Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

Философиялық ұғымдар мен терминдерді оқып-білу, жоғарғы оқу орындарында философия ғылымын оқытудың тиімді формасы, оқу және 4 страница



ӘЛЕУМЕТТІК ИНСТИТУТ – қоғамның белгілі бір саласындағы әлеуметтік рөлдер мен статустар жиынтығы. Әлеуметтік институттарға отбасын, балабақша мен мектепті, жоғарғы оқу орнын, еңбек ұжымын, парламент пен сотты, армияны, т.с.с. жатқызуға болады. Солардың қызметінің арқасында адам әртүрлі рөлдерді меңгеріп, неше түрлі статустарға ие болып, тұлғаға айналады.

ӘЛЕУМЕТТІК ҚҰРЫЛЫМ – қоғамдық еңбек бөлінісіне, өндіріс күштерінің және өндірістік қатынастардың деңгейіне байланысты қалыптасқан қауымдардың тұтастығы және олардың өзара тұрақты қатынастары. Әлеуметтік құрылым қатарына халықтың жас шамасына, жынысына, ұлтына, кәсібіне, т.б. ерекшеліктеріне байланысты шоғырланған топтары жатады. Әлеуметтік-таптық құрылым таптардан және сол таптардың құрылымына енбейтін әлеуметтік топтардың жиынтығынан тұрады. Әлеуметтік құрылымның әртүрлі элементтері арасында қызметтік, қайшылық және таптық күрес қатынастары болуы мүмкін.

ӘЛЕУМЕТТІК НОРМАЛАР – адамдардың іс-әрекеттерін белгілі бір жолға қойып, оны қадағалайтын категориялар. Адам ол талаптарды бұзса, оған неше түрлі санкциялар қолданылуы мүмкін.

ӘЛ-КИНДИ Юсуф ибн Исхак (800-879 жж.) – ақсүйектер отбасында дүниеге келген. Бағдад қаласында білім алып, өзінің шығармашылық жетілген уақытын осы қалада өткізген. Әл-Кинди өз заманының жан-жақты дамыған ғалымы болды, ол айналыспаған ғылым саласы жоқ, логика, математика, этика, музыка салаларынан 240-қа жуық еңбек жазған, бірақ көбі осы уақытқа дейін сақталмаған. Ең бастылары – философия саласындағы зерттеулері. Аристотельдің ірі еңбектерін араб тіліне аударған әл Кинди оның философиясын аса құрметтеп, философияны танып-білгісі келген адам әуелі Аристотельді зерттеуді қолға алғаны жөн дейді: «Әрбір істің басшысы алла, бірақ білім бұлағы – Аристотель». Оның пікірінше, жеке адам, ол керемет қабілетті болған күннің өзінде де ақиқаттың тұңғиығына жете алмайды, сондықтан бұрынғы заманда өмір сүрген басқа халықтар қол жеткізген білімді міндетті түрде игеру қажет. Әл Кинди философияны христиан ойшылдары секілді теологияға бағындырмайды, керісінше, жаратылыстану ғылымдарымен тығыз байланыстырады, философияны энциклопедиялық ғылыми білімді қорытындылаушы және оның негізі деп қарастырды. Әл Киндидің онтологиялық пайымдаулары да құнды: бізді қоршаған болмыс 4 элементтен тұрады: от, ауа, жер, су, олар өзгермейді, тек солардан тұратын заттардың элементтері ғана азайып, көбеюі мүмкін. Дүниені Алла «ештеңеден» жаратты дей отырып, әл Кинди материяны негізгі, анықтаушы мән ретінде түсіндіреді: «Қандай нәрсе болмасын бәрі материядан құралған. Ол ешқашан жойылып кетпейді, өзінде барлық нәрсені ұстап тұрады». Әл Кинди форма дегеніміз мүмкіндік деп түсінеді, материяда ішкі мүмкіндік бар, материядан әр түрлі заттар пайда болады, осы заттар тудыратын мүмкіндік – форма. Мысалы, жылылық пен құрғақтыққа – материя болса, екеуі біріккенде материя отқа – формаға айналады. Қозғалысты әл Кинди алты түрге бөледі: пайда болу, жойылу, өзгеру, ұлғаю, бір орыннан екінші орынға ауысу. Ал орын – дененің нақтылы алатын кеңістігі. Уақыт – қозғалысты есептеуші сан, өткен мен болашақты байланыстырып тұрған ойдағы «қазір». Негізгі еңбектері: «Аристотельдің кітаптарының саны және философияны ұғу үшін не керек?», «Бірінші философия жөнінде», «Бес мән-мағына жөніндегі кітап», т.с.с.



 

– Б –

БАДЕН мектебі 20 ғасырдың басындағы неокантшылдықтың ықпалды мектептерінің бірі. Баден мектебі ілімнін Баден өлкесінің университтерінде – Гейделберг пен Фрейбургте – профессорлар Вильденбанд пен Риккерт баяндағандықтан осылай аталады. Баден мектебі – тарихилық әдісті жаратылыстану әдісіне қарсы қояды, тарих – мәдени құндылықтарды өмірге әкелетін дамудың жекелеген фактілері туралы ғылым, жаратылыстану – табиғат құбылыстарының жалпы заңдылықтары мен қайталанулары туралы ғылым. Екі ғалымда да, ұғым – шындықтың бейнесі емес, априорлық принциптерге тәуелді, оның ойдағы қайта түрленуі: жаратылыстануда – жалпыны танудың, тарихта – жекелікті танудың негізі. Баден мектебінің идеясы Кант іліміне негізделіп, болудың болмысқа қарама-қарсылығынан туындайды. Тарихилық заңдылықты жоққа шығару құндылық теориясымен байланыстырылады. Бұл ілімді Г.Мюнстерберг (1863-1916), Э.Ласк (1875-1915), эстетикада И.Кон (1869-1947), Б.Христиансен, әлеуметтануда М.Вебер жалғастырды. Бұл социалогияның ГФР-дағы өкілдері – В.Таймер мен Г.Риттер. 20 ғ. неміс әлеуметтануында марксизмге қарсы субъективтілік пен валюнтаризм рухында дамыды.

БАЗИС ЖӘНЕ ҚОНДЫРМА. Базис – қоғамның экономикалық құрылысы немесе өндірістік қатынастардың жүйесі. Үйдің өзіндік іргетасы іспетті базистің үстіне, біріншіден, қоғамдық сананы, екіншіден, идеологиялық қатынастарды, үшіншіден, оларды бекітетін қоғамдық мекемелері мен ұйымдарын қамтитын қондырғы көтеріледі.

БАЙТҰРСЫНОВ Ахмет (1873 – 1937 ж.ж.) – көрнекті қазақ ақыны, ағартушы демократы, әдебиет зерттеушісі, аудармашы, қазақ эстетикасының негізін қалаушысы. Байтұрсынов сол кездегі қазақ қоғамының ең бір қажет және жан-жақты дамуға бет алған ағартушылық, демократтық қозғалысқа белесене араласқан қайраткер. Ол орыс-қазақ мектептерінде семинарияларда мұғалім бола жүріп, қоғамдық, әлеуметтік өмірге үңілді, бұқараға білім-ғылым таратудың тиімді жолдарын қарастырды, Қазақ тілі және әдебиетінің тарихын, теориясын зерттеді, алғашқы оқулықтар мен оқу құралдарын жасап, халықтың көркем сөз мұрасын жинау, жүйелеу, зерттеу ісін қолға алды, баспа сөзге мақалалар жазды, өлең шығарды, аударма жасады. 1910ж. наурызынан 1917ж. соңына дейін Орынбор қаласында да тұрса да өзінің қоғамдық саяси, мәдени және әдеби өнерге араласуын тоқтатпады. 1911ж. Орынборда оның «Маса» атты өлеңдер және аударма мысалдары жинағы жарық көрді. 1913ж наурыздан бастап «Қазақ» атты апталық газет ұйымдастырып, 1917ж қыркүйегіне дейін оның редакторы болды. «Қазақ» газеті беттерінде қазақ халқына қоғамдық және мәдени мүдде қажеттерін батыл сөз еткен мақалалар жиі басылып тұрғандықтан өз дәуірінің беделді органы саналды. Байтұрсынов байлардың құлдығында шіріген жарлылардың айғайшысы емес, бай-кедейді айырмай, қазақты ғана сүйетін адал жүрек азамат еді. 19 ғ.соңы мен 20 ғ-дың алғашқы 30 жылы ішінде қазақ халқының қоғамдық-саяси, мәдени және әдеби өміріне белсене араласып, өнімді еңбек еткен, артына құнды мұра қалдырған Байтұрсынов көп жылдардан соң кейін туған халқымен қайта қауышты. Ол Қазан төңкерісіне дейін-ақ үлкен ағартушылық қызметтермен бірге, ірі ғалым-лингвист, әдебиет жинаушы-зерттеушісі, түркітанушы, бірқатар оқулық пен оқу құралдарының авторы, дарынды ақын аудармашы ретінде мәшһүр болды. Оның өмірі мен қоғамдық шығармашылық қызметінде Қазан төнкерісі алдында қалыптасқан қазақ зиялылары өкілдерінің тынымсыз тынысы, әр саладағы рухани ізденістері, олардың бағыт-бағдары мен сәтті сәтсіз нәтижелері, жеке өмірінің трагедиялық жағдайлары айшықты баяндалды.

БАҚЫЛАУ – ғылыми зерттеушілер үшін алғашқы дерек беретін, сыртқы дүниені мақсатты да жүйелі түрде қабылдау. Бақылау қарапайым және күрделі, тікелей және жанама тәжірибелермен үйлесімді келеді. Бақылау процесінің тәжірибеден айырмашылығы – онда субъектінің объектіге басым әсері жоқ, дегенмен кейде (психол., социол. және т.б. бақылаулар) ондай әсердің әлсіздігі кемшілік емес, артықшылық болып саналады. Бақылау приборлар мен аспаптарды қолдануға жол ашады, сол арқылы адамның сезім органдарының табиғи шектеулігінің орнын толтырады. Кейбір жағдайларда (мыс., микродүние құбылыстарын зерттеуде) прибордың бақыланатын объектіге «ауытқушылық» әсерін ескерудің қосымша қажеттігі пайда болады.

БАЛАСАҒҰН Жүсіп (1017 ж. - ө.ж. белгісіз) – Қарахандар мемлекетінде өмір сүрген ұлы түркі данасы, ақын, «Құтты білік» атты диалектикалық-этикалық поэманың авторы. Ол осы еңбегінде адам өмірі туралы өсиетін қалдырды. Жүсіп Баласағұн үшін адам баласы – дүниедегі ең басты құндылық. Мәнді өмірге жетудің азапты жолында адамға серік болар төрт қасиет - әділет, дәулет, ақыл, қанағат деп бөліп көрсетеді. Баласағұнның тарихи-мәдени рөлін мынадай түйіндермен айқындауға болады: 1) Баласағұн Ислам Ренессансының арнасында әл Фарабидің даналық өрісін ары қарай дамытып, түркі тілінде алғашқы философиялық, мәдениеттанулық, саясаттанулық туындыны дүниеге әкелді; 2) Баласағұн поэзиясы, бір жағынан, ежелгі түркі жазбаларының төл дәстүрін жалғастырса, екінші жағынан, тәжік-парсы поэзиясынан нәр алған; 3) Баласағұн шығыс перипатетикасы дәстүрінде ақыл мен білімді жоғары бағалап, оған қоса түркі халықтарының маңызды дүниетанымдық принципі – сопылықты көркем бейнелерімен суреттеп берді; 4) «Құтты білікті» өзінің көтерілген мәселелерінің аумағы, исламдық және исламға дейінгі халықтық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды бейнелеу деңгейі бойынша ортағасырлық түркі мәдениетінің энцилопедиясы деп бағалауға негіз бар.

БАТЫСШЫЛДАР – Ресейдің әлеуметтік қайта құрылу келешегін (19 ғ. 40-50 жж.) Батыс Еуропа елдері жетістіктерін игерумен байланыстырды. Ерте бой көрсеткен батысшылдардың арасынан философ, жазушы А.И.Герцен ерекшеленді. Ол батыс философтарының еңбектерін тамаша білді. Ол Гегель диалектикасын «революция алгебрасы» деп бағалады және адамзаттың антагонизмнен ада қоғамға ұмтылу заңдылығын негіздеуге талпынды. Батысшылдық ағым әдеби-сыни мақалаларда, пікірталастарда, философиялық шығармаларда кеңінен көрініс тапты. Бұл бағыттың негізгі өкілдері: А.И. Герцен, В.Г. Белинский, Н.П. Огарев, Т.Н. Грановский, В.П. Боткин, К.Д. Кавелин, т.б. көзқарастарындағы белгілі бір бірліктің болуы (самодержавилік-крепостниктік құрылысты айыптау, «ресми халықшылдық» идеологиясына қарсы күрес, Ағарту идеяларын дамыту, Ресейді европаландыруға ұмтылу т.б) және олардың обьективтік буржуазиялық мазмұнын мойындау олардың арасында алауыздық болмады деген сөз емес. Бастапқыда батысшылдар арасындағы (эстетикалық, философиялық, ал содан кейін әлеуметтік-саяси мәселе бойынша) айтыс үйірме шеңберінен шыға аламады. Алайда 40 жыл-ң аяғына таман негізгі 2 тенденция барған сайын айқындала түсті: Белинский, Герцен, Огарев – материалистер, революционер демократ және социалистер ретінде әрекет етті. Ковалев, Боткин, Корш және т.б идеализмді қорғап саяси мәселелерді буржуазиялық-помещиктік либерализм идеяларын дәріптеді. Сонымен қатар жекеленген батысшылдар (мыс: Грановский) таптан тыс ағартушылық дәрежесінде қала береді.

БАШЛЯР Гастон (1884-1962) – француз философы. Неопозитивизм мен логикалық формализмнің дағдарысы кезінде, диалектиканың элементтерін өзінше түсіндіретін классикалық емес ғылым рухына сәйкес, «жаңаша ғылыми рухқа» ие философияны жасамақшы болды. Ол өз ілімін біресе «қолданбалы рационализм», біресе «диалектикалық рационализм», тіпті, «техникалық рационализм» деп те атады. Башлярдың еңбегі қазіргі заманғы ғылымның қоғамдағы алар орнына талдау жасайтын құнды идеяларға толы болды. Философты материализм мен идеализмді біріктіріп қарастырып, ғылымды ақылмен танып біліп, жасауға болатын құрылым жиынтығы деп түсінді. Оның бұл көзқарасы Поппердің, Кунның тұжырымдамаларына және қазіргі заманғы сыни рационализмге жақын болды. Шығармалары: «Жаңа ғылыми рух», «Рационалды материализм», «Қолданбалы рационализм» және т.б.

БЕЙБІТШІЛІК – халықтар және мемлекеттер арасындағы қатынас ахуалы – соғыстың болмауы және жалпы қабылданған негізгі халықаралық нормалардың сақталуымен сипатталады. Бейбітшілік қатынастары – саясатты зорлым-зомбылықсыз ілгері бастыру. Эразм Роттердамский, Гоббс, Локк, Руссо, Кант «мәңгі бейбітшілік» идеясын дәлелдеуге тырысты. Алайда олардың жобалары утопиялық түрде болды. Тек соғыстың әлеуметтік-экономикалық т.б. себептерін ашып көрсету тұрғысынан ғана түрлі мемлекеттердің арасында әділетті бейбітшілік орнату мүмкіндігі ғылыми жағынан негізделеді.

БЕЙНЕЛЕНУ – материалистік таным теориясындағы негізгі ұғымдардың бірі және бейнелену теориясының өзегі. Бейнелену – жалпы материяның қасиеті. Бейнелеудің негізінде бір құбылыстың екінші құбылысқа, бір дененің екінші денеге жасайтын ықпалы жатыр. Мыс: жүріп бара жатқан адамнан із қалады, із бейнелеуге жатады. Күннен, желден, ыстық пен суықтан, жаңбыр мен қардан жартас бұзылып, қиыршық құмға айналады, т.б. Өлі материяда бейнеленудің екі түрі кездеседі: бірі – изоморфизм, екіншісі – гомоморфизм. Бейнеленудің ең жоғарғы түрі – тіршілікке, өмірге байланысты биологиялық түрі. Тірі табиғаттағы бейнелену – биологиялық зат алмасудан басталып, адам әрекетінің саналы-шығармашылық, болжаушылық және қайтақұрушылық қызметімен сипатталады.

БЕЙСАНАЛЫҚ – кең мағынасында – субъектінің санасында жоқ психикалық процестердің, операциялардың және жағдайлардың жиынтығы. Бұл психикалықтың сана құбылыстарынан сапалық жағынан өзгеше ерекше саласы. Бейсаналық шын мақсаттары мен салдарлары сана деңгейінде түсінілмейтін жеке және топтық мінез-құлықты сипаттайды. З.Фрейд бейсаналықты сананың қызметіне қарама-қарсы аса зор күш ретінде көрсетеді.

БЕЛЛ Даниэл (1919-91) – американдық әлеуметтанушы және саясаткер, «постиндустриалдық қоғам» теориясын салушылардың бірі. Экономикалық қызмет, «плюралистік демократия» және «меритократия» принциптеріне негізделген болашақ қоғамның пішінін Белл қазіргі капиталистік қоғамның үлгісінде дәріптейді. Оның әлеуметтік қағидасының әдіснамалық негізінің мәні қоғамдық өмірдің бір-бірінен тәуелсіз экономика, саясат, мәдениет сияқты салаларын бөліп қарастыруы. 70-жылдары Белл алдыңдағы «деидеологизация» теориясынан («Идеологияның соңы», 1960) бас тартып, идеологияның, әсіресе, діннің әлеуметтік маңыздылығын көрсетті. 80-жылдардың бірінші ширегінде неоконсерватизмнің елеулі идеологтарының бірі болды. Өмірінің соңғы жылдарында «консервативтік бүлікшіліктің» шектен шығуын санға алып, либерализм рухында саяси негізді нығайтуға шақырады. Сондықтан да болар Белл өзін: «экономикадағы социалист, саясаттағы либерал және мәдениеттегі консерватор» деп сипаттаған екен. Негізгі еңбектері: «Постиндустриалдық қоғамның қалыптасуы», «Капитализмдегі мәдени қайшылықтар», «Әлеуметтік естеліктер», «Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі қоғамдық ғылымдар» және тағы басқалары.

БЕРГСОН Анри (1859-1941) – француз идеалист-философы, «өмір философиясының» шеңберіндегі «шығармашылық талпыныс» ағымын жасайды. 1900 жылдан бастап Коллеж де Франс профессоры, 1914 ж. Француз Академиясының мүшесі. Өз ілімінде Бергсон платондық сарынға, кейін Шеллинг пен Шопенгауэр және т.б. идеалист-ойшылдардың қағидаларына сүйенді. Бергсонның ойынша, алғашқы да ең терең шындық – ол белгілі бір толыққанды біртұтас өмір, ал материя мен рухқа келер болсақ, ол – сол өмірдің қалдықтары. Өмір – «өмірлік талпынысқа» – «витализмге» (elan vital), яғни ешқашанда тоқталмайтын шығармашылық өзгеріс, қалыптасуға тең. Материя – болмыстың енжар жағы, ол, әрине, қаншалықты қарсылық көрсетсе де, дегенмен, ең ақырында, өмірге бағынады. Сондықтан табиғаттың тарихи күрделенуі, өрлеуі - өмірдің шығармашылық өрлеуімен тең. Олай болса, Дүние – бірегей, тоқталмайтын, өне бойы жаңа формаларды бірінен соң бірін тудыра беретін шығармашылық. Бергсонның ойынша, адам айнала қоршаған материалдық дүниеге өзінің интеллекті (ақыл-ойы) арқылы бейімделеді. Бірақ, философтың ойынша, интеллект – заттың терең мәнін аша алмайды, ол тек қана олардың арасындағы байланыстары мен қарым-қатынастарын ғана көрсете алады. Бергсон адам интеллектісінен басқа таным құралы деп интуицияны мойындайды. Интуиция – ол затқа деген сүйіспеншіліктің негізінде оның ішкі, интеллектіге ашылмайтын жағына өтіп, оның өмірлік өзегін сезіну болып табылады, яғни, ол, рухтың алғашқы негізі, өмірдің өзі. Танымдық тұрғыдан алып қарағанда, алғашқы интуиция инстинкт пен интеллектіге бөлінеді. Сол сәтте инстинкт өзіндік санасынан, интеллект заттың ішкі сырын ашу қабілетінен айырылады. Адамның интуициясы толығынан интеллектіге бағынышты. Алайда кейбір «шекаралық жағдайда», адамның өміріне қауіп төнгенде немесе оның басына «тағдырлық ахуал» келген кезде, интуиция интеллектінің құрсауынан босап, адамға нағыз шындықты көрсетіп, оның Ғарыштағы орны мен тағдырын анықтауға көмектеседі. Бірақ А.Бергсонның интеллект пен интуицияны қарама-қарсы қойғаны қайсыбір терең дүниетанымда жоққа шығарады. Өйткені интуициямен сезінгенді ұғым арқылы түсіне алмасақ, онда оны қалайша басқа адамдарға жеткіземіз? Дүниедегі «шығармашылық талпыныс» өне бойы қайталанбайтын өзгерістерді тудыра берсе, онда дүниедегі барлық заңдылықтардан бас тартуға тура келер еді. Әрине, ол мүмкін емес. Дегенмен, Бергсонның философиялық көзқарастарының негізінде ерекше ағым пайда болмағанымен, ол 20 ғ. басқа философиялық ағымдарға өзінің әсерін тигізді. Негізгі еңбектері: «Тікелей дәл сана», «Материя және ес», «Шығармашылық эволюция», «Мораль және діннің екі бұлағы», т.б.

БЕРДЯЕВ Николай Александрович (1874-1948) – орыс философы, идеалист. Киевтегі кадет корпусында және университетте оқыған. Кеңестік соц. демокр. партиямен байланыста болғаны үшін және марксизмді насихаттағаны үшін университеттен шығарылып, Вологдаға жер аударылады. Осымен оның жария марксизмге еліктеушілігі аяқталып, ендігі жерде «этикалық социализмге» және діни идеологияға ауысады. 20 ғ. басында құдай іздемпаз бағытындағы басты идеологтардың бірі болды. Орыс идеализмі манфестінің бағдарламасын жасауға қатысты. Ақпан төңкерісінен кейін Мәскеу университетінің профессоры атанды; рухани мәдениеттің Бостандық академиясының негізін қалаушылардың бірі. 1922 жылы КСРО-дан қуылды. Берлинде тұрып, Діни-философиялық академияны құрды. Кейін Парижге көшіп келіп, «Жол» (1926-39) журналында редакторлық қызмет атқарды. Осы жерде өзінің ірі еңбектерін дүниеге әкеліп, әлемге танымал болды. Бердяевтің философиясы шығармашылығының түрлі кезеңінде түрлі деректерден нәр алып, Кант, Маркс, Бёме, Шопенгауэр, Ницше шығармашылығымен рухтанды. Орыс ойшылдарынан оған ерекше ықпал еткен Михайловский, Хомяков, Достаевский, Соловьев және т.б. Бердяев шығармашылығының бастапқы кезеңінде Маркстік гуманизмді Михайловскийдің антропологистік социализмімен және неокантшылдық метафизикамен қиюластыруға тырысты. Бердяевтің кемелденген философиялық көзқарасы Еуропадағы діни экзистенциализмнің алғашқыларының бірі болды. Бердяев философиясы антропоцентрлік бағытта – руханилық, еркіндік және шығармашылық, тағдыр, өмірдің мәні және өлім мәселелері оның философиялық ой-толғамдарының өзегі болды. Бердяевтің пікірінше «тұлға болмыстан бұрын алғашқы», болмыс – себептіліктің, қажеттіліктің, пассивтіліктің нақты бейнесі, рух – бостандықтың бастамасы, белсенді, шығармашыл. Объективтік әлемді Бердяев «объективтендірілген әлем» терминімен алмастырып, субъективтік рухтың негізінде қалыптасқан «шындықтың объективизациясы» ретінде түсіндіреді. Бердяевтің идеялары француздың экзистенциализмі мен персонализмінің дамуына ықпал етті. Бердяевтің басты философиялық еңбектері: «Еркіндік философиясы», «Шығармашылықтың мәні», «Теңсіздік философиясы», «Еркін рух философиясы», «Адамның мақсаты туралы», «Орыс идеясы», т.б.

БЕРКЛИ Джордж (1685-1753) – ағылшын философы, субъективті идеалист. 1734 ж. Клойн (Ирландия) шіркеуінің епископы. Ол 18 ғ. ағылшын ағартушыларының жалпы деистік және материалистік бағытына қарсы шығып, идеализм жолын қорғады. Беркли материя тіршілігін мүлдем теріске шығарып: «Қабылдансаң ғана тіршілік етесің» деп түсіндірді. Ол шындықты біздің түйсігіміз деңгейінде анықтап, адам нені көреді, естиді, сезінеді – сол шындық, деп түйіндеді. Бүкіл әлем – түптің түбінде біздің бойымызға құдай сіңіретін түйсіктер кешені, дейді ол. Беркли болса адам өз қабілетінен асып ештеңені түсінуге дәрменсіз болғандықтан, болмыс туралы мәселе шешілуі мүмкін емес деп есептеді. Сондықтан ол табиғат пен қоғамдағы себептілік пен заңдылықты жоққа шығарып, себептілікті адамдардың әдет-ғұрпы тұрғысынан қарастырды. Мұндай көзқарас философияда солипсизмге әкеледі: яғни Дүниеде мен ғана өмір сүріп жатырмын, ал бүкіл әлем, басқа заттар мен адамдар менің түйсіктерімнің әртүрлі қосындылары ғана деген пікір тудырады. Мұндай ерсі пікірден аулақ болу үшін Д.Беркли «Дүниенің өмір сүруін мойындаудың негізі жеке адамның санасында ғана емес, сонымен қатар басқа адамдардың да Дүниені қабылдауымен байланысты» деген пікірге келеді. Ал көп адамдардың белгілі бір Дүниедегі заттар жөніндегі ортақ пікірі, олар жөніндегі ортақ пікірлері, бір-біреуімен келісімі Құдайдың құдіретті күшінде жатыр. Сонымен, қорыта келе, Д.Беркли алғашында тек қана жалқыны мойындап, келесі сатыда субъективтік идеализмге келіп, соңында теологиялық көзқарасқа келіп тіреледі.


Дата добавления: 2015-11-04; просмотров: 53 | Нарушение авторских прав







mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.009 сек.)







<== предыдущая лекция | следующая лекция ==>