Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

Философиялық ұғымдар мен терминдерді оқып-білу, жоғарғы оқу орындарында философия ғылымын оқытудың тиімді формасы, оқу және 17 страница



ПАРАДОКС (грек. «para» - қарсы, «doxa» - пікір) – әдеттен тыс, күтпеген, ойда жоқ ғажайып болып көрінетін оғаш пікір. Парадокс термині антикалық философияда ерекше тың жаңа пікірді сипаттау үшін пайдаланылған. Логикалық ой жүйесі дұрыс, бірақ пайымдауда бірін-бірі теріске шығаратын ой қорытындыларын антиномия деп те атайды. Парадокстың бұл түрі логиканың негізі түпкі заңдылықтары толық айқындалмаған теорияларда кездеседі. Мұндай парадокстардың бірқатарын антикалық ойшылдар айтқан. Элейлік Зенонның «Ахиллес және тасбақа» деген парадоксы бойынша ұшқыр Ахиллдің тасбақаға жетуі мүмкін емес, себебі олар бір мезетте қозғала бастаса, тасбақаның қозғалған жеріне Ахилл жеткенше тасбақа сол қашықтықтың 1/10-дей жерге жылжиды. Ал 1/10-ді Ахилл өткенше тасбақа 1/100-дей жерге одан әрі жылжиды. Сөйтіп Ахилл тасбақаны шексіз қудалай береді. Милеттік Эвбулидтің «Өтірікші» деген парадоксы бойынша: «егер өтірікші өзінің өтірігін мойындаса, онда шындықты айтқаны. Демек, өтірікші өтірікші емес» деген қорытынды шығады. Парадокстердің кездесуінің екі жағы бар, біріншіден, парадокстер теория негізінің дұрыстығына күмән келтірсе, екіншіден антиномиялардың шешімін іздеу теорияны толық жетілдіруге және логика мен математиканың негізін зерттеуде құн жаңалықтар ашуға бағыттаса, парадокс адамдардың қарым-қатынастарында, ойлау өмірінде үлкен орын алғанымен, әдетте екіұшты ой деп қабылданады.

ПАРАПСИХОЛОГИЯ (гр. para – жаңында, маңында) – психика құбылыстарына жататын, бірақ ғылыми тұрғыдан нақтылы дәлелденбеген және негізделбеген жорамалдар мен болжамдардың жалпылама атауы. Парапсихологиялық құбылыстарға негізінен экстрасенсорлық қабылдау яғни ғылымда белгілі адамның сезім мүшелерінің қатысынсыз ақпараттарды қабылдауы (телепатия – бір адамның ойындағысын екіншісінің қабылдауы; көріпкелділік – адамның қабылдау қабілетіне алдырмайтын дүниені тану; абстрактілі ойлау мен қиял қызметіне негізделмейтін болашақты көре білу) жатады.



ПАРАЦЕЛЬС Филипп Ауреол Теофраст Бомбаст фон Гогенгейм (1493-1541) – Қайта өрлеу дәуірінің дәрігері және табиғат зерттеушісі, шыққан жері Швейцария. Парацельс бойынша, құдай жаратқан алғашқы материяға негізделген дүние өзін-өзі дамытатын тұтастық болып табылады. Табиғаттың (макрокосмның) бір бөлігі ретіндегі адам (микрокосм) принципінде оны тануға қабілетті. Парацельс қандай да болсын ғылыми танымның негізі ретінде тәжірибелік білім туралы идеяны алғашқылардың бірі болып жариялады. Ақыл-парасат күшіне сене отырып, Парацельс дәрігерлер мен ғалымдарды «қасиетті кітапты емес» табиғаттың өзін зерттеуге шақырды, орта ғасырлардағы беделді адамдарды, схоластиканы, дінді сынады. Сол кезде үстемдік құрған ғылымға жат тұжырымдамалармен байланысты болған Парацельс дүниені түсіндіруді антропоцентризм мен панпсихизм айқындамаларында қалып, дүниедегінің бәрі құпия «архейге» (рухқа) толы деп ойлады. Медицинаны және химияны ғылымға айналдыруға тырысып, ол сонымен бірге алхимия мен сиқырлық күшке де сенді.

ПАРМЕНИД – көне грек философы (б.з.б. 540-470), Элей қаласында дүниеге келіп, осы қалада ол өзінің кейін өте ықпалды болған мектебін ашады. Аңыз бойынша, оның философиямен айналысуына Аминий деген пифагоршыл себепші болады. Парменидтың саясатқа да араласып, өз қаласының қоғамдық тірлігін реттеу үшін заң шығарғаны да мәлім. Оның басты еңбегі «Табиғат туралы» поэмасы. «Болмыс» ұғымын алғаш рет философияға енгізген ежелгі грек философы. Парменид дүниені қозғалмайтын, тұтас, толтырылған шар түрінде елестетті. Оның «ақиқат ілімі» Гераклит пен оның ізбасарларының диалектикасына қарсы болды. Оның бұл пікірінен антидиалектикалық, яғни метафизикалық бастаманы байқауға болады. Парменид екі бастаманы көрсетеді – белсенді – от, жарық және инертті – қараңғылық. Сезімге сенбеу, пайымдық білімді жоғары бағалау Парменид іліміндегі рационализмнің басым екендіген аңғартады. «Болмыс – бар нәрсе, олай болса ол туралы ойлауға, оймен бейнелеуге, зерттеуге, сипаттауға болады»- деп айтқан.

ПАРСОНС Толкотт (1902–1972) американдық әлеуметтанушы, теоретик, құрылымдық – функционалдық бағыттың басты өкілдерінің бірі. Американ социология ассоцациясының президенті (1949). 1327 жылдан Рарвард университетінде қызмет етті. 1944-1946 жылдары әлеуметтік қатынастар бөлімін басқарды. Парсонс өз концепциясында осы заманғы кибернетикалық, жүйелік және семиотикалық-символдық түсініктерді пайдаланып. М. Вебер, Э. Дюркгейм, Л. Маршалл, В.Паерто еңбектеріне сүйеді. Парсонс адамның іс-әрекетін жалпы аналитикалық дедуктивті-логикалық теория жасау арқылы анықтау қажет дейді. Парсонс бір-біріне ықпал ететін мәдениеттік-әлеуметтік жеке адамдық және организмді жүйелер тармақтарын біріктіріп адамның жалпы іс-әрекеті жүйесінің формальданған абстрактілі моделін жасауға тырысты.

ПАРТИЯ – халықтың белгілі бір бөлігінің мүддесін білдіріп, мемелекттік билікке қол жеткізуді немесе оны жүзеге асыруға қаьтысуды мақсат ететін, ортақ мүдде негізінде біріккен адамдардың ерікті одағы.

ПАСКАЛЬ Блез (1623 – 1662) – француз фиолософы, жазушы, математигі және физигі, ықтималдық теориясының негізін салушылардың бірі. Паскальдың философиялық көзқарасы қайшылықты, ол рационализм мен скептицизмді қоса ұстанып, сенімді ақылдан жоғары қойды. Паскальдың логикалық көзқарасынан Декарттың әдістер туралы ілімінің жалғасын көруге болады және оның бұл көзқарасы Пор-Роялдың логикалық дамуына зор ықпалын тигізді. Паскаль католиктік дүниетанымның тірегі – иезуиттерді қатты сынға алды. Оның бұл әрекеті француз қоғамының алдыңғы тобының қолдауына ие болды. Паскаль дүниедегі адамның орны мен оның шексіздікке қатынасын діни экзистенциалистік сипатта қарастырды. Жалпы, Паскальдің философиалық көзқарасы қарама-қайшылыққа толы болып рационализм мен скептицизмнің арасында ауытқып отырды. Негізгі философиялық еңбегі: «Ойлар» (1669 ж.).

ПАТРИСТИКА (лат. pater - әке) – 2-8 ғғ. пайда болған христиандық діни дүниетаным, діни сенімдердің антикалық философияның мазмұнынан мүлдем алшақ екендігін көрсететін, христиан діні догматтарының пұтқа қарсы бағытталғандығын тұжырымдайтын «шіркеу әкелерінің» апологетикасы. 3 ғ. бастап патристика эллиндік (неоплатонизм) философияны христиан дінін негіздеуге пайдалана бастады. Яғни, оқытушылардың (патристикадағы) алдына қасиетті жазудың мазмұнын құрайтын жүйелі түрдегі догманы жасап шығу міндеті қойылған болатын. Өкілдері: Тертуллиан (150-222 жж. шамасында), Климент Александрийский (150-215 жж. шамасында), Ориген (185-254 жж.), Августин (354-430).

ПАТРИОТИЗИМ – (грек.patris – атамекен, отан) – адамгершіліктік және саяси принцип, отаныңа деген махаббат, оған деген адалдығың, еліңнің өткені мен бүгінгі өміріне мақтанышпен қарау, отаныңның мүддесін қорғау сияқты мазмұнға толы әлеуметтік сезім.

ПЕРИПАТЕТИКТЕР (грек. peripatetikos – серуендеу) – Аристотельдің Ликей мектебінің оқушылары. Б.з.б. 335 ж. Афинада негізі қаланған білім ордасында Аристотель өз шәкірттеріне серуендеп жүріп дәріс берген. Перипатетикалық мектеп мың жылдай (б.з. 529 ж.) уақыт өмір сүріп, антикалық ғылыми орталықтардың бірі болды. Аристотель қайтыс болғаннан соң оның көрнекті жетекшілері (схоларх) болып қызмет атқарған: Эфестік Теофраст (б.з.д. 372-287 жж.), әсіресе ботаникалық зерттеулерімен белгілі, Аристотельдің материалистік ұстанымын жалғастырушы Лампсактық Стратон (б.з.б. 305-270 жж.), Аристотель шығармаларын таратушы Андроник Радосский (б.з.б. 1 ғ.), Аристотель философиясын материалистік сарында талдаған Александр Афродизийскийй (б.з.б. 2 ғ.с.-б.з.б. 3 ғ.б.).

ПЕРСОНАЛИЗМ – (лат. регsona — тұлға) — Лейбниц монадоло-гиясынан басталып, 19 ғ-дың аяғы мен 20 ғ-дың басында философияда таралған идеалистік ағым. Персонализмнің ерекше белгісі — «тұлғаны» бастапқы реалдылық және ең жоғары рухани құндылық деп тануы, және де «тұлға» болмыстың рухани басты элементі ретінде ұғынылады. Дүниенің ғылыми-материалистік тұрғыдағы түсінігіне персонализм табиғат – рухтар «тұлғалардың» жиынтығы деп есептейтін концепцияны (плюрализм) қарсы қояды. «Жоғарғы тұлға»— құдіретті құдай (теизм). АҚШ-та персонализм негізін қалаушы Б. Боун (1847-1910) болды. Персонализмге АҚШ-та, сондай-ақ, М. Калкинс (1863-1930) пен А. Кнудсон (1873-1964) қосылды. Американ философиясындағы оның басты өкілдері мыналар: Калифорния мектебінің лидері Р. Флюеллинг (1871-1960) пен Бостон мектебінің лидері Э. Брайтмен (1884-1953). Бұлардың бәрі де персонализмді протестанттық теологиямен байланыстырады. Англияда персонализмнің неғұрлым белгілі өкілі X. Керр (1857-1931), Германияда – психолог В. Штерн (1871-1938) болды. Алайда олардың ілімінде американ персоналистеріне тән теологиямен тікелей байланыс болған жоқ. Негізгі әлеуметтік міндет персонализмге сәйкес, дүниені өзгерту емес, «жеке адамды» өзгерту, яғни оның «рухани жағынан өзін-өзі жетілдіруіне» жәрдемдесу. Француз персоналистері ерекше бағыт ұстанады, олардың негізін қалаушылар – Э. Мунье (1905-50) және К. Лакруа (1900 ж. т.). «Еsprit» журналының төңірегіне (1932 ж. негізі қаланған) біріккен интеллигенцияның бұл тобы француз қарсыласу қозғалысына қатысқан, ал қазір бейбітшілік пен буржуазиялық демократияы қорғау жолында күрескер солшыл католиктік топтардың өкілдері болып табылады.

ПЕРЦЕПЦИЯ (лат. регсерtіо - қабылдау) – сезімдік қабылдау, заттардың санада сезім органдары арқылы бейнеленуі. Лейбниц философиясында перцепция рухтың төменгі (санасыз) формасы ретінде апперцепциядан өзгешеленеді. Перцепция Юм философиясында «әсер алу» (сезіну) және «идеялар» есте ұстаудың сезімдік бейнелері деген атаулардан бөлек, сондай-ақ бірге қарастырады.

ПИРС Чарльз Сандерс (1839-1914) – американ философы әрі логигі, прагматизмнің негізін қалаушы, Кембриджде, Балтиморда, Бостонда профессор болған. «Біздің идеяларымызды қайткенде түсініктіетуге болады» деген мақаласында (1878) «Пирс принципі» дегенді енгізді. Идеяның маңызы оның практикалық нәтижелерінде болып табылады. Осы нәтижелерді түйсікке апарьп теңестірген Пирс берклилік позицияға барып тіреледі. Танымды «сенімді тұрақтандыру» ретінде тұжырымдаған Пирс прагматизмнің үш әдісін жасады: «табандылық әдісі», «бедел әдісі» және дүниенің ақиқат шындығын болжаммен ұғынып-түсінуге негізделген «ғылыми әдіс». Субъективті-идеалистік гносеологиямен қайшылыққа келе отырып, Пирс дамудың объективті-идеалистік теориясын жасады. Ол «кездейсоқтыққа» және дамудың бағыттаушы күші ретіндегі «махаббатқа» негізделген. Мән-маңыз теориясы жөніндегі өзінің еңбектерімен семиотиканың қалыптасуына турткі болып, математикалық логика мен осы заманғы позитивизмге едәуір ықпал етті. Сондай-ақ ықтималдық теориясымен және қатынастар логикасымен шұғылданды.

ПИРСОН Карл (1857-1936) – ағылшын математигі және идеалист-философы, махист. Статистиканың математикалық теориясы және оны биологияда қолдану (биометрия) саласындағы еңбектерімен танымал. «Ғылым грамматикасы» деген (1892) негізгі философиялық еңбегі ғылым методологиясы мәселелеріне арналған. Ғылымның міндеті, Пирсон бойынша, фактілерді түсіндіруде емес, тек топтастыру мен сипаттауда ғана. Басқа да махистер сияқты ол материалдық заттарды тек сезімдік қабылдау топтары, ал табиғат заңдарын, кеңістік пен уақытты - адамның ақыл-ой жемісі деп есептеді. Сонымен бірге Пирсонның субъективтік идеализмі барлық махизмде ашықтығымен және дәйектілігімен көзге түседі.

ПЛАТОН (б.з.б. 427-347 жж.) – белгілі грек философы, идеалисі, Сократтың шәкірті болды. Оның айтуынша, тәрбиені мемлекет ұйымдастыруы қажет, өзінің мақсаты, мазмұны, әдістемесі бойынша үстем таптың мүддесіне толықтай сәйкес келуі керек. Платон философияда идеялар туралы іліммен белгілі. Оның пікірінше, тек қана идеялар нағыз шындық ретінде өмір сүреді. Олар мәңгілік және өзгермейді. Бізді қоршаған заттар тек қана идеялардың әлсіз бейнеленуі, көлеңкесі болып табылады. Өзінің педагогикалық жүйесінде Платон спартандық және афиналық тәрбиенің кейбір белгілерін біріктіруге ұмтылды. Платонның пікірінше, тәрбие дегеніміз үлкендердің балаларға әсер етуі, балаларда адамгершілікті, қайырымдылықты қалыптастыруы. Ол «оқу» ұғымына ғылымдарды оқып-үйрену арқылы білімді меңгеруді жатқызды, ол «шындық үшін ойлауды пайдалануда жанды ояту» деп түсінді. Кішкентай балалардың ішкі негізі Платон айтуынша, эмоциялар болып табылады деді.
Ол тәрбие құралы ретінде ойындарға сонымен қатар әдеби шығармаларды, мифтерді балаларға оқу және айтып беруге ерекше мән берді.
Тәрбиені ұйымдастыруда өзінің көзқарастар жүйесін «Мемлекет» және «Заңдар» сияқты трактаттарында қарастырды. «Мемлекет» атты еңбегінде Платон кішкентай жас кезінен бастап балаларға қоғамдық тәрбие беру идеясын ұсынды және соны ұйымдастырудың белгілі жүйесін қарастырды.
3 жастан 6 жасқа дейін барлық балаларды мемлекеттің тағайындаған тәрбиешілердің басшылығымен алаңдарда ойын ұйымдастыруға ерекше мән берді. Кішкентай балаларды тәрбиелеудің негізгі құралы ретінде ойынның рөлін жоғары бағалады. 7 жастан 12 жасқа дейін балалар мемлекеттік мектепке барады, онда оқуға, жазуға, санауға, саз өнеріне және ән-күйге үйренеді. 12 жастан 16 жасқа дейін дене тәрбиесімен жан-жақты айналысатын мектепке – полестраға қатысады. Онда гимнастикалық жаттығулармен айналысады.
16 жастан бастап ғылым негіздерін арифметиканы, геометрияны, астрономияны, практикалық мақсатта оқып-үйренеді. 18 жастан 20 жасқа дейін эфебияда арнаулы әскери-дене даярлығын алады. 20 жастан бастап, ақыл-ой сабақтарына ешқандай қабілеттілік аңғартпаған жастар әскер қатарына алынады. Ал жастардың аз ғана бөлігі, қабілеттілері 30 жасқа дейін білім берудің жоғары үшінші сатысына өтеді, онда философияны, арифметиканы, геометрияны, астрономияны және саз теориясын философиялық-теориялық негізде оқып-үйренеді. Олар мемлекеттік қызметке даярланады. Ерекше дарындылық аңғартқан кейбіреулері философиялық білімін тағы да 5 жыл жалғастырады (35 жасқа дейін) одан кейін 35 тен 50 жасқа дейін мемлекет басқару ісімен айналысады. Платонның тәрбие жүйесі дене тәрбиесіне деген жеккөрушілікке негізделеді, құлдардың балаларына білім алуға тыйым салынады. Бірақ, Платон мектепке дейінгі тәрбие туралы, тәрбиенің бір ізді мемлекеттік жүйесі туралы, жағымды үлгі-өнеге арқылы тәрбиелеу талаптарын және т.б. ұсынды. Негізгі еңбектері: «Сократты жақтау», «Критон», «Мемлекет», «Федон», «Парменид», «Софист», «Заңдар», т.б.

ПЛЕХАНОВ Георгий Валентинович (1856–1918) – Ресей революционері және марксизм теоретигі. Ол Ресейдегі социал-демократиялық қозғалыстың негізін қалап, алғашқы орыс марксисі болған. Плеханов марксизмге философия саласында және өнер мен діннің қоғамдағы рөлі туралы көп үлес қосқан. 1876 жылы Қазан кафедральды шіркеуінің сыртында патша билігін айыптап, Чернышевскийдің идеяларын қорғап сөз сөйлегеннен кейін Плеханов жасырынуға мәжбүр болды. Саяси қызметін ол Волгин деген бүркеме атпен атқарды. Тарихқа деген монистік көзқарас деген атақты еңбегін Плеханов Бельтов деген бүркеме атпен жазған. Плеханов басында халықшыл әрі халықшылдардың Жер және бостандық деген ұйымының жетекшісі болатын. 1880 жылы Ресейден шет елге кеткен соң ол батыс Еуропадағы социал-демократтық ұйымдармен байланыс орнатып, К. Маркс пен Ф. Энгельстің еңбектерін зерттей бастады. Соның нәтижесінде ол халықшылдықтан бас тартып, марксизмге бет бұрды. 1883 жылы ол Лев Дойчпен және Вера Засуличпен бірге «Еңбекті азат ету тобы» деген орыс революционерлерінің арасында марксизмді насихаттауға арналған топты құрды. Ол топ ыдыраған соң Плеханов Ресей социал-демократтық жұмысшы партиясына (РСДЖП) мүше болып, Ленинмен істес болды. 1903 жылы РСДЖП-ның екінші құрылтайында Плеханов Ленинмен қатынасын үзіп, меньшевиктерді қолдады. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде ол (большевиктердің «пролетарлық интернационализміне» қарсы) «ұлтшыл» бағытты ұстанып, Германияны жеңуге шақырды. Келіспеушіліктеріне қарамастан, Ленин тіпті Плехановтың көзі тірісінде-ақ оның маркстік философия мен әдебиетіне зор үлес қосқанын мойындаумен болды. Плеханов Ақпан революциясынан кейін Ресейге қайта оралып, «Единство» ұйымын құрды. Алайда большевиктер ұйымдастырған Қазан революциясына ол қарсы болып, Ресейден шетелге кетті. Ол Финляндияның Терийоки қаласында қайтыс болды (қазір Ресейдегі Зеленогорск қаласы).

ПЛЮРАЛИЗМ – философиялық-көзқарастық позиция, болмыстың тәуелсіз және бір-бірімен бірікпейтін бастаулары және түрлері (онтологиядағы плюрализм), білімнің, теориялардың, методтардың (гносеологиядағы плюрализм) формалары мен принциптері, тең құқықты және егемен тұлғалар мен топтар (этика мен социологиядағы плюрализм), құндылықтар мен құндылықтық бағыттардың формалары мен принциптері сансыз көп және олар бір-бірімен бәсекелес және күресуші әр түрлі идеологияларда және сенімдерде көрінеді (аксиологиядағы плюрализм) деп пайымдайтын философиялық-көзқарастық позиция.

ПОЗИТИВИЗМ – нағыз шын, «жағымды» (позитивті) білімді жеке, арнайы ғылымдардың және оларды біріктірудің нәтижесінде ғана алуға болады және философия шындықты өз бетінше зерттеуге ұмтылатын ерекше ғылым ретінде өмір сүруге құқы жоқ деген принципке негізделен философиялық бағыт. Оның негізін қалаушы – француз философы О.Конт (1798-1857 жж.). Позитивистердің пікірінше, «болмыс», «материя», «сана» және т.б. ұғымдарға, абстрактілік ойлауға сүйенетін дәстүрлі философия енді жарамсыз, себебі, тек тәжірбие немесе ғылыми эксперимент арқылы тексерілген позитивті білім ғана ақиқат, нақты, жаратылыстану ғылымдарына, математикаға жақын философия ғана ақиқат философия. Позитивизм өзінің дамуында төрт кезеңнен өтті: 1) бірінші позитивизм жоғарыда аталған мәселелерді алғашқы болып қойып, философияның міндеті – объективті өмір сүруші материалдық дүние туралы нақты ғылымдар жинаған білімдерді қорыту және жүйелеу деп пайымдайды. Бұл кезеңнің өкілдері – О.Конт, Г.Спенсер, Дж.Милль. 2) махизм – Э.Мах және эмпириокритицизм – Р.Авенариус. 3) неопозитивизм – К.Поппер, И.Лакатос, Т.Кун, Б.Рассел, Л.Витгенштейн, Р.Карнап. 4) постпозитивизм - П. Фейерабенд.

ПОППЕР Карл Раймунд (1902-1994) – ағылшын философы және социологы. Оның іліміне сай білімнің эмпирикалық және теориялық деңгейлері бір-бірімен тығыз байланыста болады. Кез-келген ғылыми білімде болжау мүмкіндігі бар, қателеспеушілік тән. Ол ғылымда кез-келген тұжырымды теріске шығаруды білдіретін «фальсификация» (жалған деп тану) ұғымын енгізеді. Ғылыми білімнің дамуы батыл гипотезаларды ұсынып және оларды жоққа шығаруды жүзеге асырудан тұрады, сол арқылы ғылыми мәселелер шешіледі. Әлеуметтік философия саласында Поппер марксизмді сынға алады, ол қоғамдық дамудың объективті заңдылықтарын және әлеуметтік болжам мүмкіндіктерін теріске шығарады. Поппердің идеалы – «Ашық қоғам». «Ашық қоғам және оның жаулары» (1945) атты еңбегінде ол ашық және жабық қоғамдарды қарастырады. Алғашқы қоғам типіне Батыс демократиясын, ал екіншісіне социалистік мемлекеттерді жатқызады. Соңғыларына тоталитарлық, қоғамның индивидтен жоғары тұруы, жеке жауапкершілік, идеялық догматизм тән. Оның пікірінше, бұл «трайболистік», яғни өзінің құрылымы жағынан алғашқы қауымдық құрылыстың тайпа тәрізді, өзін басқаларға қарама-қарсы қоятын қоғам. «Ашық қоғам» мүшелеріне рационалистік бағдар, әлеуметтік дамуды мақсатқа сай, саналы басқару, мемлекеттік институттарды азаматтардың қажеттілігіне сай біртіндеп қалыптастыру тән. Алайда Батыс демократиясында оларды «ашық қоғам» деп санауға кедергі келтіретін кемшіліктері бар. Оның пікірінше, «қоғамның өз еркі мен даму идеясы – қоғам физикалық зат сияқты белгілі бағытта, белгіленген жолмен дамиды деу – таза холистік адасушылық».

ПОСТИНДУСТРИАЛДЫ ҚОҒАМ – экономикалық дамыған елдердің «индустриялықтан», «индустриялықтан кейінгі» қоғам типіне өтумен сипатталатын қазіргі жағдайын білдіретін ұғым. Бұл терминді аталмыш қоғамның қызмет көрсету экономикасын қалыптастыру, ғылыми-техникалық мамандардың басымдылығы, жаңа «интеллектуалды» техниканы жасау сияқты негізгі белгілерін қалыптастырған Д.Белл ұсынды.

ПОСТМОДЕРНИЗМ – монизм философиясын терістеп, плюрализм философиясын, табиғат пен қоғамдағы көптік, сантүрлілік идеясын жария еткен, қазіргі заманғы мәдениеттің мазмұны, ойлаудың және ізденістің жаңа стилі көрініс тапқан философия. Негізгі өкілдері: орыс философтары Е.П.Блаватская (1831-1891), Д.Л.Андреев (1906-1959), Г.Г.Шпет (1879-1940), француз философтары Поль Рикер (1913) және Жак Деррида (1930-2004), американдық жазушы – философ Карлос Кастанеда (1925) және т.б. Постмодернизмнің негізгі тұжырымдары: 1) Объективтілік реалдылық көпөлшемді, оның мәні мен формаларының арасындағы байланыс-қатынастарының сипаты сан түрлі қасиеттерге ие. Объективтік реалдылық идеалдық немесе материалдық қана емес, сонымен қатар мистикалық, эзотерикалық бола алады. Дүние ретті ұйымдастырылған ғана емес, ретсіз, хаостық сипатқа да ие. 2) онтологиялық плюрализм мен гносеологиялық плюрализмнің бірлігі. Мәдени өмірдің салаларының арасындағы шекаралар жойылуы керек, таным теориясындағы бірін-бірі толықтырушылық, көптәсілдік көзқарастардың әр түрлілігі дінде де орын алуы тиіс. 3) Адамдардың араласуындағы монологиялық мәтіндердің орнын сұхбаттасу, үйренушілердің бір-біріне өзара әсері, оқыту процесін белсенді ететін әр түрлі тәсілдердің көптігі басуы тиіс.

ПОСТПОЗИТИВИЗМ – неопозитивизмді сынаудың негізінде 20 ғ. орт. пайда болды. Ғылыми білім мен ғылыми емес білімнің шекарасы – ғылыми білімнің тәжірбие нәтижелерінің көмегімен терістеле алатындығында деп түсініледі. Көрнекті өкілі: П. Фейерабенд және т.б.


Дата добавления: 2015-11-04; просмотров: 32 | Нарушение авторских прав







mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.01 сек.)







<== предыдущая лекция | следующая лекция ==>