Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АвтомобилиАстрономияБиологияГеографияДом и садДругие языкиДругоеИнформатика
ИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеталлургияМеханика
ОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРелигияРиторика
СоциологияСпортСтроительствоТехнологияТуризмФизикаФилософияФинансы
ХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника

Алаш аманаты және ұлттық идея

Читайте также:
  1. B) пайыздармен, коэфициенттермен және индекстермен өлшенеді
  2. B. Экранды өшіру және жүйелі блокты өшіру.
  3. E) негізгі және қосымша
  4. Lt;variant>бір қосымшадан екіншісіне объекті ендіру және байланыстыру арқылы жұмыс істеу технологиясы
  5. Азаматтың есімі және тұрғылықты жері. Азаматтық хал-ахуал актілері 1 страница
  6. Азаматтың есімі және тұрғылықты жері. Азаматтық хал-ахуал актілері 10 страница
  7. Азаматтың есімі және тұрғылықты жері. Азаматтық хал-ахуал актілері 11 страница

 

ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамы үмітінен күдігі басым өзгерістер мен қайшылықтарға толы еді. Ұлтты ұйыстыратын мемлекеттіліктің орнын отарлау миссиясын көздеген әкімшілік басқару органдары басты, қазақ халқының иелігінен алынып, мемлекеттік меншік деп жарияланған жер әкімшілік-аумақтық бөліске түсті, дәстүрлі шаруашылық-мәдени типі капиталистік қатынастарға азды-көпті бейімделгенмен империялық өктемдікке құрылған бәсекеге төтеп бере алмайтыны белгілі болды. Жат қолына түсу ел мен жердің тағдырын тәлкек қылатынын көрегендікпен болжай алған Абылай, Бұқар сынды тұлғалардың ХҮІІІ ғасырда-ақ айтқандары, Шоқан мен Абайдың, Шортанбай мен Дулаттың ХІХ ғасырдағы ескерту – зарлары айнымай алдан шықты.

Бұл барша әлемнің қайта бөліске кірісіп кеткен дәуірі еді. Кешегі кеңестік тарихнамада ол капитализмнің жоғарғы сатысы - империализм ретінде түсіндірілетін. Сөйтсек еуропоцентристік пайымның осал тұстары бар екен. Әлділер әлсізді бөрідей талаған, қазақтың халық ретінде сақталып қалатын-қалмайтыны беймәлім ғасырлар тоғысында әлеуметтік ілгерілеу атаулыны қоғамдық-экономикалық формациямен, пролетариаттың тап күресімен, социалистік революциямен байланыстырушы ілім – тарихқа материалистік көзқарас өмір ақиқатынан алшақ жатқанын әшкерелеген құбылыс қазақ даласында дүниеге келді. Қоғамдық-экономикалық формациясының – егер оның бары шын болса - дамуы тежелген, пролетариаты халықтың бір пайызын да құрамайтын, социалистік революциядан ауылы алыс қазақ елінің көшбасшысы міндетін марксшілер айтқандай қаналушы тап емес, ұлт зиялылары мен оқығандар өз мойнына алды.

Торлаған тұманнан жол таппай тұрған халқын өрге сүйреген күш Алаш қозғалысы еді. Саяси мәдениеті әлемдік деңгейге көтерілген, кәсіби даярлығы заманының сұранысына сай, адамгершілік-имандық қасиеттері ұлы даланың сан ғасырлық құндылықтарымен суғарылған Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Тынышбаев, Ж.Ақпаев М.Шоқай, Б.Қаратаев сынды дүлдүлдер бастапқыда осынау қозғалыстың тұлғалық-интеллектуалдық әлеуетін сомдаса, іле-шала Х.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов, М.Әуезов, Ж.Аймауытов, С.Лапин, тағы басқалар әрлендірді. Қ.Кемеңгерұлының 20-шы жылдар басында Ә.Бөкейханды білімімен Еуропаның таңдамалы оқымыстыларына тең түсіп құрдас болған деуінде тарихи шындық бар. Әлекеңдер мен Ахаңдардың сарқытын ішкен М.Әуезов, көзін көрген С.Сейфуллин кейінде бірі әлем әдебиеті классиктері қатарынан орын алса, екіншісі қазақ әдебиетіндегі социалистік реализм тәсілінің негізін қалаушы ретінде тарихқа енді. Біз бұл жерде саяси және таптық ұстанымдары әр қилы азаматтарды бір қауымға бекер топтастырып отырған жоқпыз. Әңгіме олардың бәрі ұлтшыл, ұлтжанды, ұлты үшін білімі мен білігін, күш-қуатын жұмсағанында, тіпті құрбандыққа барғанында.

Алаш қозғалысына мұрындық болған оқығандар мен зиялылар саны көп емес еді. Патшалық құрылыстың соңғы 30-40 жылы ішінде 5 млн. қазақтан 100-ден астам ғана жоғары дәрежелі білім иесі шығыпты. «Алаш» партиясы қатарына кіргендер 300 мүшеге жетер-жетпес. Бірақ бұлар жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар шыққандар ғой. Отарлаушылар сайын даланың серкелерін уысынан шығармау үшін небір құйтырқы саясат жүргізіп, араларына от тастау, арандату, жанжалға итермелеу амал-шарғыларын іске қосса да, Алаш зиялылары қарақан басының қамын күйттемей, ұлт азаттығын ұлы мақсатқа айналдырды. Әрине, түсінбестіктер болды. Бірақ қандай жағдай басқа түспесін, бірін-бірі өкпеге қиғанмен өлімге қимағаны тарихи факт. Ал олар қайраткерлік танытқан уақыт, орта мен кеңістік қай жағынан алып қарағанда да бүгінгіден әлдеқайда күрделі әрі қауіп-қатерге толы екенін ескерсек, ХХІ ғасырда Алтынбек Сәрсенбайұлындай асылдың ажалына жауаптылар Алаш тағылымы мен аманатынан мүлде мақұрым қалғанын мойындауымыз керек.

Ұлт мүддесін ту етіп көтерген Алаш зиялылары қазақ қоғамын отарлық езгіден алып шығатын, дамып кеткен елдер қатарына қосатын жолдарды іздегенде пікіралуандығын жоққа шығармады. Мәселен, бірінші буржуазиялық-демократиялық революция тұсында-ақ панисламдық, батысшылдық саяси ағымдар бейбіт қатар өмір сүрді. Кезінде Б.Қаратаевтың отарлық әкімшіліктен жер үлесін алып, қала салуға талпынысын Ә.Бөкейхан бастаған топ қатал сынады. Түрлі пікірталастар «Айқап» пен «Қазақ» арасында, «Тіршілік» пен «Бірлік туы» беттерінде жүріп жатты. Бірақ бұдан ұлт зиялыларының алауыздығын, бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол шығара алмағанын көргеннен гөрі, олардың интеллектуалдық ізденісте әрекет еткенін ұғынғанымыз жөн шығар.

Ғасыр басындағы Алаш зиялыларын ұлы істерге жұмылдырған, қоғамдық-саяси, шығармашылық ізденістеріне негіз қалаған ұлттық идеяның бастау бұлағы, біріншіден, туған халқының жан төзгісіз ауыр халы, екіншіден, қайшылыққа белшесінен батқан Ресейде либерализмнің күшеюі, үшіншіден, әлемде ұлт-азаттық қозғалысының жандануы болса, мәні мен міндеттері 1905-1907 жылдарғы бірінші орыс революциясы тұсында жүйеленді. Сол бір кезеңді Ә.Бөкейхан былайша сипаттаған екен: «Вся степь была вовлечена в сферу политики и захвачена потоком освободительного движения. Началась оживленная переписка о нуждах киргизского народа. Указ 17 апреля о веротерпимости еще более приподнял настроение. Весной 1905 года, с наступлением привольной жизни, в степи на летних стоянках начались съезды, на которых обсуждались местные нужды и нужды всей киргизской народности. Все больше степные ярмарки этого года стали ареной киргизских политических съездов, где киргизы обсуждали и подписывали, поданные потом на Высочайшее имя, петиции. На этих же съездах были избраны делегаты, уполномоченные лично подать эти петиции. Религиозные и земельные вопросы стояли у киргиз впереди вопросов политической свободы». Әрине, Сырым, Исатай-Махамбет, Кенесары басқарған ілгерідегі ұлт-азаттық қозғалыстары зая кетпегені рас. Бірақ оларда нақты практикалық іс-әрекет, аймақтық шектелу басым түсіп жататын. Енді іс-әрекет бүкіл сайын даланы қамтыған саяси-теориялық ой-сананың сапалы жаңа биікке көтерілуімен, ұйымдасуымен, дәуірінің үдесінен шыққан партияны құруға талпыныспен толықты. Бұл орайда 1905 жылғы маусым айында қабылданған Қарқаралы петициясы мен желтоқсан айында бес облыс зиялыларының басын қосқан Орал сьезінің маңызы ерекше. Академик К.Нұрпейісовтің пікірінше, Оралдағы басқосуда «Алаш» партиясының бастау көзінде тұрған қайраткерлер кадеттердің қазақстандық филиалын құруды мақсат еткен жоқ, олар кадеттер үлгісіндегі жалпыұлттық саяси партия құруды көздеді. Оған дейін әлі де 12 жылдай өмір жолынан өту керек болды. Ал Қарқаралы петициясына келсек, Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов, Ж.Ақпаев дайындаған бұл құжатта Ресей үкіметінің алдына экономикалық, мәдени-рухани, әлеуметтік талаптармен қоса алғашқы саяси талаптар да (земство беру, орыстандыру саясатын айыптау) қойылды. Кейінде М.Әуезов айтқандай, «ол күндегі ой ойлаған қазақ баласының дертті мәселелері осылар болғандықтан, Ақаңдар бастаған іске қыр қазағының ішінде тілеулес кісілер көп шыққан, көпшіліктің оянуына себепші болған».

Ұлттық идеяның тоқ етер түйінін табуға І және ІІ Мемлекеттік думаға қазақтан депутат сайлау септігін тигізсе, реакциялық күштердің шабуылы да тосқауыл қоя алмады. Егер ұлттық идеяның мәні – ұлттың тағдыр анықтағыш тілегі, ниеті, оны ілгері қадам басуға жұмылдырушы фактор, күн тәртібіндегі басты мәселені шешуге бағышталған ойы десек, осылардың жиынтық формуласы М.Дулатов дәйектеген «Оян, қазақ!» тұғырнамасында жатыр. Бұл ұран емес. Халық қасіретін дәлме-дәл айқындаған сәуегейлік. Шынында да екі ғасырға созылған отарлау, қорлық пен зорлық халықтың дүниетанымына, мінезіне, өмірсалтына, шаруашылығына орасан зор нұқсан келтіріп, еңсесін түсірген еді, алды-артын бағамдау қасиеттерінен айыра бастағантын.

Оянған халық жақсы мен жаманды, өз көсемдері мен жандайшаптарды көрмей тұрмайды. Көрген соң көкірегінде көзі бары таңдауын жасайды. М.Дулатовтың шығармашылық тағдырынан хабарсыз Лениннің өзі Шығыстағы ұлт-азаттық қозғалыстарына ден қойып, революциялық қайта өрлеу жылдарында Азияның оянуына үлкен үміт артқан жоқ па. М.Дулатовтың бас шығармасы исі қазаққа қанша олжа салса, патшалық әкімшіліктің сонша дегбірін қашырды. Кеңестер елін билеген коммунистер де ол кітапты өлердей жек көрді. Осының өзі-ақ 1917 жылғы қазан төңкерісіне дейінгі және одан кейінгі билікті ұстаған Мәскеудің пиғылын көрсетпей ме.

«Оян, қазақ!» ұлттық идеясы отарланған өлке үшін түсінікті де пәрменді формула болып шықты. Ол – табиғи–ырғақты даму мүмкіндігінен айрылған қазақ қоғамына және оның халқына зорлықпен таңылған кеселдерді айыптап қана қоймай, әркімнің және баршаның намысын жаныған, ел мен жер алдындағы жауапкершілігін тиянақтаған әрісі – Күлтегін жазуының, берісі - «Жеті жарғының» нағыз өзі.

«Оян, қазақ!» формуласымен түйінделген ұлттық идеяның мазмұны мен пішінін, таяудағы нәтижелерін, нақты іс-қимыл бағыттары мен идеологиясын қасаң қағидаға айналдырмаған абзал. Олар империядағы және өлкедегі өзгерістерге сай жетілу үстінде болды. «Оян, қазақтан» өзгеше жаңа ұлттық идеяны күн тәртібіне қою 1917 жылғы Ақпан революциясы жеңісімен қолға алынды. Бұл доданың алдыңғы шебінде Уақытша үкімет жақтастары, Кеңестерді қолдаушылар, панисламистер, әрине, Алаш қозғалысы белсенділері жүрді. Интеллектуалдық ізденістердің шырқау биігі бірінші жалпықазақ съезі екені сөзсіз.

Демек, бір мүшелден де қысқа мерзім ішінде Ұлы даланы қозғалысқа әкелген «Оян, қазақ!» идеясы мақсат-мұратына жетіп, 1917 жылдың жазынан оның орнына «Қазақ автономиясы» ұлттық идеясы келді. Жаңа идеяның өміршеңдігі мен құдіреті 1917 жылғы желтоқсанда екінші жалпықазақ съезінің шешімімен дәйектелді. «Қазақ автономиясы» ұлттық идеясының қалың бұқара көңілінен шыққанын С.Торайғыровтың «Алаш ұраны» өлеңі айғақтайды. Басқа да деректер жетерлік. Осының бәрін жүйелеген әрі бекемдеген классикалық құжат «Алаш» партиясының бағдарламасы болып табылады. Бағдарламаның он тарауында мемлекет қалпы, жергілікті бостандық, дін ісі, билік һәм сот, ел қорғау, салық, ғылым-білім үйрету, жер мәселесі қазақ автономиясы мүддесі тұрғысынан көтерілген. «Алаш» партиясының ғаділдікке жақ, нашарларға жолдас, жебірлерге жау екені, күш-қуатын игілік жолына жұмсап, жұрт тарқы ету жолына бастайтыны тасқа басылған.

Осылайша, ұлттық идеяны кемеңгерлікпен түзу Алаш қозғалысын аспандатты, дұрыс ұлттық идеяға табан тіреген Алаш қозғалысы қазақ қоғамы тарихының жаңа белесін ашты. Ұлттық мақсат-мұратқа, яғни ұлттық идеяға адалдық, жанкештілік, интеллектуалдық биік өремен ағымдағы, кезек күттірмейтін қазіргі және болашақтағы міндеттерді айқындай білу - бүгінге жеткен Алаш аманатының ең құндылары.

Әрине, біз Алаш қозғалысын жойдасыз дәріптеу, қылаудай шаң жұқтырмау ұстанымын қолдамаймыз. Ағын-ақ, қарасын-қара десек қана тарихи ақиқатқа жақындаймыз. Айталық, Алаш автономиясын жариялар қарсаңында, одан кейін де Түркістанға қатысты Ә.Бөкейхан ұстанған позиция кінәратсыз еді дегенге өз басым қосылмаймын. Алаш лидері Қазақ автономиясы мен Түркістан мұхтариятының қосылғанын қаламады. «Мемлекет болып іс атқару оңай емес, - деді ол. - Біздің қазақ іс атқаратын азаматқа жұтап отырған болса, біздің жалпы қазақ қараңғы, соқыр болса, Түркістан халқының қараңғылық һәм шебер адамы жоқтығы бізден он есе артық. Қазақ Түркістанмен бір автономия болса, автономия арбасына түйе мен есекті пар жеккен болады. Бұл арбаға мініп, біз қайда барамыз?». Қосылуды жақтағандардың уәжі басқашалау. Даудың мәнісін М.Дулатов былайша түсіндіргентін:«...ол кездегі Түркістан мен қазақ бірігу керек деушілердің дәлелі: орыстың отаршылдығынан құтылу үшін, күшті болып ұлт тілегімізді жүзеге асыру үшін Орта Азия елдері бірігуіміз керек дейді. Бөкейханұлы Әлихан пікірі: Орта Азия болып (өзбек және басқалармен) бірігуге болмайды, оларда ескішілдік (консерватизм), діншілдік, дін жолында ұстағанынан айырмаушылық (религиозный фанатизм) күшті, оларды ишан, қожа-молда билеп келе жатқан халық, шариғат жолынан тез арада арылмайтын халық, шаруа түрі бізден басқа, мәдениет жолында бізден де төмен, сондықтан екі соқыр қол ұстасып жүріп күн көре алмаймыз дейтін пікірде болатын. Бөкейханұлының бұл пікіріне біз де қосылатынбыз». Дұрысы – ортақ зорлықшыға қарсы бірлесе күресу еді.

Иә, Алаш қалың бұқараны оятты. Оянған қазақты соңына ертіп, саяси азаттыққа жетуді мақсат тұтты. Мақсат биігіне көтерілген жұлдызды сәт те туды. Бірақ Еуразиялық кеңістіктегі күштердің арасалмағы тең емес еді. Метрополияның экономикалық, әскери-соғыс әлеуеті өлкедегіден әлдеқайда жоғары тұрғаны өз алдына, Қазақстанға қоныс аударған келімсектер ұлтаралық қатынастарға жағымды сипат бере қойған жоқ. 40 млн десятинадан астам шұрайлы жердің қазақтан тартып алынуы халықтың әл-ауқатын ауырлатып жіберді, қазақ қоғамының әлеуметтік жіктелуін асқындырды. Ұлттық буржуазияның қауқарсыздығы да көсіле қимылдауға бөгесін туғызды. Тұңғыш саяси партияның кешеуілдеп дүниеге келуінің бір себебі осында жатыр.

ХХ ғасыр басындағы біртұтас Алаш қозғалысының саяси-идеологиялық жіктелуінің, түрлі ағымдар мен ұйымдарға тармақталуының тереңделуі 1916 жылғы оқиғалармен байланыста айқын көрінді, ал тұрақты сипат алуы 1917 жылғы Ақпан және Қазан төңкерістеріне дөп келеді. Қайшылықтың мейлінше асқынған тұсы - большевиктік билік орнаған жылдар. Мұның өзінде де қайшылықтарды ушықтырып, реті келсе қолдан ұйымдастырып, оған саяси рең бергендер қулығына құрық бойламайтын мәскеулік ресми биліктегілер еді. Діттеген мақсатына жетті де.

Либералды-демократиялық бағыт ұстағандар Алаш автономиясын, Түркістан мұхтариятын жариялағанмен, метрополия қысымы мен тегеурініне төтеп бере алмаумен саяси аренадан ығыстырылды. Ислам идеясы төңірегіне топтасқандар да осы тағдырды кешті. Өлкенің экономикалық мешелдігі, шикізат көзіне айналғаны, сан жағынан басым кедейлердің социалистік популизмге алдануы өз рөлін ойнады. Большевиктердің қолдауымен тарих сахнасына көтерілген радикалды зиялылар шоғырының ұлт мүддесі үдесінен шығуға мүмкіндік алдық деген қуаныштары да ұзаққа бармады. Үздіксіз қуғын-сүргін, кәмпеске мен зорлап ұжымдастыру, 1931-1933 жылдарғы аштық кімнің кім екеніне көздерін жеткізсе, 1937 жылғы «үлкен террор» Алаш зиялысымен қоса радикалды ұстанымдағылардың өздерін баудай түсірді.

Большевиктік билік қазақ халқына қисапсыз қасірет әкелетінін Алаш басшылары 1917 жылы-ақ ескертті. Қазан төңкерісін «найзаның үшімен, айбалтаның жүзімен болған» зорлық актісі ретінде қабылдаған Ә.Бөкейхан, обалы нешік, әу бастан қазақ жұртын бас амандығын қамтамасыз етуге шақырды. «Есік алдынан дауыл, үй артынан жау келді! – деп дабыл қақты ол. – Алаштың баласы, Ақтабан шұбырыңды, алқакөл сұламадан соң, 200 жылда, басыңа бір қиын іс келді! Ақсақал аға, азамат іні, от басы араздық дауды қой; бірік, жұрт қызметіне кіріс! Алаштың басын қорғауға қам қыл!».Бірақ Алаш үні ұзаққа созылмады.

30-шы жылдардың аяғына қарай толық салтанат құрған сталинизм ұлт зиялысын қаусатып салғанмен Алаш идеясын өлтіре алмады. Ол хрущевтік «жылымық», брежневтік тоқырау тұсында да қазақ даласын елес болып шарлады. Әйткенмен түбегейлі өзгерген қоғамдық қатынастар жаңа ұлттық идеяға сұранысты күн тәртібіне қойғанмен оның «Оян, қазақ!», «Қазақ автономиясы» тәрізді кешенді нұсқасы түзілмеді, түзуге қылышынан қан тамған КОКП диктатурасы зередей мүмкіндік туғызбады. Осындайда Ә.Бөкейханның айтқанын қапысыз ұққан тұлға шықпады. Әйтпесе ұлттық идеяға «Сақтан, қазақ!»айналар ма еді, қайтер еді. Қосақ арасында босқа кете жаздадық. Ең бастысы – қоғамдық дамудың бұрын-соңды беймәлім жолына түскен ел ұлттық идеясыз тығырыққа тірелетіні анықталды. Экономикадағы, халықтың өмір салты мен тұрмыс жағдайындағы кереғарлықтар ұлттық идеясыздықтан туындаған деп есептейміз. Түптеп келгенде, бұл жағдаят социалистік идеяның, біріншіден, утопиялық болмысын әшкерелесе, екіншіден, тоталитарлық тәртіп орнаған сәттен сол идеяның дағдарысқа түскеніне бұлтартпас айғақ болып табылады.

Біздер, азаттық ұрпақтары, социалистік утопиялық идея тағдырынан, атқарылмаған Алаш аманатынан кемел қорытынды шығаруымыз керек. Ол тәуелсіздігімізді бекемдеу үшін қажет. Әзірге ұққанымыз: саяси ерік-жігер мен мемлекет билігін ұлттық мүддеге, қазіргі және ертеңгі ұлттық идеяға жүгіндірмей Қазақстанның байлығы өзіне қызмет ететінінен, бәсекеге қабілетті биікке көтерілген экономикасы баршаны жарылқайтынынан дәмету – қауіпті адасудың басы.

Өткен ғасырдың 20-шы жылдары аяғына қарай Қазақстанда өктем де озбыр тоталитарлық жүйе жеңгеніне куә бола отырып, Алаш қайраткерлері болашақтан үмітін үзбеді. Ұлт тағдыры жастардың қолында екенін қаперге салып, бар күш-жігерді солармен жұмыс істеуге, білімі мен білігін көтеріп, ой-санасын дұрыс қалыптастыруға аманаттады. Жас Алаштықтар да ахуалдың асқынып тұрғанын түсінді. 1927 жылғы қыркүйек айында С.Сәдуақасовқа жазған хатында 30-ға жаңа шыққан М.Әуезов: «Қорқамын, соңы не болар екен?» депті. Қорқуы негізсіз емес еді. Тоталитаризммен ой-санаға сіңген қорқыныш, үрей аға ұрпақтан әлі тарқай қойған жоқ. Осының жалғасуына, сабақтасуына жол бермеу керек.

Жастарды азаттық рухында, еркін мінезге тәрбиелеу, ұлт мүддесіне адалдыққа баулу бүгінгі күннің өзекті міндеті. Ендігі жастар қорқатын ештеңе жоқ. Тәуелсіз Қазақстанның өскелең ұл-қыздары «соңы не болар екен?» деп тайсақтамай, Алаш аманатын соңына дейін жеткізуге кірісетін күн туды.

«Аманатқа қиянат - қылмыстың үлкені» деген халықпыз. Алаш аманаты олардың қаламынан туған еңбектерінде тиянақталған. Ендеше Алаш зиялыларының шығармаларын жариялау – тәуелсіз қазақ елінің қасиетті парызы. Өкінішке орай бұл парыз күні бүгінге дейін толық атқарылмай келеді. «Бұған кім кінәлі?» деген сұраққа жауапты әркім біледі. Қысқасынан қайырсақ, үш ғасырға созылған отарлық және тоталитарлық қыспақ ұлттық сананы улап, намысты таптап тастағанның бұлтартпас айғақ-дәлелі – осы.

Алаш аманатына селқос көзқарасты ауызға алғанда жайбасарлығымызға, лауазымды қызметтегілерді сынауға қызығып отырған жоқпыз. Әңгіме ұлттық идеяны айқындатқызатын, қазақстандық патриотизмді, отансүйгіштікті қалыптастыратын мүмкіндік туралы ғана. Мәселені Абайша қойсақ: «Енді не қылдық, не болдық?».

Ықыласпен қараған жанға не істеп, не қоятынымызды тарих тағылымы мен тәжірибесі нақты көрсетуде. Ұлт азаттығы шежіресінде Алаш аманаты және желтоқсан айының орны алабөтен екенін ұғынсақ болғаны. Соған жеткізетін шаралар, біздің ойымызша, мыналар:

Біріншіден, бодандыққа қарсы күрестің асқар шыңындай Алаш қозғалысы 1917 жылдың 12 желтоқсанында екінші жалпықазақ сьезінің шешімімен Алаш автономиясын жариялады. Тарихи сәттің мәнін «Сарыарқа» газеті былайша ашқан екен: «Декабрьдің 12-сі күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге Алаш автономиясы келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қырғыз-қазақ жұрты өз алдына ауыл болды. Отансыз жұрт Отанды болды». Демек, 12 желтоқсан «Алаш күні» аталуға сұранып тұрған жоқ па.

Екіншіден, 1917 жылғы 13 желтоқсанда М.Тынышбаев, М.Шоқай басқарған Түркістан мұхтариятын (автономиясын) қолдап, Ташкент көшелеріне шыққан бейбіт халық шеруін большевиктік билік қару қолданумен қанға бояды, отарлық саясат жалғаса беретіні әшкереленді. Баймырза Хаиттың жазуынша, бетбұрысты саяси оқиғаға айрықша мән берген АҚШ конгресі арада 42 жыл өтсе де, 1959 жылдың 17 шілдесінде қаулы қабылдап, 13-ші желтоқсанда Түркістан күні деп жариялауға ұйғарыпты. Біз «Азаттық күрескерлері күні» деп неге атамаймыз.

Үшіншіден, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі 1991 жылғы 14 желтоқсанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін салтанатты түрде жариялады. Бұл аптаның соңғы жұмыс күні – сенбі еді. Маңызы жағынан келгенде бұл күн «Ұлттық мақтаныш күні» ғой.

Төртіншіден, Президентіміз Н.Назарбаев 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына қол қойды. Азаттықтың таңы атты.

Бесіншіден, 1992 жылғы 15 желтоқсанда Қазақстанның тәуелсіздігіне арналған тұңғыш салтанатты жиын өтті. Онда Президент Н.Назарбаев «Қазақстанның өз жолы, өз болашағы» тақырыбына баяндама жасап, алдағы үш жылда тұтыну нарығын реттеуге, келесі бес жылда экономиканың шикізаттық сипатын жеңуге, 10-15 жыл ішінде индустриалды жаңа елдер қатарына енуге апаратын экономикалық реформалар міндетін дәйектеді. Мақсатқа жетудің кепілі ретінде үш факторды – қажырлы еңбек, шыдам және ұлттық келісімді қадап-қадап көрсетті. Бүгінде қазақстандық жол - әлем мойындаған ақиқат. Ендеше «Болашаққа ұмтылыс күні» аталуға толық негізі бар.

Алтыншыдан, республикамызды ширек ғасыр басқарған әйгілі Д.Қонаевты адам білмейтін Колбинмен ығыстырған Кремльдің өктемдігіне наразы қазақ жастары 1986 жылғы 17-18 желтоқсанда мұздай қаруланған Кеңес әскеріне қарсы тұрып, КСРО деген империяның шаңырағын шайқады. Содан оңалмаған империя 1991 жылғы 8 желтоқсанда күйреп түсті. Біздің ойымызша, 17-ші желтоқсан «Тоталитаризмді айыптау күні», 18-ші желтоқсан «Отаншылдық күні» мәртебесіне әбден лайық.

Түйіп айтсақ, желтоқсанның 12-18-і аралығы ұлттық тарихымызда тағдыранықтаған күндер. Ғасыр басында мемлекеттігіміз жарияланды, ғасыр соңына қарай тоталитарлық жүйеге күйрете соққы берілді, ең бастысы – мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізді. Тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен аман-сау қалған бізге бұдан қастерлі, бұдан мәртебелі сәттер болуы мүмкін бе? Жоқ! Ендеше азаттық үшін және азаттықтың болмағанынан құрбан болған миллиондардың аруағын сыйлап, бүгінгі күнге жеткізген жұлдызды сәт ретінде 12-18-ші желтоқсанды, яғни жеті күнді ұлыстың ұлы күні, той, демалыс деп жариялайтын уақыт келді. Бұның еш астамшылығы, сөлекеттігі жоқ. Көрші Ресейде Рождество он күнге дейін жалғасады. Қытайда Республиканың туған күнін бір апта, жаңа жылды ай бойы тойлайды. Өз жақсымызға, құндылықтарымызға келгенде біз неге кекжиуіміз керек? Тойлайық, думандатайық. Ішіп-жеу үшін емес, дарақылана мақтану үшін емес, тарихи әділдікті қалпына келтіру үшін, мемлекеттік сананы қалыптастыру үшін, қазақстандық патриотизмнің әлеуетін ұшпаққа шығару үшін ұлттық мейрам күндері деп жариялайық. Сонда мемлекетімізді ұлықтаған мейрам Қазақстанның абыройын арттыратынын, Алаш аманатына риясыз ниетімізді біз де түсінеміз, басқалар да мойындайды.

Тарихқа тағзым - мемлекетқұраушы ұлтқа құрметтің басы. Ол бүгінгі ұлттық идеяның формуласын табуға әкелетін шығар. Ләйім солай болсын.

 

 

Алтын Күннен бағасыз бір белгі боп,

Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың!

Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен-тілім,

Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім.

Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа

Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тілім!

Мағжан Жұмабаев

 

 

М. Жүсіпов

Өзбекстан мемлекеттік әлем тілдері университеті орыс тілі

кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор,

Ташкент қаласы

 

Алаш зиялыларының еңбектеріндегі ұлттық психобейне және ғылымтаным заңдылықтарының көрінісі

Алаш және тіл

Алаш, қазақ сөздері синонимдік ұғымдарды білдіреді. Бірақ Алаш ұғымында саяси реңк те бар. Сол себептен Алаш сөзі қазақ сөзінің синонимі бола тұрып, саяси қозғалыстың да, саяси партияның да атауы болып қалыптасқан. XX ғасырда Алаш сөзі қазақ тарихына, жалпы түркі және әлем тарихына осы екінші ұғымында таралған.

Алаш ұғымына деген көзқарас өткен ғасырда екі түрлі болды:

1) Ұлтшылдар, пантюркистер, кеңес мемлекетіне қарсы болған қазақ зиялыларының партиясі, үкіметі. (Мұндай түсінік кеңес дәурінде кең таралды да, мемлекеттік саясаттын бір тармағы болды);

2) Қазақ халқының тәуелсіздігін, қазақ жерінің, мемлекетінің, тілінің, мәдениетінің т.б көрсеткіштерінің келешегін жоғарғы деңгейге көтереміз деген халық қамқоршыларының партиясы, қозғалысы. (Бұл түсінік XX ғасырда жабулы түрде жұрегі қазақша соққан әр қазақ зиялысының, жалпы индивидінің көзқарасы болды). Тәуелсіздік келгеннен кейін Қазақстанда және жалпы әлем қазақтарында бұл көзқарас қалықтың колына жеткен ұлы мұра болып қалыптасып келеді.

Әр ұлттың, мемлекеттің тарихында рұхани байлықты кеңейтетін, тереңдететін, ұлттың сана-сезімінің қалыптасуын, оның қызмет динамикасының ырғағын жаңа сапалы биіктікке көтеретін қоғами, я ресми қозғалыс, әлеуметтік топ, партия дүниеге келеді де, сол ұлттың, мемлекеттік келешегі үшін әлемтанымдық, адамтанымдық, ғылымтанымдық теңсіз дүние қалдырады.

Қазақ ұлтының тарихында сондай қозғалыс, сондай партия – Алаш қозғалысы, Алаш партиясы.

Алаштың әр қайраткері – ірі тұлға, табиғи дарын иесі, көсемдік қасиеті бар азамат (Алаш ақиықтары, 2006).

Алаштың сондай ірі қайраткерлерінің бірі – М.Әуезов.

М.Әуезов Алаштың тек ірі қайраткері емес, сонымен қатар өмір сүру тағдыры бахытты қайраткері.

Алаштың барлық зиялылары болмаса да, көпшілігі Ташкент қаласында қызмет етті.

Архив деректеріне сүйенетін болсақ, олар Ташкентте қазақ елі үшін теңсіз мұра қалдырды (тарихы, әлеуметтік, ұлттанымдық, әдебиеттанымдық, тілтанымдық, т.б.), себебі Алаш зиялыларының көпшілігі қазақ тарихында бірінші рет Ташкентте ашылған Қазақ педагогика институтында жұмыс істеді.

Алаш зиялыларының ішінде қазақ тіліне, қазақ әдебиетіне, қазақ жазуына көңіл бөлмеген азамат жоқ, себебі олар ұлттың негізгі ұлттық белгісі ретінде – сол ұлттың ана тілін түсінген. Мұндай тұжырым әлемдік мемлекет құрудың, әлемдік ғылымның стандарты. Яғни Алаш зиялылары әлемдік мемлекеттанымның, адамтанымның, ғылымтанымның негіздеріне сүйенген, сол қағидаларды дұрыс ұғып, қазақтану әлемінде ұтымды қолданған.

Европа тіл білімінде мынандай ұранды ғылыми тұжырым бар: «Отбасы ана тілін сақтайтын соңғы қорған». Алаш зиялылары осы тұжырымды тілді дамыту, тілге оқыту салаларының негізгі ережесі ретінде қабылдаған, сондықтан да олар еңбектерінде баланың ұлттық тәрбиесі, ана тілі әлеміне енуі отбасында басталады дейді: жеті жасқа дейін (ал А. Байтұсыновтың концепциясы бойынша – бастауыш сыныптарды бітіргенге дейін) бала тек ана тілінде білім алу керек дейді. Сонда ғана баланың мінез-құлқы, ойлау қабілеті, ішкі және сыртқы дүниелерінің көрсеткіштері, сана-сезіміндегі психобейнелері қазақи болады.

 

Алаш және ұлттық психобейне

XIX ғасырдың соңында И.А. Бодуэн де Куртенэ фонологияның үш теориясының негізін қалады.

Сол үш теорияның бірі – психологиялық фонема теориясы (психофонема теориясы).

Психофонема теориясының негіздерінің бірі – психобейне ұғымы.

Бұл теорияның қағыдалары бойынша әр ұлт өкілдерінің санасында, ойлау қабілетінде сөз мағынасын өзгертетін дыбыстардың (фонемалардың, я сингармофонемалардың) психологиялық бейнелері болады. Сол психобейнелер арқылы қалық бір-бірімен тілдік қарым-қатынас жасайды.

Дыбыстардың, сөздердің, сөз тіркестерінің, сөйлемдердің психобейнелері ұлттың барлық мүшелерінің ойында бірдей болады (сан жағынан да, сапа жағынан да), сондықтан олар бір-бірін толық түсініп тілдесімдік қатынасты табиғи заңдылық ретінде жасайды.(қараңыз: Жүсіпов, 1995; 1998; 2001).

Алаш зиялыларының тілтанымдық еңбектерінде қазақ санасындағы ұлттық психобейнелер нақты анықталған, орынды қолданылған, сондықтан да олар қазақтың дүниетанымдық мүмкіншілігін де дәл анықтаған, сөйтіп қазақтың ішкі және сыртқы дүниесінің заңдылықтарын ашып, оқулықтарға, мемлекеттік құжаттарға төл нұсқа ретінде ендірген.

Алаш және тұрақты, тұрақсыз категориялар

Диалектикалық заңдылықтарға және юриспруденция ережелеріне сүйенетін болсақ, болмыс құбылыстары, ұғымдары екі түрлі категорияға бөлінеді: тұрақты категориялар, тұрақсыс категориялар.

Тұрақсыз категория – келіп-кететін, келіп, содан соң жоқ болатын ұғым, яғни тұрақсыз категория - қалыптасқан жүйе емес. Мысалы, шет тілінде сөйлегендегі қателер. Олар - бугін бар, ертең – жоқ. Яғни бұл тұрақсыз категория, себебі біз жат тілді жақсы білген сайын қателер азаяды, ал толық игерген соң – қателер мүлдем жоқ болады.

Тұрақты категория – бұл жуйе. Оның көрінісі, қызметі әлсіреуі мумкін, бірақ үзілмейді, жоқ болып кетпейді. Яғни тұрақты категория уақыт кеңістігінде кеше де, бүгін де, ертең де бар дүние.

Алаш зиялылары осы заңдылықты жақсы түсінген, сондықтан да Алаш идеологиясы кеше де, бүгін де, ертең де тірі, себебі Алаш идеологиясы тұрақты категория. Оның дәлелі: Алаш зиялылары репрессияға ұшырады, кітаптары қамауға алынды, бірақ Алаш қағидалары қазақ көкейінде жойылмады, себебі Алаш зиялылары қазақтың жүрегіндегі, сезіміндегі, ойлау қабілетіндегі ұғымдар негізінде Алаш идеологиясын жасаған. Яғни Алаш идеологиясы тұрақты категория, себебі қазақ менталитетінің өзі тұрақты категория, сондықтан да Алаш концепциясы, алаштаным ілімі - мәңгі дүние. Осылай болған соң Алаш партиясы, Алаш идеологиясы, Алаш қозғалысының тарихы, Алаш ілімі, Алаш сана-сезімі, Алаш (қазақ) менталитеті мемлекет деңгейіндегі заң құжаттарының беттерінен орын алғаны дұрыс болар еді, себебі Алаш идеологиясы – ұлттық идеология, ал Қазақстан республикасының титулдық ұлты – қазақ: қазақ мемлекетінде қазақ идеолгиясының барлық әлеуметтік салаларда қызмет атқаруы міндет (жалпы адамдық идеологиямен қосақтасып). Ұлттық (Алаш) идеологиясы ұлттық менталитетті, саясий, әлеуметтік, оқу-тәрбиелік, экономикалық, мемлекеттанымдық, мемлекет құрылымдық іс-әрекеттерді дамытудың негізі. Әрине, Алаш идеологиясының кейбір тұжырымдарын, ұсыныстарын, жоспарлау қағидаларын заманға сай интерпретациялау керек, яғни уақыт кеңістігіндегі адамның, қоғамның, ұлттың, мемлекеттің даму үрдісінің статикасы мен динамикасына бейімдеу қәжет, бірақ өзегін, мәңгілік ұғымдарын сақтау, қоғам қызметіне енгізу мемлекеттің де, әр азаматтың да міндеті деп түсінгеніміз дұрыс болар.

 

Алаш зиялыларының еңбектеріндегі ғылымтаным

заңдылықтарының орны

Алаш зиялыларының тілтанымдык, әдістемелік ғылыми мұрасына әділді баға беру үшін, олардың ғылымтаным (науковедение) жайындағы базистік түсініктерін зерттеп шығу керек. Осындай ғылыми ізденістердің нәтижесі объективті болу үшін, төмендегі мәселеге көңіл бөлу керек:

Алаш зиялыларының ғылымды табиғи объективтік болмыс кұбылысы ұғымында түсінуі.

Ғылымның негізгі мақсаты болмыс жайында объективтік білімді анықтап, зерттеп, теориялық жэне машықтық тұжырымын жасау. Ғылым бір адамдікі, я болмаса бір елдікі емес, ғылым - жалпы адамзаттікі, яғни ғылым жекеленбейді, ұлттанбайды, себебі ғылымның зерттеу объектісі ең алдымен диалектикалық заңдылықтар. Мысалы, "екі жайда екі – төрт". Бұл ғылыми қорыту барлық адамдарға, барлық xалықтарға бірдей, сондықтан «екі жайда екінің" қорытындысы бір адам үшін да, бір ұлт үшін да – төрт, басқа адамдар, басқа ұлттар үшін - я үш, я бес болмайды. Егер Исаак Ньютон физика заңдылықтарын ашпағанда, онда сол заңдылықтарды басқа жерде, басқа уақытта, басқа елде, басқа адам (я басқа адамдар) ашар еді, себебі ғылым объективтік болмыс, бүткіл адамзатқа ортақ дүние. Ғылымның бүткіл адамзатқа ортақ дүние екендігіне басқа жағдайлар да күәлік етеді. Мысалы, бір табиғи заңдылықты, я бір ғылыми заңдылықты әлемнің әр жерінде жасайтын бірнеше ғалымдар бір уақытта, бір я әртурлі ғылыми жолдармен ашады (айталық, аэропланның әуеде ұшу заңдылықтарын). Жоғарыда келтірілген мысалдар ғылымның өзгермейтін заңдылықтары, касиеттері бар екендігін дәлелдейді.

Ғылыми мәтіндердің мазмуны - ғалымдар ашқан ғылыми заңдылықтар, категориялар, ой-пікірлер, деректер. Ғылым болмысты игеретін тәсіл ретінде білімді әркез жалпылама (жекеленбеген) түрінде анықтауға, дәлелдеуге әрекеттенеді. Яғни ғылымның болмысты игеруде жалпылама білімге әрекеттенуі - заңдылық.

Алаш зиялыларының шығармаларың анализ жасау үстінде, біз олардың болмыс зерттеудегі ең объективті тәсіл - ғылым екендігін жән-тәнімен түсінгенін ұқтық; ғылымның жалпылама білімді анықтауға, сол жайында тұжырым жасауға арналғандығын терең игергенін ұқтық. Біз осы жағдайды Алаштың ғұлама қайраткері – А.Байтұрсыновтың еңбегін зерттеу арқылы көрсетпекпіз.

"Тіл - құрал" атты кітабін Ахмет Байтұрсынов былай бастайды: «Тіл - адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі... " (Байтұрсынов, 1914; 1992, 141-6.). Осы сөйлемде Ахаң..:

біріншіден, тілдік қарым-қатынастың объективті болмыс екендігін көрсетіп тұр (себебі тілдік қарым-қатынас адамның адамдық белгісі);

екіншіден, ғылымның жалпылама білімді зерттейтінін және соған лайықты тұжырым жасайтынын көрсетіп тұр (себебі тіл - адам пайдаланатын құралдың бірі);

үшіншіден, ғылымның жекеленбейтіндігін, ұлттанбайтындығын көрсетіп тұр (себебі тіл – жалпы адамның адамдық белгісі, жалпы адамның пайдаланатын кұралы);

төртіншіден, ғылымның, ғылыми мәтіндердін, мазмұны - ғалымдар ашқан заңдылықтар, пікірлер, деректер екендігін көрсетіп тұр (себебі тіл – адам пайдаланатын құрал (бірінші заңдылық), тіл – адамның адамдық белгісі (екінші заңдылық), "тіл - адамның адамдық белгісінің зоры...", яғни ең негізгісі (үшінші заңдылық), т.б.).

Сонымен Ахмет Байтұрсынов шығармаларында болмыстың және ғылымның заңдылықтарын, ғылым мен болмыстын қатыстығын, ғылымның болмысты зерттейтін ең негізгі тәсіл екендігін, ғылым білімді жалпылама түрінде анықтайтынын, тұжырымдайтынын биік, кең, терең және дәлелді иллюстрациялайды.

Ғылыми мәтінді осылай дүниеге келтіру тек А. Байтұрсыновтың емес, басқа Алаш зиялыларының еңбектерінде де орын алған (Х. Досмұхамед ұлы, Қ. Кеменгеров, М. Әуезов, т.б.)

Алаш зиялыларының мұрасы әлі толық зерттелмеген. Біз осы мәселеге байланысты екі монография жарияладық: 1) «Фонемография А. Байтурсынова и фонология сингармонизма». 11 б.т.,Ташкент, 1995 ж., 176 б.; 2) «А. Байтұрсынов және қазіргі қазақ тілі фонологиясы».14,5 б.т., Алматы, 1998 ж., 216 б.

Қазір үшінші монографияны баспаға дайындап қойдық («А. Байтұрсынов еңбектерінің тілтанымдық табиғаты (терминжасам және стилистика мәселелері)». 12б.т.).

Сонымен Алаштың, Алаш партиясының, Алаш қозғалысының, Алаш көзқарасының, Алаш-Орда үкіметінің қазақ тарихында және жалпы түркі, Орталық Әзия, ары барса әлем тарихында өзінің әділді бағасын, тиісті орнын алатын уақыт баяғыда келді. Біздің бүгінгі мақсатымыз Алашты терең және кең зерттеп, ескіден қалыптасқан күреңкі пікірлерді тазалап, оларға жаңашыл баға беріп, жаңа деректерді жаңа ғылыми ұғымдар негізінде зерттеп, жалпы қоғамға жеткізу, жастардың ойлау қабілетіне тарихи шындық, ғылыми тұжырымдар, заманның әлеуметтік бейнесі ретінде қалыптастыру.

 

Дебиеттер

1. Алаш ақиықтары. 5.Мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар. Алматы, «Алаш», 2006, 288 б.

2. Байтұрсынов А. Тіл-құрал. Дыбыс жүйесі мен түрлері. 1-ші тіл танытқыш кітап. Қазақстан мемлекеттік баспаханасы, Қызыл-Орда, 1925// Байтұрсынов А. Тіл тағылымы (қазақ тілі мен оқу-ағартуға қатысты еңбектері). Алматы. Ана тілі, 1992, 141- 171 бб.

3. Джусупов М. Ахмет Байтурсынов және қазіргі қазақ тілі фонологиясы. Алматы, Ғылым, 1998, 216 б.

4. Джусупов М. Социолингвистический аспект теории психологической фонемы И.А. Бодуэна де Куртенэ. Қазақстан жоғары мектебі (Высшая школа Казахстана). Алматы, 2001, № 4,5, с. 62-69.

5. Джусупов М. Фонемография А. Байтурсынова и фонология сингармонизма. Ташкент, «Узбекистон», 1995, -176 с.

 

 


Алаш туы астында,


Дата добавления: 2015-10-28; просмотров: 236 | Нарушение авторских прав


<== предыдущая страница | следующая страница ==>
Дұшпанға кеткен ары мен| Илы заман»: тарихы мен тағылымы

mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.036 сек.)