Читайте также: |
|
Өндіріс шығындары – өнім өндіру үшін қолданылған факторлардың жұмсалуының құндық (ақшалай) нысаны.
Өндіріс шығындарының экономикалық талдануы ресурстарды қолданудың баламалылығынан туындайды, олай болса бухгалтерлік және экономикалық өндіріс шығындарының арасындағы айырмашылықтың бар екенін көруге болады.
Бухгалтерлік өндіріс шығындары – ресурстарды сырттан тарту төлемдерімен байланысты ақшалай нысанда жүзеге асырылған нақты шығындар.
Өндірістің экономикалық шығындары – бұл балама қолданудан ұсталатын ресурстардың құны. Оларға жан-жақтан тартылған ресурстарға деген төлемдер де, төленбеген өндірістің меншікті факторларын балама қолданудан ұсталынған жіберіп алған табыстар да кіреді.
Экономикалық шығындар сыртқы (айқын), ішкі (айқын емес) және қалыпты пайда сомаларының жиынтығынан құралады. Сондықтан, экономикалық шығындардың мөлшері бухгалтерлік шығындардан айқын емес шығындар мен қалыпты пайда мөлшеріне үлкен болып табылады.
Табыс пен экономикалық шығындардың арасындағы айырманы экономикалық пайда құрайды, ал ол өз кезегінде бухгалтерлік пайдадан төмен болып келеді.
Ресурстарды өндірістің үздіксіз үрдісіне қосу сипатының әртүрлілігіне байланысты экономикалық шығындар тұрақты және өзгермелі шығындар болып бөлінеді, тұрақты шығындардың мөлшері қолданылатын тұрақты факторлардың көлемі мен бағасына тәуелді болса, ал өзгермелі шығындар қолданылатын өзгермелі факторлардың бағасына және өндіріс көлеміне байланысты болып келеді.
Экономикалық шығындар деңгейінің сипаттамасы үшін өндіріс шығындарының жалпы, орташа және шекті көрсеткіштері қолданылады, олардың мөлшері өндіріс көлеміне тәуелді болып табылады.
Қысқа мерзімде өндірістік шығындардың деңгейі шекті өнімділіктің төмендеу заңына бағынады. Сондықтанда шығарылым көлемі ұлғайған сайын шығындар мөлшері өзгермелі фактордың қайтарымдылық сипатына байланысты өзгеріп отырады. Қайтарымдылықтың өсуі кезінде шығындар төмендейді, ал төмендегенде шығындар артады.
Шығарылым көлемінің артуымен байланысты өндіріс шығындарының өзгеру сипаты өзінің көрінісін өндірістің жалпы және орташа шығындарының қисықтары формасында табады.
Ұзақ мерзімде өндірістің барлық факторлары өзгермелі болып табылғандықтан, шығындардың қалыптасуы өндіріс ауқымы тиімділігінің орындалуымен байланысты болады. Өндіріс ауқымының оң (өспелі) тиімділігі кезінде ұзақ мерзімді орташа шығындар төмендейді, ауқымның тұрақты тиімділігі кезінде шығындар өзгермейді, ал өндіріс ауқымының теріс (кемімелі) тиімділігі кезінде ұзақ мерзімді орташа шығындар артады.
Берілген шығарылым көлемін өндірумен байланысты жалпы шығындар деңгейін изокоста сипаттайды. Изокоста – шығындардың тең жұмсалуы қамтамасыз етілетін өндіріс факторларының үйлесімділіктерін көрсететін сызық, ал оның көлбеулігі қолданыстағы өндіріс факторлары бағаларының арақатынасын көрсетеді.
Берілген шығарылым көлемі минималды экономикалық шығындармен қамтамасыз етілген жағдайдағы өндірісті ұйымдастырудың әдісі шығындар бойынша оңтайлы, әрі экономикалық жағынан тиімді болып табылады.
Өндірушінің басты міндеті болып шығарылымды өндірістің минималды орташа шығындарымен қамтамасыз ете отырып, сол өндірістің тиімді мөлшерін табу және қолданылатын факторларының оңтайлы үйлесімділіктерін таңдау табылады.
Өндіріс факторларының тиімді үйлесімділіктері ресурстардың шекті өнімділіктерінің және осы ресурстар бағаларының ара қатынастарының теңесуі кезінде орындалады, бұл теңдік графикалық түрде изокванта мен изокостаның жанасу нүктесіне сәйкес келіп, нәтижесінде өндірушінің тепе-теңдігі орындалады.
Ұзақ мерзімді орташа шығындардың деңгейі өндірістің тиімді көлемін анықтауға тікелей әсер етеді. Өндірістің тиімді мөлшері болып ұзақ мерзімді минималды орташа шығындар деңгейінің орындалуы табылады.
Ұзақ мерзімі орташа шығындардың өзгеру сипаты салалық нарықтың құрылымын анықтаушы фактор болып табылады.
Дата добавления: 2015-09-05; просмотров: 102 | Нарушение авторских прав
<== предыдущая страница | | | следующая страница ==> |
Орытынды | | | Орытынды |