Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

А.В. Суворов,

орыс қолбасшысы

 

Өмірде бар мүмкіндікке уақыт арқылы қол жеткізесің. Кейде осының қадіріне жете мән бере бермейміз-ау.

Англияда болғанымда ондағы халықтың әрбір минөтке, сағатқа мән беретіндігін байқадым. Біздегідей кез келген уақытта қонаққа жетіп бару деген жоқ. Мәселен, сіз бір туысқаныңыздың не досыңыздың үйіне барғыңыз келсе кем дегенде он күн немесе екі апта бұрын бұл жайында хабардар етесіз. Соның өзінде қай күні, қай сағатта болатыныңыз есептеледі. Қашан баратыныңызды ашық айтуыңыз керек. Одан артық бір минөт қалуыңыз —қылмыспен тең. Адам баласына ең қымбат — алтын уақытына қастандық жасаған болып есептеледі.

Қонақ күту, туған күн, отбасылық мерекелерді ағылшындар кафеде, сыраханаларда өткізеді.

Біздің ең үлкен кемшілігіміз – өзімізге уақыт таппайтындығымызда. Тиесілі ардақты сағаттарымызға мән бермейтіндігімізде. Өзгенің көңіліне қарап ысырап ете салатындығымыз. Ал көңілшектікті өмір көтермейді.

«Адам баласының табиғаты қызық қой, байлығынан, бақ-дәулетінен айрылғанда қатты налиды, ал асыл уақытының мән-мағынасыз өтіп жатқанын елең қылмайды» (Абул-Фарадж, араб ақыны).

Сөйте тұра бәріне үлгерсем дейсің. Олай болуы мүмкін емес. Алдымен өз жұмыстарыңды, нақты міңдеттеріңді атқармай алға қадам жасай алмайсың. Көңіл бөлу де күнделікті жоспарыңнан аспауы керек.

Әрбір күннен жұмысқа, мәселелерді шешуге, өзгелердің өтінішіне, туыстарға, достарға, ғылымға, шығармашылығыңа уақыт табуың қажет. Алайда, бәрібір өзіңе мән беретін мүмкіндікті қарастырмаса болмайды.

Шындығында, қазір біз уақыт тапшы заманда өмір сүрудеміз. Сондықтан ештеңе күтудің қажеті жоқ. Барлық адамды бірдей риза ете аласың ба? Немесе саған келген жанның бәрі көтеріңкі көңіл күй сыйлай ала ма? Тіпті үйіне қонаққа шақырғаныңның өзіне кей мейманың дастарханыңды, не болмаса жиһазыңның дұрыс тұрмағанын сынап кетеді.

Барлық істі бірден тындыра алмайсың. Сондықтан ретіне қарай әрбіріне уақыт бөлген жөн.

Американдық ғалымдардың айтуына қарағанда күнделікті жұмыс тауқыметінен тынығу, шаршағанды басу, өмір жүгін жеңілдету үшін кемінде күніне 20 минөт уақыт табуың керек екен. Бұл өзіңізді қолдауға, жәрдем беруге кететін уақыт.

 

Е.С.

Күніне кем дегенде өзіңе 20 минөт уақыт тап.

 

* * *

20 ақпан, жұма, 1998 жыл

 

ӨЗІҢЕ ӨЗІҢ ИЕ БОЛ

 

«Ерге — қанағат, әйелге инабат керек»

Халық мәтел і

 

Ерік-жігері жоқ адамнан қорқу керек. Олар маған қаңбақты елестетеді. Бүгін – мұнда, ертең – онда. Тағдыры өз қолында емес, өзгелердің ықпалында кетеді. Көйлегі көк, қарыны тоқ болса болды. Табиғаттың мұндай жаратылысын көріп, таң қаласың.

Осы уақытқа дейін өзіндік пікір қалыптастыра алмаған адамды кім деуге болады?

Өзіндік ойы жоқты, мінезсізді — кісі кейпіндегі бос бейне демеске лажың жоқ. Мұндайларды Мырзакелді Кемел ағам «табанының бүрі жоқ» дейді.

Тұрақты болу деген сөз – бір орнында қозғалмай қалу емес қой! Бар гәп — адамдықтың, адалдықтың идеясын жоғалтпауда. Кісілік келбетіңді сақтай білуіңде дер едім.

Азаматтық деп қара күшті емес, өзіңе өзің ие болғанды айтады.

Ішкенге мәз, жегенге тоқ болып жүре беру пендені ешқашанда өсірмейді, адамдығын биіктетпейді. Меніңше, мұндайлар достыққа да адал қызмет ете алмайды-ау.

Шын мәнінде өмір саған сыйлық жасамайды. Адамның өзі өмірден тиісті үлесін, сыйын алуға ұмтылуы қажет.

Сабыр сақтап, өз жанына үңілген жан өмір сырын байыппен ұға түседі. Қасындағы кісіге ұнағың келсе соның санасындай оймен ойланып, сұхбаттас.

Өзіңе өзің талап қоймай ешнәрсеге жете алмайсың.

Адам өзін күн сайын үш бағытта бағалап отыру керек:

1. Мінез-құлқым жұртқа жайлы ма?

2. Достарыма адалмын ба?

3. Ұстазымның өсиетін еске түсіріп, қайталап отырамын ба?

Қытай ойшылы Конфуций осылай сұрақ қойып соған жауап беруді дағдыға айналдырған екен:

«Ер азамат өз басын дұрыс алып жүре алмаса, ол абыройлы болмақ емес және де қаншама оқыған адам болса да оның білім дәрежесі терең болмағаны».

Е.С.

Күн сайын өзіңді үш бағытта бағала:

1. Мінез-құлқым жұртқа жайлы ма?

2. Достарыма адалмын ба?

3. Ұстаздар өсиетін еске түсіріп, қайталап отырамын ба?

 

* * *

 

Жүректен шыққан жеті сөз

Сенің өміріңдегі әрбір күнің қайта келместігімен де, қайталанбас сәттерімен де қымбат.

* * *

Өзгенің бойындағы кемшілікті тез байқағышпыз. Ал неге өз бойымыздағы кемшілікті көре бермейміз. Біздің басты кінәміздің өзі — осы емес пе?

* * *

Сабыр, сабыр тек сабырлы болшы қашанда!

Ашушаңдық пен сабырсыздық — күллі адамзаттың жауы.

* * *

Кемшіліксіз адам болмайды. Ең үлкен күнә – кемшілігіңді жоюға тырыспау.

* * *

Дүниедегі ең үлкен өлім — сенің ешкімге керек болмай қалуың.

* * *

Күдіктене берсең — айналаның бәрі жамандықтан тұратын сияқты боп көрінеді.

* * *

Кішіпейіл бола алмауың адамдармен араңа қорған соққаның. Ол қорғаннан ақпейіл адамдар өткісі келмейді, тек қу, жылпостар ғана ебін тауып жетпек.

* * *

9 наурыз, дүйсенбі, 1998 жыл

 

КҮЛМЕГЕН КҮНІҢ ЗАЯ

«Басыңды көтеріп, күліп жүр!

Күле білмеген адам өмір сүре алмайды»

Атамның өсиеті

 

Аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлының “Ой жетпейтін жер болмайды, күлкі жеңбейтін жау болмайды» дейтін сөзі жадымнан шыққан емес. Шындығында жылышырай мен жайдары күлкінің адамға шуағы мол. Сол ықыласты, мейірман күлкі пенденің бойына шаттық сезімін әкеледі. Адами қарым-қатынаста осынау табиғаттың ең қымбат сыйының орны бөлек дегім келеді.

Күнделікті өмірде көңіл күйі көтеріңкі жанды көп жолықтыра аламыз ба? Жоқ! Қайта көшелерде, автобустарда, қоғамдық орындарда жанарын мұң басқан, қалың ойға берілгендерді жиі кездестіреміз. Ал көңілді жанды өте сирек байқаймыз. Бәлкім, бұған мынау нарық заманының да әсері аз емес шығар. Көпшілік бұған келісер де.

Әйтсе де еңсені көтеру – өзімізге байланысты. Сәл кедергіні – өмірдің бітпес мәселесіне айналдыра саламыз. Кездескен қиындықты — қайғы-қасірет деп ұғамыз. Біздің азап шегетініміз де осы.

Студент кезде Тұрсынбек деген жолдасымыз бір емтиханнан «сүрініп» қалса қайғы жұтып өзін өзі кінәлап, тамақ ішпей жатып алатын. Бұған қарама-қарсы мінезді Құрбан сынақтан қанша «құласа» да мойымайтын, мән бермейтін. Ертесіне қайта тапсыратынына сенетін.

Көбіне бар мәселе – көңіл күйге келіп тіреледі. Бойында шаттық сезімі барда кездескен адамыңмен арадағы жұмысың да тез шешілер еді. Иә, адамды шаттық билесе бойы да сергек болады. Сөзін де еркін жеткізе алады. Жаның мазасызданып, ойыңды зіл батпан басып, қиналып қасірет шегіп тұрған қалай еріксіз езу көтермек? Әрине, қандай жағдайда болса да іштегі қызу құбылысты (ашуды, ызаны) тежей білген де жөн-ау.

Дегенмен, қатты күліп тұрып, жылап жібере алмайсың ғой? Немесе қатты қайғырып тұрған жан бірден күліп кете алмайды. Бірақ іштегі қасіретін сездірмей, адамдармен байсалды сөйлесе білсе соның өзі мықтылық. Жоғарыдағы айтылған сөзден шығатын қорытынды – өз басыңның мұңын «жырлай» беріп, қасыңдағы жанды әбіржітпеу керек.

Көңілді сергек ұстау жанұяға да қуаныш сыйлайды. Өзгелерді де сізге жақындата түседі.

Адам өзі сүйетін іспен айналысқанда ғана бақытты.

Жұмыссыз бос қарап отыратындар тез шаршағыш, не ашушаң болатын секілді. Жүйкені реттейтін тетік тұрақты айналысар тірлігіңнің болуынан деп ойлаймын. Жұмыссыздардың ызақор болатыны да сондықтан. Көңілі де бір орнында болмайды. Мұндайда, адам өзін бір жағдайда қалыпқа келтіре алады. Үмітіңді өшірмеу, күдеріңді үзбеу, алдағыға сену арқылы өзіне күш жинайды. Күш дегеніміз – шаттық сезім, жоғары көңіл күй.

Әйтсе де ақпараттың көптігі адамды тез шаршатады.

Василий Шукшиннің бір жазғаны ойға оралады: «...біз қазір қыруар информация қабылдаймыз. Ақыл-ойымызға азық болу үшін — нәр берерліктей көп хабар естиміз, бірақ оларды нашар қорытамыз немесе қорытып үлгермейміз, содан барып бет-бетімізге лағып кетеміз. Осыдан барып құлазушылық туады».

Лондонда шығатын «Европеец» басылымының жазуына қарағанда жұмыстағы ауыртпашылықтан, шаршап-шалдығудан бір сәт сергудің таптырмайтын емі —күлкі екен. Адам неғұрлым көп күлген сайын қанына адреналин мен эндарфин көп мөлшерде беріледі. Тыныс алу кеңейеді, жүрек соғысы бір қалыпқа түседі. Олай болса, қызмет орнында әріптестеріңізбен үнемі әзілдесіп, күліп жүріңіз.

Иә, көңіліңді көтере отырып өзіңізге ғана емес, айналаңыздағыларға да жағымды іс істейсіз. Өз денеңізді сауықтырасыз. Ал жоғары көңіл-күй денсаулықтың кепілі.

«Көңілді адамдар тез сауығады, және ұзақ жасайды», - дейді француз дәрігері Амбрусу Паре.

Көңілсіздік – бақытқа барар жолды кесіп тастайды. Бүкіл өмірмен ұрсып қалғандай тымырайып жүрсең ешкім саған жолағысы келмейді. Адамға керегі – жайдары күлкі! Әр күн сайын өз көңіл-күйің үшін күресу керек.

«Күні бойы бір күле алмасаң, онда оны зая кеткен күнім деп есепте» (француз жазушысы Виктор Гюгоның сөзі). Ол үшін қашанда дос пейілді, ізетті, жылышырайлы езу тартып жүруің қажет.

 

Е.С.

1.Тымырайып жүргенге ешкім жоламайды.

2. Адамға керегі жайдары күлкі.

* * *

27 наурыз, жұма, 1998 жыл

 

ӨЗІҢДІ ӨЗІҢ ЖЕК КӨРМЕ!

 

Өзіңе ұрсуға болады.

Бірақ жек көруге болмайды.

Жеңіс Тұрғанов ағамның сөзінен

 

Өмірде бәріне жауаптысың. Жақсы ісіңе де, жаман ісіңе де. Қате жіберсең де, шалыс бассаң да, дұрыс сөйлемесең де, тура жүрмесең де...

Қайырымдылық жасасаң, айналаға мейіріммен қарасаң жолың да ашыла түседі.

Өмір толы — мәселе. Ол өздігінен шешіле бермейді. Шешімін таппас тірлік жоқ.

Санаңды сауықтырсаң өмірің де сауыға түседі. Ең бастысы жеңіл ме, ауыр ма өміріңді сүюге тиіссің. Өйткені сен де өзгелер сияқты осы дүниенің бір перзентісің. Өмірге құштар болған сайын айналаң да сүйікті бола бастайды. Мынау жарық дүниенің мәні де, мағынасы да арта түседі. Адамдарға қуаныш сыйлағаннан пенде ұтылмайды. Қолыңнан іс келіп, өзгелерге жақсылық жасаған күні өзің де керемет көңіл-күйде боласың.

Ал біреудің көңілін қалдырған күні ұйықтай алмай қаласың.

Ең ауыр дүние — өзіңді өзің жек көру. Құдай осыдан сақтасын! Кейбіреулер ағат ісі үшін өзін қатты сөгіп жатады. Өзін көріксіз, тірлігін өнімсіз деп қарайды. Өзгенікінің бәрі жақсы, бәрі әдемі сияқты көрінеді. Қателескен қадамының, олақтық істерінің себебін іздемейді.

 

Мәндібай деген танысымның әңгімесі.

—Неге екенін қайдам мен істеген тірліктердің бәрі сүйкімсіз. Бала кезден солай. Қыстыгүні хоккей ойнау үшін бірнеше бала жиде ағашынан, қараталдардан таяқ таңдаймыз. Әйтеуір менің таңдағаным – сапасыз не ебедейсіз болып шығады. Мектеп бітірген соң жұмысқа араластым. 23 ақпанда (ерлер күнінде) қыздар бәрімізге қолсағат сыйлады. Білмеймін, менің сағатым екі-үш күнде бұзылып қалды. Кейіннен не озып, не қалып кететін болды. Өзгелердің сағаты сартылдап тұр.

Жалпы, бір адамның ісін екінші жан атқара біледі. Оған ден қоя білуде. Дұрыс таңдамадым деп, сыйланған сағат бұзылып қалды деп орны толмас өкініште қалуға болмайды ғой. Осы үшін адам өзін жек көру керек пе? Бәрін байыппен қалпына келтіруге болады. Ол үшін ең бірінші көңіл-күй керек. Одан соң құлшыныс пен сенімділік қажет.

«—Осы жұрттың бәрі бақытты, ал мен ғана бақытсызбын, сорлымын!» (Ауылдан келген Саматтың әңгімесінен.)

Ешқандай адам бақытсыз болып тумайды. Өзгелердің бәрі өмір бойы рахатта, қуанышта болуы мүмкін емес. Әрбір күннің көлеңкелі жақтары, шаршайтын, ауыр азап-мұң әкелетін сәттері бар. Тек басқалардың бір артықшылығы — қиналысын сездірмейді. Ешуақытта болмашы нәрсеге сары уайымға салынуға болмайды. Адам біткеннің ең негізгі жауы — сол!

Сергек ақыл таразысы алдамайды. Ең жаманы — өзіңді-өзің алдау. Шындықты көріп отырып, өтірікке бұрылып кетесің. Неге? Тағы да сол – жасықтық, сенімсіздік!

Мәселен, жиналыста бір сөйлегің, өз ұсынысыңды айтқың келіп тұрады. Сондайда өзіңе дем берудің орнына, кейде кейін тартатының бар. «Қойшы, бәрібір ақымақ болып қалармын» дейсің.

Адам өзін құрметтемесе, қамшыламаса, намысын оятпаса жетістікке жете алмайды. Оның үстіне өзін аяусыз жазаласа «бақытсызбын» деп жанын жараласа — құлдилап кері кетеді.

Ал мен бала кезден өзіммен өзім жүретінмін. Қиналған кезде қажыр-қайратты өзімнен іздейтінмін. Әсіресе, біреуден «таяқ» жесем де өзімнен көретінмін. Үй-ішіне тіс жармайтынмын. Әсіресе ата-анам білмесе екен дейтінмін. Әйтсе де бойымда бір жасықтық бар еді...

Әрине оңай емес. Өз қадір қасиетін білмегеннің өзін түсінуі де қиын. Әсіресе, өмірге қандай адам болып келгенің. «Әдемі емеспін, қабілетті емеспін» дегендерге еңсесін көтеріп, адамдық ойын биіктетсін. Өзгелерге қарап жасыма, қайта үйрен, үлгі ал! Бақыт кілті біздің өзімізге, айналамызға деген көзқараста.

Өзінің «меніне» құлақ аспағанның өмірі тіпті алыста, жырақта өтіп жатқандай. Өзіңді түсінген, қолдаған сәттен бастап сенің өмірің басталмақ.

Өзіңмен өзің қалғанда көңілді де көңілсіз, ауыр да жеңіл, азапты да мұңды болатыны хақ. Ең негізі өзіңе қамқор өзің екеніңді сезіну.

Өзіңе сенген жағдайда ғана биіктерге бет аласың. Тиісті мақсатыңа жете аласың.

Е.С.

Бастан өткерген барлық сәтсіздіктерің — өзіңе сенімсіздікпен қараудан

* * *

29 наурыз, жексенбі, 1998 жыл

 

ТҮСІНУГЕ ТЫРЫСПАУ – ҚЫЛМЫСПЕН ТЕҢ

 

... Сен мені түсінбедің.

Мен үшін одан артық өкініш жоқ.

Бір қыздың жігітке жазған хатынан

 

Бір танысым: «Күнделікті мен де жазам онда тұрған не бар?» - дейді. Барлық адам күнделік жазса қайта қуанар едім. Бірақ бұл басты мақсат емес қой. Әңгіме тек жаза білуде деп айта алмаймын. Ең бастысы өзіңді-өзің түсінуің. Мәселе – өзің ойланып отырып, өзгені ойландыра білуіңде! Ал бұның бәрі үшін тер төгуің, ізденуің керек. Адам есейген, өмір тереңіне байыппен қараған сайын өзгенің қатесіне кешірімшіл келеді. Ал өмірге немқұрайды қараған жан қайта кекшіл бола түседі.

Мұндағы бар мүмкіндікті өзіңнен іздейсің. Адамды ыждаһаттылықпен тыңдау да, оған көңіл бөлу де ең қажетті шаралар. Оның жанарындағы мұңды көріп, үнсіз қалу да жараспайды. Қолыңнан келгеніңше демеп, сөз жәрдемін арнаған жөн.

Адамдарды мен үш түрге бөлгім келеді:

1. Түкке түсінбейтіндер.

2. Жарым-жартылай түсінетіндер.

3. Жан дүниесімен түсінетіндер.

Біріншісіне: қанша ойыңды жеткізуге тырыссаң да бәрібір түсінбейді. Былайша айтқанда түсінуге тырыспайды.

Бұл орайда, атақты ақын Мұхтар Шахановтың мына бір өлең шумағы ойға оралады:

«Ал түсінбеу» бақытсыздық болар ол,

Иә, адамдық қатынаста жоқ әлі де сара жол.

Оңай емес, оңай емес бұл егес,

Қашан болсын бірлік жолы бұрыстау.

Керек десең түсінбестік күнә емес,

Қылмыспен тең, түсінуге тырыспау.

Екіншісіне: керек жерінде ғана түсінеді, керек емес жерінде түсінбейді.

Үшіншісіне: не айтсаң да тез ұғып алады, тіпті ары қарай дамытып алып кетеді.

 

* * *

 

5 сәуір, жексенбі, 1998 жыл

 

ТОЛҒАН МАҚСАТ, ТОЛҒАН ТАҢДАУ...

Иә, алдыңда толған мақсат, толған таңдау.

Шын мәнінде осы туралы ойланып көрсек. Таңертең тұрғаныңда «бүгін қайсы киіміңді кигенің дұрыс» деп өзіңе тіл қатасың. Кофе ішесің бе әлде шай дұрыс па? Бүгін жұмысқа төте жолмен барғаның жөн бе? Бару керек пе бармаған дұрыс па? Үндемегенім дұрыс па, әлде айтып салсам ба екен? Шыдау ма шыдамау ма?

Қарап тұрсаң таңдау өміріңнің әрбір минөтінде кездеседі.

Біз сонда қалай таңдаймыз? Көбіне өзіміздің жүрек қалауымыз не дейді. Соған жүгінеміз. Ішкі дүниең нені көрсетеді. Соған бағынамыз. Кейде үлкен кісілер айтқанына немесе достар кеңесіне құлақ түреміз.

- Бүгін бір түрлі мазам жоқ. Ұшақпен ұшпай-ақ қойсам. Шетел сапарын кейінге қалдырсам...

Иә дәл осылай. Өткенде, дәлірегі 1996 жылы ғой деймін, Шымкенттен ұшатын ұшақта бір жолаушы жол жүрердің алдында (соңғы минөттерде) өзінің райынан қайтқан. Кейіннен бәрімізге белгілі қайғылы жағдай. Үндістан аспанында апатқа ұшырап, экипаж, жолаушылар түгел опат болды. Өз интуициясы сезді ме екен бәлкім?

«Жеті рет өлше, бір рет кес». Қазақ халқының ойлы мақалдарының бірі. Әйтеуір қателеспеші деген сөз ғой.

Кейбір бойжеткендер: «Ерланға ма әлде Нұрланға? Қайсысына тұрмысқа шықсам екен?» деп бас қатыратынын да байқаймыз.

Өмір тола баламалы таңдау. Некенің де беріктігі таңдаған адамымызға байланысты. Сіз мінезіңіз жеңіл болса жұбыңыздың сабырлы да байсалдысы жөн-ау. Иә, егер ер адам кесімді ой айта алмайтын болса зайыбының нақты шешім қабылдайтыны дұрыс. Меніңше, жанұя – бірін бірі толықтырып тұру деген сөз. Отбасындағы біреу ашуланшақ болса, екіншісі барлық ренішті қабылдап алатын жан болуы керек. Жалпы, біреуіміз кешірімді болмасақ мына өмірді сүреңсіздік басар еді-ау.

Шындығында; кемшілігі жоқ адам іздеу бос әурешілік. Адам барлық жағынан құбылысы сай болуы мүмкін бе?! Керемет киім тігетін жан тамақты жөнді пісіре алмауы мүмкін. Саған түкке тұрмайтын жан біреу үшін құдіретке айналады. Ақыл-парасаты биік адам сен ойлағандай сұңғыла болмауы мүмкін.

Зайыбының сұлулығына бас ұрған жан үйленгеннен соң оның парасатсыздығын аңғарып күйіп-піседі.

- Қаншама қыздың ішінен таңдап алып едім. Енді, міне, көп жәйтті өзім үйретуіме тура келуде, - дейді Мәкең бір көңілді күні.

Ал, қазіргі әйелдер күйеулерін көбіне жасық, жігерсіз деп айып тағатынын естіп қаласыз. Себебі, бала-шағаны асырауға базарға аттанатын әйелдер екені жасырын емес. Таңдау барлық уақытта еркіңде болмайды.

Ар-ождан, имандылыққа келгенде таңдау болуы мүмкін емес-ау.

Сонымен сіздің таңдауыңыз қандай?

 

* * *

 

29 мамыр, жұма, 1998 жыл

 

...Мәжіліс депутаттары, әріптестерім Қайролла Ережепов, Ирак Елекеев, Қуаныш Төлегенмен бірге киелі Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесіне, қасиетті Ордабасыға тәу еттік. Бабалар рухына дұға оқылды.

Ордабасы!

Дана қарттарымыз Төле, Қазыбек, Әйтекелердің өр рухы биіктікке жетелегендей.

Республикалық «Ордабасы» ұлттық тарихи мәдени және табиғи қорығы қызметкерлерімен ой бөлістік.

Сұлтан Ысқақов атындағы орталау мектеп ұжымымен кездестік.

Туып-өскен жерім – Бөржарға, түлеп ұшқан қара шаңырақ үйге сәлем бердік. Әріптестеріме ата-анамды, бауырларымды таныстырдым. Тандыр нанның дәмін татып, ауыл адамдарымен сөйлестік. Жарқын өзгерістер, аудан басшысы Өмірзақ Әметтің іскерлігі жөнінде ізгілікті тілектер естідік.

Мұнан соң «Тұран құс» акционерлік қоғамында фабрика жұмысымен таныстық. Қоғам президенті Ислам Әбішевтің нақты істеріне сүйсіндік.

Сол күні дәстүрлі халықаралық Қажымұқан турнирі дүркіреп өтіп жатты...

Барлық кездесулерде Ордабасы ауданының мәслихат хатшысы Әбдуәлі Байбосынов бірге жүрді.

Аяулы атамекенімнің шырайлы жүзін көріп, қуанышты сезіммен Астанаға аттандық.

 

* * *

 

30 мамыр, сенбі, 1998 жыл

 

АДАМДАРДЫ ҚҰРМЕТТЕҢДЕР!

 

Адамның асқан сұлулығы - оның сезгіштігі,

қарапайымдылығы, ниеттестігі.


Дата добавления: 2015-12-01; просмотров: 45 | Нарушение авторских прав



mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.034 сек.)