Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

МемлекеттіҢ механизмі

Читайте также:
  1. МЕМЛЕКЕТТІҢ ҰҒЫМЫ МЕН БЕЛГІЛЕРІ
  2. МЕМЛЕКЕТТІҢ ПАЙДА БОЛУ ТЕОРИЯСЫ
  3. МЕМЛЕКЕТТІҢ ПАЙДА БОЛУЫ
  4. МЕМЛЕКЕТТІҢ ФУНКЦИЯСЫ
  5. Оғамдық қатынастарды әкімшілік- құқықтық реттеудің механизмі
  6. Оршаған табиғи ортаны қорғаудың экономикалық механизмі

Мемлекет механизмінің ұғымы. Мемлекеттің көп қырлы қызметі өзінің сипаты мен табиғаты, тікелей бағыты мен қалыптасу бағыттары, функциялары мен міндеттері, жұмыс нысандары мен әдістерімен ерекшеленетін әр түрлі мемлекеттің құрылымдар жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Оларды комплексті пайдалану мемлекет мұқтажын қанағаттандыруға, олардың алдында тұрған міндеттерді шешуге мүмкіндік береді.

Жоғарыда айтылған мемлекеттік құрылымдардың барлығын бірнеше түрге бөлуге болады. Олардың ішінде мемлекеттік механизмнің маңызды буынын құрайтын мемлекет органдарының шоқтығы бөлек. Оның басқа бір буыны болып биліктің айрықша ұйымдастырушылық және ұйымдастыру – мәжбүрлеу құралдары табылады. Мемлекеттік құрылымның үшінші бір түріне келетін болсақ, ол мемлекеттің механизміне тікелей кірмейді, тек жанап қана өтеді.

Мемлекет механизміне орасан зор рөл берілген. Ол іс жүзінде мемлекеттік билікті жүзеге асыруға міндетті. Барлық биліктік жетекшілік, басқарушылық, бақылаушылық, ұйымдастырушылық және реттеушілік қызмет – мемлекет механизмінің шексіз құқығы. Мемлекеттің саясаты, оның стратегиялық бағыты, тактикалық міндеті мемлекеттің механизмінен жасалып, сонымен түзетіліп, жүзеге асырылады.

Мемлекет механизмі дегеніміз- мемлекет алдында тұрған міндеттерді шешу үшін функцияларын іс жүзіне асыру үшін құрылған мемлекеттің барлық органдарынан, сондай–ақ биліктің ұйымдастырушылық және ұйымдастыру–мәжбүрлеу құралдарының жүйесі.

Мемлекет механизмі түсінігімен қатар, теория және практика жүзінде мемлекеттік апарат түсінігі де кеңінен пайдаланылады. Әрине, бұл түсініктердің ара қатынастары туралы мәселе тудырады. Мазмұны жағынан бір бірімен өте жақын және көп жағдайда бір біріне сәйкес келгенімен, алайда олардың айырмашылықтары да бар. Ол айырмашылық мынада мемлекеттік аппарат мемлекет механизмінің мемлекеттік қызмет принциптеріне негізделген буындарын ғана қамтиды. Сондықтан да мемлекеттік аппаратқа, мысалы жергілікті өкілді органдар, қызметші болып табылмайтын, депутаттық қызметі үшін мемлекеттен ақы алатын депутаттар кірмейді. Сөйте тұра, жергілікті өкілді органдар, күмән жоқ, мемлекет механизмінің бір бөлігі болып табылады.

Мемлекет механизмінің ерекшеліктері, оны ұйымдастырудың және қызметінің принциптері. Мемлекет механизмінің маңызды ерекшелігі, оның барлық буындарының ішкі бірлігінің болуы. Бір организмнің бір бөлігі болып отырып, олар бір біріне қарсы келмеулері керек. Керісінше, олар күш біріктіріп, адамдардың түрлі саладағы тіршілік – тынысын қамтып, қоғамды біртұтас басқаруды қамтамасыз етулері керек. Олардың тарапынан алауыздық, мемлекет саясатын жүргізуге қайшы келетін әрекеттер жасау орынсыз болады.

Сөйтсе де, мұндай бірлік әр түрлі мемлекеттік органдардың функцияларын араластыру мүмкіндігін білдірмейді. Ол олардың арасындағы құдіретті тиімді бөлісуді жоққа шығармайды, болжайды. Мемлекет механизмінің әрбір буыны өзіне тиісті салада еңбекке айқын шек қою мен бөлудің негізінде қайталаушылыққа жол бермей, нәтижесінде мемлекет алға қойған ортақ міндеттерді мемлекет қызметінің түрлі субъектілерінің күшімен орындап шығуды қамтамасыз ететіндей әрекет етуі тиіс.

Мемлекет механизмінің ішкі бірлігі туралы ережені талдап, түсіндіре келіп, биліктің салыстырмалы түрде үш дербес әлі тәуелсіз тармақтарының бар екендігін ескере кеткен артық болмайды. Олар бір-бірінен оқшауланған әр түрлі нақтылы міндеттерге акцент жасайды. Бұл факт билікті бөлу теориясында негізделген, бұл теория қазір күннен күнге кеңінен қолданыс табуда. Бүгінде оның ережелері мен принциптерін әлемнің көптеген елдері конституциясымен бекітіп берді. Барлық биліктің бір органда немесе бір лауазымды тұлғада шоғырлануына қарсы екендігін айтып, оны мемлекет механизмінің үш тармағының арасында бөлудің пайдасына аргументтерін келтіре отырып, билікті бөлу теориясы:

1) олардың тежемелік әрі тепе – теңдік жүйесін пайдалану арқылы өзара іс – қимыл жасауының қажеттілігін;

2) бір биліктің басқа билікті функциясын орындау жолымен алмастыруына жол бермеуді;

3) билік құрылымдарының өзіндік балансын белгілеуді бекітеді.

Мемлекет механизмінің ұйымдастыру мен қызметінде белгілі бір принциптер бар:

1) барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың конституцияны, заңдар мен басқа да нормативтік құқықтық актілерді мүлтіксіз орындауы басты талабы болып табылатын заңдылық принципі;

2) мемлекеттік тәртіп пен төменгі тұрған органдар бастама көрсеткенде және оны қолдаған кезде тәртіпті сақтауға мүмкіндік беретін барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың иерархиялық принципі және олардың өзара қарым – қатынасы;

3) мемлекеттік мәселелерді дер кезінде көтеріп және оны шеше білуге келіп тірелетін, толғағы жеткен қоғамдық дамудың қажеттіліктерін анықтау және оларды мемлекеттік – құқықтық нысандарда тұлғалап білдіретін жедел басшылықтың, меңгерудің және бақылаудың принципі;

4) мемлекет қайраткерлерінің берілген өкілеттіктер шеңберінде нақтылы жағдайдың ерекшеліктерін ескере отырып дұрыс шешім қабылдай білуінен тұратын кәсіпқойлық пен құзыреттілік принципі;

5) жариялылық принципін жүзеге асырудың нәтижесінде мемлекет механизмі демократиялық сипат алып, жұртшылыққа ашық та түсінікті бола алатындығы;

6) мемлекеттің өзінің негізгі әлеуметтік міндеті болып табылатын халыққа қызмет ету шараларында халықтың мүддесін ескеру принципі.

Мемлекеттің органы және оның мемлекет механизміндегі орны. Мемлекеттің органы мемлекет механизмінің «алғашқы клеткаларының» бірі болып табылады. Мұндай органдардың жиынтығы мемлекет механизмінің басты буынын құрайды.

Мемлекеттік биліктің заң шығарушы және өкілді органдары белгілі бір дәрежеде халықтық егемендікті бейнелейді. Сайлау процессімен халық сайлаған соң, олар өздерін мемлекеттік маңызды мәселелерді шешуге халықтың өзінен міндет алған сияқты сезінеді. Әдетте, заң шығару функциясын мемлекет механизмінде негізгі орындардың бірін алып отырған парламент жүзеге асырады. Федеративті мемлекеттерде әдетте парламент екі палаталы, ал көптегенбіртұтас мемлекеттерде бір палаталы құрылымда болады. Бірақ, бұл қатып қалған заң емес, басқаша да болуы мүмкін. Парламент заң шығармашылығынан басқа бір қатар жалпы мемлекеттік өкілеттіктерді де жүзеге асырады, және соңғысының нақты көлемі бір елдің парламентінде ауқымды болса, басқаларында – шамалы.

Қазақстанда бір палаталы Жоғарғы Кеңестен екі палаталы Парламентке ауысу жүзеге асырылды, мұнда Мәжіліс пен Сенаттың өкілеттіліктері бірдей емес, олар әртүрлі мәселелерде бірін бірі толықтырып, маңызды қоғамдық қатынастарды заңға сәйкес реттеуді қамтамасыз етіп отырады.

Жергілікті өкілетті органдар парламентпен бір реттегі жүйені құрады, тиісті әкімшілік – аумақтық құрылымдардың өмірінде маңызды рөл атқарады, бюджет мәселелерін шешеді және олардың орындалуы туралы есепті қарайды, жергілікті жерлерде жекелеген қоғамдық қатынастарды заң шеңберінде реттейтін актілер қабылдайды.

Атқару органдарының қатарына мемлекеттік саясатты іс жүзінде дайындап, іске асыру, конституциялар мен заңдар талабын іс жүзіне асыру міндеті жүктелген органдар жатады.

Үкімет және салалық орталық, сондай–ақ маңызды жергілікті атқарушы органдар мемлекет басшысына тікелей есеп береді және бақылауында болады, кейде оларды мемлекет басшысы тағайындайды және қызметінен босатады. Сондықтан саяси – заң ғылымында мемлекет басшысы дәстүрлі түрде атқарушы органдар қатарына жатады, елдегі атқарушы «вертикальдың» шыңы болып есептеледі. Алайда соңғы кездері Қазақстанда және ТМД-ның бірқатар елдерінде президент билік бірлігін бейнелейді, билік тармағының үстінен қарайды, олардың қалыпты қызмет атқаруын қамтамасыз етеді деген идея тарауда. Осы көзқарастардың алғашқысы президент атқарушы билікті басқарып қана қоймайтындығын, сондай -ақ мемлекет басшысы ретінде атқарушы биліктің шегінен шығатын бірқатар функцияларды жүзеге асырады. Екінші көзқарас президентті билікті бөлу шегінен шығарып жібереді. Бұл мәселе қосымша зерделеп, талдау жасауды қажет ететін сияқты.

Сот органдары әділ сотты қылмыстық, азаматтық, шаруашылық нысанында, ал көптеген елдерде – конституциялық сотөндірісі нысанында жүзеге асырылады. 1995 жылдың тамыз айының соңына дейін Қазақстанда Жоғарғы сот басқаратын жалпы соттар, Жоғары төрелік сот басқаратын төрелік соттар және Конституциялық сот болды. Қазір жалпы және төрелік соттар Жоғарғы сот басқаратын бір жүйеге біріктірілді, ал Конституциялық сот Конституциялық Кеңеске орнын берді.

Жоғарыдааталған мемлекеттік органдардан басқа мемлекет механизмінің құрамына сондай-ақ әскер, полиция, түрмелер, барлау және биліктің басқа да кейбір ұйымдастыру – мәжбүрлеу құралдары кіреді. Олар болмаса мемлекет өзінің алдында тұрған міндеттерін орындай алмайды. Олардың әрқайсысының ішінде басқару органдары бар. Олар басқару, бақылау, ұйымдастыру – техникалық функцияларын орындайды, аталған билік құралдарының әрқайсысында тәртіп болуын қадағалайды, олардың қызметінің мемлекет алдына қойып отырған міндеттер арнасында болуын қамтамасыз етеді.


Дата добавления: 2015-12-01; просмотров: 1008 | Нарушение авторских прав



mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.009 сек.)