Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

Философиялық ұғымдар мен терминдерді оқып-білу, жоғарғы оқу орындарында философия ғылымын оқытудың тиімді формасы, оқу және 16 страница



НУС (гр. nous - ақыл) – сана мен ойлаудың барлық актілерінің әлемдік жиынтығын білдіретін көне философияның негізгі ұғымдарының бipi. Бұл ұғым алғашқыда Анаксагор философиясында ай­қын көрінді, онда ол формасыз материяны жасаудың және peттiліктің принципі ретінде айтылды. Бұл ұғым Платонда, әcipece Аристотельде идеалистік тұрғыдан түсіндірілді Сонымен қатар ұғым неоплатоншылдарда үлкен мәнге ие болып, олар оған аристотелизм негізінде барлық дүниені ұғындыратын және белгілі бip фopмa бepeтін ерекше бip сезіммен тыс болмыс деп түсініктеме берді. Материалистер де осы ұғымды қолданды. Демокрит нусты шар тәрізді от деп түсінді. Нус Фалесте де космологиялық мәнге ие. Нус көне материалистерде табиғат заңдарының жиынтығы немесе сезімдік материалдық формада елес беретін оның көзі болып табылады. Гносеологияда Демокрит нусты дәлдік принципі ретін­де танымға абыржушылық пен ретсіздік әкелетін толқымалы сезімдік түйсіктерге қарсы қойды. Көне нус – өзінен жеке алғашқылықты тапқан орта ғасырлық ілімге қарағанда өзіндік қасиеттен тыс, тіпті өзіндік касиеті жоқ нәрсе.

НЬЮТОН Исаак (1643-1727) – ағылшын физигі, тартылыс заңын тұжырымдаған және философиялық ойдың дамуына үлкен роль атқарған классикалық механиканың негізін қалаушы. Ньютонның нeгiзгi шығармасы «Натуралды философияның математикалық бастамасы» (1667) - классикалық механика мен классикалық физиканың ipгетасын қалайтын көптеген сандық салдарлар тудыратын қозғалыстың үш заңынан (екпін заңы, күш пен үдеудің сәйкестік заңы, әсер және қарсы әсер теңдігінің заңы) тұрады. «Бастамаларда» материалдық денелерге емес, бос (шексіз) кеңістік пен шексіз уақытқа қатысты шексіз қозғалыс туралы ұғым дәлелденеді. Ньютон осы шығармасында массаға тура пропорционал, ал арақашықтыққа кеpi пропорционал денелердің өзара тартылысынан И.Кеплер тағайындаған планеталар қозғалысы заңдарын қорытып шығарды. Бүкіл әлемдік тартылыс Заңы Күн жүйесі туралы гелиоцентрлік көзқарасты дәлелдеп қана қойған жок, сонымен қатар әлемнің физикалық бейнесінің түрлі процестерін түсіндіруге негіз болған ғылыми бастама жасады.



НЬЯЯ философиясы – таным ілімі, логикалық қорытындыларға негізделген бағыт. Олар дүниені тану, сезіну, оны логикалық қорыту арқылы қалыптасады дейді. Жалпы алғанда ньяя философиясы – тұрпайы материалистік бағытқа жатады. Ол б.з.б. 3 ғ. пайда болды.

-О-

ОБЪЕКТИВТІК АҚИҚАТ – жеке адамның epкi мен тілегіне катысы жоқ адам білімінің мәні. Ақиқат адамдардың еркі мен тілегіне байланысты жасалмайды, бейнеленетін объектінің объективтілігін көрсететін мазмұнымен анықталады. Объективтік ақиқат туралы ілім ақиқат – адам еркінің туындысы, адамдар арасындағы келісім нәтижесі деп үйрететін толып жатқан субъективті тұжырымдарға қарсы бағытталған. Адамдардың көпшілігінің мойындауынан түрлі ырым, діни нанымдарды ақиқат ретінде қарастырып, түcінy ғылыми тұрғыдан теpic. Қaзipгi заманғы буржуазиялық философия әдетте ақиқаттың объективтілігін мойындауға қарсы, ал бұл ғылыми ілімдерді субъективтілікке ұштастырып, жалпы ғылымға деген ceнімдi жоққа шығару болып табылады. Мысалы, прагматизм өмірде жақсылыққа ғана жеткізетін қағиданы ғана ақиқат деп есептейді; неопозитивизм математикалық және логикалық ақиқаттарды конвенциялар т.с.с деп жариялайды.

ОБЪЕКТИВТІК ИДЕЯ – идеализмдегі бастапкы ұғым тек объективтік шындык қана емес, сезімдік болмыс болып та анықталады. 1) объективтік идеяның дуалистік теориясы (мегар мектебі, Декарт) бойынша заттардың маңыздылығы сезімдік болмысқа ешқандай қатысы жоқ, себебі, ол идеалдық шындық; 2) объективтік идеяның монистік теориясы заттардың идеяға «ұқсауы», заттарда идеяның «көрініс табуы», сезімдік дүниеге идеалдық дүниенің анықтаушы қатынасы сияқты ұғымдармен сәйкес келеді. Монизмнің бірнеше формаларын мысалға келтірейік: 1) Платон идеалдық дүниенің шындыққа дербес ықпалын айтады; 2) Гегельдің монизмінде объективтік заттар оның дамуындағы логикалық категория түрінде көрінеді; 3) эманациондық теория (стоиктер, неоплатонизм), объективтік-идеалдық бастапқы принциптің көмегімен пайда болатын және қалыптасатын бастапқы заттың сезімдік заттармен құйылысын мойындайды. Диалектикалық материализм идеалдық принциптің бастапқылығын теріске шығарады. Идея материянын бейнесі, яғни ол объективтік мазмұнға ие. Сондықтан идеяның шынайы өмір сүруін мойындамау мүмкін емес, ол қоғамдық сананың түрлі формаларында көрініс табады, оның мазмұнының объективті мәні болып табылады, сонымен қатар индвидтің санасына да қатынасы зор. Объективтік идея материалдық шындықтың субъективтік бейнесі болғанымен, материалдық негіздің қайта құрылуы мен дамуына өз ықпалын тигізеді.

ОБЪЕКТИВТІК ИДЕАЛИЗМ – идеализмнің нeгізгі түрлерінің бipi. Рухтың алғашқылығын және материяның одан кейінгілігін, туындылығын мойындай отырып, объективтік идализм субъективті идеализм сияқты дүниедегі бар нәрселердің нeгізі жеке, адамдық сана деп емес, объективті, о дүниелік сапа – «абсолютті рух», «дүниежүзіліқ парасат» және т.с.с. деп біледі. Сонымен қатар объективтік идализм барлық заттардың объективті өмір сүретін мәні. Олар дүниені жаратушы күш бар, ол бізден тыс өмір сүреді. Ол күшке идеяны жатқызып, оны жаратушы күш «құдірет» - деп түсінген. Бұлардың пікірі діни көзқарасқа өте жақын келеді. Әлемді билеуші – идея, не объективтік идея, әлемдік сана дейді объективтік идеалистер, ал діншілдер ол күшті құдірет, жаратушы құдай деп атайды. Оның өкілдері: веданта ілімін ұстанушылар, конфуцийшілдік ілімі, Платон, Ф.Аквинский, Августин, Гегель, Ф.Шеллинг, қазіргі заманнан – неотомистер және персонализм өкілдері.

ОЙЛАУ – объективтік дүниедегі ұғым, пікір, теория және т.б. формасында бейнелеудің белсенді процесі; бұл процесс белгілі бip мәселелерді шешумен, шындықты жанама бейнелендіру тәсілдерімен және оларды жалпылаумен байланысты жүзеге асады; айрықша түрде ұйымдасқан материя – мидың жоғарғы жeмici. Ойлау адамдардың өндipicтік қызметінің процесінде туады және шындықты жанама жолмен бейнелендіруді қамтамасыз етеді. Ойлау туу ерекшеліктері жағынан да, icкe асу тәсілі жағынан да, нәтижелері бойынша да қоғамдық сипатта болады. Мұның ceбeбi ойлау адамзат қоғамына ғана тән еңбек және тіл қызметтеpiнe байланысты өмip сүреді. Сондықтан адам ойы сөйлеумен аса тығыз байланысты жүзеге асып, оның нәтижелері тілде бейнеленеді. Ойлауға абстракция, жалпылау, анализ жәнe синтез сияқты процестер, белгілі бip мәселелер қойып, олардың шешілу жолдарын табу, болжамдар, идеялар және т.с.с. ұсыну тән. Ойлау процесінің нәтижесінде әрдайым белгілі бip ой пайда болады. Ойлауды шын­дықты жалпылау түрінде бейнелендіру қабілеті адамның жалпы ұғымдар құру қабілетінен көрінeді. Ғылыми ұғымдар құру тиісті заңдарды тұжырымдаумен байланысты. Ойлауды шындықты жанама жол­мен бейнелендіру қабілеті адамның ой қорытынды, логикалық қорытынды жасауынан, дәлелдеу процесінен көpiнeдi. Бұл қабілет таным процесінің мүмкіндігін барынша кеңейтеді. Ол тікелей қабылдауға болатын фактілерді талдауға сүйене отырып, сезім мүшелерінің көмегімен қабылдауға болмайтын құбылыстарды танып білуге мүмкіндік береді.

ОЙ ТҰЖЫРЫМЫ – алғышарттар делінетін бip немесе бірнеше пікірлерден жаңа пікір туады да (қорытынды немесе нәтиже деп аталады), оның алғы шарттардан логикалық түрде қорытылып шығуының барысында келіп тірелетін пікіp қорыту. Алғышарттардан қорытындыға ауысу процесі логиканың белгілі бip ережесі бойынша жүзеге асады (қорыту ережесі). Ой тұжырымы алғышарттарымен қорытындыларының өзара шектелуі және оның құрылымының айқындалуы ой тұжырымының логикалық анализін құрайды, ол қорытынының бірегей ережесімен және логикалық бipeгeй заңымен іске асады да ой тұжырымының бipeгeй логикалық формасы болып табылады. Демек ой тұжырымына анализ жасау олардың логикалық формаларын айқындау үшін қажет. Ой тұжырымы дегеніміз ойлау формасы (пікіp, ұғым деңгейлес) қызметін атқарады, оның шеңберіндегі абстрактілі ойлау сатысында сыртқы әлемді танып-білуге жол ашылады. Ой тұжырымының негізінен жалпылама екі түрі белгілі олар: дедувтиктік және индуктивтік (дедукция, индукция).

ОККАМ Уильям (1285—1349 шамасында) – орта ғасырлардағы ағылшын теологы және философ-схоласты, номинализмнің ең ірі өкілі. Оксфорд университетінде сабақ берген, дінсіз деп айыпталып, түрмеден Баварияға қашып барады. Шіркеудің дүниежүзілік үстемдігін орнатуға тырысқан папаға қарсы күрескен феодалдардың идеологы. Дунс Скотпен қатар томизмге қарсы схоластикалық оппозиция жетекшілерініц бірі. Оккамның айтуы бойынша құдайдың бар екендігі, т. б. діни ұғымдар парасат арқылы дәлелденбейді, олар тек қана нанымға негізделген, ол философиялық теологиядан азат болуы тиіс (Екіұдай ақиқат).

ОККУЛЬТИВИЗМ (лат. occultus-құпиялы) – дүниеде ғылыми зерттеулер қол жеткізе алмайтын тылсым тіршіліктің бар екендігін мойындайтын ілім (Магия, спиритизм). Ертеде (мысалы: халдейлер мен индустарда) және ортағасырларда (Р.Бэкон, Луллий, Парацельс және т.б.) қоғамның әлеуметтік-экономикалық және ғылыми дамуының төмендігінен оккультивизмтабиғат пен адам туралы жалған көзқарастарды білдірді. Оккультивизм – материалистік көзқараспен күресетін құралдардың бір түрі. Теософияның шеңберінде бұл идеяны әсіресе, Р.Штейнер кеңінен насихаттады, оның ойынша, «құпиятану» – нақты, тәжірбиелі ғылым. Оккультивизмнің жаратылыстануда азғантай орны болғанымен, шындығында, ғылыми мәні жоқ. Қазіргі уақытта көптеген капиталистік елдерде оккульттік қоғамдастықтар мен оккульттік әдебиеттер тараған.

ОНТОЛОГИЯ – болмыс туралы, бар болып отырған мен оның формалары, іргелі принциптері, болмыстың жалпы анықтамалары мен категориялары туралы ілім.

ОПЕРАЦИОНАЛИЗМ (лат. operatio - әрекет) – логикалық позитивизм мен прагматизмнің синтезі ретінде құрылған қазіргі заманғы буржуазиялық философиядағы бағыт. Негізін қалаған Бриджмен. Операционализмдегі негізгі қағида операционалдық анализ идеясы болып табылады. Түрлері: аспаптық және ой операциялары. Нақты ұғымдардың бірігуінен сөйлем, ал одан теория құралады.

ОПТИМИЗМ ЖӘНЕ ПЕССИМИЗМ. Оптимизм – болашаққа, өмірге сеніммен қарайтын бағыт, өршіл көзқарас. Пессимизм – болашаққа сенімсіздікпен қарап, сарыуайымшылдыққа салынушылық, дүниеден түңілушілік, келесіге сенімі жоқтық.

-Ө-

ӨЗГЕШЕЛІК – заттың өзіне тән айырмашылық белгісі, ерекшелігі.

«ӨЗІНДІК ЗАТ» ЖӘНЕ «БІ3ДІК ЗАТ» – философиялық атаулар: біріншісі - өздігінен, бiздeн және біздің танымыздан тыс бар заттар немесе танушы субъектіден тәуелсіз, өзі үшін өмір сүретін зат немесе танып білуге болмайтын заттың ішкі қасиеті; eкіншіci - танымдық процесс кезінде адаммен танылатын заттар. Бұл атаулар «өзіндік заттарды» тану мүмкіндігін жоққа шығаруға байланысты 18 ғ-да ерекше мәнге не болды. Кезінде Локк айтқан бұл қағиданың Кант толығымен негіздеп, бiз «өзіндік заттардан» мүлде аулақ құбылыстар төңірегінде ғана сөз ете аламыз. Канттың «өзіндік заттары» дегені сонымен қатар - табиғаттан тыс тануға болмайтын, тәжірибе жасауға келмейтін мәндер: Құдай, бостандық және т.б. Диалектикалық материализм дүниені тануға болатындығы принципі тұрғысынан шыға отырып, танымды тәжірибенің негізіңде «өзіндік заттарды» біздік заттарға» айналдыру процесі ретінде қарайды (Таным, Теория және практика).

ӨЗІНДІК САНА – адамның өзін объективті дүниеден бөлуі, өзінің дүниеге қатынасын, өзін тұлға ретінде, өзінің іс-әрекеттерін, ойларын, тілектері мен мүдделерін, өзін тұлға деп ұғынуы және бағалуы. Өзіндік сана объективтік дүниенің өзін жасайтын бастама ретінде қарастырылды. Ал шынында өзіндік сананы жасампаз принцип ретінде, негізінен алғанда адамның практикалық қоғамдық-өндірістік қызметінің нәтижесі ретінде ғана ұғынуга болады.

ӨЛШЕМ – сапа мен мөлшердің диалектикалық бірлігі. Өлшем – тиісті өлшеуін аспаптардың көмегімен ғылыми зертеуді эмпирикалық деңгейде іске асыратын, материалдық объектілердің сипаттамаларын (салмағы, ұзындығы, нүктелік шамасы, жылдамдығы т. б.) анықтайтын танымдық рәсім. Өлшем сайып келгенде, үлгі (бірлік) ретінде қабылданған белгілі бip біртекті шаманы өлшенетін шамамен салыстыру болып табылады. Өлшемге бірліктің қайсыбір жүйесі арқылы таңымның маңызды элементін құрайтын дене қасиеттерінің сандық сипаттамасы жасалады. Өлшем біздің біліміміздің дәлдік дәрежесін арттырады. Позитивистер микроқұбылыстарды зерттеу барысында өлшемнің арта түскен рөлін таразылай отырып, оны объектіні субъектінің «дайындауы» деп таниды намесе физикалық ұғымдардың мазмұнын өлшеудің жекелеген операцияларына апарып қосады.

ӨЛІМ – организм тіршілігінің болмай қоймайтын тежелуі, жанды
тіршілік иесінің өмip сүруінің қашып құтылмайтып табиғи ақыры. Диалектикалық материализм тұрғысынан өлім – өмірдің қажетті және елеулі cәтi. Адам үшін өлім табиғи феномен ретінде ғана келмейді, сонымен қатар қоғамдық қатынастардың күрделі контексіне енетін әлеуметтік және адамгершілік кұбылыс ретінде де келеді.

ӨМІР – материя қозғалысының формасы, ол физикалық және химиялық формаларының сапасы жағынан неғұрлым жоғары болады, бірақ оларды «қаз-қалпында» алынған түрде қамтиды. Жеке-дара биологиялық организмдер мен олардың жиынтықтарында (популяцияларда, түрлерде және т.б.) іске асырылады. Әрбір организм өздігінен ұйымдасатын ашық жүйе болып табылады, ол жүйеде зат алмасу, өсу, даму және көбею процестерінің болуы тән. Өмірдің шыққан тегі мен мәні туралы биологтар мен философтар ұсынған бірқатар концепциялар белгілі. Органикалық дүние дамуының механизмін түсіндіруге арналған материалистік теориялар арасында ең маңыздылары мыналар: Ж.Б.Ламарктің (Неоламаркизм) жеке өмір процесінде алынатын және бейне-бір тұқым қуалайтын организмдердің жаңа белгілерінің көзі ретінде органдардың жаттығу және жаттықпауы туралы ілімі және Дарвиннің табиғи сұрыпталу теориясы. Қазіргі генетикаға сәйкес, сыртқы ортаның әсері (ғарыш сәулелері, температураның өзгеруі және т.б.) генетикалық кодтың бағыт-бағдарсыз өзгерістерін туғызады (мутациялар). Соңғылары сапасы жағынан жаңа организмдердің пайда болуына жеткізеді, ол организмдер қажетті түрде табиғи сұрыпталудың әсеріне ұшырайды: сыртқы орта жағдайларына бейімделген организмдер ғана тірі сақталып, жаңа биологиялық түрлерді бастап беретін ұрпақ қалдырады. Генеологиялық негіздің тармақталуы (ең қарапайым организмдерге, өсімдіктер мен жануарларға сай келетін негізгі үш тармағы бар) органикалық дүниенің дамуында алдын ала айқын анықталу жоқ екенін дәлелдейді. Күн жүйесіндегі басқа аспан денелерінен өмір нышандарын іздестіру осы кезге дейін табысқа жеткізген жоқ. Жердегі бар өмір бірегей болып табыла ма деген мәселенің шешілуі тәжірибе жасап зерттеуді талап етеді және оның оймен болжау жолымен алынуы мүмкін емес.

ӨМІРДІҢ МӘНІ – этикалық мазмұндағы маңызды мәселе. Адам өмірінің мәні философиялық антропологияның негізгі мәселесі ретінде антика дүниесінен бастап қазіргі заманға дейін өмір сүріп отырған барлық философиялық ағымдарда кеңінен талқыланып келеді. Өмірдің мәні шешімі қиын, «мәңгілік» философиялық мәселелердің бірі. Ол адамзаттың да, жеке адамның да өмір бойғы серігі, оны шешудің маңыздылығы қоғам мен адам тағдырының қиын кезеңдерінде өткірлене түседі. Өмірдің мәні мәселесінің қиындығы жалпы адам табиғатының күрделілігімен тығыз байланысты. Өмірдің мәнін түсіну әрбір адам баласы үшін өз өмірі жолындағы мақсаты мен міндеттерін, қажеттіліктері мен қызығушылықтарын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Өмірдің мәні сонымен қатар – реттеуші қызмет атқарады. Ол адамның рухани-адамгершіліктік талаптарға сай өмір сүруін қадағалайды. Өмірдің мәні мәселесі адамның өзінен тәуелсіз пайда болып, шешуін талап етеді. Мысалы, «Адам дүниеге не үшін келеді?», «Адам өмірінің мәні бар ма? Бар болса, неде? Жоқ болса, неге?» Осы тектес экзистенциалдық сауалдар талай ғасырлар бойы адам қоғамының қарапайым адамынан бастап, ғұлама ойшылдарына дейін мазалап келе жатыр, олардың «мәңгілік» сұрақтар аталуы да сондықтан. Өмірді мағыналы етуге адам өзі ғана қабілетті және әрбір адам өмірдің мәнін өзінше түсінеді. Өмір мәнінің концепциясының формалары: гедонизм – өмірдің мәні – рахатта; эвдемонизм – өмірдің мәні – бақытта; аскетизм – өмірдің мәні – күнәңді өтеу үшін өзіңді шектеу, дүниеден ажырау; альтруизм – өмірдің мәні – өзгелерге көмек көрсету, жақсылық жасау идеясы; утилитаризм – өмірдің мәні – неден болсын пайда таба білу; прагматизм – өмірдің мәні – мақсатыңа жету үшін кез-келген жол мен әдісті қолдану.

ӨМІР ФИЛОСОФИЯСЫ – Батыс философиясының белгілі, өкілдері өте көп бағыттарының бірі. Өмір философиясы өмірді дүниенің бір бөлігі ретінде ғана қарастырумен шектелмей, оны дүниежүзілік тұтастықтың қақ ортасына қояды, өмір ұғымына сүйене отырып, дүние мен өмірді толық түсінуге талпыныс жасайды. Өмір философиясының өкілдері философияның міндетін тек осылай түсіндіреді, себебі философия адам мәселесін зерттейтін ғылым болса, адам үшін өмірден маңызды ештеңе жоқ деп есептейді. Өмір философиясының негізін салушы – дат философы С.Кьеркегор (1813-1855). Дүниенің бастау ретінде сананы емес, уайым-қайғыға толы экзистенциалдық ішкі сезімдерді қарастыруды ұсынды. Оның ойынша, адамның шын болмысын пайымдау арқылы емес, адамның бойындағы «үрей», «қорқыныш» сезімдеріне үңілу арқылы ашуға болады, ақиқат дегеніміз – субъективтілік. Сонымен, Кьеркегордың жетістігі – философиялық тұлғаға мән беруге ұмтылуында, ақыл-ойды тым әсірелеуді сынап, философияның міндеті – жеке адамның өмірін, сезімдерін зерттеу деп анықтауында. Өмір философиясының танымал өкілдері: А.Шопенгауер, Ф.Ницше. Дильтей, Г.Зиммель, Бергсон, т.б. Өмір философиясының кейбір идеялары экзистенциализм бағытының қалыптасуына ықпал етіп, ондағы негізгі ұғымдар экзистенциализмнің көрнекті өкілдерінің философиясында тереңдетіле түсті.

ӨРКЕНИЕТ түсінігі философиялық ой тұрмысына 18 ғ. енді. Дегенмен, бұл терминді адамзат көптен пайдаланады (лат. cifilis – азаматтық), өркениетке ортақ тұрғыдағы философиялық көзқарас әлі қалыптасқан жоқ. Көп жағдайларда «өркениет» термині мәдениеттің синонимі ретінде пайдаланылады. Кең мағынасында өркениет деп қоғамның тарихи дамуында қол жеткен материалдық және рухани жетістіктер жиынтығын атайды, тар мағынада тек материалдық мәдениет түсіндіріледі. Рулық-тайпалық қатынастардың ыдырап, таптық қоғамға өтуі өркениетке бастаған қоғам дамуындағы төңкеріс болды. Өркениеттің негізгі сипаттары – еңбектің қоғамдық бөлінуі, қаланың ауылдан, ой еңбегінен бөлінуі, тауар-ақша қатынастарының және тауар өндірісінің енуі, мемлекеттің пайда болуы, т.б. Сатылы амалдар шеңберінде өркениетті индустриалдыққа дейінгі (аграрлы), индустриалдық (өнеркәсіптік) және постиндустриалдық (ақпараттық) деп бөлетін техногендік амал бар (У.Ростоу, Д.Белл, т.б.).

-П-

ПАЙЫМДАУ – ойлау процесінің формасы, белгілі бір сатысы. Анық пайымдау, өз ойын дұрыс құру, фактілері дәл жеткізіп шындықтың мәнін ашуға жетелейтін процесс.

ПАНЛОГИЗМ (гр. pап – бәрі және logos – ілім, сөз. ой) – болмыс пен ойлаудың барабарлығы туралы обьективтік – идеалистік доктрина. Бұл доктрина бойынша табиғат пен қоғамның дамуы дүниежүзілік зерденің, абсолюттік идеяның логикалық қызметінің жүзеге асуы болып табылады. Логика заңдарын қандай да болсын дамудың бірден бір қозғаушы күші деп тани отырып, болмыс пен сана өзара қатынасының өңін теріс айналдырады. Сонымен бірге бұл көзқараста барлық тірлік иесін рационалдық, логикалық тануға болатыны туралы дұрыс ой ұшқыны байқалады. Гегельдің философиясында мейілінше толық дамытылған.

ПАНТЕИЗМ (грекше pan – бәрі және theos – Құдай) - Әлемді, дүниені, табиғатты құдаймен теңестіре түсіндіретін ілім. Ұғымды ғылымға енгізген Толанд (1705 ж.). Бұрынырақта пантеизм ұғымын табиғатқа материалистік көзқараста болумен түсіндірілсе, әсіресе, Б.Спиноза мен Дж.Бруноның философиясында, қазіргі күнде ғылымды дінмен қатар ұстануды көздейді.

ПАРАЛОГИЗМ (paralogismos- теріс пайымдау) – пайымдауды дәлелдеу күшінен айыратын және жалған қорытындыға апарып соқтыратын логиканың заңдары мен ережелерін аңдаусызда бұзу. Логиканың ережелерін саналы түрде бұзудан ажырата білу қажет.

ПАРАДИГМА – үлгі немесе модель. Қазіргі заманғы ғылым философиясының маңызды категорияларының бірі. Т.Кун енгізген ғылыми қоғамдастық қабылдаған, ғылыми дәстүрдің өмір сүруін қамтамасыз ететін сенімдердің, құндылықтардың және техникалық дәстүрлердің жиынтығы. Жалпы мойындалған парадигманың қалыптасуы ғылымның жетілгенінің белгісі болып табылады. Пардигманың ауысуы ғылыми төңкерістің көрінісі – бұрынғы беделдердің, үлгілердің, методологиялардың, теориялардың, дүниетанымдардың дүние-әлем бейнелерінің қирауы.


Дата добавления: 2015-11-04; просмотров: 69 | Нарушение авторских прав







mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.011 сек.)







<== предыдущая лекция | следующая лекция ==>