Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

Тәңіршілдікті қалай түсінеміз?

Читайте также:
  1. Ан айналым жүйесінің оң қарынша мен сол жүрекшені жалғастыратын бөлігін қалай атайды?
  2. Ескертпені алып тастау процедурасы қалай іске асады
  3. Олигополиядағы бір фирманың өндіріс көлемінің басқа фирмаға қатысты графигі қалай аталады?

Соңғы уақыттарда өздерін халқымыздың оқыған, көзі ашық, ат төбеліндей зиялы тобына жатқызатын жекелеген қандастарымыздың, қазақ халқының бойына ықылым заманнан қалыптасып сіңген діни ұғынымы - Жеті қат көк аспанның Иесі - Көк Тәңірі деген сенім жолын қайта жаңғырту керектігін ауыздарына жиі алып жүргенін байқаймыз. Бұл пікірдің астарында «тәңіршілдіктің» жалпы дін атауының ішіндегі өз алдына айрықша наным-сенім жолы екені және ол егеменді дербес мемлекет құрған тұсымызда ұлттымыздың қайталанбас, ерекше келбетін айқындайтын бірден бір сипатымызға айналуы керек деген тұжырым жатыр.

Әрине, демократиялық бостандық дәуірінде әртүрлі пікірлерге жүгіну, болжамдар мен ұсыныстар жасау құқығы шектелмейді. Алайда, қандай бір болмасын саяси кезеңнің, уақыттың мүмкіндіктеріне бой ұсынғанымызбен де, біз әрқайсымыз ең алдымен төрткүл дүниенің Жаратушысы - Алла тағаланың алдындағы пенделік жауапкершілігімізді берік сақтағанымыз абзал.

Ақиқатқа жүгінер болсақ, басқа бір себептермен емес, тек қана Алланың әмірімен келген осы бір бостан дәуіріміздің тұсында, халқымыздың басынан кешегі өткен үш ғасырдан астам бодандық, шашыраңқырап кеткен көшінің басын қайта біріктірудің орнына, оның бүгінгі таңда бұғанасы қатпаған жас сәбидің болмысындай қайта қалыптаса бастаған дербес қоғамдық санасына, бабалар тарихының өткен шағынан қалған, дәлелі әлсіз діни ұғынымдарды қайта жаңғыртып, сыналап енгізу әрекеті, жұмсартып айтар болсақ, өз ұлтына жасалынып жатқан қастандық деуге саяр еді.

Жалпы тарихи болмысымызға, тіл-діл-дінімізге қатысты мәселелерді қозғар болсақ, онда ең алдымен ата-бабаларымыздың әлімсақтан бері жалғасын тауып келе жатқан заманауи көшінің хронологиясынан, ұлттық тағдырымыз бен ұлттық санамыздың, адам затының эволюциялық даму жолына байланысты өсіп, өрбу дәрежесін айырып-бөліп қарау керектігінен бастаған дұрыс болар.

Егерде, ислам діні өзінің бір ғана Жаратушымызға аян болған ретімен Жер бетіне, соның ішінде Араб жартыаралына келгенге дейінгі адамзат өркениетінің жалпы діндарлық болмысына ой жіберсек, онда сол заманда жер бетін мекен еткен көптеген халықтардың наным-сенім ұғымдарының негізінде, пұтқа табынушылықпен қатар, құдайдың көптүрлі сипаттарына құлшылық жасау жатқандығын көреміз. Осындай жағдай қазіргі таңдағы мұсылман өркениетінің көшбасындағы араб халықтарына да тән болатын. Ислам діні келер тұстағы араб халықтарының наным-сенім ұғымдарының жабайы сипаттары жалпыға мәлім. Бұл өз алдына бөлек бір әңгіме.

Ал, қазақ халқының заманында Құранға дейінгі үш кітап миссионерлерінің үгіт-насихатын қабыл етпей, өзінің кең сахара төсіндегі еркін тіршілігіне сай Жаратушысын Жеті қат Көк Аспанның Иесі - Көк Тәңірі деп тануы, сөзсіз ғажап, теңдессіз құбылыс. Алайда, әр тұстағы әртүрлі діндерді уағыздаушы келімсек-миссионерлер түгіл, кең байтақ жеріне көзін тігіп, қайткенде айла-әрекеті арқылы қитұрқы саясатын асыруға ұмтылғандарға әрдайым орасан тойтарыс беріп келген жауынгер-көшпенділердің, IX-X ғ.ғ. шамасында қасиетті Құран Кәрімді алып келген арабтарды (бүгінгі таңда халқымыздың құрметті «ақсүйектеріне» айналған қожаларды) құшақ жая қарсы алып «бастарына үй тігіп, қойындарына жар салып, алдарына малдарын тартулары», сөйтіп «әр ауылдың өз қожасы барға» дейін апарулары таңқаларлық феномен.

Халқымыздың сол замандағы имани деңгейін Құранның «Бақара» сүресіндегі мына аяттар растайды: «(Алла тағаланың Хақ-Шын сөзі екендігіне)...ешқандай шек болмаған бұл Кітап, ғайыпқа сенетін, намазды толық атқаратын және Біз несібе етіп берген игіліктерден сарп-ихсан ажырататын, құдайдан қорқатын тақуалар үшін (басшылыққа берілген)» («Бақара» сүресі, 2-3-аяттар).

Әрі-беріден соң тарихымыздың осы бір ғажап тұсы, халқымыздың аузындағы ислами кәлимасын растайтын «әлімсақтан бері мұсылманмын» дейтінін және де бойындағы иман дәрежесінің ықылым заманнан бері өрбіп-өсіп-бекіп отырғандығын байқатады. Демек, мұсылман дінінен бұрын келген діндерді қабылдамай, өзінің бітім-болмысымен біртұтас қаланған дүниетану көзқарасы мен наным-сенімділігін растайтын ислам діні келгенде, оны еш қарсылықсыз, сөзсіз қабылдауына қарап, қазақ халқының адамзат өркениетінің ежелден қалыптасқан текті һәм иманды бөлшегі екеніне шүбә келтіруге болмайды.

Осы тұрғыдан қарар болсақ «тәңіршілдік, тәңіршілер» деген ұғымға ата-бабаларымыздың тіршілік өркениетінің жолында жүріп өткен керемет дәуірі, діни, рухани һәм мәдени маңызы жоғары тарихи кезеңі деп қарағанымыз абзал. Демек, ол ұлтымыздың өткен шағы, адамзаттың діни өркениет сатысында басып өткен кезекті бір баспалдағы. Әрі-беріден соң Адам ата мен Хауа анамыздан бастау алатын мұсылмандықтың жалпы шежіресінен ажыратып айырып қарауға болмайтыны дәлел.

Ендеше, Әуезхан Қодар бауырымыз бен осы тұжырым-бағытты ұстанушы қандастарымызға айтарымыз, сіздер көтеріп жүрген көптеген мәселелеріңізді, ұлттық тарихымызға қатысты елеулі һәм зерделі зерттеулер деп бағалап, ұлттық болмысымыздың өткен шақтарына берілген әділ һәм айшықты бағаларының бірі ретінде атағанымыз абзалырақ болар.

Егер де жалпы ғаламшар өркениетінің даму жолын прогрессивтік жол, эволюциялық бағыт деп түсінетін болсақ, онда дін өркениетінің дамуын да осы қағидаға жатқызуымыз керек, демек Аллаһ тарапынан адамзат игілігіне арналып түсірілген төрт кітаптың да кезектесіп келуін осы заңдылыққа жатқызуымыз жөн.

Олай болса: «Әлбетте, Алла жанында дін-тек Ислам діні ғана. Кітап иелері оларға анық дәлел келгеннен кейін, тек өзара күншілдікпен дұшпандық ету себебімен ғана таласып-тартысты. Кім Алланың аяттарына қарсы келсе, сонда, әлбетте, Алла тез есеп-қисап жасаушы» («Әл-Имран» сүресі, 19-аят).

Қазақ елі жалпыадамзаттық өркениет жолында өзіндік орны мен маңызы бар мемлекет. Біздің тарихымыздың ақтаңдақтары әлі де өзінің толық сипатымен жазылған емес, оны жазу бізге және бізден кейінгілерге міндет. Ол өз алдына бабаларымыздан қалған аманат. Оны орындауымыз үшін бізге ауызбірлік пен ынтымақ қажет. Біздің және бізге дейін өмір сүрген бабаларымыздың да арманы бірлік еді, ал енді сол бірлікке жеткізетін үштағанымыз, ол тіліміздің, дініміздің және діліміздің бірлігі. Қалай десек те, заман ақырға дейінгі Алланың өзі қорғайтын қасиетті дініміз ғана осы бірлігіміздің өзегі болмақ.

Ендеше, осы жолда ынта-ықыласымызды біріктірейік, ағайын!

Кенже-Әлі қажы МЫРЗАБАЙ,


Дата добавления: 2015-11-30; просмотров: 71 | Нарушение авторских прав



mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.006 сек.)