Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АвтомобилиАстрономияБиологияГеографияДом и садДругие языкиДругоеИнформатика
ИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеталлургияМеханика
ОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРелигияРиторика
СоциологияСпортСтроительствоТехнологияТуризмФизикаФилософияФинансы
ХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника

ХІ- ХҮғғ Италия.

  1. Карл Ү тұсындағы Испания. Испан абсолютизмінің ерекшеліктері.
  2. Филипп ІІ тұсындағы Испанияның әлеуметтік –экономикалық саяси жағдайы
  3. ХҮІ ғасырдағы Нидерланды – Карл Ү империясының құрамында
  4. Нидерланды буржуазиялық революциясы және оның маңызы.

1. ХҮІ ғасырдың басында Фердинанд пен Изабелланың біріктірушілік саясатының нәтижесінде Испания Европадағы ең ірі мемлекеттердің бірі болып алды. Оның шекарасы тек Пиреней түбегімен шектелген жоқ, Италияның едәуір бөлігін (Сицилия, Сардиния, Неополитан королдығы) қамтыды. Фердинанд пен Изабелла қайтыс болғаннан кейін, олардың немересі – жиені Карл Габсбург бұған Нидерландыны, Люксембург герцогтығын қосты. Ол Испания үшін Карл І, ал Герман императоры ретінде Карл Ү-і болды. Француз корольі Францискі І мен соғыстың барысында ол Милан мен Солтүстік Италиядағы бірқатар иеліктерді өзіне қосты. 1535- жылы Тунис жауланып алынды. ХҮІ ғасырдың 20-30 жылдары испандықтар Америкадағы Мексика, Перу, Чили, Колумбияны жаулап алды.

ХҮІ ғасырдың екінші жартысында Испания филиппин аралдарын жаулап алды, сөйтіп ол екі жарты шарда орналасқан әлемдік державаға айналды. Испан корольінің иелігінде “ешқашан күн сөнбеді”. Орасан зор Габсбургтар империясының көлемі Ұлы Карл империясының көлеміненде асып түсті. Алайда, Габсбургтердің ұлы державалық “әлемдік саясатының” Испания мен Германияның ұлттық мүдделеріне пайдасынан гөрі зияны көп болды.

Карл Ү-нің корольдық етуінің алғашқы жылдарында Испанияда коммунерос деп аталынып кеткен қалалықтардың көтерілісі болды. Фердинанд пен Изобелланың елді біріктіргеніне қарамастан ХҮІ ғасырдың басында Испания сот және әкімшілік жағынан ала – құлалығын сақтап қалды. Феодалдық еркіндіктер күшінде еді. Бұрынғысынша сословиялық кортестердің саны төртеу болып қала берді. Жергілікті феодалдардың өкілетті органдары - кортестер Кастилияда, Арагонда, Валенсияда, Каталонияда тұрақты жұмыс жасап, алым-салықтарды белгіледі. Әрбір кортестің (төрт) алдында король ант берді. Кастилия кортестері 1519- жылы Карл Ү-ге: “Тақсыр, король тек жалақы алып отырған ұлттың қызметшісі ғана екенін білуіңіз керек” деп ескертті. Алайда, Карл Ү бұл ескертулерден қорытынды жасаған жоқ, оның маңайындағы қызметшілердің көпшілігінің фламандықтардан болуы да, елде наразылықтар туғызды. Мысалы, король елде жоқ кезде мемлекетті оның наместнигі Утрехт архиепископы кардинал Адриан басқарды. Биліктің озбырлығы ең бірінші кезекте қалалықтар үшін ауыр болды. 1520 жылдың көктемінде кастилия кортестері мен қалалықтары Карл Ү-ге өздерінің үш талабын қойды: біріншіден, Костилиядан кетпей елді басқару, екіншіден, - алтынды сыртқа шығармау және үшіншіден, жоғарғы мемлекеттік лауазымдардан шетелдіктерді қуу. Карл Ү бұл талаптарды орындаудан бас тартты, сөйтіп, 1520 жылдың мамырында Испанияны тастап кетіп қалды. Елді басқару наместник Адрианға қалдырылды. Бұған жауап ретінде 1520- жылы маусым айында Сеговия қаласында көтеріліс бұрқ ете қалды. Оны басқада Кастилия қалалары қолдады. 1520- жылдың 29 шілдесінде Кастилияның он бір қаласының “Қасиетті хунта” деп аталынған одағы құрылды. Хунтаның орталығы Авила қаласы болды. Қалалықтарға дворяндармен дін басыларының бір бөлігі қосылды. Көтерілістің басында Толедо қаласымен байланыста болған дворянин Хуан де Падилья, ақын Педро Лесо және епископ Хуан де Акунья тұрды.



Бірақ көтерілістің негізгі қозғаушы күші Кастилияның қала – коммуналары болды, сондықтан көтеріліс коммунерос, яғни коммуналар көтерілісі деген атпен тарихта қалды. Қалалықтар дәстүрлі қала еркіндіктері үшін күресті. Алғашында үкімет көтерілістің кең құлаш алғанын ескермей, оны тез басып тастаймыз деп есептеді, сөйтіп қатты қателесті.

Загрузка...

Адриан Сеговия қаласын күшпен алғысы келіп, бірақ ол сәтсіздікке ұшырады. Көтерілісшілер үкімет әскерлеріне тойтарыс берді. 1520- жылдың соңына қарай қозғалыс бүкіл Кастилия қалаларын қамтыды. Біршама уақыт кастилия король өкіметінің бақылауынан шығып кетті. Алайда, қозғалыстың әлеуметтік құрамының ала құлалығы, ұйымшылдығының әлі де болса жеткіліксіздігі айқын сезіліп тұрды. Грандтардың (испан шонжарлары) бір бөлігі қозғалыстан іргесін аулақ сала бастады. 1521- жылдан бастап орта дворяндар да (кабальерос) қозғалыстан кете бастады. Ірі аристократия мен орта дворяндарды өз жағына шығарып алған үкімет көтерілісшілердің шағын отрядтарын талқандады. 1520 жылдың 23 сәуірінде Вильялоре қаласының маңында шешуші шайқас болып,көтерілісшілер талқандалды.Көтерілістің басшылары тұтқынға түсіріліп, азапталып өлтірілді. Бірақ жекеленген қалалар әлі ұзақ қарсыласты. Хуан де Падильяның әйелі Мария Пачеко Толедо қаласын қорғауға қатысып, қала 1521 жылдың 25 қазанына дейін беріспей қорғанды.

Коммунарос қозғалысы жеңілуінің ең басты себептерінің бірі Кастия қалаларының қозғалысын Испан корольдығының басқа бөліктеріндегі қалалардың қолдамауы болды. Ол олма ,Севилья бастаған Андалузия қалалары Кастилия қалаларын қолдамайтындығын ресми түрде король өкіметіне білдірді.

1522 жылдың жазында Испанияға 4 мың неміс ландскнехтымен келген Карл Ү көтерілістің қалдықтарын басып жаншып, 290 адамды жазалап өлтірді. Коммунерос қозғалысын басып жаншудың елдің саяси өмірінде ұзаққа кеткен кері салдарлары болды. Бір кездері өзінің күш қуатының толысуына орасан зор жәрдем көрсеткен қалалықтарды Испанияның король өкіметі өз қолымен тұншықтырып, өзінің табиғи одақтасынан айрылды.

Карл Ү-і қалалықтармен қарым- қатынасты үзіп, аттөбеліндей феодалдық топтармен одақ құруды қолға алды. Бұл испан абсолютизміне бірден өрісі тар аристократиялық, реакциялық сипат берді. Коммунерос көтерілісінің жеңіліске ұшырауы кортестердің де жағдайын нашарлатты. Дворяндар мен қалалықтардың арасында өшпенділікті пайдаланып Карл Ү-і кортестердегі қалалықтардың санын бірде азайтып, бірде көбейтіп отырды. Кейде қалалықтарды, дворяндардан бөлек шақыртып оның жұмысының берекесін қашырды. Оның патшалық құруының соңында Кастилия кортестерінің маңызы біржолата төмендей түсті.

Испан абсолютизмін Европаның басқа елдерінің абсолюютизмімен салыстыра отырып К.Маркс испан абсолютизміне төмендегідей сипаттама берді. “Өзара жауласқан феодалдық таптар: аристократия мен қалалықтардың әлсіреуіне сәйкес ХҮІ ғасыр ірі монархиялардың құрылып жатқан дәуірі болды. Басқа ірі Европа елдерінде абсолюттік монархия өркениеттің орталығы, қоғамды біріктіруші бастама ретінде көрінді. Мұнда ол қоғамның әртүрлі элементтері мидай араласып, өңделіп жатқан от жалын болды. Бұл қалалардың ортағасырлық өзін - өзі басқаруына ,буржуазияның үстемдігі мен азаматтық қоғамның көпшілік билігіне айналуына мүмкіндік берді. Испанияда керісінше, өзінің ең жаман артықшылықтарын сақтай отырып, аристократия құлдырады, ал қалалар қазіргі заманға тән маңызға ие бола алмай өзінің орта ғасырлық билігінен айрылды””.

2. 1556 жылы Карл Ү-ні Испан тағында оның мұрагері Филипп ІІ (1555-1598 жж) алмастырды. Өзінің әкесінен айырмашылығы Филипп ІІ елді отырып басқарды, сыртқа шыққан жоқ. Филипп ІІ-де әкесі сияқты көптеген соғыстар жүргізді, бірақ оны көбіне өзінің генеральдарына тапсырды. Филипп ІІ-нің кезінде оның иелігі біршама шағындалды. Себебі, Германияның өз билеушісі Кар Ү-нің інісі Фердинанд І болды. Филиппте елді орталықтандыру бағытында кейбір қадамдар жасады. Мысалы, ол Испанияның жаңа астанасын – Мадрид қаласына көшірді. Филипп ІІ, Арагонның автономиясын жойып, Сарагоса қаласын алды және арагон дворяндарының артықшылықтарын жойды.1580- жылы Филипп ІІ Португалияны өзінің иелігіне бағындырды, ендігі жерде бүкіл Пиреней түбегі оның қарамағына өтті. Филипп ІІ-нің ең қаһарлы қаруы иннвизиция болды, ол елдің ең жоғарғы саяси сотына айналды. Филипп ІІ мемлекетті басқару ісімен де жеке басы көп айналысты. Орталықтағы жоғарғы чиновниктерді, жергілікті жерлердегі губернаторларды (коррехидорлар) өзі таңдап тағайындады. Филипп ІІ-нің тұсында мемлекеттік салықтың көлеміде орасан зор көлемге жетті. Соған қарамастан, испан абсолютизмі Карл Ү-нің кезіндегідей, Филипп ІІ тұсында да прогрессивті бола алмады. ФилиппІІ-ні елдің буржуазиялық жолмен дамуы қызықтырмады және ол Испан саудасы мен қолөнерінің дамуы үшін ешқандай нақты шаралар қолданбады. ХҮІ ғасырда да Испанияда ірі светтік және шіркеу жер иелігі өзінің қатаң артықшылықты, тұйық – касталық сипатын сақтап қалды.

Майорот, қорықтық жерлер, айрықша жеңілдіктегі шіркеу жерлері туралы және т.б. құжаттар бойынша Испанияда жер сатылмады, басқаға берілмеді, сөйтіп, қоғамның алдыңғы қатарлы буржуазиялық элементтерінің, ұсақ дворяндар мен шаруалардың жер алуына мүмкіндік бермеді.

Филипп ІІ-нің жүргізген соғыстарда ашықтан ашық династиялық, өрісі тар дворяндық, идеологиялық жағынан реакциялық – католиктік сипат алды. Оның мақсаты Испан королінің иелігін кеңейту, оны Европаның халықаралық саясатында гегемон ету болды. Алайда, уақыт көрсеткеніндей Испанияның сыртқы саясаты сәтсіздікке толы болды. Әсіресе, Англия мен болған соғыстар Испанияны халықаралық аренада масқаралады.

ХҮІ ғасырдың басында Испания аграрлы ел болып, өнеркәсібі мен саудасы әлсіз болды.Нидерланды мен Италияны айтпағанда , Англия мен Франциядан да артта қалды. Ұлы географиялық ашулар Испания үшін орасан зор Америка отарларын берді. Алғашқы уақыттарда отарлар Испан шаруашылығының дамуы үшін өте қолайлы жағдайлар туғызды. Америкадан Испанияға алтын мен күміс ағылды. Мұның барлығы елде қызу әлеуметтік шаруашылық жанданушылықты тудырды. Испанияда да мануфактуралар дамыды. Алайда Испаниядағы өнеркәсіп пен сауданың өрлеуі қысқа мерзімдік сипатта болды. ХҮІ ғасырдың ортасында да испан өнеркәсібі Нидерланды, Англия және Франция өнеркәсібінен артта қалды. Оның үстіне оның онан әрі дамуына қажетті жағдайлар нашарлап кетті. Оның себебі, басталған бағадағы революцияның испан шаруашылығы үшін ауыр салдарлары еді. Алтын мен күмістің Испанияға ағылуы бұл елдегі бағадағы революцияның басқа елдерге қарағанда ерте басталуына алып келді. Тарихшы экономистердің айтуынша Испаниядағы баға төрт есе өссе, Англияда екі есе ғана өсті.

Испан экономикасының құлдырауында ауылшаруашылығындағы дағдарыс әсер етті. Англия мен Нидерландыда фермерлік шаруашылық барынша өркендеп жатқанда, Испанияда феодалдық крепостниктік поместьелік шаруашылық сол күйінде тұрды. Дамып келе жатқан отандық өнеркәсіпке қамқорлық жасаудың орнына испан үкіметті, испан өнеркәсібіне жаны ашымаған өрісітар дворяндық саясат жүргізді. Өзінің салық саясаты арқылы үкімет өркендеп келе жатқан өнеркәсіпті тұншықтырды. Дворяндардың мүддесіне бола жергілікті өнімдермен бәсекелескен шетел тауарларына елде жол ашылды. Ақырғы соңында, мән мағынасыз тоқтаусыз жүргізілген соғыстар, елдің экономикасын тұқыртты. Ел саяси және экономикалық апатқа ұшырады.

Филипп ІІ-нің жүргізген соғыстарының бірен-сараны ғана сәтті аяқталды. Оған ХҮІ ғасырдың 60-70- жылдары түріктермен жүргізген соғысты және 1580- жылы Португалияны жаулап алуды жатқызуға болады. Әсіресе, 1571- жылы Лепанто түбіндегі (Морейге жақын) теңіс щайқасында түріктерді жеңудің маңызы зор болды. Бұл осман түрік империясы құлдырауының басы еді. Орасан зор 264 кемеден тұратын түрік флотилиясы талқандалып, онда 80 мың адам болды.

Алайда, қалған соғыстардың барлығында Филипп ІІ-і жеңіліске ұшырап, ақырғы соңында Испания ұлы держава болудан қалды. Ең бірінші кезекте ХҮІ ғасырдың екінші жартысында Нидерланды буржуазиялық революциясынан бастау алған голланд- испан соғыстарында Испанияның жеңілгенін айту қажет. Испанияның келесі бір үлкен жеңілісі Филипп ІІ-нің Англиямен болған сәтсіз соғысы еді. Ағылшын пираттары Дрэйк, Рэли және т.б.Америкадан алтын мен күміс тиеп келе жатқан испан кемелеріне шабуыл жасап тонауына жауап ретінде ,Филипп ІІ 1588 жылы шілде айында Англияны тізе бүктіру үшін оған қарсы орасан зор теңіз флотын жіберді. Өзінің жеңетіне күмәні болмаған Филипп ІІ оны “Жеңілмейтін Армада” деп атады. Оның құрамы 130 кеме, 7500 адам теңіз экипажынан және 17 000 жауынгерден тұрды. Теңіз шайқасы толығымен ағылшындардың жеңісімен аяқталып, ол тарихта “Жеңілмейтін армаданың жеңілуі” деген атпен қалды. Осы уақыттан бастап Испанияның теңіздегі үстемдігі келмеске кетті.

 

3. ХҮІ- ғасырда Нидерландыға (“төмендегі жерлер”) қазіргі Нидерландыдан бөлек, Бельгия, Люксембург және Францияның кейбір иеліктері кірді. Ел 17 провинциядан тұрды. Өлкеге тән ерекшеліктердің бірі – оның ерте өнеркәсіптік дамуы болды. ХҮІ ғасырдың бірінші жартысында Нидерландыда феодалдық қатынастардың ерте ыдырауы, капиталистік шаруашылық формасының тууы, капиталдың алғашқы қорлануы процесстері жүріп жатты. Мейлінше шағын өлкеде 300-ге жуық қалалар болды. Халықтың саны 3 млн-ға жетті. Орта ғасырлар үшін бұл мейлінше көп көрсеткіш болып табылады. Нидерланды сол замандарда “қалалар елі” атанды. Алайда, барлық провинциялар бірдей дамыған аудандар деген пікір қалыптаспауы тиіс, өйткені артта қалған провинцияларда болды.

1516- жылдан бастап Нидерланды Карл Ү Габсбург империясының құрамына кірді. Бұған дейін Нидерланды Бургундия герцогтығының құрамында болған еді. Карл Ү(І) Гент қаласында дүниеге келді және фламанд тілі оның ана – тілі болды. Карл Ү –нің тұсында Нидерландының саяси құрылымы өзіндік өтпелі сипатта еді. Нидерланды да габсбургтер үйі король – императорларының жоғарғы билігі мен өзін - өзі басқару элементтері сақталынды. Нидерландының әрбір 17 провинциясының өз провинциялық штаты (кеңесі), айрықша соттары, жергілікті сословиялық жеңілдіктері, атап айтқанда, қалалық көп еркіндіктері болды. 1464- жылдан бастап Нидерландыда провинциялық штаттардан тұратын Бас штаттар шақырыла бастады. Бургундия герцогтығы дәуіріндегідей, Габсбургтер тұсында да Бас штаттар алым салықтарды белгілеп дауысқа салды. Екінші жағынан Карл Ү-і жекеленген провинциялар мен қалалардың артықшылықтарына жүйелі түрде қол сұғып отырды. Нидерландыдан алынатын алым-салықтар орасан зор мөлшерге жетіп 2 миллион алтын ақшаны құрады, ал Карл Ү-і қазынасының жалпы көлемі 5 миллион еді. Карл Ү-нің тұсында Нидерланды шын мәнісінде Испанияға тәуелді провинцияға айналды. Нидерландыдан жиналған орасан зор ақша, алым–салықтар – Нидерландының мүддесі үшін қажеті жоқ соғыстарға жұмсалды. Капитализм дамуының феодалдық және жат жерлік езгімен ұштасуы, халық бұқарасына шексіз бақытсыздықтар алып келді.

Стратегиялық жағынан өте маңызды, аса бай елде өзінің бақылауын күшейту үшін Карл Нидерланддағы католик шіркеуіне қамқорлықты күшейтті. Алайда, алдыңғы қатарлы, экономикалық жағынан дамыған ел ретінде Нидерландының халқы протестантизмге іш тартты. Ірі дворяндар Лютерлік ағымға, уақ және орта дворяндар мен қалалықтар, ауқатты шаруалар Кальвинизм жағында болды. ХҮІ ғасырдың І жартысында Нидерландыда әлеуметтік – саяси қайшылықтар шиеленісе түсті. Оның айқын көрінісі реформациялық қозғалыстың өсуі болды. Карл Ү-нің “плакаттарымен” (указдары) реформациялық идеяларды жоқтағандардың барлығы күпірлер деп жарияланды. Карл Ү-нің мұрагері Филипп ІІ-нің тұсында нидерланды буржуазиясы мен абсолютизмнің арасындағы қарама-қайшылық күшейді. Шын мәнісінде Нидерландыны испан әскерлері окупациялап алды. Филипп ІІ-і нидерланды буржуазиясы пайдаланған азғантай экономикалық құқтарды да алып тастады (испан отарларымен сауда жүргізуге тиым салды, испан жүнінің Нидерландыға апарылуына салықты өсірді т.б.), күпірлерге қуғын сүргінді күшейтті. Бұл Нидерланды экономикасының берекесін кетіріп, елдегі эмиграция толқынын күшейтті. Мыңдаған шеберханалармен мануфактуралар жабылып жатты.

Елде революциялық ситуауация қалыптасты. Нидерланды қоғамында, оның ішінде дворяндық аристократиялық ортада да испан абсолютизміне қарсы наразылықтар күшейді. Алдыңғы қатарлы дворяндардың өнімдері ұлттық мүддені көтере алды. Филипп ІІ-нің мемлекеттік аппарат пен әскери қызметтен нидерланды дворяндарының көпшілігін қууы да жағдайды ұшықтырып жіберді. Дворяндар шіркеу жерлерін секулеризациялап, өзара тәркілеп алудан - өздерінің іргесі сөгіле бастаған әлеуметтік жағдайын жақсартудың бірден бір жолын көрді. Сондықтан, дворяндардың да бір бөлігі кальвинизм жағында болды.

4. Нидерландыдағы революциялық оқиғаларды төрт кезеңге бөлуге болады. Олардың алғашқысы 1566- жылы жаз айындағы Фландрия қалалары мен деревняларындағы халық бұқарасының иконаға қарсы қозғалысынан басталады. Дегенмен, алғаш рет Испан үкіметіне қарсы шыққан Нидерландының аса ірі аристократтары Вильгельм Оранский, граф Эгмонт пен адмирал Гоорн екенін айту қажет. Олардың талаптарында кейбір жалпы ұлттық мәселелер көрініс беріп, буржуазиялық ортада кең қолдауға ие болды. В.Оранский мен оның жақтастары Нидерландыдағы епископтар санының көбеюіне, инквизициялық биліктің озбырлығына қарсы шықты. Аристократтардың үлгісі неғұрлым кең дворяндық топтардың арасында да абсолютизмге қарсы қозғалыстар тудырды. 1565 жылы В.Оранскийдің басшылығымен “Дворяндар келісімі” атты дворяндар одағы құрылды.

1566- жылдың 5 сәуірінде дворяндардың біріккен делегациясы испан үкіметінің Нидерландыдағы наместнигі Маргарита Пармскаяға петииция тапсырды. Құжатта бір жағынан “ұлы мәртебелі испан короліне деген адалдық” білдірілсе, екінші жағынан – инквизицияны жойып тез арада Бас штаттарды шақыру талап етілді. Қабылдау бөлмесінде отырған Нидерланды дворяндарының киімдері жұпыны көрінгендіктен билеушінің маңайындағылар, оларды қайыршылар, яғни гездар деп атайды. Кейіннен бұл атау тәуелсіздік жолында күрескен Нидерланды революционерлеріне таңылып кетті. Маргарита Пармская дворяндардың талаптарын орындаудан бас тартты.

Жағдай онан сайын ұшыға түсіп, абсолютизмге қарсы қозғалыс кеңейе берді. Дворяндардың үлгісінде “Саудагерлер келісімі” деген атпен кальвинистік буржуазияның одағы құрылды. Кальвинизм халықтың арасында кеңінен танымал бола түсті. Кальвинистік уағызшылар “иконаға табынушылықты” өткір сынға алды. 1566 жылы тамыз айында төменгі Фландриядан бастау алған иконаға қарсы қозғалыс, бүкіл Фландрияға, Брабантқа, сондай-ақ, солтүстікт голландияға, Зеландия мен Фрисландияға тарады. Қозғалыс 17 провинцияның 12сін қамтып, , айқын байқалған революциялық сипат алды. Көтеріліске шыққандар монастырлар мен шіркеулерді талқандап, католик діні иелерін жазалаумен шектелген жоқ, олар елдегі бүкіл саяси тәртіптерді жойғысы келді. Қозғалыстың кең құлаш жаюы испандықтарды ғана емес, жергілікті дворяндарды да қатты үрейлендірді. Испан әскерлері мен нидерланды дворяндарының біріккен күштерімен ғана стихиялық қозғалысты басып тастаудың сәті түсті. 1567- жылдың 23 тамызында Маргарита Пармскаяның орнына Нидерландыны басқаруға герцог Альба жіберілді. Елде герцог Альбаның террористік диктатурасы орнады. Тіпті, аристократиялық оппозицияның жұмсақ – сабырлы өкілдері граф Эгмонт пен адмирал Гоорн өлтірілді. Бұрыннан басталған экономикалық құлдырау, енді апатты сипат алды. Барлық сауда келісімдеріне дейін алым салықтар салынып, шаруашылық пен экономика тұншықтырылды.

1571- жылы айрықша қорлықты а л ь к а б а л а салығы енгізілді. Ол бойынша әрбір өткен тауардан – он пайыздық алым салық алынды. Бұл сауда мен кәсіпкерлікті толығымен күйрету деген сөз еді. Шынында да елде дүкендер мен мануфактуралар жабылып, экономикалық жағынан белсенді тұрғындардың эмиграциясы күшейе түсті. 1566 жылғы көтеріліс жеңіліске ұшырағаннан кейін революциялық күрес партизандық күрес формасына ие болған еді (орман және теңіз гездары) жағдайдың ушыққаны сондай, жаңа кезең 1572-1576 жылдарды әлеуметтік жарылыстың бұрқ ете қалуы үшін болмашы сылтау жеткілікті еді.

Екінші кезең 1572-1576 жылдарды қамтиды. Бұл кезеңнің ерекшелігі революцияның солтүстіккеде тарауы болды. Мұнда күрес испандықтармен ғана жүрген жоқ, католиктік дін басыларымен және реакцияшыл қала магистратурасыменде жүрді. 1572 жылдың 1 сәуірінде ұсақ дворян Люмэ басқарған теңіз гездерінің отрядтары зеладияның шағын қаласы Брильді басып алды. Көтеріліске шыққандарды негізінен шаруалар мен қала кедейлері құрады. Отрядтарды басқарған революцияға қосылған дворяндар болды. Бұл кезеңнің негізгі қорытындысы Солтүстік провинциялардың шын мәнісінде тәуелсіздік алуы еді. (заң жүзінде мойындалған жоқ). Солтүстік провинциялардың басшысы етіп дворяндар мен буржуазия 1572- жылдың жазында В.Оранскийді сайлады.

Революцияның үшінші кезеңінде (1576-1579) революциялық күрестің орталығы Оңтүстік провинцияларға алмасты. Мұнда революция үшін қалыптасқан жағдай өте күрделі еді, өйткені мұнда дворяндар мен католик шіркеуінің позициясы нық болды, әлеуметтік жағынан белсенді топтар Солтүстікке қашып кетті, ал қалған тұрғындар керітартпа келіп Испаниямен қарым қатынасты біржолата үзуден сескенді. Қозғалыстың басталуына түрткі болған бүлікшіл испан солдаттарының жүгенсіздігі еді. Көп айлардан бері жалақы алмаған солдаттар, жергілікті халықтарды тонаумен, қарақшылықпен күн көре бастады. Жекеленген тонаушылықтар бүтіндей бір қалаларды тонау ойрандауға ұласты. Қозғалыс басшыларының испан абсолютизміне қарсы оңтүстік және солтүстік провинциялардың күштерін біріктіру әрекетінен (8 қараша 1576, “Гент бітімі”) ештеңе шықпады. Келісім бойынша оңтүстікте католицизм сақталынатын болды, сонымен бірге Кальвинистік нанымға еркіндік берілді.

Алайда солтүстік буржуазия мен оңтүстік провинциялардың сауда топтарының арасындағы бәсекелестік көрініс берді. Тіпті белгілі бір дәрежеде Солтүстік провинцияның сауда топтары, оңтүстік провинциялардың еркіндік алуына қарсы болды. Бас штат әскерлерінің дворян қолбасшылары Испания әскерімен соғысуға ұмтылмады. Шын мәнісінде қарсылықты басқарған Брюссельдегі қолөнершілер, саудагерлер, буржуазиядан тұрған “он сегіздің комитеті” болды. Оңтүстіктегі әлеуметтік саяси күрес өте күрделі болып, буржуазияның қозғалысын басқаруға деген әлсіздігі айқын байқалды. Мұндай жағдайда реакцияшыл дворяндық топтар Испан үкіметімен келісімге баруды жағдайдан шығудың бірден – бір жолы деп білді. Революцияның үшінші кезеңінің қорытындысы бойынша екі уния құрылды. 1579- жылдың 6- қаңтарында екі оңтүстік провинцияның – Артуа және Геннегау - реакцияшыл дворяндары күштерін біріктіріп “бүлікшіл” солтүстіктен бүлінгендігін білдірді. Бұған жауап ретінде 1579- жылдың 23 қаңтарында солтүстік провинциялар күштерін біріктіріп, болашақ тұңғыш буржуазиялық мемлекеттің негізін қалады. (Утрехт униясы)

Утрехт униясы Солтүстік провинциялардың “мәңгілік” бұлжымас одағын жариялады. Шын мәнісінде, арнайы жарияланбаса да Солтүстік Нидерланды республикаға айналды. Испан үкіметі Солтүстік провинцияларға қарсы әрекеттерін тоқтатпады. 1584- жылы В.Оранский Испан үкіметі жіберген жалдамалы агенттің қолынан қаза тапты. В.Оранскийдің өлімі жас мемлекет үшін үлкен соққы еді. Алайда, В.Оранскийдің ұлы Мориц Оранский аса жігерлі, талантты қолбасшы болып шықты. Ол көп ұзамай қарсы шабуылға шығып жеңістерге жетті. 1588- жылғы “Жеңілмейтін Армаданың жеңіліске ұшырауы” объективті түрде голландықтар үшін үлкен көмек болды. Англиямен Францияның дипломатиялық қолдауына ие болған бас штаттар 1609 жылы Испаниямен он екі жылға бітім жасады. 1648- жылы Вестфаль конгресінде Испания Солтүстік провинциялардың (Голландия) тәуелсіздігін біржолата мойындады.

ХҮІ- ғасырдағы Нидерланды буржуазиялық революциясының үлкен тарихи маңызы болды. Ең бірінші кезекте, бұл бірінші жеңімпаз буржуазиялық революция болды. Ревалюциядан кейінгі екі провинциялардың тағдырынан үлкен айырмашылықты байқау қиын емес. Оңтүстік провинцияларда феодалдық түнек орнап, экономика құлдыраса, солтүстік провинциялар гүлденді. “Голландия – К.Маркстің айтуынша, ХҮІІ ғасырдағы үлгілі капиталистік ел” болды. ХҮІІ ғасырда Голландия, нақ сауда елі ретінде орасан зор маңызға ие болды, ол дүние жүзілік сауда да делдалдық рөл атқарды. Тіпті ағылшын отарларынан тауарлар Голландия кемелері арқылы Англияға жеткізіліп отырды. Амстердам, Роттердам, Заандам кеме жасау ісінің басты орталықтары болып, жылына мың кемеге дейін жасалынды.

1609- жылы негізі қаланған Амстердам ұлттық банкі капиталистік типтегі тұңғыш Европалық банкі болды. Ұзақ уақыт бойы ол Европадағы бірден – бір банкі болды. Лондондағы 1694- жылы негізі қаланған ағылшын банкі, осы Амстердам банкісі үлгісінде жасалынды. ХҮІІ- ғасырда Голландия аса ірі отарлық держава болды.1602- жылы ағылшын “Ост – Индия компаниясымен” бір уақытта голландия “Ост – Индия” компаниясы құрылды.(1621)

Әдебиеттер:

  1. Альтамира и Кревеа Р. История Испании М.1951г.т.2
  2. Ведюшкин В.А. Идальго и Кабальеро: Испанское дворянство в ХҮІІ – ХҮІІ вв. М.1997г.
  3. Люди эпохи завоеваний. В.Оранский, Фернандо Альба. Ростов на Дону 1998г.
  4. Чистозвонов А.Н. Нидерланская буржуазная революция. М.1984г.
  5. Чистозвонов А.Н. Реформационное движение и классовая борьба в Нидерландах в первой половине ХҮІ века М.1964г.
  6. Литаврина Э.Э. К проблеме экономического упадка Испаний ХҮІ- века
  7. История средних веков Под редакция., С.П.Карпова . М.2003г
  8. История средних веков Под редакция З.В.Удальцева. М. 1990г.
  9. Державин К.Н.Сервантес: Жизнь и творчество. М. 1958г.

 


Дата добавления: 2015-07-08; просмотров: 158 | Нарушение авторских прав


Читайте в этой же книге: Халықтардың Ұлы қоныс аударуы және оның себептері, ықпалы. | Герман тайпаларының қоғамдық құрылысы және дамуы. | Верден бөлінісі. | ХІ – ХІІ -ғасырлардағы Византия | Төртінші және соңғы крест жорықтары. Крест жорықтарының салдары. | Испания. | Орта ғасырлардағы Италия дамуының ерекшеліктері. | Христиан діні және католик шіркеуі. | Христиандық көзқарастың Европа мәдениетіне тигізген әсері. | Англия. |
<== предыдущая страница | следующая страница ==>
Реформацияның Европа елдеріне таралуы. Католиктік контрреволюция.| Кітап басудың басталуы.

mybiblioteka.su - 2015-2017 год. (0.173 сек.)