерге оқырмандар қызу үн қосады, ал Құран құдай жаратқан ғажап еңбек. Негізгі шығармасы: «Философтарды дерексіздендіру».

ҒЫЛЫМ – адамның табиғат пен қоғам туралы объективті білімін қалыптастыруға мүмкіндік беретін танымының ең жоғарғы пішіні, оның практикалық қызметінің бір саласы. Адамзат қоғамының дамуы барысында Ғылым сол қоғамның маңызды әлеуметтік институтына және тікелей өндірістік күшіне айналды. Ғылымның басты мақсаты – Ғылым заңдарының негізінде ашылып отырған болмыс құбылысы мен процесін болжау, түсіндіру және жүйелеп мазмұндап беру.

ҒЫЛЫМ ФИЛОСОФИЯСЫ – ғылыми-танымдық қызметтің сипаттарын зерттейтін философиялық бағыт. Тарихи-мәдени контексте ғылым философиясының басты проблемалары мынадай: а) ғылыми білімнің бірлігі идеясы және онымен байланысты дүниенің ғылыми тұтас бейнесін қалыптастыру міндеті, детерменизм, себептілікұғымдарын, динамикалық және статикалық заңдылықтардың арақатынасын сараптау; б) ғылыми зерттеудің құрылымдық сипаттамалары – анализ бен синтездің, индукция мен дедукцияның, логика мен интуицияның, жаңалық ашу мен негіздеудің, теория мен фактінің арақатынасы; в) демаркация проблемасы – ғылым мен метафизиканы, математика мен жаратылыстануды, әлеуметтік-гуманитарлық және жаратылысты ғылымдық білімді бөлу; ғылыми білімді негіздеу проблемасы, верификация жасауды сараптау; д) ғылыми-зерттеу парадигмаларын қарастыру; е) ғылыми білімді гуманизациялау мәселесі.

ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ ТӨҢКЕРІС – ғылымды өндірістік дамудың жетекші факторына айналдыру арқылы өндіргіш күштерді түбегейлі өзгертіп, сапалық жағынан түлету. 20 ғ-дың 40-жылдарынан басталған ҒТР барысында ғылымның өндіргіш күшке айналу үрдісі қарқын алып, елеулі нәтижелерге қол жетті: ең бастысы, еңбектің хал-ахуалы, сипаты мен мазмұны, өндіргіш күштердің, еңбек бөлінісінің құрылымы өзгеріске ұшырап, еңбек өнімділігі күрт өсті, сол арқылы қоғам өмірінің өзге салалары, әсіресе, адамдардың мәдениеті, тұрмысы, психологиясы жетіліп, табиғаттпен қарым-қатынасы айқындала түсті. ҒТР-дың - екі негізгі алғышарттары болды: ғылыми- техникалық және әлеуметтік. Оның пісіп-жетілуінде 19 ғ-дың соңы мен 20 ғ-дың басындағы жаратылыстанудағы жетістіктер шешуші рөл атқарды. ҒТР дегеніміз өндірістің бүкіл техникалық базисін, бүкіл технологиялық тәсілдерін қайта құруды ғана білдіреді. ҒТР адамзаттың аса маңызды қызметтері аясының: табиғат пен қоғам зандылықтарын теория жүзінде танудың (ғылым); табиғатты түлетудің техникалық кұралдары мен тәжірибелері кешенінің (техника), материалдық игіліктерді жасау үрдісінің (өндіріс) және практикалық іс-қимылдар мен әрқилы қызмет түрлерінің жосықты өзара байланысу тәсілдерінің (басқару) бірегей жүйесін кұруға арналған алғышарттар жасайды. ҒТР-дың басты бағыттары: өндірістік үрдістерді, өндірісті бақылау мен басқаруды кешенді түрде автоматтандыру; энергияның жаңа түрлерін тауып, пайдалану; жаңа құрылымды материалдарды, биотехнологияны, информатиканы қолдану.

ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ ПРОГРЕСС – ғылым мен техниканың бірегей, бір-бірімен сабақтаса, біртіндеп дамуы. Ол 16-18 ғ.ғ. мануфактуралық өндірістен, ғылыми-теориялық және техникалық қызметтердің өзара жакындасып, тоғыса түскен кезден бастау алады. Бұған дейін материалдық өндіріс негізінен эмпирикалык тәжірибені, кәсіби кұпияны қорландырып, әдіс-тәсілдерді жинақтау есебінен баяу дамып келді. Сонымен бірге табиғат туралы ғыыми-теориялық таным аясында да ілгерілеу ниеті байқалды, бірақ ол теологиялық-схоластикалык деңгейде камалып, өндірістік амал-шараларға ұдайы әрі тікелей ықпал ете алмады. 16 ғ-да адамзат баласының сауда-саттықты өрістетіп, теңіз жолын меңгеруі, ірі мануфактураларға ие болуы бірнеше келелі міндеттерді теориялық және тәжірибелік тұрғыдан шешу қажеттігін алға тартты. Нақ осы кезде ғылым Қайта өркендеу дәуірі идеяларының әсерімен схоластикалық дәстүрлерден қол үзіп, практикаға жүгіне бастады.

-Д-

ДАМУ – қайталанбайтын және бағытты өзгеріс­терді білдіретін философиялық-ғылыми категория. Ол жалпы өзгерісті білдіретін қозғалыс категориясымен салыстырғанда, жаңару, жаңа түзілістердің пайда болуы процесі деп ұғынылатын қалыптасу категориясымен салыстырғанда да анағұрлым нақты. Дамудың онтологиялық мәнін түсінуде екі түрлі ұстаным бар. 1) Даму дегеніміз барша болмыстың жалпыға бірдей, әмбебап әдісі ретіндегі қозғалыстың дара нәрсеге қатысты көрінісі. 2) Даму барша болмысқа тән. Қозғалыс, қалыптасу және даму — бұл тіршілік етудің үш түрлі әдісі емес, тіршілік етудің бір әдісінің үш түрлі деңгейі. Даму – нақтылы категория, оның көптеген белгілері бар. Оның белгілерінің арасынан ең әуелі кеңістік пен уақыт ерекше байқалады. Кеңістік даму процесінің экстенсивті, ал уақыт интенсивті сипатын білдіреді.

ДАНЫШПАН (гений, лат. Genius – рух) тұлғаның басқалардан ерекшелейтін туа біткен жоғары деңгейдегі шығармашылық қабілетін практикада іске асыруы, оны қоғамның мойындауы. Шығармашылық дарындылықтың жоғары дәрежесі; өзінің үздік қабілеті мен орасан зор еңбегі арқасында адамзаттың дамуын ілгері бастыра алатын жеке тұлға.

ДАРАЛЫҚ – дербес қызмет ететін субъект ретіндегі нақты жеке адам болмысының қайталанбас, ерекше әдісі, адамның қоғамдық өмірінің дара формасы. Жеке адам мәні жағынан әлеуметтік тіршілік ету әдісі жағынан дара болады. Даралық индивидтің өзіндік дүниесін, оның ерекше өмір жолын бейнелейді, оның өмір жолы мазмұны жағынан әлеуметтік жағдайлармен анықталады, ал тегі, құрылымы және формасы жағынан дара сипатта болады. Даралық мәні нақты индивидтің өзіндік ерекшелігінде, оның әлеуметтік жүйе шеңберіндегі өзімен өзі болу қабілетінде ашылады. Табиғи талаптардың, туа біткен ерекшелінтерінің маңызды рөлін даралық дамуында әлеуметтік факторлар жаңаша түрде көрсетеді. Дара өмірдің тіршілік ету әдісі дегеніміз – адам өмірінің (неғұрлым ерекше немесе неғұрлым жалпы) көрінісі. Даралық –адамның бірегей және бес аспап қасиеттерінің бірлігі, тұтас жүйе, бұл жүйе адам қасиеттерінің – жалпы, типтік (жалпы адамзатқа тән табиғи және әлеуметтік белгілері), ерекше (нақты - тарихи, формациялық) және жалқы (қайталанбайтын дене бітімі және рухани-психикалық сипаттамалар) қасиеттерінің диалектикалық өзара іс-қимыл процесінде қалыптасады. Адам қызметінің тарихи дамуына қарай өзінің әртүрлі өмір салаларындағы қатынастарының даралануы барған сайын дами береді. Даралықтың асқан қымбат екенін атап көрсетеді, оның дамуы адамзат дамуының прогресі үшін қажетті шарттардың бірі ретінде маңызды роль атқарады. Жеке адамды дараландыру мен жетілдіру қоғамды өзгертумен жаттанудың жойылуымен, индивидуализмге қарсы күрескен және қанаудан азат адамдардың ынтымақтастығы мен өзара көмегіне жағдай жасаумен тығыз байланысты.

ДАРВИН Чарьлз Роберт (1809-82) – ағылшын табиғат зерттеушісі, ғылыми эволюциялық теорияны жасаушы. Өз заманындағы биологияның және жер шарын айналып шыққан саяхаты (1831-35) кезеңдегі жинаған нақты материалдарын саралай отырып, табиғи сұрыптаудың нәтижесінде болатын тірі табиғаттың эволюциялық дамуы туралы қорынтындыға келеді. «Табиғи сұрыпталу жолымен түрлердің пайда болуы немесе тіршілік үшін күресте қолайлы тұқымдардың сақталуы» деген еңбегінде (1859) өз теориясының негізгі қағидаларын баяндады. «Қолға үйретілген жануарлар мен егілетін өсімдіктер» (1868) деген кітабында Дарвин үй жануарлары мен мәдениетті өсімдіктердің қолдан сұрыптау арқылы алынатындығын түсіндіреді. «Адамның шығу тегі және жыныстық сұрыпталу» деген кітабында (1871) адамның жануарлар тегінен пайда болғандығына табиғи-ғылыми түсінік берді. Бірақ адамның жануарлар әлемінен бөлініп шығуына әсер еткен әлеуметтік себептер – еңбектің, қоғамдық сананың ролін Дарвин ашып көрсете алмады. Дарвин ілімі эволюциялық теорияның қарсыластары клерикалдық және идеалистермен ұзақ күрестің нәтижесінде танылды. Дарвин теориясы диалектикалық материализмнің қалыптасуындағы табиғи-ғылыми алғы шарт болды. 19 ғ. жаралыстану ғылымындағы ең ірі жаңалықтардың қатарына жатады. Қазіргі кезде Дарвин теориясы өзінің жалпы методологиялық және дүниетанымдық мәнін тұтас сақтай отырып, генетиканың (Молекулалық және популяциялық), биокибернетиканың, т.б. ғылымдардың нақты және теориялық материалымен толықтырылуда.

ДАО (қыт.жол) – қытай философиясының ең басты ұғымы. Дао – бүкіл әлемнің, әрбір заттың даму заңдылығы. Бір өзі бар абсолютке тең, бүкіл тірліктің негізі, әрбір бастаманың басы, Дао - әрбір қайталанбас сәттің нәрі. Дао сезім арқылы тануға көнбейді, ол барлық жерде және еш жерде емес, түрсіз, бейнесіз. Заттар әлемі дао арқылы жасалып, өмір заңына бағынады, яғни өткінші: барлық заттар ұлы айналымда болады, кейіннен шегіне жетіп, қайтадан өзінің қайнар көзі даоға қайтып, содан жаңадан туылады. Б.з.б. 6-4 ғғ. ол Лао Цзы, Чжуан Цзы, Ле Цзы еңбектерінде баяндалып, кейін конфуцийшіл және чань буддизм ілімдері арқылы дамыған Дао туралы ілімге қытай мәдениетінің барлық философиялық, діни, саяси, эстетикалық иірімдері өрілді.

ДАОСИЗМ б.з.б. 6-5 ғғ. Қытайда пайда болған философиялық бағыт, негізін қалаушы Лао Цзы немесе Ли Дань («кәрі дана»). Оның негізгі трактаты «Дао дэ цзин» деп аталды. Даосизмнің басты назарында табиғат, ғарыш және адам тұрды. Әлем тұрақты қозғалыс пен өзгеріс үстінде болады, дамиды, ешбір себеп-салдарсыз өмір сүріп, әрекет жасайды. Дао жолы түсінігі – орталық түсінік. Түп негізді білдіретін түсінік ретінде дао барлық жерде, бәрінде, тұрақты түрде өмір сүреді және оған бәрінен бұрын тән болатын қасиет – әрекетсіздік (у-вэй). Әлемде бәрі жол үстінде, қозғалыста және өзгерісте болады, бәрі тұрақсыз және шектеулі. Бұл «инь» және «ян» қағидалары арқылы жүзеге асады. Сондай-ақ әрбір құбылыста, процесте диалектикалық бірлікте болып, олардың өзгеруі мен қозғалысына тікелей ықпал етеді.

ДӘЛЕЛДЕУ құқықта – заңды жолмен жинақталған әрі тергеу материалдарында бекітілген, қылмыстық немесе азаматтық істің дұрыс шешімін табу үшін маңызы бар мән-жайлар туралы деректер, мәліметтер.

ДӘСТҮР (лат. tradition – тапсыру, жалғастыру) – тарих барысында қалыптасып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып отыратын әдет-ғұрыптар, салт-сана, қоғамдық тәртіп, заң, мұрат пен игілік мінез-құлық қалыптары және т.б., қоғамда, ұлтта немесе жекелеген әлеуметтік таптарда ұзақ уақыт бойы сақталатын әлеуметтік-мәдени мұра элементтері. Дәстүр мәдениеттің шығармашылық дамуына байланысты прогрестік және өткен кезеңнің ескірген сарқыншақтарымен байланысты реакциялық дәстүрлер деп бөлінеді. Ғылымда дәстүр білім мен зерттеу әдістерінің сабақтастығын, өнерде – стиль, шеберлік сабақтастығын білдіреді.

ДЕГРАДАЦИЯ – (франц. degradation – құлдырау) – бірте-бірте төмендеу, құлдырау, жағымды қасиеттердің төмендеуі немесе жоғалуы. Мәдениет деградациясы белгілі бір мәдениеттің тұрақты элементтерінің құлдырауын немесе жоғалып кетуін білдіретін ұғым – термин.

ДЕДУКЦИЯ (лат. Deductio – бөліп шығару) – ойлау процесіндегі жалпыдан жекеге өтудің, жекені жалпыдан бөліп шығарудың амалы, логика мен ғылым методологиясындағы логика ережелерін қолдану арқылы алғышарттар есебінде берілген пікірлерден тұжырымға өтуді білдіретін ой қорыту үрдісі. Дедукция атауы логикалық ой қорытудың жалпылама формалды теориясын да, нақтылы ой тұжырымдау процесін де белгілеу үшін қолданылады. Кейде формалдық логиканы дедукция теориясы деп те анықтайды. Казіргі формалдық логика дедукциямен шектелмейді, ол индуктивтік, яғни жекеден жалпыға қарай ой тұжырымдауды да қоса қамтиды. Алайда логика тарихында алғаш рет Аристотель құрған ойлау жүйесі осы дедуктивтік сипатта болған. Таным теориясында дедукция ғылыми теорияларды дедуктивтік теориялар санатына жатқызып, әдістің өзін аксиоматикалық – дедуктивтік әдіс деп те атайды. Философия тарихында эмпиризм өкілдері (Декарт, Лейбниц, т.б.) дедуктивтік әдісті ғылыми танымның ақиқатқа бастайтын бірден-бір сара жолы деп қабылдады. Дедукция индукциямен ішкібірлікте зерттеледі. Дедукция индукциясыз, сол сияқты индукция дедукциясыз өмір сүре алмайды, ойлау мен танымның бір-бірінсіз іске аспайтын абстрактілеу сәттері ғана болып табылады. Мұның түпкі себебі жалпылық және жекеліктің, абстрактылық пен нақтылықтың, мазмұндылық пен формальдықтың диалектикалық бірлігінде жатыр. Сондықтан диалектикалық логика дедукцияны мазмұнды дедукция дәрежесіне көтеріп, мазмұнның өзіндік дамуының ой жүзіндегі бейнесі деп алып, ойлау мен танымның анализ бен синтез, тарихылық пен логикалық, абстрактылықтан нақтылыққа өту сияқты басқа да әдістерімен өзара байланысында алып зерделейді. Таза логикалық тұрғыда мұндай мазмұнды дедукцияның мүмкіндігін Гегель ашты. Математикалық логикада дедукция теориясы импликациялық логикалық байламның касиеттерін ашады.


Дата добавления: 2015-11-04; просмотров: 39 | Нарушение авторских прав







mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.014 сек.)







<== предыдущая лекция | следующая лекция ==>