Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

Бразилия немен әйгілі.

Читайте также:
  1. Бразилия :: История Бразилии
  2. Бразилия в XX веке
  3. Бразилия – город мираж
  4. Бразилия, сделка.
  5. БРАЗИЛИЯ. ОБЩИЕ СВЕДЕНИЯ
  6. Бразилия. Социально-экономическая модель страны.

Бразилия

· Жерінің ауданы: 8,5 млн км2

· Халқы: 193,3 млн адам (2009 ж.)

· Астанасы: Бразилиа

· Мемлекеттік құрылымы: федерациялық республика

· Мемлекет басшысы: президент

· Заң шығарушы органы: Ұлттық Конгресс

· Мемлекеттік тілі: португал тілі

· Ақша бірлігі: реал

· Әкімшілік-аумақтық бірлігі: штаттар және федералдық округ

 

Бразилия Федеративтік Республикасы – Оңтүстік Америка құрлығының шығыс және орталық бөліктерін алып жатқан мемлекет. Бразилия – Латын Америкасындағы ең ірі ел, жерінің ауданы және халқының саны жөнінен дүниежүзінде бесінші орынды алады. Аумағы мен ресурстық мүмкіншіліктеріне, экономикасының ауқымына байланысты Бразилияны, әдетте, «тропик алыбы» деп атайды.

Мемлекеттің қалыптасу тарихы. Бразиия жеріне адам неолит дәуірінде қоныстанған. 16 ғасырдың басына дейін Бразилия жерін тупигуарани, тупинамбас, ботокуд тамойос, короадос, т.б. үндіс тайпалары мекендеген. Олар аңшылықпен, балық аулаумен, жер өңдеумен шұғылданып, темекі, какао және т.б. дақылдар өсірді. 1500 жылы Бразилия жағалауына португалдық П. А. Кабрал келіп түсті де, өзі тапқан жерді Португалия иелігі деп жариялады. Ол пау-бразил атты құнды қызыл ағашты Бразилиядан Португалияға тасыды. Бұл ағаштан қызыл түсті бояу алынатын. Кейін елдің өзі осы ағаштың құрметіне «Бразилия» деп атала бастады. 1549 жылы генерал-губернаторлық құрылып, астанасы Баия (Салвадор) қаласы болды. 1517 жылдан құлдар әкеліне бастады да, құл еңбегінің нәтижесінде ірі жер иеліктері пайда болып, онда қант қамысы, мақта, күріш, жгері өсірілді. Кейіннен алтын мен алмас шығарылуына байланысты Бразилия Португалияның ең бай отары бола тұра, Бразилия еурапалық елдер үшін де шикізат көзіне айналды. Бразилияның елтаңбасы

1763 жылы астана Баиядан Рио-де-Жанейроға көшірілді. 18 ғасырдың 60-70 жылдары үндістерді құл ретінде пайдалануға тыйым салынды және мануфактуралар салуға, сауда компанияларын құруға рұқсат етілді, бірақ Лиссабон сарайы 1785 жылы мануфактура құруға, кітап басуға, кеме жасауға тыйым салынды.

1807 жылы Португалияға Наполеон әскері басып кіргеннен кейін, Португалия Корольдігінің әкімдері Рио-де-Жанейроға қашып барды. 1815 жылы Бразилияға корольдік статус беріліп, «Португалия, Бразилия және Алгарва біріккен корольдігінің» құрамдас бөлігіне айналды. Португалияда 1820 жылы болған тамыз төңкерісінен соң, король Жуан (Жоао) IV Бразилиядан кетуге мәжбүр болды да, өзінің ұлы Педруды реген етіп қалдырады. 1822 жылы қаңтарда Педру І Бразилияның Тәуелсіздігін жариялады. 1824 жылы наурыз айында елдің тұңғыш конституциясы қабылданып, конституциялы монархия орнады. Келесі жылы Португалия Бразилияның тәуелсіздігін мойындады. 1850 жылы елге құл әкелуге тыйым салынып, 1888 жылы құл иелену мүлде жойылды. 1889 жылы 15 қарашада либерал помещиктердің өкілдері әскери төңкеріс жасап Бразилияны федеративтік республика деп жариялады.

1891 жылы ақпанда құрылтай жиналысы АҚШ үлгісінде жаңа конституция қабылдады. Елдің экономикасы баяу дамып, ағылшын-америкалық капиталына тәуелді болды. Бірінші дүниежүзілік соғыста Ұлыбритания мен АҚШ-тың қысымымен Бразилия Германияға соғыс жариялап, 1918 жылы Еуропаға бірнеше әскери бригадаларын жіберді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Бразилияда АҚШ-тың ықпалы күшейді де, 1942 жылы тамызда Германия мен Италияға, 1945 жылы маусымда Жапонияға қарсы соғыс жыриялады. 1944 жылы 50 мыңдық әскери корпусын Италия майданына жіберді. 1950-1960 жылдары Бразилия аграрды елден аграрлы-индустриялы елге айналды. 1960 жылы 21 сәуірде ел астанасы Бразилиа қаласына көшті.

Мемлекеттік құрылысы. Бразилия федерациялық республика. Қазіргі конституциясы 1969 жылы 17 қазан күні қабылданған. Мемлекет және үкімет басшысы, қарулы күштердің бас қолбасшысы – президент (5 жылға сайланады). Жоғары заң шығарушы органы – парламент (Ұлттық конгресс), ол екі палатадан (сенат және депутаттар палатасынан) құралады. Бразилияда 16 жастан асқан азаматтар ғана сайлау құқығына ие. 18-ден 69 жас аралығындағы барлық сауатты азаматтар сайлауға қатысуға міндетті.

2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап сайлауда ең көп дауыс жинаған 63 жасар Дилма Руссеф өзінің президенттік қызметіне кірісті. Ол осы латынамерикалық мемлекеттің тұңғыш әйел президенті. Бразилияның президенті

Дилма Руссеф Бразилия үкіметіне тағы да 9 әйел министр қосқысы келетінін айтты. Өзінің президенттік кезеңінде Бразилияның жаңа президентіне көптеген қиындықтармен бетпе-бет келуіне тура келеді. 2014 жылы мемлекет футболдан әлем чемпионатын қабылдаса, екі жылдан соң осы елде Олимпиадалық ойындар өтпек.

Табиғаты және табиғат ресурстары. Бразилия жері экваторлық (солтүстік бөлігі), субэкваторлық, тропиктік (орталық және оңтүстік бөлігі), субтропиктік (қиыр оңтүстік-шығыс) ендіктерде орналасқан. Жерінің көбін Бразилия таулы үстірті алып жатыр. Климаты негізінен ыстық, жауын-шашын мөлшері әр түрлі. Батыс жағы ылғалды экваторлық, шығыс жағы қуаң экваторлық ендікте. Суы мол, энергия көзіне бай өзендер көп, ішіндегі ірілері: Амазонка, Сан-Франсиску, Парнамба, Парана. Ниобий. Аумағының 93%-ы оңтүстік жарты шарда жатқан Бразилия жерінің табиғаты алуан түрлі. Бразилияның ең биік нүктесі – Бандейра тауы (2890 м). Тұтасымен ежелгі Оңтүстік Америка платформасында орналасқан ел аумағы пайдалы қазбаларға да бай. Бразилия темір кенінің қоры жөнінен дүниежүзінде бірінші орын алады, мұнда аса ірі Каражас кен орны (қоры – 18 млрд т) орналасқан. ХХ ғасырдың соңына қарай дүниежүзінде өндірілген темір кенінің 19%-ы Бразилияға тиесілі болды.

Елде уран, торий кендері бар. Одан басқа темір, марганец, алмас, боксит, алтын, мыс, мұнай, газ, көмір қорлары мол кездеседі. Сонымен қатар мемлекет аумағында дүниежүзілік маңызы бар кен орындары барланған. Елдегі аса ірі Каражас кен орнында темір, түсті және сирек кездесетін металдардың мол қоры табылған.

 

 

Каражас тау-кен орталығы

 

 
 
Fe темір кені Mn марганец кені _______ теміржолдар Ni никель кені _______ тасжолдар W вольфрам кені ê СЭС Sn қалайы кені _ _ _ _ _ штаттар шекаралары Cu мыс кені Al алюминий кені Au алтын

 

 


Бразилияның қайталанбас табиғатын қорғау, табиғат ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі халықаралық деңгейде көтеріле бастады. Соның нәтижесінде ғаламшарымыздың «өкпесі» деп аталатын мәңгі жасыл ормандарды кесіп, ағаш сүрегін шетке сатуға тыйым салынған.

Халқы. Бразилия халқының саны 193,3 млн адам, яғни дүниежүзі тұрғындарының 2,8%-ын, Латын Америкасы халқының үштен бір бөлігін құрайды. Орташа есеппен алғанда халық тығыздығы 1 км2 жерге 23 адам болғанымен, ел аумағы бойынша халық біркелкі қоныстанбаған. Халықтың басым бөлігі Атлант мұхиты жағалауында шоғырланған. Мысалы, оңтүстік-шығыста халық тығыздығының көрсеткіші 70 адамнан асады. Елдің ішкергі аудандарында халық сирек қоныстанған. Бұл, әсіресе солтүстіктегі ну орманды аудандарда айқын байқалады, мұнда халық тығыздығы 1 км2 жерге 2-3 адамнан ғана келеді. Соңғы онжылдықтарда қала халқының саны артуда. 2010 жылы Бразилияда қала халқының үлесі 81%-ға жетті. Аса ірі қалалары – Сан-Паулу, Рио-де-Жанейро, Белу-Оризонти, Ресифи, Порт-Алегри.

Соңғы жылдары Бразилия халқының жас құрамында үлкен өзгерістер болды.

 

Бразилия халқының жастық-жыныстық пирамидасы

 

Ел халқының 28%-дан астамын 15 жасқа дейінгілер құрағанымен, халық санының өсуі баяулай бастады. ХХ ғасырдың ортасында ел халқы жылына орташа есеппен 3%-ға артса, қазіргі кезде бұл көрсеткіш 1%-ды құрайды. Қазіргі кезде туу көрсеткіші 1000 адамға 17, ал өлім 1000 адамға шаққанда 6 адамға тең.

Латын Америкасындағы, т.б. елдердегі сияқты, Бразилия халқының да нәсілдік және этностық құрамы өте күрделі. Қазіргі Бразилия ұлтының қалыптасуына монғол тектес нәсілге жататын жергілікті үндістер мен Африканың батысынан әкелінген қара нәсіл өкілдері негіз болды. Қазіргі кезде Бразилия жерін 180-нен астам тілде сөйлейтін 200 үндіс тайпасы мекен етеді. Жағалауда тұратын үндістер еуропалықтармен және африкалықтармен араласуы нәтижесінде аралық нәсілдік топтар қалыптасты. ХХ ғасырдың басында Бразилия жеріне жапондар, арабтар және т.б. азиялықтар қоныс аудара бастады. Қазіргі кезде азиялықтар ел халқының 1%-дан астамын құрайды.

Бразилиядағы мемлекеттік тіл – португал тілі, бұл тілде шағын үндіс тайпаларын қоспағанда ел халқының түгелге жуығы сөйлейді. Діни нанымы жағынан бразилиялықтардың көпшілігі – католиктер, елде протестанттар мен жергілікті діндерді ұстанушылар да бар. Елдің солтүстігінде үндістік, солтүстік-шығысында африкалық, оңтүстігінде еуропалық мәдениеттің элементтері сақталған. Антропологиялық жағынан түрлі, көбінесе аралас нәсіл типіне жатады.

Шаруашылығы. Бразилия экономикалық қуаты, ресурстық және әлеуметтік-экономикалық даму мүмкіншіліктеріне, аймақтық және дүниежүзілік шаруашылықтағы орнына байланысты дамушы дүниенің жетекші елдері қатарына жатады. ХХ ғасырдың соңына қарай ЖІӨ көлемі жөнінен Бразилия дүниежүзіндегі алғашқы ондыққа енді, 2009 жылғы қорытындысы бойынша 9 орында. Ұлттық жиынтық өнімнің құрылымында да өзгерістер болды.

 

Бразилияның ұлттық жиынтық өнімінің құрылымы.

 

Осы алғышарттар негізінде бірнеше онжылдық ішінде аграрлық елден индустриялы-аграрлық елге айналған Бразилияда қазіргі заманғы өнеркәсіп өндірісі пайда болған. Соңғы 30 жылда елде қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, машина жасау жоғары қарқынмен дамыды. Ел экономикасының дамуында 4 сала – болат балқыту, автомобиль жасау, қызмет көрсету және мұнай химиясы шешуші рөл атқарады.

Бразилияның энергия балансында су энергиясы және мұнай мен газ басым орын алады. Отынның басқа түрлері арасында қант қамысынан өндірілетін этил спиртінің маңызы артып келеді; қазіргі кезде елдегі автокөліктің 90%-дан астамы осы отынмен жұмыс істейді. Елдің мұнай кәспшіліктері ішкі сұраныстың жартысына жуығын ғана қамтамасыз етеді, негізгі мұнай кәсіпшіліктері теңіз жағалауларында орналасқан. Бұл салада «Петробраз» мемлекеттік мұнай компаниясы жетекші орын алады.

Елдегі электр энергиясының 96%-ы су электр станцияларында өндіріледі. Әсіресе Парана және Сан-Франциску өзендері алабының энергетикалық қоры неғұрлым толық пайдаланылған. Қазіргі кезде Амазонка алабының қорларын пайдалану қарқынды жүруде. Электр энергиясын өндіру жөнінен Бразилия алғашқы он ел қатарына кірді. Су энергиясы мен жергілікті боксит кенін пайдалану нәтижесінде Бразилия алюминий өндіруден дүниежүзінде төртінші орынға шықты. Оңтүстік-шығыста шоғырланған алюминий өндірісі, негізінен, АҚШ пен Канада қаржысының есебінен өркендеуде. Қара металлургия саласында да шетел қаржысы мен бірлескен кәсіпорындары елеулі орын алады.

Елдің машина жасау өнеркісібі жалпы өнеркәсіп өнімінің 30%-дан астамын береді. Шетелдерден әкелінген тетіктерді құрастыру негізінде пайда болған автомобиль жасау кәсіпорындарында қазіргі кезде қажетті бөлшектердің барлығы жасалады. Бразилия 2009 жылы 3,2 млн автомобиль шығарды, жүк машиналары мен автобус жасаудан дүниежүзінде бесінші орынға шықты. Бұл салада жұмыс істейтін 21 компания арасында «Фольксваген-ду-Бразил», «Дженерал моторс», «Форд-Виллис», «Крайслер-ду-Бразил» жетекші орын алады. ХХ ғасырдың 80-жылдарынан бастап елде күрделі әскери техника өндірісі жолға қойылған. Машина жасау өнеркәсібі электрондық және есептеу құралдарына деген сұраныстың 80%-дан астамын, ақпарат құралдарына сұраныстың жартысынан астамын қамтамасыз етеді. Машина жасау Сан-Паулу және Рио-де-Жанейро агломерацияларында шоғырланған.

Ауыл шаруашылығы – Бразилия экономикасының маңызды саласының бірі. Ел экспортқа шығарылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі бойынша дүниежүзінде АҚШ пен Франциядан кейін үшінші орын алады. Басты ауыл шаруашылығы дақылдары кофе, күріш, қант қамысы, жүгері, қытайбұршақ, бидай, какао, мақта.

Мал шаруашылығында ірі қара малдың үлесі жоғары, оның саны (192 млн бас) жөнінен Бразилия дүниежүзінде тек Үндістаннан кейнгі орында. Бразилия жерінің үштен екі бөлігіне жуығын ормандар алып жатыр, жалпы бағалы ағаш қоры жөнінен ел дүниежүзінде бірінші орын алады. Орасан зор орман байлықтары әлі де болса жеткілікті дәрежеде пайдаланылмай келеді. Жыл сайын Амазонка ормандарынан 50 мың тоннаға дейін табиғи каучук өнімдері (латекс), балауыз, сондай-ақ жаңғақ жиналады. Оңтүстік аудандарда парагвай шайы (йерба-матэ) мен араукария сүрегін дайындау жүргізіледі.

Экономикасы. Бразилия – Латын Америкасындағы экономикалық потенциалы ірі елдердің бірі. Португалияның ұзаққа созылған отарлық саясаты, одан кейін тәуелсіз Бразилияда шетел капиталының қожалық етуі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын тежеді. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін Бразилия экономикасында ағылшын капиталының ықпалы күшті болды. 40-50 жылдары Бразилияда АҚШ капиталының үлесі көбейе бастады, 60 жылдары Германия мен Жапонияның ықпалы арта бастады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Бразилия экономикасында мемлекеттік сектор пайда болды; мемлекеттік қаржының үлесі, әсіресе, теңіз транспортында, мұнай мен темір рудасын, тас көмір өндіруде, қара металлургияда басым дәрежеге жетті. 60 жылдары Бразилияның ұлтық өнімінде ауыл шаруашылығының үлесі әлі де басым болды.

Көлік қатынасы салыстырмалы түрде жағалық аудандарда жақсы дамыған. Ішкі аудандардың табиғат ресурстарын игеру мақсатында салынған Трансамазония тасжолының басым бөлігінде қатты төсеніш қабаты жоқ. Қазіргі кезде теміржолдар бірыңғай жүйеге келтіруді қажет етеді. Елдегі тасжолдардың жалпы ұзындығы – 2 млн км-ден асса, теміржол 22 мың км-ге созылып жатыр. Сртқы қатынастар теңіз және әуә көліктері арқылы жүзеге асырылады. Елде 4 мыңнан аса әуежайлар бар, олардың саны жөнінен Бразилия дүниежүзінде АҚШ-тан кейін 2 орынды иеленеді. Басты порттары – Виктория, Сантус, Риу-Гранди, Рио-де-Жанейро. Теңіз кемелері Амазонка бойындағы Манаус портына дейін жетеді.

Сыртқы экономикалық байланыстары. Ел экспортқа темір кенін, машина жасау өнеркәсібінің өнімдерін, бұршақ пен ұн өнімдерін, кофе, какао, қант, жеміс шырындарын, боксит шығарса, мұнай, құрал-жабдықтар мен көмірді және т.б. шеттен сатып алады. Жалпы алғанда, импорт көлемі экспорттан басым болғандықтан сыртқы саудаға кері сальдо тән. Бразилияның басты сауда әріптестері – ЕО елдері және АҚШ, Латын Америкасы және Азия елдері. Елдің сыртқа қарызы көп болғанымен, қаржы күйзелісінен құтқару мақсатында халықаралық ұйымдар Бразилияға қомақты қаржы бөлуде.

Туризм. Бразилияның туризмі – тез әрі белсенді түрде жамып жатқан экономиканың бір саласы. Жыл сайын Бразилияға 1 млн-нан астам туристтер барып қайтады. Бұл Оңтүстік Американың ерекше мемлекеті. Тропиктік және субтропиктік климаты тән мемлекет үлкен ботаникалық бақша ретінде әлемге таныс, және бұл рекреациялық, танымдық туризмнің дамуына зор үлес қосады.

Елдің ең көрнекті, бірақ меңгерілуі қиын аймағы – Бразилияның солтүстігі. Бұл аймақтың ең басты туристтік ресурстары - құлазыған қу далалары, түрлі жануарлар мен өсімдіктерге бай табиғаты, джунгли, Амазонка өзені – туризмнің экскурсиялық, ойын-сауық, экстремалдық, балық аулау, аңшылық сияқты бағыттарының дамуында шешуші рөл атқарады. Ал елдің солтүстік-шығысы ең экологиялық таза зона болып есептеледі. Бразилияның оңтүстік-шығысы – елдің ең негізгі экономикалық ауданы және ең басты туристтік орталығы. Бұл аймақта әлемнің ең әдемі қалаларының бірі – Рио-де-Жанейро, Гуанабара шығанағы орналасқан.

Бразилиялықтар – Күннің балалары, және әлемге танымал Рио-де-Жанейро қаласы дүниежүзілік карнавалдың астанасы ретінде әйгілі. Бразилияның оңтүстігі әлемге өзінің Игуасу сарқырамасымен, ұлттық парктерімен даңқты. Елдің бұл аймағында туризмнің сафари, рафтинг сияқты бағыттары дамыған. Мемлекеттің батыс аймағы елдің астанасы – Бразилиа қаласының арқасында әйгілі. Бұл қала өзінің архитектурасымен танымал.

Туризмнің ең басты орталықтары:

ü Рио-де-Жанейро, осында Грумари, Леме, Копакабана, Лебнон, Ипанеме, Пепино Сан-Конраду, Барра де Тижуки, Фламенгу, Урка, Рекреудус-Бандейрантес жағажайлары орналасқан.

ü Ресифи – Бразилияның інжуі. Бұл қалада көптеген шіркеулер, ескі оңаша үйлер, тарихи ғимараттар орналасқан, және олар туризмнің танымдық бағытын дамытуға үлес қосады.

ü Сан-Паулу – Оңтүстік Американың ірі мегаполисі, ірі сауда және өнеркәсіп орталығы.

ü Минас-Жерайс – ескі штаттардың бірі.

ü Бразилияның Ору-Прету, Марианна, Сан-Жуан-дел-Рей, Сабара сияқты қалалары барокко стиліндегі архитектурасымен танымал.

ü Салвадор – өзінің көшелік мерекелерімен, жағажайларымен әйгілі.

Туристтік объектілер:

Гуанабара шығанағы – (порт. Baía da Guanabara) Рио-де-Жанейро штаты. Шығанақ арқылы ұзындығы 13 км Рио-Нитерой көпірі өткізілген. Шығанақтың жалпы ауданы 412 км², Гуанабарада 130-дан астам аралдар бар. Ең ірісі – Гувернадорда 450 мыңдай адам тұрады.

Христос мүсіні – Рио де Жанейро қаласының көз тартарлық туристік объектілерінің бірі ретінде, әрине Христос мүсінін айтуға болады. Мүсін Корковаду тауының басында, теңіз деңгейінен 704 м биіктікте орналасқан. Мүсіннің өзіндік биіктігі постаментті санаманғанда (7 м), 30 метр, ал салмағы 1140 тоннаны құрайды. Мүсінді салу идеясы 1922 жылы Бразилия мемлекетінің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында пайда болды. Жыл сайын миллиондаған туристер Христос мүсінінің жанында тұрып Рио қаласының керемет панорамасын көру мақсатымен Корковаду баурайына көтеріледі. Бұл жерден қала түгелімен, сонымен қатар әсем Қант Басты тау (Пан ди Асукар), әлемге әйгілі Копакабана мен Ипанема жағажайлары және «Маракана» стадионына көрініс ашылады.

Игуасу сарқырамасы – Оңтүстік Америкадағы Парана өзенінің сол жақ саласы – Игуасу өзеніндегі сарқырама. Өзеннің Аргентина мен Бразилия мемлекеттерінің шекарасымен өтетін бөлігінде, Паранаға құятын жерінен 26 км жоғары орналасқан. Ені 2700 м, биіктігі 72 м, жылдық орташа су ағыны 1725 м3/с. Су базальттан түзілген екі тік жардан асып, шатқалға құлайды. Сарқырама тармақтарының аралығы жартастармен бөлінген. Сарқыраманың буырқанған суының сарылы 20 – 25 км жерден естіледі. Игуасу өзенінің каньоны мен сарқырамасы ұлттық саябақ болып жарияланған (1939).

Апарадус-да-Серра – Бразилияның оңтүстік бөлігіндегі ұлттық саябақ. Ол Рио-Гранде-ду-Сул штатында орналасқан. Ұлттық саябақтың алатын аумағы – 10250 га. Саябақ өзінің ерекше әрі бай флорасы мен фаунасы және Itaimbezinho каньоны арқасында әйгілі. Жылдық орташа температурасы 16°C.

Корковаду – Рио-де-Жанейро қаласының маңында орналасқан тау. Биік шыңында орналасқан Христос мүсінімен әйгілі. Тау шыңына ұзындығы 3,8 км теміржол апарады. Қаладан тау шыңына дейін 20 минут. Тау шыңындағы соңғы станциядан Христос мүсініне дейін 223 саты. Бұл жерден қала түгелімен, сонымен қатар әсем Қант Басты тау (Пан ди Асукар), әлемге әйгілі Копакабана мен Ипанема жағажайлары және «Маракана» стадионына көрініс ашылады.

Амазонка өзені – Оңтүстік Америка құрлығында орналасқан, дүние жүзіндегі ең ірі өзен. Өзеннің сағасын 1500 ж. испан теңізшісі В.Я. Пинсон ашқан. Жергілікті тұрғындар оны Парана-Тинга (Ақ өзен) және Парана-Туасу (Ұлы өзен) деп атайды. Алабының ауданы 7,2 млн м2, ұзындығы Укаяли бастауынан есептегенде 7000 км-ден асады. Өзенге көптеген салалар құяды, олардың 20-ға жуығының ұзындығы 1500-3500 км болады. Укаяли мен Мараньон өзендері қосылған соң, оның арнасының ені 2 км орта ағысында 5 км, құйылысында 80-150 км жетеді; суының тереңдігі орта ағысында 70 м.

Бразилияның аралдары, жағажайлары, мұхиттық сулары жыл сайын миллиондаған туристтерді еліктіреді. Бразилияда толық бағалы демалыс үшін қажеттінің барлығын табуға болады.

Жалпы алғанда елдің туризмі қарқынды дамуда. Қолайлы климат, қонақжайлы халық, дәмді асхана, бірегей флора мен фауна, мерекелік атмосфера Бразилияның туризм жағынан беделін арттырады.

 

Бразилия немен әйгілі...

d Бразилиа, Рио-де-Жанейро, Сан-Паулу, Ресифи, Минас-Жерайс, Салвадор қалаларымен;

d Христос мүсінімен;

d Игуасу сарқырамасымен;

d Гуанабара шығанағымен;

d Ұлттық саябақтарымен;

d Амазонка өзенімен;

d Жағажайларымен;

d Карнавалымен;

d Футболымен;

Бразилия жайлы 35 мәлімет:

1. Әлемнің жеті кереметінің бірі – Христос мүсіні Бразилия жерінде;

2. Бразилия аумағында биіктігі 82 метр және ені 4 метрлік дүние жүзіндегі ең жалпақ сарқырама – Игуасу сарқырамасы орналасқан;

3. Бразилия – Латын Америкасындағы португал тілінде сөйлейтін жалғыз ғана мемлеткет;

4. Бразилия – Оңтүстік Американың ең ірі мемлекеті;

5. Бразилия – футбол, карнавал және самбо мемлекеті;

6. Дүние жүзіндегі ең суы мол өзен – Амазонка Бразилия аумағы арқылы өтеді;

7. Дүние жүзіндегі ең ірі мегаполистердің бірі – Сан-Паулу да Бразилияда орналасқан;

8. Бразилия – дүние жүзінде жер аумағы бойынша ең ірі мемлекеттірдің ішінде 5-ші орында;

9. Бразилия – дүние жүзінде халық саны бойынша ең ірі мемлекеттірдің ішінде 5-ші орында;

10. Бразилия Федерациялық Республикасының астанасы – Бразилиа қаласы дүние жүзіндегі ең көрікті қалалардың қатарында. Ол әйгілі архитектор Оскар Нимейердің жобасы бойынша құрылған;

11. Бразилия мемлекетінің барлық қалаларында кемінде бір футбол алаңы бар;

12. Бразилия құрамасы – дүние жүзіндегі «Әлем Кубогін» 5 рет иемденген жалғыз команда;

13. Бразилия – дүние жүзіндегі ХХ ғасырдың ең жақсы ойнайтын футболисттердің бірі Пеленің отаны;

14. Дүние жүзіндегі ең дәмді әрі ең сапалы кофе Бразилияда өсіріледі;

15. Бразилиялықтардың ең жақсы көретін сусыны кофе емес – какао;

16. Бразилиядағы тропикалық орман әлемдегі ең ірі ормандардың бірі;

17. Мемлекеттің ресми діні жоқ;

18. Бразилияның ең ұзын өзені – Амазонка өзені;

19. Бразилиялықтарға тән қасиет – жеңіске жету талпынысы. Олардың ұраны – «Жеңіс және прогресс»;

20. Бразилия әлемдегі христиан діні ең көп тараған мемлекеттердің арасында екінші орынға ие;

21. Бразилияның 0,5% азиялықтар;

22. Сан-Паулу Бразилияның ең ірі қаласы;

23. Бразилиялықтардың 88% оқыған адамдар;

24. Сайлауға 18-65 жас аралықтағы барлық бразилиялықтар қатысуға міндетті;

25. Бразилия АҚШ-тан кейінгі аэропорттар саны бойынша ең көп мемлекет;

26. Бразилия темір кенінің қоры жөнінен дүниежүзінде бірінші орын алады;

27. Ел экспортқа шығарылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі бойынша дүниежүзінде АҚШ пен Франциядан кейін үшінші орын алады;

28. Басты ауыл шаруашылығы дақылдары кофе, күріш, қант қамысы, жүгері, қытайбұршақ, бидай, какао, мақта;

29. Елде 4 мыңнан аса әуежайлар бар;

30. Мал шаруашылығында ірі қара малдың үлесі жоғары, оның саны (192 млн бас) жөнінен Бразилия дүниежүзінде тек Үндістаннан кейнгі орында;

31. Бағалы ағаш қоры жөнінен ел дүниежүзінде бірінші орын алады;

32. Бразилия этил спиртімен жұмыс істейтін автомобиль шығаратын мемлекет;

33. Бразилия үстіртінде бұтағы қатты, қабығынан тері илеуге қажетті шикізат алынатын ағаш өседі;

34. Бразилия саваннасы – кампос;

35. Бразилия – темір кенін сыртқа шығаруда қоры мол мемлекет;

 


Дата добавления: 2015-10-28; просмотров: 1613 | Нарушение авторских прав


<== предыдущая страница | следующая страница ==>
Основные режимы налогообложения в Бразилии| Номера телефонов Бразилии

mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.034 сек.)