Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

Философиялық ұғымдар мен терминдерді оқып-білу, жоғарғы оқу орындарында философия ғылымын оқытудың тиімді формасы, оқу және 2 страница



АҚИҚАТ ӨЛШЕМІ – (грек. Kriterion – бір нерсені бағалауға арналған өлшем) – белгілі бір пайымдауды, болжамды, теориялық пікірді және т.б. тексеру құралы. Ақиқат өлшемі қоғамдық практика болып табылады. Тәжірибелік ғылыми теориялар практиканың көмегімен материалдық өңдірісте, бұқаралық қоғамды қайта құру жөніндегі қызметтерде және т.б. іргелі тексеруде, бұл оның салыстырмалы ақиқат екенін білдіреді. Белгілі бір теорияны практикада тексерудің әдістері әр түрлі болуы мүмкін. Мыс, жаратылыстану ғылымында белгілі бір ережелер алынған нәтижелерді бақылауға, өлшеуге, математикалық өңдеуден өткізуге байланысты тәжірибе арқылы расталады. Кейде болжам жасалған теорияны сынақтан өткізу одан логикалық жолмен шығарылатын салдарды тәжірибе жасап тексеру арқылы жүзеге асырылады (қ. Болжамдық –дедукциялық тәсіл).

АҚПАРАТ – (лат. informatio – мәлімдеу, түсіндіру, мазмұндау) – кейбір мәлімет, қандай да бір мағлұматтардың, білімдердің жиынтығы.

АҚПАРАТТЫҚ ҚОҒАМ ( лат. informatio – түсіндіру, хабарлау) – 1945 жылы жапон ғалымы Е.Масуда енгізген термин. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін дамыған елдердегі капитализмнің бұрынғы индустриалдық капитализмнен бөлек екендігі айқындала түсті. 1960-1970 ж.ж. Батыс ғалымдары (Д.Белл, Р.Арон, З.Бзежинский, О.Тоффлер, Рим клубы өкілдері, т.б.) принципті жаңа қоғам қалыптастыру туралы ілімдерін көпшілікке ұсынады. Оны әртүрлі атаулармен атады: супериндустриялық өркениет, постиндустриалдық қоғам, технотронды, телекоммуникациялық, ақпараттық қоғам. 1990 ж. шыққан Д.Нэсбит пен П.Эбурдемнің «Мегатенденциялар. 2000 ж.» еңбегінде жаңадан қалыптасып келе жатқан өркениеттің төмендегідей басым бағыттары аталып өтті: 1) жаңа жоғары технологиялар; 2) социализмнің кейбір элементтерін еркін нарықтық қатынастармен үйлестіру; 3) әмбебапты өмір салты және мәдени ұлтшылдық; 4) жеке және мемлекеттік дәулеттіліктің ұштасуы; 5) өнер мен көркем мәдениеттің өркендеуі; 6) діни жаңғыру; 7) тұлға марапаты.



АҚЫЛ және ЕС – ғылыми танымның, адамгершіліктік және көркем ойлаудың дамуына қажетті өзара біріне-бірі қолдау көрсететін ұғымдар. Ақыл – зерде, ес, парасат; түсінуге және ұғынуға мүмкіндік беретін адамның қабілеті. Адам өз қиялында өткен өмірін қайта есіне алу мүмкіндігіне ие. Жеке ақыл-ойының қойнауына еніп, оны сыни тұрғыдан қабылдайды. Адам пайымдайды, таниды, бағалайды. Өзінің ойша пайымдауының мызғымас логикасын құра алады. Сондықтан адамдар өз өмірлерінде тек сезімдік түйсінулерге ғана сүйенбей, саналы түрде әрекет жасайды. Бұл адам баласының таңғажайып, жеңімпаз күші. Ақыл – тануға бағытталған адам рухының қызметі. Ақылдың көмегімен заттардың әмбебап байланысын ұғынуға болады.

Ес – ақылдан бұрын болатын, оған қажетті материалды беретін, психикалық қызмет. Ақыл мен ес таным қызметінің екі түрлі сатысы. Парасатты ойлану бұл ақылды қорытынды жасауға дайындалу дегенді білдіреді. Ес – ұғымдардың, тұжырымдардың, ережелердің құрылуының қабілеті, деп қарастырды Кант. Бірақ ес ұғымның, ал ұғым естің көмегінсіз пайда болуы әбден мүмкін.

АҚЫЛ НЕМЕСЕ ИНТЕЛЛЕКТ (лат. іntellectus-түсіну, ұғыну, танып білу, ақыл-ой) – жоғары дамыған және күрделі миы бар организмдердің психикалық қызметінің айрықша функциясы; ақпар алуға, оны сақтауға, өңдеуге және беруге, жаңа білімдер қорытып шығаруға, жеткілікті негізделген шешімдер қабылдауға, алға қойылатын мақсаттарды тұжырымдап, соларға жетуге бағытталалған іс-әрекеттерді қадағалауға, қоршаған ортада болатын хал-ахуалдарды дұрыс бағалауға қабілеттік. Ақыл-ой өңдейтін хабардың аса маңызды қайнар көзі және ол қорытып шығаратын білімдерді, шешімдер мен мақсаттарды қолданудың объектісі – объективтік дүние. Осы тұрғысында адамның ақыл-ой немесе интеллектілік қызметі объективті шындықты өзгертуге бағытталған қызметтің негізінде бейнелендіру болып табылады. Европалық философияның дәстүрінде ақыл-ой қызметінің негізгі деңгейлері ретінде ақыл-парасат пен пайымдауды бір-бірінен ажыратып көрсетеді. Пайымдау әлеуметтік-тарихи және мәдени даму процесінде және жеке адам қызметі барысында қалыптасқан нормалар мен қалыптар шеңберінен шықпайтын ақыл-ой қызметі ретінде қарастырылса, ақыл-парасат – ақылдың мүлдем жаңа білімдер қорыта алатын және шындықтың аса терең мәнін танып біле алатын жоғары жасампаздық кабілеті ретінде қарастырылады.

АҚЫН – поэзиялық шығармаларын (өлең, жыр-дастан, т.б.) ауызша айтып не жазып шығаратын өнер иесі, халықтың көркем-өнер мәдениетінің басты тұлғаларының бірі. Көшпелі қоғамда әлеуметтік пікірді жеткізуші. Қазақтың сөз мәдениетінде жырау, жыршы, өлеңші сияқты тұлғаларды қамтыған. Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде шынайы ақын өзінің суырып салма өнерімен дараланған. Ол өлеңді, жырды домбыра немесе қобыз сияқты музыка аспаптарының сүйемелдеуімен орындаған. Зерттеушілер қазақ поэзиясының тарихи кезеңдеріне, мәдени ақпарат беру тәсілдеріне, стилі мен жанрына қатысты ақындарды жыршы ақындар және жазба ақындар деп екі топқа бөледі. Қазіргі күндері ауызекі ақындарды шығармашыларының ерекшеліктеріне байланысты: айтыс ақындары, әнші ақындары, термешілер, т.б. жіктер таратады.

АЛҒЫШАРТТАР – логикада – пайымдау, бұдан ой түйіндеу арқылы жаңа пайымдау (қорыту) келіп шығады. Ой түйіндеудің түріне байланысты алғышарттың алуан түрлі пайымдаулары мен олардың үйлесімі болуы мүмкін. Ой қортындылаудың түйіні ақиқат болуы үшін алғышарттардың ақиқат болуы және олар ой қорытындылауда қисындық тұрғысынан дұрыс қабысуы қажет.

АЛТЫНСАРИН Ыбырай (Ибраһим) (1841-1889 ж.ж.) – қазақ халқының көрнекті ойшылы – ағартушысы, жаңашыл педагог, жазушы, аудармашы, қоғам қайраткері. Алтынсарин Орынбор шекара комиссиясының қазақ балалары үшін ашқан мектебінде оқып, білім алады. Жасынан зерек Ыбырай дүниежүзі әдебиеті классиктерінің В.Шекспирдің, И.Гетенің, Д. Байронның, А.Пушкиннің, Н.Гогольдің, М.Лермонтовтың, Ә.Фердаусидің, Ә. Науаидің т.б. шығармаларын өздігінен, оқып нәр алып өседі. Халықтан жиналған қаражатпен 1864 ж. қаңтарда Торғайда қазақ балалары үшін тұңғыш бастауыш мектеп ашады. Алтынсарин орыс тілі, ана тілі, арифметика, табиғаттану сабақтарына, сөзді бір тілден екінші тілге аударуға аса зор мән берді. 1879 ж. Торғай облыстық халық училищелерінің инспекторы болып тағайындалғаннан кейін Алтынсарин мектептер ашуды қолға алды. Ең алдымен облыстың уездік қалаларында орталық училищелер ашуға шешім қабылдады. Содан кейін Елек, Николаевск (Костанай), Торғай, Ырғыз уездерінде екі кластық орыс-қазақ мектептерін ашты, олардың бәрінде де кітапханалар ұйымдастырды. Алтынсаринның ұсынысы бойынша 1888 ж. 10 сәуірде мұғалімдер мектебі ұйымдастырылды. Сөйтіп, Қазақстанда педагогикалық білімнің негізін қалады. Сонымен қатар Торғайда қолөнер училищесін ашты. Қазақ қыздарына дүниелік білім беру мақсатымен Ырғызда жанында интернаты бар мектеп салдырды. 1879ж. Алтынсаринның әйгілі «Қазақ хрестоматиясы» («Киргизская хрестоматия») және «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» («Начальное руководство к обучению киргизов русскому языку») атты кітабы шықты. Бұл екеуі де Алтынсаринның орыс алфавиті негізінде жасалған жаңа алфавитімен қазақ тілінде басылды. Алтынсаринның жазушылық қызметі 19 ғ-дың 60-70 жылдарында қазақ халқының өмірінде болған тарихи-әлеуметтік үлкен өзгерістермен сабақтас. «Жаз», «Өзен» сияқты шығармалары оның нағыз дарынды ақын болғанын көрсетеді. Алтынсаринның «Бай баласы мен жарлы баласы», «Қыпшақ Сейітқұл», «Киіз үй мен ағаш үй», «Надандық», «Лұқпан Хакім» т.б. шығармалары қоғамдық өмірдің әртүрлі жайларына арналған. Алтынсаринның қазақ мәдениетіне сіңірген үлкен еңбектерінің бірі – көркем аударма. Оның аудармалары негізінен Ушинский, Толстой, Крылов, И.И.Паульсон шығармалары болды. Алтынсаринның публицистикалық мақалаларының да маңызы орасан зор. Бұларды 3 топқа бөлуге болады: 1) хаттары, 2) этнографиялық тақырыпқа жазған очерктері, 3) экономикалық, саяси-әлеуметтік тақырыптағы шығармалары дүниеге алдыңғы қатарлы көзқарас тұрғысынан жазылған.

АЛХИМИЯ – дүниетанымдық,натурфилософиялық және діни-мистикалық ортағасырлық ілім. Оның мақсаты «философиялық тасты» алу болды. Алхимия ілімі бойынша философиялық тас (даналар тасы, эликсир, тинктура) – ерекше зат, яғни өзінің ықпалымен жай металды алтын және күміс сияқты бағалы металдарға айналдыруға, жастық шақты қайтаруға болады деген түсінік қалыптастырды. Кейбір алхимиктер жасанды жолмен адамды (гомункулус) жасаудың тәсілдерін іздестірді. Алхимия жердегі және космостық, тірі және өлі табиғат, табиғат және қоғам, адам және заттардың әрекеттері процесінің бөлінбеген бейнесін көрсетті. Заттар әлеміне билікке иелікті алхимия табиғаттың объективтік заңдылықтарын танумен байланыстырмады. «Ақиқат» дегеніміз өзіміз тілеген заттың айналу кілті, ол «жоғарыдан» берілген, оны аяқтау үшін философиялық тастың көмегімен мистикалық ашылулар мен магиялық жоралғыларды пайдалану керек. Алхимияның идеялық тамыры ертедегі батыс және шығыстық дүниетанымдарда төрт элементтің (от, су, ауа, жер) бір-біріне айналуы туралы ілімінде кездеседі. Алхимия мың жылдан (4-16 ғғ.) артық өмір сүрді. Батыс Еуропаға Египет пен араб елдерінен енді, сонымен қатар Қытай мен Үндістанда да тараған. Танымал өкілдері: Ұлы Альберт, Р.Бэкон, Луллий. Философиялық тасты іздеу мақсатында жүргізілген түрлі стихиялық эксперименттер маңызды заттар мен материалдарды (фосфор, мүсәтір, фарфор, т.б.) алуға, техниканың дамуына, металды, тұздарды, дәрілерді алу тәсілдерінің жетілуіне әкелді. 17-18 ғғ. алхимия идеялары жоққа шығарылды.

АЛЬБЕРТ (Ұлы Альберт – туған жылы шамамен 1193-1207 жж., өлген жылы – 1280 ж.) – неміс философы, жаратылыстанушы және теолог. Өзінің шәкірті Фома Аквинскиймен аристотелизмді аверроизм рухында талқылауға және схоластикадағы белді мектептерге қарсы шықты, ол өзі аристотельдік ілімді тұтас философиялық-теологиялық жүйе жасауға қолданды. Ұлы Алберттің философиялық еңбегінен («Теология жинағы») басқа, жаратылыстық-ғылыми трактаттары да бар, ол інжілдік және діни-фантастикалық аңыздарына табиғатты тікелей бақылауды қосып қарастырған.

АЛЬТЕРНАТИВ – бір-бірін өзара жоққа шығаратын шешімдердің бірін таңдау қажеттігі.

АЛЬТРУИЗМ (лат. аlter – басқа) – адамның өзі үшін емес, өзгелер үшін өмір сүруі, басқаларға әрдайым қамқор болуы сияқты қасиеттерді басшылыққа алатын адамгершіліктік принцип, эгоизмге қарсы ұғым. Терминді философияға алғаш енгізген О.Конт болды. Буржуазиялық этикада альтруизм ұғымы жақыныңа махаббат, кешірімді болу сияқты принциптерге негізделген діни моральдық іліммен ұштасты. Жаңа заман ағартушылары: Юм, А.Смит, Руссо, Гёте және т.б. кеңінен қарастырды. Социализм дәуірінде ұжымдастық, бірлестік және өзара көмектесу, қоғамдық борыш ұғымдарымен астасты.

АНАКСАГОР (шамамен б.з.б. 500-428) – көне грек философы, математигі және астрономы, афиналық философиялық мектептің негізін қалаушы. Анаксименнің шәкірті. Құдайға сенбегендігі үшін айыпталып, қудаланған. Бізге белгілі еңбегі «Табиғат туралы». Анаксагор астрономия мен метеорология салалары бойынша зертеу жасаған. Оның ойынша, Күн – Құдай емес, орасан зор жанып жатқан от, Күннің тұтылуын Айдың жабуымен, ал Айдың тұтылуын Жердің Күнді жабуымен түсіндірді, Ай Жер сияқты және онда тіршілік бар, Күннің күркіреуі, найзағайдың жарқылдауы – бұлттардың соқтығысуында, Фракияға метеориттің түсетіндігін туралы сияқты бірқатар болжамдар жасаған. Анаксагор «Әр нәрсе өзіне өте ұқсас бөлшектерден – «тұқымдардан», гомеомериялардан пайда болады». – деп түсіндірді. Ол тұқымдар стихиялардың ішінде қалқып жүріп, бір-бірімен қосылып заттарды тудырады. Ал барлық заттардың пайда болуына түрткі болған, оларды ретке келтіріп отыратын ол НУС (nous – грек сөзі, ақыл-ой) – дүниежүзілік ақыл-ой.

АНАКСИМАНДР (б.з.б. 610-540 жж.) – Милеттен шыққан ионийстік натурфилософ, Фалестің шәкірті және оның ізін жалғастырушы. Анаксимандр «Табиғат туралы» алғашқы прозалық жазба деректің авторы ретінде танылады. Ол көптеген отарлау экспедицияларына қатысқан, осының нәтижесінде географиялық шығармалар жазған, алғашқы болып картада сол кездегі әлемнің шекарасының сызбасын жасаған. Анаксимандр бірнеше инженерлік жаңалықтар жасаған, күн сағатын («гномон») ойлап шығарды және т.б. Астрономиямен көп айналысқан, Жердің көлемін сол кездегі белгілі планеталармен салыстырды. Философтардың ішінде Анаксимандр бірінші болып, алғашқы негіз ұғымы ретінде – апейронды енгізді. Апейрон – заттай, сапалы анықталмаған және шексіз. Оның көзқарасы басқа ойшылдардың алғашқы бастама жалғыз және міндетті түрде нақты анықталған болуы тиіс деген пікірлерімен келіспеді. Апейронның кеңістікте сыртқы шектеуі жоқ, яғни сандық жағынан шексіз, сонымен қатар ішіне қарай шектелмеген, яғни сапа жағынан да анықталмайды. Сонымен ішкі және сыртқы жағынан алғанда шексіз апейрон Дүниедегі шектелген әртүрлі заттарды тудырады. Апейрон бүкіл Дүниені қамтып, қоршап, бүкіл заттарды тудырып, ауыстырып отырады. Анаксимандр апейронды Құдаймен теңестірді, себебі, апейрон Құдай сияқты – өлмейді де, құрымайды, мәңгілік, шексіз, оның басы да соңы да жоқ. Анаксимандр – дүниедегі заттардың табиғатының қарама-қарсы жақтарын аңғарған ойшыл. Олар жылы мен суық, құрғақ пен дымқылдың күресі.

АНАКСИМЕН (б.з.б. 585-525) – ионийстік (Милет) натурфилософ, Фалестің, Анаксимандрдың шәкірті. Табиғаттың негізінде жатқан алғашқы негіз шексіз және біреу болғанымен ол бейнақтылы емес, керісінше, нақтылы – ол ауа (aer – ауа, грек сөзі). Бірақ ауаның ерекшелігі – ол көрінбейді, сонымен қатар ол үнемі қозғалыста, олай болса өзгерісте. Ауа сирей келе отты тудырады, қысыла келе желге, содан кейін бұлтқа, суға, содан кейін жерге, сосын тасқа, т.с.с. айналады. Грек мифологиясындағы жанды адамның тынысымен теңеуін, Анаксимен өзінің философиясында пайдаланды. Ауа адамның жан дүниесін де тудырады. Олай болса, Құдайды да тудырған ауа деген пікірге келеді.

АНАЛИЗ ЖӘНЕ СИНТЕЗ ( грек. analysis – бөлу, synthesis – қосу) жалпы мағынасында ойдағы немесе фактілік процестердегі бүтіннің құрылымдық бөліктерге, ал бөліктердің бүтінге айналуы. Анализ және синтез ойлаудың логикалық әдісі ретінде оның барлық деңгейлері мен ойлау операцияларында (абстрактілеу, жалпылау) қолданылады.

АНАЛИТИКАЛЫҚ ФИЛОСОФИЯ – 20 ғасырда кеңінен таралған және әртекті бағыттардан құралған, түрлі топтарды, ағымдар мен жекелей философтарды біріктірген, осыған дейін де философияның дәстүрлі мәселелері болып келген, проблеманың мәнісін айқындау мақсатында тілдегі сөздерді, ғылыми сөйлемдерді логикалық жолмен талдау жасау философияның міндеті деп қарастырған. Анализ тілдегі мәселенің анық емес бейнесін, мәселенің айқын шынайы мәнімен ауыстыруы қажет. Бұл ретте проблема дұрыс қойылмауы мүмкін, немесе түрлі тілдік формалардың қолданылуынан, немесе философияға оның мүлдем қатысы болмауы мүмкін де, оны жеке ғылымдардың құралының негізінде шешу қажет. Аналитикалық философия негізінен АҚШ пен Англияда кеңінен тарады, оның кейбір өкілдері мен топтары Скандинавия елдері мен Австралияда да болды. Англияда аналитикалық философияның басты түрі лингвистикалық философия қалыптасты. Ал АҚШ-та лингвистикалық философияға жақын философтардың көзқарастарынан басқа логикалық эмпиризм (Карнап, Г.Фейгль, т.б.) және неопрагматизм (В.Куайн, Н.Гудмен, М.Уайт) ағымдары пісіп жетілді. Сонымен қатар ешқандай ағымдарға жатпаған американдық еркін аналитиктер (У.Селларс және т.б.) болды. Философиялық білімнің дүниетанымдық мазмұнын жоққа шығарған, аналитикалық философия қазіргі батыс философиясында позитивизм үрдісін тудырды. Аналитикалық философияның көпшілік өкілдері тілді талдаудың құралы мен нақты формасына ауырпалықты салды. Мұнда басты екі жолды ерекше атауға болады: 1) нақты назарға алынған логикалық құрылымға ие жасанды «модельдік» тілді құрастыру (логикалық эмпиризм, неопрагматизм, «еркін» аналитиктердің қатары). Бұл зерттеулер қазіргі заманғы формальдық логикаға сүйенді. 2) аналитикалық философия өкілдерінің көзқарасы бойынша тілдегі сөздерді ұқыпты пайдалану мақсатында, тарихи ұлттық тілді зерттеу, философиялық мәселелерді толыққанды талдауға өз септігін тигізер еді. Аналитикалық философия философияны метафилософияға, яғни философиялық мәселе тіліндегі түрлердің анализі және көрсете білу әдісіне бұрады, кейде философияны мүлдем логикалық немесе лингвистикалық зертеулермен алмастырады. Бірақ қазіргі күні бұл философияның ықпалы едәуір төмендеп, Ұлыбританияның университеттік философиясымен ғана шектелген.

АНАЛОГ (грек. analogos – сәйкестік) идеалдық объектіні анықтайтын (ұғым, теория, зерттеу әдісі, т.б.), материалдық затты, процесті, заңдылықты толықтай айқын көрсететін таным теориясының термині.

АНСЕЛЬМ КЕНТЕРБЕРИЙСКИЙ (1033-1109 ж.ж.) – теолог, схоластикалық реализмнің өкілі, 1093 ж. архиепископ Кентерберийский (Англия) атағына ие болады. Негізгі еңбектері: «Монолог», «Пайымдауға қосымша», (Proslogion), «Грамматика туралы диалог» және т.б. Ансельм Кентерберийский аристотелизмнен көрі платонизм ілімін жалғастырушы, сондықтан оның көзқарасы толығымен схоластикалық болған емес. Сенім мен ақыл қатынасын августиандық сарында шешті, яғни, сенімді ақылдан жоғары қойды («Сенемін, түсіну үшін»), бірақ сенім «рационалдық» тұрғыдан дәйектелуі мүмкін. Христиандық догматтар Ансельм үшін – мызғымас ақиқат; бірақ оны рационалды ұғыну қажет, сонда ғана діндар адамның сенімін нығайтуға болады. Осылайша оның рационализмі фидеизмге бағытталған. Универсалийлер айтысында шегіне жеткен реализмді ұстанды. Ансельм құдай болмысының онтологиялық дәлелдемесін жетілдірді, яғни оның болмысының ақиқаттылығын негіздеп, ең жоғарғы құндылық деп санады. Кентерберийский, ойлаудан болмысқа қарай ойша пайымдауға бола ма, анық ойдан іс жүзіндегі өмірге өтуге бола ма, деген маңызды мәселені таза логикалық түрде тұжырымдады. Сонымен қатар философ этикалық мәселеге де (Мыс: ерік еркіндігі және таңдау еркіндігі) көңіл аударған, өзінің ақиқат қағидасын (референциалдық, препозиционалдық және өзекті ақиқат ілімі) тілмен басқарудағы ішкі заңдылықтарды іздеу және тілдің семантикалық функционалдығы негізінде зерттеуді ұсынған. А.Кентерберийскийдің Құдайлық тіл теориясы Платонның «логос» және Августиннің «Verbum» (Құдай тілі – заттар табиғатының нақты бейнесі, адам сөзі – заттардың толық емес, тиянақсыз бейнесіне сәйкес) ұғымдарымен салыстырылады. Оның «шегіне жеткен реализм» ұстанымы, өз замандастарынан бастап және Кантқа дейінгі философиялық сынға қайта-қайта түскен. Дегенмен, оның ілімінің мәні бір жағынан, августиандықты рационалдау болса, екінші жағынан, схоластикалық философияның концептуалдық негізін жасаумен анықталады.

АНТИКА – көне гректік құлиеленушілік қоғам (б.з.б. 7 ғ.) мен ежелгі римдік құлиеленушілік қоғамындағы (б.з.б. 2 ғ. – б.з. 6 ғ.) қалыптасқан философиялық ілімдер мен мәдениеттерінің жиынтығының кезеңі.

АНТИЛОГИЗМ (грек. anti-қарсы, logos-ақыл) – категориялық силлогизмнің сілтемелердің үйлесімсіздігін көрсетіп, оның қорытындысын да терістейтін логиканың түрі. Антилогизм теориясы силлогистика нұсқаларының бірі.

АНТИНОМИЯ (грекше – заңның өзіне өзі қайшы келуі) – 1) зат туралы екеуі де қайшылықты пікірлердің бірлігі, бұл пікірлердің логикалық негізделуі бірдей дәрежеде нанымды бола алады; 2) идеяны немесе заңды дәлелдеп тұжырымдауға тырысқанда пайымдалатын жойылмайтын қайшылық.

АНТИСФЕН (б.з.б. 435-370 жж) Афинадан шыққан, Сократтың шәкірті, киниктік мектептің негізін салушы, жекелік туралы білімді ғана ақиқат деп санаған. Платонның идеялар туралы ілімін сынға алып, жеке заттардың болмысын ғана мақұлдады. Әсіресе, өркениеттік жетістіктер, сословиелік және таптық бөліністер, сол кездегі қоғамның демократиялық элементтері киниктік сынға қатты ілікті, сондықтан, өмірдегі тек ең қажетті мұқтаждықтарды ғана қанағаттандыруға шақырды.

АНТРОПОЛОГИЗМ – философиялық концепция, оның өкілдері «адам» ұғымын негізгі көзқарастық категория деп қарастырады және табиғат, қоғам, ойлау туралы түсініктер жүйесін тек осы категория арқылы ғана жасауға болады деп тұжырымдайды.

АНТРОПОМОРФИЗМ (грек. anthropos-адам, morphe-түр) – табиғаттың сыртқы күштеріне және қияли мифтік бейнелерге адам қасиеттері мен ерекшеліктері тән деп қарастыру. Яғни, адамның өзіндік мәндік қасиеттерін бүкіл табиғатқа таратуы, табиғаттың құбылыстары мен заттарын олардың адам сияқты жаны, ойы, сезімі, іңкәрі бар деп түсінуі. Ксенофан антропоморфизмде діннің ерекше белгілерін байқаған, ал Фейербах діндегі антропоморфизмнің маңызын толық ашты. Антропоморфизм анимизммен, тотемизммен байланысты және қазіргі діндердің көбіне тән; ислам мен иудаизмде жасырын түрде келеді. Жаңа заманда дінді антропоморфтық түсініктерден тазарту әрекеттері жасалынған (деизм, теизм, т.б.). Антропоморфтық жеке ғылыми ұғымдарға да (Мыс: күш, энергия, басқару, т.б.) тән сипат. Алайда, «семаниткалық» антропоморфизм олардың объективтік мазмұнын жоққа шығармайды.


Дата добавления: 2015-11-04; просмотров: 46 | Нарушение авторских прав







mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.012 сек.)







<== предыдущая лекция | следующая лекция ==>