Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

Философиялық ұғымдар мен терминдерді оқып-білу, жоғарғы оқу орындарында философия ғылымын оқытудың тиімді формасы, оқу және 3 страница



АНТРОПОЦЕНТРИЗМ (грек. anthropos – адам, centrum – орталық) – дүниенің орталығына адамды қоятын италияндық Қайта Өрлеудің концепциясы. Ол еуропалық Жаңа заман мен Ағартушылық идеологиясы һәм өмірлік өлшеміне және гуманизмнің маңызды шартына айналды. Адамды әлемнің түпқазығы деп есептеу арқылы оның белсенділік идеясы тұжырымдалды. Еуропалық жасампаз «фаустық адам» іргетасы антиктік қоғамда қалыптасқанымен, антиктік субъект табиғат аясынан шыға алмады. Жаңа заманда адам еріктері мен мінез-құлықтары туралы концепция қалыптасты, оның қағидалары нарыққа, демократияға, азаттық қоғамға бет бұрған әлеуметтік мәдениетті басшылыққа алды. Неміс философы И.Кант адамды қашанда құрал түрінде алмай, оған түпкі мақсат ретінде ұмтылу керек деді. Антропоцентризмнің кейбір қағидалары 19 ғ. екінші жартысында қалыптасқан мәдени антропологияда ұтымды қолданылды. 20 ғ. кейбір мәдениеттанушылары антропоцентристік өркениеттің шектерін де атап өтті: табиғатқа қарсы бағытталған тежеусіз адамдық шовинизм экологиялық дағдарысқа әкелді.

АПАРИГРАХА – джайнизм іліміндегі ұғым: дүниедегі заттарға қызықпау, байланбау, самарқау қарау.

АПАТИЯ (грек. apatheia - бейтараптық) – қандай да бір әрекетке бейқам, ниетсіздікпен қарайтын адамның күйі (көбінде жоғарғы нерв қызметы бұзылған адамдарда кездеседі). Стоиктердің этикалық ілімінде, апатия – бейтараптық, рухани сабырлылық, сезімнің ақылдың қызметіне кедергі жасамайтын сәтімен анықталған. Стоиктерге, сірә шығыстық діни-философиялық ілімдер ықпал етуі мүмкін, әсіресе, буддизм мен джайнизм ілімдеріндегі адам жанының ең жоғарғы күйі, абсолюттік тыныштыққа жетуі – нирвана түсінігімен байланыстылығы.

АПЕЙРОН ( apeiron – шектелмеген) – шексіз. Анаксимандрдың пікірінше, формасы жоқ алғашқы зат, барлық заттар осы апейрондардан құралған. Натурфилософтар апейронды алғашқы бастау деп қабылдады. Платон мен пифагоршылар оны материяның синонимі ретінде түсінді.



АПОЛОГЕТИКА (грек. apologetikos – қорғаушы) – теологияның тармағы. Христиандық дүниетанымды негіздеу мен қорғауда маңызды роль атқарды. Апологетиканың құрамына: құдай болмысын дәлелдеу, жанның мәңгілігі туралы, дін мен оның жеке догматтарына қарсы шығушыларға тойтарыс беруге арналған ұғымдар, т.б. кіреді. Апологетика діни догматтарды меңгеруде ақылдың күші жетпейтіндігін айтып, иррационалистік мазмұнға жақын болды. Апологетикаға софистика, догматизм, обскурантизм және антиғылымилық белгілер тән. Апологетиканың көрнекті өкілдері: Квинт Септимий Тертуллиан, Тит Флавий Климент және Ориген.

АПОРИЯ (грекше aporia - тығырық) – көне грек философиясында шешімі қиын немесе шешілмейтін мәселелерге байланысты қолданылған ұғым. Алғаш рет апория ұғымы Зенонның қозғалыстың болмайтындығы туралы философиялық талқылауынан көрініс табады. Бірақ ойшыл бұл ұғымды тікелей мағынасында қолданбаған. Апория философиялық термин ретінде Платонның, кейін Аристотельдің еңбектерінде «қарсы қорытындылардың теңдігі» мағынасында беріледі. Апорияға Канттың антиномиялары да жақын келеді.

АПОСТЕРИОРИ (лат. a posteriori – келесіден) – тәжірбиенің нәтижесінде алынатын білімді анықтайтын термин.

АППЕРЦЕПЦИЯ (лат. perception – қабылдау) – адамның әрбір қабылдауының оның өткен өмірлік тәжірбиесі мен психикалық қалпына тәуелділігі. Терминді алғаш енгізген Лейбниц болды, оның философиясында апперцепция өзіндік санамен байланысты.

АПРИОРИ (лат. a priori – тәжірбиеге дейін) – тәжірбиеге, іс-әрекетке дейін, оған тәуелсіз танылатын, ешқандай тәжірбиелік дәлелдеуді қажет етпейтін ұғым. Априориге қарсы Кант философиясында апостериори ұғымы қолданылады.

АРАБ ФИЛОСОФИЯСЫ – орта ғасыр дәуірінде мұсылман дінін қабылдап, араб тілінде сөйлеген, Шығыс халықтарының ойшылдары негіздеген философиялық ілімдерінің жиынтығы. Араб философиясының бастамасы каламның (рационалды тұрғыдан дін оқытушылар) алғашқы өкілдері мутазилиттердің (оқшауланушылар) қызметімен байланысты, олар адам еркінің еркіндігі және құдайлық құдіретті қасиеттер туралы мәселесінен бастап, діннің шеңберінен асып кетіп, тіпті оның кейбір догматтарын жоққа шығарған тұдырымдаманы жасаумен аяқтайды. 9 ғ. арабтар антикалық жаратылыстану және философиялық мұралармен кеңінен танысады. Олардың зерттеулерінің бел ортасында Аристотель философиясындағы жаратылыстану және логика мәселелері тұрды. Аристотельдің мұраларымен кеңінен таныс болған олар, Афиналық және Александриялық неоплатондық мектептердің түсініктемелерімен де танысып, орта ғасырлық араб философиясының арнасындағы жетекші бағыт – шығыс перипатетизм ілімін қалыптастырды. Бұл бағыттың негізін салушы Әл-Кинди, кейін оның дамуына көп үлес қосқандар –

Әл-Фараби және Ибн Сина.

АРГУМЕНТ (лат. argumentum) – логикада қандай да бір ойдың ақиқаттылығын растауды пайымдау немесе дәлелденеген барлық дәлелдеулердің жиынтығы.

АРИСТОТЕЛЬ (б.з.б. 384-322) – көне заманның ең ұлы философы, заманының ең дарынды, жан-жақты білімі бар тұлға болған. Аристотель сонымен бірге өз заманының ұлы қолбасшысы, үлкен империя жасаушы Александр Македонскийдің оқытушысы ретінде де тарихта аты қалған. Фракиядағы Стагир қаласында дүниеге келген; Афинадағы Платон мектебінде дәріс алған. Платонның денесіз түр (идея) теориясын сынға алды, бірақ идеализм мен материализмнің екеуінің де шеңберінен шыға алмай, платондық идеализмді толығымен еңсере алмады. Аристотельдің тағы да жасаған бір үлкен жұмысы – ол Афина қаласында даңқы бүкіл Дүниеге әйгілі мектеп – Ликейді ашады. Мектептің жанында үлкен бақ болған, онда адамдар серуендейтін үсті жабық жолдар болған, оларды грекше «перипатос» дейді. Тарихта Аристотельдің философиясын қолдап, әрі қарай жалғастырған мектепті перипатетиктер дейді. Аристотель жан-жакты терең білімді тұлға болғаннан кейін, оның мұрасын ғалымдар бірнеше топқа бөледі. Логикалық еңбектері: «Органон», «Категориялар»; Табиғат философиясына арнаған еңбектері: «Физика» 8 кітап, «Аспан жайлы» 4 кітап, «Аспандағы құбылыстар жайлы»; Жан дүниесі философиясына арналған: «Жан дүниесі жөнінде», «Өмір мен Өлім туралы», «Тыныс алу туралы»; Тіршілік философиясына арналған: «Жануарлардың дене мүшелері жайлы», «Жануарлардың дүниеге келуі жайлы»; Бірінші физика 14 кітаптан тұратын. Соңынан «Метафизика» деген атаққа ие болды. Моральдық философияға арналған: «Никомахтың этикасы», «Үлкен этика»; Саясат пен экономикаға арналған: «Саясат», «Экономика», «Афинаның саяси өмірі»; Көркем сөйлеу мен көркем сөзге арналған: «Риторика өнері», «Өлең сөз жөнінде».

АРОН Реймон Клод Фердинанд (1905-1983) — француз философы, әлеуметтанушы, публицист. Сартрмен (1924-1928) Жоғарғы мектепте бірге оқыған. 1930 ж. бастап Кельн, одан соң Берлин университетінің профессоры. Билік басына Гитлер келген соң Францияға қайта оралып, Гавр лицейінде, Тулуз университетінде дәріс оқыды. 1955-1968 жж. – Сорбонда әлеуметтану кафедрасының меңгерушісі, 1970ж. – Коллеж де Франстың «Бүгінгі күнгі өркениеттер» кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1962 ж. – Дүниежүзілік әлеуметтану ассоциациясының вице-президенті. 1963 ж. – моральдық және саяси ғылымдардың Француз академиясының мүшесі. Базель, Брюссель, Гарвард университеттерінің құрметті докторы атанған. Шығармашылығының алғашқы кезеңінде неокантианшыл Бадендік мектептің, әсіресе, ұстазы Л.Брюневильдің, одан сон М.Вебер мен Гуссерльдің ықпалдары зор болған. Арон 60-тан астам ірі монографиялық зерттеулер жариялады, онда философиялық рефлексияны теориялық әлеуметтік ізденістермен, сонымен қоса тарихи таным мәселелерін эпистемологиялық және әдістемелік зерттеу жүргізуімен өзара ұтымды ұштастырады. Аронның негізгі философиялық мектептері: «Сыни тарих философиясы» (1935), «Тарихи сананың өлшемі» (1961), «Про­грестен көңіл қалу» (1963), «Еркіндік туралы эссе» (1965), «Бір қасиетті отбасынан екіншісіне. Киялдағы марксизм туралы очерк» (1969), «Еуропаны құлдыраудан сақтау» (1977) және т.б.

АРХАТ – Көне Үнді философиясының ұғымы, «жеңімпаз» дегенді білдіреді. Архат деп нирванаға жеткен, сананың тыныш ағынын бұзатын құштарлық-құмарлық сезімдерін жеңген адамды атайды.

АРХЕТИП – алғашқы образ, идея. Архетиптер аналитикалық психологияда инстинктілермен қатар «ұжымдық бейсаналықтың» қатпарларында болатын және жалпыадамзаттық символиканың негізін құрайтын, туа біткен психикалық құрылымдар болып табылады.

АР ілімі– Шәкәрім философиясының негізгі категорияларының бірі. Ол барлық әдептілік түсініктерін «ар ілімі» маңайына топтастырған. Шәкәрімнің «Үш анық» еңбегіндегі басты мәселе «Адамдағы ынсап, әділет, мейірім – үшеуі қосылып ұждан деген ұғымды құрайды. Ұждан адамның ішкі тұңғиық жанын да, сыртқы мінез-құлқы мен тәртібін реттеуші, бақылаушы құралы міндетін атқарушы, оның тұлғалық негізін анықтаушы қасиеті, Шәкәрім де ар-ұят, ұжданды адамның қалғып кетпеуін қадағалайтын, оның санасына үнемі қозғау салып отыратын мазасыз, тыныш таппайтын болуы керек деп қарастырды, ұждансыз адам адам атына сай емес деп түсінді. Ар-ұждан тұлғаның адамгершілік даму дәрежесінің, оның бойындағы әділдік, мейірімділік, шыншылдық, жауапкершілік секілді қасиеттерінің өлшемі деуге болады. Сондықтан да ар-ұжданын үнемі дамытып, оған тыныштық бермеген адам ғана өзінің адамгершілігін жетілдіріп отырады. Жанды жоғалмайтын, бұзылмайтын нәрсе, адамның өлгеннен соң да өмірі бар екедігіне сенімді Шәкәрім ұждан жанның азығы ретінде екі өмірде де керек деп ұғынады. Бұл тұжырымның түбінде адамды қайткенде де түзеу ниеті жатқан секілді.

АСКЕТТІК (грек. asketes – жаттығу, ерлік) – саналы түрде табиғи қызықтардан, өмір игіліктері мен ләззаттықтан өзін рухани құтқару мен жоғары мағыналықты көздеп, адами немесе діни мұраттарға жету үшін бас тартып, өткінші дүние құндылықтарын тәркі ету. Аскетизм көптеген діни (буддизм, индуизм, иудаизм, христиан, ислам) және философиялық (пифагоршылар, стоиктер, гностиктер, неоплатоншылдар) жүйелердің жалпы принципі болып келеді.

АСТЕЙЯ -джайнизм іліміндегі ұғым: ұрламау, өлейін деп жатсаң да, еш нәрсені рұқсатсыз алмау, сұрап қана алу.

АТАРАКСИЯ (грек. ataraxia – тыныштық) – кейбір көне грек философтары мен данышпандарының көзқарастары бойынша жан тыныштығы немесе бейқам сәт. Демокрит, Эпикур, Лукрецийдің пікірлерінше атаракцияға қол жеткізу дүниені танып білу, қорқынышты жеңу, үрейден арылу арқылы болады. Скептиктер (Пиррон, т.б.) ойлауды шектеген кезде мүмкін деп санаса, стоиктер апатия туралы ілімді одан ары дамытып, болып жатқан құбылыстарға бейқам қарауға шақырды.

АТЕИЗМ (франц. atheiste, грек. аtheon – құдайсыздық) – табиғаттан тыс күштерге (рухтар, құдайлар, ақыреттік өмір, т.б.) сенуді жоққа шығаратын көзқарастар жүйесі, бүкіл дін атаулыны бекерге шығару. Адамзаттың тарихи даму барысында атеизм әртүрлі әлеуметтік топтардың идеялық қаруы ретінде пайдаланылды. Мысалы, маркстік атеизм диалектикалық және тарихи материализмді өзінің философиялық негізі етіп алды. Ол атеистік тәрбие жүйесінің теориялық негізін құрайды. Коллективтендіру, тәркілеу, т.б. саяси науқандарда дін иелері қатты қудаланды. Қоғамдық ғылымдар академиясы жанынан Ғылыми атеизм институты құрылып, «Ғылыми атеизм мәселелері» атты мерзімді басылымды жарыққа шығарды. Кеңестік жүйенің әрбір халыққа тән өзіндік салт-дәстүр, діни наным-сенім ерекшеліктерін күштеп жою бағытында жүргізген әрекеттері бұқара халықты рухани тоқырауға соқтырды.

АТМАН – бұл ұғымның бірнеше мағынасы бар: «мен», «өзімді», «дене». Бірақ атман ұғымының ең басты мағынасы – индивидуальдік және универсальдық космостық психикалық болмыс ретіндегі «адам». Осы мағынада атман бүкіл бар болып отырғанның генетикалық және субстанционалдық бастауы, негізі және соңы. Атман рухани және денелік деп бөлінеді, сондай-ақ, ол көбіне ақыл-ойдан, сөз бен тыныстан тұратын рухани бастау ретінде, «брахман» ұғымымен бірдей деңгейде түсініледі.

АТОМИЗМ – «әлемде атомдар мен бос кеңістіктен өзге ештеңе жоқ» және «барлық заттар атомдардан тұрады» деп санайтын философиялық ілім. Мұндай тұжырымдама 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басына дейін өмір сүрді. Атомистиканың алғашқы түсініктемесі көне үнді философиясындағы ньяя, вайшешика ілімдерінде беріледі, ал толыққанды жүйеленген түрде Левкипп, Демокрит, Эпикур және Лукрецийлер қарастырады. Демокрит атомдардың бір-бірінен өзгешелігі формасында деп санаса, ал Эпикур салмағында, шамасында деді.

АТРИБУТ (лат. attribuo – бөлемін) – заттың онсыз ойлай да, өмір сүре де алмайтын ажырамас қасиеті. Аристотель атрибутты акциденциядан бөлек деп қарастырса, Декарт субстанцияның маңызды қасиеті деп санады. Сондықтан оның материалдық субстанциясының атрибуты созылмалылық, рухани субстанцияда – ойлау. 18 ғ. француз материалистері материяның атрибуты кеңістікте көсілу мен қозғалыс, ал кейбіреулері (Дидро, Робине) ойлау деген пікірде болды. Термин қазіргі заман философиясында да қолданылады.

АХИМСА – джайнизм іліміндегі ұғым: ешнәрсеге зәбірлік жасамау, өйткені барлық тіршіліктің жаны бар.

– Ә –

ӘБУ НАСЫР ӘЛ ФАРАБИ (870-950) – қазақ топырағында дүниеге келген ұлы ғұлама, энциклопедист ғалым, философ, математик, музыка теоретигі. Отырар қаласында әскербасының отбасында өмірге келген. Отырар медресесінде, Шаш, Самарқан, Бұхара, кейін Харран, Мысыр, Халеб, Бағдат шаһарларында білім алған. Әл Фараби – түрік ойшылдарының ең мүшһірі, «Әлемнің 2-ұстазы» атанған ғұлама. Әл Фараби философиясының негізгі зерттеу объектілерінің бірі – адам. Антика дәуірінің ойшылдары секілді әл Фараби де адам өмірінің мақсаты бақытқа жету деп түсінеді. Адам әуелі бақыттың не екенін түсініп, оны өзінің мақсаты ретінде анықтап алған соң ғана оған жетудің жолдарын танып-біле алады. Әл Фарабидің пікірінше, шын бақыттың не екенін түсінуге көмектесетін – адамның ақыл-ойы. Ақыл адамға күш береді, ақыл-ойына көбірек жүгінген адам ғана жақсы мен жаманды айыра алады. Жігердің үш түрі бар: 1) түйсіктен, 2) елестетуден, 3) ойлау қабілетінен туындайды деп көрсеткен әл Фараби соңғысын еркін таңдау деп атайды және ол адамға ғана тән, басқа жануарларда ол жоқ дейді. Әл Фараби нағыз бақыт деп білімге, ізгілікке және әдемілікке ие болу деп түсінді. Оған жету үшін адамның бойында жігердің үш түрінің бәрі де болуы шарт. Бірақ адамдардың бәрі бірдей бақытқа бөлене бермейді, себебі олардың ойлау қабілеттері, мүмкіндіктері әртүрлі. Негізгі философиялық еңбектері: «Ізгі қала тұрғындарының көзқарастары», «Сауалдардың мәні», «Платон мен Аристотель көзқарастарының ортақтығы туралы», «Азаматтық саясат», «Бақытқа жету жөнінде», т.б.

ӘДЕТ-ҒҰРЫП – адамдардың белгілі бір жағдайларға байланысты, қайталанып отыратын үйреншікті мінез-құлықтық іс-қимылдары. Әдет-ғұрыптарға көпшілікке ортақ енбек ету әдістері, тұрмысқа және семьяға байланысты арақатынасының сол қоғамда кең тараған түрлері, димпломатиялық және діни салттар, халық өмірінің ерекшеліктерін бейнелейтін және басқа да қайталанып отыратын әрекеттері жатады. Әдет-ғұрыптан қоғамның өнегелілігі де байқалып, тарихи жолмен қалыптасады. Олардың пайда болуына және сипатына халықтың, шаруашылық өмірінің ерекшеліктері, табиғаттың, ауа, жер-су жағдайлары, адамдардың әлеуметтік ахуалдары, діни көзқарастары және т.с.с. әсер етеді. Әдет-ғұрыптың қоғамдық дағды ретіндегі күші бар, ол адамдардың іс-қимылына, мінез-құлқына әсерін тигізеді. Сондықтан ол ғибраттық тұрғыда бағаланады. Кейбір әдет-ғұрып бұған дейінгі таптардың мүдделерімен тығыз байланысты болғандықтан, оларда өткеннің қалдықтарына тән сипат болуы мүмкін.

ӘДІЛЕТ – ғибраттық-құқықтық, әлеуметтік-саяси сана категориясы, адамның түпкілікті құқықтарының тарихи кезеңдерде өзгерістерге ұшырауына байланысты оған берілетін шынайы баға туралы ұғым. Әділет жеке адамның немесе әлеуметтік топтың қоғам өміріндегі атқаратын рөлі мен олардың әлеуметтік жағдайы арасындағы үйлесімділікті талап етуі, олардың құқықтары мен міндеттері арасындағы атқарған істері мен оны бағалаудың қылмыс пен жазаға тартудың, адамдардың сіңірген еңбегі мен оның қоғам тарапынан елеп-ескерілуінің араларындағы үйлесімділікті талап ету тұрғысында қаралады. Бұл қатынастар арасындағы үйлесімсіздік – әділетсіздік деп есептеледі. Қоғамдық сана тарихындағы ең бірінші әділет туралы түсінік алғашқы қауымдық құрылысқа тән бұлжымас қағидаға байланысты пайда болды: қағида бұзылса ол әділетсіздік деп танылды және дереу жаза қолданылды.

ӘДІСНАМА – 1) қандай да бір ғылымда қолданылатын әдіс-тәсілдердің, таным құралдарының жиынтығы; 2) танымдық және практикалық-жаңартылған қызметтің ұйымдастыру принциптері мен алғышартын, құралдарын зерттейтін білім саласы. Негізінен, ғылым әдіснамасы ғылыми білім мен ғылыми қызметті зерттейді. Әдіснаманың дамуы – ғылыми танымның дамуының жалпы белгісі. Кез-келген ғылыми жаңалық тек заттық қана емес, әдіснамалық мазмұнға ие, яғни ұғымдық аппараттың, зерттелінетін материалды түсіндірудің алғышарттары мен тәсілдерін сыни тұрғыдан қайта қараумен байланысты. Ғылым әдіснамасы ғылымдағы өзіндік сана және өзіндік тану түрлерінің бірі болып табылады. Әдіснама білімнің соңғы формасының қызметін талдап, оның мәнін ашады. Әдіснама таным қызметінің жалпы мазмұнын талдайтын гносеологиямен тығыз байланысты. Қазіргі күндегі әдіснаманың екі қызметі бар: біріншіден, ғылыми зерттеудің мәнін және басқа қызмет салаларымен өзара байланысын анықтайды, яғни ғылымды практиканың, қоғамның, мәдениеттің, адамның көзқарасы тұрғысынан қарастыру. Бұл – философиялық мәселе. Екіншіден, әдіснама философияның шеңберінен шығып кетіп, бірақ оның дүниетанымдық және жалпы әдістемелік бағдары мен негіздемелеріне сүйене отырып, ғылыми зерттеуді рационалдау, кемелдендіру міндеттерін атқарады. Әдіснаманың зерттейтін мәселелерінің ішінде мыналарды бөліп қарастыруға болады: ғылыми зерттеу кезеңін талдау және сипаттау; ғылыми тілді талдау; жеке тәсілдерді қолданудың салаларын анықтау (түсіндіру, дәлелдеу, тәжірбие-эксперимент); зерттеу принциптерін, шешімі мен тұжырымдамасын талдау (редукционизм, элементаризм, жүйелі шешім және т.б.);

ӘЛЕМ – дәстүрлі түсінігімізде материалдық дүние, материалды объектілер, саналық жағынын әртүрлі болып келетін материя формаларының толық бастауы. Әлем – космология объектісі, танымның қазіргі таңдағы дәрежесінде тек астрономиялық (бақылау және теориялық) зерттеулерге ғана өз сырын ашатын материалды дүниенің бір бөлігі. 18 ғ-ға дейін космологияда Күн системасы, жұлдыздар табиғаты және оларға дейінгі ара қашықтық туралы бірде бір фактілер жоқ еді. Ол 20 ғ. кейін жұлдыздар әлемін, яғни Галактиканы, ал қазір Метагалактиканы зертейді.

ӘЛЕМНІҢ ГЕЛИОЦЕНТРЛІК ЖӘНЕ ГЕОЦЕНТРЛІК ЖҮЙЕСІ. Әлемнің геоцентрлік (грек. ge – Жер) жүйесіне сәйкес, Жер қозғалмайды және дүниенің орталығы болып табылады; оның айналасында Күн, Ай, планеталар мен жұлдыздар айналады. Бұл жүйе діни көзқарас тұрғысынан негізделініп, сонымен қатар Платон мен Аристотельдің шығармаларында көрініс табады, (2 ғ.) Птолемейдің ілімінде аяқталады. Дүниенің гелиоцентрлік (грек. helios – Күн) жүйесі бойынша, Жер, өз осьімен айналады, сонымен қоса, Күнді айналатын планеталардың бірі. Осы жүйе төңірегінде Аристарх Самосский, Николай Кузанский және т.б. пікірлері кездеседі, бірақ бұл теорияның шынайы негізін қалаушы, оны жан-жақты зерттеп, математикалық тұрғыдан негіздеген Коперник болып саналады. Кейінннен Коперниктің жүйесі тағы да толықтырылды: Күн бүкіл Әлемнің емес, тек Күн жүйесінің ортасында ғана орналасқан. Бұл жүйені негіздеуге көп үлес қосқандар Галилей, Кеплер, Ньютон болды. Ғылымдағы бұл жаңалық Жер – Әлемнің ортасы деп санаған шіркеулік ілімге тойтарыс берді.

ӘЛЕУМЕТТІК – қоғамның жүйелік сипаттамалары. Әлеуметтік дегеннің өзі адамдарға және олардың символдық іс-әрекетінің жемістеріне қатысты айтылатын ұғым. Әлеуметтік кез-келген тұлғаға тән болады және оны жеке кісі игереді, демек, адам әлеуметтендіріледі. Қоғам тек өз элементтерінен ғана емес (жеке адамдардан), сонымен бірге кәсіби, демографиялық, экономикалық, саяси, дүниетанымдық мазмұндағы макроқұрылымдық бірліктерден тұрады. Адамдардың шағын топтарынан бастап ұжымдар, тіпті ұлттар, халықтар, таптар құралатын барлық макроқұрылымдары белгілі түрде бір-бірімен байланысты болады. «Әлеуметтік» деп социумның түрлеріне қатысты отбасылық-туыстық, ұлттық-этникалық, аумақтық-елді-мекендік қауымдастықтар түсіндіріледі.


Дата добавления: 2015-11-04; просмотров: 57 | Нарушение авторских прав







mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.01 сек.)







<== предыдущая лекция | следующая лекция ==>