Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

Философиялық ұғымдар мен терминдерді оқып-білу, жоғарғы оқу орындарында философия ғылымын оқытудың тиімді формасы, оқу және 6 страница



ВЕСТЕРНИЗАЦИЯ (ағыл. western – батыстық) – Батыс мәдениеті үлгілерін қабылдау, басқа мәдениеттердің батыстандырылуы немесе батыстық донор мәдениеттен реципиент ретінде жеке құндылықтарды қабылдауы. Вестернизация негізінен, мәдени қабылдаушы елдің басқарушы элиталық тобының белсенділігімен жүргізіледі. Мыс., І Петрдің жүргізген реформалары, Түркиядағы Кемал Ататүріктің «жас түрікшілдер» революциясын, Латын Америкасының АҚШ-тық құндылықтарды біртіндеп қабылдауын т.б. атап өтуге болады. Вестернизация тек Батыс технологиясы мен өндіріс жаңалықтарын қабылдаумен шектелмей, осы өркениеттілікке тән құндылықтарды (демократия, адам құқықтарының басымдылығы, толеранттылық, ақпарат еркіндігі, азаматтық қоғам, т.б.) енгізумен айқындалады. Бұл белгілері бойынша, вестернизация қамтыған елдер деп Жапония, Оңтүстік Корея, Шығыс Еуропаның кейбір мемлекеттерін атап өтуге болады. ТМД кеңістігінде вестернизация әлі қарқын дами қойған жоқ. Жастардың тек батыстық бұқаралық мәдениет үлгілерімен әуестенуі шынайы вестернизацияға жеткізбейді. Вестернизацияға ұшырап отырған елдерде оған қарсы дәстүрлі мәдениеттің оппозициялық көңіл-күйі де қалыптасады. Вестернизацияға қарсылықты, әдетте, діни топтар мен маргиналдық қауым көрсетеді. Өйткені олар вестернизацияның нәтижесінде қоғамда алып отырған орындарынан айырылып қалу қаупінен қорқады.

ВИТАЛИЗМ (лат. witalis - өмірлік) – тіршілік қызметінің барлық процестерін тірі ағзалардан болатын (энтелехия, «жаратушы күш», «формаға ұмтылыс» т.б.) материалдық емес факторлардың әрекетімен түсіндіретін биологиядағы идиалистік ілім. Витализм жануарлар мен өсімдіктер дүниесін рухтандырады дейтін Платонның жан туралы ілімі мен Аристотельдің энтелехия туралы ілімінен бастау алады. Витализм бағыт ретінде 17-18 ғ.ғ. қалыптасты. Витализм өкілдері – Г. Шталь, Я. Икскюль, Г. Дриш және т.б. Витализм жанды табиғаттың сапалық өзіндік бедеріне сүйене және оны абсолюттендіре отырып, тіршілік ету қызметі процестерін материалдық химиялық және биохимиялық заңдылықтардан үзеді. Жанды табиғатты жансызға шектен тыс қарама – қарсы қою витализмді жансыздан жандының туу мүмкіндігін жоққа шығаруға апарады. Бұл жерде не өмірдің құдай жаратқан, не оның мәнгілік өмір сүріп келе жатқанын мойындау ғана қалады. Витализм биологияның аз зерттелген проблемаларына зиянын тигізеді. Виталистік бұрмалаудың негізгі объектілері өмірдің пайда болуы мен мәннің проблемеларын эмбриогенез, регенерация құрылымы мен функциясының және т.б-дың тұтастығы, мақсатқа сәйкестілігі болып табылады. Мыс. эмбриондық даму процесі витализм көзқарасы тұрғысынан алғанда – ұрпақтың күні бұрын қойылған мақсатты орындауға ұмтылысы. Ғылым дамуының тарихы – витализмді жоққа шығару тарихы әрі тіршілікке материалистік тұрғыдан қарау болып табылады.



ВИТГЕНШТЕЙН Людвиг (1889 - 1951) – философ және логикалық аналитикалық философияны жасаущылардың бірі. Венада туған «Логикалық философия трактатында» (1921) «логикалық тұрғыда жетілген» немесе «идеалдық» тілдің концепциясын ұсынды. Бұл тілдің келешектегі үлгісі ол үшін Рассел мен Уайхедтің «Рzipcipia Mathematica» еңбегінде баяндалғандай математика логика тілі болды. Бұл концепция шектелген логикалық формализмге тән қасиеттерде әлем туралы білімнің жиынтығына көшіруге әрекет жасаушылыққа, өзара конъюнкция, дизъюнкция және т.б. логикалық операциалрмен байланысқан жай тұжырымдар жиынтығын бейнелеуге негізделеді. В. логикалық – гносеологиялық концепциясын логикалық атомизм ілімі ретінде алдын ала онтологиялық негізге алады. «Идеалдық» тіл шеңберіне жатпайтын – дәстүрлі философия, этика және т.б-дың бәрін В.ғылыми мазмұн мақұрым деп жариялады; философия тек «тіл сыны» мүмкіндігі деп қана мойындалды. Тілден, санадан тәуелсіз тұратын объективті шындық туралы мәселені жоққа шығара отырып, Витгенштейн солипсизмге келді «Логикалық – философия трактат» мұраттарын логикалық позитивизм қабылдады. В-ның бірқатар логикалық мұраттары таблицалық немесе матрицалық, ақтқат мәнін айқындау әдісі, ықтималдылыққа көзқарастар және т.б. қазіргі логикалық дамуына әсер етті. Витгенштейннің «Философиялық зерттеулер» (1953) еңбегінде қорытындылаған көзқарастары философия ғылымына ықпалын тигізді.

ВОЛЬТЕР (Voltaire) Франсуа Мари Аруэ (Arouet) (1694—1778) – француз ағартушыларының ұлы өкілі, философ, жазушы, тарихшы. 1740 жылдын екінші жартысында XV Людовик тұсында тарихнаманы жасаушы. 1746 жылы Францияның ғылым Академиясына сайланды. Вольтердің шығармаларының толық жинағы (Моланда) 52 томнан тұрады. Вольтердің дүниетанымдық көзқарастарының негізінде сол кездегі кеңінен тараған деистік материализм болды. Демокрит пен Эпикурдің атомистік көзқарасын қолдап, Вольтер: «Дүниенің элементтері материалдық және олар өткізбейтін созылған субстанция», – деген пікірге келеді. Сонымен қатар И.Ньютонның ашқан тарту қасиетін қолдап, оны ол материяның негізгі қасиеттерінің бірі және табиғаттың әлі ашылмаған сан алуан қасиеттері бар деген тұжырымға келеді. «Дүниенің бәрі материалдық болатын болса, онда адамның жан-дүниесі, деген сұраққа, адамның ойлауға және сезінуге деген қабілеті, деп жауап беруге болар. Олай болса, денеден басқа өмір сүріп жатқан жан-дүние жөнінде менің ешқандай түсінігім жоқ», деген қорытындыға келген ойшылдың көзқарасы дінге қарсы келді. Екіншіден, Вольтер сол кездегі жаратылыстану деректеріне сүйене отырып, адамның жан-дүние құбылыстарының оның түйсіктері мен жүйесі, миымен байланысты екенін көрсетеді. Үшіншіден, жануарлардың да адамның дене құрылысына ұқсас мүшелері бар екенін көрсетіп, олардың да дүниені сезініп, бұлдыр да болса дүниені тани алатындығы туралы пайымдады. Өзінің шығармаларында Вольтер адам мәселесіне де көп көңіл бөлген. Адам – әлеуметтік пенде. Ол өзінің ұлылығын дүниетану және оны қайта өзгерту жолында айқын көрсетеді, деген пікірде болды философ. Вольтер адамзат тарихын философиялық жолмен сараптауға алғашқы із салғандардың қатарына жатады. Осының нәтижесінде «тарих философиясы» ұғымын ғылымға енгізді. Вольтердің ағартушылық қызметі өз заманының барлық негізгі мәдени құбылыстарын, соның ішінде, дін, мемлекет және тарих туралы мәселелерді қозғады. Негізгі еңбектері: «Философиялық хаттар» (1727-1733), «Метафизикалық трактат» (1734), «Тарих философиясы», «XIV Людовик дәуірі» (1751), «Микромегас» (1752), «Сократ» (1759), «Ұлы Петрдің патшалық ету кезіндегі Ресей империясының тарихы» (1759-63), «Қалта (карманный) философиялық сөздігі» (1764) және т.б.

ВОЛЮНТАРИЗМ – (лат. voluntas – (воля) жігер, 1883 ж. Ф.Теннис енгізген термин) – философиядағы идеалистік бағыт, жігерді болмыстың жоғарғы принципі ретінде қарастырады. Рухани болмыста жігерді бірінші орынға қоя отырып, волюнтаризм барлық заттың негізі ретінде интеллект, ақыл-ойды танитын интеллектуализмге немесе рационализмге қарсы тұрады.

-Г-

ГАДАМЕР Ханс-Георг (1900-2002) – неміс философы, М. Хайдеггердің шәкірті, философиялық герменевтиканың басты теоретиктерінің бірі. Ол экзистенциализмге және Дильтей шығармашылығына сүйене отырып, кез келген белгісіз іс біздің сенімдерімізді қайта қарау болып табылады деп пайымдайды. Көкжиектердің «басқамен» қосылуына жету үшін біз герменевтикалық шеңберге кіруіміз керек. Бұл шеңберде мәтін әлемдік түсінудің көрінісі ғана, ал соңғысы - осындай бірқатар мәтіндердің синтезі. Негізгі еңбегі: «Ақиқат және әдіс»

ГАЛИЛЕЙ Галилео (1564-1642) – итальян физигі, астрономы және ойшылы. Галилей Аристотельдің беделіне көз жұмып табынуды, догмалық схоластиканы сынап, математикалық атап айтқанда, геометриялық тәжірибе түрінде ғылыми тәжірибені, табиғат құбылыстарын модельдеуді бірінші болып жүйелі түрде қолдана бастады. Галилейдің механикадағы басты жетістігі инерция заңын, салыстырмалылық принципін анықтау болды, бұл принципке сәйкес денелер жүйесінің біркелкі және түзу қозғалысы осы жүйеде болып жататын процестерге әсер етпейді. Галилейдің астрономиялық жаңалықтарының діни догмаларға қарсы күресте аса зор маңызы болды, олар Коперниктің гелиоцентрлік жүйесінің шынайылығын дәлелдеуде үлкен роль атқарды. Галилей дүниетанымның да сол кез үшін прогресті мәні болды. Ол әлем ұшы-қиырсыз, материя мәңгі, табиғат біртұтас деп есептеді. Табиғатқа механика заңдарына бағынатын өзгермейтін атомдардың қатаң себептілігі негіз болған. Табиғатты танып-білудің түп көзі бақылау мен тәжірибе болып табылады. Құбылыстардың ішкі қажеттілігін түсіну, Галилейдің ойынша, білімнің ең жоғары сатысы. Галилей дәлме-дәл индукцияны жасады. Алайда Галилей діни наным-сенімнен арыла алмай, алдымен құдай болғанын мойындады.

ГАССЕНДИ Пьер (1592-1655) – француз материалист-философы, физик және астрономы, дін қызметшісі, бірқатар университеттердің профессоры. Гассенди схоластиканы, ол бұрмалаған Аристотельдің ілімін және Декарттың туа бітетін идеялар туралы ілімін қатаң сынға алды: Эпикурдың материализмін жаңғыртып, өзінің ілімін соған негіздеді. Негізгі еңбегі «Философия жинағында» (1658) философияны 3 бөлімге бөлді: 1) логика, мұнда танымның шындығы проблемасына талдау жасалады және скептицизм мен догматизм сыналады; 2) физика, мұнда атомдық теорияны негіздей келіп, Гассенди кеңістік пен уақыттың объективтілігін, қолдан жасалмайтындығын және жойылмайтындағын ділелдеді; 3) этика, мұнда Гассенди шіркеудің аскеттік ғибратына қарсы шықты және Эпикурдан кейін қанағаттанудың қандайы болса да өзінен-өзі игілік, ал қайырымдылықтың қандайы болса да игілік, өйткені ол «алаңдамаушылық» әкеледі деп пайымдады. Гассенди астроном. саласында да көптеген маңызды бақылау жүргізді, жаңалықтар ашты, ғылым тарихы жөнінде еңбектер жазды. 17 ғ. тарихи жағдайда Гассенди философ және ғылым ретінде прогресшіл роль атқарды. Алайда оның материализмі дәйекті болмады, мұның өзі дінмен және цензурамен ымыраласуынан көрінді. Мыс. атомды жасаушы құдайтағала деп таныды, адамның материалистік тұрғыдағы «жануарлық жанынан» басқа, сезімнен тыс «парасатты жаны» да болады деп санады.

ГЕГЕЛЬ Георг Вильгельм Фридрих(1770-1831) – Кант пен Фихтенің ерекше дара идеяларын шығармашылық тұрғыда танытуға тырысты, сонымен қатар өз құқығында ақыл-ойды негіздемекші болды, яғни Жаңа заман философтарының шығармашылық жетістіктерін жалғастырды. Егер Кант трансценденталды алғышарттарды – қабылдаудың екі формасын, яғни кеңістік пен уақытты, он екі категорияны және априорлы субъект пен берілген себептілік принципін аштым және негіздедім деп ойласа, Гегель өз ілімін жаңа негіздерден алып шығады. Кантпен салыстырғанда Гегель трансцендентальды алғышарттарды тарих құрастырады деп санады, өйткені ол Абсолюттік Идея дамуының интерсубъективті үдерісі болып табылады. Абсолюттік Идеяның өзіндік дамуын Гегель өзінің «Рух феноменологиясында» (1807) түсіндіреді. Ол бойынша бұл үдеріс екі деңгейде көрінеді: индивидтің санасы деңгейінде (сезімталдықтан философиялық білімге дейінгі сана қозғалысында) және тарих деңгейінде (антик дәуірінен Наполеон заманына дейін). Гегель әр түрлі формалар арқылы өзіндік санаға қарай бағытталған сананың салтанатты шеруін көрсетеді. Абсолюттік Идеяның өзіндік дамуының бүкіл осы күрделі драмалық жолын индивидтің қалыптасуы мен даму үдерісі ретінде қарастыруға болады және оның барысында индивидтің көзқарасы, санасы, тәжірибесі өзгеріп, болмысының «негіздері шайқалады». Сананың өзгерісі үдерісінде Гегель гносеологиялық теориялар мазмұнын, олардың шектеулілігін анықтай отырып, сыни тұрғыда қарастырады. Сонымен қатар ол танымның әр түрлі формалары арасында өткелдерді сипаттай отырып, танымды қалай пайда болғаны тұрғысынан баяндайды. Сананың пайда болу жолын анықтай отырып, Гегель ақиқат пен өзін-өзі тану диалектикалық үдеріс деген тоқтамға келеді. Ақиқат өзгемейтін нәрсе емес және абсолюттік біліммен мәңгіге берілмейді, оған таным үдерісінде жетуге болады және ол әрекетпен байланысты.

ГЕДОНИЗМ (грек. hedone – көңілділік, рахаттану) – Кирен философиялық мектебі (б.з.б. 4 ғ.) мен Эпикурдың (б.з.б. 341-270) дамытқан этикалық ілімі. Гедонизм эвдомонизмнің бір тармағына жатады және ләззат алуды (негізінен сезімдік) тіршіліктің бастауы мен өмір мағынасы деп жариялайды. Жақсы игілік рахаттануға жеткізеді, жамандық қайғы-қасірет әкеледі. Гедонизмнің салыстырмалы толық ілімін Сократ шәкірті Аристипп қалыптастырған. Эпикуршілдікке гедонизм принципі сезімдік ләззаттардан рухтың тыныштығына (атаракция) және қасіреттен құтылу жолдарын іздеуге көбірек бағытталған. Қайта Өрлеу мәдениетінде гедонистік бастаулар адам құдіреттілігіне қатысты қарастырылады. Жаңа заманда моральдық гедонизм тұрғысынан пайымдаулармен философ-ағартушылар және жазушылар әуестенген. Қазіргі философиялық дәстүрде гедонизм индивидуализмді дәріптеумен байланысты.

ГЕЛЬВЕЦИЙ (Helvetius) Клод Адриан (1715 – 1771) – француз философы, француз Ағартушыларының және француз материализмі мектебінің ірі өкілі, 18 ғ. француз буржуазиялық төңкерісінің идеологы. Гельвеций дүниенің динамикалық философиялық бейнесін жасады: табиғат, оның бір бөлшегі – адам, мәңгілік өмір сүреді және өзіндік мәні бар; әрқашан қозғалыста және дамуда болады; барлығы туады, өседі және өледі; бір күйден, екінші күйге ауысады. Уақыт пен кеңістікте материядан бірінші ештеңе жоқ. Ол материя мен қозғалыстың, материя мен сананың бірлігін негіздеді. Дидроның көзқарасынан ерекшелігі, Гельвеций материя өзінің белгілі бір дамуы барысында ғана сезімдік қасиетіне ие болады, деп қарастырды. Ол теизмді ғана емес, вольтерлік деизмді де жоққа шығарды. Оның дінге деген көзқарасы, адамдардың қараңғылығы мен өлім алдындағы қорқыныш сезімінің нәтижесінде, бір адамдардың екіншілерін алдауы мақсатында туындаған, ойдан шығарылған дүние деген, Ағартушылықтың классикалық дәстүрлі пікірді қолдады. Дүниенің танымдылығы мәселесінде материалистік сенсуализм тұрғысынан қарап, агностицизмге қарсы шықты. Гельвеций материалистік сенсуализм принципін табиғат пен адам мәселелерін талдауда қолданды. Гельвеций бойынша, адам – табиғи, тірі жан иесі, өзіндік сезімі, санасы, құмарлығы бар және қоғамның негізі болып табылады. Адамның сезімдік табиғатының нәтижесінде эгоистік, менмендік сезімі пайда болады. Сондықтан, барлық адамдар нәсілі мен ұлты бөлек болғанымен, олардың табиғи ақыл-ой қабілетінің тең дәрежеде екендігін дәріптеді. Ал ақыл-ойдың теңсіздігінің себебін тәрбие мен өмір салты жағдайының түрліше болатындығымен байланыстырды. Сондықтан феодалдық таптық бөлініске қарсы болды. Гельвецийдің қайраткерлік қызметі 18 ғасырдағы Ұлы француз төңкерісіне рухани дайындыққа өзінің зор үлесін қосты. Негізгі философиялық еңбектері: «Ақыл туралы» (1758 ж, 1759 жылы мемлекет пен дінге зиянын тигізеді деген парламенттің үкімімен өртелген), «Адам туралы, оның ақыл-ой қабілеті мен тәрбиесі» (1769) және т.б.

ГЕНЕЗИС (грек. - пайда болу, қалыптасу) – генетикалық-диахрондық әдістемеде дамушы құбылыстың, нәрсенің, болмыс бітімдерінің бастапқы кезеңі, шығу тарихы, қлыптасу сатылары. Генезис ұғымы мәдениеттану ілімінде кеңінен қолданыс табады. Тарихи мәдениеттануда тарихи-мәдени типтердің қалыптасуына үлкен мән беріледі. О.Шпенглер, Н. Данилевский, А. Тойнби оқшау мәдени типтерді зерделегенде, олардың бастапқы қалыптарын талдау нәтижесінде алынған ерекшеліктерінен кейінгі даму бағыттарын айқындайды. Мифология санада генезис хаостан (ретсіздіктен) гармонияға (үйлесімділікке) өту ретінде қарастырылады. Антиктік мәдениетте генезис табиғи және әлеуметтік нақтылы болмыс бітімдерінің қалыптасуы түрінде зерделенген (логос, атом, стихиялар, субстрат пен субстанция). Жаңа заманда Гердер, Кант, Гегель және т.б. генезис ұғымын жалпы даму ілімінің аумағында қарастырады. Эволюциялық теорияның қалыптасуы генезис ұғымын жан-жақты толықтырды. К. Юнг генезис ұғымын дамудың бастапқы үлгілері – архетиптер тұрғысынан зерделейді. Феноменологияда ғылыми зерттеудің статикалық және генетикалық әдістемелері негізделеді. Қазіргі мәдениеттануда құрылымдық-синхрондық зерттеулердің генетикалық-диахрондық ізденістермен бірге жүргізілуі маңызды әрі нәтижелі болады деп есептеледі.

ГЕОГРАФИЯЛЫҚ ОРТА ( гр.ge – жер және grapho - жазу) – қазіргі тарихи кезеңдегі қоғамдық өмір процестерімен қамтылған және қандай болмасын қоғамның дамуы мен сақталуына қажетті жағдай жасайтын заттар мен жанды және жансыз табиғат құбылыстарының (жер беті, атмосфераның төменгі қабаты, гидросфера, топырақ қабаты, өсімдікжәне жануарлар дүниесі) жиынтығы. Қоғамның дамуы мүмкіндігіне қарай географиялық орта шеңбері де өзгеріп, кеңейе түседі. Тарихтың ерте кезеңдерінде адамдар негізінен тіршілік етудің табиғи тәсілдерін пайдаланды (жабайы өсімдіктер мен жануарлар, құнарлы топырақтар), кейіннен пайдалы қазбалар мен энергетикалық ресурстар маңызды орын алады. Ол халықтар мен мемлекттердің даму қарқынын жеделдетеді не бәсеңдетеді, бірқатар жағдайларды шаруашылықтың жекеленген салаларының дамуына шешуші әсерін тигізеді. Өзінің жаратылған күйінде, табиғи жағдайлар өндірістің өрбіп бара жатқан қажеттіліктерін үнемі қанағаттандыра алмайды. Сондықтан адамдар оларды өзгертеді және қайта құрады. Сөйтіп адам географиялық ортаны өзгертудің ең күшті факторы болып есептеледі. Бірақ бұл өзгерістің ауқымы, сипаты мен түрі қоғамдық құрылыс пен техниканың деңгейіне байланысты. Өндірістегі анархия мен бәсеке табиғатқа тиімді әсер етуге кедергі жасайды және қоғам үшін зиянды болып өзгеруіне ықпал етеді. Географиялық ортаның барлық элементтерін халық игілігіне жоспарлы түрде және тиімді пайдалануына негізделген (экология, глобальды проблемалар т.б.) деп атаймыз.

ГЕРАКЛИТ Эфестік (544/540/535 – 483/480/475) – көнегректік философ, диалектиканың алғашқы тарихи және алғашқы түрін негіздеген. Эфестің негізін қалаған танымал, ақсүйек Кодрид тұқымынан шыққан. Өз заманында Гераклиттің нақыл сөздерінің мәнін түсіну қиын болғаннан кейін, оның терең ойлылығы үшін «күңгірт» және дүниедегінің барлығы тұрақсыз, бүгін бар нәрсе, ертең жоқ болуы мүмкін («бәрі ағыста, бәрі өзгерісте», «бір өзенге екі қайтара енуге болмайды», «адамдар болмыстың құлдырау дәуірінде өмір сүріп жатыр, болашақ бүгіннен де қорқынышты болады» т.б.) деген трагикалық салмақтылығы үшін «жылауық» деген атқа ие болған. Гераклит «ғарышты» (философиялық контексте алғаш рет – «дүние» деген түсінікте қолданған), Құдай да, адам да жаратпаған, ол өздігінен пайда болған, бар және бола беретін, шамамен жанып, шамамен өшіп-сөніп тұратын тірі от тәріздес деп түсіндірген. Құдіретті алғашқы от – таза ақыл-ой, логос ұғымымен тең. Логос – дүниені билейтін құдіретті күш, жоғарғы ақыл, заттардың өзара айналу жалпы заңы, осы үрдістің сандық қатынасы. Қарама-қарсылықтардың бәрі бір-біріне өтіп, гармонияға келеді. Сонымен «Бәрі де – бір, біреуден бәрі де шығады». Бұл дүниенің гармониясын қадағалайтын – Логос. Қорытындылай келсек, Гераклиттің диалектикасы Платонның және басқа да антикалық философтардың көзқарастарына зор ықпал етті. Гераклит идеяларының ренессансы 19 ғ. Гегельдің, Ницшенің, 20 ғ. Шпенглердің, Хайдеггердің және т.б. еңбектерінен көрініс тапты.

ГЕРМЕНЕВТИКА (грек.hermeneutike –түсіндіру өнері) – алғашқы мазмұнында көнеліктен немесе көпмаңыздылықтан түсініксіз мәтіндерді түсіндіру өнері және ілімі. Герменевтика ежелгі антик дәуірде көне ақындардың (ең алдымен Гомердің) шығармаларындағы рәміздерді, таңбаларды, құпиялап айтуларды түсіндіру тәсілі ретінде қалыптасқан. Ортағасырларда Библиядағы көркем бейнелер мен меңзеп айтуларды түсіндіруге байланысты герменевтиканы діни өкілдер жан-жақты қолданған. Қайта Өрлеу дәуірінде герменевтика антик мәдени мұралардың тілін тірі, сол замандағы мәдени тілге аудару мақсатында пайдаланылған. Ф.Шлейермахер еңбектерінде герменевтика Қасиетті Жазу мәтіндеріндегі астарлы тілді жаңаша түсіндіру үшін кеңінен пайдаланылды. Ол үшін догматтар мен рәміздер діндарлық сезімдер болып табылады, дамушы діни тәжірбие сенімнің субстанциясына айналды. Шлейермахер қазіргі философиялық ұғымдарды қолдану тәжірбиесі арқылы ескі діни мәтіндерге жаңа мазмұн беруге болады дейді. Ал Г.Гадамер герменевтиканы «тұлғалық түсінуші тәжірбиемен» байланыстырады.

ГИЛОЗОИЗМ (грек. hyle және zoe – зат және өмір) – материяның да жаны бар деп түсіндірілетін философиялық ілім. Алғашқы гилозоистерге грек материалистері, Бруно, француз материалисті Робине және т.б. жатады. Гилозоизм термині 17 ғ. енгізілді. Бұл ілім бойынша материяның барлық формалары ойлай және сезіне алады. Ал шындығында, сезіну – тек жетілген жоғарғы органикалық материяға ғана тән қасиет.

ГИПОТЕЗА – нысанның, құбылыстың себебі туралы қорытынды жасауға мүмкіндік беретін пайымдаулар мен ой тұжырымдар жүйесі, ғылыми ойлаудың сатысы.

ГНОСЕОЛОГИЯ – Таным процесін қараңыз.

ГНОСТИКТЕР (грек. gnosis – білім) – христиан теологиясын Көне Шығыс діндерімен, неоплатонизм және пифагореизммен біріктірген діни философиялық ағым. Гностиктердің түсінігі бойынша, Құдайды тану мүмкін емес. Оны тек материядан тыс құрылуынан танисың. Себебі материя – зұлымдық, қасірет. Философия тарихында ізі қалған гностиктер ретінде мысырлық Валентинді және сириялық Валентинді атауға болады. Екеуі де 2 ғ. өмір сүрген.


Дата добавления: 2015-11-04; просмотров: 43 | Нарушение авторских прав







mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.01 сек.)







<== предыдущая лекция | следующая лекция ==>