Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

ТАҒДЫРДЫҢ ИТТІГІ

Бір жан бар өміріме емес бөтен,
Өткенімнің іздері емес пе екен,
....Орден таққан аталарды көзім шалса
Ақсақтаған сол қартты елестетем.

Аязды күн денені шымшылатқан,
Дон өзенін жүзіп өтіп тыншып аққан,
Қорқау Гитлер айтақтаған күшіктерін
Талай рет қылғындырып,қынсылатқан.

Азат етіп,алғыс алған жинап елден,
Ақылменен соғысқан миға берген,
Жерімізге неміс аяқ баспасын деп,
Отан үшін аяғын "сыйға" берген.

Уақыты жоқ ас ішіп,дамылдаған,
Ойламады-ау қалсын деп жаным да аман,
Көр сияқты окопты іші мұздай
Төр сияқты мекен деп қабылдаған.

Жылға ұласып ұзақтығы татар демнің,
Ол уақытта денелі,сақалды едің,
Майданға екі аяқпен араласқан,
Бір аяқпен оралды атам менің.

Балдақпенен жүрген жанды көзім көрді,
Бойындағы ерлік пен төзім де үлгі,
Күллі халық аңсаған Жеңіс дәмін
Бір аяқты менің атам сезіндірді.

Сыйлы болды еліне,ауылына,
Өмірдің өкпе артпады ауырына,
Есімде,
Анам ұрысса кемсең қағып,
Тығылушы ем ақсақ қарттың бауырына.

Жылуына бөледі ол аман келіп,
Пенсия алса құшағына алам да еніп,
Ышқырымды түсіріп түшкіртемін,
Мен әшәуді,ол ақшасын маған беріп....

Ол болса көңілсіздік сәті өлетін,
"Тентегім" деп сұрағанды әперетін,
Ордендерін тағып ап мейрам сайын,
Бір кілемнен көтеріп әкелетін.

Эхх қайран кез...
Сәттер көп-ау ойға алатын,
Келбетіне сай болған бойдағы ақыл,
"ҮЛКЕЙДІҢ...ҚОЙ.." дегенді тыңдамастан,
Балдақпен өлеңдетіп қой бағатын.

Сақтады оқиғаны сана нықтап,
(Мақұлық қалай ғана дананы ұқпақ)
Соғыс емес,
Қой кезектен оралмады,
Жалғыз атам көрші итіне таланып қап.

Тоңдырмады соғыстың түнгі ызғары,
Жыға алмады Гитлердің құзғындары,
Көршінің асыраған бұралқысы,
Бір аяқтан тістелеп,тұрғызбады.

Шыдатпады қансырап тізе мықты,
Атамның ғұмыр-жолы түзеліпті,
Фашисттің алдында қасқайғанмен,
Аш иттің алдында тізе бүкті.

Тыныштыққа қанменен жеткен елім,
Атам үшін өмір сүрем деп келемін.
....Сол иттің иттігіне таң қалмаймын,
Тағдырдың иттігіне кектенемін.

КЕТ ЖОҒАЛ!!!

09.05.2014 жыл

 

ОРАЛУ МА, ӘЛДЕ, АҚТАЛУ МА?

Араға біршама уақыт салып жариялағалы отырған бұл жазбама тақырып қоярда біршама ойландым. Расымен осы уақыттар арасында өмірімде көптеген өзгерістер болды. Менің айтпағым ол емес. Жалпы осы уақыттар арасында әлеуметтік желілерге тек өзім үшін бас сұғатынмын. Жанымды жарып шыққан туындыларымды аздылы-көпті беріп тұратынмын. Оларды да біреуден мақтау алу үшін, немесе өз-өзімді ақын ретінде (ақын деуге жарамас, ақынсымақ десем дұрыс болар) жарнамалау үшін емес, жәй «балаларым» өмір көрсін деген ой еді. Бірақ менің де оқырмандарым пайда боларын ешқашан ойламаппын. Осы жазбаны жазуға осы оқырмандардың пікірлері себеп болды. 2-3 адам желіде өлеңдерім көрінбегесін «сізге не болды?», «сіздің өлеңдеріңізді күтіп жүрміз», «жаңа жырлар қашан шығады?» деп күтпеген сұрақ жаудырды. Ия, мен күтпедім. Оллаһи, мені іздейді-ау деген ойлар үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Біреулер 2- 3 адам не тәйірі деп ойлауы әбден мүмкін. Бірақ мен үшін осы 2-3 адам миллиард адаммен теңдес. Олардың әр пікірі «ұйықтаған» шабытымды оятуға түрткі болды. Олардың әр сөзі мені алға жетеледі. Мен негізі ешкімнің алдында есеп бермейтін адаммын. Жек көрем. Бірақ бұл адамдардың менің өзіме емес, менің»шараналарыма» деген пәк махаббаты мен үшін ең құнды дүние.
Жалпы мен өзімді жолы болғыш адамдардың қатарына жатқыза бермеймін. Қиялимын, жалғыздықты жаным сүйеді, өмірге көп өкпе айтам. Дәлірек айтатынмын. Жоо-жооқ өзіме пиар жасау емес бұл. Тек айтарым, соңғы айда менің өкпе айтып жүрген өмірімде жарылыс болды. Жарылыс деген жақсы жағынан. Алла маған қуаныш пен шаттықты, бақыт пен осы өмірдің мәнін бір-ақ күнде бере салды. Сіздердің мені іздеп жазған пікірлеріңіз бір төбе, және......Тағы бір....қалай айтсам екен???? Сөз таба алмай отырмын.
Оы уақыттар аралығында әлеуметтік желіде көп болмауымның себебі- менің ізімді жалғайтын, сүреңсіз тірлігіме әрдайым шуағын шашып тұратын, өмірімді 180 градусқа күрт өзгерткен, болашағыма жол бастаған, өзіме деген сенімділікті оятқан, Жаратқанның үлкен, баға жетпес сыйы МЕНІҢ СӘБИІМ КЕЛДІ дүниеге. 18 мамыр күні сағат кешкі 7: 30 – енді менің туған күнім. Сол күні мен екінші рет дүниеге келдім. Қуанышымды сіздермен бөліспесем менің тарапымнан кеткен қателік болар. Себебі, менің тізімімдегі әр адамды мен өзімнің жақыным, өзімнің бауыр етім деп ұғынамын. Мейлі, Астана мен Алматыда болсын, мейлі Қостанай мен Таразда болсын, мейлі Көкшетау мен Шымкентте болсын, мейлі..... мейлі таниын немесе танымайын, мейлі мені ұнатыңдар немесе ұнатпаңдар, бәрібір мен сіздерді жақсы көремін. Қазақстанның әр түкпіріндегі, әр ауылындағы әрбір қазаққа менің жүрегімде орын бар. Енді менде екі жүрек. ЖӘНЕ БІР ӨМІР. Бәріне менен үлкен сәлем. Дарқан, алып қазағымның саны бір адамға көбейді. Елімнің перзенті ретінде осыған өз үлесімді қостым. Мақтанамын. Шүкіршілік етемін. Әлемді жаратқан Аллама сан мыңдаған мадақ! Міне, осылай оқырман. Жазбамның тақырыбы екеу болуының себебі де осы. Жүрегі поэзияны сүйетін оқырмандарыма ақталдым, Жанымның бір бөлшегі, Өмірімнің жалғасы дүниеге келіп менде бұл күйбеңі көп тірлікке ерекше махаббатпен қайта оралдым.
Айтпақшы, енді менен өлең күтіп отырған шығарсыздар. Ия, ия солай....Талғамы биік оқырмандарым, бауырларым және достарым! Қолыма қалам алып, ақ қағазға түсірген өмірімнің бір бөлшектерінің орны мен үшін қымбат, мен оларды ғаламның кереметтерінің ешбіріне айырбастамаймын. Бірақ бұл өлеңнің орны биік, басқа жырларымнан бір саты жоғары тұрады. Мен бұл өлеңді жазарда ұйқасқа да, өлең құрылысына да мән бермедім. Еш түземедім. Келді, 3 минутта «толғатып» өмірге алып келдім. Енді, «сәбиім» сәбиім туралы сөйлесін..............................

ӨЛЕҢ ЖАЗБАЙ ЖҮР ЕДІМ ҒОЙ БҰЛ КҮН ТҮК,
МАУЖЫРАҒАН МЕНДІК МҰҢДЫ ТҮН ТҮРТІП,
....СЕН КЕЛДІҢ ДЕ ҚОЛҒА ҚАЛАМ ҰСТАТТЫҢ,
ҰЙЫҚТАП ҚАЛҒАН ШАБЫТЫМДЫ СІЛКІНТІП.

БОСҚА ӘУРЕ БОП БАҚЫТ ІЗДЕП ЖҮРІППІН,
ОЖДАНЫМДЫ ОРАЛМАС ДЕП ҰҒЫППЫН,
.....СЕН КЕЛДІҢ ДЕ, О ДҮНИЕЛІК НАМЫСТЫ,
ТАҢҒАЛАМЫН,
БІР-АҚ СӘТТЕ ТІРІЛТТІҢ.

ТАҢҒАЛУДАН ЖАЛЫҚПАЙДЫ БҰЛ АДАМ,
ЖАРАТҚАНҒА ҚАЙ ҚЫЛЫҒЫМ ҰНАҒАН,
ҚИЫНДЫҚТАН СЫРҒЫТУШЫ ЕМ КӨЗ ЖАСТЫ,
ҚЫЗЫҚ ЕКЕН,
ҚУАНЫШТАН ЖЫЛАҒАН.

ОУ,ЖАРАТҚАН?
СЫЙ ЖАСАРДАЙ ЕТІП ҚОЙДЫМ ТЕГІ НЕ?
БҰЛ КҮНДЕРІ СЫЙМАЙ ЖҮРМІН ТЕРІМЕ,
ҚҰДІРЕТІҢ СОНШАЛЫҚТЫ,
ДҮНИЕГЕ,
ПЕРІШТЕММЕН АЛЫП КЕЛДІҢ МЕНІ ДЕ.

ҚАЗІР ДЕ ТАҢ....
АТА БЕРЕР ТАҒЫ ТАҢ,
СӘБИІМЕ СЫРЛАРЫМДЫ АҒЫТАМ,
БАЛАМЫН ҒОЙ, ОЙ-САНАМДА ШИКІЛЕУ,
САҒАН ҚАЛАЙ ӘКЕ БОЛЫП ЖАРЫТАМ.

ЖОО-ЖООҚ ЖАНЫМ....
МҰНДАЙ ОЙЛАР АНЫҚ ӨРГЕ ШАППАСЫ,
СЕНСІҢ КҮНІМ,
ЖҰМАҒЫМНЫҢ ҚАҚПАСЫ,
СЕН БОЛАСЫҢ ХАНШАЙЫМЫ ҚЫЗДАРДЫҢ,
МЕН БОЛАМЫН ӘКЕЛЕРДІҢ ПАТШАСЫ.

УАҚЫТ ДЕГЕН ТОҚТАМАЙДЫ ТЕЗ КІЛЕҢ,
ҚАЗІР ДЕГЕН ЕҢ БАҚЫТТЫ КЕЗ БІЛЕМ,
МЕН ҰҚПАҒАН БАЛАЛЫҚТЫҢ ҒАЖАБЫН,
АНТ ЕТЕМІН!
ҚЫЗЫМ, САҒАН СЕЗДІРЕМ!

ӨМІР –ҚЫЗЫҚ,
КЕЙДЕ ЫСЫП-ТОҢАСЫҢ,
ӨМІР-ҚЫЗЫҚ,
ЕККЕНІҢДІ ОРАСЫҢ,
......МЕН СЕНІМЕН МАҚТАНАТЫН БОЛАЙЫН,
СЕН МЕНІМЕН МАҚТАНАТЫН БОЛАСЫҢ!

БОЙ БЕРМЕП ЕМ АЛДЫМДАҒЫ СЫНДАРҒА,
МОЙЫМАЙМЫН «ӘКЕ» ДЕГЕН ҮН БАРДА,
САЛҚЫН БОЛҒАН ӨТКЕНІМДІ ҚАЙТЕМІН,
ЖАРҚЫН БОЛҒАН БОЛАШАҒЫМ ТҰРҒАНДА!!!

P.S. ӘЛІ ДЕ АЙТАТЫН ОЙЫМ БАР,
ӘЛІ ДЕ БОЛАТЫН ТОЙЫМ БАР,
ЭКРАННЫҢ БЕТІНЕ МӘН БЕРМЕЙ,
ҚЫЗЫМА ТҮКІРІП ҚОЙЫҢДАР!

КӨЗ ТИМЕСІНШІ...........

Айтпақшы....қызымның атын Зере деп қойдым. Абайдай қазақтың перзентін тәрбилейтін елдің анасына айналсыншы деген тәтті тілекпен. Зере анамның ақылын, өнегесін, Қыз Жібектің көркін, Мәншүктің батырлығын, Фариза апамның дарынын берсін ИншАллаһ.....
Енді қырсық шабыт менен сырт айналмас деген үміттемін.

Сіздерді риясыз жақсы көретін қазақ ұлы: ӘДІЛЕТ ОРЫНБАСАРОВ.

22.06.2014 ЖЫЛ

ЧТО? ЧТО? НЕ ПОНЯЛ?

Жүрек дейтін түсіп қалып таспаға,
Ойға шомып, шатынады жас бала,
.....бір қазаққа «тілің қандай?»
деп едім,
«Что?» деп ол қырып салды,
Масқара!

Ұлты-қазақ,
Ой-санасы тұрақты,
Лайлап өтті Тарих деген бұлақты,
«Жеті атаңды білесің бе»
деген ем,
«Не понял?» деп нокаутқа құлатты.

Өз бауырын жаман деуге қияр кім,
Осылармен «гүлденеді» жиі алдым,
Өз ұрпағы өз тарихын өлтірген
Ата-баба?!
Аруағыңнан ұялдым!

Мән бермес-ау ешкім көңіл хошыма,
Демеп тұрып, жатқан да жоқ дос ұға,
Қасық қаның қалғаныңша алыстың,
Асыққаның қайран баба,
осы ма?!

Қолдау көрмей «өзім» түгіл, жаттан да,
Қансырап тұр қазақ деген қақпанда,
.....Өз тіліміз аянышты халде тұр,
Өзге тілдер құрмет көріп жатқанда.

Хал үстінде.
Емін қане тауып көр,
Тілін көміп,
өз есінен ауып па Ел,
......Өзге тілдер билеп-төстеп барады,
Қазақ тілі «барып кел де шауып кел».

Өзге ұлттарға назарымды сүздім құр,
Тілімді ойлап көз жасымды үздім кіл,
.....Өзге тілдер креслода шіренсе,
Аяқ киімін сүртіп тұрад(ы) біздің тіл.

Өзге тілдің басындағы құтты бақ,
Қазақ тілі іріңді тұр жұтқылап,
....Қазір бізде «қалың қалай» дегеннен
«Как ты» деген орыс сөзі мықтырақ.

Біздер қазір өзге тілге «азат» құл,
Өзгелерге берілуге аз-ақ тұр,
...... «Сүйем» деген сырлы сөзді ұмытып,
«Люблю» деп лепіруде қазақ тіл.

Күн кешеміз өлуіміз мүмкін деп,
Тіліміз де өліп қалар бір күн бек,
Жүрген кезде қазақ тілін менсінбей,
Өзгелердің шіріндісін шіркін деп.

Өзің менен ағайынды қайран қыл,
Қасиетке жақын болмақ айдарлы ұл,
....Әр күніңді өз тіліңе арнауды,
Әрбір қазақ?!
Ұлы әдетке айналдыр.

«Тілім! Тілім!»
деп атсыншы таң кілең,
(Тілім десем тікірейіп, паң жүрем)
.....Өзге тілді арман етіп қайтесің,
Өз тіліңді «қатырып» ал алдымен!
Өлең жазылып жатқанда:

P.S. Ашуландым......
Санасыз ұл екен ол,
Ызаландым.....
«Анасыз» ұл екен ол.
........ «Братишка, стихи надо для мамы?»
........ Что? Что? Не понял?

БЕТІНЕ ҚАРАП КҮЛІП КЕТТІМ.........

 

 

СУРЕТ-БЕЙНЕ

Ғазалыммен жүрек үнін ымдасын,
Өзгелікпін...
Алла жарлық қылғасын,
Күніменен суретіңе қараймын
Түніменен жыр жазамын, сырласым.

Біреуге әке, ал біреуге баламын,
Біреуге ақпын, ал біреуге аламын,
Елге мені әйгілейтін жырым жоқ,
Сенде мені танымайсың қарағым.

Ақын-жүрек қашан бұйрық ұғып ед(і)
(Талай қызға ғашық болып тынып ек),
Асық етті жыр жазуға келбетің,
Ғашық етті сурет дейтін құдірет.

Сұлулыққа жыр арнамас ақын қай,
Сөйлемейсің, тәтті үніңді татырмай,
Түнді ұйытпай «Сәлем» деші, қалқатай,
Тұңғиықтай жанарыңа батырмай.

Ой-санамда өтіп жатыр жиын-дау,
Азап екен тағдырың боп бұйырмау,
Бағың болып сор басыма байланып
Жаным болып таңды атырмау – қиындау.

Жүргендеймін махаббатты енді ұғып,
Берші қалқам тәтті үніңді белгі ғып,
Қолды болып ақын-жүрек кетті ме
Сорлы болып суретіңе телміріп.

Ұйқымды алып, келесі күн торып Түн,
Түсімде де сол бейнеге жолықтым,
Шулы етумен жүрегімнің түкпірін
Суретіңмен сөйлесетін болыппын.

Мен жүрмін бе әрбір күннен тере Мұң,
Жабырқаумын....
Елес Сізге еремін.......
Бағалым боп сен тұратын әр сурет
Амалым жоқ,
Лайк баса беремін.

Сатқындыққа болар дейсің жақын кім,
(Бұл Өлеңмен Ар алдында атылдым)
Қатем тіпті аса берсін басымнан
Әсемдікті сезінетін Ақынмын!

Сурет-бейне?!
Жүректегі тылсымды үз,
Мен-мұңдымын,
Жаз, қыс емес, білсін Күз,
Кем дегенде «Сәлем» деуге жарамай
Сенде, менде – үнсізбіз.

Мейлі, сұлу......
Бола берсін күнәм жүз,
Мен айтайын,
Айта алмастан тынар Қыз,
Бұ дүниеде жолықпаспыз...
ия, солай!
О дүниеде кездесетін шығармыз.

Кешір мені, сұлу жарым некелі,
Түсінем ғой мұнын қате екенін.....
Ааааа, айтарым!?
Үнсіз бейне?!
Сөйлей салсаң не етеді...
Қадірімді ұға алмастан кетерсің,
Қабірімді тауып келсең жетеді!

АМАНАТ!

Әділет ОРЫНБАСАРОВ

25.07.2014 жыл.

 

 

ІЗДЕУ

Жымысқы ойлар.
Қара түн.
Тықылдап, «тыпырлап» сағатым.
Сағатым-оралмас тағатым.
Ойлар көп санамды бағатын.
Тыныштық?!
Аңсаймын мен сені,
Мен сені аңсаймын бала-күн.
Қара түн-сағатым......

Өлім-дос?
Жүйткіген әп-әсем көшімді ал,
Шулы өлке?
Баспаймын жайқалған төсіңді әр,
Өлеңім?
Өксітіп мен сені қалдырам,
Өмірден алатын өшім бар!

Жылаңдар,өксіңдер,
Себебі, демеймін ұлымын,
Жүрегім-жамаулы,
жамаулы және де шұлығым,
Елімнің алдында күнәһар,
Аласа ақындық тұғырым,
Пенделер арттарын сүртумен
«Бағалап,сыйлайды» ақындық ұғымын,
Абайды тепкендер.....
Қайтсін-ау Абайдың «сынығын»,
Мағжанды жеккендер.....
Аямас Мағжанның «ұрығын»,
Мүсәпір Ақынмын,
Шығатын кеудеден бұғып үн,
Адамдық өмірім-Тірімін,
Жаралы Ақындық ғұмырым..........

Енді ше?
Тыныштық күтемін енді алда,
Тыныштық?!
Тірімін сен барда,
іздеумен сандалдым,
таба алмай арбалдым,
Тыныштық!
Тыныштық-керегі,
Тыныштық сататын жер бар ма?

Тыныштық?
Сен мені жек көрме,
Тыныштық.....
Мүмкін ол....
Жарымның ернінде?
Сүйіктім жүрекпен өпкенде?
Мүмкін ол.....
Сәбидің күлкісі?
Періште мейірім төккенде?
.....Тыныштық таба алмай жүрмін ғой,
Мүмкін ол....
табылар тек көрде?
....әйтеуір, керексің Тыныштық,
әйтеуір жек көрме!

Ойымның ызыңы...
Шабыттың шиқылы.....
Болды ғой есімді алатын,
Жүректің дүрсілі....
Жанардың жарқылы....
Келеді сұрықсыз жаңа күн,
Көз жасым-бұлағым,
Қос өзен-қос көзден ағатын,
Шулы түн, шулы әуен, шулы өлке....
Сәт бар ма Тыныштық табатын?
Сағаттың тықылы.....
Мен және Қара түн.
Тағы да Жаңа КҮН.......

ТАҢ АТТЫ.....

Әділет ОРЫНБАСАРОВ

1.08.2014 ЖЫЛ

СЕНДЕРСІҢДЕР……

Бауырларым….
Есейдіңдер, байқамаппын күн өткенін,
Уақыт шіркін, зымырайды үдеп керім,
Сендерсіңдер- оянған шабытым мен
Сендерсіңдер- тәп-тәтті тілектерім.

Бауырларым….
Қиындықты қайтейін санап бәрін,
Таудан биік сеземін талаптарың,
Сендерсіңдер- қонатын тұғырым мен
Сендерсіңдер- ұшатын қанаттарым.

Бауырларым……
Сынақ-артта. Бұрылмасын желкен кері,
Ағаңның да азайды селтеңдері,
Сендерсіңдер- Өлеңімнің кейіпкері,
Сендерсіңдер- Өмірімнің ертеңдері.

Бауырларым….
Тізерледім, қайғы-мұңнан солған жаным,
Бойларыңда білемін толған дарын,
Сендерсіңдер- келер күннің қақпалары,
Сендерсіңдер- мызғымас қорғандарым.

Бауырларым…
Өсе келе көп болар таңдарда мұң,
Жаратқаным бере салсын қалған бағын,
Сендерсіңдер- үкілеген үміттерім,
Сендерсіңдер- ойлаған армандарым.

Бауырларым…
Дарындарың өздеріңе жол ашады,
Өмір берер ақылдың орасанын,
Сендерсіңдер- өткеннің маған сыйы,
Сендерсіңдер- өнерімнің болашағы.

Бауырларым…
Ойлап әркез сұрар деп елім нені,
(Анамның асыл болсын келіндері)
Сендерсіңдер- аз ұлттың жұбанышы,
Сендерсіңдер- Қазақтың сенімдері.

Бауырларым….
Сендер деген Қаратөбе, Дендерсіңдер,
Тарих салған жараны емдерсіңдер,
Сендерсіңдер- ұлтымның ұлтандары,
Сұлтандары жігіттің сендерсіңдер!
Бауырларым менің…..

Әділет ОРЫНБАСАРОВ

30.07.2014 жыл

 

 

КҮЙЕУІМ – МЕНІҢ ЖҰМАҒЫМ (МОНОЛОГ)

Арайлап атқан әрбір таңда мен күйеуімнен ертерек оянып, оның ас-суын қамдаймын. Өйткені дайын тұрған дастархан оның көңілін көтеретінін білемін.

Әр күн сайын оны жұмысына күннің көзіндей күлімдеп шығарып саламын. Өйткені ол жұмысынан соң мені көру үшін үйге қарай асығады.

Ол келгенде, үйдің айнадай таза, ал дәмді тағамның дайын болуына бар күшімді саламын. Өзім де барынша көрікті киімдерімді киіп, жағымды жұпар себініп алуға тырысам. Өйткені күйеуім өзімен екі дүниеде бірге болатын адал жарын көргенде, көзі тойып, көңілі байыз тапқанын жан жүрегіммен қалаймын.

Үй шаруасының бітпейтін күйбеңдерін үйіп-төгіп, оның еңсесін түсіргенді қаламаймын. Өйткені оның менсіз де жұмысынан шаршап келгенін жақсы түсінемін. Отбасымыздың қажеттіліктерін оның көңілі көтеріңкі, уақыты кең кезде ғана айтып жеткіземін.

Мен оның ата-анасын шын ынтаммен құрметтеймін. Оларға қолымнан келген бар жақсылықты жасаймын. Өйткені Алла Тағала менің асыл жарымды дүниеге жіберу үшін өзгені емес, дәл сол кісілерді таңдаған.

Туған-туыс, ағайындарын да шын пейілмен, күліп қарсы аламын. Өйткені олар мені көріп мұсылмандыққа баға беретінін сеземін.

Бөтен еркектермен еш уақытта әңгіме сапырып тұрмаймын. Өйткені күйеуім ондай қылықты ұнатпайтынын жақсы білем.

Аурып-сырқаттанғанымды да оған білдірмеуге тырысамын. Өйткені оның өз отбасын қатты уайымдайтыны маған мәлім.

Ал оның мазасы қашып, ауыра қалса, әрдайым жанынан табылуға тырысамын. Себебі мен оған өте керекпін.

Иә, оның ашуға булығып, ренжитін кездері де болады. Бірақ ондай кездерде ә десе, мә деп, оның әр сөзіне жауап беріп отырғым келмейді. Себебі оның реніші де, ашуы да шәйі орамал кепкенше.

Рас, кейде қым-қуыт жұмыстарының арасында маған көңіл бөле алмай да қалады. Бірақ ол үшін мен ренжімеймін. Өйткені ол не істесе де, отбасының бақыты үшін шаршап жүр.

Біз бәрібір ет пен сүйектен жаралған пендеміз. Сондықтан кей кейде ыдыс-аяқ та сықырлап қалады. Ондай кездерде көбінесе оны үндемей жеңуге тырысам. Өйкені қазір болмашы себепке бола талай үйде Алланың алдында қиылған ақ некенің бұзылып жатқаны маған мәлім.

Айтпай келген кейбір кикілжіңнен кейін бірінші болып кешірім сұрайтын да менмін. Ақиретте бірінші кешірім сұрағандар мол сауапқа кенелетінін мен анық білемін.

Ол менің қасымнан қашан да жақсы көңіл-күймен кеткенін қалаймын. Өйткені ол үйден ұрыс керіспен шықса, содан соң біреуіміз күтпеген жерден ажалға қауышсақ, ең соңғы ұрысымыз үшін мәңгі бақи қиналатынымызды білемін.

Оның үй шаруасына жұмса деп берген қаражатын тек қажет нәрселерге ғана үнемдеп жұмсаймын. Өйткені Алла менен оның да есебін міндетті түрде сұрайды.

Үйіміздің қашан да тыныш, берекелі, көңілге жағымды болуына жағдай жасаймын. Өйткені әрбір мұсылман еркек үйленер кезде сондай шаңырақты армандайды.

Әрбір түнде оның менен разы болып ұйқыға жатқанын қалаймын. Өйткені күйеуі разы болмай ұйқыға кеткен әйелге таң атқанға дейін лағынет, қарғыс жауып тұратынын жақсы білемін.

Иә, мен бәрін де дәл осылай жасаймын. Өйткені мен білемін: КҮЙЕУІМ – МЕНІҢ ЖҰМАҒЫМ НЕМЕСЕ ТОЗАҒЫМ!

Асылбек ӘУЕЗХАНҰЛЫ

 

 

ТҮС

-Екеуміз екі бөлекпіз. Сені түсіне алар емеспін....
-Мен Ақынмын!
-Ақындығыңды ұрайын сенің! Енді былай: не өлеңің, не мен! Таңда!
-.........................

Өзгелерден ерекше мүсінді едің,
Жабырқаттың жанымды,
Өлеңім үшін менің,
Елдегі жалғызым деп есептегем...
......Сен мені түсінбедің......

Қайтейін қасиеттің атап атын,
Сенімің жоқ болашаққа апаратын,
Азып-толған ақынға керектігі
Нәзік болған әйелдің махаббаты.

Қиялдап,
Ізін аңдып жат елестің,
Мен үшін шығатұғын жат емес күн,
....Денесі-өзінікі, жүрек –мендік
деуші едім....
Оңбастан қателестім.

Білмедім ұққаның не,
білгенің не,
Сенбесең жүрек кілтін ілмедің бе,
Ақын деген-халықтың адамы ғой,
Кімге шығатыныңды білмедің бе?

Өлеңнің тербелмеймін тұнығында,
Ұғын мені,
Бәрібір шын ұғынба,
Мынау менің ең соңғы пәк туындым,
Ақындық деп аталатын ғұмырымда.

Менде, сенде әйтеуір кесір емен,
Жатыр менің жанымды тесіп өлең,
Ақын болу маңдайға жазылмапты,
Құдіретіңнен айналайын, кешір Өлең!

Суреттеп сені қайтем түнек Ай ғып,
Бәрінен де баз кешіп, жүрем айнып,
Өмір сүрем жүректі тірек етіп,
Сенен және Өлеңнен жүрек айнып.

Қалай әйел алды екен кіл дарындар,
Жығып беріп тағдырдың сындарын дәл,
Ақылды боп өзінше төс қағатын
Еркек сынды мінезіңді ұрғаным бар!

Жаным жалғыз, жағдайым «оңды» бүгін,
Жалғыздыққа молынан толды күнім,
Өлеңімді, өзімді буындырдың....
Бұл менің соңғы жырым!!!

ШОШЫП ОЯНДЫМ. Түсім екен. Гүлназым бетімнен сүйіп жатыр.......

Әділет ОРЫНБАСАРОВ

08.08.2014 жыл

 


Дата добавления: 2015-12-01; просмотров: 50 | Нарушение авторских прав



mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.028 сек.)