Читайте также:
|
|
Азаматтық заңнамада «жеке тұлға» және «азамат» ұғымдары тең мағынада қолданылады. Қазақстан Республикасының азаматтары, басқа мемлекеттердiң азаматтары, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар жеке тұлғалар болып ұғынылады. Егер Азаматтық Кодексте басқаша белгiленбесе, ондағы ережелер барлық жеке тұлғаларға қолданылады.
Азаматтық құқыққа ие болып, мiндет атқару қабiлетi (азаматтық құқық қабiлеттiлiгi) барлық азаматтарға бiрдей деп танылады. Азаматтың құқық қабiлеттiлiгi ол туған кезден басталып қайтыс болған соң тоқтатылады. Азаматтың Қазақстан Республикасы шегiнде де, одан тыс жерлерде де мүлiктi, соның iшiнде шетел валютасын меншiктенуге; мүлiктi мұраға алып, мұраға қалдыруға; республика аумағында еркiн жүрiп-тұруға және тұрғылықты жер таңдауға; республикадан тыс жерлерге еркiн шығып кетуге және оның аумағына қайтып оралуға; заң құжаттарында тыйым салынбаған кез келген қызметпен айналысуға; дербес өзi немесе басқа азаматтармен және заңды тұлғалармен бiрiгiп заңды тұлғалар құру; заң құжаттарында тыйым салынбаған кез келген мәмiле жасасып, мiндеттемелерге қатысу; өнертабыстарға, ғылым, әдебиет және өнер шығармаларына, интеллектуалдық қызметтiң өзге де туындыларына интеллектуалдық меншiк құқығы болуға; материалдық және моральдық зиянның орнын толтыруды талап етуге құқығы болады; басқа да мүлiктiк және жеке құқықтары болады.
Азаматты дараландыру құралдарына оның есімі және тұрғылықты жері жатады. Азамат өз фамилиясы мен өз есiмiн, сондай-ақ, қаласа, әкесiнiң атын қоса, өз атымен құқықтар мен мiндеттерге ие болып, оларды жүзеге асырады. Заңдар бойынша азаматтардың жасырын түрде құқықтар иеленiп, мiндеттердi жүзеге асыратын жағдайлары немесе бүркеншiк ат (ойдан шығарылған есiмдi) пайдаланатын реттерi көзделуi мүмкiн. Азаматтың туған кезде берiлген есiмi, сондай-ақ есiмiн өзгерту азаматтық хал актiлерiн тiркеу туралы заңдарда белгiленген тәртiп бойынша тiркелуге тиiс. Азамат өз есiмiн заң құжаттарында белгiленген тәртiп бойынша өзгертуге құқылы. Есiмiн өзгерту оның бұрынғы есiмiн, жасырын немесе бүркеншiк атпен алған құқықтары мен мiндеттерiн тоқтатуға немесе өзгертуге негiз болмайды. Азамат өзiнiң борышқорлары мен несие берушiлерiне өз есiмiн өзгерткенi туралы хабарлау үшiн қажеттi шаралар қолдануға мiндеттi және бұл адамдарда оның есiмi өзгертiлгендiгi туралы мәлiметтер болмауынан туған ықтимал зардаптарға тәуекел етедi. Есiмiн өзгерткен азамат өзiнiң бұрынғы есiмiне ресiмделген құжаттарға тиiстi өзгерiстер енгiзiлуiн талап етуге құқылы. Басқа бiр адамның есiмiмен құқықтар мен мiндеттер иеленуге жол берiлмейдi. Азамат өз есiмi оның келiсiмiнсiз пайдаланылған жағдайда, оған тыйым салынуын талап етуге құқылы. Азаматтың есiмiн заңсыз пайдалану нәтижесiнде оған келтiрiлген зиян Азаматтық Кодекстiң ережелерiне сәйкес өтелуге тиiс. Азаматтың есiмi оның абыройына, қадiр-қасиетiне және iскерлiк беделiне нұқсан келтiретiн әдiстермен немесе сондай нысанда бұрмаланған не пайдаланылған жағдайда Азаматтық Кодекстiң 143-бабында көзделген ережелер қолданылады.
Азамат тұрақты немесе көбiнесе тұратын елдi мекен оның тұрғылықты жерi деп танылады. Он төрт жасқа толмаған адамдардың немесе қорғаншылықтағы азаматтардың тұрғылықты жерi олардың ата-анасының, асырап алушыларының немесе қорғаншыларының тұрғылықты жерi болып танылады.
Азаматтың өз әрекеттерiмен азаматтық құқықтарға ие болуға және оны жүзеге асыруға, өзi үшiн азаматтық мiндеттер жасап, оларды орындауға қабiлеттiлiгi (азаматтық әрекет қабiлеттiлiгi) кәмелетке толғанда, яғни он сегiз жасқа толғаннан кейiн толық көлемiнде пайда болады. Заң құжаттарында он сегiз жасқа жеткенге дейiн некелесуге рұқсат етiлетiн жағдайда, он сегiз жасқа толмаған азамат некеге тұрған кезден бастап толық көлемiнде әрекет қабiлеттiлiгiне ие болады. Егер заң құжаттарында өзгеше белгiленбесе, барлық азаматтардың әрекет қабiлеттiлiгi тең болады.
Заң құжаттарында көзделген реттер мен тәртiп бойынша болмаса, ешкiмнiң де құқық қабiлеттiлiгi мен әрекет қабiлеттiлiгiн шектеуге болмайды. Азаматтардың құқық қабiлеттiлiгi мен әрекет қабiлеттiлiгiн шектеудiң заң құжаттарында белгiленген шарттары мен тәртiбiнiң немесе олардың кәсiпкерлiк не өзге де қызметпен айналысу құқығының сақталмауы тиiстi шектеудi белгiлеген мемлекеттiк немесе өзге де органның құжатын жарамсыз деп тануға әкелiп соқтырады. Азаматтың құқық қабiлеттiлiгiнен немесе әрекет қабiлеттiлiгiнен толық немесе iшiнара бас тартуы және құқық қабiлеттiлiгiн немесе әрекет қабiлеттiлiгiн шектеуге бағытталған басқа да мәмiлелер жарамсыз болады, бұған мұндай мәмiлелерге заң құжаттарында рұқсат берiлген реттер қосылмайды.
Азаматтар, осы Кодексте және өзге заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда заңды тұлға құрмай-ақ кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға құқылы. Жеке кәсiпкерлердi мемлекеттiк тiркеу өз бетiмен тiркелу сипатында жасалады және жеке кәсiпкер ретiнде есепке алынады. Азаматтардың заңды тұлға құрмай-ақ жүзеге асырылатын кәсiпкерлiк қызметiне, егер заңдардан немесе құқықтық қатынастар мәнiнен өзгеше нәрсе туындамайтын болса, тиiсiнше осы Кодекстiң коммерциялық ұйымдар болып табылатын заңды тұлғалардың қызметiн реттейтiн ережелерi қолданылады. Мынадай шарттардың бiрiне сәйкес келетiн:
1) жалданбалы қызметкерлердiң еңбегiн тұрақты негiзде пайдаланатын;
2) кәсiпкерлiк қызметтен салық заңдарына сәйкес есептелген, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде жеке тұлғалар үшiн белгiленген жиынтық жылдық табыстың салық салынбайтын мөлшерiнен артық жиынтық жылдық табыс табатын жеке кәсiпкерлер мiндеттi мемлекеттiк тiркеуге жатады.
Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде белгiленген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк тiркеусiз аталған жеке кәсiпкерлердiң қызметiне тыйым салынады. Егер жеке кәсiпкер лицензиялануға тиiс қызметтi жүзеге асырса, оның осындай қызметтi жүзеге асыру құқығына лицензиясы болуы мiндеттi. Лицензия лицензиялау туралы заңдарда белгiленген тәртiппен берiледi. Қазақстан Республикасының Үкiметi жеке кәсiпкерлерге лицензия берудiң оңайлатылған тәртiбiн белгiлеуге хақылы.
Азамат өз мiндеттемелерi бойынша өзiне тиесiлi бүкiл мүлiкпен жауап бередi, бұған заң құжаттарына сәйкес ақы өндiрiп алуға болмайтын мүлiктер кiрмейдi. Азаматтардың ақы өндiрiп алуға болмайтын мүлкiнiң тiзбесi Қазақстан Республикасының Азаматтық iс жүргiзу кодексiмен белгiленедi.
Жеке кәсiпкердiң дәрменсiздiгi (Азаматтық Кодекстiң 52-бабы) оны банкрот деп тануға негiз болып табылады. Жеке кәсiпкерлiк банкроттығы Азаматтық Кодекстiң 21-ші баптың 4 және 5-тармақтарында көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып, заңды тұлғалар үшiн белгiленген ережелер бойынша ерiктi немесе мәжбүрлi тәртiппен танылады. Жеке кәсiпкердi банкрот деп таныған кезден бастап оны жеке кәсiпкер ретiнде тiркеудiң күшi жойылады. Жеке кәсiпкерге банкроттық рәсiмiн қолданған кезде оның кәсiпкерлiк қызметпен байланысты емес мiндеттемелер жөнiнде несие берушiлерi, егер осындай мiндеттемелер бойынша орындау мерзiмi жетсе, өз талаптарын қоюға хақылы. Аталған несие берушiлердiң осындай тәртiппен мәлiмделмеген талаптары, сондай-ақ конкурстық жиынтықтан толық көлемде қанағаттандырылмаған талаптар күшiн сақтап қалады және банкроттық рәсiм аяқталғаннан кейiн жеке тұлға ретiнде борышкерден өндiрiп алуға қойылуы мүмкiн. Бұл талаптардың мөлшерi борышкердiң банкроттығы процесiнде алынған қанағаттандыру сомасына кемiтiледi. Несие берушiлердiң талаптары қанағаттандырылғанға дейiн конкурстық жиынтықтан сот шығындары, сондай-ақ конкурс және оңалту басқарушыларына, олар тағайындалған жағдайда, сыйақы төлеу жөнiндегi шығындар өтеледi. Жеке кәсiпкер банкрот деп танылған жағдайда, оған несие берушiлердiң талаптарын қанағаттандыру оған тиесiлi мүлiк есебiнен мынадай кезекпен жүзеге асырылады:
1) бiрiншi кезекте алимент өндiрiп алу жөнiндегi талаптар, сондай-ақ өмiр мен денсаулыққа келтiрiлген зиянды өтеу жөнiндегi талаптар қанағаттандырылады;
2) екiншi кезекте қамтамасыз ету сомасы шегiнде, жеке кәсiпкерге тиесiлi мүлiк кепiлiмен қамтамасыз етiлген несие берушiлердiң талаптары қанағаттандырылады;
3) үшiншi кезекте бюджетке және бюджеттен тыс қорларға төленетiн мiндеттi төлемдер бойынша берешек өтеледi;
4) төртiншi кезекте еңбек шарты бойынша жұмыс iстеп жүрген тұлғалардың еңбегiне ақы төлеу жөнiндегi және авторлық шарттар бойынша сыйақылар төлеу жөнiндегi есеп айырысулар жүргiзiледi;
5) бесiншi кезекте заң актiлерiне сәйкес басқа несие берушiлермен есеп айырысу жүргiзiледi.
Әрбiр кезектегi несие берушiлердiң талаптарын қанағаттандыру заңды тұлғалардың банкроттығы туралы заң актiлерiнде көзделген ережелер бойынша жүргiзiледi. Банкрот деп танылған борышкер несие берушiлермен есеп айырысып болғаннан кейiн кәсiпкерлiк қызметке байланысты қалған мiндеттемелердi орындаудан босатылады, бұған банкрот деп жарияланған адамның азаматтардың өмiрiне немесе денсаулығына зиян келтiргенi үшiн жауапты болатын талаптары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жеке сипаттағы өзге де талаптар қосылмайды.
Он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар мәмiлелердi ата-анасының, асырап алушыларының немесе қорғаншыларының келiсiмiмен жасайды. Мұндай келiсiмнiң нысаны заңдарда кәмелетке толмағандар жасайтын мәмiле үшiн белгiленген нысанға сай келуге тиiс. Он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар өздерiнiң табысына, стипендиясына, өзге де кiрiстерiне және өздерi жасаған интеллектуалдық меншiк құқығы объектiлерiне өз бетiнше билiк етуге, сондай-ақ тұрмыстық ұсақ мәмiлелер жасасуға құқылы. Жеткiлiктi негiздер болған жағдайда қорғаншылық және қамқоршылық органы кәмелетке толмаған адамның өз табысына, стипендиясына, өзге де кiрiстерiне және өзi жасаған интеллектуалдық меншiк құқығы объектiлерiне өз бетiнше билiк ету құқығын шектеуi немесе ол құқықтан айыруы мүмкiн. Он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар осы баптың ережелерiне сәйкес өздерi жасаған мәмiлелер бойынша дербес жауапты болады және өздерiнiң әрекеттерiнен келтiрiлген зиян үшiн осы Кодекстiң ережелерi бойынша жауап бередi.
Он төрт жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар үшiн мәмiлелердi, егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, олардың атынан ата-анасы, асырап алушылары немесе қорғаншылары жасайды. Он төрт жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар өздерiнiң жасына лайықты, жасай салып орындалатын тұрмыстық ұсақ мәмiлелердi өз бетiнше жасауға құқылы.
Заң құжаттарында кәмелетке толмағандардың мәмiле жасауына және кәмелетке толмағандар үшiн мәмiле жасауға қорғаншылық және қамқоршылық органының алдын ала келiсiмi талап етiлетiн жағдайлар белгiленуi мүмкiн.
Кәмелетке толмағандар банкiлерге салымдар салуға және өздерi салған салымдарға дербес билiк етуге құқылы. Он төрт жасқа толмаған кәмелетке толмағандардың атына басқа бiреудiң салған салымдарына олардың ата-анасы немесе өзге де заңды өкiлдерi билiк етедi, ал он төрт жасқа толған кәмелетке толмағандар өздерiнiң атына басқа бiреу салған салымдарға өз бетiнше билiк етедi.
Жүйке ауруы немесе ақыл-есiнiң кемдiгi салдарынан өз әрекеттерiнiң мәнiн түсiне алмайтын немесе не iстегенiн бiлмейтiн азаматты сот әрекет қабiлеттiлiгi жоқ деп тануы мүмкiн, соған байланысты оған қорғаншылық белгiленедi. Әрекет қабiлеттiлiгi жоқ деп танылған азаматтың атынан мәмiлелердi оның қорғаншысы жасайды. Әрекет қабiлеттiлiгi жоқ адам сауығып кеткен немесе денсаулығы едәуiр жақсарған жағдайда сот оны әрекет қабiлеттiлiгi бар деп таниды, бұдан кейiн одан қорғаншылық алынады.
Спирт iшiмдiктерiне немесе есiрткi заттарға салыну салдарынан өзiнiң отбасын материалдық жағынан ауыр жағдайға ұшыратқан азаматтың әрекет қабiлеттiлiгiн сот Қазақстан Республикасының Азаматтық iс жүргiзу кодексiнде белгiленген тәртiп бойынша шектеуi мүмкiн. Оған қамқоршылық белгiленедi. Ол тұрмыстық ұсақ мәмiлелердi өз бетiнше жасауға құқылы. Басқа мәмiлелер жасауды, сондай-ақ табысын, зейнетақысын және өзге де кiрiстерiн алуды және оларға билiк етудi ол тек қамқоршысының келiсiмiмен ғана жүзеге асыра алады. Азамат спирт iшiмдiктерiне немесе есiрткi заттарға және нашақорлыққа салынуды тоқтатқан жағдайда сот оның әрекет қабiлеттiлiгiне қойылған шектеудiң күшiн жояды. Сот шешiмiнiң негiзiнде азаматқа белгiленген қамқоршылықтың күшi жойылады.
Егер азаматтың тұрғылықты жерiнде ол туралы бiр жыл бойы деректер болмаса, мүдделi адамдардың арызы бойынша сот оны хабар-ошарсыз кеттi деп тануы мүмкiн. Хабар-ошарсыз кеткен азамат туралы соңғы деректер алынған күндi анықтау мүмкiн болмаған жағдайда жоқ адам туралы соңғы деректер алынған айдан кейiнгi айдың бiрiншi күнi, ал бұл айды анықтау мүмкiн болмаған жағдайда келесi жылғы бiрiншi қаңтар хабар-ошарсыз кетудiң басталған күнi деп есептеледi.
Хабар-ошарсыз кеттi деп танылған адамның мүлкiне сот шешiмiнiң негiзiнде қорғаншылық белгiленедi. Осы мүлiктен хабар-ошарсыз кеткен адам асырауға мiндеттi адамдарды асырауға қаражат берiледi және хабар-ошарсыз кеткен адамның салықтар мен басқа да мiндеттемелер бойынша берешегi өтеледi. Мүдделi адамдардың арызы бойынша қорғаншылық және қамқоршылық органы мүлiктi сақтау және басқару үшiн хабар-ошарсыз кеткен адамның тұрған жерi туралы соңғы деректер алынған күннен бастап бiр жыл өткенге дейiн де қорғаншы тағайындай алады.
Хабар-ошарсыз кеттi деп танылған адам келген немесе оның тұрған жерi белгiлi болған жағдайда сот оны хабар-ошарсыз кеттi деп тану туралы және оның мүлкiне қорғаншылық белгiлеу туралы шешiмнiң күшiн жояды.
Егер азаматтың тұрғылықты жерiнде ол туралы үш жыл бойы деректер болмаса, ал егер ол өлiм қатерi төнген немесе жазатайым оқиғадан қаза тапты деп жорамалдауға негiз болатын жағдайларда алты ай бойы хабар-ошарсыз жоғалып кетсе, мүдделi адамдардың арызы бойынша сот оны өлдi деп жариялауы мүмкiн. Соғыс қимылдарына байланысты хабар-ошарсыз жоғалып кеткен әскери қызметшi немесе өзге адам соғыс қимылдары аяқталған күннен бастап кемiнде екi жыл өткеннен кейiн өлдi деп жариялануы мүмкiн. Өлдi деп жариялау туралы сот шешiмi заңды күшiне енген күнi өлдi деп жарияланған адамның өлген күнi болып есептеледi. Өлiм қатерi төнген немесе жазатайым оқиғадан қаза тапты деп жорамалдауға негiз болатын жағдайларда хабар-ошарсыз жоғалып кеткен адам өлдi деп жарияланған реттерде сот бұл адамның шамамен қаза тапқан күнiн оның өлген күнi деп тануы мүмкiн. Адамды өлдi деп жариялау туралы заңды күшiне енген сот шешiмiнiң негiзiнде азаматтық хал актiлерiн жазу кiтаптарына оның өлгенi туралы жазба жасалады. Бұл жазбаның нәтижелерi де нақты өлiм туралы жазбаның нәтижелерi сияқты болады.
Өлдi деп жарияланған адам тiрi оралған немесе оның тұрған жерi белгiлi болған жағдайда сот тиiстi шешiмнiң күшiн жояды. Азамат өзiнiң қай уақытта оралғанына қарамастан, кез келген адамнан азамат өлдi деп жарияланғаннан кейiн сол адамға тегiн көшiп, сақталып қалған мүлкiн қайтарып берудi талап ете алады. Егер өлдi деп жарияланған адамның мүлкiн оның заңды мұрагерi үшiншi бiр адамдарға берiп, олар мүлiктiң сатып алу бағасын адам тiрi оралған кезге дейiн толық төлемеген болса, төленбеген соманы талап ету құқығы тiрi оралған адамға көшедi. Өлдi деп жарияланған азаматтың мүлкi ақысы төленетiн мәмiле бойынша өзiне көшкен адамдар оған бұл мүлiктi қайтаруға, ал оларда мүлiк жоқ болған жағдайда, егер мүлiктi алған кезде олар өлдi деп жарияланған азаматтың тiрi екендiгiн бiлгенi дәлелденсе, мүлiктiң құнын өтеуге мiндеттi. Мүлiктi иелiктен шығарушы адам өлдi деп жарияланған адамның мүлiктi иелiктен шығару кезiнде тiрi екендiгiн бiлген болса, мүлiктi қайтарып беру немесе оның құнын өтеу мiндетiн мүлiктi алушымен бiрге мойнына алады. Егер өлдi деп жарияланған адамның мүлкi мұрагерлiк құқық бойынша мемлекетке өтiп, сатылып кеткен болса, адамды өлдi деп жариялау туралы шешiмнiң күшi жойылғаннан кейiн оған мүлiктiң құн төленетiн күнгi нарықтық бағасы ескерiле отырып, оны сатудан түскен сома қайтарылады.
Дата добавления: 2015-10-24; просмотров: 318 | Нарушение авторских прав
<== предыдущая страница | | | следующая страница ==> |
Ші тақырып. Азаматтық құқықтардың объектілері. | | | Ші тақырып. Заңды тұлғалар азаматтық құқықтардың субъектілері ретінде |