Читайте также:
|
|
Пародонттың қабынуы көбіне созылмалы түрде дамитындықтан, негізгі емдеу шаралары ауырудың осы түрін емдеуге арналған.
Емдеу әдістерін, оларға керекті дәрілік заттарды аурудың клиникалық ерекшелігіне және ауырлығына байланысты таңдау қажет.
Пародонт қабынуын емдеу кешенді әдіспен жүргізіледі және терапиялық, хирургиялық, ортопедиялық емдеу шараларын қамтиды, қажет болған жағдайда физиотерапиялық ем де қолданылады. Кешенді емдеудің негізгі мақсаты – пародонт тіндеріндегі қабыну үрдістерін тоқтатып, пародонталдық қалталарды жою және сүйек тінінде қайта құрылу үрдісін қалпына келтіріп, организмнің жергілікті және жалпылай реактивтігін жоғарылату. Қажетті емдеу әдістерін көрсеткішіне байланысты таңдай отырып, пародонт қабынуы бар ауруға өзіндік жеке емдеу жоспары құрылады.
Терапиялық немесе консервативтік емдеу шаралары:
1. жергілікті емдеу шаралары:
а) ауыз гигиенасын дұрыс сақтауды үйрету (тістерді қойыртпақпен тіс мәсуегімен арнаулы жібек жіптермен дұрыс тазалауды үйрету).
б) Тісжегі және оның асқынуларын емдеу, дұрыс қойылмаған пломбыларды ауыстыру, ортопротез қоюға дайындау.
в) Ауызды және пародонталдық қалталарды антисептиктер ертінділермен жуып-тазалай отырып, тіс шөгінділерін алу.
г) Тістерді таңдап егеу арқылы жарақаттаушы тістемді қою және қозғалмалы тістерді уақытша шендеу. Қажет болса ортодонтиялық емдеу жүргізуге дайындау (ортодонтиялық емдеу әдісі мен тиімді протез қою пародонт қабынуының жергілікті емдеу курсы аяқталғаннан кейін жүргізіледі).
д) Пародонт тіндеріндегі қабыну үрдісінің ерекшелігін, ауырлығын, организмнің жалпы жағдайын ескеріле отырып, қабынуға қарсы жергілікті емдеу шаралары жүргізіледі. Ол үшін антисептиктер, антибиотиктер, стероидты емес қабынуға қарсы, склероздаушы дәрілер, ферменттер, витаминдер, гормоналдық және өсімдіктерден алынған препараттар пайдаланылады. Оларды ауызды жуып-жаю, пародонталдық қалталарға енгізу,қызыл иекке бастырма, емдік таңба қою үшін, ауызды булау үшін қолданады.
е) Физиотерапиялық емдеу шараларын (дәрілермен электрофорездеу, дарсонвализациялау, фонофорездеу, гидромассаждау, вибромассаждау, ультракүлгін және лазер сәулелерін) қолдану.
ё) Дәстүрлі емес емдеу шараларын (фитотерапия, апитерапия, криотерапия және б.) қолдану.
Пародонт қабынуларын жергілікті емдеу үшін пайдаланылатын дәрілер тізбегін келтірейік.
Антисептиктерден жиі қолдануға болатындары; иодинолдың 1% судағы ертіндісі, 0,02-0,1% калий перманганатының, 0,02%-0,05% фурацилиннің, 0,02% этакридин лактатының (риванол), 0,5-1% этонийдің, 0,02-0,06% глоргексидин биглюконатының, 1% диоксидин, 0,5% декалин ертінділері.
Жергілікті емдеу үшін антибиотиктер, сульфаниламидтер бактерияға қарсы дәрілер жақпалар немесе ертінділер түрінде қолданылады. Олар: тетрациклин, эритромицин, гентамицин, линкомицин жақпалары, 5% стрептоцид және синтомицин линименттері, «Дермазин» жақпасы, салазопиридазиннің 5% суспензиясы, норсульфазол-натрийдің 5-10%, натрий-сульфацилдің 20-30% ертінділері.
Қатты қабынуға және домбығуға қарсы құрамында глюкокортикоидтар бар жақпалар жақсы әсер етеді (1% гидрокортизон, 0,5% преднизолон, 0,025% синафлан жақпалары).
Өте тиімді әсер ететін және бірнеше дәрілер қоспасынан тұратын официоналды препараттар: «Оксизон», «Гиокзисон», «Дермазолон», «Оксикорт», «Фторокорт», «Сыналар-н» жақпалары және гель «Префузин» (құрамында антибиотиктер мен кортикостероидтар бар).
«Левосин» жақпасының құрамында левомицитин, сульфадиметоксин, метилурацил және тримекаин, ал «Левомикольдың» құрамында левомицетин және метилурацил бар. «Фастин» жақпасының құрамында фурацилин, синтомицин, анестезин, стеарин («Фастин-I») немесе спермацет бар («Фастин-I»).
Қабынуға қарсы әсер ететін стероидты емес препараттардан мефенамин қышқылының натрий тұзының 0,2-1% ертіндісі, 5% бутадион, 3% аспирин жақпалары пайдаланылады. Олар қабынудың белсенді медиаторы болып саналатын простогландиндердің құрылуын тежейді (Лемецкая Т.И., 1989). Простогландиндердің күшті ингибиторы индометацин болып саналады. Оны 3% жақпа түрінде немесе димексидтің 10% ертіндісіндегі 1% сүзбе түрінде (взвесь) қолдануға болады.
Пародонттағы қабыну үрдісі кезінде клеткалардан протеаза, гидролаза және басқа лизосомальды ферменттердің бөлінуін тежеу үшін пантрипин, контрикал, трасилол, ингитрилді ертінді түрінде (10 000 ЕД хлорлы натрийдің изотониялық ертіндісінде ерітіледі) жақпалардың құрамында (контрикалдың 10 000 ЕД немесе пантрипиннің 30ЕД, 2мл физиологиялық ертінді 50 мг лизоцим және зәйтүн майы) қолдануға болады.
Протеаза ингибиторларын қызылиекке аппликат қойып емдік таңбалардың, арнаулы жабыстырылатын жарғақтардың құрамында немесе электрофорездеу тәсілімен сіңіруге болады.
Пародонталдық қалталарды өңдеу үшін сальвиннің, сангивиритриннің, новоиманиннің 0,1-0,2% спиртті ертінділері (қолданар алдында 1:10 қатнасында дистилденген су қосады), 20-30% резорцин 25% цинк хлоридінің, 0,01% мирамистин ертінділері қолданылады. Олар кератолиздеуші және фибринолиздеуші әсер етеді. Бұл препараттармен суланған мақта біліктер 5-10 минөтке қалталарға енгізіледі.
Егерде пародонталдық қалталардан іріңді жалқық бөлінетін болса «Ируксол» жақпасын (құрамында левомицетин протеолиздеуші фермент клостридиопептидаза А бар), 1% лизоамидаза, 0,5-1% диоксидин, 1% трихомноцид ертінділерін, ваготилді пайдалануға болады.
Пародонталдық қалталарда грануляциялық тіннің өсуін тежеу үшін натрий мефенаминатының 0,5-1%, резорциннің 20% ертінділерін, мараславин, бефунгин, мыс сульфатының 5% ертіндісін қолданға болады.
Пародонт тіндеріндегі зат алмасу және қайта құрылу үрдістерін жақсарту үшін 5-10% метилурацил, 5% ацемин, 3% апилак, «Пропоцеум», солкосерил жақпаларын, алой шырынын және миниментін, каланхой () шырынын қолдану тиімді.
Пародонт тіндерінің оттегі жетіспеушілігіне төзімділігін арттыру үшін антиоксиданттар тобындағы препараттарды да пайдалануға болады. Бұл топқа токоферол, стероидты гормондар, К және Р витаминдері, метацил, галаскорбин дибунол жатады.
Дибунол цитостатиктер қатарына да жатады және 10% минимент түрінде қолданылады.
Жергілікті иммунитетті көтеру үшін (иммунокорректорлар) қолданар алдында дайындалған 0,1-0,5 % натрий нуклеиннатының ертінділерін, иммудон (күніне 6-8 таблеткасын сорады) қолданған да тиімді.
Пародонт тіндеріндегі қылтамырларда қан айналымын жақсарту үшін 2% троксевазин иліы, лингезин, ал жабынды эпителийде мүйізгектену үрдісін қалпына келтіру үшін А витаминінің 3,44% майлы ертіндісін, каротолин, итмұрын, шырғанақ майларын пайдалануға болады.
Қазіргі кезде бактерияларға қарсы және қатпа құрылу үрдістерін жылдамдататын жақпа «Метрагил -Д», «Камистад» гель сияқты дәрілер түрлері де қолданыс табуда.
Жоғарыда аталған дәрілердің пародонттағы қабыну үрдісін тежеуге көп көмегін тигізгенмен пайда болған пародонталдық қалталарды жоя алмайды. Сондықтан қалталарды жоятын бірден-бір тиімді әдіс – хирургиялық әдіс, ал қалталарды дәрілермен өңдеуді хирургиялық әдіс жүргізуге арналған алғашқы дайындық деп санауға болады.
Пародонтозды жергілікті емдеу
Пародонтозды емдеуді осы кезде болатын жергілікті асқынуларды (тістердің аса сезімталдығы, кіреуке эрозиясы, сынауға ұқсас ақаулар) емдеуден бастайды. Тістер беттеріндегі шөгінділерді тазартып, пародонт тіндерінде зат алмасу үрдістерін, қан айналымын жақсартуға арналған шаралар жүргізіледі. Дәрілерден 10% метилурацил, 5% ацемин, солкосерил жақпаларын; 2% фосфаден, 2% рибоксин ертінділерін, ал биогендік реттушілер (белсенділер) ретінде 3% апилак жақпасын, алой линиментін, каланхой () және басқа да өсімдіктер шырынын, хлорфиллипт; ангиопротекторлық қасиеті бар 1% эмоксипин ертіндісін және эскузанды пайдалануға болады. Физиотерапиялық ем жүргізген де жақсы нәтиже береді. Ол үшін ауто-вибро және гидромассаждау, ауызды булау, дарсонвализациялау және электрофорездеу әдістерін лазер сәулесін қолдануға болады.
Пародонт ауруларын хирургиялық әдіспен емдеу.
Пардонт ауруларын кешенді емдеуде хирургиялық әдістің алатын орны ерекше. Себебі, бұл әдістің көмегімен пародонталдық қалталарды жойып, альвеола сүйегіндегі сорылу үрдістерін тоқтатып, белсенді қабыну үрдістерін тежеп, пардонттағы жағдайды ұзақ уақытқа тұрақтандыруға мүмкіндік туады. Хирургиялық емдеу дәістерін шартты түрде төмендегі түрлерге бөлуге болады: пародонталдық қалталарды жоюға арналған; қызылиек жиегін қалпына келтіруге арналған; пародонт тіндерін қалпына келтіруге арналған.
Клиникалық тәжрибеде қолдануға хирургиялық әдісердің В.С.Иванов ұсынған жүйесін тиімді деп санауға болады:
1. Пародонталдық қалталарды жоюға арналған хирургиялық емдеу әдістері:
а) қалталарды қырып-тазалау немесе кюретаждау;
б) гингивотомия;
в) гингивэктомия;
г) физикохирургиялық әдістер (электрокоагуляциялау, вакуумды хирургиялық, хриохирургиялық, лазерхирургиялық әдістер).
2. Пародонтты қалпына келтіре жүргізілетін хирургиялық әдістер немесе пародонтопластикалық хирургиялық әдістер:
а) қызылиек жиегін коррекциялаушы қиықтап-кесіп тазалау немесе қиықтау операциясы (лоскутная операция);
б) пародонтта қайта құрылу үрдістерін жоғарылататын заттар қолдана жүргізілетін қиықтап-кесіп-тазалау операциясы.
3. Ауыз кіреберісін түзеуге арналған хирургиялық шаралар (френулотомиялау, френулэктомиялау, вестибулопластикалық опреациялар).
Бойында және күрделі аурулары бар сырқат адамдарда хирургиялық емдеу әдісін негізгі ауруының беті қайтып, жағдайы тұрақтанғаннан кейін жүргізу керек.
Хирургиялық емдеу әдісін таңдау пародонталдық қалтаның тереңдігіне, альвеола сүйегінің сорылу деңгейіне байланысты. Пародонт қабынуының жеңіл сатысында (қалталардың тереңдігі 3-3,5мм дейін) кюретаждау; орташа сатысында (қалтаның терңдігі 5мм дейін) ашық кюретаждау немесе қиықтап кесіп-тазалау; ауыр сатысында (қалталар 5мм терең) қиықтап кесіп-тазалау операциясын қолданады.
Гингивотомиялау және гингивэктомиялау операциясы жеке жүргізіледі (пародонталдық абсцестерді ашу үшін қызылиектің өсе қабынуы кезінде) немесе қиықтап кесіп-тазалау операциясының құрамында орындалады.
Пародонттағы ошақты өзгерістер ауыз кіреберісіндегі анатомо-морфологиялық ауытқулармен (ерін үзбелерінің дұрыс орналаспауы, таяз ауыз кіреберісі) тікелей байланысты болған жағдайда оларды түзетуге арналған операциялар (френулотомиялау, френулоэктомиялау, вестибулопластикалық операция) жасалады.
Пародонт қабынуын емдеу кезінде функционалдық қызметін жоғалтқан өте қозғалмалы тістерді сақтау немесе сақтамау мәселесі емдеудің алғашқы кезінде-ақ шешімін табуы керек. Тісаралық қалқан сүйектің тіс түбірінің ¾ бөлігіне сорылуы және тістің ІІІ дәрежелі қозғалмалылығы тісті жұлудың абсолюттік көрсеткіші болып саналады. Егер тіс ұясының бір немесе екі қабырғасы аса көп сорылмаған болса, тісті сақтауға арналған операциялар (гемисекциялау, түбірді ампутациялау) қолдануға болады.
Хирургиялық емдеу әдістерінің ішіндегі ең қарапайым және жеңіл әдіс (стоматологиялық емдеу кабинетінде жүргізуге болады) пародонталдық қалтаны қырып-тазалау (кюретаждау) әдісі.
Бұл әдіс жабық кюретаждау (закрытый кюретаж) немесе қарапайым кюретаждау (простой кюретаж) және ашық кюретаждау (открытый кюретаж) болып екіге бөлінеді.
Гингивотомиялау әдісі.
Бұл әдіс біржақты және тар пародонталдық қалталар және абсцесстер кезінде қолданылады. Ол үшін қызылиек жиегінен 2-3 мм шегіне отырып қалтаны тік немесе көлденең тілік жасай отырып ашады және осы тілік арқылы өтіп, қызылиек асты шөгінділерді грануляциялық тінді, өскен эпителийді қырып тазалайды. Жарақат ошағын антисептиктермен жуып тілікті тігіспен жабады. Кейде тілікті қызылиек жиегінен бастап қалта түбіне дейін жасауға болады. Бір қабылдауда 1-3 тістер аймағындағы ға қалталарды тазалауға болады.
Гингивэктомиялау әдісі – пародонталды және «жалған» пародонталдық қалталарды жойып, ауыз гигиенасын жақсарту үшін қызылиекті кесіп алып тастау. Бұл әдіс қызылиектің өсе қабынуы, қызылиек фиброматозы, қызылиек өсуімен қатар пайда болған пародонталдық қалталар кезінде қолданылады.
Гингивэктомиялау (қызылиекті кесіп алып тастау) әдісі екі түрге бөлінеді: жартылай гингивэктомиялау (частичная гингивэктомия) және толық гингивэктомиялау (тотальная гингивэктомия).
Жартылай немесе қарапайым гингивэктомиялау әдісі көбінесе қызылиектің өсе қабынуы кезінде және пародонталдық қалталарды толық жою мүмкіндігі болмаған кезде, тек олардың тереңдігін азайту үшін қолданылады.
Операцияны орындау тәсілі. Пародонт тіндерін уақытша жансыздандырып алғаннан кейін қызылиектің жиектігін бөлігін қалтаның 3 мм тереңдігіне дейін кесіп алады да оның қалған бөлігінде кюретаждау әдісін жүргізіп, жара бетін антисептиктер ертіндісімен өңдеп, бетіне емдік таңба қояды. Бұл әдіс көбінесе кіші және үлкен азу тістер аймағында қолданылады, ал алдыңғы тістер аймағында сирек қолданылады (тістердің түбірі ашылып, косметикалық ыңғайсыздық туындатады).
Жабық кюретаждау әдісі тереңдігі 3,0-3,5мм пародонталдық қалталарда жүргізіледі. Оның негізгі мақсаты – пародонталдық қалтаны жою. Ол үшін қызылиек асты тіс тасын, грануляциялық тінді және қалтаның қызылиек жақ қабырғасының бетін қуалай өскен эпителийді алып тастау керек. Осының нәтижесінде аққан қан ұйып ірі талшықты тыртық тінге айналып, қалтаны жиырып, қызылиектің бұзылған беткей қабаты тазаланған түбір цементіне жақсы бекуін қамтамасыз етеді.
Кюретаждау әдісін жүргізген кезде төмендегі шарттарды сақтау қажет: операция жүргізілетін аймақты (бір қабылдауда 3-4 біртүбірлі тістер немесе 2 көптүбірлі тістер төңірегінде) тиімді уақытша жансыздандыру, өңделетін тіндерге аса көп зиян келтірмеу, асептика қағидаларын және ұйыған қанды сақтау, операциядан кейін ауызды дұрыс күтуді қамтамасыз ету.
Кюретаждау үшін залалсыздандырылған және өткір аспаптар: иілген әртүрлі ілмек аспаптар, аршығыштар (эксковаторлар) кореткалар, рашпилдер пайдаланылады.
Кюретаждау тәсілі. Уақытша жансыздандырудан кейін қызылиек асты тіс тасын және түбір бетіндегі өзгеріске ұшыраған цементті алып тастайды және бұл шараны ультрадыбысты скалердің көмегімен аяқтайды. Тіс түбірлерінің беттерін белгілі реттелік пен (ерін-ұрт, жанасу және тіл-таңдай беттері) тазалайды. Қалтаға түскен қатты тіндер қалдықтарын антисептиктер ертіндісімен шприцпен жуып кетіреді. Осыдан кейін кюреткаларды немесе аршығыштың көмегімен грануляциялық тінді алады. Ең соңғы және жауапты кезең – қалтаның қызылиек жақ қабырғасын өскен эпителийден тазалау (деэпителизация кармана). Ол үшін сол қолдың басбармағымен қызылиекті тіске жабыстырып және қатты қыса отырып, аршығышпен немесе кюреткамен оның тіске қараған бетін эпителийден қырып тазартады. Бұл кезде аспаптың ойықтау беті қызылиекке қарайды, ойықтау беті қалта түбінен тіс сауытына қарай жылжытылады және саусақтың астында бақылауда болады. Ең соңында қызылиек тіске қайта тығыз жабыстырылып, бетіне қорған болатын қатты таңба қойылады және 5-7 күнге дейін күнара ауыстырылып тұрады. Осы уақыт ішінде жұмсақ және сұйық тағамдарды ғана қабылдап, тістерді мәсуекпен тазаламай, ауызды антисептиктер, тұз немесе ас содасының 1-2% ертінділермен шайып тұру (ас қабылдағаннан кейін) керек. Қатты таңбалар қояр алдында қызылиек қалталарын жуып-шаймайды. Себебі, ол тыртық тінінің құрылуына зиянын тигізеді.
Жабық кюретаждау әдісінің бірден-бір кемшілігі – операция жүргізіліп жатқан аймақты анық көре алмау, осыған байланысты тыртылған жаралы беттердің пайда болуы. Бұл кемшіліктерді жою үшін Т.И.Лемецкая және б. 1981 жылы ашық кюретаждау әдісін ұсынған.
Бұл әдіс тереңдігі 5мм дейін пародонталдық қалталарда жүргізіледі.
Ашық кюретаждау әдісін орындау тәсілі.
Ауызды антисептиктер ертіндісімен өңдеп, операция жүргізілетін аймақты уақытша жансыздандырғаннан кейін тісаралық қызылиек бүртіктерінің ұшы арқылы көлденең тілік жасалғаннан кейін, ұрт және тіл жақтан қызылиек қиығы өтпейтін аспаппен қалта түбі деңгейіне дейін сыдырылады. Ашылған тіс түбірлері беттерінен қызылиек асты шөгінділер, өзгеріске ұшыраған түбір цементі, грануляциялық тін алынған соң, қалтаға өскен эпителийді өткір қайшының көмегімен тазалайды. Алынбай қалған тіс шөгінділерінің қалдықтары ультрадыбыстық скалермен алынып, түбір беттері финирлер, полирлер және рәзіңке тегістегіштердің көмегімен тегістеледі. Қажет болса сүйек құруға қатынасатын заттар енгізіліп, қиықтар орнына қойылып, бөлінген қызылиек бүртіктері біріктіріліп, тігіс салынады. Жаралы аймақты қатты емдік таңбалармен 1-2 сөткеге жабады. Тігістік материалды 5-6 сөткеден кейін алып тастайды. Бір қабылдауда бұл операцияны 4-7 тістер аймағында жүргізуге болады. Кюретаждау әдісін қолдануға болатын пародонталдық қалтаның көрініс суретте көрсетілген.
Операция жасалған ауруға ауыз гигиенасын сақтау, жұмсақ және сұйық тағамдар қабылдау туралы (5-7 күндей) ақыл-кеңес береді және антигистаминдік, қажет болса бактерияларға қарсы дәрілер тағайындау керек.
Пародонталдық қалталарға кюретаждау жүргізгеннен кейін туындауы мүмкін асқынулар:
а) Операция жүргізілген аймақта қабыну қатты домбығу белгілері, кейде аймақтық лимфа түйіндерінің қабынуы (лимфаденит) байқалуы мүмкін.
бұлардың себептері – асептика және кюретаждау ережелерінің бұзылуы. Мұндай жағдайда ауырсыздандыратын, қабынуды, домбығуды тоқтататын дәрілер, ауызды шаюға немесе бұлауға антисептиктер ертінділер, шөптер тұнбаларын тағайындайды.
б) Тіс шөгінділерін, патологиялық өзгеріске ұшыраған цементпен дентиннің жоғарғы қабатын алғаннан кейін тістерде аса сезімталдық (гиперестезия) пайда болуы мүмкін. Бұл кезде құрамында фтор бар препараттармен тіс беттеріне бастырма (аппликация) қойылады (натрий фторидінің 1-2% ертіндісі, фторлы гель) немесе арнаулы лактармен (сырлармен) жабылады және тістерін құрамында фтор бар, кальций препараттары бар қойыртпақтармен тазалауға кеңес беріледі. Аса сезімталдығы бар тістерді композиттік материалдың құрамындағы адгезивтермен де жабуға болады.
Толық немесе радикалды гингивэктомиялау әдісі соңғы кезде қолданыс тапқан жоқ.
Қиықтау опреациялары.
Қиықтау операциясы жарақат аймағын жақсы көріп, хирургиялық емдеу шараларынтиімді жүргізуге мүмкіндік береді.
Барлық қиықтау операцияларының негізі болып Видман-Нейман-Цешинский ұсынған радикалды операциясы саналады. Қазіргі кезде бұл операцияның көптеген техникалық түрлері көп.
Қиықтау операциясы (лоскутная операция) пародонталдық қалтаны жойып, бұзылған тірек тіндерді қалпына келтіру немесе жаңа дәнекер тінді бекітуші жүйені қалыптастырып, сүйекті тіннің өсуін қоздыру үшін қолданылады.
Бұл операцияны қолданып емдеудің негізгі көрсеткіштері: тереңдігі 5 мм жоғары пародонталдық қалталар, тістердің I,II,III дәрежелі қозғалғыштығы, альвеола сүйегінің түбірдің ½ бөлігінен артық деңгейде сорылып, сүйек қалталарының пайда болуы.
Пародонталдық қиықтар толық және ажыратылған болып екі түрге бөлінеді. Толық қиық жабынжы эпителийден, дәнекер тіннен және сүйек қабынан (надкостница), ал ажыратылған эпителийден және дәнекер тіннен тудырады. Сонымен қатар қиық қарапайым (простой) немесе тұрақты (операция біткен соң орнына қайта қондырылады) және көшпелі (позиционный) немесе тұрақсыз (операция біткен соң басқа аймаққа көшіріледі) болып та бөлінеді.
Қиықтау операциясының негізгі мақсаты ұрт және тіл жақ беттерінде кілегей қабық-сүйек қабы қиықтарын сылып, сорылуға ұшыраған альвеола сүйегін ашып, өзгеріске ұшыраған тіндерді тазалау арқылы пародонттағы патологиялық үрдісті тоқтату.
Қиықтау операциясын орындау тәсілі.
Операцияға дайындау кезеңі жалпы хирургияда қабылданған әдіс бойынша жүргізіледі. Операция жасаудан 30-40 минөт бұрын премедикациялау әдісін қолданады. Операция жасалынатын аймақ инъекциялық әдіспен уақытша жансыздандырылғаннан кейін ұрт және тіл жағынан 6-8 тістің аумағында қызылиек жиегіннен 1-2 мм шегіне отырып 30-45° бұрышпен көлденең тілік және екі тік тілік жасап, қызылиекті жартылай алып тастайды. Осыдан кейін қызылиек-сүйек қабынан тұратын қиықты альвеола өсіндісінің тіл және ұрт беттерінен сыдырады (қалталар түптерінің деңгейіне дейін). Ол үшін металл қалақша (шпатель) немесе распатор пайдаланады. Тістерді қызылиекасты шөгінділерден, бұзылған цементтен тазартып, қиықтардың ішкі беттерінен грануляциялық тінді, өскен эпителийді тақырлап алып тастайды (өткір қайшының көмегімен) және түбір беттерін тегістейді. Сүйек қалталарын дагрануляциялық тіннен тазартып, альвеола өсіндісінің өткір қырларын мұқият тегістейді, операциялық жара аймағын антисептиктер ертіндісімен жуып тазалаған соң қиықтарды орындарына қойып, бір-бірімен тістер арасына көлденең тігіс салу арқылы бекітеді. Тік тіліктерде 2-3 тігіспен тігіледі. Тігістер 6-7 күннен кейін алынады. Қан ұйындысының, жараның екіншілік инфекциядан сақталуын қамтамасыз ететін кеңес беріледі. Олар: аса ыстық және қатты тағамдар қабылдамау, ауызды ас қабылдағаннан кейін антисептиктер ертіндісімен шайып отыру, уақытша тістерін антисептиктер ертіндісімен сұланған мақта анжымен тазалау.
Сонымен бірге аурудың жағдайын ескере отырып, антигистаминдік, қабынуға қарсы дәрілер және антибиотиктер тағайындайды.
Сүйек қалталарын жойып, альвеола өсіндісінің сорылған бөлігін мүмкіндігінше қалпына келтіру үшін қазіргі кезде арнаулы осеопластикалық заттар: аутосүйек, сүйектен және шеміршектен тұратын аллотрансплантаттар, лиофилденген және формалинденген трансплантаттар, минералсыздандырылған сүйек, брефосүйек, аллопластикалық материалдар (үшкальцийфосфат, коллаген қосылған гидроксиапатит колапол) қолданыс табуда.
Пародонталдық қалталарды хирургиялық әдіспен емдеуді кез-келген жағдайда қолдана беруге болмайды. Оның жалпылай, жергілікті, абсолютті және салыстырмалы қарсы көрсеткіштері бар.
Жалпылай қарсы көрсеткіштер:
жүйелі остеопороз (белсенді кезеңі);
қан аурулары (гемофилия, лейкоз);
туберкулез (белсенді түрі);
онкологиялық аурулар;
ағзалар және жүйелер ауруарының декомпенсацияланған түрі (қант диабеті, бауыр, бүйрек, қантамыр-жүрек аурулары);
екіқабаттылық (жүктілік);
Салыстырмалы қарсы көрсеткіштері:
жедел жұқпалы аурулар;
қандағы гемоглобиннің аздығы;
жергілікті көрсеткіштер;
қалталардан іріңді жалқықтың бөлінуі;
ауыз гигиенасының нашарлығы;
түзетуге келмейтін тістем ауытқулары;
фиброздануға ұшыраған немесе өте жұқарған қызылиек.
Көңілге алған, емдеу жоспарына енген хирургиялық емдеу әдісінің алдында тиімді дайындық шараларын жүргізу қажет. Олар: пародонты қабынуы бар адамға ауыз гигиенасын дұрыс сақтауды үйрету; қозғалмалы тістерді шендеу және тістерді таңдап егеп-тегістеу; ұласында ретроградтық қабынуы бар және операция кезінде қантамыр-нерв шоғыры жарақатқа ұшырауы мүмкін тістердің ұлпасын алып тастау (депульпирование); ауызды толық сауықтыру; пародонтағы белсенді қабыну үрдістерін тежеу.
Дата добавления: 2015-12-01; просмотров: 986 | Нарушение авторских прав