Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

Украин педагогы

Читайте также:
  1. Буряк Л. И. Украинская феминология в историографическом процессе второй половины ХІХ – первой трети ХХ ст. – Рукопись.
  2. БЫВШИЙ ГЛАВА РАЗВЕДКИ УКРАИНЫ МАЛОМУЖ ПОПАЛСЯ НА ШПИОНАЖЕ В ПОЛЬЗУ РОССИИ 25 июня 2014 г.
  3. Всеукраинский конкурс красоты
  4. Всё Украинское Движение во главе с Бондарем от МЕНЯ отказалось и МЕНЯ вместе с МОИМИ Светоносными детьми из Движения изгнало, Тьмой полной обозвав.
  5. ГАЛИЦИЯ – НЕ УКРАИНА
  6. Германия, Чили, Украина
  7. ГИС – это один из самых популярных электронных справочников с картами 151 города России и Украины.

 

Иә, өмірде күрделі жәйттер аз емес. Адамдар қарым қатынасының қыр - сырын жетік білемін дейтін ешкім жоқ шығар. Көзге көріне бермес «нәзік иірімдер» үңілген сайын тереңдей түседі. Иә, сырттай байқалмайтын тек іштей ғана ұғынатын осынау ғажап сезімге көпшілігіміз ыждаһатты мән бере бермейтініміз жасырын емес.

Адамдардың салқындығының, немқұрайдылығының сыры неде?

Біріншісі. Қараңызшы, бір адаммен таныссаң ол туралы өзгеден алғашқы еститінің сыңаржақ пікір. Кейде ойланбай, мән бермей сөйлей саламыз. Оның аржағында кісі көңілі жараланады. Бұл біздің адамдығымызға әсер етіп жатады. Неге бұлаймыз? Зер салып зерделей қарасақ, оның ұшы өзімізде екенін аңғарамыз. Біз көбіне мақтауға сараңбыз да, мақтануға шеберміз. Мәселен бір кісіні сөз етсек, алдымен ол жөнінде сынай түсеміз. «Қандай жігіт өзі?» деген сұрақ кесе көлденең шыға келеді. Неге екенін қайдам, әйтеуір бір жағымсыз ойлар дайын тұрады. Меніңше, осынау немқұрайды сөзіміз арқылы араға салқындық түсіріп алатын сияқтымыз. Жақсы пікір жағымды сөз жақындата түспей ме? Ал біз неге осыған сараңбыз?

Екіншісі. Өмірде түрлі жандар бар ғой. Таңқаларлығы бәз біреулер өзгелердің бәрін жақтырмайды. Мұндайлардың бір қиындығы бір ауыз жылы сөзі болмайды. Осының өзі адамдардың арасындағы қатынасты қысқартып тастайды. Өзгелердің де бұл кісіге деген қызығушылығы, ынта-ықыласы азая түседі. Бәлкім содан да шығар, қызғаншақ, ашуланшақ, өзімшіл болатыны. Ең ұтылатын тұсы да ешкіммен достасқысы келмейтіні. Меніңше, пенде біткеннің өмірдегі басты қасіретінің өзі осында.

Үшіншісі. Кешіре білмеушілік. Адамдар арасындағы келіспеушілікті, өзіне жағымсыз тірлікті ұмытпауы. Үнемі санасында ұстауы. Құрметпен қараудың, ықыласты пейілдің жоқтығы. Қайта «құртып жіберемін», кеткен «ақысын» қайтарам деп отырады. Міне, осылай қателік үстіне қателік қосып алады. Бірақ ешқашанда кінәні өзінен іздемейді. Өзін емес өзгені кінәлай беру пендені тоздырып жауапкершілік пен талапты жоғалтып алады. Осының бәрі бақытсыз өмірге алып келеді.

Өмірдің жақсы жағы адамға деген сүйіспеншілік. Бір адамды құрметтесең, ол да сені сыйлағысы келіп тұрады. Жақсы сөз мерейіңді өсіреді. Өзгеге қол ұшын беріп, көмектес. Барлық жақсы қасиеттер өзгелерді ұната білуден басталады.

Бақыттылық – адамға қуаныш сыйлау, жақсылық жасау деп білем.

Жүректен шыққан жеті сөз

Өзіңді өзің сүймей өзгенің сүйіктісі бола алмайсың.

* * *

Көңіліңе өкпе ренішті де жинай берме. Кеудең ауырлаған сайын адамдармен араласуың қиындай түседі.

* * *

Өмірде бос қарап отыруға болмайды. Өз мақсатың үшін әрекет ету, күресу керек.

* * *

Өзіндік мақсаты, айтар ойы, қызыға айналысар жұмысы бар адам ғана шын мәніндегі адам.

* * *

Мақсатың болмаса - жолыңды тұман шалғаны, талабың болмаса - тауды да көре алмайсың.

* * *

Іздесең – табасың, талаптансаң – жетесің, зейін салсаң – ұғасың.

* * *

Күліп жүргенің өзіңе де жеңіл, өзгеге де жағымды.

 

 

ЖЕТІНШІ ДӘПТЕР

ТАҒДЫРЛАР-АЙ,

ТАҒДЫРЛАР...

 

 

31 мамыр, жексенбі, 1998 жыл

 

«Басқа адамдардың тағдырын түсінгісі келмейтін адам, өмірде көптеген қиындықтарға душар болады, әрі айналасындағыларға үлкен зиянын тигізеді».

А. Адлер,

Веналық психолог

 

ЕРТЕ ЕСЕЙГЕН ҚЫЗ

Бүгін қолыма 1991 жылы республикалық «Лениншіл жас» газетінің тілшісі ретінде жазған мақалаларым түсіп отыр. Жеткіншек қыз Жамалдың тағдыры туралы... Содан бері, міне, 7 жыл өтіп кетіпті-ау. Сізбен сырласып отырған тақырыбымызға жақын болғандықтан мұны да назарларыңызға ұсынғым келді. Сонымен...

«Өмір сүргім келмейді!»

Жасы он алтыға толмаған мектеп оқушысының өз аузынан естіген бұл сөз көпке дейін құлағымызда жаңғырып, жанымызды жай таптырмады.

Тілшілер тірегіне келген оныншы класс оқушысының қылығы ойымызды сан-саққа жүгіртті. Киген киіміне, жүрген жүрісіне қарап оқушы деп айта қоюдың өзі қиын. Бірақ қарақат көзі, жаутаңдай қараған жанары балауса, балғын екенін айтпай аңғартқандай. Сөйлеген сөзі нық, қимылы ширақ.

- Мені жай ғана Жамал деп атасаңыз болғаны. Өмірден қатты түңілдім. Бүгінде нағыз жанашыр жолдас жоқ. Барлығы тек өзінің қамын ғана ойлайды, - деп ол өмірдің тауқыметін әбден көрген жандай әңгімесін бастады.

- Қазіргі халімді өзім де түсінбеймін. Қыз дейтін қылығым жоқ. Бұрын кішкентай кезімде қайта әдебиетке, өнерге қызығатынмын. Қазір ештеңеге де қызықпаймын. Мен сырымды тек сізге ғана айтып отырмын. Өйткені жазғандарыңыз маған ұнайды. Таңқалмаңыз, темекі шегемін. Иә, иә, мектеп қабырғасында жүріп... Арақтың да дәмін татқанмын... Төбелеске құмарлығым ерекше. Жаныма жақпағандарды мейлі ұл, мейлі қыз болсын жұдырықпен «сипап» аламын. Әлім жетпейтін болса, компаниям бар. «Хулиган», «бандит» деген де атым шығып жүр. Менің лақап атым - «Бойдақ». Сабаққа ешқандай зауқым жоқ. Керісінше, «вечер», дискотекадан қалмаймын. Мұның бәрін жек көремін. Мен үшін сондай жиіркенішті. Бірақ солай болса да, осынау іске қалай барып қалғанымды білмеймін. Бәріне тойдым. Қысқасы өмір сүргім келмейді, өмірдің еш мәні жоқ сияқты. Бір-екі рет өлгім де келді...

Қарсы алдымызда отырған сүп-сүйкімді, реңді келген Жамалды мынадай жаман қылыққа қимай, «ұстаздарымен, достарымен пікірлескіміз келетінін» айтқанда:

- Жоқ! Олар менің бұл істерімнен бейхабар. Және де бұған олар емес, өзім ғана, тек өзім кінәлімін! - деді.

- Егер менің басымнан өткен жәйттерден мағлұмат алғыңыз келсе, сізге сенейін, мынау менің жан баласына көрсетпеген күнделігім. Тек шошымаңыз, өйткені мен ащы болса да тек шындықты жаздым. Осындағы сырларымды газет арқылы замандастарыммен бөліссем деймін. Олардың пікірін білгім келеді. Болмаса маған өте ауыр. Өмірмен қоштасуым да ғажап емес! Бәлкім сізбен ең соңғы рет сөйлесіп отырған болармын.

Басын әнтек көтерді де, тіке қараған күйі шығып кетті. Соңғы сөзді айтқанда тіпті кірпік қақпады. Өң мен түстің арасындай қас-қағым сәт жанымды мазасыздандырып жіберді. Ойыны ма, шыны ма? Көз алдымда адамға тура қараған жауқазын жанардан қайсар мінезді аңғарғандайсың. Бір ойдың шырмауынан шыға алмай, бір қорқынышты іске бекем бел буғандай еді.

Оның қолыма ұсынған қалың, көкшіл дәптерін оқуға төрт сағат уақыт кетті. Бейнебір ауыр роман оқып шыққандай әсер алдық. Кәдімгі торкөз дәптерге оқушының қолымен толтырылған күнделікті өмірінің үзік сырлары екен. Оқыған сайын денең түршігеді. Мұның ішінде не нәрсе жоқ десейші?! Мектеп оқушысының емес, кәнігі көше бұзақысының бастан кешкендері тәрізді.

Жамалдың күнделігінен:

15-қаңтар, сәрсенбі, 1991 жыл

Бүгін тағы да Шымкент қаласындамын. Кешегіден кейін Вера екеуміз «Восход» гостиницасына келіп қондық...

18-қаңтар, жұма

...Сабаққа келдім. Содан жазықсыздан жазықсыз қыздарға ұрса бастадым. Не болғанын өзім де білмеймін. Мектепке Қауырсын мен Қылжақпас (екеуі де лақап аты, жиырмадан асқан жігіттер) келді. Айтуларына қарағанда туған күні. Мені шақыра келіпті. Белгілі ғой, арақ керек болғаны ғой. Қолаңшашқа (отыздан асқан келіншек) запискі жазып бердім:

«Привет, біз көріспегенімізге көп болды. Өзіңді қатты сағындым, мына балаларға ақ су мен қызыл судың 4-5 шынысын беріп жібер. Ақшасын қанша сұрасаң да төлейді. Кешке кездесейік. Достарымның көңілін қалдырма. (С.н «ЖОКС»: мұны өзі түсінеді)».

Қолаңшаш жұмысты тындырыпты. Карта ойнадық. Жеңдім. Билегенсіп жүріп Қауырсын мен Қылжақпас қалтамдағы ақшамды ұрлап алып қойыпты. Мен де іске кірістім. Екеуінің ортасына отырып, тұтандырған темекімнің күлін коньякқа салып біраз қозғап, екеуіне ішкіздім. Әбден мас болғанда, қалталарындағы бар ақшаны алып, тайып тұрдым. Түн жарымында үйге зорға жеттім. Терезеден түсіп, бөлмеме кіріп жатып қалдым.

19-қаңтар, сенбі

Таң атпай шешемнің айқайы шықты. Менің есігімді қағып, қайта-қайта айқайлады. Бөлмемнің құлыптаулы болғаны мұндай жақсы болар ма? Әйтпесе тынатын едім.

Сабақ болып жатыр. Ал менің ойым - Ташкент базарында. Сабақ миыма қонбайды. «Информатика» ғой. Есепті дұп-дұрыс шығарсам да, маған «үш» қойды. Неге бұлай? Қатесін түзеп, басқаларға «төрт» пен «бес» қойды. Маған неге «үш» қояды? Миым жетпейді. Да, ладно, бог с ним! Алгебра сабағында: «Далаға шығып келейінші», - деп сұрандым да, көрші Қайнарбұлақ ауылына тартып отырдым. Заказ берген кісіме бардым. «Сары майды жеп қойдық» деп ырза болып тұр, бұл Мираш. Мұның күйеуі, үш баласы бар. Мұны «Мила» деп атаймыз.

- Жегенің ас болсын, ішіңе барып тас болсын! - дедім. Осымен үшінші рет келуім. Май да, берген 50 сом ақшам да жоқ.

- Ертең, ақшаны және майды өзің әкеліп бермесең, менен жақсылық күтпе! - деп кетіп қалдым.

20-қаңтар, жексенбі

Таңғы сағат 5-те тұрдым. Өзіме укол жасадым. Сағат 7.30-да қалаға кеттім. «Үшінші нүктеден» В-ны таппадым. Жаңылдың үйіне бардым. Бұл мені «наркоманка» деп өсектейді де жүреді. Мені көре сала тікенек терісін жамылды. Айқайлап, жекіріп мені «көргісі келмейтінін» айтты. Бұрын үндемей құтылсам, енді шыдай алмадым. Бар пәрменіммен жұдырықпен тартып жібердім. Мұрны қанады. Телефонға жүгірді. Мен шашынан ұстап, әбден ұрып, тептім. Шешесі байғұс келіп, менің аяғыма жығылып, зар жылады. Әбден зығырданым қайнаған мен Ж.-ның шашынан ұстап тұрып: «Сен сайқал, әлі менен есебіңді айырған жоқсың. Бұлай тірі жүргенің – менің арқам. Жүкті болып, жылап келгенінде тамыр таныстарыма айтып, аборт жасатып, шешең екеуіңді адам қылған мен едім ғой. Мен саған ақша әкелсем ғана жақсымын, өзім келсем жаманмын ғой, ә... Сүйреп жүріп жұмысқа тұрғыздым, достарыммен таныстырдым. Сондағы жақсылығың осы ма?» - деп тағы бір тептім. Осыдан тура бір ай бұрын өзім әкелген куртканы, оның жанындағы ондатр шапканы кидім де, шығып кеттім...

22-қаңтар, сейсенбі

Кеше Мила сары май және ақша әкеліп беріп кетіпті. Жанының тәттісін қара! Қорықса қорқатындай компаниям бар ғой. «Беті аулақ» деген шығар...

...«Қазақстан» кинотеатрына келсем, компания жиналып, «ансамбльде» ойнап жатыр екен, олардан шығып, «бірінші нүктеге» келгенімде бір машинадан біреулер шығып, мені шақырды. Мен бармай қарап тұрдым. Сосын телефонға жылжыдым. Одан әрі не болғанын білмеймін... Есімді жисам бір үйдің ішінде екі қолымды тас қып байлап, төбеге іліп қойған. Сосын «одноразовый шприцпен» бар шыныңды ақтаратын укол салды. Мен ол шприцті бұрын талай қолданған едім. Шашымнан тартып бетіме шапалақпен тарс-тұрс ұрып жатыр. Есімде қалғаны Вера туралы сұрады.

- Вера дәрі-дәрмектерді қайдан алады?

- В... ақшаны қайда жинайды?

- Сен кімнің жансызысың? Өз ақшаңды қайда жинайсың?

Миға кірмейтін сұрақтар. Бәріне «білмеймін» деп жауап бердім. Укол маған әсер етпеді. Бірақ, мені не үшін ұрып, осынша қинады? Содан машинамен «бірінші нүктеге» түсіріп кетті. Есімді жинап қарасам, қасымда ешкім жоқ... Басым мең-зең.. Жыны кеткен бақсыдаймын.

24-қаңтар, бейсенбі

Сабақта отырсам да, басымнан небір ойлар кетпей қойды. Түк түсініксіз, шым-шытырық бірдеңелер. Сабақ миыма кірмеген соң, «Абай жолының» екінші томын оқуға кірістім. Мұндайда көрмейтінді көріп қалатын Үрипа апайымыздың көзі-ай десеңші!

- Жаманқұлова осынша әдеби кітап оқудан жалықпауына қарағанда, сен де келешекте том-том кітап жазып, біз де қызыға оқимыз-ау?

Мен де қарап қалам ба:

- Құдай көрсетсе, оны да көрерміз, - деп жауап бердім.

Осы бір өзі қызық адам. Анада «Ал, кәнеки, қыздарда» класы жеңіліп қалды. Ол кластың ақынымен мен айтыстым. Ол нөл, мен 14 ұпай жинадым. Содан кейін болған алгебра сабағында болмашы нәрсеге ұрсып, маған «екі» қойды. Әйтеуір мені көрсе «қызуы» көтеріліп кетеді. Әй, мейлі, қалау – өзінікі. Маған десе «нөл» қойсын. Көңілім баяғыдай. Бірақ аттестатым үшке толып кетсе... Ал, енді, физика сабағы. Гүлбаршын апай. Кластағы оқу озаты С-дан бақылауды көшіріп жазғанмын. Оған «бес» қойыпты да, маған ештеңе жоқ. «Апай, маған баға қоймапсыз» деп алдына жетіп бардым. Парақты алып ары-бері қарады да: «Есепті қатесіз шығар» - деп қып-қызыл сиямен бажырайтып жазып берді. Қатесі жоқ есепке осылай жазып берген соң, суға батып өлсең де өкпең есіңнен шықпас. Үйренген әдеті - «Ей, ей, ей,» - деп, сөйлейді. «Бір жазуды жаза алмайтын қандай бәлесің?» «Естіп тұрсың ба, ей, бәле?» - деп өңменіңнен өтіп кетер сөздерді айтады да, бор болған қолын терезенің әжептеуір пердесіне сүртеді...

25 қаңтар, жұма

Бүгін – жұма ғой. Ұзын көйлек киіп, басыма орамал тартып, біраз дінмен айналыстым. Арапша әріптерді, Құранның біраз сүрелерін білемін. Мен ауыра берген соң, әкем тәуіпке апарды. Содан тәуіп: «Сенің аруағың бар, жұма күндері жеті нан құдайы беріп, құран оқы, біраз адамға құдайы тамақ беріп, қайта кел. Сенен тәуіп шығады», - деген. Ондай қасиет бар болса бар шығар, өзімнен оны мен де, өзгелер де байқаған. Қолыммен ұстаған жерім күйіп немесе суып, сай-сүйекті сырқыратушы еді. Балшы осының бәрін тура айтты. Маған қойған шарты: 1) Арақ және басқа ішімдік ішпе. 2) Анаша, көкнәр, темекі тартпа. 3) Қыдырма, кешке «вечерге» барма. 4) Өтірік айтпа, ұрлық жасама, ішетін адамдармен ауыз жаласпа. 5) Таза жүр. Әулиелерге сиынып, саған бата беремін. Өзіме шәкірт етемін деген. Қайдағы? «Қырықпай өсір» деген шашты күзеп тастадым. Іштім, шектім, қаңғыдым, өтірік айтып, ұрлық жасадым, жаныма жақпағандарды соққыға жықтым. Картаны еркектерден қатты ойнадым. Тіпті қыз екенімді ұмытып кеткен кездерім талай болды... Оның есесіне есінен тандыратын газ балоны, «одноразовый шприцпен» жұмыс істеуді және «палочкада» (адамдарды ұратын) ойнауды жете меңгердім. Талай таяқ жедім де. Техниканы да (жеңіл машиналарды, мотоциклдерді), дінді де, ақындық өмірді де, үй мен дала шаруасын да, әртүрлі адамдармен қарым-қатынас жасауды да жақсы үйрендім..

19-ақпан, сейсенбі

Түнімен ауырып, ұйықтай алмадым. Кешегі арақ пен темекінің күші ғой. Тағы да укол салсам қайтеді деп ойладым. Бар күшімді жинап, шприцтің инесін тамырыма кіргіздім де, айнаға қарадым. Құдайым-ау, айнадағы мен емес, басқа біреу ғой. Не болып кеткем? Әншейінде көзіме жас келмейтін, дәл қазір екі көзіме ерік бердім... Қаңтардың 20-нан бері азаптанып келемін ғой. Өткен күндеріме қарасам, денем түршігеді. Ал, қазіргі жүрісім мынау... Кімге керекпін? Өзімді-өзім иттің етінен жек көремін. Бір күні болмаса бір күні осы тірліктерім ашылып қалатындай. Қояйын деп оқталдым, қоя алмадым. Өлмекші болдым, екеуі де сәтсіз аяқталды. Көлге түскенімде жүзе алмай, батып бара жатқан адам екен деп біреулер құтқарып алды. Қайдан білсін, менің өлгім келетінін. Қайта жолымды бөгеді. Енді не істеймін? Құдай-ау, не жаздым сонша азаптайтындай?...

Айтыңдаршы, біреуің бірдеме. Әке-шеше, туған-туыс, кешір мені. Мен бұлай өмір сүре алмаймын. Сау болыңдар бәріңде...!!!.

...Өмір сүргім келмейді...

* * *

Мынадай суық сөздерді оқығанда маңдайымнан тер бұрқ ете қалды. Мұның не, жап-жас өрен-ау? Бар қызықтың бәрі өмірде емес пе? Жамал, мен саған құрғақ ақыл беруден аулақпын. Өзіңнің де ақымақ еместігің сөздеріңнен, күнделіктегі жазуларыңнан көрініп тұр. Сонда негізгі кедергі не?

Менің ойымша, бұл соншалықты өмірден түңілетіндей қайғы емес. Осынау өтпелі кезеңде жүрген жалғыз сен емессің. Өзің осындай ауыр жолға түстің бе, одан шығуға да ерік-жігер сенде табылады деп білемін.

Мынадай шарасыз, мәнсіз қорытындыға келу әншейін балалық аңғырттық. Меніңше, өмір саған берілді ме осының өзі бақыт. «Өмірін тәуекелге тікпеген адам өміріне иелік ете алмайды», - деген сөз бар.

Айналаңа қара, табиғат та, адамдар да әдемі емес пе? Қарашы, құстар сайрап, жүректерге жылылық ұялатып көктем келеді... Жақсы жандар да өте көп қой. Солармен сырлас. Өйткені, сенің өмірің енді ғана басталып келеді емес пе?! Жарқын істеріңді, болашағыңды «азаптандым» деп сызып тастама! Енді бір-екі жылдан кейін өзіңе қарашы. Қаншалықты өзгергеніңді қазіргі шешіміңнің мүлде теріс екенін ұғар едің, Жамал.

«Өмір – күрес, бақыт – күресте» емес пе, өз бойыңдағы жиіркенішті қасиеттеріңмен күрескін!

«Адамға ең қымбаты – өмір. Өмір сүруге асығу керек. Өмірдің ең қиын кезеңінде де қасқайып қарап тұра біл, сол қиын өмірдің өзін пайдаға асыр» - дейді өзің орыс әдебиетінен білетін жазушы Николай Островский. Мен саған құрғақ дәлел келтіріп отырғаным жоқ. Бұлардың бәрі қиын өмірді бастарынын өткерген жандар. Сондықтан да басыңдағы бақытыңды таптама, қумағын, оған құрметпен қара!

Жамал, сен ең бастысы алғашқы адымды жасадың. Бар шындығыңды жасырмай айттың. Бұған батылың жеткен соң, өз шешіміңді өзгертуге де күшің жетеді деп білемін. Өмірмен қоштасу... барлық мүмкіндігіңді, алдағы көрер қызықтарыңның, қуаныштарыңның бәрін-бәрін жояды, естимісің, Жамал?! Ешкім де, әке-шешең, аға-бауырларың да, жолдастарың да мұны қаламас еді.

Менің қайталап айтарым, өзің шарқ ұрып іздеген жол да, бар бақытың да – ӨМІРДЕ, тек қана ӨМІРДЕ дегім келеді.

Замандастарың, оқырмандар не дейді екен? Олардың да пікіріне құлақ сал, Жамал!

Сәлеммен

Әкім Ысқақ

«Лениншіл жастың» өз тілшісі

Шымкент облысы,

8 мамыр, 1991 жыл

 

Жүректен шыққан жеті сөз

Өміріңдегі басты қасірет: ойлағаныңның болмауы, күткеніңнің кезікпеуі, іздегеніңнің табылмауы.

* * *

Алдыңа үлкен мақсат қойып, өзіңді төмен сезінсең ешқашан жетістікке жете алмайсың.

* * *

Өзгенің көмегіне сүйенбейтін, жалтақтамайтын (керек етпейтін емес) өз бағыт-бағдарың, талғам-түйсігің, жан байлығың ғана азапты жолдан құтқармақ.

* * *

Тағдырдың қандай соққысына да төтеп беру адамдық биіктерге жеткізеді.

* * *

Қандай қиындық болса да өмірді сүймей болмайды. Өйткені бар қызығың да – осында екені даусыз.

* * *

Өмірде бәрі ойдағыдай емес... Ойдағының бәрі өмірдегідей емес.

* * *

Адамда жүрек болса сағыныш болады. Ал балалығын, кәусар дүниені сағынбаған, одан сусындамаған жанда қайдан жүрек болсын?!

* * *

Жамалдың тағдыры не болды?

 

«Ерте есейген қыз атты» («ЖА», №87, 1991 ж.) мақалаға орай хат жазған оқырмандарымыз осындай сауал қояды.

Газетте Жамал жайында мақала шыққанымен, оның тағдыры туралы алаңдаушылық көңілімнен көпке дейін кетпей қойды. Жазған дүниеңнің бір жәрдемі болса бір сәрі-ау, ал егер кері әсер етсе ше? «Бойдақ» деген лақап атпен белгілі болған мектеп оқушысының жасы 16-ға толмай жатып кәдімгі көше бұзақысына айналғандығы, сан қилы сорақы істерге барғандығы күнделігі арқылы өз көзқарасымен ашық айтылған еді. Сапарнама кезінде де оқырман арасындағы әңгіме көбіне осы бір жан төңірегіне ауысатынды. Бірде бұл Шымкент облыстық комсомол комитетінде үлкен пікірталасқа айналып кетті. Жамалды жазғырушылар да, оған қол ұшын бергісі келетіндер де табылды.

Нағима: - Рас, қазіргі жасөспірімдерден қорқуға болады. Иә, олардың бәрі сондай, бір-біріне ұқсас. Үйлену тойларына бара қалсаң жоғары класс оқушылары немесе мектепті жаңадан бітіргендердің аузында темекі, аяқтарын шәлкес басып жүргені. Кейде қыз деген атыңа кір келтіреді.

Перизат: - Жоқ, бәрін кінәлауымыз бекер. Көзге шыққан сүйелдей боп бірен-сарандар көпшілікке топырақ шашып жүр. Жамал сияқтыларды соттау керек!

Гауһар: - Жоқ! Жамалды мен кінәлай алмаймын. Жауына қанша қатыгез болғанымен ол қыз бала. Оның жүрегі нәзік. Қазір өтпелі кезеңі болғандықтан ештеңе түсінбейді. Қараңызшы, спортқа жетік, өлең жазады, емшіліктен хабары бар. Ол қабілетті жан. Ал қабілет кез келген адамға қона бермейді. Жамалды қорғауымыз керек. Және оған тиісті ықылас пен тәрбие жетпей жатыр.

Әуез: - Оның ата-анасы кінәлі. Неге жап-жас қызды еркіне жібереді. Мал кешіксе де иесі іздеп шығады ғой. Перзент, кәмелетке толмаған мектеп оқушысының түннің бір уағына дейін жүруіне неге тыйым салмайды?

Шымберген: - Меніңше, Жамалға қол ұшын беру, көмектесу мүмкін емес. Ол асқынып кеткен ауру сияқты сана-сезімі әбден уланып қалған дарынды жанның теріс жолды таңдағаны өте аянышты!

Пікір білдірушілер көкейдегі ойларын іркілмей жеткізді. Жамал жөнінде бірнеше сұрақтар қойылып, жауаптар қайтарылды.

...Күздің қоңыр самалы баяу еседі. Жүрегіңді нәзік сезімге бөлеп ағаштардан сарала жапырақтар ұшып түсуде. Біз бұрын айнала бүршік атып дүние жасыл рең ала бастағанда жолығып едік. Енді, міне, жан-дүниеңді сарғайтқан сағынышқа бөлейтін алтын күз келді. Осынау жыл мезгіліндей Жамалда да үлкен өзгеріс бары аңғарылды. Көз алдыма оның бұрынғы қиылған шашын артқа жіберген, маңдайына лента байлап қойған, үстінде шетелдік спорттық киім, екі жеңін түріп алған, аяғын айқастырып отырған бейнесі елестеп өтті. Қазір тіпті басқаша, үстінде қарапайым мектеп оқушысының киімі. Жымиған кезде байқадым, үш алтын тіс салдырыпты... Әкесі қатты ауырып, өзі ауруханаға жатқызғанын тілге тиек етті... Өмір туралы пікірлестік.

- Аға, одан да мен баяғы сізге көрсеткен күнделігімді алып келейін. Онда бәрі бар...

- Ары қарай жалғастырғансың ба?

- Иә, бірақ бұл жолы көп беттерін сізге көрсетпеймін. Ол өте құпия және газетке жариялауға болмайды. Мақалаңыз шынында маған қатты әсер етті...

- Онда келістік!

Жамал уәдесінде тұрды. Ертесіне маған айтқан уақытында келді. Бұл жолы көңілділеу. «Дәрі-дәрмектерін тапқанын, әкесінің денсаулығы дұрыс екендігін» жеткізді.

- Мына дәптерді танитын шығарсыз...

Қолыма баяғы қалың көкшіл дәптерді ұсынды. Иә, сол кәдімгі торкөз дәптерге оқушының өз қолымен жазылған күнделіктің жалғасы.

 

Жамалдың күнделігінен

10-мамыр, жұма, 1991 ж

Бүгін ерте тұрдым. Басыма орамал, үстіме ұзын көйлек кидім. Аяғымда мәсі мен кебіс. Құдайға құлшылық етіп, ата-бабаларымызға, әруақтарға бағыштап құран оқыдым. Неге екенін қайдам, жұманы аңсаймын да тұрамын. Мен үшін ең қасиетті күн саналады.

Қас қарайып қалған. Сабағымды әзірлемек болып отыра бергенімде жеңіл машинаның даусы естілді. Шықтым. Ермек екен. (Мұның жасы 37-де, көрші ауылда тұрады).

- Жамал, құттықтаймыз!

- Не үшін?

- Газетке шығыпсың ғой?

- Ішім қылп ете қалды.

-?!

- Күнделік жазады екенсің ғой. Соның газет бетінде жарық көріпті.

- Жасырмай-ақ қой, сенің күнделігің екенін бірден білдім. Басқа, басқа өзіңнің лақап атың сол күйі беріліпті.

Сойған түлкідей ыржиып тұр. Шынымды айтсам жаныма жағып тұрған жоқ.

- Басқа айтатын ештеңең жоқ па?

- Оқымасаң міне, алып келдім?

Кекесінді пиғылмен қолыма «Лениншіл жас» газетін ұсына берді.

Қанша ашу-ызам келсе де (бүгін жаман сөз айтуға болмайтын күнім ғой) үндемей газетті алып қала бердім.

Үйге бір түрлі денем салқындап кірдім. Газетті оқуға асықпадым. Білмеймін, егер оқысам көпшіліктің алдында өзімді мойындап қоярдай сезіндім. Бағана, бұл мектепте де сөз болған еді. Оқушылар бір-біріне: ««Лениншіл жасты» оқыдыңдар ма? Бір сұмдық наркоманка қыз туралы жазыпты» - деп шулап жатты.

Үйдегілердің бәрі ұйқыға кеткенде өзімнің бөлмемді іштен іліп, жарықты жақтым. «Лениншіл жастың» 8-мамыр күнгі нөмірі екен. Бірінші бет. Жоқ. Екінші бет. Жоқ! Үшінші бет... «Ерте есейген қыз». Мынау екен ғой... Көзімнен жас парлап жатыр... Тағы да қайталап оқып шықтым. Білмеймін, өзімнен ерік кеткендей, тырс-тырс тамшылар газетті сулап бітті. Өз қолыңмен жазылған сөздердің тасқа басылып, өзіне айналып келгені өте сұмдық әсер етеді екен. Енді бүкіл елдің бәрі біліп қойғандай. Автордың: «Адамға ең қымбаты - өмір, өмір сүруге асығу керек. Өмірдің ең қиын кезеңінде де қасқиып қарап тұра біл, сол қиын өмірдің өзін пайдаға асыр. Жамал, ең бастысы сен алғашқы адымды жасадың. Бар шындығыңды жасырмай айттың. Бұған батылың жеткен соң, өз шешіміңді өзгертуге де күшің жетеді деп білемін. Өмірмен қоштасу... барлық мүмкіндігіңді, алдағы көрер қызықтарыңның, қуаныштарыңның бәрін-бәрін жояды, естимісің, Жамал?! Ешкім де, әке-шешең, аға-бауырларың да, жолдастарың да мұны қаламас еді...» деген сөздерді оқыған сайын бүкіл республикадағы адамдардың бәрі маған осылай үн қатып жатқандай көрінді. Ойымның мүлде теріс екенін осы сәт шын мәнінде ұғынғандаймын. Иә, ешкімнің ештеңесі кетпейді. Мені өлді деп біреудің аузы қисайып қалмайды ғой. Тек сорлап қалатын әке-шешем екен. Өмірден кеткенің - барлық нәрседен құтылуда емес. Қайта артыңда «өзі сондай еді, ақыры түбіне жетіпті ғой» дейтіндер шықпай қалуы мүмкін емес!

Кешіріңдер, дәл қазір тып-тыныш дем алып жатқан ата-анам! «Жақсы сөз - жарым ырыс» деуші едіңіздер, қайта құдай жақсылығына жеткізсін. Ақыры кететін болған соң, бір жанға бар сырыңды ақтарып кету керек шығар деп өзіңді таңдаған едім, «Лениншіл жас!». Бірақ мұншалық көңіл бөліп, бір беттің жартысына жуығын маған арнайды деп кім ойлаған! Енді дәлелдедің, көзімді жеткіздің, өлсем де жақсылыққа құштар, жамандыққа қарсы тұрып кетемін.

Сағатыма қарасам таңғы 4-тен 2 минөт өтіпті.

13-мамыр, дүйсенбі, 1991 ж

Бүгінгі күн ауыр болды. Мақаладағыны мен емеспін дей алмаймын. Онда лақап атым өзгеріссіз беріліпті. Бұл компаниядағылар білді деген сөз. Және ондағы екі адамның аты тарап кеткен лақап аттарымен көрсетіліпті. Білетіндер сырттан түрткілеп, көрсетіп жүрген де шығар, бәлкім. Бірақ мен артық ештеңе жазған жоқпын ғой.

Алдымен Кәуекбас пен Қылмойын келді. Түрлері өзгеріп кеткен. Келе дүрсе қоя берді.

- Неге біздің бүркеншек аты-жөнімізді жазғызасың! Айтпады деме, бізге бірдеңе болса өзіңнің көзіңді біз-ақ жоямыз. Компанияға басында қатыстың ба, өлгеніңше сонда болуың керек!

Бұлар ештеңе емес-ау. Бұлардан да өтіп кетер сойқандар жеткілікті ғой, әлі.

Түннің бір уағында көше жақтан таныс белгі естілді. Тағы да қайталады. Шықпасаң болмайды. Бағанағылар барлауға келіп, үйде екенімді біліп кетіп еді ғой. «Люкс- 4» компаниямыздың шефі Борсықты жіберіпті. Қасында Көкжелке, Ұзынтұра және Оля бар. Қабақтары қатыңқы. Не үшін келгені белгілі ғой.

- Сен қыз қажетті «нүктеге» баруды қойдың ғой?

- Қол тимей жүр.

- Иә, газетке интервью беруден қолың тимей жүр екен ғой!

-???

- Жігіттер саған ескертті ме?

- Иә.

- Не қылдың, ойландың ба? Компанияға келесің бе, келмейсің бе?

- Жоқ, бара алмаймын.

- Неге?

- Сабағымды оқуым керек!

Борсық «аха-халап» күлді.

- Қашаннан бері оқымысты болып кеткенсің?

Шынымды айтсам, менің де зығырданым қайнап тұр. Әттең, өзіме-өзім серт бермегенде мына төртеуін төрт жаққа шашып жіберер ме едім, кім білсін. Бірақ ондай жағдайда тіпті қиындап кетеді. Борсық қауіпті адам. Көбіне пышақ алып жүреді.

- Компанияға келесің бе, жоқ па?

- Жігіттер, айып етпеңдер, мен бәрін қойдым.

- Әттең қызсың, әй-т-песе... Сен өзі не істеп, не қойып жүргеніңді білесің бе? Кейбір қылықтарың бізге ұнамайды. Сені баяғыдай көкелерің құтқармайды. Ескертемін, шеф енді сенің сөзіңді сөйлемейді...

Сөйлеп тұрып желкеден ұрды. Өзгелері тепкілей жөнелді... Үнсіз жатырмын. Ауыр соққылар басылар емес.

- Аямаңдар!...

- Бетіне белгі салмаңдар!

- Жетеді!

Төртеуі лезде тайып тұрды. Белімнен шойырылып отыз қадам жердегі өз үйіме зорға жеттім.

20-мамыр, дүйсенбі, 1991 ж

Содан, міне, бір аптадан кейін Страус пен Вася келді.

- Компанияға келетін уақытың өтіп барады ғой. Әлде бізді ұмыттың ба?

- Жігіттер, менің сендерде ешқандай жұмысым жоқ!

- Айтпады деме, жеме-жемге келгенде, «Лениншіл жасың» сені қорғай алмайды. Босқа құрып кетесің!

- Онда жұмысың болмасын!

- Осымен үшінші рет ескерту жасалынды. Ертең Шымкентке, кездесетін жерге кел. Қалғанын сонда сөйлесеміз. Айтпақшы, оқырмандардың сен туралы не айтып жатқанын білгің келетін шығар. Мә, мынау соңғы почта. Чау! - деп қолыма оншақты хатты ұсынып кетті.

Иә, бұлардың маған тыныштық беретін түрі жоқ. Қайта жағдай бұрынғыдан да қиындап кетті. Жоқ, Жамал, сен бір сөзді бол. Серт бердің бе, айтқан сөзінде тұр. Жалтақтама. Газет тілшісіне өзің ғой апарып берген күнделігіңді. Енді алға қарай қадам бастың, тоқтама!

Тастап кеткен хаттардың бәрі ашылған, кейбірінде тіпті мөр де басылмаған. Көпшілігі мөр басып дайындалған хаттар. Сыртына «Лениншіл жастың» адресі жазылған да «Ерте есейген қыз» атты мақалаға орай» деген белгі соғылған.

Иә, бұл хаттар қалай түскен қолға? Бірақ, бұған таңданудың еш қажеті жоқ. Белгілі ғой... кезінде өзіміз де айналысқанбыз. Мынаның алтауы Жамбыл облысынан, төртеуі Шымкент облысынан жазылған. Ішінде мамандығы - дәрігер кісі «Жамал сияқтыларды ату керек» депті. Көпшілігі қатты-қатты айтылған сөздер екен. Екеуі ғана ыстық ықыласын білдіріп, жанашырлық сөзін айтыпты. Бұған да құдайға шүкір. Тәуба!

26-шілде, жұма, 1991 ж

Бүгін үйге келгеніме екінші күн. Екі айдан астам уақыт санаторийде алаңсыз демалып, емделдім. Шынайы ем шипа болды. Шындығында, денсаулықты құртып алған екенмін. Біраз жөндеуге тура келді.

Бүгін ешкімге қатты сөйлемейтін, дауыс көтермейтін күнім. Дінге, имандылық пен мейірімділікке бағыштаған күнім. Ұзын көйлегімді киіп, басыма орамал байлап, кебіс-мәсімен жайнамазға шығып, тәспімді аудардым.

Кешке тағы ысқырық естілді. Жүрегім тағы зырқ ете қалды....Борсық, Кәуекбас... Қолдарында «Мойычок», «Нунчак» (төбелесте қолданылатын палочкалар) бар.

- Ойландың ба?

- Жоқ!

- Жарайды, жақсы сөз жақпайды екен, саған, сестренка!

- Қолындағы төбелес құралымен аяусыз ұрып құлатты... Бұл жолы қатты кетті. Бет те, көз де палочканың астында қалды.

Мені осылай таяқтап жатқанда, біршама уақыттан соң жарығы жоқ бір машина жақындады.

- Тоқтатыңдар!

Таныс дауыс естілді. Орнымнан тұра алмай басымды зорға көтердім. Қарасам, қара «Нива» ішінен шефтің өзі - Шерхан, қасында нақсүйері - Элла түсіп жатты. Әрең қозғалдым. Бет-аузым быт-шыт. Үсті-басым қан-қан. Үш тісімнен айрылыппын. Есеңгіреп тұрмын.

- Бұларың қалай, сонша ұрып тастағандарың, - деп Борсыққа жекіді.

Элла маған жақындап, жалпылдауда!

- Ох, боже мой, что с тобой? Кто тебя обидел?

Асты-үстіме түсіп, арқамды қағып бәйек бола қалуда. Әрине, мұның бәрі «сценарий бойынша» нәрселер ғой. Қазақ болғаныңа болайын, қазақша бір ауыз сөз білмейді. Ана тілін қадірлемегендерді суқаным сүймейді.

Шеф маған бұрылды.

- Бойдақ, мұның қалай? Келмей кеттің ғой? Жоқ әлде бізге өкпелісің бе?

Мен үндемедім. Әрең икемге келген қолыммен аузы-мұрнымнан аққан қанды сүрте бердім. Жылымшы қан тоқтамай, бетім дуылдап барады.

- Әлде саған ақша керек пе? Қанша десең де берейін.

- Керегі жоқ!

- Компанияға келсейші?!

Элла құлағыма сыбыр етті:

- Не надо, не ходи туда.

Әрине, Элланың ойы бұрыннан түсінікті, компаниядағы қыздардың бәрін жек көреді. Әсіресе, неғұрлым әдемі, әрі жас болса атуға оғы жоқ және Шерханнан қызғанады. Тастап кетеді деп қорқатын болуы керек.

- Сұрайтыным, тек тыныш өмір сүргім келеді. Ешкімге өкпем жоқ!

Ашу-ызаға толы сөздерді қиналып зорға айттым.

- Болды! Б-ға ешкім тиіспесін. Кеттік! - деп жан-жағына бұйыра сөйледі. - Бірақ өкінесің!

31-шілде, сәрсенбі, 1991 ж

Бүгін туған күнім. Өмірге келгеніме 16 жыл толыпты. Жарық дүние, сенің есігіңді ашып жүргеніме 16 жыл! Аз ба, көп пе? Аз болатын себебі, алға қойған мақсатым, арманым әлі орындалған жоқ. Тіпті мектепті де бітіргенім жоқ қой. Көп болатын себебі, осы жаста менің қатарларым көре бермейтін нәрселерді көп көрдім, оның азабы да, үйреткен жұмыстары да аз болмады. Бірақ бұл туған күнім өзіме-өзім есеп беріп, өмір туралы толғанып, салмақты ой кешіп, жамандық атаулыдан жиреніп, жақсылыққа, игілікке игі қадам жасаған кезімде келіп отыр.

Үш жылдан бері туған күнімді тұңғыш рет арақ-шарапсыз, темекісіз өткіздім... Мұның алдында Тәшкентті, Жамбылды аралап қайттым. Компаниядағы ең соңғы адаммен осылай қоштастым. Әрине, оңай болған жоқ. Бұрынғылардан тек Верамен хабарласып тұрамын. Білмеймін мен дегенде мейірімі үзіліп тұрады... Иә, соның көмегі арқасында бұрынғы «істеріммен» біржола байланысымды үздім...

5-қыркүйек, бейсенбі, 1991 ж

Жаңа оқу жылы жақындап қалған кезде басқа жаққа барып оқығым келді. Өмірімде бір өзгешелік жасамақшы болдым. Ауыл қаншалықты қымбат екенін білемін. Қаладағы мен барған білім ордасын Николай мектебі деп атайды екен. Орыс-қазақ аралас мектеп. Жаңа класым 11-«б». Қалалықтар өзгешелеу. Өркөкіректеу ме, қалай? Мейлі. Маған бәрібір. Үйреніп кететініме сенімдімін.

...Кезекті бір үзілісте дәмханаға қарай асығып кетіп бара жатқанымда біреу аяғын тосып қалды. Құлай жаздап, қабырғаға сүйеніп қалдым. Жалт қарасам 11- «в» кластағы Юра екен. Қасындағы досы екеуі қарқылдап күле жөнелді. Менің зығырданымды қайнатты. Ауылдан келген, бұйығылау, өздерінше, «колхоз» деп атайтын жанды мазақ қылмақ. Оған көнетін мен бе?

Қасына жайлап келіп, қазақшалап:

- Мына тұяғыңды тартып жүр. Екінші рет сынып қалуы мүмкін, - дедім.

- Чего, чего...? Ты че, баран, - дегені.

Екеуі тағы жетісіп, мәз болды. Бұдан артық шыдамдылық таныту – ақымақтық болар еді. Мені қорлайтындай бұлар кімдер осы? Ілезде өзім білетін әдіспен жұдырық жұмсап, іштен аяғыммен ыңқ еткіздім. Екеуі екі жерге ұшып түсті. Юра баспен сылқ ете қалды. Артынша өкірген дауысы естілді.

- Міне, мұны естеріңе сақтаңдар! - деп жөніме кеттім.

Сөйтсем Юраның шешесі Анна Павловна мектепте «завуч» екен. Қыр соңымнан түсіп алды.

Кеше ағамды мектепке шақыртты.

- Ауылға барып оқығаның дұрыс шығар... Күрсінген ағамның ақылы осындай болды.

Ауылды сағынып жүргендіктен келістім.

Бүгін сол баяғы «алтын ұяммен» қайта табысып отырмын.

4-қазан, жұма, 1991 ж

Шынында санамда үлкен өзгерістер болуда. Әлдебір сиқыр сезім жүрегімді билеп алған. Өн бойымда бір жанға деген сағыныш бар. Еңбек сабағында қызық болды. Бәрін Қанат бастады:

- Апай, Нұрсұлудың қасына отырайыншы!

- Отыр.

Марат да қарап қалмады.

- Апай, мен Гүлсімнің қасына барайыншы.

- Бар.

Осылай кластағылардың барлығы өзінің қалаған адамының қасына барып отырды. «Кәне, орналасып болдыңдар ма? Онда бері, қараңдар!» деп апай сабағын бастады. Бәрі сөйлеп, тәртіпсіздік көрсетті деп ойлайсыз ғой! Керісінше, бәрі тып-тыныш отырды. Бірақ көңілді. Қандай қызық. Шынында өмір неткен әдемі, неткен ғажап десеңізші?!

Иә, мұның бәрі «Жас алаштың» (бұрынғы «Лениншіл жастың») арқасы ғой. Тілек білдірген, жанашыр сөзін айтқан жандардың бәріне ризамын. Екі рет «Ерте есейген қыз» атты мақалаға топтама пікір жариялануының өзі маған күш-қуат беріп, демеу болғандай. Бүгін мақала авторын көрдім.

Мен сияқты құрбыларыма айтарым, әсірешілдікке, көрсеқызарлыққа салынып теріс жолға бой бұрмаңдар. Өмірдің жолы бұралаң болса да, ашық, таза жолды таңдаңдар. Сонда саған жеңіл болады. Мұны мен өз басымнан өткердім.

 

* * *

Бір адам бойындағы өзгерістерді көріп, жан қиналысын сезініп, дәл қазір бастан кешіп жатқан өмірімен танысып, көп жәйттің сырын аңғарғандаймын. Өткенде жанбай жатып сөнбекші болған, өз өмірінен түңілген оқушыға налысақ, бұл жолы сол қаршадай қыздың өз сертін орындау жолында табандылығына, қайсарлығына риза болдық. Сөзіңді тыңдап, игі қадам жасаған жанға қалай қуанбассың?! Шынымды айтсам, бойдағы мазасыздық, алаңдаушылық қашан осы қалың дәптерді оқып біткенше тағатымды тауысты.

Өмір - күрделі, жеңіл емес. Мұны бір ғана Жамалдың тағдыры, іс-әрекекті дәлелдеп беріп тұрған жоқ па?!

Иә, Жамал өз шешіміңді өзің жасадың. Толқыны қатты теңізде екінші жағаға малтып өту қиынның қиыны. «Тәуекел түбі - желқайық» демекші, бұлтты, тұманды жақтан күнгей, шуағы көп нұрлы жаққа өте біліпсің. Біз осыған қуандық. Өйткені, екінің бірі мұндай шешімді сенің жағдайыңда жасай алмас еді. Біз енді әрдайым тілектесіңбіз, тілеушіңбіз, Жамал! Игі қадамың құтты болып, мұрат-мақсатыңа жет. Бәлкім арада тағы бірнеше айлар, жылдар өтер, өткеннің бір иірімдері, көңіліңнің жақын суреттері ретінде осы бір шағыңды еске аларсың, алмассың... Бірақ өмірдегі өзгерісіңе өзіңнің сүйікті газетің «Жас алашты» ұмыта қоймайтының анық.

Жамал туралы бар шындық, осы. «Ерте есейген қыз» атты мақалаға орай ойын айтқан оқырмандарға, хат жолдаған барлық жандарға рахмет.

Сәлеммен

Әкім Ысқақ.

«Жас алаштың» өз тілшісі.

Шымкент облысы,

бейсенбі, 21 қараша, 1991 жыл

 

* * *

 

25 ақпан, бейсенбі, 1999 жыл

 

БІР ОПЕРАЦИЯНЫҢ СЫРЫ

Кейде қасымыздағы кісінің жан дүниесін де ұғына алмаймыз-ау. Оған жұмыстың көптігі де мұрша бергізбейді.

Бүгін жолға шыққан жолаушымыз. Астанадан Алматыға жиналысқа бара жатырмыз. Купеде төртеуміз. Төлеген, Ерғали, Серікқали және мен.

Мұндайда жол қысқартудың амалы - әңгіме.

Серікқалимен сырласып отырмын. Ресейде дүниеге келіпті. Кішкентайынан жетім қалып, балалар үйінде өскен. Қазір Мәжіліс депутаты.

Операция қалай жасалынды?

Бұл 1972 жылдың 7 мамыры болатын. Горькийде милиция мектебінде оқып жүрген. Тура кешегідей есінде. Мұны ұмыту мүмкін емес.

Сол күні мектепке галстук таққан кісілер келді. Бүкіл курсанттар акт залына асығыс жиналды. Сөз сөйлеген мектеп бастығы әбіржулі.

- Кімнің қаны бірінші топқа жатады?

Қол көтергені 97 адам. Қалғандарын шығарып жіберді.

Генерал-майор салмақты сөзін жалғады.

- Бірнеше оқу орындарында болдық, «Бірінші топты» тапқанымызбен, денсаулықтары жарамайды. «Төс сүйегінен алынатын кемік майын» (костный мозг) кім тапсырады? Тек өз еріктеріңмен. Бір әйел әл үстінде жатыр. Ол радиация сәулесін өткізіп алған. Соны құтқаруымыз керек.

Ең соңғы үміт сіздерде.

- ???

Үн жоқ. Ешкімнен ешқандай жауап болмады. Тіпті өлі тыныштық.

- Онда жарты сағат ойлануға береміз...

Бастығымыз сылқ етіп отыра кетті.

Тағы да үнсіздік.

Акт залындағы 97 жан қозғалмай отырмыз. Тым-тырыс. Демдерін ішке тартып алғандай. Сахнадағы президиумда бес адам және сырттан келген екі кісі. Біз - оларға, олар - бізге қарайды. Аузымызға су толтырып алғандаймыз. Төрдегілер сағаттарына қарағыштай береді...

Жан ауыртқан жарты сағат өтті.

Генерал-майор орнынан көтерілді.

- Қ-а-лай балалар. Көмектесеміз бе? Ешкімді зорламаймыз...

Оның соңғы сөзі қатқылдау естілді.

Төрдегілер біздерге салқын жүзбен тіке қарады.

- Мен!

- Мен!

- Мен!...

Осылай алты адам атып тұрды. Бүкіл бас қосқандар ішінде жалғыз қазақ менмін. Қарақты көздер маған қадалғандай. Ішкі сезімім алай-дүлей. Олар жалғыз маған ғана емес бүкіл қазақ халқына қарап тұрғандай сезіндім. «Қорқақ сын сәтте шешім жасай алмайды»... деген ойда болмаса екен. Әлде маған қарап бүкіл ұлтыма баға беретін болар? Осыны ойлағанда денем шымырлап шыдай алмадым.

- Мен!

Дауысым нық, сенімді шықты. Қорытындылаушы да мен болдым. Батыл ұйғарым жасағандардың ұзын саны бар жоғы жеті адам.

8 мамыр.

Сонымен біздерге дәрігерлік тексеру жүргізілді. Сол кезде Мәскеуден бірнеше дәрігерлер осында жер аударылып келген еді. (Әйгілі Сахаровтың да осында жүрген кезі). Анализ қорытындылары шықты. Жеті жаннан екі-ақ адам лайықты деп табылды.

1. Никифоров Павел!

2. Мұқанов Серік!

Тағы екі жас Марат Нигматулин мен Аркадий Самошкин тек қан өткізуге жарады.

Ең үздік нәтиже менде!

Бір палатада жалғызбын. Павелды бөлек әкетті. Айнала аппақ. Өзіңмен-өзің бетпе-бет қалған жаман екен. Ауыр бір үрей билей бастады. Классикалық музыка ойнап тұр. Жүрегіңді зіл басқан бірнеше сағаттан кейін дәрігерлер оралды. Жұлыннан пункция алды. Содан соң 400 грамм қан алды.

«Бұл адам өміріне өте қауіпті екенін» тағы ескертті. «Әлі де ойлануыңа болады».

Дәрігерлер консилиум жасады.

Мамыр.

Таңертеңгі сағат 8-ден 10-ға дейін дәрігерлер хал-жағдайды біліп тұрды. Өзіммен сырласамын. Ертеңгі күнім не болмақ?! Жо-жоқ! Райдан қайту - өлім ғой. Оның үстіне жолдастарымның бетіне қалай қараймын. Ең шешуші уақыт 10. 00-де.

Нартәуекел! Шешімімді өзгертпедім. Өйткені мен осынау сәтте өз ұлтыма дақ түспесінші дедім. О әруақ, қолда мені!

Операция жеті сағатқа созылды.

Аппақ әлемде шалқаңнан жатырсың. Көкірегіңді көрмесін деп, қоршап қойған. Қолды, аяқты байлап тастады. Наркоз істеуге болмайды екен. Жергілікті жансыздандыру жасады. Төс сүйегімнен үш жерден бұрғылап тесті. Диаметрі 5 мм. Бәрін сезіп жатырмын. Ине арқылы қасымдағы әйелге тікелей кемік майын алмастыруда...

Екі сағат өтті. Қоршаудың әр жағында не болып жатыр. Әй, қу жаның-ай?! Неге екені белгісіз жергілікті жансыздандырудың күші кетті. Мұны қайта салуға болмайды екен. Операция әрі қарай тірі организмде атқарылды. Бұл қандай азап екенін айтып жеткізе алмаймын. Айқайлайын десем, намыс жібермейді. Қиналып, ернімді тістей бергендіктен аузым қанға толып кетті. Менің жанкүйзелісімді көріп тұрған мейірбике жүйкесі шыдамай есінен танып құлады. Осыдан-ақ тірі әруаққа айналғанымды сезіндім. Екі жарым сағаттан кейін жетпіс грамм алынды. Бұл норма! Әйтсе де бұл жетпеді. Операцияны тоқтатуға болмайды!

- Сіз қарсы болмасаңыз тағы алсақ?

Бұл сұрақ тағы қайталанды.

- Наразылық болмайды ғой.

Мен үнсіз басымды изедім. Кемік майды ауыстыруға осылай келісім бердім.

Дәрігерлер бастарын шайқай жұмыстарын жалғастырды.

Кешкі сағат 18-де операция аяқталды. Кемік май 180 грамм алыныпты! Бұл әдеттегі нормадан үш есе артық.

Мен жанталасқан жан кім? Неге бұл әйелге үкімет адамдары араласып кетті? Кейіннен білдім ғой. Сөйтсем, бұл Мария Лазарева (құпия өндірісте жұмыс істеген) сол кездегі РСФСР Министрлер Кеңесі төрағасы Николай Масленниковтың қарындасы болып шықты. Кім болса ол болсын. Құдай оған өмір берсін. Әйтеуір ол тірі қалды! Бұдан кейін 10 жыл өмір сүрді. Тіпті бұрынғы ауруына қатысы жоқ басқа жағдайда дүниеден өтіпті.

1973 жылы аталмыш мектепті бітірдім. Мұның алдында өзі шақырып алған генерал-майор:

- Балам, өткендегі оқиғаны ешкімге тіс жарып айтушы болма, - деп пысықтады.

Мұнда қандай сыр жатқанын түсінген жоқпын. Тек сол кезде 12 кило салмақ жоғалтқанымды білемін. Артынан ауруханада, шипажайда емделдім.

* * *

1993 жылы Оралда ішкі істер басқармасында қызметте жүргем. Министіріміз телефон шалып, тез жет деді. Шұғыл Алматыға аттандым... Әйтеуір Америкадан бірақ шықтым. Шақырушы Колумб университеті екен. Бұлар адамдарға кемік май алмастырумен айналысатын болып шықты. Мен туралы бір сыбыс мұнда жеткен секілді.


Дата добавления: 2015-12-01; просмотров: 25 | Нарушение авторских прав



mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.102 сек.)