Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

КЕЛЕҢСІЗ КЕЗДЕСУ

 

Ихтиандрдың көңіл-күйі онша емес-ті. Мойнындағы жарасы сыздап ауыртады. Денесі күйіп барады. Ауада тынысы тарылып, берекесі кетіп тұрған. Бірақ ертеңгісін науқастығына қарамастан Гуттиэрені қарсы алу үшін жағадағы жартастың қасына барған. Қыз түс кезінде келді.

Күн дегенің жан төзгісіз ыстық еді. Күннің аптабынан, ұсақ ақ тозаңнан Ихтиандр алқына бастаған. Оның теңіз жағасында қалғысы келген, бірақ Гуттиэре асығулы еді, қыздың қалада тығыз шаруасы бар екен.

– Әкем бір шаруаларымен кетпек те, ал дүкенде мен қалуға тиіспін.

– Онда мен сізді шығарып салайын, – деді жігіт, олар қалаға қарай құлдилай тартылған шаң-тозаңды қара жолдың үстімен кетіп бара жатты.


 

 

Оларға қарсы басын төмен тұқыртқан күйі Ольсен келе жатыр екен. Ол әлденеге абыржулы болса керек, қастарынан өте шықты, тіпті Гуттиэрені де байқаған жоқ, оны қыздың өзі дауыстап шақырды.

– Менің оған айтар екі-ақ ауыз сөзім бар, – деді Гуттиэре, Ихтиандрға қарап, сосын кері бұрылып, Ольсеннің қасына барды.

Олар сыбырласып әлденелерді тез-тез айтысып жатты.

Қыз оған бірдеңе деп жалынатын тәрізді.

Ихтиандр солардың артында бірнеше қадамдай жерде ғана келе жатқан-ды.

– Жақсы, түн ортасы ауған соң, – деген Ольсеннің даусын естіді ол. Дәу жігіт қыздың қолын қысып, басын изеді де тез-тез басып кете барды.

Гуттиэре Ихтиандрдың қасына келгенде, жігіттің екі беті мен құлақтары өрттей қызарып жанып тұрған. Оның Гуттиэремен Ольсен туралы ашық сөйлескісі келген-ді, бірақ соны неден бастауын білмей тұр.

– Бұдан әрі төзімім жетер емес, – деп бастады ол сөзін алқынып тұрып. – Менің білуім керек... Ольсен жайын... Сіз менен сыр жасырып жүрсіз. Сіз онымен түнде кездеспек болдыңыз. Сіз оны сүйемісіз?

Гуттиэре Ихтиандрды қолынан ұстап, оған мейірлене көз тастады да, күлімсіреген күйі сауал тастады:

– Сіз маған сенемісіз?

– Мен сенем... Өзіңіз де білесіз, мен сізді сүйем. – Ихтиандр енді бұл сөздің мәнісін білетін, – бірақ мен... бірақ маған соншалықты ауыр.

Мұнысы шындық еді. Ихтиандрды беймәлім жай қинайтын, оның үстіне тап сәл сәтте бүйірі де шаншып, жанын қатты қинап тұрған. Ол алқына бастаған. Бетінің ұшындағы қызылдары жоғалып, өңі боп-боз болып кеткен еді.

– Сіз қатты науқассыз ғой, – деді қыз да енді абыржып.

– Тынышталыңыз, өтінем сізден. Сүйкімді балақайым-ау. Менің сізге бар шындықты айтқым келмеп еді, бірақ


 

 

кеудеңізде күдік қалмауы үшін айтайын бәрін. Тыңдаңыз, ендеше.

Әлде бір салт атты кісі бұлардың қасынан құйғытып өте шықты да, бірақ Гуттиэрені көріп қалып атының басын қайта бұрып, екі жастың қасына келді. Ихтиандр өңі қара торы, жасы тоқтасқан, ұлпа тәрізді жұмсақ мұрты едірейген, шоқша сақалды бейтаныс біреуді көрді.

Бір кездерде, әлдеқайдан бұрын Ихтиандрдың бір көрген кісісі тәрізді өзі. Қалада ма? Жоқ... Жә, теңіз жағасынан көрген шығар-ау.

Салт атты қамшысымен етігінің қонышын бір салып қап Ихтиандрды бастан-аяқ сезіктене бір шолып шықты да, Гуттиэреге қол беріп амандасты.

Қолын шап беріп ұстап, ол күтпеген жерден қызды жерден көтеріп әкетіп, қолынан сүйді де, күліп жіберді:

– Қолға түстің бе! Ол қабақ шытқан Гуттиэренің қолын қоя берді, сөйте тұра ызалана үн қатты: – Үйлену тойы болғалы жатқанда, қалыңдықтың бейтаныс жігітпен қолтықтасып қыдырып жүргенін бұрын-соңды кім көрген, түге.

Гуттиэре ашулана бастаған, бірақ ол оны сөйлетпей, одан әрі бастырмалата жөнелді;

– Әкең сені күткелі қашан? Мен дүкендеріңде бір сағаттан кейін боламын.

Ихтиандр оның соңғы сөздерін естуден қалған-ды. Кенеттен көз алды қарауытып, өңешіне әлденендей бір түйіршік тұрып, тынысы тоқтап қалғандай сезінді. Оның бұдан әрі ауада қалуына болмайтын еді.

– Сонда сіз... дегенмен, мені алдаған болдыңыз ғой... – деді ол көгерген еріндері дірілдеп.

Оның сөйлескісі – бар өкпесін ашып айтқысы және бәрі- бәрін білгісі келген, бірақ ауруы шыдатпай, есінен тануға айналған-ды.

Ақыры Ихтиандр жағаға қарай тұра жүгірді де, тік жартастан теңізге бірақ секірді.


 

 

Гуттиэре шыңғырып жіберді, әрі теңселіп кетті. Сосын ол Педро Зуритаға қарай ұмтылды:

– Тезірек... Тез кұтқара көріңіз оны! – Бірақ Зурита тырп етпеді.

– Өзі суға батып өлгісі келген кісіге менің кедергі жасамайтын әдетім бар, – деді ол.

Суға қойып кету үшін Гуттиэре жағаға қарай жүгірді. Зурита осы сәт атын тебініп қап қызды қуып жетті де, ат үстінен еңкейіп иығынан ұстап, алдына көтеріп алды да, жолды шаңдата шаба жөнелді.

– Мен өзіме кедергі жасамаса, өзгеге де кедергі келтірмейтін кісімін. Міне, осыным тәуір болды! Әу, есіңді жисаңшы, Гуттиэре!

Бірақ Гуттиэре жауап қатпады. Қыз талып жатқан. Тек әкесінің дүкеніне жеткенде барып ол есін жиды.

– Әлгі жас жігіт кім еді? – деп сұрады Педро.

Гуттиэре Зуритаға деген ызасын жасырмай, тесірейе қарады да, тіл қатты:

– Жіберіңіз мені.

Зурита қабақ шытты. «Есуастық, – деп ойлады ол, – романының кейіпкері суға кетіп тынды. Сонысы тәуір болды». Содан соң дүкенге қарап тұрып Зурита айқай салды:

– Әкесі! Бальтазар! Бармысың, әй!.. – Бальтазар жүгіріп шықты.

– Мә, қызыңды ал. Сосын маған алғысыңды айт. Мен өлімнен құтқарып қалдым мұны, қызың бір сұлу жігіттің соңынан суға кете жаздады. Міне, осымен екінші рет қызыңды ажалдан арашалап алдым, ал бұл деген әлі күнге мені жатырқайды. Жә, көп ұзамай оның бұл қиқарлығына тыйым салатын болармыз әлі. – Ол қарқылдап күліп жіберді. – Мен бір сағаттан кейін оралам. Келісімімізді ұмытпа!

Бальтазар қорлана тұра басын иіп, қызын Педроның қолынан алды.

Салт атты болса атын бір тебініп қап, шаба жөнелді.


 

 

Әкесі мен қызы дүкенге кірді. Әлі құрыған Гуттиэре орындыққа сылқ етіп отыра кетті де, алақандарымен бетін басты.

Бальтазар есікті жауып алды да, дүкен ішінде ерсілі- қарсылы теңселіп жүріп, әлденелерді қызбалана әрі тебірене айтып жатты. Бірақ оны тыңдаған жан жоқ-ты. Бальтазар бұл ақылын тап солай сөреде жатқан кептірілген шаяндар мен теңіз балықтарына айтса да болар еді.

«Ол суға батты, – деп ойлады қыз, Ихтиандрдың түрін көз алдына елестетіп. – Байғұс! Алдымен Ольсен, одан соң мына Зуритамен қисынсыз кездесуі. Мені қалыңдық деуге қалайша аузы барады, түге! Енді бәрі-бәрі құрыды...»

Гуттиэре жылап отыр.

Қыз іштей Ихтиандрды аяйды. Қарапайым, ұялшақ, оны Буэнос-Айрестің қуыс кеуде, өркөкірек жігітсымақтарымен салыстырып болар ма, сірә?

«Енді не істеуі керек? – деп ойлайды қыз. – Ихтиандрға ұқсап теңізге батып өле ме? Өзін-өзі өлтіре ме?

Ал Бальтазар болса әлі сөйлеп тұрған-ды.

– Сен түсінемісің, Гуттиэре? Бұл деген тақыр кедей болып қалу деген сөз. Осы дүкеніміздегі өзің көріп жүрген дүниенің бәрі Зуританікі. Менің өзіме тиесілісі осының оннан біріне жетпейді. Бүкіл інжу атаулыны біз комиссияға Зуритадан аламыз емес пе? Ал егер сен одан тағы да бас тартар болсаң, ол бүкіл тауарды тартып алады да, менімен енді қайтып істес болмайды. Бұл дегенің жұрдай болу! Таза тақыр кедей ету деген сөз! Жә, ақылың бар еді ғой, сенің, қызым, мына қартайған сорлы әкеңді аясаңшы тым болмаса...

– Айтып біт: «Қысқасы, соған күйеуге шық!» десеңші.

Жоқ! – деп қатқыл жауап қатты Гуттиэре.

– Қарғыс атсын! – деп баж ете түсті Бальтазар, ызадан жарыла жаздап. – Егер олай болса, онда... онда... Мен емес, сенің шаруаңды Зуританың өзі тындырады, ендеше!

– деді де үндіс шал есікті тарс жауып, зертханасына кетіп қалды.


 

 


Дата добавления: 2015-12-01; просмотров: 60 | Нарушение авторских прав



mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.014 сек.)