Читайте также:
|
|
Ертеде өмір сүрген римдіктердің «адамға өлім ауыз арқылы келеді»,– деген пікірлеріне сүйенсек, көптеген адам ағзалары мен жүйелерінің ауруларының бұзылған тістер арқылы өтетін инфекциямен байланысты екендігіне ешқандай күмән келтіруге болмайды. Асқынған тісжегіге жататын периодонттағы қабыну ошағы - организмнің сенсибилизациялану көзі екендігі қазіргі кезде толық дәлелденген деуге болады (Ярыгина-Орлова Г.Д., 1973). Сондықтан периодонт қабынуы кезінде жүргізілетін емдеу шаралары тек асқынған тісжегімен сырқат, тісті ғана қамтымай, организмнің сенсибилизациялануының алдын алуға мүмкіндік беретін инфекция ошағын жоюға да бағытталуы керек.
Түбірұшы периодонты қабынуын тиімді және тісті сақтап емдеу қағидаларын ұсынған Ресей ғалымдары Л.А. Лимберг және Ф.А. Звержховский. Бұл қағидалар инфекцияға бай түбір өзектерін механикалық әдіспен және дәрілермен мұқият өңдеуді, түбір ұшы сыртындағы қабыну ошағына әсер етуді (жалқықтану үрдісі басылғанға дейін) және түбір өзегін пломбылауды қарастырады.
Периодонт қабынуын емдеу кезінде Түбір өзектерін эндодонттық ұсақ аспаптармен және дәрілермен өңдеуге үлкен көңіл бөлінеді. Эндодонттық ұсақ аспаптар жайлы кейінірек айтылады, ал қазір түбір өзектерін өңдеуге арналған дәрілерік заттармен таныстырған жөн болар.
Көптеген лабораториялық зерттеулердің нәтижесі көрсеткендей, түбір ұшы аймағындағы қабыну үрдісін тежеу үшін левомицетин, эритромицин және пенициллин сияқты антибиотиктер қолданыс тапқан. Сонымен қатар протеолиздеуші ферменттердің де рөлін атауға болады. Некролиздеуші және муколиздеуші ферменттер түбір өзегіндегі ыдыранды заттарды шығаруға оңтайлы жағдай туғызады, соның арқасында антибактериалды препараттар микроб клеткасына тікелей әсер етеді және түбір өзегінде микробтардың вегетациялануына қолайсыз жағдай қалыптастырады.
Периодонт қабынуын емдеу үшін әсер ету спектрі (аясы) кең антибиотиктер (микроцид, мономицин, неомицин) мен трипсин және химотрипсиннің леофильденген және зарарсыздандырылған препараттарын қосарландыра пайдаланған тиімді.
Трипсиннің бактериостатикалық қасиеті бар, фагоцитозды жеделтеді, гиалуронидазаның әсерін тежейді, бактериалдық уыттарды бейтараптандырып, тіндердің регенерациялық қасиетін жоғарылатады.
Егер фермент пен антибиотикті түбір өзегінде ұзақ уақыт қалдыру қажет болатын болса, олардың «Е» витаминінің 30% майлы ертіндісіндегі эмульсиясын дайындайды. Уақытша пломбымен тісжегі қуысын жапқан кезде ауыратын тістерді (зуб не выдерживающий герметизации) емдеген кезде және түбір өзегіне жалқық көп бөлінгенде эмульсияны түбір ұшы сыртына шығарып емдеген тиімді болады.
Түбір өзегін өңдеуге лизоцимнің 0,1% изотониялық ертіндісін қолданған өте пайдалы. Бұл фермент грамоң және грамтеріс микроорганизмдерді ыдыратумен қатар, организмнің гуморалдық қорғанысын күшейтеді, қабынуға қарсы және ауырусыздандырушы әсер көрсетеді.
Периодонт қабынуын емдеу үшін құрамында хлор бар антисептиктер (хлоргексидин, хлорамин Т, хлорацид, натрий гипохлориді) кең қолданылады. Құрамында хлор бар препараттардың ішінде шет елдерде натрий гипохлоридінің 3-5% ертіндісі (өкілі «Паркон») кең пайдаланылады. Бұл ертінді өліеттенген тіндерді жақсы ыдыратып ерітеді және бактерицидтік қасиеті өте жоғары.
Түбір өзектерін өңдеу үшін құрамында йод бар препараттардыда (йодинол, йодонат, бетадине) қолдануға болады.
Йодинол – йодтың поливинил спиртімен қоспасы, бактерицидтік және фунгицидтік қасиеті жоғары, лейкоциттердің фагоцитарлық тіндердің регенераторлық белсенділігін жоғарылатады. Эндодонтиялық тәжрибеде йодинолдың 1% ертіндісі қолданылады.
Йодонат – йодпен қосылған беткей белсенді заттар кешенінің судағы ертіндісі, құрамында йод 4,5% құрайды, бактерицидтік және фунгицидтік қасиеттері жоғары.
Бетадине (йодоповидон) – негізгі құрамы поливинилпирролидонйод түріндегі белсенді йодтан тұрады және 1% ертінді түрінде қолданылады.
Поливинилпирролидонйод йод байланыстыратын йодоформдар қатарына жатады және тіндермен жанасқан кезде құрамынан біртіндеп йод бөлініп шығып, бактерияларға, саңырауқұлақтарға, вирустарға, қарапайымдыларға әсер етеді.
Периодонт қабынуы кезінде түбір өзектерін өңдеу үшін сутегінің асқын тотығының 3% ертіндісі де қолданылады. Тірі тінмен немесе органикалық заттармен жанасқан кезде, сутегінің асқын тотығы су және оттегі молекуласына ажырайды. Осы кезде тез бөлінген ауа көпіршіктерінің әлсіз бактерицидтік қасиеті бар, бірақ түбір өзегін өліеттенген тіндерден және дентин үгінділерінен жақсы тазартады. Дегенмен сутегінің асқын тотығы өліеттенген тіндер мен органикалық зат қалдықтарын еріте алмайды. Сондықтан түбір өзегін өңдеу үшін сутегінің асқын тотығының тазартқыш, ал натрий гипохлоридінің бактрицидтік қасиеттерін ескере отырып, оларды тиімді реттілікпен бірінен соң бірін қолданған жөн. Бұл препараттардың арасындағы қызу химиялық реакция нәтижесінде еркін хлор мен оттегі бөлінеді. Осының нәтижесінде микроорганиздердің көзі жойылады және өзектен шайылып шығарылады.
Саңырауқұлақтар мен спорқұрмаушы микрооргагизмдерге төртіншілік аммоний қосындылары да (декамин және декаметоксин) жақсы бактериостатикалық әсер көрсете алады.
Периодонт қабынуын емдеу кезінде осы уақытқа дейін кең қолданыс тапқан нитрофурон қатарындағы дәрілер (фурациллиннің 1:5000, фурагиннің 1:13000, фуразолидонның 1:25000 қатынаста ерітілген ертінділері) мен глюкокортикоидтар (гидрокортизон, триамцинолон, дексаметазон, преднизолон). Соңғы дәрілер қабынуға қарсы, десенсибилизациялаушы және жалқық бөлінуін тежуші әсер етеді.
Периодонт қабынуы кезінде түбір өзегінде анаэробты микроорганизмдердің басым болуына байланысты, олардың өміршеңдігін тоқтататын дәрілерді (метронидазол, яғни трихопол ертіндісін) қолданған да тиімді болады. Метронидазол түбір өзегін өңдеуге арналған «Гриназоль» суспенциясының құрамына кіреді.
Периодонттағы қабыну үрдісінің дамуында қабыну туындатушы медиаторлар қатарына жататын простагландиндердің қосатын үлесі зор. Сондықтан олардың бөлінуін тежейтін (ингибитор) ортофен (натрий-диклофенак) 2,5% ертінді түрінде қолданылады.
Беткейлік-белсенді заттар қатарында периодонт қабынуын емдеу кезінде димексид (диметилсульфоксид, ДМСО) кең қолданыс тапты. Препараттың улы қасиеті жоқ, қабынуға қарсы әсері жақсы, коктар тобындағы микроорганизмдерді жою қасиеті жоғары, олардың зақымдалмаған биологиялық жарғағы арқылы оңай өтеді және басқа дәрілер үшін де өткізгіштікті қамтамасыз етеді. Димексидтің 20% судағы ерітіндісі пайдаланылады. Түбір өзегіндегі эндотоксиндердің концентрациясын дәрілермен жуып азайтумен қатар ультрадыбыс қолданып та жақсы нәтиже алуға болады. Осы мақсатта сорбент АУВМ «Днепр» пайдаланылады.
Периодонттың созылмалы қабынуын емдеу кезінде түбір ұшы төңірегіндегі тіндерге әсер ету үшу физикалық емдеу әдістерін қолдануға болады. Олардың ішінде кең қолданыс тапқан электрофорездеу (ионогальванизациялау) әдісі немесе тұрақты тоқтың көмегімен периодонтқа дәрілер иондарын енгізу. Дәрілік заттарды өтпейтін немесе нашар өтетін өзектерге ендіру үшін Люголь ертіндісімен, иодтың 5-10% спирттегі ертіндісімен, ферменттер ертіндісімен электрофорездеу әдісі ұсынылған. Сонымен қатар депофорездеу әдісі де кең қолданыс табуда.
Соңғы кездерде периодонт қабынуын емдеу мақсатында аса жоғары жиіліктегі (СВЧ), ультра жоғары жиіліктегі (УВЧ) айнымалы ток және ультра дыбыс, төменгі қарқынды лазер сәулесі қолданылады.
Периодонттың созылмалы қабынуын емдеу кезінде және емдеу шараларын жүргізіп біткеннен кейін де көптеген асқыну үрдістері орын алады. Түбір өзегін жақсы өңдеп, дұрыс пломбылағанның өзінде де түбір ұшы аймағындағы қабыну ошағы кері дамымай, ұзақ сақталып, организмге зиянды әсерін тигізеді. Сондықтан, соңғы уақытқа дейін периодонттың созылмалы қабынуын емдеген кезде кездесетін асқынулардың алдын алуды және түбір ұшы аймағындағы қабыну үрдісінің тез жойылып, ондағы тіндердің қайта құру (регенерация) қасиетін жоғарылататын дәрілерді және жаңа әдістерін емдеу ойлап табу, оларды жетілдіру бағытында толассыз зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Түбір ұшы аймағындағы созылмалы қабыну үрдісін белсенділікпен емдеу сол аймақта биологиялық белсенді заттардың (қабыну ошағының сорылуын, қайта құрылу үрдісін жылдамдататын) қорын құруды қарастырады. Олардың құрамына кальций суоксиді, кальций глицерофосфаты, нитрофуранды туындылар, белокты анаболизаторлар кіреді. Олар қойыртпақ түрінде дайындау үшін әртүрді майлы негіздерге (итмұрын, шабдол, шырғанақ майлары, кароталин, «А» және «Е» витаминдерінің майлы ертінділері) араластырылады және рентгенанықтығын қамтамасыз ету үшін барий сульфаты немесе мырыш тотығын қосады.
Түбір ұшы сыртына шығарылған қойыртпақ сорылған сүйек тінінің қайта қалыптасуына әсер етумен қатар, өзі сорылуға ұшырайды.
Түбір ұшы аймағындағы қайта құрылу үрдістерін мефенаминді қойыртпақ та жақсы жылдамдатады.
Периодонттың созылмалы қабынуын емдеу кезінде жақсы нәтиже берген (түбір ұшы сыртына шығарған кезде) төменгі құрамды қойыртпақ: лизоцим 0,001 г, мырыш тотығы 0,1 г, «А» витаминінің майлы ертіндісі. Бұл қойыртпақты қолданған кезде созылмалы қабыну үрдістерінің өршуі де сирекболған және тіндердің қайта құрылуы белсендірек жүрген.
Түбір ұшы аймағындағы сүйектің қайта құрылуын жылдамдату үшін қалқанша без гормонын пайдалануға да болады, ол үшін жоғарыда берілген лизоцимді қойыртпаққа бір тістегі периодонт қабынуын емдеген кезде 1 Е Д кальцитонин (кальцитрин) қосу керек.
Периодонттың қабынуын емдеуді түбір өзегін жақсылап және толық пломбылаумен аяқтайды; мұның өзі периодонтқа микроорганизмдер мен олардың уыттарының, өзектегі оргоникалық заттар ыдырандыларының түспеуін қамтамасыз етеді. Түбір өзегін пломбылық материалмен мұқият толтыру үшін, өтпейтін өзектер кеңейтіліп, өтетін өзектермен қатар эндодонттық аспаптармен өңделуі қажет. Түбір өзектерінің ерекшеліктері және оларды өңдейтін аспаптар мен әдістері туралы кейінірек айтылады. (бөлім)
Дата добавления: 2015-11-30; просмотров: 97 | Нарушение авторских прав