Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

Философиялық ұғымдар мен терминдерді оқып-білу, жоғарғы оқу орындарында философия ғылымын оқытудың тиімді формасы, оқу және 14 страница



МӘН – белгілі бір нәрсенің мазмұны, барлық басқа заттармен салыстырғанда белгілі бір жағдайдың әсерімен өзгеріске ұшырыған қалыппен салыстырғанда оның ешнәрсеге қатыссыз бірегейлігі. «Мән» ұғымы кез-келген философиялық жүйе үшін, мәннің болмысқа және зат мәннің санаға, ой тұжырымдауға қатысы тұрғысынан алғанда бұл жүйені ажырату үшін өте маңызды. Мән мен мән құбылысы әрекетті және сонымен бірге бір-бірінен ажырағысыз. Мән алдымен құбылысқа ауысып, осыдан кейін барып мән ретінде көрінеді, ал мән құбылысы мәнді көрсетеді және сондықтан ғана ол құбылыстың бейберекет табиғатын аңғаруға және сол жөнінде ой тұжырымдауға мүмкіндік береді.

МӘДЕНИЕТ (лат. cultura – өңдеу, тәрбиелеу, білім, даму) – адам қызметін ұйымдастыру мен дамытудың ерекше тәсілі, материалдық және рухани еңбектің нәтижелерінде, әлеуметтік ережелер мен мекемелер жүйесінде, материалдық және рухани құндылықтарда, адамдардың табиғатқа, өзара және өздеріне қатынастарында көрінеді. Философиялық түсінікте «мәдениет» сөзімен адам жасағанның бәрін атайды. Қай жерде адам, оның қызметі, адамдар арасында қатынас бар – сонда мәдениет те болады. Мәдениет – өркениеттің жетістігі, ондағы ең жетілген – адамдық триумф.

МӘДЕНИЕТ ФИЛОСОФИЯСЫ – мәдениетті оның тарихи қалыптасуын және құрылымдық ерекшеліктерін толық қамти отырып зерттейтін философиялық пән.

МӘҢГІЛІК - әлемнің өмір сүру уақытының шексіз ұзақтығы, оның шарты – материаның жаратылмайтындығы мен жойылмайтындығы, оның субстанциялылығы, әлемнің материалдық бірлігі. Мәңгілік тұтас алғанда жалпы материяға ғана тән; әлемдегі әрбір нақты құрлым уақыт жағынан өтпелі болып келеді.

МӘТЕЛ – халық поэзиясының ықшамды нақыл сөз үлгісіндегі келетін жанрлық түрі, кестелі сөз. Мәтелде көбінесе айтылатын ойдың ұшығы, тұспалы ғана болады, ол нақышты сөйлем түрінде келеді.



МЕМЛЕКЕТ – белгілі бір аумақта мемлекет етіп, сол жердегі халықтың еркін дамуына мүмкіндік беретін қоғам қатынастарынан туындайтын ортақ істерді атқаруға қажетті органдары бар саяси ұғым. Мемлекет – саяси жүйенің басты элементі, оның негізгі ұйымы. Ол – керек кезінде арнаулы күштеу органдарын пайдалана отырып, өз аумағында тұратын адамдардың мүддесін қорғауға тиіс және соған орай олардың арасындағы арақатынастарды құқықтық ережелер арқылы реттейтін қоғамдық механизм. Сонымен мемлекет деп белгілі бір аумақ шеңберінде адамдардың әлеуметтік топтар, таптар мен бірлестіктердің қатынастары мен қызметтерін ұйымдастыратын, бақылайтын қоғамның саяси жүйесінің негізгі элементін айтамыз.

МЕН (философияда) – адамның дүниеге және өзіне өзі өзімсіне қарайтын жекелігінің, даралығының рухани орталығы. Өзінің іс-әрекетін дербес меңгере білетін және жан-жақты инициативаға қабілетті адамның өз «Мені» болады. Философия тарихында көптеген концепциялар «Менді» идеалдық негіз ретінде түсіндіріп, адам «Менінің» нақты тарихи негізін көре білмеді. Оларда бұл проблема көбінесе философиялық жүйелер қүрылысының түпкі проблемасы ретінде қойылды. Декарт бойынша, «Мен» өзін ойлаушы субстанияға жататын сияқты, рационалды танымның интуициялық негізі ретінде көрсетеді және осы арқылы өзінің дербестігін қуаттайды. Оқшауланған индивид тұрғысынан алғанда пайымдаушылық та субъективизм шеңберінде – солипсизмге, метафизикалық материализм шеңберінде – адамды тарихтың сыртқы көшіне бағынатын енжар объект деңгейіне дейін төмендетуге апарып соқтырды. Неміс классикалық философиясы «Менді» ағылшын эмпиризміне тән психологиялық – индивидуалистік тұрғыдан түсіндіруден бас тартты. Бірақ ол «Менді» қоғамдық тірі адамнан бөліп алып, «трансцендентальдық субъектіге» айналдырды. Қызметтің бастапқы сипатын түсінбеген Фихте мүндай «Менді» субстанция, тек өзін-өзі ғана емес, сонымен бірге барлық мәндіні де өзінің «Мен емесі» деп білетін абсалютті шығармашылық негіз деп санады. Диалектиканы дамытушы объективті идеализм адам «Менінің» қоғамдық мәнін өмірдегі адамдардан жоғары тұрған оқшау күш – дүние жүзілік парасат (Гегель) деп түсіндірді. Иррационализм буржузиялық қоғамдағы жеке адамның түйсігін қалпына келтірді, бұл орайда жеке адам өзіндегі «Менді» теріске шығарудан қақтығысқа түседі. Бірақ индивидке иррационалдық тұрғыдан қарау оқшаулану жағдайын тек нығайта түседі. Фрейдизм капитализм жағдайында жеке адамның бөлшектенуін, талпыныстардың биологиялануын – «Меннің» «оған (көзсіз әуестіктер патшалығына) шолуы деп, ал өзінің жеке қоғамның мәнін индивидтің бұрмалап қабылдануын – өзіне дұшпан «астам – меннің» бақылауының нәтижесі деп бейнелейді. Тоталитарлық қоғамда қызметтің бөлшектенуі мен оқшаулануы шынында да индивидтің мақрұм қалуына, оның өзінің «Менін» жоғалтуына соқтырады. Сондықтан «мен» тұжырымдамасын жеңудің негізінде адамның өзін қоғамдық қатынастарды және қоғам өмірінің нормаларын жасаушы ретіндегі орнықтыру жолындағы нақты күресі жатыр.

МЕНТАЛИТЕТ, діл(лат. menta – жан құрылымы) – әлем бейнесін жасайтын және мәдени дәстүр немесе қауымдастықтың бірлігін нығайтатын жалпы рухани көңіл-күй, наным-иланым, рух дағдысы, ойдың біртұтас жиынтығы. Менталитет жеке және ұжымдық сананың өзіндік ерекшелігі бар деңгейлерін сипаттайды; бұл орайда менталитет - өзгеше ойлау типі. Менталитет – табиғат және әлеуметтік жағдайлар салдарынан туындайтын және адамның өмір әлемі туралы ұғым-танымын ашатын жалпылық. Менталитет терминін жанның негізгі орталық метафизикалық мәнін құндылықтар мен ақиқаттың түпдерек ретінде қарастыра отырып, американ философы Р.Эмерсан (1856) енгізді. Менталитет қоғамның мәдениеті, рухани өмірі бейнелегенде белгілі бір дәуірдің философиялық, діни, саяси, эстетикалық теорияларында көрінетін метаұғым болып табылады.

МЕТАГАЛАКТИКА («галактиканың арғы жағында» деген сөз) – миллиардтаған галактикаларды біріктіретін ғаламдық жүйе. Бұл терминді американдық астраном Х.Шенли енгізді. Ертеректе «үлкен әлем» деген терминінде қолданылды. («жұлдыздар әлемінен», яғни біздің Галактикадан тыс), метагалактика қазіргі заманғы бақылау құралдарының көмегімен көруге болатын материялық жүйелердің ең үлкені болып табылады. Оның диаметрі 28 млрд. жарық жылы шамасында. Біздің Галактика өзінің екі серік – галактикасымен және Андромеда жұлдыздар шоғырындағы бізге ең жақын галактикамен қоса алғанда барлығы он алты галактика жергілікті топ деп аталатын метагалактиканың көптеген ішкі жүйелерінің біріне жатады. Спектрдегі Қызыл ауытқу метагалактиканың тұрақты еместігін (кеңейе беретіндігін) көрсетеді.

МЕТАФИЗИКА – бірінші түсінігі (Аристотель бойынша) – болмыстың, білімнің және мәдениеттің тәжірибеден жоғары принциптері мен бастаулары туралы философиялық ілім. Екінші түсінігі – диалектикалық материализм метафизиканы диалектикаға қарама-қарсы, болмыстың қайшылықтар арқылы өзіндік сапалы дамуын терістейтін, дүниенің біржақты, тек ойдағы бейнесін құрастыруға бейім философиялық метод деп есептеді. Қазіргі кезеңде бірінші мағынасы басымырақ.

МЕТОД (грекше metodos – жол, зерттеу) – таным жолы, белгілі бір мақсатқа жету тәсілі, шындықты теория немесе практикалық деңгейде меңгеру әдістерінің жиынтығы.

МЕТОДОЛОГИЯ – қандай да бір ғылымда қолданылатын танымдық құралдардың, методтардың, әдістердің жиынтығы. Танымдық және практикалық-өзгертушілік қызметті ұйымдастырудың алғышарттары мен принциптерін, құралдарын зерттейтін білім саласы.

МИ – нерв жүйесінің орталық бөлімі, оған бас миі және жұлын жатады. Бас миінің жоғарғы бөлімдері хайуанаттар мен адамның психикалық өмірімен тығыз байланысты, басқару органы, яғни түрлі органдардың қызметін өзара қарым-қатынасын психиканың көмегімен реттеуші роль атқарады.

МИКРОКОСМОС ЖӘНЕ МАКРОКОСМОС (басқаша: микроскосм және макрокосм) (гр., микрокосмос- кіші әлем және макрокосмос-үлкен әлем деген сөздерінен) – тиісінше Адам мен Универсумды (ғарыш, ғалам), сондай-ақ олардың арақатынасын білдіретін ұғымдар. Бұл орайда космос деп әлдеқандай тұтас бір кеңістік қана емес, сонымен бірге оның құрылымы ретінде түсініледі.

МИЛЕТ МЕКТЕБІ (ионийлік) – Грециядағы ең көне материалистік философиялық мектеп; оның алғашқы өкілдері б.з.б. 6 ғасырда өмір сүрді. Милет ол кезде сауданың, теңізде жүзудің, мәдениеттің ірі орталығы болды, ал бұл Фалес, Анаксимандр, Анаксимен сияқты көрнекті милеттіктердің ой-өрісі мен ғылыми ынта-талабының жан-жақты өрістеуіне жағдай жасады. Олар математика, география, астрономия салаларында ғылыми жаналықтар ашты. Олар шексіз көп құбылыстардың негізін құратын бастама ретінде тұрқы бар материалдық заттарды – суды, ауаны және т.б. санады.

МИМАНСА (дұрысы, пурва-миманса) – үнді философиясындағы ортодоксальдық жүйелердің бірі. Бұл ұғымның діни және философиялық мағыналық жағы логикалық талдауды қажет етеді, бұған жауап брахмандар мен Упанишадтың мәтіндерінде кеңінен ашылады. Миманса ілімі бойынша соңғы сәт – мокшадан босану рационалды тұрғыдан түсіндіріліп, сана мен білімнің көмегімен анықталамайды деп тұжырымдалады. Бұл жолда тиымдар мен шектеулерден тұратын түрлі салт-жоралғыларды ұстануды талап ететін, қоғамдық және діни міндетті – дхарманы тұту басты орынға шығады. Миманса көзқарасы бойынша, индивид өз талап-тілектерінен тәуелсіз, дхармаға бой ұсынса, оның соңғы нәтижесі – абсолюттік тыныш күйге, сөнуге жетеді деп пайымдалады. Миманса санкхья сияқты дүниенің екі бастамасы рухани және материалдықты қолдайды. Миманса ілімі алғаш рет Миманса-сутраларда кездесетін Джайминидің (3 ғ.) жазбаларында баяндалады. Ал кейінгі комментаторлар мимансаның теологиялық жағын күшейте түсіп, өзінің құдіреттілік идеясын дамытты. Бір жағынан мимансаның реалистік және рационалистік методологиясы көне үнділік материализмге де жақын.

МИФ ФИЛОСОФИЯСЫ – мифологиялық сананың құрлымын мифтің мәдени-психологиялық құрылым ретінде атқартын функцияларын зерттейтін философиялық сала.

МОДАЛЬДІК – (логикада) (лат. Modus – өлшем, тәсіл) – пікірлердің қосталып айтылуының «күші» бойынша сипатталуы: пікірдің қажетті, мүмкін, кездейсоқ, мүмкін емес және т.б. болуы ықтимал. Дәстүрлі логикада қажеттілікті (аподиктикалық), мүмкіндікті (проблематикалық) және шындықты (ассерториялық) білдіретін пікірлер белгілі. Қазіргі логика пікірдің, сөйлемнің қасиетіне белгілі «методологиялық» баға бере отырып, модальдықтың қасиетін талдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, модальдық деп кейбір объектілердің немесе құбылыстардың өмір сүруінің жүру барысының, сонымен қатар объектілер, құбылыстар, оқиғалар мен процестер туралы пікірлер мен логикалық пайымдаулар құрастыру және түсіну тәсілдерінің ерекшеліктерінің сипаттамасы.

МОДУС (лат. modus - өлшем, тәсіл) – заттың кейбір сәтінде ғана көрініс табатын, атрибуттан бөлегірек қасиетті белгісі. Модус маркстік философияға дейінгі қолданылған философиялық термин. Спиноза философиясында модус өзіне-өзі себепші болатын және ешбір өзге себептерді қажет етпейтін бірегей, мәңгі, шексіз материалдық субстанция ретінде көрінеді.

МОИЗМ – Конфуций іліміне қарсы Мо-цзы (Мо Ди, б.з.б. 479-400 жж.) атты ойшыл «адамды сүю» идеясын өз ілімінің негізі етіп алады. Оның ойынша, елдегі жағымсыз құбылыстардың себебі – адамдардың бірін-бірі жақсы көрмеуі. Адам өзін ғана сүйсе, мұндай эгоизм мемлекетке зұлымдық әкеледі. Ол өз пайдасын ғана ойламай, қоғамдағы басқа адамдардың да қамын ойласа, жеке пайда жалпы пайдаға ұласып, мемлекетте тыныштық орнайды. Мо-цзы елдегі ретсіздіктердің негізі кедейліктен басталады деп есептеп, адамдарды тынымсыз еңбек етуге шақырады, еңбектенген адамның кедей болуы мүмкін еместігін дәлелдеуге тырысады. Оның негізгі тұжырымдары «Мо-цзы» еңбегінде баяндалған.

МОНАДА (грек. monas – бірлік) – болмыстың құрылымдық, субстанцианалдық бірлігін көрсететін философиялық термин. Әр философиялық жүйелерде әрқалай талданылды. Пифагорлық философияда – монада дүниенің негізі ретіндегі математикалық бірлік. Н.Кузанский («Об ученом незнании», 1440) мен Дж.Бруноның («О монаде, числе и фигуре», 1591) көзқарастары бойынша – монада болмыстың бірегей бастамасы, жанданған материяның көрінісі. Монада – Г.Лейбництің («Монадология», 1714) негізгі философиялық ұғымдарының бірі. Лейбництің пікірінше, Құдай өзінің ішкі даму заңдылығына сәйкес субстанцияларды дүниеге келтірді. Барлық мәнділіктердің түпнегізі – ұсақ денелі және саналы монадалар. Монадалар табиғаттың нағыз атомдары. Монаданың негізгі қасиеттері: олар қарапайым және бөлінбейді, әрқайсысының бөлек және әрекетшіл мүмкіндігі бар, кеңістікте көсілмейді. Олар тек «философиялық нүкте» - әрекетшіл күштің түпнегізі. Құдай алғашқы монада ретінде саналса, ал қалғандары оның сәулелері болады. Монадалардың түрлері: минералдар мен өсімдіктер, жануарлар, адамның жандары, Құдай. Ломоносовтың еңбектерінде материяның бір бөлшегі (корпускулдар) ретінде «физикалық модус» термині кездеседі.

МОНИЗМ (грек. monas – жалғыз, дара) – барлық дүниенің негізі жалғыз бастама деп анықтайтын философиялық ілім. Материалистер дүниенің бастамасы мен негізін материя деп білсе, идеалистер жалғыз бастама рух, идея деп қарастырады. Идеалистік монизм Гегель философиясына тән. Ғылыми және материалистік монизм дүниенің өзі табиғатынан материалдық, ал құбылыстардың барлығы қозғалыстағы материядан құралады деп қарастыратын диалектикалық материализм болып табылады. Марксизм философиясында материализм қоғамдық құбылыстарға да қатысты болып келеді. Монизмге қарсы ұғым – дуализм.

МОНОТЕИЗМ және ПОЛИТЕИЗМ. Монотеизм (грек. мονος – жалғыз, θεος – Құдай) – жалғыз Құдай туралы ілім және діни түсінік (политеизмге қарсы). Монотеизм мынадай түрлерге бөлінеді: теизм, пантеизм, панентеизм және деизм. Монотеизм авраамистік діндерге (иудаизм, христиандық, ислам), сонымен қатар индуизм философиясы мен сикхизмге де тән сипат.

Политеизм (грек. πολύς – көп, көптеген, θεός – Құдай) – көп Құдайға табынушылық, көп түрлі Құдайлардың өздеріне тән белгілері мен қасиеттерінің бір-бірімен байланысын сипаттайтын діни дүниетаным. Политеизм монотеизм мен атеизмге қарсы. Көп Құдайға табынушылық көне Грекияда кеңінен тарады. Политеизм мынадай түрлерге бөлінеді: анимизм, фетишизм, тотемизм, ата-баба рухтарына табыну. Политеизм қазіргі күнде индуизм, синтоизм, африкандық культ (табынушылық) және тағы да басқа діндерде көрініс табады.

МОРАЛЬ (лат. «moralis»- әдет- ғұрып) – адамдар мен әлеуметтік бірлестіктер арасындағы қарым-қатынастарды реттейтін қағида; адамның мінез-құлқын реттеу қызметін атқаратын әлеуметтік институт. Мораль әлеуметтік шындықтың этикалық сапаларын (ізеттілік, мейірбандылық, әділеттілік мінез-құлық, әдеп-ғұрып) бейнелейтін қоғамдық сананың ерекше нысанына жатады. Моральдің бірқатар ерекшеліктері бар: а) Моральдық ережелер мен талаптар қоғамдық ғасырлар бойы қалыптасқан құндылық негізін құрайды және жалпылама сипатта болады. ә) Моральдық қағидалар мен сезімдер нормативті, міндетті, тиісті болып табылады. б) Мораль әлеуметтік мұраттың бір түріне жатады, ол күнделікті тұрмыс қалыптарынан жоғары қойылады. в) Мораль мемлекеттік күшпен танылмайды, ол адамның еркіндігі аясымен байланысты. Адамның бірлесе өмір сүру тәжірибесінен, мәдениеттің дамуынан моральдық нормалар шыққан және оның орындалуын қоғамдық пікір қадағалап отырады. Ынтымақтастықпен адамгершілікті нығайтып қалыптастыру мораль ережелері болып қабылдайды. Жеке тұлға қоғамның әдіс мәдениетін игеру барысында өз мінез-құлқын реттей алатын қабілетке ие болып, айналасында болып жататын оқиғаларға моральдық баға бере алады. Нәтижесінде адам кісілік қасиеттерін дамыта алатын субъектіге айналып, оның бойында ар-ұят, жауапкершілік, парыз, намыс, ізгілік секілді жоғары морльдық, кісілік қасиеттер қалыптасады.

МО ЦЗЫ немесеМо Ди (б.з.б. 479-381) – Көне Қытай ойшылы, қоғам қайраткері. Моистер ұйымының және философиялық мектебінің ұйымдастырушысы. Конфуцийдің ашық қарсыласы, конфуцийшілдер мен конфуцийлік көзқарасқа қарсы ілім жүйесінің негізін салды. Кейбір деректерге қарағанда, Мо Цзы Сун мемлекетінде ірі шенеуік – дафу болған-ды, бірақ бұл деректер нақты емес. Өмірі қайнаған тіршілікте, әрқашан қозғалыста болып, дәріс берумен айналысқан, көптеген мемлекеттерді: Лу, Ци, Сун, Чжон, Чу, Юэ аралап өткен. Жүздеген шәкірттері болды, ораторлық өнерімен белгілі болды, өзін дипломат ретінде танытты, қорғаныс ісінде, қалалық қамалда басқарушы болды. Билік басындағылардың қатігездігі мен қанаушылықтарын қатты сынға алды. Мо Цзының этикалық жүйесінің негізгі принципі «барлық адамзатқа деген сүйіспеншілік және өзара қатынастық пайда». Ол, сонымен қатар, жоғарғы тап өкілінің ауқатын және олардың жұмысшы тапты қанау арқылы, солардың арқасында күн көрулерін, конфуциандықтардың әдет-ғұрыптар үшін жазалау әрекеттерін сынға алып қарсы шықты. Мо-Цзы ойынша, «ақылды адамдар» өздерінің шыққан тектеріне қарамастан жоғарғы басқару орындарын алуы тиіс. Ал қоғамдағы қайшылықтар мен ретсіздіктің себебі қоғамға деген сүйіспеншіліктің болмауынан деген. Сондықтан конфуцийлік ілімнің тек «жеке адамға сүйіспеншілік» көзқарасына қарсы шығуының себебі де сонда жатыр. Қоғамға еңбек сіңірген адамдарды мадақтап үлгі етуді ұсынды. Бірінші болып Қытай философиясында таным процесінің негізі себеп екенін (гу), олардың арасындағы ұқсастық пен айырмашылықтарын (тун и) және заттардың шыққан тектеріне байланысты (лэй) деп бөлінулерін көрсеткен. Білім шындығын үш критерий бойынша талқылып оқуды ұсынған (сань-бао). Конфуцийге қарсы шыға отырып, кез келген көне принциптер өз заманында жаңа болғандығын, уақыт өте келе ескіретінін айтқан. Мо-Цзы көзқарастары кейін моистер өкілдерінің дамуына негіз болды және қытайлық логиканың жетілуіне тірек болды.

МӨЛШЕР – заттардың, құбылыстардың қасиеттерінің, құрамдас бөлшектерінің санын, даму ауқымын білдіреді. Сапа мен мөлшер – болмыстың жалпы, объективті сипаттамасы. Олар адам ойлауының да жалпы түрлері, дүниені тану мен практикалық өзгерудің сатылары, адамның практикалық қызметінің түбегейлі принциптері болып табылады. Заттың сапасы мен мөлшері диалектикалық бірлікте болады. Затты тану оның сапасын танудан басталады, сонан кейін бірте-бірте оның мөлшері тану сатысына көтеріледі.

МҮМКІНДІК және ШЫНДЫҚ – философиялық категориялар. Шындық – кең мағынасында, бүкіл өмір сүріп жатқан ғажап Дүние, тар мағынада, кеңістік пен уақыттың шеңберінде өзінің мән-мағынасына толы нақтылы өмір сүретін жеке объект. Мүмкіндік – заттың бүгінгі болашағы. Оның өзгеруі мен дамуының көрініс табатын кейбір нышандары, алғышарттары. Тағы бір анықтамасы: мүмкіндік – белгілі бір жағдайларда жүзеге асуы ықтимал бар болмыс, шындық – жүзеге асырылған мүмкіндік.

МУТАЗИЛИТ (оқшанушылар, бөлектенушілер) – қаламның беделді мектептерінің бірі, рационалистік бағыт айқынырақ байқалады. Діни мәселелерді талқылаумен шектелмей, табиғат, қоғам, антрософия, философия мәселелерін де зерттеуге ұмтылған мутазилиттер фалсафаның негізін қалады.

МУТАКАЛЛИМ – қаламды жалғастырушылар, құр догматтарға сүйеніп қана қоймай, ақыл-ойға да жүгініп, діни және ғылыми білімдердің басын ашып отырады, Құдай, ерік еркіндігі, құдайы әділеттілік, Құранның пайда болуы және т.б. мәселелерді кеңінен талқылады.

МІНЕЗ – адамның генетикалық ерекшеліктеріне байланысты, өмір жағдайларына сәйкес және солардың ықпалымен байқалып отыратын оның тұрақты психикалық ерекшеліктерінің жиындығы. Мінез арқылы адамның белгілі бір жағдайда өзін қалай ұстайтындығын алдын ала білуге, бойына қоғамға пайдалы қасиеттерді қалыптастырып, мінез-құлқын бағыттап отыруға болады.

МЭН ЦЗЫ (б.з.б. 372-289) – Конфуций ілімін жалғастырушы, Қытай тарихшыларының мәліметтері бойынша ол Конфуцийдің немесе Цзы Сыдың шәкірті болған. Конфуций ілімін дамытып қана қоймай, оны тереңдетті және жалпы Қытай философиясының дамуына үлкен үлес қосты. Оның ілімінің негізі – төрт адамгершіліктік бастау: адамды сүю, парыз, салттарды орындауға ұмтылу және ақыл-даналыққа ие адам табиғатының мейірімділігі.

 

-Н-

НАДАНДЫҚ – адам бойындағы білімсіздікті, қараңғылықты, мәдениетсіздікті білдіретін құбылыс. Надандық адамшылық қасиеттердің кемел формасы «кісіліктің» антиподы.

НАЗАР – белгілі бір объект немесе әрекет үстіндегі адамның практикалық және танымдық қызметінің бағытын және назарын қамтамасыз ететін психикалық жай-күй. Бір нәрсеге еріктен тысқары (алдын ала ойластырылмаған) назар осы нәрсенің (физиологиялық тұрғыдан бағдарланған рефлекс) тосындылығына, ондағы өзгерістерге, басқа нәрселерден айырмасына, оның әсер ету күшіне (күшті жарық, қатты дыбыс) байланысты туындайды. Ал ерікті түрдегі (алдын ала ойластырылған) назар саналы міндет түрінде айқындалады. Тек адамға ғана тән ерікті түрдегі назар оның еңбек тәжірибесіне байланысты өрбиді. Еңбекті атқаратын органдарға түсетін күштен басқа еңбектің барлық кезеңінде назар тұрғысында көрінетін мақсатты ерікті қажет.


Дата добавления: 2015-11-04; просмотров: 42 | Нарушение авторских прав







mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.012 сек.)







<== предыдущая лекция | следующая лекция ==>