Читайте также:
|
|
Бұл әдіс сирек және көбінесе әртүрлі жүйелер ауруларының декомпенсациялану сатылары бар, обыр, инсульт, миокард инфарктымен ауырған, ауыр операциялар жасалған адамдарда қолдануға болады. әртүрлі себептерден ауыз ашуы шектеліп қалған адамдарда да (микростома, шайнау бұлшық еттерінің жиырылып қалуы - тризм) қолдануды қажет етеді. Сонымен қатар түбір өзектері бітеліп, өтпей қалған қарт адамдардың тістерінде де қолдануға болады және көбінесе үлкен азу тістерде жүргізіледі.
Бірінші қабылдауда тісжегі қуысын тазалап, сауыт қуысын тесіп, өліеттендіруші қойыртпақ қояды. Екінші қабылдауда тісжегі қуысын толық егеп-тазалап, сауыт қуысын ашып, ұлпаны ампутациялайды, өзек сағаларын кеңейтіп, импрегнациялау болмаса электрфорездеу немесе депофорездеу әдістерін жүргізеді.
Түбір өзектерін импрегнациялау әдістерінің ішінде кеңірек қолданылатын 1913 жылы Альбрехт ұсынған – резорцин-формалиндеу әдісі. Ол үшін резорциннің формальдегидтің 40% ертіндісінде қанықтырылған ертіндісі пайдаланылады. Бұл ертінді таза шыны бетінде резорцин кристалдарын формальдегид ертіндісіне біртіндеп қосу арқылы дайындалады (резорцин кристалдарының сұйықта еруі баяулай бастағанға дейін біртіндепқосып, аралстырып отырады) және резорцин-формалин сұйығы деп аталады.
Өтпейтін өзек сағасына (аузына) 1-2 тамшы сұйықты апарып тамызып, жіңішке түбір инесімен 2-3 минөттей уақытта өзекке итеріп сіңіреді және 2-3 рет қайталайды, сұйықтың сіңбей қалған бөлігін сорғызып алып, өзек ауызында осы сұйықпен ылғалданған мақта анжы немесе асбест кесегін қалдырып, тісжегі қуысын уақытша пломбымен жабады. Қалдырылған және енгізілген сұйық алынбаған түбір ұлпасына сіңіп, феноформальдегидті шайырға айналып, біртіндеп қатаяды (полимеризацияланады). Ол қатаю кезінде көлемі кішірейеді, сондықтан келесі қабылдауда өзекті импрегнациялауды қайталаған жөн.
Келесі қабылдауда (үшінші қабылдауда) уақытша пломбыны алып, қатайған шайыр мен өзек қабырғалары арасында пайда болған саңылауды (қатайған шайыр көлемі кішірейіп, қабырғадан ажырау барысында) толтыру үшін импрегнациялау әдісін қайталайды. Шайырдың тез қатаюы үшін оған бір тамшы катализатор қосады (антиформин, сілтілер - KoH, NaoN 10% ертінділері).
Сұйықтың артығын мақта анжыға сіңіріп алған соң, өзектің өтетін бөлігін резорцин-формалин қойыртпағымен пломбылайды (қойыртпақты сұйыққа мырыш тотығын қосу арқылы дайындайды) және аралық төсем төсеп, тұрақты пломбы қояды.
Нашар өтетін түбір өзектерін мумификациялау үшін параформальдегидті қойыртпақты немесе прополистің 10% спиртті ертіндісін мырыш тотығымен араластырып қолдануға болады (Митина В.И., Марченко А.И., 1970). Өтпейтін түбір өзектерін жақсы зарарсыздандыру үшін (көбінесе ұлпаның созылмалы шіри қабынуы кезінде) 1913 жылы Гоу ұсынған күмістеу әдісін қолдануға болады. Бұл әдістің Я.С.Пеккер жетілдірген және оңтайландырған түрі үшін азот қышқылды күмістің (күміс нитратының) 30% судағы ертіндісі және 4% гидрохинон ертіндісі пайдаланылады. Кеңейтілген және өңделіп құрғатылған өзек сағасына 1-2 тамшы күміс нитратының ертіндісін тамызып, 1-2 минөт түбір инесінің көмегімен итеріп, өзекке сіңіреді және 2-3 рет қайталайды. Сіңбей қалған сұйықты мақта анжымен сорып алып,гидрохинон ертіндісін тамызып (1-2 тамшы), оны да инемен итеріп сіңіреді және қайталайды. Гидрохинон ертіндісінің тотықсыздандыруы әсерінен ертіндіден таза металл күміс бөлініп шығып дентиннің құрамындағы белокпен қосылып, күміс альбуминатын түзеді және өзек қабырғалары мен ұлпа бетінде берік, жұқа жарғақ құрай шөгеді. Бұл әдіс түбір өзегін жақсы зарарсыздандырғанымен, өліеттенген ұлпаны болашақта ыдыраудан сақтай алмайды. Сондықтан, бұл әдіспен қатар резоцин-формалиндеу әдісін жүргізген өте тиімді болар еді.
Осы мақсатта өтпейтін түбір өзектерінде Рубин Л.Р (1967) ұсынған иод-электрофорездеу және депофорездеу әдістерін қолдануға болады.
Дата добавления: 2015-12-01; просмотров: 71 | Нарушение авторских прав