Читайте также:
|
|
Периодонттың анатомо-гистологиялық құрылымының ерекшеліктері мен физиологиясы.
Периодонт – түбір байламы (корневая связка) – periodontium – дәнекер тінді құрылым, тісті альвеолада ұстап тұрып, жақ сүйегімен байланыстырады және периодонт саңылауында орналасады.
Периодонттың құрамына байланыстырушы аппарат, клеткалар тобы, қан және лимфа тамырлары, нерв талшықтары, клеткааралық зат кіреді. Периодонт орналасқан кеңістікті периодонт саңылауы деп атайды. Периодонт саңылауы бір жағынан тіс түбірімен, екінші жағынан тіс ұясының сүйек қабырғасымен қоршалған. Орташа есеппен ені 0,2-0,3 мм тең. Периодонт саңылауының ені түбірдің әр деңгейінде бірдей емес. Е.И.Гавривловтың (1969) ұйғаруы бойынша бір түбірлі тістердің тіс ұясына (альвеолаға) кіре берісінде оның ені 0,23-0,27 мм, тістің мойын бөлігінде – 0,17-0,19 мм, түбірдің орта бөлігінде 0,08-0,14 мм, түбір ұшына жақын – 0,16-0,19 мм, альвеола түбінде – 0,23-0,28 мм. Қорыта айтқанда, периодонт саңылауы немесе кеңістігі альвеола жиегінен воронкаға (үріңкіге) ұқсап кеңейіп басталады да, біртіндеп түбірдің орта бөлігінде тарылып барып, түбір ұшында қайта кеңейіп, кәдімгі «құмсағатты» еске түсіреді. Күрек тістер төңірегіндегі пеиродонт саңылауы көптүбірлі тістерге қарағанда кеңдеу болып келеді. Тістердің алдыңғы және артқы беттеріндегі периодонт саңылауларының ені бірдей емес, артқы беттерінде оның ені кеңірек. Көптүбірлі тістердің периодонт саңылауының көлемі 60-150 мм³ тең, ал біртүбірлі тістерде 30-100 мм³ тең. Периодонт саңылауының көп бөлігін коллаган талшықтары, аз бөлігін қан тамырлары мен нервтер өтетін борпылдақ дәнекер тін (интерстициалдық тін) алып жатады. Түбір ұшына жақындаған сайын дәнекер тіннің мөлшері көбейе түседі.
Периодонттың байланыстырушы аппараты көптеген коллаген талшықтарының шоғырынан тұрады. Олардың бір ұшы цементке, екінші ұшы альвеола қабырғасына бекиді. Олардың аталған тіндерге өтетін терминалдық бөліктері (өткіш бөліктері) «Шарпеев талшықтары» деп аталады. Олардың жуандығы әр түрлі, сүйекке өтетіндерінікіі – 10-20 мкм, цементке өтетіндерінікі – 3-5 мкм және олар жартылай минералданған. Альвеола сүйегінде талшық ұштары сүйек майы қуыстарына жетпей кемік сүйек бағаналарына бекиді.
Белгілі бағытта орналасқан коллаген талшықтары бірнеше негізгі топ құрайды, олардың арасындағы кеңістікте жиі тармақталатын жіңішке эластикалық коллаген талшықтар орналасқан. Эластикалық талшықтар көбінесе күрек және сүйір тістер периодонтының мойын тобы талшықтарының арасында орын алады. Әрбір коллаген талшығы аса жуан емес, диаметрлері 55 нм коллаген фибриллдерінен тұрады. Олар сіңірдің құрамындағы фибриллдерден 2-4 есе жіңішкелеу және созылғыштық қасиеттернің жоқтығына қарамай, тістердің қозғалғыштығының шектелуін қамтамасыз етеді. Коллаген талшықтары толқынға ұқсап орналасады, осының арқасында шайнау күші әсер еткенде біраз ұзарады. Талшықтар шоғырының ұзындығы периодонт саңылауының еніне байланысты. Пеиодонт саңылауының тар орта бөлігінде қысқа талшықтар, ал түбір ұшы бөлігінде ең ұзын талшықтар орналасқан. Бұл талшықтардың орналасу бағыттарының өзіндік ерекшеліктері бар, олар цементке жақындаған кезде тығыз шоғырлар арасында ромбыға ұқсас кеңістіктер қалдыра орналасады. Талшықтар арасындағы аралық кеңістік 0,1 мм жақын. Ер адамдар периодонтының коллаген талшықтарының жуандығы 0,15-0,2 мм, әйелдердікі – 0,1-0,15 мм. Жас ұлғайған сайын (50 жастан кейін) коллаген талшықтарының жуандығы 0,05 мм жіңішкереді, ал олардың арасындағы борпылдақ дәнекер тіндер орналасқан кеңістіктер кеңейе түседі.
Орналасу ерекшеліктеріне байланысты коллаген талшықтар шоғыры төмендегідей болып бөлінеді:
1. Альвеола қырының талшықтары: тістің ұрт бетін альвеола сүйегінің қырымен байланыстырады және ұрт-тіл жазықтығында орналасады;
2. Көлденең талшықтар: альвеола қырының талшықтарынан тереңірек периодонт саңылауына кіре берісте орналасып, тістің айналма байламын (круговая связка) құрайды. Оларың құрамына альвеола өсіндісінің тіс аралық қалқандарының ұшын басып өтіп, көрші тістерді байланыстыратын транссепталдық талшықтар кіреді. Айналма байлам үш топтағы талшықтардан тұрады. Бірінші топтағы талшықтар қызыл иек бекімінің астында цементке бекиді. Екінші топтағы талшықтар желпуіш сияқты шашырап, қызыл иектен және қызыл иек бүртіктерінен басталып тіс мойнына бекиді және қызыл иекті қозғалмайтындай етіп, тіске тығыз жанасуын қамтамасыз етеді. Үшінші топқа Фалин Л.И. (1963) транссепталдық талшықтарды жатқызады. Олар қызыл иек бүртігінің терең қабатында тісаралаық қалқан сүйектердің ұшын баса өтіп, көрші тістерді бір-бірімен байланыстырады және көлденең орналасады.
3. Қиғаш орналасқан талшықтар: олар басқа талшықтардан көбірек, периодонт саңылауының 2/3 бөлігін алып жатады. Олар қиғаш (тангенциалды бағытта) цементтен альвеола сүйегіне қарай жоғарылай орналасқан.
4. Түбір ұшы талшықтары редиальды және альвеола түбіне тік орналасады, кейбіреулері көлденең де орналасады.
Түбіраралық талшықтар көптүбірлі тістердің түбір ашалары аймағында тіс түбірін түбіраралық қалқанның қырымен (ұшымен) байланыстырады, біразы көлденең, қалғандары тік орналасады.
Cohn S.A. (1975) келтірген деректерге қарағанда периодонтта трансальвеолалық талшықтар бар. Олар альвеола қабырғаларының сүйек тіні арқылы өтіп көрші тістердің түбірлерін байланыстырады. Периодонттың құрамына коллаген және эластикалық талшықтардан басқа окситаланды талшықтар (жетілмеген эластикалық талшықтар) кіреді, олар диаметрі 0,5-1 мкм, ұзындығы бірнеше милиметр шоғырлар құрай (параллелді) және оған жақын периодонт саңылауының ортасымен тік өтеді және түбірді айнала үш өлшемді тор құрайды, олар коллаген талшықтарын тік бұрышпен қиып өтеді. Окситаланды талшықтардың көбі тістің мойын бөлігінде орналасқан. Ғалымдардың болжауынша олар қан айналысын реттеуге қатысады. Коллаген талшықтарының фиброзды шоғырларының арасында борпылдақ дәнекер тін орналасқан, олар арқылы қан және лимфа тамырлары, нерт талшықтары өтеді.
Негізгі (аморфты) зат периодонтта көп мөлшерде кездеседі және клеткааралық заттың 65 пайызын құрайды. Бұл жұмсақ былқылдақ гель, 70 пайызы судан тұрады. Сондықтан ол тіске әсер ететін күштерді тең бөлуде (амортизациялауда) үлкен рөл атқарады.
Периодонттың клеткалық құрылымдары негізінде фибробластардан, плазматикалық және толықша клеткалардан, гистиоциттерден, вазогендік клеткалардан, мононуклеарлық макрофагтардан, остеобластардан, цементобластардан, остеокластардан тұрады. Остеобластар және остеокластар түбір ұшы аймағында сүйек тініне, ал цементобластар цементке жақын орналасқан және оларға жоғары дәрежелі зат алмасу үрдістері тән.
Периодонтта тотығу-тотықсыздандырушы ферменттер анықталған. Олар – талшықтар шоғырының арасындағы борпылдақ дәнекер тінде орналасқан сукцинатдегидрогеназа, НАД- және НАДФ-диафоразалар, глюкозо-6-фосфатдегидрогеназа, фосфатазалар.
Периодонтта көбірек кездесетін клеткалар – фибробластар, олар ұршыққа ұқсас жалпақ домалақ немесе сопақ пішінді, ядросында 1-2 ядрошықтары бар өсікті клеткалар. Олар коллаген талшықтарының бойында орналасқан, бір-бірімен және талшықтарымен десмосомдық-жабыспалы байланыс құрайды. Клеткаларда ГЭС (гранулярная эндоплазматическая сеть) – гранулярлық эндоплазмалық тор (плазма іштік тор), Гольджи кешені жақсы дамыған және оларға жғары дәрежелі құру қызметі тән. Цементке және альвеола сүйегіне жақын фибробластар 3-6 қатар болып орналасады. Олар периодонттың негізгі затын және коллаген талшықтарын құруға қатысады.
Физиологиялық жағдайда және периодонт жарақаттанған кезде олардың орны тамырлар төңірегінде орналасқан клеткалардың-ізбасарлардың сүйекке немесе цементке қарай көшуі нәтижесінде толығып отырады. Қартайған кезде фибробластар саны азаяды.
Гистиоциттер (тыныштақ жағдайда кезеген клеткалар) немесе орныққан макрофагтар – домалақ, сопақ немесе дұрыс пішінсіз бір ядролы клеткалар, түбір ұшына жақын борпылдақ дәнекер тінде орналасады. Олардың ядросы сопақ немесе «соя» пішінді, құрамында хроматиннің ірі түйірлері бар.
Остеобластар альвеола өсіндісінің ішкі бетінде орналасақан. Куб немесе пирамида пішінді, диаметрі 15-20 мкм. Клетканың ядросы сопақ немесе домалақ пішінді, клетканың ортасынан ауытқи орналасқан, бір немесе бірнеше ядрошықтары бар. Белсенділік жағдайында олар тұтасқан қабат жасай отырып, остеоид құрады және оның минералдауына қатысады.
Мезенхимадан дамыған, аса жетілмеген (малодифференцированные) адвентициалдық клеткалар қан тамырларына жақын орналасқан, көбіне фибробластарға ұқсайды, кішірек ядролары бар. Клеткалардан ұзын протоплазмалық өсінді шығады. Бұл клеткалардың эмбриондық дәнекер тінге тән қасиеттері бар, сондықтан олар дәнекер тіндік әр түрлі клеткалараға және қан клеткаларына ауыса алады. Қабыну кезінде бұл клеткалар өзгеріске ұшырап, фибробластарға немесе еркін микрофагтарға айналады (.Гаврилов И.А, 1950).
Остеокластар және одонтокластар (цементокластар) - ірі көпядролы, лизосомалық аппараты жақсы дамыған гематогендік (қан текті) жасушалар (клеткалар). Олар тіс ұясында сүйек және түбір беттеріндегі ұяшықтарда орналасқан және қатты тіндерді бұзуға қатысады.
Макрофагтар мен лейкоциттер (эозинофильдік гранулоциттер, лимфоциттер және моноциттер) көбіне аз мөлшерде периодонттың интерстициалдық дәнекер тінінде орналасады. Олар қорғаныс реакциясын қамтамасыз етеді және қабыну үрдістері кезінде олардың саны көбейе түседі.
Толықша клеткалар лейкоциттер мен плазматикалық клеткалардан дамиды, көп мөлшерде борпылдақ дәнекер тінде орналсады және сөл бөлу қызметін атқарады.
Барлық тістер периодонтында, оның ішінде үлкен азу тістер және күрек тістер периодонтында кішірек эпителий клеткаларының шоғыры немесе аралшықтары кездеседі. Оларды алғаш 1885 жылы Малассе анықтап сипатталған.
Малассе эпителиалдық аралшықтары периодонттың тұрақты құрылымы болып табылады, оның мойын және түбір ұшы бөлігінде жиі орналасады.
Тіс құрушы эпителийдің қалдығы болып саналатын Малассе аралшықтары тіс-жақ сүйек жүйесінде дамитын әр түрлі ісіктер мен ісіктерге ұқсас құрылымдардың дамуына себепкер болып, пародонт ауруларының кейбір белгілерінің қалыптасуын қамтамасыз етуі мүмкін (3-сурет).
Кейбір болжамдарға сүйенсек болашақ аралшықтар кіреукелік ағзаның (эмалевый орган) ішкі қабатынан жасушалар тобының бөлініп шығуынан құрылады немесе эномелобластардан дамиды (Стецула В.И., 1957).
Паникаровский В.В. және басқалардың (1988) ұйғаруынша тіс ұрығының даму және өсуіне қарай кіреукелік ағзаны құрушы эпителий бір қатарлы клеткаларға дейін созылып барып бөлшектенеді және дамып келе жатқан түбір жүйесімен альвеола өсіндісінің ішіне қарай жылжи өсе бастайды. Мұның өзі периодонттың әрбір деңгейінде аралшықтар клеткаларының санының әр түрлі болуына әкеп соғады.
Периодонттың әр аймағында Малассе аралшықтарының түрі әр түрлі болып келеді. Түбір ұшы тұсында эпителий аралшықтары қылтамыр және қылтамыр алды тектес тамырлар маңайында созылған жолақ (тәж) түрінде орналасады (4-сурет).
Тістің мойын бөлігіндегі периодонтта тіс орналасқан аралшықтардың клеткалары ірі келеді. Периодонттың басқа бөліктерінде Малассе аралшықтары коллаген талшықтарының арасында цементке жақын орналасқан 5-7 клеткадан тұратын ұсақ құрылымдар түрінде кездеседі және ультрақұрылымы жағынан көпқабатты жазық эпителийдің базалды клеткаларына ұқсайды. Малассе клеткаларының құрамында гликоген бар және бір-бірлерімен клеткааралық қосылымдармен байланысқан.
Морфологиялық белгілеріне қарай эпителий қалдықтарының үш түрін ажыратады: тыныштанған, дегенерацияланушы және пролиферацияланушы аралшықтар.
Тыныштанған Малассе аралшықтары – базалды жарғақпен қоршалған ірі ядролы ұсақ клеткалардың тығыз орналасқан жиынтығы. клеткалардагликоген бар, бір-бірімен клеткааралық қосылымдармен байланысқан көпқабатты жазық эпителийдің базалды клеткаларына ұқсас.
Дегенерацияланушы аралшықтар клеткалары тыныштанған клеткаларға ұқсас келеді, құрамында біртіндеп бұзылысқа ұшырайтын, пикнозды ядролары бар қараңғы клеткалар кездеседі. Олардан тұратын детрит кейінірек минералданып, цементиклдер құрайды. Пролиферацияланушы клеткалар – жоғары полиферациялану (көбейю немесе өсу) және синтездеу (құру) белсенділігі тән ірі клеткалар (4 сурет). Жас өскен сайын тыныштанған және дегенарцияланушы клеткалар саны азайып, пролиферацияланушы клеткалар саны көбейеді. Аралшықтары жасушаларының бөлініп көбею белсенділігінің жоғары болуына байланысты, олар өмір бойы периодонтта сақталады.
Жасы 20-30 арасындағы адамдар периодонтында эпителий аралшықтары көптеп кездеседі, адамның жасы ұлғайған сайын олардың саны азаяды. Жасы 30-40 шамасындағы адамдарда аралшықтар 5-7 клеткадан тұрады және розеткаға ұқсайды, кейде ядролары тығыз жеке клеткалар созыла орналасады. Жастары 45-50 және оданда ересек адамдар периодонтында құрамында 40-тан астам клеткалар бар ірі аралшықтар кездеседі. клеткалардың ядролары әр түрлі, өздері жарық болып келеді. Жас ұлғайған сайын олардың саны азая береді, жасы елуден асқан адамдарда дегенеративті өзгеріске ұшыраған клеткалардан тұратын бірлі-жарымды аралшықтар сақталады. Әр түрлі адамдарда және бір ғана адамда аралшықтардың саны да әр түрлі болуы мүмкін (5 сурет).
Аралшықтардың эпителий клеткалары фибробластармен қатынаста бола отырып, биологиялық белсенді заттар (гликозамингликандар, ферменттер) бөліп шығарып, фагоцитозға және коллаген талшықтарын қорытуға қатысады деген көзқарас бар.
Аралшықтардың эпителий клеткаларында сукцинатдегидрогеназа, лактатдегидрогеназа, глюкоза-6-фосфатдегидрогеназа (Г-6-ФДГ) сияқты ферменттердің белсенділігі анықталған. Бұл В.В.Гемонов пен Т.В.Козловицердің (1980) ұйғаруынша зат алмасу үрдісінің қарқындылығын көрсетеді. Малассе эпителиалдық аралшықтары тіс төңірегіндегі тіндерде дамитын ісікті және қабыну үрдістерінің морфогенезінде және патоформозында белгілі рөл атқарады. Периодонттың тіс мойнына жақын бөлігінде орналасқан пролиферацияланушы эпителий жасушалары пародонт қабынуы кезінде пародонталдық қалталардың қабырғаларының эпителий қабатымен төселуіне де қатысады.
Периодонттың қанмен камтамасыз етілуі өте жоғары дәрежеде, сондықтан мұнда клеткалық және клеткалық емес құрылымдардың жаңаруы жылдам және асқан белсенділікпен іске асып отырады. Периодонтта тасымалдау және қоректендіру (нәрлендіру) қызметтерін орындайтын микроциркуляторлық қан айналымының барлық тізбегі орын алған. Оны қанмен қамтудың көзі – жоғары және төменгі альвеолалық артериялар. Периодонттың ұсақ қан айналым арнасы қоректендіретін артериалық тамырдан (кіру өзегі), шығарушы венулярлық тамырдан (шығу өзегі), қылтамырлық торлар ошақтарынан тұрады және олар түбірдің әр деңгейінде әр түрлі жилікте орналасады. Периодонттың тіс мойны бөлігінде және түбір ұшы бөліктерінде қылтамырлар өте жиі кездеседі. Бұл осы аймақтарға түсетін қысымның біршама ауытқып тұратындығына байланысты ұсақ қантамырлар айналымының бейімделу мүмкіндігінің жоғарылығын көрсетеді.
Қанның көп мөлшері периодонтқа диаметрлері 20-40 мкм артериялар арқылы келеді. Олар периодонтқа тіс альвеоласының әр түрлі деңгейінде орналасқан сүйек тесіктері арқылы (фолькман өзекшелері) тісаралық және түбіраралық қалқан сүйектердің сүйек майы кеңістігінен енеді және коллаген талшықтары шоғырларының арасында орналасқан борпылдақ тінде орналасады (6-сурет). Үлкен азу тістерде алдыңғы топтағы тістерге қарғанда мұндай артериалардың саны көбірек.
Периодонтты артериалық қанмен тіс артериясының тармақтары да қамтамасыз етеді. Олар периодонттың түбір ұшы бөлігіннен қызыл иекке бағытталған.
Периодонттың қанмен қамтамасыз етілуінің тағы бір көзі – альвеола өсіндісін жапқан кілегей қабыққа өтетін супрапериосталдық артериялардың тармақтары. Олардан қылтамырлар (капиллярлар) бөлініп, түбір төңірегінде ұяшықтарға ұқсас өрім құрайды және цементтің сыртқы бетіне жақын орналасады. Периодонттың қан тамырлары А.И.Варшавскийдің (1978) ұйғаруынша тістің өсіне параллелді орналасады (7-сурет). Қылтамырлардың диаметрі 8-10 мкм шамасында. Периодонтта кең қылтамырлардың көбірек кездесуін А.В.Варшавский (1981) өзіндік қантамырлары жоқ цементтің периодонтпен тығыз функционалдық қатынаста болуымен байланысты деп түсіндіреді. Мұндай қылтамырларда қан айналымы өте жоғары деңгейде тұрады және цементтің қоректенуі периодонттың тамырлары арқылы іске асады.
Периодонттың қылтамырларының біразы фенестирлік немесе қабырғалары жоғары өткізгіш қылтамырлар тобына жатады. Олардың қабырғаларының өткізгіштігі өте жоғары болуына байланысты периодонттың сусорғыш негізгі затына су жылдам жеткізіледі. Бұл тіске әсер етуші өзгеріп тұратын шайнау күшінен туатын қысымды периодонт саңылауына бейімдеуге өте қажет.
Периодонт аймағынан қан жинап алатын веналар тістераралық қалқан сүйекке келеді, бірақ артериалардың жолын қайталамайды. Периодонттың қантамырлар арнасының веноздық бөлімі сан жағынан артериалық бөлімінен басымырақ, периодонттан қан бірнеше бағытта әкетіледі: мойын бөлігінен қан жартылай қызыл иек веналарына, ал түбір ұшы бөлігінен альвеолалық веналарға құйылады.
Көптеген қылтамырлар соңды венулалар ұзындығы 200-350 мкм, ені 30-80 мкм кең және қысқа бағаналарға (стволға) бірігеді. Олар коллаген талшықтары шоғырының арасымен өтіп, жақ сүйектерінің кеуек заттары үшін салалар құрайды.
Сонымен қатар периодонттан қанның біраз бөлігі доғаға ұқсас қуысіштік веналарға кетеді. Олар тіс мойнына параллельді орналасқан және ұзын веноздық коллатералдармен бірігеді.
Периодонттың артериалық және веналық тамырларының арасында көптеген анастамоздар бар. Борпылдақ дәнекер тін қабаттарында артериалдық және венулалық тамырлар бір-бірімен қатар орналасады және қысқа түзу немесе доғаға ұқсас анастамоздармен бірігеді. Кейде мұнда венуло-венулярлық жалғастықтар да байқалады. Көршілес тістер периодонтының, жақ сүйектерінің қабығының және ауыздың кілегей қабығының веноздық тамырларының арасында да анастамоздар бар. Периодонттың қантамыр арнасымен қызыл иектің эпителий бөлімі аймағындағы тамырлар шумағының тығыз байланысы анықталған (Варшавский А.И., Леван В.Н., 1978).
Пеиодонттың қантамырлануы альвеоланың қан қамтылуымен тығыз байланысты. Оған негізгі қантамырлар альвеола аралық артериялардан, жартылай тіс артериаларынан, ал біразы қызыл иекке баратын артериялардан бөлінеді.
Сонымен қатар түбір ұшындағы бүйірлік тесіктер арқылы жеке тамырлар тармағының периодонттан ұлпаға өтетіні байқалады (Варшавский А.И., 1978). Мұның клиникалық жағдайда үлкен маңызы бар. Себебі, бұл жол – ұлпа қабынуы кезінде периодонтқа инфекция өтетін жол болуы мүмкін.
Пеиодонттың лимфа жүйесі жұқа қабырғалы лимфалық қылтамырлардан тұрады және ондағы борпылдақ тіннен басталып, клапандары (қақпақтары) бар веналармен бірге жүретін жинағыш лимфа тамырларына өтеді. Лимфа тамырларының біразы қызыл иекке барады, біразы альвеола қабырғасын тесіп өтеді.
Периодонт сезімтал нерв ұштарына және нерв талшықтарына өте бай. Бұл – оның өте ерекше сезу ағзасы екенінің дәлелі және оның шайнау қысымын рефлекторлық реттеудегі маңызын көрсетеді (Фалин Л.И., 1965).
Периодонттың иннервациялануы афферентік және эфферентік талшықтар арқылы жүреді. Афферентік талшықтар периодонтқа екі иннервациялаушы көзден келеді. Олардың біріншісі – тіс нервісінен, ол қантамыр-нерв шоғырымен бірге түбір ұшы тесігіне кіргенге дейін және қызыл иекке жеткенге дейін бөлінетін перифериялық тармақтар. Афферентік нервтердің екінші көзі – тістераралық және түбірлераралық қалқандардың тесіктеріне өтетін (фолькман өзектері) тармақтар. Олар тіс нервісінен түбір ұшына немесе тіс сауытына қарай бағыт алады және периодонттың орта және тіс мойыны бөлігін нервтендіруге қатысады.
Екі көзден шығатын талшықтар периодонтта тіс өсіне параллельді орналасқан және жіңішке талшықтар шоғырынан тұратын нервтік өрімдер түзеді. Жіңішке талшықтар шоғырынан ақырғы (соңғы) тармақтар мен жеке талшықтар бөлінеді.
Периодонттың барлық бөліктерінде сезімтал нерв ұштары орналасқан. Олар көбінесе механорецепторларға және ауыру рецепторларына (ноцицепторларға) жатады. Олар тармақталған бұталарға ұқсас келеді, кейде әр түрлі құрылымды (бірқабат, екіқабат) шумақтарға немесе жалпақ, ұршыққа ұқсас, жапыраққа ұқсас құрылымдар түрінде кездеседі. Сезімтал рецепторлар бірнеше қабат тармақтана отырып, коллаген талшықтарының шоғырына еніп кетеді және периодонттың белгілі аймақтарын иннервациялауға қатысады. Көптеген ұйғарымдарға сүйенсек, бұтаға ұқсас нерв ұштары шайнау қысымын реттейтін механорецепторлық қызмет атқарады. Жоғарғы күрек тістерден басқа тістердің барлығының периодонтының түбір ұшы бөлігі сезімтал нерв ұштарына бай. Ал жоғарғы күрек тістердің периодонтының барлық бөліктерінде сезімтал нерв ұштары бірдей тығыздықпен орналасқан.
Бұтаға ұқсас нерв ұштарынан ерекше шумаққа ұқсас нерв ұштары борпылдақ дәнекер тін шоғырларының арасында орналасқан. Симпатикалық талшықтар миелинсіз, диаметрлері 0,2-1 мкм, өн бойы ендері 2,0 мкм көптеген варикозды түйіндер құрайды және қан тамырларының төңірегінде корзинаға ұқсас ұштармен аяқталады (Быков В.Л., 1998) және қан айналымын реттеуге қатысады.
Периодонтта парасимтпатикалық нерв талшықтары анықталмаған.
Сезу қасиеті тән, құрылымы әртүрлі өте сезімтал нерв ұштары күрек тістердің периодонтында көптеп орналасқан. Бұл ерекшелікті Фалин Л.И. (1960 олардың қызметімен тікелей байланыстырады.
Пеиодонтта рецепторлардың құрылымы жағынан әр түрлі болуы олардың қызметінің де әр түрлі болуын қамтамасыз етеді: тактилдік тітіркендіргіштерді, шайнау қысымын, ауыру сезімін қабылдау сияқты қызметтер.
Адамның жасы ұлғайған сайын периодонтта коллаген талшықтарының саны азайып, редукцияға ұшырайды. Керісінше эластикалық талшықтардың саны көбейеді және аралық өрімнің талшықтары толығымен жойылып кетеді. Кейбір авторлар адамның жасына байланысты периодонт саңылауының енінің де өзгеретіндігі туралы мәлімет келтіреді (Velden V., 1994).
Периодонттың негізгі қызметі тіреп-бекіту және амортизациялаушы болып табылады. Периодонттың гидравликалық аппараты (қан және лимфа тамырлары) оның негізгі қызметінің биомеханикасында белсенді рөл атқарады. Гидростатикалық қысымның өзгеруі байламдық аппараттың созылғыштығына әсер етеді, периодонтқа жоғары қысым түскенде полимерлерде болатын өзгерістер сияқты оның талшықтарының қаттылығымен тығыздығының жоғарылағаны байқалады. Функционалдық күш түскен кезде тістер серпінді бекіген жағдайда болады, сондықтан ешқашан альвеола қабырғаларына тығыз жақындай алмайды.
Периодонттың амортизациялаушы қызметінің мәні – шайнау тербелістерін реттеп, қысымды тістер ұясы қабырғаларына тепе-тең бөліп, оны бұзушы фактордан зат алмасу үрдістерін күшейтетін факторға айналдыру.
Мұндай жағдайды туғызатын коллаген талшықтары мен тамырлар жүйесі. Олар периодонт тініндегі сұйықпен қосылып, тіске арнайы гидравликалық жастық немесе тірек құрады. Периодонтта қысым жоғарылаған кезде қан мен лимфа сүйектегі тамырлар жүйесіне бет ала бастайды.
Периодонттың тіреп-бекіту және амортизациялаушы қызметтерімен трофикалық қызметі қатар жүреді. Шайнау қысымы тістің тірек аппаратында зат алмасудың қалыпты ағымын қамтамасыз ететін функционалдық тітіркендіргіш қызметін атқарады. Тіс жұлынған жағдайда шайнау күші түспегендіктен альвеола өсіндісі семе бастайды. Периодонт цементті толығымен, ал ұлпаны жартылай, альвеоланың қатты сүйек қабатын қоректендіреді.
Периодонттың қорғаныс немесе барьерлік қызметі оның барлық бөлігінде бірдей орналасқан гистиоциттермен тығыз байланысты, периодонттың жиі орналасқан қантамырлар торы оның әрбір аймағында микрофаг-лейкоциттер мен антиденелердің болуын қамтамасыз етеді. Мұның өзі периодонт арқылы ауыз қуысынан организмнің ішкі ортасына инфекциялық және басқалай агенттердің өтуіне тосқауыл бола алады.
Пластикалық немесе қайта құру қызметі арнаулы клеткалардың- остеобластар мен цементобластардың арқасында іске асады және тістер шықаннан кейін де жалғаса береді. Бұл клеткалардағы ферменттік жүйелерге жоғары белсенділік тән, сондықтан сүйек құрылымдары мен түбір цементі сорылған кезде, оларды қайта құруға осы клеткалар қатысады. Жоғарыда аталған қызметтермен қатар, периодонт тістердіңөсуіне, шығуына және алмасуынақатынасады., сенсорлық қызмет те атқарады. Қорыта айтқанда, периодонттың қызметі көп қырлы деп санауға болады. Оның қызметтерінің дұрыс сақталуының тек төңірегінде жақын орналасқан тіндер емес, бүтін тулға үшін маңызы бар.себебі, периодонттың қабыну ошағы органимзнің сенсибилизациялану көзі болуы мүмкін.
Периодонттағы дамитын патологиялық үрдістердің ішінде белгілі орын алатыны – периодонттың қабынуы. Қабыну үрдісі көбінесе түбірұшы периодонты аймағында орын алатындықтан, орыс тіліндегі әдебиеттерде «түбірұшы периодонтының қабынуы» (верхушечный периодонтит) деген атау жиі кездеседі. Бұдан әрі – периодонттың қабынуы туралы мәлімет бергенде, түбірұшы деген анықтауышты қоспай, тек «периодонттың қабынуы» деген атау қолданылады.
Дата добавления: 2015-11-30; просмотров: 63 | Нарушение авторских прав