Читайте также: |
|
Қарауылдық қызметті атқару жауынгерлік тапсырманы орындау болып табылады және жеке құрамнан осы Жарғының барлық ережелерін дәл орындауды, мейлінше қырағылықты, батыл шешімділік пен бастамашылықты талап етеді.
Қарауылдық қызметтің талаптарын бұзуға кінәлы адамдар тәртіптік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Қарауылдық қызметті атқару үшін қарауылдар тағайындалады.
Жауынгерлік туларды, әскери және мемлекеттік объектілерді күзету мен қорғау жөніндегі жауынгерлік міндеттерді орындау үшін, сондай – ақ гауптвахта және тәртіптік батальонда ұсталатын адамдарды күзету үшін тағайындалған қаруланған бөлімше қарауыл деп аталады.
Қарауылдар гарнизондық және ішкі (корабльдік) болып бөлінеді; олар тұрақты және уақытша болуы мүмкін.
Гарнизондық қарауыл жалпыгарнизондық маңызы бар объектілерді, құрамалар объектілерін немесе бір – біріне жақын орналасқан бірнеше әскери бөлімдердің объектілерін күзету үшін, сондай- ақ гарнизондық гауптвахтада ұсталып отырған адамдарды күзету үшін тағайындалады.
Ішкі (корабльдік) қарауыл бір әскери бөлімнің (корабльдің) объектілерін күзету мен қорғау үшін тағайындалады. Әуежайдағы авиациялық бөлімнің ұшақтары (тікұшақтары) мен басқа объектілерін авиациялық – техникалық бөлімнен тағайындалатын ішкі қарауыл күзетіп, қорғайды.
Тұрақты қарауылдар қарауылдар кестесімен көзделеді.
Уақытша қарауылдар қарауылдар кестесіне енгізілмейді; олар әскери мүлікті тиеу (түсіру) немесе уақытша қоймаға қою кезінде оларды күзету мен қорғау, көліктің әр түрімен тасымалданатын әскери жүктерді алып жүру кезінде, сондай – ақ қамалғандарды (қамауға алынғандарды) күзету үшін гарнизон бастығының бұйрығымен тағайындалады немесе оларды әскери бөлім командирі тағайындайды.
Гарнизондық қарауылдар гарнизон бастығына, қарауылдар бойынша кезекшіге және оның көмекшісіне; гарнизондық гауптвахта жанындағы қарауыл, оған қоса, гауптвахта бастығына бағынады.
Ішкі (корабльдік) қарауылдар әскери бөлім командиріне (корабль командиріне), әскери бөлім бойынша (корабль бойынша) кезекшіге және егер әскери бөлім бойынша кезекшінің көмекшісі офицер болса, оның көмекшісіне бағынады. Әскери бөлімнің басқа бөлімшелерінен жеке орналасқан батальонның (дивизионның) объектілерін күзететін ішкі қарауыл, оған қоса, осы батальонның (дивизионның) командиріне және әскери атағы қарауыл бастығымен тең немесе атағы одан жоғары батальон (дивизион) бойынша кезекшіге бағынады.
Прапорщиктер қатарынан тағайындалған әскери бөлім бойынша кезекшінің көмекшісіне бастығы офицерлер емес қарауылдар, ал сержанттар қатарынан тағайындалған әскери бөлім бойынша кезекшінің көмекшісіне бастықтары сержанттар қатарынан тағайындалған қарауылдар бағынады.
Қарауылдар осы адамдарға қарауылдар (әскери бөлім, корабль) бойынша кезекшіні қарсы алу үшін жұмысқа тарату кезінде «Тіктел» деп пәрмен берілген сәттен бастап бағынады, ал олардың бағынысынан ауысымнан кейін өз әскери бөліміне баруы үшін қарауыл бастығы «Адымда» деп пәрмен берген сәттен бастап шығады.
Қарауыл құрамына: қарауыл бастығы, постылар мен ауысым саны бойынша қарауылдар, жұмысқа таратушылар, ал қажет болғанда қарауыл бастығының көмекшісі, техникалық күзет құралдары жөніндегі қарауыл бастығының көмекшісі (оператор) немесе операторлар ауысымы (екі- үш адам, оның бірі қарауыл бастығының техникалық күзет құралдары жөніндегі көмекшісі болып тағайындалуы мүмкін), қарауыл иттері қызметі жөніндегі қарауыл бастығының көмекшісі және көлік құралдарының жүргізушілері тағайындалады.
Жекелеген объектілерді қозғалмай тұратын сақшылар күзетуі мүмкін.
Гарнизондар бастықтары, құрамалар мен әскери бөлімдердің командирлері, әскери объектілердің бастықтары, сондай- ақ олардың барлық тікелей бастықтары объектілерді күзету мен қорғауға қажетті жеке құрамның санын қысқартуға үнемі қол жеткізуге міндетті. Оған: - постыларда сақшыларды қоймай техникалық күзету құралдарын және қарауыл иттерін пайдаланып күзетуге көшу;
- бір қарауыл күзетіне әртүрлі әскери бөлімдерге жататын ортақ қоршауы бар сақтау орындарын, қоймаларды, парктер мен басқа да күзетілетін объектілерді біріктіру;
- қозғалмай тұрып сақшылар күзететін постылардың санын қысқарту және объектілерді жаяу жүріп немесе көлік құралдарын пайдаланып патруль жасау әдісімен күзету жолымен қол жеткізіледі.
Объектілерді патруль жасау жолымен күзетуді ұйымдастыру кезінде сақшыға объектілердің қоршауына және жергілікті жер жағдайларына байланысты белгілі бір уақытта күзету және қорғау үшін ұзақтығы: күндіз – 2 шақырым, түнде – 1 шақырым жол учаскесі, ал техникалық күзету құралдарымен жабдықталған объектілерді күзету үшін күндіз – 3 шақырым, түнде – 2 шақырым жол учаскесі тағайындалады. Жауынды – шашынды ауа райы (қалың тұман, жауын, қар жауу) кезінде объектілерді күзетуді күшейту үшін гарнизон бастығының бұйрығымен қосымша қарауылдар немесе көлік құралдары бар патрульдердің тағайындалуы мүмкін. Қосымша қарауылдардың қызмет атқару және патруль жасау тәртібін бұл жағдайда гарнизон бастығы белгілейді.
Күн ашық кезде, егер жергілікті жер жағдайы мүмкіндік берсе, күзетшілер күзетілетін объектілерге байқау мұнараларынан бақылау жасай алады.
Сақшыларға көмек көрсету үшін әрбір қарауыл үй – жайларында бос жүрген және демалып жатқан қарауыл ауысымы қатарынан резервтік топ құрылады, олар қарауылды «қаруға» деген пәрменмен шақыру кезінде қарауыл бастығының, оның көмекшісінің немесе жұмысқа таратушының басшылығымен тәртіп бұзылған жерге келіп, жағдайға қарай іс – қимыл жасайды. Тәртіп бұзылған жерге топтарды жеткізу үшін қарауылдар қажет болғанда, көлік құралдарымен, ал ерекше жағдайларда бронетранспортерлермен (әскери машиналармен) қамтамасыз етіледі.
Бақылау - өткізу постыларының сақшылары пистолетпен қарулануы мүмкін. Қарауыл бастықтары мен олардың көмекшілері өздерінің штаттық қаруымен қаруланады.
Жауынгерлік патрондармен: әрбір автомат пен пистолетке – екі оқталған магазин; әрбір карабинге оқ қалтада 30 патрон есебінде қамтамасыз етіледі. Қарауылдың жауынгерлік патрондарын жаңалау үш айда кемінде бір рет жүргізіледі.
Қаруды оқтау тергеуші немесе анықтау органдары қамаған және ұстаған, өзі жөнінде сот ісі қаралып жатқан әрі сотталған әскери қызметшілерді күзету үшін, сондай – ақ қарауылды тексеретін адамдармен еріп жүру үшін постыға шығар алдында жүргізіледі.
Қаруды оқтау және оғын алып тастау қарауыл бастығының немесе оның көмекшісінің пәрмені бойынша, қарауыл үй – жайында арнайы жабдықталған және оқ ұстайтын жабдығы бар жарық жерде, олардың тікелей бақылауымен, ал ауысымдар постыларға машинамен бара жатқан кезде, қарауыл бастығына арналған нұсқаулықта көрсетілген орындарда, қажет болғанда оқ ұстауға арналып жабдықталған орындарда жұмысқа таратушылардың пәрмені бойынша жүргізіледі.
Пистолеттер бөлімшеде патрондарды алғаннан кейін оқталады, ал қарауыл ауысқан соң олар бөлімшеге келгеннен кейін оғы алынып тасталынады.
Автомат жабдықталған магазинмен оқталады. Оқтау алдында қарап тексеріледі және сақтандырғышқа қойылады. Затвор жақтауы магазин қосылған соң артқа жылжытылмайды.
Карабин толық мөлшерде жабдықталған магазинімен оқталады. Карабинді оқтап болған соң, бекітуші тетігі жайлап жабылады, сақтандырғыштан алынады, құлағы түсіріліп, карабин сақтандырғышқа қойылады.
Пистолет жабдықталған магазинімен оқталады, бекітуші тетігі оқтау кезінде артқа тартылмайды. Оқтау алдында пистолет сақтандырғышқа қойылады.
Пулеметтер мен қол гранаталары оларды қолдану алдында ғана оқталады.
Қарауыл үй – жайларында гарнизон бастығының бұйрығы бойынша ұрыс патрондарының қоры мына есепте құрылады: әрбір автомат немесе карабинге – 150 патроннан, олар темір жәшікте мырышта сақталады, пистолетке – 16 патрон.
Қол гранаталары жекелеген темір жәшіктерде сақталады, бұл ретте тұтандырғыш ерекше су өтпейтін орауда, гранатадан бөлек сақталады.
Қарауыл бастығы ұрыс патрондарының қоры, гранаталар мен тұтандырғыштар бар жәшіктерді сақтау үшін жеке жауапкершілікте болады.
Оқ – дәрілер қорының қолда бар саны мен жай – күйін айына бір рет: гарнизондық қарауылдарда – гарнизон бастығына бағынатын штаб бастығы, ішкі қарауылдарда - әскери бөлімнің штаб бастығы тексереді.
Қоймалардың техникалық аумағына, өрт қаупі бар және аса маңызды объектілерге кіруге рұқсат беру тәртібін арнайы ережелерге сәйкес Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің тиісті басқармаларының, бөлімдерінің бастықтары белгілейді.
Тұрақтарды ашқан соң және оларды қарауыл күзетіне тапсырғанға дейін ұшақтарды күзету тәртібін осы Жарғының талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері түрлерінің қолбасшылары белгілейді.
Ерекше жағдайларда, әскери объектілерді күзету мен қорғау жөніндегі қарауыл қызметін атқарудың тәртібін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі қосымша белгілейді.
Қарауылдар наряды қарауылдар кестесі негізінде жүргізіледі.
Қарауылдар әрбір тәулік сайын ауысып отыруы қажет.
Әскери бөлім оқу жаттығуларында болған кезеңде қарауылдар кестесін бекіту құқығы бар бастықтың бұйрығымен, офицер басшылық етіп, 7 тәулікке дейін ауыспай күзететін қарауыл тағайындалады.
Өздерінің күзет бөлімшелері бар орталық бағыныстағы объектілерді күзететін қарауылдардың кестесін әскери объектінің бастығы жасайды.
Әскери оқу орындарының гарнизондық, сондай – ақ ішкі қарауылдарының кестесі Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығына, ал әскери бөлімдердің ішкі қарауылдарының кестесі құрама командиріне бекітуге ұсынылады.
Әрбір қарауылға қарауылдар кестесімен бірге постылардың орналасу сызбасы, постылардың табелі, қарауыл бастығына арналған нұсқаулық; дабыл берген кезде ауысатын қарауылдар үшін, оған қоса – дабыл жарияланған жағдайға арналған құжаттамалар, ал құрамына техникалық күзет құралдары жөніндегі қарауыл бастығының көмекшісі кіретін қарауылдар үшін – техникалық күзет құралдары жөніндегі қарауыл бастығы көмекшісінің құжаттамалары жасалады.
Постылардың орналасу сызбасында: постылар мен тыйым салынған өңірдің шекарасы, тыйым салынған шекаралар, қоршау түрлері; техникалық күзет құралдарымен жабдықталған объектілер; постыларға баратын ауысымдар мен көлік құралдарындағы патрульдердің қозғалыс бағыты; күндізгі және түнгі уақытта күзетшілер мен бақылау – күзету топтарының қозғалыс бағыты; оқпаналардың, байқау мұнараларының, байланыс және өрт сөндіру құралдарының, қарауыл иттері постыларының орналасқан жері, постылардың ең қауіпті маңайлары көрсетіледі.
Табельде: әрбір поста нені күзету мен қорғау керектігі, күзетшінің постыда қызмет өткерудің нақты жағдайларын ескере отырып, сақшының айрықша міндеттері және байланыс құралдары бойынша баяндау мерзімі; сақшыға мұнарадан бақылау жасауға рұқсат етілетін уақыт аралығы; сақшыға постыға бөтен адамдарды жіберуге тыйым салынатын аралық; сақшының постыға, көрші постыларға шабуыл жасалған және постыда өрт болған жағдайдағы әрекеті; қандай жағдайда сақшыға қару қолдануға рұқсат етілетіндігі көрсетіледі. Техникалық күзет құралдарымен жабдықталған постылар үшін әрбір постыдағы техникалық құралдардың атауы мен саны, олардың жұмыс істеу ерекшеліктері, бақылау – күзету топтарының постыларды тексеру және олардың қаруды қолдану тәртібі көрсетіледі.
Қарауыл бастығына арналған нұсқаулықта: қарауыл міндеттері, қарауылға жүктелген объектілерді күзету мен қорғау жөніндегі қарауыл бастығының ерекше міндеттері және объектілерді күзетуге қабылдау мен тапсыру кезінде қарауыл лауазымды адамдарының іс – қимыл тәртібі, оларды бақылау – күзету топтарының тексеру тәртібі мен кестесі; түнде және жауын – шашынды күні объектілерді күзетуді күшейту жөніндегі шаралар; күзетілетін объектілерге, сақшыларға немесе қарауыл үй – жайларына шабуыл жасалған кезде, өрт, табиғи зілзала кезінде техникалық күзет құралдарының өздігінен қосылған немесе істен шығып қалған жағдайларында қарауылдардың іс – қимылы туралы нұсқаулар, сондай – ақ қаруды сақтау және оқ – дәрісі бар жәшіктерді ашу тәртібі жазылады.
Дабыл берілген жағдайдағы құжаттамаға мыналар кіреді: постыларға арналған табель, постылардың орналасу сызбасы, қарауыл бастығына арналған нұсқаулық, пост ведомосінің бланкі және пароль. Бұл құжаттар әскерлердің жауынгерлік және жұмылдыру жоспары бойынша іс – қимылын ескере отырып, қарауылға жүктелген объектілерді күзету мен қорғау тәртібін айқындайды.
Техникалық күзет құралдары жөніндегі қарауыл бастығы көмекшісінің (оператордың) құжаттамасы: нұсқаулықтан (күзетілетін объектілерді күзетуге қабылдау мен тапсыру тәртібі, аппаратураға бақылау жасауды жүзеге асыру, сондай – ақ техникалық күзет құралдары өздігінен қосылған және өшірілген кездегі іс – қимыл ерекшеліктері туралы нұсқаудан); техникалық күзет құралдарымен жабдықталған күзетілетін объектілердің тізбесінен (пост нөмірі, объектінің атауы, ашу және жабу уақыты); техникалық күзет құралдарының жұмыс істеуіне бақылау жасау журналынан (объектінің атауы, объектіні күзетуге қабылдау мен тапсыру уақыты, қондырылған құралдардың техникалық жай – күйі, жұмыс істеу уақытын тексеру және олардың жай – күйі жайлы белгі, техникалық күзет құралдарының істен шығып қалу уақыты мен орны және қабылданған шаралар) және объектіде орнатылған күзет жүйесін пайдалану жөніндегі басшылықтан тұрады.
Осы бапта көрсетілген құжаттарды гарнизон бастығы бекітеді.
Әскери бөлім штабы жаңа айдың басталуына бес – алты күн қалғанда қарауыл тағайындалатын бөлімшелердің командирлеріне олардың нарядқа шығу күнін және қарауыл құрамын хабарлайды.
Постылардың орналасу сызбасындағы және постылардың табеліндегі әрбір өзгеріс жайлы гарнизон бастығы дер кезінде әскери бөлімдерге хабарлайды.
Дабыл берілген жағдайға арналған құжаттама пакетте, елтаңбалық мөрмен мөрленіп, қарауыл бастығында сақталады. Құжаттың екінші данасы дабыл берілген жағдайда ауысу үшін тағайындалған қарауыл бастығына нұсқама жүргізу үшін гарнизон бастығына бағынатын штаб бастығында сақталады.
Объектіде кемінде бес және одан көп пост болғанда, қарауыл бастығы болып офицер немесе прапорщик, ал постылар саны аз болғанда сержант тағайындалады.
Аса маңызды объектіні күзететін қарауылдың бастығы болып постылардың санына қарамастан, офицерлер немесе прапорщик тағайындалады.
Әскери училищелерде қарауылдар бастығы болып постылардың санына қарамастан, жоғарғы курстың курсанттарының тағайындалуы мүмкін.
Гарнизондық гауптвахтада қарауыл бастығы болып офицер тағайындалады.
Техникалық күзет құралдары жөніндегі қарауыл бастығының көмекшісі техникалық күзет құралдары жөніндегі мамандардан немесе гарнизон бастығының бұйрығымен тағайындалған басқа да әскери қызметшілерден тағайындалады.
Қарауыл иттері қызметі жөніндегі қарауыл бастығының көмекшісі қарауыл иттері аға жетекшілері қатарынан тағайындалады.
Қарауылдар құрамына сержанттар немесе ефрейторлар қатарынан жұмысқа таратушылар тағайындалады.
Егер қарауыл бір постыны күзетсе, жұмысқа таратушы тағайындалмайды да, оның міндеттерін қарауыл бастығы орындайды.
Қарауылдар сарбаздар (матростар) қатарынан тағайындалады. Сарбаздар (матростар) жетіспеген жағдайда қарауыл болып сержанттардың тағайындалуы мүмкін. Бұл жағдайда олардан постының барлық ауысымдары, бақылау – күзету топтарының барлық құрамы құрылады, ал жұмысқа таратушы болып қарауылдың әскери атағынан төмен емес әскери атағы бар әскери қызметші тағайындалады.
Қарауылдар саны осы қарауылға белгіленген постылардың санына байланысты белгіленеді, бұл ретте постыны күзету үшін тәулік бойы үш сақшылар ауысымы, ал тек түн бойы (қараңғы түскеннен таң атқанша немесе қойманы, жапқаннан ашқанға дейін) күзету үшін екі сақшылар ауысымы тағайындалады.
Шығарушылар мен айдауылдар тұтқындалғандар (қамауға алынғандар) санына және гауптвахтадағы бір шығарушыға 10 – 15 тұтқындалғандар есебінде жалпы пайдалану орындарының орналасуына байланысты тағайындалады.
Қарауыл құрамы, оның ішінде қарауыл бастығы, нарядқа түсерден бір күн бұрын, әдетте бір бөлімшеден, ерекше жағдайда – бір әскери бөлімнен тағайындалады.
Барлық гарнизондық қарауылдар бір әскери бөлімнен тағайындалады.
Дата добавления: 2015-12-01; просмотров: 71 | Нарушение авторских прав