Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

Философиялық ұғымдар мен терминдерді оқып-білу, жоғарғы оқу орындарында философия ғылымын оқытудың тиімді формасы, оқу және 1 страница



КІРІСПЕ

 

Философиялық ұғымдар мен терминдерді оқып-білу, жоғарғы оқу орындарында философия ғылымын оқытудың тиімді формасы, оқу және тәрбие процесінің қажетті де құрамды бөлімі болып саналады.

Бұл оқу-әдістемелік құрал философияның күрделі мәселелерін студенттердің түсінуіне, қазіргі қоғам дамуы жағдайында болашақ маманға қажетті теориялық философиялық білімді қоғамдық практикада барынша толық көлемде меңгеруге көмек көрсетуге арналған.

Жоғары білім беру саласында дайындалған маманның кәсіптік деңгейімен бірге рухани-адамгершіліктік және әлеуметтік келбетінің де биік болуы бүгінгі күнде аса қажет. Осы тұрғыдан алғанда жоғарғы оқу орнының қабырғасында білім алушы студент жастардың қарапайым индивид-пенде емес, өзіне, қоғамға, өмірлік процестерге деген терең көзқарасқа ие тұлға болып қалыптасуына айқындаушы әсер ететін философия ғылымының маңызы зор.

Философия бүгінде адамзаттық қоғамның аса маңызды құрамды бөлігі ғана емес, қоғам дамуын анықтар және бағыттар күштердің бірі болып табылады. Ертеден қалыптасып дамып келе жатқан философиялық дүниетанымындағы жалпыадамзаттық мәселелері, адам мен қоғам арақатынасы сұрақтарына жауап іздеп, жауабын тауып келді. Қоғам күрделенген сайын философияның рөлі де жоғарылай бермек. Бұл жағдайды өмірдің өзі де, қоғам дамуының бет алысы да дәлелдеп отыр. Адам болмысының рухани дүниесінің өзегі ретінде, философияның дүниетанымдық маңызды қызметке ие болуы, ол – жоғары және арнаулы орта оқу орындарында теориялық тұрғыдан оқытылуы.

Философия тек қана адам және дүние, таным процесі мен болмыс мәселелері туралы ғана жалпы білім бермей, сонымен қатар қисынды ойлау дағдыларының қалыптасуына, рухани мәдениетінің құрылуына жағдай жасайды. Философияны шығармашылық тану – адамның қоғамдағы тәртібінің түрлі стратегиялық бағыттардағы өз өмірлік жолын табуға көмектеседі.



Сондықтан, философия пәнін теориялық тұрғыдан оқып-біле отырып, түсініп, оны күнделікті өмірде қолдануды үйренуге тырысамыз. Бүгінгі философиялық дүниетанымы кең, терең ойлы студент, ертеңгі білікті маман, халқының қалаулы азаматы болары әбден мүмкін. Жастарды патриотты рухта тәрбиелеуге философия ғылымы маңызды роль атқарады.

Әдістемелік құралдағы ғылыми деректерді студенттер семинар және студенттердің оқытушылардың басшылығымен атқаратын өздік жұмыстары (СОӨЖ) сабақтарында қолдануларына болады. Сонымен қатар бұл көмекші құрал қосымша өздік жұмыстарды атқаруда жеңілдіктер тудырады. Әдістемелік нұсқауда философиялық ұғымдар, терминдер, анықтамалар және атақты философ ғалымдар туралы қысқаша мәліметтер берілген.

 

А

АБАЙ (Ибраһим) Құнанбаев (1845-1904) – ұлы ақын, философ, композитор және қазақ ағартушылық философиясының аса алып тұлғасы. Тек қазақ халқы емес, сонымен қатар бүкіл дүниежүзілік руханиятта өзінің өшпес ізін қалдырған ұлы ғұлама. Абайдың онтологиялық көзқарасы ғажап та терең, өзінің ерекшелігі мен маңыздылығын ешқашанда жоймайтын діннің шеңберіндегі философиялық антропология деп баға беруге болады. Жаратқан, Дүние, Адам – міне, осы үш категория Абай философиясының іргетасын құрайды. Абай діни идеологиядан бойын аулақ ұстап, діни философияға аса мән берген. Абайдың бұл дүниетанымдық көзқарасы «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінде айқын көрініс тапқан. «Алла бір, пайғамбар хақ» ұғымын талдай келе, ол Аллаға сену мен оны тануды бір ұғым деп қарамайды. Осы тұрғыдан келгенде, Абай ақиқат нәрсеге сенуші ғана емес, оны тануға ұмтылушы, яғни дүниетанымы бойынша діни ойшыл. Абай дүниетанымында өмір де бір хақ. Абайдың ақиқатты тануға ұмтылысындағы табандылығын, ойлауға талпынуын Ницшемен салыстыруға болады. Ницше өзіне дәуірлес бүкіл еуропалық мәдениетке қарсы тұрса, Абай нағыз философ, себебі өткенді дәріптеуден гөрі белгісіздікке батыл бетбұрыс жасайды.

АБЕЛЯР ПЬЕР (1079-1142) – француз философы және дінтанушы. Схоластикалық әдістің негізін қалаушылардың бірі, диалектиканы ол ақиқатты зерттеуде әр түрлі, соның ішінде қарама-қарсы пайымдауларды талдау жолымен түсіндіру әдісі деп санады. Теологияда Абеляр сенім мен ақылдың өрістерін бөліп тастап, оларды ымыраластыруға тырысты. Абеляр Құдай болмысын түсіндіруде пантеистік тенденцияға жақын болды, оның бұл пікірі дүниені құдайдың еркімен басқарылуы туралы сол кездегі августиандық түсінікке қайшы келді. Универсалийлердің табиғаты туралы пікірталаста Абеляр өзінің ұстаздары Росцелиннің (шегіне жеткен номинализм) және Гильом мен Шампоның (шегіне жеткен реализм) көзқарастарын жеңіп шығуға талпынды. Абеляр –– орташа номинализмнің, кейін концептуализм деген атқа ие болған гносеологиялық доктринаның негізін салушы.

АБСОЛЮТ (лат. absolutus – шартсыз, шексіз) – идеалистік философияның ұғымы, барлық бардың біртұтас, жалпы, бастаусыз және шексіз деп пайымдалатын, кез-келген салыстырмалы және шартты болмысқа қарсы қойылатын рухани алғашқы бастауын білдіреді.

АБСОЛЮТТІ ЖӘНЕ САЛЫСТЫРМАЛЫ АҚИҚАТ. Дүние жөніндегі толық сарқылып шегіне жеткен білімді абсолютті ақиқат деп айтуға болады. Сонымен қатар дүниені зерттеу жолындағы алынған объективті ақиқаттар бір-бірімен қосыла келе, абсолюттік ақиқатқа жақындата түседі. Оны шексіз үрдіс деп те айтуға болар еді. Негізінен, адамзат қолы жеткен білім әрқашанда салыстырмалы, өйткені ол оның нақтылы тарихи қалыптасқан іс-әрекетімен, яғни сол заманның практикасымен шектелген. Бірақ дүниеге келген әр ұрпақтың білімінде ақиқатпен қатар әрқашанда жаңылу болатынын да ескеру қажет. Оның біршамасын тексеріп түзетсе де, ғылымды дамыту жолында ақиқатпен қатар жаңылу да болуы мүмкін. Осы тұрғыдан жаңылуды жалғаннан ажырату қажет. Егер ғылыми танымның қиындықтары кейбір жағдайда зерттеушіні ақиқаттан алшақтатып, жаңылуға әкелсе, жалғандық өтірік айтып адамды саналы түрде қисық жолға түсірумен тең.

АБСОЛЮТТІК ИДЕЯ – Гегель философиясының негізгі категориясы, универсумды толық күйінде, шартсыз, нақты және тұлғалық жалпылық күйінде білдіреді (яғни, субъектіні де, субстанцияны да).

АБСОЛЮТТІ РУХ – Гегельдің философиялық жүйесінде абсолюттік идеяның өзіндік санасын жүзеге асыратын рух дамуының қорытынды звеносы.

АБСТРАКЦИЯ (лат. abstractio – ойша бағамдау) – шынайылықтың бейнесін ойша бағамбау және толтыру арқылы құрастыру. Ойша бағамдау арқылы заттың немесе құбылыстың қарапайым жобасын жасайды, ал толтыру арқылы оны күрделендіріп, түрлі нобайына алаңдамай, танымдық мәні бар ғылыми таңбаға айналдырады. Абай бұл сөзді «ой суреті» деп атаған.

АВГУСТИН ӘУЛИЕ АВРЕЛИЙ (354-430) – христиандық теолог, көзқарасы неоплатонизмге жақын, «шіркеу әкелерінің», яғни патристиканың өкілі, христиандық дүниетаным жүйесін жасаған әулие. Христиандық әлемде дін және философия мәселелері бойынша шексіз беделі болған және «Ұстаз» деген атаққа ие болған. Антиктік мәдени мұра мен оған христиандықтың қатысы туралы пікірталаста сенім мен ақылдың үйлесімдігі туралы ілімді тұжырымдап, «Қасиетті Жазу» мен «Қасиетті Өсиеттің» күмәнсіз беделдігін мойындай отыра, адамның діни өміріндегі ғылым мен философияның рөлін кемітпеді. Августин Құдайға біртіндеп жақындатып, тән мен жанды тазартып, аскеттік сипатта болатын «катарсис» жүйесін тұжырымдады. Августин «Құдай қаласы туралы» еңбегінде адамдық екі қауымдастықты бөліп қарастырады: «Жер қаласы» – Құдайды ұмытқан өзімшілдікке негізделген мемлекет пен мәдениет және «Құдай қаласы» - өзін ұмытқан, Құдайға деген сүйіспеншілігі шексіз рухани бірлестік. Нағыз адам, Августиннің ойынша, сүйе білген және сүюге лайықты адам. Философиялық ойлау осы принципке, Құдайға Сенімге негізделген болуы тиіс.

АВЕНАРИУС РИХАРД (1843-1896) – швейцариялық философ-субъективті идеалист, эмпириокритицизмнің негізін қалаушылардың бірі, Цюрих университетінің профессоры. Оның философиясының өзегі – тәжірбие ұғымы, бұл ұғым материя мен сананың, физикалық пен психикалықтың қарама-қарсылығын жояды. Авенариус идеалистік «таза тәжірбие» теориясын сынға алып, таным теориясының материалистік позициясын жақтады. Ол сонымен қатар субъект пен объектінің абсолюттік өзара тәуелділігі «принципиалдық сәйкестік» теориясын негіздеді. Авенариустың философиялық көзқарастарының дәрменсіздігін және оның жаратылыстану фактілерімен үйлесімсіздігін Ленин өзінің «Материализм және эмпириокритицизм» атты еңбегінде көрсетті. Авенариустың негізгі еңбегі – «Таза тәжірбиеге сын».

АГНОСТИЦИЗМ (грек. аgnostos – біліп болмайтын, белгісіз) – болмысты тану, дербес ақиқатқа жету мүмкін емес дейтін тұжырымға негізделген философиялық ілім. Агностицизм танымды жоққа шығармайды. Агностицизм таным туралы емес, оның мүмкіндігін анықтайтын, нақты дүниеге қатысы туралы ғылым саласы. Дүниені неге біліп, тануға болмайды? Себебі біз оны тек адами түрде ғана сезінеміз, уақыт пен кеңістік арқылы ғана танимыз. Демек, біздің танымымыз шектеулі. Тек бар нәрсені ғана білуге болады. Жоқ нәрсені білу мүмкін емес. Оған тек сенуге ғана болады. Міне, бұдан философия мен дін айырмашылығы шығады. Агностицизм таза философиялық ұғым. Егер дін жоқ нәрсені бар десе, философия бар нәрсенің өзін танып, білу мүмкіндігіне күмәнданады. Агностицизм ұғымын 19 ғ. діни сайыстарында ғылыми көзқарасты айқындаушы ретінде 1869 ж. Т.Гексли енгізген. Агностицизмнің қайнар көздері – скептицизм, Зенонның апориялары, Д.Юм ілімі, И.Канттың антиномиялары. Агностицизмнің өкілдері танып-білу құбылысының шынайы қиыншылықтары: мәңгі өзгерістегі тіршілікті толық ұғынудың беймүмкіндігін, оның нақты адамдардың сезімі мен санасында өзгеше түрленуін түсінген. Агностицизм ілімі қазір көп қолданылмаса да, өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ.

АДАМ – ерекше, бірегей, қайталанбас қасиеттеріне қатысты дара жаратылыс. Сондықтан «даралық» деген сөзге «жарқын», «қайталанбас» деген эпитеттер сәйкеседі. Адам мәселесі философияның негізгі проблемаларының бірі болып табылады. Адам туралы ілімді «адам философиясы» немесе «философиялық антропология» деп атайды. Адам мәселесі философияның пайда болуынан қарастырылып келеді. Бұдан 25 ғ. бұрын Кун фу цзы өз философиясында адамгершілік (жэнь) проблемаларын қарастырады. Оның ілімінде негізгі этикалық қағидасы: «Өзіңе тілемейтін нәрсені өзгеге жасама!» болды. Буддизмде өмір қайғы-қасіретке толы, алайда оларға соқпай өтуге болады, себебі бәрі де адамның өзіне байланысты деп түсіндірілді. Аристотель адамды «ажалды құдай» деп түсініп, адамның билік мақсаты – бақыт деп тұжырымдады. Бақыт пен жоғары игілік адамға тән, ол оған толық жетілуге ұмтылған жағдайда, яғни белсенділіктің арқасында жетеді. Демек, жай ғана өмір сүрумен тынбау керек, себебі өсімдіктер де тіршілік етеді, ал сана белсенділігі – адамға тән мақсат. Материалдық игіліктердің молдығы өз-өзінен бақыт жасай алмайды, ал олардың жоқтығы бақыттың беделін әбден түсіруі де ықтимал. Ортағасырлық томизм ілімінде игілікті кез-келген адамның өз табиғаты тұрғысынан іздеуінің дұрыстығы айтылады: еркек пен әйелдің одағы, бала өсіріп-тәрбиелеу – игілік, өйткені табиғат заңдылығы солай. Рационалды тіршілік иесі ретінде адам маңдайына қауымдастықта өмір сүріп, ақиқатқа ұмтылу жазылған. Ренессанс дәуірінің (15-16 ғғ.) гуманистік қозғалысында ізгіліктің тағдырдан биік тұратыны тұжырымдалады. «Адам өліп, шіріп кету үшін емес, өндіру үшін туады. Адам далақтап бос жүру үшін емес, өзі қуана алатындай ұлы және даңқты істерге ұмтылу үшін, сондай-ақ жетілген қайырымдылығын пайдаланып, бақыт табу үшін туады. Жеңілгісі келмейтін адам жеңіске тез жетеді. Тағдыр тәлкегіне тек бағынуға дағдыланғандар ғана төзеді» (Гуманист, философ, математик, сәулетші Л.Альберти). Ренессанс дәуірінде адамды «табиғат кереметі» деп есептеді. Жаңа заман философтары Ф.Бэкон, Р.Декарт, Б.Спиноза адам бақыты оның өз қолында деп санады (17 ғ.). Адам (Б.Франклин) еңбек құралын жасайтын хайуан. «Адамдық қасиет оған тек туғанда берілген ерекшеліктермен емес, оның өзі жасаған құндылықтары арқылы өлшенеді» деп жазды Гете адам туралы. Маркс бойынша: «Адам барлық қоғамдық қатынастардың жиынтығы». Энгельстің пікірінше антропосоциогенезде шешуші рөлді еңбектену қызметі атқарған. Адамды еңбек жасаған. 20 ғ. экзистенциалист Ж.П.Сартр адам – еркіндік иесі және тұрақты түрде өз аясына болғандықтан фактуальдылық пен транцендентальдықтың бірлігі, тек заттар ғана шектеулі болады деп түйді. Адам шектеулі емес. Тағы бір экзистенциалист А.Камю адам өз маңдайына жазылған тағдырға мойынсұнбайды. Осыдан келіп метафизикалық бүлік туады деп пайымдады.

АДАСУ – объективті шындыққа жете алмай, басқа бағыт таңдау.

АДЕКВАТТЫЛЫҚ – (лат, adaeguatus - теңдестірілген деген сөзден шыққан) – барабарлық, сәйкестік, теңдік, баламалылық. Таным теориясында адекваттылық дегеніміз бейнелеудің (бейненің, білімнің) обьектісі – түпнұсқаға сай келуі (немесе ұқсастығы) осының арқасында олардың обьективті ақиқаттар сипаты болады. Адекваттылық бейненің, білімнің мазмұны сипаттамаларының түпнұсқа сипаттамаларына сәйкестігі болып табылады.

АДЖИВИКА – жанның өмір сүруін теріске шығаратын ежелгі үнділердің бейортодоксалдық ілімдерінің бірі. Адживика бастапқыда буддизмен байланысты болды, бәлкім буддизмнің бір түрі болуы мүмкін, өйткені ежелгі заманның буддистері де «жан» ұғымын үзілді-кесілді теріске шығарған. Б.з.б. 6-5 ғ.ғ. өмір сүрген дана Маркалидева, дәстүр бойынша, адживиканың негізін қалаушы деп есептейді. Орта ғасырлық ведантистік трактаттарға сәйкес адживиканың негізінде атомистік идея жатыр, бұл идея басқа идеяларды және осы әлем түсініктерін анықтайды. Адживика ілімі бойынша атомдардың 4 түрі бар, олардан табиғаттың 4 стихиясы жаратылады - жер, су, от және ауа; барлық атомдардың үйлесу қабілеті бар. Өмір дегеніміз әлдебір атомдық нәрсе емес, ол атомдардың үйлесімін қабылдайтын, танитын нәрсе. Атомдардың алуан түрлілігі және өмір, күллі тіршілікті толық қамтитын 5 мәнді құрайды. Сана – «өмір» пішіннің үйлесіміне кіретін аса нәзік атомдардың ерекше агрегаты. Атомдар мәңгілік, бөлінбейді, ешкім жаратпайды және жойылмайды. Адживика ежелгі үнділердің дініне және брахманизм философиясына қарсы тұрған реалистік және материалистік ілім болды. Адживика брахмандардың қарма, сансара және мокша доктриналарын теріске шығару, кейде этикалық релятивизмнің уағызына ұласты.

АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ – қоғамдағы экономикалық, әлеуметтік, адамгершіліктік, діни, ұлттық және т.б. саяси емес қарым-қатынастардың жиынтығын білдіретін ұғымды айтамыз. Азаматтық қоғам – жеке тұлғаның емін-еркін дамуын қамтамасыз ететін қоғамның күйі, азаматтық қоғамның құрамына адамдардың өздері тудырған қауымдастықтар, қоғамдық кәсіби шығармашылық ұйымдар, ассоциациялар кіреді. Азаматтық қоғам тұжырымдамасы 18 ғ. 2–ші жартысы – 19 ғ. басында қалыптасып, Ағартушылық философия, немістің классикалық философиясының өкілдерінің еңбектерінде мемлекет және азаматтық қоғамның арасындағы айырмашылықты айқындаудың қажеттілігі сезіледі және олар мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара әрекеттесуіндегі артықшылықты мемлекеттің үлесіне берді, бұл әсіресе, Гегельдің құқық философиясында айқын көрініс тапты. Алдыңғы философияның қоғамдық-саяси көзқарастарын жалғастырушы марксизм философиясы керісінше, азаматтық қоғамның артықшылығын дәделдей келе, жеке адамды жатсынудан азат етуде, оның гармониялық даму жағдайын қамтамасыз етуде азаматтық қоғамның толық мүмкіндігін айқындап берді. Сонымен, азаматтық қоғам – еркін азаматтардың және өздері қалыптастырған ассоциациялар мен қауымдастықтардың өзіндік көрінісінің саласы, мемлекеттік биліктің тарапынан азаматтардың іс-әректтері мен еркіне тікелей қол сұғуынан тиісті заңдармен қорғалған.

АЙЕР АЛФРЕД (1910-1989) – ағылшын философы, неопозитивизм бағытының өкілі, Оксфорд университетінің логика ғылымының профессоры. «Вена үйірмесіне» үгіттеу идеясын таратқан «Тіл, ақиқат және логика» (1936) атты еңбегін жазып танымал болды. Кейінірек «Эмпирикалық танымның негіздері», «Ойлау және мән-мағына», «Танымның мәселесі» атты еңбектері жарық көреді. Айер логикалық позитивимнің ортодоксальдық түрінен біршама алшақтап, лингвистикалық философияға бет бұрады.

АЙМАУЫТОВ Жүсіпбек (1889 – Семей губерниясы, Павлодар уезі, Қызылтау болысы – 1931) – қазақтың көрнекті ақыны, философы, жазушысы. Аймауытов қазақ әдебиетінің әр алуан жанрларында белсенді қызмет етті. Жазушы Аймауытовтан қалған мұра аса бай. Оның ішінде «Қартқожа», «Ақбілек» романдары, «Күнікейдің жазығы» повесі, көптеген әңгімелер, «Рабиға», «Мансапқорлар», «Ел қорғаны», «Шернияз» т.б. пьесалар, өлеңдері мен «Нұр күй» поэмасы, балаларға арналған ертегі кітапшалар, сын мақалалар мен көптеген аударма кітаптар, оқулықтар бар. Осындай жан-жақты талант иесі Аймауытов төңкерістен кейін туған қазақ әдебиетінің бастауында тұрып, жаңа жанрлардың негізін қаласты. 20-жылдардағы қазақ романының тууы мен жетілуі бүтіндей Аймауытовтың шығарамашылығымен байланысты. Оның «Қартқожа», «Ақбілек» романдары сол кезеңдегі қазақ ауылының өмірін, әлеуметтік арпалыстар кезеңіндегі шындықты эпикалық үлгіде көркем бейнелеуге арналған қазақ әдебиетінің алғашқы қомақты дүниелері. Жас ұрпақты жаңа рухта тәрбиелеуге, олардың ғылымның әр саласында жан-жақты білім алуына жол ашқан еңбектер, оқу құралдарын жазды. Бұлардың ішінде «Тәрбиеге жетекші», «Педагогика» т.б. елеулі кітаптары бар. Ж.Аймауытов қазақ қоғамының дамуының ең бір күрделі кезеңінде өмір сүргендіктен, әлеуметтік революциялар дәуірінің қайшылықты сипаттарын бойына сіңірген оның сан салалы шығарамшылық қызметі өз заманының айнасы міндетін атқарды.

АЙЫРМАШЫЛЫҚ – объектіге салыстыру арқылы сипаттама беру үшін қолданылатын ұғым. Бір объектінің қасиеттері екінші объектіде болмаса, оны осы объектілердің айырмашылығы дейміз.

АКСИОЛОГИЯ ( грек. axios – құнды, logos – ілім) – құндылықтардың табиғаты, олардың әлеуметтік шындықта аталған орны және құндылық әлемінің құрылымы туралы философиялық ілім. Аксиологияның негізгі мәселесі – «Игілік деген не?» деген сұрақты алғашқы болып Сократ қойған. Платон философиясында құндылықтар жалпы ізгілікпен байланыстырылып, әмбебапты мәнге ие болды. Мәдениеттануда құндылықтар мәселесі ерекше орын алады, өйткені мәдениет адамзат жасаған барлық құндылықтардың жиынтығы деген түсінік кең тараған.

АКСИОМА (грек. axioma – мақұлданған қағида) – белгілі теорияда дәлелденбейтін тұрғыда алынатын және одан (немесе оның жиынтығынан) теорияның барлық басқа сөйлемдері ондағы тұжырымдау ережелері бойынша (салыстыр: Постулат) қорытып шығарылатын қайсыбір ғылыми теорияның бастапқы тұжырымы (сөйлемі). Ежелгі заманнан 19 ғ. ортасына дейін аксиома интуитивті айқын және априорлы ақиқат сөйлемдер деп қарастырылады. Бұл ретте адамның практикалық таным әрекеттері миллиардтаған рет қайталана отырып, адам санасында логикалық бейне болып қалыптасады, сөйтіп көп рет қайталануы себепті аксиомалар мәніне ие болады. Қазіргі аксиомалық әдіс аксиомадан бір ғана шартын орындалуын осы теорияның барлық басқа сөйлемдерін қабылданған логикалық ережелер көмегімен түйіндеу үшін бастапқы қағидалар болып қалуын талап етеді. Аксиоманың ақиқаттығы туралы мәселе, не басқа бір ғылыми теориялар шеңберінде, не осы жүйенің интерпретацияларын табу барысында шешіледі: кейбір формальды аксиомаланған жүйенің осы немесе басқа бір мәндік салада жүзеге асырылуы осындағы қабылданған аксиоманың ақиқаттығын дәлелдейді.

АКЦИДЕНЦИЯ (лат. аccidens – кездейсоқтық) – заттардың негізгі және субстанциялық қасиеттерінен бөлек уақытша, өтпелі, негізсіз белгілері. Ұғым алғаш рет Аристотельдің еңбектерінде кездеседі, кейін схоластика мен 17-18 ғғ. философиясында кеңінен қолданылады (Спиноза, т.б.).

АҚИҚАТ – танушы субъектінің объектіні дәл күйінде бейнелеуі, оны өмірде бар күйінде, адамның өзінен және оның санасынан тыс және тәуелсіз көрсетуі; сезімдік, эмпирикалық тәжірбиенің, ұғымдардың, идеялардың, пікірлердің, теориялардың, ілімдердің және диалектикалық дамушы дүниенің тұтас бейнесінің объективті мазмұны. Тағы бір анықтамасы, ақиқат – өмір шындығының ойдағы нанымды, дұрыс бейнесі, әлеуметтік процесс, практика, сайып келгенде оның өлшемі болып табылады. Ақиқаттың сипаттамасы заттарға және олардың тілмен тұжырымдалу тәсілдеріне емес, нақты ойға қатысты. Философияда ақиқатты түсінудің дәйекті материалистік негіздемесін тұжырымдап, оны зерттеудің жаңа диалектикалық аспектілері қызмет етеді (Объективті ақиқат, Абсолюттік және салыстырмалы ақиқат, Ақиқаттың нақтылығы, Ақиқат өлшемі, Теория мен практика).


Дата добавления: 2015-11-04; просмотров: 133 | Нарушение авторских прав







mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.011 сек.)







<== предыдущая лекция | следующая лекция ==>