Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

Философиялық ұғымдар мен терминдерді оқып-білу, жоғарғы оқу орындарында философия ғылымын оқытудың тиімді формасы, оқу және 8 страница



ДЕИЗМ (лат. deus-құдай) – Құдай дүниені жаратушы, бірақ одан кейінгі дүниенің дамуына қатысы болмайды, себебі, өмір өзінің даму заңдылықтарымен жүреді деп қарастыратын ілім. Деизмнің негізін қалаушы ағылшын философы (17 ғ.) Г. Чербери болды. Бұл ілімді одан ары жалғастырғандар Вольтер, Руссо (Франция); Локк, Ньютон, Толанд, Шефтсберии (Англия); Радищев, И.П.Пнин, И.Д.Ертов (Ресей), т.б. болды.

ДЕКАРТ Рене (фр. René Descartes, лат. Renatus Cartesius – Картезий) (1596– 1650) – француз философы, физигі әрі математигі, классикалық рационализм өкілі. Анжудағы Ла Флеш мектебін бітірген. Отыз жылдық соғысқа бас кезінде қатысып, 1621 ж. әскери қызметтен босап шыққан. Бірнеше ел аралап, саяхат құрып, ақыры Нидерланды жеріне тұрақтайды. Осы елде 20 жылдай ғылыми жұмыстармен шұғылданып, «Әдіс туралы пікірлер» (1637), «Философия бастауы» (1644), т.б. еңбектерін жариялайды. Ол дүниені екі субстанциядан – материалдық және рухани негіздерден тұрады деп есептеді. Мұның мәнісі – басқа заттың бар болуына тәуелсіз өмір сүретін заттар бір-біріне бағынышты емес, бір-бірінен пайда болмайды. Мыс., материалдық субстанция рухтан не санадан шықпайды, сол сияқты алғашқы болып саналатын идеалдық субстанция да өз алдына тәуелсіз, дербес сипатта деген. Жаратылыстану ғылымдарымен де айналысқан Декарт пайымнан гөрі зердені жоғары қойып, дүниетаным мәселелерін сол арқылы шешуге тырысты. Көптеген шығармаларында математиканы жоғары бағалап, оның нақты да дәл шешім табатын принциптерін қолдады. Сондықтан да ол философияның негізі бұлжымайтын нақты принцип – «күмәндану» арқылы дамытуды көздеді. Философ: «Егер мен күмәндансам, онда менің өмір сүргенім» деп, орта ғасырлардағы схолостикалық, катып-сенген ұғымдарға қарсы шықты. Ең алдымен, еш күмәндануға болмайтын қағида ретінде танылған діни, ортағасырлық көзқарасты толық күйретіп, іске алғысыз етті. Сонымен катар зерде арқылы таным процесіне жетелейтін жана жолды көрсетіп, дедуктивтік зерттеу тәсілін ұсынды (Дедукция). Сонымен Декарттың «күмәндану принципі» философия тарихына елеулі жаналық енгізіп, ғылымның ескі, қасаң қағидалардан арылуына, ойлау үрдісінің ілгері басуына мүмкідік тұғызды. «Егер мен күмандансам, ойлай алатындығым» дейтін эмпириялық (тәжірбиелік) әдіске қарама-қарсы рационалдық әдістің тууына себепкер болды. Декарттың рационализмі бойынша, адами танымның қайнар көзі – ақыл мен зерде, ал білімнің сезім арқылы келуі - күмәнді, өйткені, сезім мүшелері үнемі алдайды, білім қорландыруға дәрменсіз. Ендеше, біз ойлау барысында тек ақылға, зердеге ғана сүйенуіміз қажет. Таным процесіндегі тәжірибе мен сезім мүшелерінің рөлін анықтай алмағандықтан, «күмәндану принципінің» 2- жартысындағы «Егер мен ойлайтын болсам, онда менің өмір сүргенім» деген идея Декарт философиясында толық жүзеге асып, өз нәтижесін бере алмады. Әйтсе де, нақ осы принциптің 2-жартысы 18 ғ. аяғы мен 19 ғ. басында классикалық неміс философиясының пайда болып, қалыптасуына іргетасын қалады. Декарт материя мен қозғалыстың арақатынасын диалектикалық түрде бейнелей отырып, жаратылыстану ғылымында ғажайып жаңалықтар ашты. Декарт рефлекс туралы ұғымды ғылымға алғаш рет енгізген. Ол рефлексті дағдылы еріктен тыс болатын әрекет деп санаған. Декарт аналитикалық геометрияның негізін салды, қазіргі кездегі қолданылып жүрген көптеген алгебралық белгілерді енгізді; қозғалыс мөлшерінің сақталу заңын ұсынып, күш импульсі ұғымын қалыптастырды. Декарт аспан денелерінің пайда болуы мен қозғалысын материя бөлшектерінің құйынды қозғалысымен түсіндіретін теорияның авторы. Оның «Геометрия» атты еңбегінде (1637) айнымалы шамалар жөніндегі түсінік кеңінен қолданылды. Декарттың «Геометриясы» математиканың дамуына зор ықпалын тигізді. Декарт жазған хаттарда оның бұлардан басқа да ашқан жаңалықтары бар.



ДЕКОНСТРУКЦИЯ – мәтінге қатысты ерекше стратегия, «деструкцияны» да, реконструкцияны да қамтиды. Термин метафизика дәстүрі ретіндегі европалық дәстүрді қайта түсінуді білдіреді, мұндағы басты нәрсе бұзу емес, позитивті мән құрастыру.

ДЕМАРКАЦИЯ (франц. Demarcation – шек кою,айыру) – межелеу, шектесіп жатқан мемлекеттер арасын айыру үшін арнаулы шекаралық белгілермен шекара енгізу, белгілеу. Мұны екі жақтан келісілген аралас комиссия шекараны делимитациялау туралы құжаттар негізінде іске асырады. Кейбір жағдайда шекаралық белгілердің ұқыпты сақталуын қадағалау үшін арнаулы келісім-шарттар жасалады.

ДЕМИУРГ ( грек.Demiurgos - өнерші, қолөнерші, ұста; екінші мағынасы – жаратқан, жаратушы) Платон және неоплотоншылардың ілімінде - әлемді жаратушы, дүниені жаратқанның анықтамаларының бірі. Ол мәңгілік өмір сүріп жатқан енжар материядан идеяларға ұқсайтын, соған сәйкес заттарды жасайды. Демиург идея әлемі мен заттар әлемін бір-бірімен қосқан.

ДЕМОГРАФИЯ (грек. «demos» -халық, «gzafo»- жазу) – әр қоғам халқының өсу, өнудегі ерекше даму заңдылықтарын зерттейтін ілім. Халық, кең мағынасында ел-жұрт адамдардың жиынтығын білдіреді. Ол белгілі бір территорияда (немесе жер көлемінде) өмір сүреді, іс-әрекет, қызмет жасайды. Демография халықтың құрамын, санын және оның өсуін, өнуін, көбеюін, азаюын зерттейді. Бұл процесте адамның жынысы, жасы, атқаратын қызметі, жұмысы, т.б. жақтары негізге алынады, (мысалы, некелесу, туу, миграция, өндіріске әсерін, т.б.) зерттейді.

ДЕМОКРАТИЯ (грек. demos-халық, kratos-күш, билік) – азаматтардың еркіндігі мен теңқұқықтылығы мойындалған, азшылықтың көпшілікке бағынуына негізделген билік түрі.

ДЕМОКРИТ (б.з.д шамамен 460-371 жж.) 70-тен астам шығармалар жазған: «Табиғат туралы», «Ақыл-ой туралы», «Үлкен әлем құрылысы», «Кіші әлем құрылысы», т.б. Демокриттің ілімінше, дүниенің бастамасы – атомдар (шын болмыс) және бос кеңістік (бейболмыс). Болмыс – сансыз көп ұсақ бөлшектердің жиынтығы. Атомдардың негізгі қасиеті: мәңгі, бөлінбейді, өзіне- өзі тең, қозғалмайды. Бұл қасиеттер атомдардың ішкі мәні. Ал олардың сыртқы қасиеттеріне өзіндік пішін, түрлерінің және көлемінің болуы жатады. Атомдар бұрыш, шар, қармақ, оймақ, т.б. тәріздес болады. Атомдар бос кеңістік болып тұрады. Атомдар бос кеңістікте өз табиғатына тән үздіксіз қозғалыста болады, бір-бірімен соқтығысқанда өздерінің қозғалыс бағыттарын өзгертеді. Атомдарды бояу түрлері, иіс дыбыс т.б. сияқты сезімдік қасиеттер жоқ. Бұл қасиеттер атомдар түйсіктерімен кездескенде ғана пайда болады. Демокрит-алғашқылардың бірі болып сезімдік қасиеттердің субъективті түрде болатындығын айтқан ойшыл. Тіршіліктің шығуы Демокрит табиғи заңдылықтардың салдары деп түсіндіреді. Бұл жерде ешқандай да жоғары күштердің әсері жоқ. Барлық тіршілік иелері, оның ішінде өсімдіктердің де жандары бар. Жандар шыққан қайнар көз бар тіршілікті тудырған-жылылық. Жандар әр түрлі болады. Космостық жаны жоғары деңгейде емес одан гөрі жануарлардың жаны жылылықты көбірек қабылдағандықтан әлде қайда жоғарырақ. Ал адамның жаны болса, ол ең жоғары сатыда тұр, себебі, онда жылумен қоса от та бар. Демокриттің іліміне ақылды жан – «сана» ұғымы мен синонимдес ұғым.

ДЕОНТОЛОГИЯ (грек. deon – парыз, logos – ілім) – парыз және борыш, моральдық міндеттемелер мен нормалар мәселесін қарастыратын этикалық теорияның бөлімі. Терминді ғылымға енгізген ағылшын философы, экономисі Бентам Иеремия болды. Ол бұл ұғымды мораль ілімін толығымен талдауға қолданған.

ДЕРБЕСТІК — жеке адамның қайталанбайтын, өзіндік болмысы, өзінің субъектісі түрінде оның мақсаты мен мән-мағынасы болатын іс-қимылы. Сыртқы мақсатқа лайықтылық пен сыртқы қажеттілікке бағындырылған іс-әрекетке (жатсыну жүйесіндегі қызмет, сондай-ақ материалдық өндіріс саласындағы еңбек) қарсы қойылады. Маркс адамның әлеуметтік жағынан азаттық алуын оның қандай да болсын іс-әрекетін шын мәніндегі дербестікке бағыттауымен байланыстырды. Алайда бұл әрекет табиғатқа жауапкершілікпен қарау қажеттілігінен адамды шет қалдырмайды, адам іс-әрекетінің мүдделері оған қайшы келмеуі керек.

ДЕСТРУКЦИЯ – философиялық онтологиялық конструкциялардың негіздемелерін айқындау. Деструкция, бір жағынан алғанда, антикалық дәстүр ашқан, кейін ұмтылыңқыраған мүмкіндіктерді ашады, екінші жағынан – болмысты өз бетімен, шегіне жете түсінуге бағыттайды. Тарихи - философялық контексте деструкция адамның өзінің нақты уақытында өз мәнін табатын өзекті өмір сүру мүмкіндіктерінің бірі ретінде түсініледі.

ДЕТЕРМИНИЗМ ЖӘНЕ ИНДЕТЕРМИНИЗМ (лат. determinare – анықтау) – себептіліктің рөлі мен орны туралы мәселесі жөніндегі қарама-қарсы философиялық концепция. Детерминизм қағидасына сәйкес себепсіз құбылыстар болмайды, барлық құбылыстардың себептілігі бар. Детерминизм – барлық құбылыстардың себептілігі мен жалпы заңды байланыстары туралы ілім. Индетерминизмге себептілік принципінің мәнін жоққа шығару тән. Себеп дегеніміз - өз алдына жүре отырып өзге құбылысты туғызады. «Салдар» категориясында өзара әсер процесінен жаңа пайда болған себептің нәтижесі бекітіледі. Кейбір себептен туындаған салдар өзі де өзге құбылыстардың себебіне айналады, сөйтіп себеп-салдар байланыстары пайда болады. Себеп хронологиялық түрде салдардың алдында жүріп отырады. Іс үстіндегі себеп өз әрекетін табиғат заңдарына сәйкес жүзеге асырады. Себептің мұндай заңды әрекетін табиғат детерминизмі деп атауға болады.

ДЕФИНИЦИЯ (лат. definitio – анықтау) – заттың маңызды ерекшеліктерін немесе ұғымның мағынасын, мазмұнын және шекараларын айқындайтын қысқаша логикалық анықтама.

ДЖАЙНИЗМ – б.з.б. 6 ғ. пайда болған көне үнді философиясындағы ортодоксальдық емес мектептер жүйесінің бірі. Джайнистік ілімнің негізін аттары аңызға айналған 24 тақуа-тиртханкарлар дамытқан. Олардың соңғысы – б.з.б. 6-5 ғғ. Өмір сүрген, Джина (Жын) немесе Жеңімпаз деген атқа ие болған ойшыл Махавира Вардхамана болды. Джайнизм дуализмді насихаттайды. Адамның жеке тұлғасының мәні екі қырлы – материалдық (аджива) және рухани (джива). Джайндардың көзқарастарында олардың өмір сүрген кезеңдеріне байланысты ерекшеліктер болғанымен, мынадай төрт тиым салуды лоар бұлжытпай сақтады: ахимса – тірі мақұлықтардың ешқайсысының өміріне зиян келтірмеу; астейя – ұрлық жасамау; сатья – шыншылдық; апариграха – үйірсектікке тиым салу. Махавира бұл тиымдарға бесіншісін - брахмачарья – некеден бас тартуды қосты. Жайн монахтары ұстанулары тиіс осы тиым салулар екі мың жарым жыл бойын қатаң сақталып отырғанын ескере кеткен жөн. Жайндардың онтологиясы туралы айтсақ, олар заттарды санадан тыс және одан тәуелсіз өмір сүреді деп түсінді және алты субстанцияны бөліп көрсетті: 1) джива – тірі, жан, рухани субстанция; дживалардың саны шексіз көп; 2) зат; 3) кеңістік; 4) қозғалыс (дхарма); 5) тыныштық (адхарма); 6) уақыт. Жайндардың пікірінше, субстанциялар мәңгі және өзгермейді, өзгеретін олардың көріністері ғана, заттан басқа субстанциялар бөлінбейді және формалары жоқ, яғни, олар сезім мүшелері арқылы қабылданбайды, сезілмейді және денесіз. «Тірі» болып есептелетін дживадан басқа субстанциялар «тірі емеске» жатады.

ДЗЕН-БУДДИЗМ – буддизм бағытының бір тармағы. 6 ғ. Қытайда пайда болды, Жапонияда кеңінен дамыған. Дзен-буддизм Будданың бірлік идеясы мен даоның табиғи жолы ілімінің негізінде құрылды. Басқа мектептерден ерекшелігі дзен-буддизм тез арада нұрланып, ақиқатқа – «сатори» жетуге үгіттейді. Дзэн-буддизм – буддизмнің иррационализмі мен интуитивизмі, оның экзотикалық ғұрпы әсіресе соңғы он жылдықтарда Батыс Европада және Америка философтарының назарын аударуда.

ДИАЛЕКТИКА – табиғаттың, қоғамның, адамның және ойлаудың жалпы даму заңдары туралы ғылым. Диалектика даму жөніндегі, жалпыға бірдей байланыс жөніндегі ілім ретінде ерте кезде пайда болған. Ертедегі барлық грек философтары туа біткен диалектиктер еді, ал солардың ішінде Аристотель жан-жақты білімдар, кемеңгер ойшыл болды, ол диалектиканың ерекше белгілерін зерттеді. Алайда, ертедегі диалектика стихиялы, тұрпайы еді. Диалектиканың екінші тарихи формасы Гегель диалектикасы болды. Маркс пен Энгельс Гегельді өздерінің ізашары деп санады. Ленин өзінің философиялық өсиетінде, «Жауынгер материализмнің маңызы жөнінде» атты мақаласында, Гегель диалектикасын оқып-үйренуді ұсынды. Гегель диалектиканың негізгі заңдарын тұжырымдап, оның категорияларының негізгі жүйесін жасады, бірақ мұның бәрі идеалистік негізде жасалды. Гегель бұл заңдар мен категорияларды объективті дүниенің емес, керісінше, абсолютті идеяның өзіндік дамуының заңдары мен категориялары ретінде қарастырды. Сондықтан да маркстік диалектикалық әдіс тек метафизикаға ғана емес, сонымен бірге Гегель диалектикасына да түбірімен қарсы болды. Диалектиканың Маркске дейінгі үшінші тарихи формасы 19 ғ. орыс революцияшыл демократтары А.И.Герценнің, В.Г.Белинскийдің, Н.А.Добролюбовтың, Н.Г.Чернышевскийдің және олардың ізбасарларының философиясымен байланысты. Диалектиканың өзі «революцияның алгебрасы» ретінде қабылданып, танымның және дүниені қайта өзгертудің құралы ретінде пайдаланылды. К.Маркс негізін салған материалистік диалектика теориялық құрылымында өз принциптерімен, заңдарымен, категориялар жүйесімен етене үйлесімді. Диалектика элементтері тек болмыстың (табиғат пен қоғамның) ғана даму заңдары емес, сонымен қатар танымның да даму заңы ретінде көрінеді. Осыған орай философия тарихында объективті және субъективті диалектика ұғымдары қалыптасты. Материалдық дүниенің даму процесі, яғни объективті шындықтағы құбылыстар мен процестердің өзара заңды байланыстары объективті диалектикаға жатады. Ал таным процесі субъективті диалектика болып табылады, ол объективті диалектиканың санадағы бейнесі, ойлау барысындағы түсініктердің, пікірлердің, т.б. заңды байланысы. Яғни, материалистік диалектика тек табиғат пен қоғамның болмысы туралы онтологиялық ілім ғана емес, сонымен қатар таным туралы гносеологиялық ілім, дүние дамуын ойда бейнелейтін заңдар мен формалар туралы ғылым ретіндегі логика.

ДИАЛЕКТИКАЛЫҚ ЛОГИКА – диалектикалық материализмнің логикалық ілімі, объективті дүние дамуының ойда бейнелеу заңдары мен формалары туралы, ақиқатты тану заңдылықтары туралы ғылым. Диалектикалық логика ғылым түрінде жаңа философияның бөлімі ретінде пайда болды. Алайда оның элементтері ертедегі, әсіресе ежелгі философияда, Гераклит, Платон, Аристотель және т.б. ілімдерінде орын алды. Тарихи жағдайларға байланысты ұзақ уақыт бойы ойлау заңдары мен формалары туралы бірден-бір ілім ретінде формальдық логика үстемдік етті. Шамамен 17-ғасырдан бастап өркендеп келе жатқан жаратылыстану мен философиялық ойдың қажеттілігінен формальдық логиканың өрісінің тарлығынан ойлау мен танымның жалпы принциптері мен әдістері туралы жаңа ілімнің қажеттігі біліне бастады (Ф.Бэкон, Декарт, Лейбниц және т.б.). Бұл ахуал Жаңа тарихи кезеңіндегі неміс классикалық философиясында неғұрлым айқын көрінеді. Мысалы, Кант жалпы және трансценденталдық логиканың ара жігін ажыратты, оның ойынша, бұлардың соңғысы, біріншісінен, яғни формальдыдан білімнің дамуын зерттеумен ерекшеленеді және мазмұннан бойын аулақ салмайды. Диалектикалық логиканы дамытуда, оның алғашқы жан-жақты жете зерттелген, алайда дүниеге идеалистік көзқарас тұрғысындағы жүйесін берген Гегельдің еңбегі ерекше болды. Логика туралы жаңа ілім адам санасы дамуының бай тәжірибесін қайта қарады және оны таным туралы ғылым етіп бір жүйеге келтірді, өткеннің бар асылын бойына жинады. Диалектикалық логика формальдық логиканы жоққа шығармайды, керісінше, оның ауқымын, ойлаудың заңдары мен формаларын зерттеудегі орны мен ролін анықтауға жағдай жасайды. Егер формальдық логика объективтік дүниедегі тұрақтылықтың, тыныштықтың ойда бейнелену заңдары мен формалары туралы ғылым болса, диалектикалық логиканың ерекшелігі – даму процестерінің, құбылыстардың ішкі қайшылықтарының, олардың сапалық өзгерістерінің, бірінің екіншісіне айналуының, т.с.с. ойлау заңдары мен формаларына бейнеленуін зерттеу. Диалектикалық логика ғылым ретінде диалектикалық материалистік әдістің негізінде ғана мүмкін болады, және сонымен бірге ойда бейнеленудің заңдары мен формалары, қозғалыс шексіздігінің шектіліктегі көріністерін, қозғалыстағы шексіздік пен шектіліктің, ішкі мен сыртқының бірлігіп т.с.с. зерттей отырып, бұл әдісті нақтылай түседі. Оның түпкі мақсаты - диалектика заңдарының заттар мен құбылыстарда т.с.с. әрекет етуін ұғымдарда қалай бейнелеуге болатындығын зерттеу.

ДИАСПОРА (грек.- aspora – бытырау, шашырау) – күштеп көшіру арқылы геноцид қаупі төнген, түрлі саяси-әлеуметтік жағдайға душар болған, басға елдердің ортасына барып паналаған халықтардың шашыранды топтары. Дүние жүзіндегі үш мыңнан астам ұлттар мен ұлыстар, халықтар тұрады. Солардың бәрі дерлік түгелдей өзінің этникалық отанында тұрмайды. Түрлі идеологиялық, экономикалық, саяси-әлеуметтік, экологиялық себептерге байланысты бөлшектелген, шашырап, бытыраған. Диаспорология дегеніміз – халықтардың өзінің этникалық ортасынан тыс жерге күштеп немесе геноцид қаупінен қоныс аударған, шашыранды топтарын құрайтын диаспоралардың саяси-әлеуметтік ортасына байланысты тарихындағы, мәдениетіндегі, философиясындағы, жалпы рухани дүниесіндегі, тіліндегі, кәсібі мен салт-санасындағы өзгерістері мен ұлттық қасиеттерін сақтау мәселелерін зерттейтін қоғамдық ғылым саласы. Диаспоралогия - өзіне тән болмыс бар, ғылыми зерттеу методологиясы мен методикасы, объекті мен субъектілері бар күрделі де, қиын мәселе. Ол теориялық ізденіске толы, ғылыми сараптардан өтетін жаңа қоғамдық ғылым саласы. Диаспорология – қоғамда жеке адам баласының өмірінде жиі кездесетін әділетсіздік, геноцид қаупінен, ұлттық және ұлтаралық қақтығыстардан, экономикалық және ұлтаралық экологиялық апаттардан туындайтын саяси-әлеуметтік мәселелермен тығыз байланысты. Қазақ диаспорасы – қазақ халқының бөлшектенуін, шашырауын білдіретін ғылыми ұғым.

ДИДРО Дени (1713-1784 жж) – ұлы француз ағартушыларының бірі. Негізгі еңбектері: «Табиғатты түсінудегі ойлар жөнінде», «Д' Аламбердің Дидромен сұхбаты», «Материя мен қозғалыстың философиялық принциптері» т.с.с. Егер француз ағартушыларының көпшілігі деистік қөзқараста болса, Дидро өзінің философиялық көзқарастарында таза материалистік бағытқа көшеді. Дүниедегі субстанция біреу ғана - ол материя, ал оның себебі өзінің ішінде, сондықтан оны түсініп, тану үшін ешқандай Құдай идеясы керек емес. Материяны ешкім жаратқан жоқ, ол өзінің даму заңдылықтарының негізінде мәңгілік өмір сүріп жатыр. Дидро материяның өмір сүр тәсілін қозғалыстан көреді, сондықтан оларды бір-бірінен ажырата алмаймыз. Бүкіл табиғат мәңгі қозғалыста, бір нәрселер жойылып, екіншілері оның орнына келип жатыр. Дидроның ең тамаша ойы: ол материяның өзіндік ішкі күштерін мойындап және оның қайнар көзін ішкі қайшылықтардан іздейді. Адам мәселесіне келер болсақ, Дидро оны басқа тіршіліктер сияқты өзінің қалыптасу, жетілу тарихынан өтті деген пікірге келеді. Адамның санасы ол Құдайдың оған берген сыйы емес, ол - материяның даму жолында пайда болған құбылыс. Ол тіршіліктің күрделену жолында пайда болады. «Қоғамдық шарт» теориясына сүйене отырып, Дидро корольдің билігінің Құдай берген билігі жөніндегі сол кездегі кең тараған пікірге қарсы шығып, оны әшкерлейді. Ол конституциямен шектелген монархияны жақтап, ағарған биліктің қажет екенін көрсету жолында талай ойларды қозғайды. Адамның өзімшілдігін мойындағанмен, Дидро оны ақыл- оймен тежеп, басқалардың да мүдделерін түсініп, адам өзін-өзі тежей, шеңберлей алатын дәрежеге көтерілуі керек деген гуманистік ойларды келтіреді.

ДИЗЪЮНКЦИЯ – « лат. disjunctio – бытырату, жекелеу) кең мағынасында - күрделі айтылған сөз, екі немесе одан да көп сөйлемдерден құралып «немесе» жалғауы арқылы байланысады, ол альтернативаны немесе таңдауды білдіреді.

ДИОГЕН Синопский(Киник) (б.з.б. 404-323 жылдар шамасында) – көне грек философы, Антисфеннің шәкірті. Диоген Синопскийдің философиялық көзқарасы моральдық-этикалық қатынастар төңірегінде өрбіп, кинизм рухында түсіндіруге тырсты. Диогеннің бір-біріне қайшы келетін шығармалары мен доксографиялары өз заманында түрлі сынға (Арситотель, Дио­ген Лаэртий, Ф.Сейер) ілігіп, замандастары тарапынан түсінбестік тудырған. Сондықтан қазіргі күнде ізбасарларының арқасында бізге жеткен оның көзқарастарына жүйелі түрде қайта қарауға қиындықтар туғызады. Оның мақсаты белгілі бір болмыс жөнінде ілім жасау емес, керісінше, жаңа өмір салтын жасап, оны сынау болды. Сондықтан оның артынан көптеген түрлі астарлап сөйлеген нақыл сөздері қалған. Соның ішінде, ең негізгісі: «Күндіз жүріп, қолына шам ұстап, адал, шыншыл адамды іздеуі». Диоген туралы жалғыз дерек көзі Диоген Лаэртийдің «Өмір туралы жазбалар мен пікірлер» шығармасы болып табылады. Осы шығармада оның аскеттік өмір салтын ұстанып, молшылықты жаратпай, қаңғыбастық өмір кешкенін, жуынатын бөшкеде тұрғанын, дөрекі сөйлеп, қоғамдағы жалпыға бірдей нормалардан бас тартып, беделді адамдардың, яғни саясаткерлер мен философтардың пікірлеріне кәміл сене бермей, салыстырмалы түрде қарау керек екендігін, қоғам өмірі мен діни нормаларға, неке инстиутына қайта қарау қажеттігін басып айтқандығы туралы мәліметтер берілген. Сондықтан, оған «Ит» және «жынданған Сократ» деген жалған аттар таңылған. Өзінің ерекше табиғатына байланысты, Диоген Синопский көрнекті антикалық тұлға, оның киниктік парадигмалары кейінгі философиялық тұжырымдамаларға зор ықпал етті.


Дата добавления: 2015-11-04; просмотров: 78 | Нарушение авторских прав







mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.01 сек.)







<== предыдущая лекция | следующая лекция ==>