Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

Философиялық ұғымдар мен терминдерді оқып-білу, жоғарғы оқу орындарында философия ғылымын оқытудың тиімді формасы, оқу және 10 страница



ЗАР – ЗАМАН – Зарзаман – қазақ мәдениетінің болашағы туралы қам жеуінің уақыттық таңбасы. Қазақ әдебиетіндегі байырлық рух 18 ғ. жоңғарлар мен қарсы күресте 19 ғ. ұлт азаттық күресте, (Махамбет, Нысанбай) қайта көтерілгенмен, Қазақстанның Ресей құрамына өтуі нәтижесінде зарзаман кезеңі басталды. Қазақ жеріне қол салған патша үкіметі халықты жарылқау үшін келмегенді. Жерінен айрылған халық әдеп – ғұрып пен қазақы мінезінен де айрыла бастады. Патша үкіметі енгізген жаңа әкімшілік шаралар қазақ болмысына тән еместі. Ұрлық, өсек, талас – тартыс, алауыздық, арызқойлық – қазақ қоғамының осы кезеңдегі көрінісі болды. Осы кезде өмір сүрген қазақ ақын - жырауларының бір тобы қоғамда болып жатқан келеңсіз құбылыстарды аяусыз сынға алды. Олар Қазақстанның Ресейге қосылуымен капиталистік көзқарастардың енуін кері кеткендік деп есептеді. Өткен өмірді ансады, болашақ туралы өз болжамдары мен пікірлерін білдірді. Қоғамда болып жатқан өзгерістерге өзіндік көзқараста болған және сол бағытта жырлаған ақындарды М.Әуезов «Зар - заман» жыршылары деп атаған болатын және әдебиет тану тарихында да олар осылай айтылды. Тарих ғылымының докторы М.Қойгелдиев отаршылдық бұғауына мықтылап байлаған халықтың мың -мұхтажы мен қайғы - қасіретін жырлаушыларды «Зар-заман» мектебінің ойшылдары деп атады. Бұл термин алғаш 1927 жылы енгізілген еді. Зар – заман кезеңінде ғұмыр кешкен орталық езгіге түскен қазақ халқының тағдырын мұң-зармен жырлаған ақындар шоғыры. Оның белгілі өкілдері: Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қоңайұлы, Мұрат Мүмкейұлы, Әбу бәкір Кердері, Аубан Асан, т.б. Мұхтар Әуезов Абылай хан тұсынан Абайға дейінгі жүз жылға ұластырып Нарманбетпен аяқталды. Зар – заман тұсынан қазақ әдебиеті жазбаша сипат алғанын отан көрсетеді. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы бұрынғы қалыптасқан құндылықтардың өзгеруі, елді басқару жүйесінің басқа санатқа ауысуы, отаршылдықтың белең алуы, халықтың қатты күйзелуі Зарзаман ақындарын тарих сахнасына шығарған. Олар халықтың жай күйін ойлаған ұлт-қайраткерлері ретінде танылды. Олардың шоғырлары халықтың салт- дәстүрлерді қабығы бұзылмаған қалпында сақтауға, ұлттың – бітімімен ажырамауға үндейді. Зар – заман ақындарының шығармаларындағы ұлттық болмысы, қазақы қадір – қасиетті сақтап қалуға үндеген, ой – пікірлер жанаймен шарасыздықпен соңғы төзімді сарқа айтылғандығымен ерекшеленеді. Мұндай өлеңдермен болжамдықтың бұғауына бас игісі келмеген ұлт қайраткерлерінің өршіл үні айқын аңғарылады. Зарзаман ақындарының шығармаларында сары уайымға салыну, қайғы – мұңға берілу сарыны да байқалады. Бұл кезең ақындары келер күннен үміт жоқтығына налыйды, тығырықтан шығатын жол таппай қиналады. Олар елдің барлық түсінен Нәубетті ақыр заманың келгені деп ұғады. «Зар – заман» атауы Шортанбай Қанайұлының сол дәуір халін жырлаған өлеңдерінің бірінің атынан алынған. Зарзаман ақындарының көпшілігіне тән ерекшелік – келешекті көрегендікпен болжап, алдағы уақыттағы ел сипатының өзгерісін қолмен ұстап, көзбен көргендей бейнелеп айтуы. Мұндай болжам өлеңдер Зарзаман ақындарының шығармашылығын алғашқы бастапқы кезеңінде, яғни отарлаушылардың ойранынан бұрынырақ айтылғандығымен құнды. Бүгінгі көзқарас тұрғысынан қарасақ олардың ойлаған қауіпі расқа айналғанына куә боламыз. Бұл ақындардың ішінде өлең – жырдың бар қуатын пайдаланып, ата – баба дәстүрімен астарлай айтып, батыс пен шығыстан келетін кесапатты бірдей болжап бергені. Зар – заман ақындарының қайраткерлік биікке көтерілуі отаршылдықдықтың белең алуынан басталады. Жыр жүйріктері бар құдыреті мен бар қабілетін ел жұртының санасын оятуға жұмсалды. Олар қатерді, зорлық – зомбылықты, алдын – ала ескертті, зардаптарын күнілгері таңба басқандай айтып берді. Олар патшалық отаршылдық саясатты сынаумен қатар былайша жарқын өмірдің қайта орындалатынына сенді. Зарзаман ақындарының уақыт тағдырын дұрыс түсінгені және оны әділ бағалағаны өзінің тарихымен өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бірақ олар дәстүрлі құндылықтарды қорғаны мен тығырықтан шығатын жолды, жаңа арна мен бағытты көрсете алған жоқ. Дегенмен, олар патшалық отаршылдық саясатты сынау мен қатар, болашақта жарқын өмірдің қайта орнайтынына сенді.



ЗАТ – салыстырмалы түрде өзінше жеке өмір сүретін материалдық дүниенің бөлшегі. Бір зат екінші заттан өзіне тән қасиетімен анықталады және ерекшеленеді. Заттардың бір-бірімен өзара теңдігі мен өзара айырмашылықтары туралы мәселе гносеологиялық және арнайы-ғылыми мәселеде маңызды болып табылады.

ЗЕНОН Китиондық (б.з.б. 336-264 ж.ш.) – стоицизмнің негізін салушы. Кипр аралындығы Китион қаласында туған. 308 жылы Афинада өз мектебін ашты, ол «стоя пойкилэ» – фрескалармен безендірілген айшықты портикке байланысты стойкалық мектеп деп аталды. Зенон туындылары бізге азын-аулақ үзінділер түрінде ғана жетті. Зенон философияны логика, физика және этика деп үшке бөлген. Зенонның “каталепсис” (ұғым) деген терминді енгізді. Зенон ілімі бойынша түсінік (“фантисия”) дегеніміз заттардың жандағы ізі (“тюносис”). Зенон «еліктіріп әкететін бейнені» – ақиқаттың өлшемі, өйткені ол шындыққа жетумен байланысты деп санады (Стоиктер).

ЗЕНОН Элейлік (б.з.б. 490-430 ж.ш., Оңт.Италия, Элея қ.) – ежелгі грек философы. 3енон дүниенің бір тұтастығы туралы Парменид (б.з.б 540 ж) ілімін дамытып, сезімдік болмысты түсініп болмайды деп дәлелдейді. Аристотель Зенонды диалектиканың негізін салушы деп атаған, себебі ол қайшылықтарды ашумен көп шұғылданып, қарама-қарсы пікірлер мен қайшылықтар туралы айтыс көмегімен немесе оларды талдап түсіндіру арқылы ақиқатқа жете аламыз деп ойлаған. Ол ғылым тарихында өзінің әйгілі парадокстерімен (апорилері) белгілі. 3енонның апорияларының негізгі мәні мынада: үздіктілік, алуан түрлілік, қозғалыс сезім мүшелері қабылдайтын әлемнің көрінісі ғана, бұл көрініс айқын ақиқат емес, дүниенің шын мәнін тек ойлау арқылы түсініп білу. 3енон өзінің диалектикасында «дұрыс ой қайшылықсыз болуға тиіс» деген қағидаға сүйенеді. Үздіктілік, әр түрлілік, қозғалыс ұғымдары қайшылыққа соқтырса, онда бұл ұғымдардың негізі қате, сондықтан бұларға қарама-қарсы үздіксіздік, біртұтастық, тыныштық сияқты ұғымдардың ақиқат болғаны деп тұжырымдайды. 3енонның апорилері ежелгі дәуір философиясының дамуында маңызды кезең болды. Сонымен бірге бұл апорилер жаңа заман философиясының, әсіресе математиканың дамуына, оны философиялық тұрғыдан негіздеуге елеулі ықпал етті.

ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ТЕОРИЯСЫ – қоғамдық теңсіздік адамдардың бірінің өкінішіне зорлық жасауынан туындайды дейтін идеалистік теория. Зорлық – зомбылық теориясыбуржуазиялық идеологтар арасында кеңінен таралған. Дюринг таптардың пайда болуын қоғамның бір бөлігінің екінші бөлігіне зорлық-зомбылық (ішкі зорлық) жасауымен байланыстырды: австриялық социолог Л. Гумилович (1838 - 1909), сондай-ақ Каутский және т.б. таптардың, мемлекеттің пайда болуының түп төркіні күшті тайпаның әлсіздеу тайпаны құлдыққа салуынан (сыртқы зорлықты) деп есептеді. Негізі тарихтағы зорлықтың рөлін жоққа шығармай, оны қоғамдық құрылымды сақтау, яғни өзгерту мақсатымен белгілі бір әлеуметтік топтың басқа топтарды мәжбүр етудің түрлі формаларын қолдануы деп қорытқан жөн.

ЗОРОАСТРИЗМ – е желгі ирандық дуалистік дін, оны Заратуштре (Зороастру) пайғамбар негізін қалаған. Б.з.б. 7 ғ. түпкілікті орнықты. Зороастризмнің басты нәрсесі – дүниедегі қарама-қарсы екі негіздің: ақ ниетті құдай Ахурамазда (Ормуад) бейнесіндегі және зұлымдылықтың қара ниетті құдайы – Анхравайнью (Ариман) арасындағы үздіксіз күресі туралы ілім. Зороастризм ақырзаман, о дүниелік тозақ, ақтық сот және өлілердің тірілуі туралы айтады. Бойжеткеннің болашаққа жебеушіні тууы туралы эсхотологиялық идеяларды (Эсхатология) уағыздайды, иудаизм мен христиан дініне үлкен ықпал жасады. Қазіргі кезде Зороастризм нарсизм формасында өмір сүруде, онда бұрынғы дуалистік идеялардың сақталуымен қатар құдіреті күшті хақ тағала түралы түсінік дамыған.

-И-

ИБН-РУШД Мухаммед (латынша аты – Аверроэс) (1126-1198 ж.ж.) – Кордово халифаты тұсында Испанияда өмір сүрген орта ғасырлық араб ғалымы, философы. Ислам дінінен қол үзбей-ақ материя мен уақыттың мәңгілігін және оларды ешкімнің жаратпағандығын дәлелдеп, адам жанының өшпейтіндігі мен о дүниедегі өмір туралы аңызды жоққа шығарды. Ибн Рушд философияда Қос ақиқат ілімінің негізін қалаушы. Ибн Рушдтың Аристотель шығармаларына жазған түсініктемесі Еуропа философтарын антикалық философтармен таныстыруда үлкен рөл атқарды. Ибн-рушд ақыл-парасаттың нанымнан артықшылығын негіздеді, діни ілімді уағыздаушылардың философиялық мәселелермен айналысуының заңсыздығын атап айтты. Сонымен бірге ол философтарды өздерінің ілімін көпшілік алдында жарияламауға шақырды, өйткені мұның өзі адамдарды діни сенім-нанымнан айыруы, демек адамгершілік қағидаларынан да айыруы мүмкін. Ибн-Рушдтың ілімі ортағасырлық Батыс Еуропалық философияда еркін ойдың дамуына зор ықпал етті. Негізгі шығармалары: «Жоққа шығаруды жоққа шығару», «Дінмен философиялық салыстырмалы байланысын талқылаудан шығатын қорытынды».

ИБН СИНА (латын тіліндегі транскрипция – Авиценна, Avicenna) Абу Али Хусейн ибн Абдаллах (980-1037) – ортаазиялық философ, энцикло­педисші, дәрігер, ақын, математика маманы, жаратылыстанушы. Бұхара төңірегінде дүниеге келіп, Хамаданда қайтыс болған. Ұлты – тәжік. Авицена дүниежүзілік ағарған қауымға өзінің шығармашылығының екі жағымен таныс. Біріншіден, Ибн-Сина үлкен ғалым-дәрігер болған адам. Ол өзінің артынан әртүрлі ауруларды жазатын шөптердің қосындыларынан жасалған 1000 дәрінің рецебін қалдырған. Оның «Ғылым тізбегі» деген еңбегі Батыстағы Ортағасырлық университеттерде 400 жыл бойы негізгі оқулықтардың бірі болған. Ал оның философиялық көзқарастарына келетін болсақ, өзінің онтологиясында Ибн-Сина неоплатонизмнен қалған эманация идеясын кеңінен қолданып, Дүние Алланың – бірінші себептің ағып-тасуынан пайда болады деген пікір айтады. Оның бұл көзқарасы Әл-Фарабиге жақын. Ибн-Синаның діни көзқарасы пантеисік тұрғыдан көрінеді. Ғалымның дүниетану ілімі бойынша, адамның жан-дүниесінде потенциалды ақыл-ой бар, яғни, адамның өз алдында жатқан дүниенің мән-мағынасын аша алатын мүмкіндігі бар. Бірақ ол өте күрделі болғандықтан, оған сезімдік тәжірбие арқылы жетуге болады, деп пайымдайды. Ибн-Сина ақиқатқа жетудің бірден-бір құралы логика деп түсіндіреді. Данышпанның әлеуметтік-саяси көзқарастарынан әділдік, қоғамдағы тұрақтылық мәселелеріне көп көңіл бөлгендігін байқаймыз. Бүгінгі философияда Ибн-Сина араб ілімін ислам қағидаларына қосып, оны христиан дініне жақындатқаны, оның өшпес еңбегі деп есептейтін көзқарас та бар. Негізгі еңбектері: «Логика», «Риторика», «Поэтика», «Физика», «Жан туралы», «Метафизика», т.б.

ИГІЛІК – шапағат, ырысты (бұған қарама-қарсы – шығысы, ауыртпалық) белгілеу үшін философияда қолданылатын жалпы ұғым; адамның белгілі бір қажеттіліктерін қанағаттандыратын, адамдардың мүдделеріне, мақсаттары мен ниеттеріне сәйкес келетін нәрселер мен құбылыстар. Игіліктер табиғи және қоғамдық болып бөлінеді; табиғи игілік – стихиялық табиғи процестердің, мыс., топырақтың құнарлығы, пайдалы қазбалар (соған сәйкес табиғи ауыртпалықтар – стихиялық апаттар, ауру-кеселдер) нәтижесі және қоғамдық игілік – адам қызметінің нәтижелері. Алайда екі жағдайдың екеуінде де игілік нәрсенің әлеуметтік анықтамасы, оның адам үшін пайдалы маңызы болып табылады. Материалдық және рухани игілік қандай қажеттерді қанағаттандыратынына байланысты ажыратылады. Материалдық игілікке азық-түлік, киім-кешек, баспана т.с.с. және өндіріс құрал-жабдықтары, ал рухани игілікке – білім, рухани мәдениеттің жетістіктері, эстетикалық байлықтар, адамдардың мінез-құлқынан көрінетін адамгершілік қасиеттері т.с.с. жатады. Бұлайша бөлу тек шартты нәрсе, өйткені көптеген игі құбылыстардың арасында нақтылы шекара жоқ (тарихи прогрестің жетістіктері, әлеуметтік оқиғалар, әсемдік бұйымдары). Адамның жасампаздық мүмкіндіктері, оның игіліктерді жасау қабілеттері тұрғысынан алсақ, бұның өзі ең жоғары игілік болып табылады. Игілік жалпы адамдық және таптық сипатта болады. Бұл тұрғыда игілік ұғымының абсолюттік (жалпы адамдық және жалпы тарихи) және салыстырмалы (тарихи шектелген, таптық, жеке-даралық) жақтары болып көрсетіледі.

ИДЕАЛ (гр. idea – түр, бейне, түсінік, ұғым)– 1) Қоғамдық-экономикалық және саяси мүдделеріне сай келетін және талап-тілегі мен іс-әрекетінің түпкі мақсаты болып табылатын белгілі әлеуметтік топтың кемеліне келген қоғамдық құрылым туралы түсінік. 2) Парасаттық – жоғарғы адамгершілік қасиеттердің үлгісі болып табылатын, көбінесе осы қасиеттерді меңгерді деген жеке адамның бейнесі түрінде көрінетін, кемел ақыл иесін меңзейтін түсініктер. 3) Эстетикалық идеал – адамның шығармашылық күштерінің өзіндік мақсаты болып табылатын еркінше және универсалды дамуымен субъект пен объектінің, адам мен қоғамдық тұтастықтың (және табиғаттың да) тарихи ең толық үйлесімді бірлігі. эстетикалық идеалы болады.

ИДЕАЛИЗМ дүниенің бастамасы сана, рух, идея деп қарастыратын материализмге қарсы философиялық бағыт. Идеалистер іштей екі бағыт ұстанады – субъективтік идеализм және объективтік идеализм.

ИДЕНТИФИКАЦИЯ (лат. identificare – барабарлау) – ұқсастық белгілеріне сүйене отырып әртүрлі объектілердің барабарлығын анықтау.

ИДЕОЛОГИЯ – белгілі теориялық негіздер мен солардан шығатын әрекет бағдарламаларын және қоғамдағы идеологиялық нұсқауларды тарату механизмдерін қамтитын күрделі рухани құрылым. Идеология қоғамдық психология сияқты адамдардың күнделікті әрекеттерінде пайда болмайды, оларды идеологтар, әлеуметтік ойшылдар мен саясатшылар жасайды.

ИДЕЯ – философиялық термин, «мән», «мағына» дегенді білдіреді және ойлау және болмыс категорияларымен тығыз байланысты.

ИММАНЕНТТІ – затқа, құбылысқа немесе процеске ішкі тән қасиет немесе заңдылық.

ИНДИВИД (лат. – бөлінбейтін) – 1. Объектілердің белгілі бір түрінен, тегінен немесе класынан бөлініп шыққан жалқы, жеке объект. Қазіргі логикада – санадан тыс немесе оның белгілі бір қасиеттері бар және басқа объектілермен байланыса алады, бірақ сол қасиеттер мен байланыстар тарапынан қарастырылмайды. 2. Индивид - өзінің физиологиялық және психологиялық ерекшеліктеріне қарай қайталанбайтын қасиеттері бар нақты адам, адамзаттың жалқы өкілі, нақты антропологиялық және әлеуметтік ерекшеліктеріне қарамастан ол жеке кісі. Сәби – индивид алайда ол әлі де жеке дара кісі емес. Индивид «адамзаттың өкілі» ғана болудан, қоғамдағы өз болмысына біршама дербестік алғаннан кейін ғана дара, жеке адамға айналады. Индивид пен қоғам өзара диалектикалық байланыста болады. Оларды қарама-қарсы қоюға болмайды, өйткені индивид дегеніміз қоғамдық тіршілік иесі және оның өмірінің көрінісі – қоғамдық өмірінің көрінісі болып табылады. Бұл жерде индивид пен қоғамды өзара теңестіру де дұрыс емес, өйткені әрбір индивид өз тегінің жалпы белгілерін сақтай отырып, өзіндік ерекшелігі бар дара тұлға ретінде де көрінеді.

ИНДУИЗМ – Үнді елінің көптеген тұрғындарына (үндіс деп – кем дегенде ата-анасының біреуі үндіс болса және басқа дінді ұстанбаған кез-келген адам атана алады) тән әлеуметтік-тұрмыстық, діни рәсімдердің, діни дүниетанымдардың және әдет-ғұрыптардың жиынтығы. Индуизм өз тамырын көне үнділік дін брахманизмнен алады, олардың генетикалық байланысын брахмандық үштік: Брахман (жаратушы), Вишну (сақтаушы) және Шива (бірегей жаратушы, сақтаушы және қиратушы) құдайларын ардақ тұтуынан-ақ байқауға болады. Сонымен қатар индуизм адам өмірі мен әрекеттеріне қатысты мәселелерінің сан қырлы жақтарымен өзгешеленеді. Индуизм қоғамдық-тұрмыстық дәстүрлеріне қатал талаптар қояды. Индуизм тұрғындарды түрлі бөліктерге бөліп, олардың арасында айырмашылықтарды берік сақтауға, көптеген топтар мен касталардың және жеке адам өмірінің, жанұялардың, қоғамның салаларына тән ғұрыптар мен тыйымдарды бұзуына қатаң қарайды.

ИНДУКЦИЯ – (лат. induktio – жетелеу) – ойша пайымдаудың бір түрі және зерттеу әдісі. Индукция теориясының мәселесі Аристотельде кездеседі, бірақ оның ғылыми тұрғыдан негізделуі 17-18 ғ.ғ. эмпирикалық жаратылыстанудың пайда болуымен байланысты. Индукция мәселесін зерттеп талдауда Ф.Бэкон, Галилей, Ньютон, Дж.Гершель және Дж.С.Милльдің еңбектерінің маңызы зор. Ойша пайымдаудың формасы ретінде индукция жекеден жалпы ережеге өтуді қамтамасыз етеді.

ИНТЕНЦИОНАЛДЫҚ – феноменологияда – сананың дүниеге мәнқалыптастырушылық (смыслообразующая) ұмтылысы сананың затқа мәнқалыптастырушылық қатынасы, түйсіктердің заттық интерпретациясы.

ИНТЕРПРЕТАЦИЯ – тарихи-гуманитарлық ғылымдарда – мәтіндердің мәндік мазмұнын ұғынуға бағытталған мәтінді түсіндіру; математикалық логикада, логикалық семантикада, ғылым философиясында – формальдық тілдің сөйлемдерінің мағынасын анықтау.

ИНТЕРСУБЪЕКТИВТІЛІК – субъектінің құрылымы, субъектінің индивидуальдік көптігі фактісіне жауап береді және олардың қауымдастығы мен коммуникациясының негізі ретінде көрінеді.

ИНТУИТИВИЗМ – философиялық-методологиялық ұстаным, болмыс пен танымның соңғы негіздемесі ретінде шындықтың субъект пен объектіге бөлінуін жоятын, затқа тікелей, «тірі» енуді таниды.

ИНТУИЦИЯ – (ортағасыр. лат. intueri – қадағалап қару, үңілу) – алдын ала әртүрлі дәлелдеу арқылы талдауларға сүйенбестен ақиқатқа тікелей жету. Интуиция тікелей интеллекетуалдық білім түрі (интеллекетуалдық интуиция) ретінде қабылданады. Декарт өз ілімінде интуитивті түрде табылатын, дәлелдеуді керек қылмайтын айқын, ақиқат танымды интуиция мағынасында қарастырады. Интуиция мен дедукцияны ақиқатты ашудың басты құралы деп біледі. Спинозаның пікірінше, танымның үш түрі болады: ең төменгісі сезім мүшелерінің көмегімен жүзеге асады; одан кейінгісі ақылға сүйенеді, бірақ әртүрлі дәлелдеуді керек етеді; ең жоғарғысы да ақылға сүйенеді, бірақ дәлелдеуді керек қылмайды, заттың мәнін бірден ашып береді. Бұл интуиция болып табылады. Интеллектуалдық интуиция танымның ең жоғарғы түрі деп танылады. Фейербах интуицияны танымның сезім арқылы әсерлену түрі деп таниды. Интуицияны организмнің ешқандай алдын ала түсіндірілмей келетін инстинктік қалыбы ретінде (Бергсон), шығармашылықтың санасыз келетін алғашқы шарты (Фрейд) деп те тану ғылымда орын алған.

ИНЬ ЖӘНЕ ЯН (қытай философиясы) – этимологиялық мағынасы «төбенің немесе өзен жағасының көлеңкесі мен күнгейі» дегенді білдіреді. Инь мен Ян дүниедегі ретсіздіктерді тәртіпке келтіруші Көк пен Жер күштері ретінде қарастырылады. Олар бір-біріне қарама-қарсы, бірақ олардың үндесіп, бірігуі бар нәрсенің бәрін басқаратын адамды дүниеге әкеледі, Инь – дүниенің рационалдық, «әйелдік бастауы», Ян – бейсаналық, «ер адамдық» бастауы деп түсініледі. Қытай философиясында Инь мен Янның өзара әсерленуінен табиғат құбылыстары да, қоғамдағы өзгерістер де туындап отырады деп тұжырымдалады.

ИРРАЦИОНАЛДЫ – ақыл-ой шеңберінен тыс, логикалық ойлау арқылы жету мүмкін емес, рациональдіге қарама-қарсы.

ИРРАЦИОНАЛИЗМ – философиядағы идеалистік ағымдарды белгілейтін термин. Иррационализм рационализмге қарама-қарсы, таным процесіндегі ақыл-ойдың мүмкіндіктерін терістейді немесе шектейді және дүниені танудың негізі ретінде ақыл-ой жете алмайтын немесе оның табиғатына қарсы бірдеңені түсінеді, болмыстың өзін логикаға қарсы, иррациональдік сипатта деп тұжырымдайды. Иррационализм ағымы К.Ясперс, Сартр сияқты экзистенциалистердің, Ницше, Бергсонның өмір философиясында, К.Юнгтың еңбектерінде қалыптасты.

ИСЛАМ (араб. – момындық, бағыныштылық) – әлемдік ірі үш діндердің бірі. Ислам діні Таяу Шығыстың шөл даласында пайда болып, кейіннен Солтүстік Африка, Орталық Азия, Индонезия және Малайзия шекараларына кеңінен таралды. Қазіргі күнде ислам дінін ұстануышлардың саны миллиардқа жетіп жығылады. Ислам дінін ұстанатын адам – мұсылман деп саналады. Ислам дінінің қағидалары иудаизм мен христиандыққа өте ұқсас келеді. Исламның ақиқатын адамзатқа жеткізуші Мұхаммед соңғы пайғамбар болып табылады. Мұсылманшылықтың басты негізі – Құран, мәңгілік, ешкім жаратпаған Құдай сөзі, яғни Құдай табиғатын ашатын көктен түскен аян. Мұхаммед (жаны жәнәтта болғай) Құдайдың әрбір сөзін қағазға түсірген, сондықтан Құран – Құдайдан түскен мәтін. Христоспен салыстырғанда, Мұхаммед Құдайлық табиғаттан ада, ол Тәңір адамы емес, пайғамбар, яғни белгілі қасиеттері бар адам. Мұсылманшылықтың екінші негізі – сүнне. Ол Мұхаммед сөздері жиылған мәтіндер жинағынан тұрады. Егер христиан дініне үштік туралы ілім тән болса, Исламның ең негізгі қағидасы – Алла тағаланың бірлігіне қылау жуытпау. Исламда шіркеу және дін қызметкерлері ұғымы жоқ, себебі ислам Құдай мен арасында дәнекер болуы мүмкін деп есептемейді. Ислам – Мұхамедтен өзге тағы төрт пайғамбарды мойындайды: Құдайдың сүйіктісі Нұхты, Алланың бірлігіне ең бірінші болып сенген Ибрагимді, Құдай кітабы Тораны Ысрайыл еліне жеткізген Мұсаны және христиандарға Құдайдың Інжілін жеткізген Исаны. Бірақ ислам бойынша, Мұхаммед ең басты және бірегей пайғамбар боп қала береді. Ислам діні мұсылман қауымын қаншалықты бір орталыққа біріктіруге тырысқанымен, тарих беттерінде ұлттық бөлініс көрініс тапқандықтан, бұл дін де екі үлкен бағытқа бөлініп кетеді. Негізгі ірі бағыттары: сунниттік және шиизм. Ислам тек қана Құдайға құлшылық етумен шектелмейді, ол өмір сүру үшін дүниетаным мен адамдардың күнделікті іс-әрекеттерін де анықтайды. Ислам діні әлеуметтік құрылымды, экономикалық, саяси және мәдени қатынастарды, отбасылық және тұрмыстық мәселелерді реттейді.


Дата добавления: 2015-11-04; просмотров: 35 | Нарушение авторских прав







mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.012 сек.)







<== предыдущая лекция | следующая лекция ==>