Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

Скерде санитарлыҚ-гигиеналыҚ шараларды ҰйымдастырудыҢ гигиеналыҚ негіздері

Читайте также:
  1. Азақстанның Конституциялық құрылысының негіздері
  2. Азаматтық құқықтық қатынастардың пайда болуы, өзгертілу және тоқталу негіздері.
  3. Ата-атаналар мен балалардың құқықтарының туындау негіздері
  4. ДАЛА ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ӘСКЕРЛЕРДІ СУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДІ ҰЙЫМДАСТЫРУДЫҢ НЕГІЗДЕРІ
  5. Мемлекет теориясының негіздері
  6. ОТБАСЫ ҚҰҚЫҒЫ:ҰҒЫМЫ,НЕГІЗДЕРІ МЕН ПРИНЦИПТЕРІ

 

Әскери гигиена – кез келген әскери жағдайларда қауіпсіздікті сақтаудың, нығайтудың жолдары мен тәсілдерін зерттейтін жалпы гигиенаның дербес саласы. Әскери гигиенада коммунальды гигиена, тағам гигиенасы, еңбек және мектеп гигиенасы деп бөлінбей біртұтас қарастырылады.

Бірнеше себептерге байланысты әскери гигиена жалпы гигиенаның ерекше саласына айналды:

1. Контингент ерекшеліктері – әскерге шақырылғандар дамуы және организмнің өсуі аяқталмаған (сондықтан, әскерде ағзаның дұрыс дамуына және денсаулығын сақтауға арналған жаттығуларға, шараларға ерекше көңіл бөлінеді).

2. Жеке құрам әскери жағдайда қоршаған ортаның тез өзгеретін және өте ауыр жағдайларында оқу-соғысу жаттығуларын өткізуі мәжбүр болады (окоптарда, залалданған аймақтарда және т.б.). Қиындықтарды ойдағыдай шешу үшін жауынгерлерді арнайы дайындау, ұтымды жаттықтыру қажет, ал оның ұйымдастырылуында және оны басқаруда міндетті түрде гигиенистер қатысуы тиіс.

3. Аталған екі себептің салдарынан – жеке құрамның ерекше қажеттіліктері мен міндеттеріне байланысты азаматтық жағдайлардан ерекше нормалау көрсеткіштері болуы тиіс. Жауынгердің денсаулығы, басқа азаматтардың денсаулығы тәрізді маңызы зор мемлекеттік мәселе болып табылады. Әскери жағдайда сыртқы орта факторлары олардың шектеуші әсерімен емес, ұзақ мерзім аралығында әсер ететін жоғары деңгейімен нормаланады.

Жалпы гигиена қоршаған ортаның зиянды факторларынан толық қорғау шараларын дайындайды.

Әскери жағдайда қысқа уақытқа болса да, зиянды факторлар әсерін әлсірететін қорғаныс құралдарын қолдану қарастырылады.

Әскери қызметкерлердің денсаулығын сақтау мен нығайту жағымсыз әсерлерді төмендету, жағымды факторлар әсерін арттыру жолымен профилактикалық шаралар жүзеге асырылады.

Әскери гигиена тұрмысы мен еңбек жағдайлары ортақ әскери қызметкерлер ұжымдарын зерттеумен айналысады (дені сау адамдар ұжымы).

Қазіргі соғыс жағдайларында әскерлердің тіршілігі мен іс-қимылдары ерекшеліктері мыналар: жағдайдың өзгергіштігі, метеофакторлардың күрт ауытқуы, қалыпты емес тамақтану, сумен қамтамасыз ету жағдайларының бұзылуы, нервтік-психикалық және дене жүктемелерінің орын алуы, жаппай зақымдау қаруы әсеріне шалдығу қаупі және т.б.

Әскердің медициналық қамтамасыз етілуін ұйымдастыру мына мақсаттармен жүргізіледі:

1. Соғысқа қабілеттілікті сақтау және жеке құрамның денсаулығын нығайту.

2. Ауруларға және жарақаттанғандарға уақытылы медициналық көмек көрсету, оларды эвакуациялау, шұғыл және толық емдеу, неғұрлым ертерек қатарға қосылуын қамтамасыз ету.

3. Әскерде инфекциялық аурулардың пайда болуын және таралуын алдын алу.

Бейбітшілік кезде жұмыс уақытының 2/3 бөлігі, ал соғыс кезінде 50 пайызы профилактикалық жұмыстар үлесіне тиеді.

Әскерді гигиеналық қамтамасыз ету дегеніміз – бұл әскердің тіршілігі мен іс-қимылдарын бақылау, жеке құрамның жоғары соғысқа қабілеттілігін ұстап тұруға бағытталған гигиеналық тәрбиелеу, тиісті материалдық заттармен қамтамасыз ету мәселерін қамтитын шаралар кешені.

Гигиеналық қамтамасыз етуді ұйымдастыруда мыналар ескеріледі:

1.Әскердің түрлері.

2.Әскердің соғыс іс-қимылдары сипаты.

3.Соғыс іс-қимылдары аймағының географиялық ерекшелігі.

4.Тұрмысты ұйымдастыру.

Әскерді гигиеналық қамтамасыз ету тек командир арқылы орындалады, тыл қызметтеріде де қатысады.

Гигиеналық қамтамасыз етудің негізгі формасы - бақылау болып табылады. Әскери звенода негізгі әдістер: бақылау, қадағалау, статистикалық өңдеу. Кешенді гигиеналық бақылаудың негізін гигиеналық ұсыныстар құрайды (нормалар, ШРЕК, ШРЕД, қорғаныс құралдары, ережелер). Медициналық қызметтің профилактикалық тұрғыдан жүргізетін шаралары осылармен сипатталады.

ҚР Қарулы күштерінің санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы қоршаған ортаның ластануын алдын алуға, жоюға, адамдар денсаулығына зиянды әсерлердің алдын алуға, жеке құрамның денсаулығын қорғау мен нығайтуға бағытталған санитарлық-гигиеналық, санитарлық-эпидемияға қарсы шаралар кешенін жүргізу арқылы қамтамасыз етіледі.

ҚР Қарулы күштерінің медициналық қызметтері санитарлық-эпидемиялық қамтамасыз ету жұмыстарын ҚР ҚМ № 150 бұйрығымен 19.04.2004 ж. бекітілген «Правила по медицинскому обеспечению Вооруженных Сил Республики Казахстан (на мирное время)» ережесіне және ҚР ҚМ № 387 бұйрығымен 15.07.2004 ж. бекітілген «Инструкция по организации и осуществлению санитарно-эпидемиологического надзора в Вооруженных Силах Республики Казахстан» құжатына сәйкес жүзеге асырады.

Қорытындылап айтқанда, барлық гигиеналық талаптар мен ережелердің орындалуын бақылау соғысқа қабілеттіліктің негізі болып табылатын жоғары дене еңбегіне төзімділік пен нервтік–психикалық төзімділікті қамтамасыз етуді көздейді. Осыған байланысты медициналық қызметтер мынадай шараларды атқарады:

1. Санитарлық қадағалау – ағымды және ескертпелі.

2. Санитарлық ағарту жұмыстары.

3. Әскердің арнайы, жаттығу-соғысу дайындықтарына қатысу.

4. Ғылыми–тәжірибелік жұмыстарды жүргізу (жаңа техника, құрал-жабдықтар қолданылғанда және т.б. лабораториялық, экспериментальды, физиологиялық және гигиеналық зерттеулер жүргізу).

5.Жұмылдырылу жұмыстарына қатысу (штатты жоспарлау, медициналық мүліктерді жинақтау, бөлімге келген жаңа буынмен жұмыс істеу).

Әскердегі ескерпелі санитарлық қадағалау мыналарды қарастырады:

1.Жалпы әскери құрылыстарды (казармалар, клубтар, асханалар) қадағалау.

2.Арнайы құрылыстарды (әскери объектілерді салу, аэродромдар, шахтылы түрдегі зымыран кешендері, радиолокациялық станциялар т.б.) қадағалау.

3.Әскери қалашықтарда мәдени-тұрмыстық құрылыстарды қадағалау.

Ағымды санитарлық қадағалау (75% уақытты алады).

1) Соғысқа дайындықтың ұйымдастырылуын бақылау:

- жеке құрамдағы соғысқа дайындықтың жоспарлануына және педагогикалық процестің жүргізілуіне қатысу;

- әскери қызметкерлердің дене тәрбиесіне қатысу (саптық дайындық, дене шынықтыру, дене шынықтырудың үзілісі, кешкілік серуендеу);

- әскерлердің соғыстық жаттығуларына, маневрлерге шығуы кезінде гигиеналық қамсыздандыруды жоспарлау;

- әскери мамандардың еңбек гигиенасын қамсыздандыру.

2) Әртүрлі әскер түрлерінің жеке құрамдарының сумен, тамақтанумен қамтамасыз етілуін, еңбек жағдайы режимі мен демалуын ағымды қадағалау. Әскелердің орналастырылуын, әскери қалашықтардың тазалығын, медициналық, балалар және спорттық мекемелердің жұмысын санитарлық қадағалау.

Бейбітшілік уақытта ағымды қадағалаудың формасы мен мазмұны ҚР ҚМ бекіткен азаматтық гигиена нормалары деңгейінде қала береді.

Әскердің санитарлық гигиеналық жағдайы жеке құрамның денсаулық деңгейі мен денсаулыққа әсер етуі мүмкін факторлардың болуымен анықталады. Денсаулық жағдайлары жауынгер денесін қарау және медициналық тексерулер нәтижелері бойынша бағаланады.

Денені тексеруді жеке құрамды жуындыру кезінде фельдшерлер жүргізеді. Медициналық тексерулердің мақсаты – жедел және созылмалы аурулары бар науқастарды, тамақтану жағдайы мен дене дамуы кемшіліктері бар жауынгерлерді анықтау. Иондаушы және иондамаушы сәулеленуге, уландырғыш заттар мен басқа да зиянды факторлар әсеріне шалдыққандарды тіркеуге алады және емдік шаралар жүргізіледі.

Соғыс уақытында медициналық қызметтің гигиеналық қамтамасыз ету бойынша басты міндеті жеке құрамның денсаулығын (өмірін) және соғысқа қабілеттілігін сақтау болып табылады.

Медициналық қызмет әскерлердің тұрмысы мен соғыс іс-қимылдарының барлық жағын медициналық бақылаумен қамтиды:

1. Ауданның санитарлық-эпидемиологиялық барлауын ұйымдастыру және жүргізу, әскердің орналасуы мен іс-қимылдарына, су көздеріне барлауды ұйымдастыру. Жеке құрамға кері әсер етуі мүмкін факторларды неғұрлым ерте анықтау. Әскердің санитарлық-гигиеналық жағдайы туралы мәліметтер жинау.

2. Жеке құрамның физикалық және нервтік-психикалық жағдайын бақылау.

3. Жеке гигиена талаптарынының орындалуын бақылау (кір жуу, моншалық қамсыздандыру, киіммен қамсыздандыру), ұжымдық гигиенаны талап ету (ұжымның психикалық сәйкестігін).

4. Тамақтану және сумен қамсыздандыруды бақылау (сандық және сапалық тұрғыда, азық–түлікті уландырғыш, радиоактивті, бактериялық құралдардан қорғау, залалсыздандыру, тамақтан уланудың профилактикасы, витаминдер және йодпен қамсыздандыруды қадағалау)

5. Жеке құрамды дала жағдайына орналастыру шарттарын бақылау (далалық баспаналарда, фортификациялық құрылымдарда, т.б.)

6. Жеке қорғаныс құралдары және оны қолдануды бақылау.

7. Әскерлерді тасымалдау ұйымдарын бақылау.

8. Қаза болғандарды көму, ұрыс алаңын тазалау кезіндегі санитарлық талаптардың орындалуын бақылау.

9. Аса жоғары жиілік, оптикалық кванттық генераторлар, зымыран жанармайы, радиациялық сәулелер көздерімен жұмыс кезінде гигиеналық талаптардың сақталуын бақылау.

10. Санитарлық-гигиеналық бөлімнің басқа қызметтермен тығыз байланыстағы жұмысты жоспарлау және ұйымдастыру.

11. Медициналық эвакуация сатыларында және әскери-емдеу мекемелеріндегі науқастар мен жаралыларды санитарлық-гигиеналық қамтамасыз ету.

12. Әскердегі санитарлық-гигиеналық қамтамасыз етуді жақсарту, жеке құрамның қауіпсіздігі, соғысқа қабілеттілігі және денсаулығын сақтау шараларын анықтау.

Тәрбиелік жұмыс – жаңа келген құрамды оқытуды ұйымдастыру және олардың жеке, қоғамдық гигиена ережелеріне саналы көзқарасты қалыптастыру.

Қамтамасыз ету қызметін жеке құрамның қамсыздандырушысы атқарады және мына шараларды ең алдымен жүргізеді:

1. Суды залалсызсыздандырудың дербес құралдарын беру.

2. Витаминдік препараттар беру.

3. Орталық жүйке жүйесін (ОЖЖ) ынталандыратын седативті препараттар беру.

Санитарлық-гигиеналық қамтамасыз ету мына бағыттарда жүргізіледі:

А) территорияның, тағамның, судың және тұрмыстың санитарлық жағдайларының нашарлауы нәтижесінде туындайтын жаппай аурулардың алдын алу.

Б) суды, азық-түліктерді санитарлық сараптау арқылы жаппай жою қаруын қолданудан болатын соғыс шығынын азайту; ластанған территориядағы әскерлердің сумен қамтамасыз етілуін, тамақтануын бақылау.

В) кәсіби аурулар мен жедел зақымданулардың алдын алу.

Санитарлық-гигиеналық шаралардың мазмұны мен көлемі келесі факторларға байланысты:

- әскерлердің алдына қойған тапсырмасына;

- қолданылған жаппай жою қаруының түріне;

- санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға;

- тыл нысандарының құрамы мен сипатына;

- медициналық қызметтің күші мен құралдарына;

- жергілікті климатқа, жыл мезгіліне.

Соғыстың іс-қимылдарының сипаты мыналармен анықталады:

А) атқарылатын тапсырмалардың ауқымдылығы және шабуылдың жоғары жылдамдылығымен; осы орайда медициналық қызметтің күші мен құралдарының қозғалғыштығы маңызды.

Ә) соғыс қимылдарының үздіксіздігі және жоғары кернеулілігімен, сондықтан жеке құрамның физикалық жағдайына жоғары талап қойылады.

Б) жағдайдың жылдам өзгергіштігі және соғыс қимылдары сипатының шапшаңдылығымен.

В) терең эшалондану және фронт пен тереңдігі бойынша әскерлердің шашыраңқы орналасуымен, жаппай жою қаруларын кеңінен қолданумен.

Г) соғыс болған даланың тазалануы және қаза болғандардың жерленуін бақылау бойынша жұмыс көлемінің артуымен (Курск доғасында мәйіттер мен бұзылған техниканың салдарынан соғыс қимылдарын жүргізу мүмкін болмады).

Д) аз зерттелген территорияда әскер мен медициналық қызметтің қимылдарымен.

Маршруттардың санитарлық жағдайын барлауды мұқият ұйымдастыру талап етіледі.

Бригаданың санитарлық-гигиеналық жағдайы қанағаттанарлық деп саналады:

- егер бригаданың (полктың) санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы әскердің соғысқа қабілеттілігінің нашарлауына әсер етпесе;

- материалдық-тұрмыстық қамтамасыз етілу жағдайы, жеке, қоғамдық гигиена ережелерін сақтау жағдайлары жеке құрамының денсаулығына қолайсыз әсерін тигізбесе;

- ядролық, бактериялық, уландырғыш заттары бар қарулардың жарылыс өнімдерімен территория ластанбаса, жеке құрамның денсаулығын қорғау бойынша қосымша санитарлық-гигиеналық шараларды жүргізудің қажеттігі болмаса.

Бригаданың санитарлық-гигиеналық жағдайы қанағаттанарлықсыз деп есептейді.

- бригаданың немесе соғыс қимылдары жүріп жатқан ауданның санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы тұрақсыз немесе төтенше болса.

- материалдық-тұрмыстық жағдайлардың кемшіліктері жеке құрамның денсаулығына, оның соғысқа қабілеттілігіне кері әсерін тигізсе және қосымша санитарлық-гигиеналық шараларды жүргізілуі қажет етілсе;

- ядролық, бактериялық, уландырғыш заттар бар қарулардың жарылыс өнімдерімен территория ластанcа, жеке құрамның денсаулығын қорғау бойынша қосымша санитарлық-гигиеналық шаралар кешенін жүргізуді қажет етілсе.

Бригаданың, ауданның қолайсыз жағдайлары жөнінде бригаданың медицина қызметінің бастығы бригада командирінің тыл жөніндегі орынбасарына (бөлім командиріне) және жоғары тұрған медицина қызметтері бастығына баяндайды. Сонымен қатар, жоспарлы және қосымша санитарлық- гигиеналық шараларды жүргізу жөнінде ұсыныс жасайды.

Соғыс уақытындағы әскери гигиенаның мәселелері:

1. Бейбітшілік уақытындағы гигиеналық қамтамасыз етуге, күресу қабілеттілігін қалыптастыруға бағытталған, ал соғыс уақытында соғысқа қабілеттіліктің сақталуына бағытталған.

2. Бейбітшілік уақытта зорығу мәселесі болмайды, ал соғыс уақытында – бұл бірінші кезектегі мәселе.

3. Нервтік-психикалық жүктеме бейбітшілік уақытта кейбір әскер түрлерінде (зымыранға қарсы қорғаныс кешендерінде) кездескенімен, аса жоғары көңіл аудартпайды, ал соғыс кезінде – ол ең бірінші орынға шығады.

4. Гигиеналық нормалар бейбітшілік уақытта оңтайлы деңгейде, ал соғыс уақытында шектелген деңгейде болады.

5. Ағымды санитарлық тексеру бейбітшілік уақытта – тамақтан уланудың алдын алу, әдеттегі факторлар әсерінің алдын алу, ал соғыс уақытында – тамақтан улану жаппай зақымдау қаруымен тікелей байланысты (жарықпен зақымдану, ыстық өту) болады.

6. Ескертпелі санитарлық қадағалау бейбітшілік уақытта толық жүргізілсе, ал соғыс уақытында өзінің мағынасын жояды.

Қазіргі кездегі әскери гигиенаның дамуы ерекшеліктері:

1. Қару-жарақтар көлемі үнемі даму үстінде (зымырандар, РЛС, лазерлер).

2. Қару-жарақтардың жаңа түрлерінің пайда болуы соғыс жүргізуді өзгерістерге ұшыратты (жер, су, ауа, ғарыш), қоршаған ортамен ағзаның қарым-қатынасын сипатын өзгертті;

3. Тұрақты түрде болатын факторлардың жергілікті әсер етуі (тыныштық, қарқынды шум, салмақсыздық);

4. Жаңа әскер түрлерінің құрылуымен байланысты әскери гигиенаның жаңа салалары пайда болды (авиациялық, бронетанкты, теңіздік, радиациялық, зымыранды әскер, РЛС, т.б.

5. Стратегия мен тактикадағы төңкерістер (жоғарғы жылдамдықтағы әскери іс-қимылдар, олардың жоғары кернеулілігі);

6. Әскери қызметкерлерді оқыту сипатының түбегейлі өзгеруі (қиындығы): қару-жарақты ұжымды түрде басқару (экипажбен), жоғары техникалық дайындық дәрежесі.

Техникалық төңкеріс әскерлердің соғысқа қабілеттілігінде және күн тәртібіндегі әскери бөлім мен бөлімшелердің «психологиялық климатты» оқу-жаттығуы кезінде нервтік-психикалық фактордың рөлінің артуына алып келді.

Техникалық төңкеріс қаруландыру кезінде әскери гигиенистердің алдына бірнеше мәселе қояды: жаңа техниканы қолданудың тиімділігі мен сенімділігі, сонымен бірге қарулы күштердің соғысқа қабілеттілігінің артуы.

Осыған байланысты, қазіргі уақытта әскери гигиенисттердің алдында бірнеше міндеттер тұр:

1. Жауынгерлер мен қарудың (адам мен машинаның) уақыт тапшылығы мен аса жоғары нервтік-психикалық жүктеме жағдайында күрделі техниканы басқаруы;

2. Жаңа техниканы қолданумен байланысты, қоршаған ортаның жағымсыз факторлары әсерлерінің артуы (қарқынды шу мен діріл және ауырлық, аса жоғарғы жиіліктегі токтар, иондаушы сәулелер, зымыран жанар майларының компоненттері және т.б.);

3. Қаруды ұжымдық басқару кезіндегі экипаждың жұмысы тиімділігінің артуы.

4. Тіршілік ету мәселесі («кеңістік тапшылығы» гигиенасы).

Соғысқа қабілеттілік мыналардан құралады: а) жоғарғы арнайы оқытулардан (техникалық дайындық); б) денені шынықтырудан; в) нервтік және психикалық шыдамдылықтан; г) психикалық дайындықтан (психологиялық тосқауылды жеңу).

Күрделі әскери техникаларды (зымырандар, авиация, радиолокациялық қондырғылар және т.б.) басқаруға дайындық барысында арнайы басқару кешендерінде реакцияны жылдамдататын, қабылдауды тездететін, ауысу жылдамдығын өндіретін - жылдамдық, ауыртпашылық, салмақсыздық сияқты экстремалды физикалық факторлардың зиянды әсерін жеңілдететін әдістер қарастырылуы тиіс.

Уақыт жеткіліксіздігі жағдайында сеніп тапсырылған қаруларды тиімді пайдалану, қазіргі кездегі қарулардың ауқымды жоюшы қасиеттері, оларды дұрыс басқару жоғары психикалық жүктеме түсіреді және сақтық пен дайындықты көп қажет етеді. Мысалы: танк жүргізу автокөлік жүргізуден қиынырақ. Қазіргі кездегі ұшақтарда ұшқыш екі жүзден аса құралдар мен сілтеуіштердің, өлшеуіштердің және басқа да негізгі басқару элементтерінің көрсеткіштерін қадағалап отрыуға тура келеді.

Қасқағым сәтке құралдармен жұмыс істеу тәртібі бұзылса немесе керекті нәрсені ұмытып кетсе, ұшақты басқару мүмкіндігінен айырылады. Сонымен қатар, ұшқыш ұшақтың борт қаруларын басқарады. Аса жоғарғы дыбысты ұшақтың ұшқыштары ұшар алдында өздерін физикалық жағынан ғана емес, психикалық жағынан да дайындайтыны кездейсоқ емес.

Психикалық тосқауылды жеңу үшін жеке құрамның еңбек режимдеріне сай келетіндей, арнайы дайындық әдістері жасалады. Бейбіт уақытта соғыстың психологиялық жүктемесін, технологиялық ауыртпашылықпен салыстырғанда үлгісін келтіру өте қиын.

 


Дата добавления: 2015-12-01; просмотров: 336 | Нарушение авторских прав



mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.022 сек.)