Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АвтомобилиАстрономияБиологияГеографияДом и садДругие языкиДругоеИнформатика
ИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеталлургияМеханика
ОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРелигияРиторика
СоциологияСпортСтроительствоТехнологияТуризмФизикаФилософияФинансы
ХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника

Дұшпанға кеткен ары мен

Барымтаға түскен малы бар.

Махамбет

 

 

Х. Оралтай

Жазушы, журналист, зерттеуші,

Мюнхен (Германия)

 

Здіксіз 42 жыл Еуропадан шақырылған АЛАШ Ұраны

 

Ұлттық тарих - әдебиетке қатысты мәселелер қолға алынғанда, ұлттық сана-сезім иелерінің ойына марқұм Міржақып Дулатұлының:

 

Кешегі қара күндерде,

Жұлдызсыз, айсыз түндерде,

Жол таба алмай сенделіп,

Адасып алаш жүргенде,

Бұл күнгі көп көсемдер,

Сұраймын, сонда қайда едің? – деп басталатын әйгілі толғауы оралады. Міржақып Дулатұлы марқұмның сол толғауының бесінші шумағында:

Құландай үркіп елдерін,

Қалдырып мекен жерлерін,

Жаяу, жалпы, жалаңаш,

Қатын, бала, ерлерің

Аштықтан қырғын тапқанда,

Сыпыра жомарт қайда едің? – делінгеніндей, осыдан дәл 60 жыл бұрын, қазіргі ҚХР құрамындағы байырғы Шығыс Түркістанның Еренқабырға тауы бөктеріндегі, Қызылөзен өңіріндегі мекенімізден кеңестік, яғни орыс қолбасылары басқарған қырғындаушы қосындар шабуылынан, ал осыдан 58 жыл бұрын, яғни 1949 жылы Коммунистік Қытайдан, яғни Сталин мен Мао тце тұңның зұлым-зомбылығынан «Құландай үркіп» Такламан шөлінен өтіп, Гималай тауынан асып, Үндістан мен Пәкістанды, Ырақ пен Сырияны басып, адам айтқысыз ауыртпалық азаптар көріп, 1954 жылы Түркияға барып паналаған қазақтың ішінде мен де бар едім. Елден қашқан кезімізде 14 жаста едім. Содан 1967 жылы Германияның Мюнхен қаласындағы «Азаттық» радиосына бардым. 1995 жылдың маусым айында заңды демалысқа шығып, зейнеткер болғанға дейін 28 жыл сонда істедім.

1953 жылдан бастап жыл сайын, 1917 жылдың 13 желтоқсанын, яғни Алашорда ұлттық үкіметінің құрылған күнін, «Азаттық» радиосында мүмкіндігінше арнаулы бағдарлама хабар берумен белгілеп келген дүниежүзілік екінші соғыстан қалған ағайлар, 13 желтоқсанда АЛАШ КҮНІ деп атайтын.

Алаш Орда үкіметінің құрылған күнін 1967 жылы тұңғыш рет «Азаттық» радиосы ғимараты тысында, қалада үлкен зал ұстап белгілеуді басқару ісін маған тапсырды. Сонымен АЛАШ КҮНІ, яғни Алаш Орда үкіметінің құрылған күнінің 50 жылдық мүшел тойы, Германияның Мюнхен қаласындағы және өзге жақын қалаларда тұратын Түркістандықтардың (яғни қазақ, өзбек, қырғыз, қарақалпақ, түрікпен, ұйғыр, тәжік, татарлардың) қатысуымен салтанатты түрде белгіленді. Онда жасалған баяндамаларды мен түрікшеге аударып Түркия баспасөзіне жібердім. Ол Ыстанбұлда шығатын «Өтүкен» және «Мілли Харекет» Ізмірде шығатын «Түркелі» журналдарында Әлихан Бөкейханның суретімен толық түрде жарияланды. «Түркістанның Ұлттық Үкіметі Алаш Орданың 50-мүшелі» деген ол мақалалар Түркия баспасөз органдарында АЛАШ атымен басылған тұңғыш дербес мақала саналады. Одан бұрын ол елде, тіпті басқа бастық елдерде де баспасөз бетінде АЛАШ атымен ондай дербес мақала шықпаған. Сондықтан Түркиядағы таныс-білістер менің Шығыс Түркістан қазақтарының ұлт азаттық күрестері жөніндегі мақалаларым мен кітабыма сілтеме жасай отырып «Қазақтардың ылғи батырлары туралы ғана емес, ойшылдары, ақындары, ғалымдары туралы да жазсаңшы» деген адал ниетті талаптар қоя бастады. Ол кезде жалпы қазақ халқын да шет елдіктер көп біле бермейтін. Орыстармен шатастыратын. Мәселен, 1956 жылы Уенгерияға жасалған Мәскеулік қысым кезінде Түркия баспасөз органдары, бірінші беттерінде «Қазақтар Уенгерия астанасы Будапеште көшелерін қанға бояды» деген үлкен айдармен хабарлаған-ды.

Өкінішке орай, түркиялық оқырмандардың әлгі талабы жөнінде дәл сол кезде біздің білетініміз де шамалы еді. «Азаттық» радиосында 1953 жылдан бері істейтін соғыстан қалған Мюнхендегі қазақстандық ағайындардың ішінде тарих-әдебиет саласының маманы жоқты. Түркия арқылы сонда барған Шығыс Түркістандық біздер де жалпы қазақ тарихы мен әдебиеті жөнінде жеткілікті мәлімет білмейтін едік. Сталиннің қанды құрығы Шығыс Түркістан жаққа да жетіп, ол жақтағы қазақтың ұлттық әдебиеті мен тарихы жөніндегі кітаптарға тыйым салынғанды. Қазақтың ұлттық тарихы мен әдебиеті саласында мәлімет білетін тұлғалардың жаппайы тұтқындалып, өмірі өшірілгенді.

Ал шет елдердегі біздердің ол кезде Қазақстан мен Шығыс Түркістаннан кітаптар алдырып, деректер іздестіру былай тұрсын, елмен қарапайым сәлем хат арқылы хабарласуымыз да мүмкін емес-ті. Ол біздер, дәл әлгі Міржақып Дулатұлы айтқандай: «Ақыл таппай дағдарып – Жан ашыр таппай сенделіп», «Жұлдызсыз, айсыз қара түндерде» жат елдерде сандалған бір кезең еді.

Діни сенімі берік бір мұсылман, ауыр-жеңіл қандай жағдайда болса да Алланы, оған деген құлшылық ғибадатын естен шығармайтындай, ұлттық сана-сезімі берік нағыз ұлтшылдар да ылғи Отанын, ұлтын ойлайды. Шамасы келгенінше оның мүдде-мақсатын қорғауға тырысуды өзінің басты парызы санайды.

Сталин мен Мао Тце тұңның әлемге әйгілі зұлым-зомбылығынан бас сауғалап, қуғыншы жаумен атыса жүріп, қатын-бала жаяу жалаңаш қашып, Такламакан шөлінен өткенде де, Гималай тауынан асқанда да, шет елдерде ауыр жағдайларда өмір сүріп өксігенде де, марқұм Мағжан Жұмабайұлы: «Көп түрік енші алып тарасқанда – қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?» деген қара шаңырағымызды, туған халқымыз қазақты ешқашан естен шығармадық. Сол үшін де, АЛАШ КҮНІН жыл он екі айда бір атап өтумен ғана шектелмей, Алаш қимылы жетекшілерінің өмір жолын сол бір кезде табылған мәліметтер негізінде әрбірін жеке тізбекті әңгімелерге арқау етіп «Азаттық» радиосы тыңдаушылары назарына ұсына бастадық. Мәселен; Әлихан Бөкейхан, Мұқаметжан Тынышбай, Ақымет Байтұрсын, Міржақып Дулат, Жиханша Досмұқамбет, Халел Досмұқамбет, Мұстафа Шоқай, Ақымет Бірімжан, Алимқан Ермек, Қалел Қаббасұлы, Абдұрахман Оразай, Мұстафа Оразай, Құлмұқамбет Оразай, Омар Қарашұлы, Мағжан Жұмабай, Алпысбай Құлман, Уалитқан Танашұлы, Райымжан Марсықұлы және көптеген басқа алашшылар туралы даярланған арнаулы бағдарламалар, «Азаттық» радиосы Мюнхеннен Прагаға көшкен 1955 жылға дейін қолға түскен жаңа мәліметтермен де толықтырылып, жыл сайын қайталанып отырды. Атап айтқанда, әр жылы желтоқсан айының сегізі күні, «Бүгін 1917 жылы Орынборда басталып 13 желтоқсан күніне дейін бес күн бойы ұласқан және Алаш Орда ұлттық үкіметінің құрылғандығын жариялаған Қазақ Құрылтайының ашылғанының пәленбай мүшелі» деп бастап, оны желтоқсанның 13-іне дейін ұластыратынбыз. 1986 жылдан кейін, оған сол жылғы желтоқсан көтерілісін де қосып, оны сол бойы 27 желтоқсан күнгі Мұстафа Шоқайдың қайтыс болғанына арналған арнаулы программамен аяқтайтынбыз. Осылайша 1995 жылға дейін кемінде айына бір рет «Азаттық» радиосы арқылы 42 жыл бойы, АЛАШ ҰРАНЫ салынды. Алаш ардагерлері үздіксіз еске алынды.

Алаш қимылы мен Алаш ардагерлері мұрат-мақсатын қолда бар тапшы мәлімет-материялдар негізінде шет елдерге таныстыруға да тырыстық. 1973 жылы Ыстанбұлда түрік тілінде «ALAS TURKISTAN TURKLERININ MILLI ISTIKLAL PAROLASI – АЛАШ Түркістан Түрклерінің Ұлт Азаттық Ұраны» деген кітап шығардым.

«Кешегі қара күндерде,

Жұлдызсыз, айсыз түндерде,

Жол таба алмай сенделіп,

Адасып алаш жүргенде» деп жазылған ол кітаптың ерекшелігі – оның АЛАШ атымен сол күнге дейін шет елдерде жарық көрген тұнғыш кітап болуы. Кейбір топшылауларға қарағанда Қазақстан тәуелсіздігін жариялап көк туды көтергенге дейін, 1935 жылы екі орыс жағынан жазылып, Қазақстанда басылған, бірақ Мәскеулік «Правда» газетінің (13.4.1935 күнгі) мақаласынан кейін тыйым салынған Алаш Орда жөніндегі кітап тысында, Алаш атымен Қазақстанда да кітап басылмаған. Ол кітабымды сол кезде табылған шағын мәліметтер негізінде Алаш Орда үкіметі мен Алаш партиясының тарихы туралы шет елдік оқырмандарға мәлімет беруге тырыстым. Кітапқа оқырмандар жылы лебіз білдірді. Түркияның көрнекті ғалымдары мен журналистері, оны Түркістанның ұлт азаттық қимылы тарихының бұрмаланған беттерін түсіндірген құнды еңбек ретінде бағалады. Ал советтік баспасөз оны ұнатпады. «Казахстанская правда» және «Социалистік Қазақстан» газеттерінің бастауымен Қазақстанның барлық баспасөз органдары кітапты баяғы советтік дағды бойынша даттады.

«АЛАШ Түркістан түріктерінің ұлт азаттық ұраны» атымен 1973 жылы жарық көрген ол кітабымды «Советтік үлкен энциклопедияның бірінші басылымының бірінші томының 382 бетіне» және кезінде Алаш ардагерлерімен үзеңгілес болған башқұрт тұқымды Түркиялық ғалым, проф. др. Ахмет Зәки Уәлиди Тоғанның 1942-1947 жылдары Ыстанбұлда басылған «(Turkistan) ve yakin TariҺі» яғни Түркелі – Түркістан және жақын тарихы деген кітабына сілтеме жасай отырып, «Ғасырлардан бері ұлттық ұран болып келген АЛАШ атауы 1905 жылдан бастап Түркістандықтардың тұңғыш ұлттық саяси партиясының аты болды» дедім. Соған байланысты тағы проф. др. А.З.У. Тоғанның аталған кітабының 346-347 беттеріндегі мәліметтерге сілтеме жасай отырып, 14500 кісі қатысқан 1905 жылғы Қарқалы-Қоянды жәрмеңкесіне жиналған жұртшылық арқасында Әлихан Бөкейханның да болғандығын, сол үлкен жиында Ақымет Бірімжанұлының жасаған әсерлі баяндамасының, онда маңызды қаулы қабылдану ісіне үлкен ықпал еткендігін келтірген едім. Соған байланысты ол үлкен жиында қабыл етілген қаулыға сай бір арыз хат (пытитса) арқылы Ресей үкіметіне қойылған талаптың маңыздылығына сілтеме жасай отырып, ондай үлкен мән-маңызды талап-тілектердің, саналы түрде ұйымдасқан бір топтың ісі екенін аңғаруға болады. Ол топ құпия түрде іс жүргізуші алашшылар еді деу артық айтқандық саналмайды деген тұжырымға қосылғаным. Бұл Алаш партиясы 1905 жылы құрылған-ды деген көзқарасты қостағандық еді.

Қазақ ғалымдары Қазақстан Ұлттық тәуелсіздігін жариялап көк туын көтергеннен кейін жазған еңбектерінде ол көзқараспен келіспейтіндіктерін атап айтуда. Бірақ, «Советтік үлкен энциклопедияға» әлгі Алаш партиясы 1905 жылы құрылған деген мәліметті кімнің, қандай деректермен бергендігі түсіндірілмеуде.

Қысқаша қорытқанда, үздіксіз 42 жыл бойы Еуропадан шақырылған Алаш ұраны осынау «... Қара күндерде, - Жұлдызсыз, айсыз түндерде» осылай жалғастырылғанды.

 

БҰЛАҚТАР: Хасан Оралтай материалдары, Ұлттық Академиялық Кітапхана, Астана.

 

Азақ тілінен асыл, қазақ тілінен бай тіл жоқ. Сол ата-бабаның тілі болған қазақ тілін осы күнгі қазақтың жалғызы білмейді. Егер қазақ тілін білсе, дін де осында, ғылым-білім де осында. Солай болғаны үшін бұрынғы өткен ата-бабаларымыз бәрі жақсы болып, әулие болып өтті, Дүниедегі ең асыл – араб тілі, одан кейін түрік тілі, түрік тілінің ішіндегі гауһары – қазақ тілі.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

М.Қ. Қойгелдиев

С. Демирел атындағы Қазақ-түрік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы,

Қазақстан тарихшылары

Қауымдастығының төрағасы

 

Алаш қозғалысының ұлт тағдырындағы

Орны жөнінде

 

Халықтың өткен өмірі жалпықоғамдық мәні бар тәжірибе ретінде қорытылып, белгілі бір дәрежеде ұлт игілігіне асқанда ғана құндылыққа айналады. Онсыз өткен тарих қысыр әңгіме ғана. Егер біз Алаш қозғалысын ұлт тарихында ерекше орны бар құбылыс ретінде ғана бағалаумен шектелсек, онда біз оны түсіне алмаған ұрпақ болып шығар едік.

Бізге бүгін жалпыұлттық деңгейде қорытылып жалпыұлттық деңгейде игерілген, яғни ұлттық дүниетаным мен ұстанымның іргетасы міндетін атқара алатын тарих қажет. Ал Алаш қозғалысы сол дүниетанымдық тарихтың өзегі. Өйткені Алаш халқымызды бесігінде тербетіп, есейіп ат жалын тартып мінгенде бойына күш-қуат және сенім берген – ұлттық идея. Алаш – ұлттың өзін бөлінбес тұтас жер, яғни территория ретінде сезінуі. Алаш – ұлттың аспан асты, жер үстінде өз орны бар ел ретінде өз еншісі мен үлесін анықтау харакеті.

Осыдан тура тоқсан жыл бұрын Әлихан Нұрахметұлы Бөкейханов бастаған қазақ саяси тобы Уақытша үкімет ұстанымын қолдап большевиктермен ымырасыз егеске түсті. Сондай-ақ бұл алып империяның саяси өміріндегі кезекті бір кикілжіңнің көрінісі емес-тін. Қазақ саяси ұйым құрып империя өмірін, оның құрамындағы қазақ ұлтының өмірін реформалау арқылы түбегейлі өзгертуді жақтайтын бағдарламалық негізі бар жол ұсынды. Бұл қазақ тарихында бұрын болмаған, орасан зор маңызы бар жаңа құбылыс еді.

Жалпы алғанда 1917 жылы қазақ халқының өмірін дүр сілкіндірген, оған динамика берген бірнеше ірі оқиғалар болып өтті. Олар: ұлт тарихындағы тұңғыш саяси ұйым – ұлттық-демократиялық платформадағы Алаш партиясының өмірге келуі (шілде); Ресей империясы құрамында Алаш автономиясын құру туралы ұсыныстың жария етілуі; Алаш автономиясының Ұлттық Кеңесі - Ә. Бөкейханов бастаған Алашорда үкіметінің құрылуы еді.(5желтоқсан). Осыдан бірнеше күн бұрын, яғни 1917 жылғы 28 қараша күні Қоқан қаласында жұмысын бастаған ІҮ-ші Төтенше өлкелік мұсылмандар съезі Түркістан өлкесін Түркістан автономиясы жариялап, оның 12 орыннан тұрған Уақытша үкіметін бекітті. Оның тұңғыш төрағасы М.Тынышпаев, кейін оны Мұстафа Шоқай ауыстырды. Ал осы саяси және мемлекеттік құрылымдардың өмірге келуі негізсіз, кездейсоқ оқиға ма еді? Әрине күтпеген кездейсоқ оқиға емес-тін. Менің бір аспирантым (Қ. Ілиясова) «Қазақ съездері» аталатын диссертациялық зерттеу жұмысын жазды. (ол жақында кітап болып жарық көрмек). Сонда айтылады: 1917-1918 жылдары қазақ даласында өткізілген қазақ съездерінің ұзын саны 68-ге жеткен. Осы аталған мезгілде ұлт азаттығын, оның ең өзекті деген өмірлік мәселелерін талқыға салып, белгілі бір шешімдер қабылдаған қазақ съездері дерлік барлық облыс және уез орталықтарында болып өтті. Сол қазақ съездерінде қабылданған шешімдердің ең негізгісі, әрине, барлық елді орталықтарда Қазақ комитеттерін құру туралы шешім болатын. Ал Қазақ комитеттері болса болашақ ұлттық мемлекеттіктің негізі, бастау көздері еді.

Міне осы өткізілген Қазақ съездері мен құрылған Қазақ комитеттері Қазақ қоғамының саяси белсенділігінің жоғары болғандығын айғақтап қана қоймайды, сонымен бірге сол белсенділікті дұрыс бағыттай алған ұлттық басқарушы топтың да саяси деңгейінің заман талабына лайық болғандығын анық байқатады.

Алаштық басқарушы топтың алдына қойған мақсат-мүддесін, осы тұрғыдан оның интеллектуалдық-саяси деңгейін бағалауға мүмкіндік беретін негізгі құжат, әрине, бұл Алаш партиясының бағдарламасы. Бағдарлама не айтады? Бағдарлама қазақ қоғамының алдында тұрған негізгі екі қоғамдық мәселені шешуді көздеді. Олар біріншіден, қазақ елін отарлық тәуелділіктен азат ету, екіншіден, тегеурінді реформалық шараларды іске асыру арқылы қазақ өмірін жаңа сапаға көтеру еді.

Әлихан Бөкейханов пен оның серіктерінің ұстанымы бойынша 1917 жылғы аласапыран өзгерістер жағдайында қазақ қоғамы біржола мемлекеттік дербестік алып, бөлініп шығуға даяр емес-тін. Ә. Бөкейханов ол жөнінде мемлекеттік ісін «жүргізіп әкетерлік кісіміз тіпті жеткіліксіз, қазақтың жалпысын тарих даярлаған жоқ,» сондықтан да қазақ жұрты «жері біргелік автономияны қабылдап» Ресей империясы құрамында бола тұрады, ал қай күні өзін-өзі басқаруға жараса, сол күні бөлініп дербес мемлекет құруға күш салады деп жобалады. Бұл тұрғыдан алғанда біз кеңестік жүйе жағдайында мемлекетті басқару мектебінен өттік. Тарихи шындық сондай.

Алаш бағдарламасында Ресей мемлекеті «демократиялық, федеративтік республика» ретінде құрылып, ал шашыранды қазақ облыстары өз билігі өзінде тұтас бір мемлекетке бірігіп, автономиялық негізінде Ресей Федерациясының құрамына енуге тиіс еді.Сөз орайына қарай айта кетейік, кеңестік және посткеңестік кезеңдерде жарық көрген қайсыбір еңбектерде кеңестік билік пен коммунистік партияны қазақ еліне оның жерін жинап, мемлекеттігін құрып беруші күштер ретінде көрсету етек алды. Иә, рас, бұл тұжырыммен белгілі дәрежеде ғана келісуге болады, дегенмен оны толық күйінде қабылдау қиын. Өйткені қазақ жерінің тұтастығы мен оның мемлекеттігі жөніндегі идея сондай-ақ оны іске асыру әрекеті кеңестік заманда ғана емес, одан да ерте кезеңдерде, тіптен Ресей империясы құрамына енген уақыттан бұрын да анық көрініс тапқан болатын.

Осы тұрғыдан алғанда ұлттық мемлекеттік дербестікке байланысты Алаш идеясы Абылай хан, оның немересі Кенесары хан, қазақ қоғамындағы басқа да азаттық үшін қозғалыстар мен қызметтің кезекті табиғи көрінісі және тікелей жалғасы ретінде қарастырылуы толық негізді.

Алаштық топтың қазақ шаруасына, қарапайым жұртқа қатысты ұстанымы жөнінде Алашты қазақ қоғамы таптық жіктелуден алыс жатыр деп түсінді. Отарлық езгіге қарсы күрес платформасында тұрған олар басымдылықты жалпыұлттық мүддеге берді. Мұндай ұстаным азаттық қозғалыстың ішкі логикасынан туындап жатты және ол дұрыс та болатын.

Алашорда үкіметін сайлаған екінші жалпықазақ съезі қозғалыстың ұлтаралық саясаттағы негізгі бағыттарын белгілеп берді. Съез қаулысында: «V. Қазақ арасында тұрған аз халықтардың құқықтары теңгеріледі», -деп көрсетіледі. Съезде құрылған Алашорда үкіметіндегі 25 орынның 10-ы қазақ арасындағы басқа халықтарға қалдырылды. Бұл арада біздің бағдарламаны кеңірек талдауға алу мүмкіндігіміз шектеулі. Егер де тұжырымдап айтар болсақ, оның сол тарихи мезгілдегі беделді саяси партиялардың бағдарламаларымен иықтас екендігіне жеңіл-ақ көз жеткізуге болады.

Алаш бағдарламасы өмірлік шындыққа айнала алған жоқ. Оқиғалар ағымы Ресей қоғамында қазақ сияқты халықтардың мемлекеттік дербестікке емес, тіптен империя құрамында мемлекеттік автономия алуына үзілді-кесілді қарсы күштердің басым екендігін анық көрсетіп берді. Ресей империясын біржола ыдыраудан сақтап қалу қамына кіріскен большевиктер партиясы қоғамдық дамуда Ресейден жоғары тұрған Польша мен Финляндияның мемлекеттік дербестігін мойындай отырып, украин, грузин, қазақ сияқты халықтарды империя құрамында ұстап қалу мақсатында түрлі әдіс-айлаға көшті, ал Алаш сияқты азаматтық күштермен күрес барысында репрессиялық шараларға жиі және емін- еркін барып отырды. Мен осы арада сіздердің назарларыңызды мынадай бір мәселеге аударғым келеді. Кеңестік билік Алаш зиялыларына қарсы ашық әрі перманентті репрессиялық шараларды жүргізе отырып бұл қозғалыстың ұлт-азаттық сипатын түсінді ме? Бұл біз үшін Ресей империясы, сонан соң Кеңестік мемлекет құрамында болған тарихымызды тура түсіну үшін аса қажет нәрсе. Әлем тарихында бірде-бір мемлекет өзінің отаршылдық мазмұнын бүркемелеп, жасырып көрсетуде кеңестік билікпен тең келе алар ма екен? Әй қайдам, тең келе алмас.

Кеңестік биліктің Алаш қозғалысының ұлт-азаттық сипатын жақсы білгендігін куәландыратын құжаттар аз емес, жеткілікті. Бұл ретте Біріккен мемлекеттік саяси басқарманың (ОГПУ) қазақ азаттық қозғалысы, ұлт зиялылары үстінен тұрақты түрде жүргізіп отырған бақылау жұмысының есеп материалдарын алса да жеткілікті. 1922 жылыдың соңғы тоқсаны бойынша жасалған сондай бір ГПУ есебінде осы мекеменің тікелей тапсырмасымен Бөкейханов пен Дулатовтың тұтқынға алынып Орынбор ГПУ-ың қарауына беріліп, сондай-ақ Ақпаевтың жанында үш беймәлім серіктерімен Қарқаралыдан 900 шақырым жерде тұтқындалғаны ендігі уақытта Бөкейхановтың Мәскеуге жіберіп, Дулатовтың Орынборда қалдырылып, ал Ақпаевтың Семейде абақтыдан босатылып, ГПУ қарауында болатындығы айтылады. Одан ары есепте мынадай сөздер берілген: «Результаты агентурной разработки Алаш орды и киргизских национальных группировок за последнюю четверть 1922 года, связанные с получением сведений, помещенных в настоящий доклад, позволяет сделать нижеследующие выводы об измениях в национально-освободительном движении и о характере его за отчетный период». Қазақ ұлт-азаттық қозғалысының басшысы Ә. Бөкейханов осы мезгілден бастап өмірінің соңына дейін (сентябрь 1937ж) оған Мәскеуден арнайы бөлінген бір бөлмелік пәтерде бақылауда тұруға мәжбүр болды (бұдан бұрын ол 1908 -1917 ж. аралығында қазақ жеріне келу құқынан айрылып, Ресейдің Самара қаласында тұрған). Бұл билік орындарының қозғалыс басшысын қазақ ортасынан алыс ұстауының нақты көрінісі еді.

1930 жылы ОГПУ-дың орталық басшылығы өзінің ортаазиялық бөліміне «қазақ зиялыларын қыспаққа алуды күшейте түсу» жөнінде арнайы тапсырма береді. 1927 – 1932 жылдар аралығында Алаш зиялылары үстінен екі дүркін жүргізілген сот процесі қазақ ұлт- азаттық қозғалысымен біржола саяси есеп айырысудың, яғни оны талқандаудың өзі болатын.

Сонымен, ХХ ғасырдың басында, яғни патшалық жүйе қойнауында нақ бағдарламалық негізде өмірге келген қазақ ұлт-азаттық қозғалысын кеңестік билік өз қолымен тұншықтырып, басты. Пролетариат диктатурасы атанған саяси билік осылайша өзінің ұлттық идеямен қатар үйлесімді өмір сүре алмайтындығын іс жүзінде көрсетті.

Осы ретте мен сіздердің назарларыңызды баяндалған мәселеге тікелей қатысы бар тағы бір тарихи фактіге аудармақпын. Алаштық топқа шабуылға көшкен Кеңестік билік, бір қызығы сол, қазақ саяси басшылығының екінші бөлігіне, яғни большевиктік платформаны алғашқы қадамынан бастап-ақ қабылдаған С. Сейфуллин, С. Меңдешев,

Т. Рысқұлов сияқты беделді топтың қолдауына сүйенді. Мәселен С. Меңдешев 1920 жылы Алаштық саяси топты сынай келіп, «белгілі бір саяси ағымды ұстанған, сондай-ақ онымен шындап күрес жүргізуге тұрарлықтай қазақ интеллигенциясы болған емес және қазір де жоқ. Ал кездейсоқ және ешқандай да негізсіз құрылған Алашорданың боласысы баяғыда-ақ болған» - деп салды. С. Меңдешевтің бұл тұжырымы қазақ облыстық партия комитетінің хатшысы Авдеевтің 1922 жылы айтқан «У нас еще свеж дух Алаш – Орды, этот дух мы застали в самом рассвете», - деген пікіріне мүлдем қайшы келетін еді.

Кеңестік билік жүйесінде қалыптаса бастаған жаңа партиялық номенклатура С. Қожанов айтқандай, «күніне бір мәрте Алаш Орда жөнінде ғайбат сөз айтпаса тамағына ас батпайтындай күйге жетті». Мұндай құбылысты империялық орталықтың «бөліп ал да, билей бер» саясатымен байланыстыра салу, әрине жеңіл, бірақ мәселе, біздің түсінігімізше, анағұрлым тереңірек сияқты көрінеді.

Алаш тәжірибесі нені көрсетті? Біріншіден, Алаш идеясы бұл белгілі бір топтың еркімен өмірге келген жасанды, сондықтан да өткінші құбылыс емес. Ол ұлтпен бірге өмір сүретін, ұлт өмірінен тамыр алған құндылықтар жиынтығы, ұлттың өмір сүру концепциясы. Алаш идеясын өмірден біржола ығыстыруға көп күш жұмсаған большевиктер құрған билік өмірден кете салысымен Алаш идеясының қайта жаңғыруы, қайта күш алуы оның өміршеңдік сипатын айғақтайды.

Алаш идеясының өзегі – ұлттық мемлекеттік. Құрметті Әлекең, Әлихан Бөкейханов айтқандай, мемлекеттігі жоқ халық – жетім халық. Кез-келген болашағынан үміті бар ұлт үшін мемлекеттік негізгі құндылық. Міне осы тұрғыдан алғанда Қазақстан Республикасы – Алаш идеясының өмірлік шындыққа айналуының көрінісі ретінде бағалануы әбден орынды. Ал оның ішкі әлеуметтік мазмұны, демократиялық принциптерге сүйенген қоғамды халықтың мәдени деңгейіне және саяси белсенділігіне тәуелді екендігін ұмытпағанымыз жөн. Бүгінде нарықтық экономикаға бойлап келген халыққа әлеуметшіл, қазақтың, қазақстандықтардың барлық әлеуметтік топтарының жағдайын бірдей ойлайтын билік керек.

Екіншіден, кез – келген мемлекеттің тірегі белгілі бір ұлт, барлық мемлекет осы жолмен қалыптасқан. Бізде де сондай. Бүгінде халықаралық деңгейде кең таныла бастаған Қазақстан аталатын мемлекетке де өз атын берген де, сондай-ақ оның халқының басым көпшілігін құрап отырған да қазақ, яғни Алаш халқы. Мұндай шындықты айту ұлтшылдықтың көрінісі ретінде қабылданған заман да болды. Енді міне жаңа заманда қазақтың жоғын айтуды ұлтшылдықтың, солшыл радикализмнің көрінісі ретінде түсіндірудің қисыны жоқ.

Мемлекет халқының басым көпшілігі болғандықтан қазақтың қорланып қалған мәселелері де аз емес. Ал оларды атап айту, оларға билік орындарының назарын аудару – бұл жергілікті жұртқа артықшылықтар талап ету емес. Ортақ мемлекеттік жүйеде қазақ халқының түрлі талап-тілектері өз уағына және заман талабына сай деңгейде шешілсе болғаны. Алаш зиялыларынан бізге жеткен аманат та осы болса керек.

Ахмет Байтұрсынов кеңестік кезеңде жазған мақалаларының бірінде: «Көбінесе мәдениеті төмен жұрт ақкөңіл, анайы келеді. Сондықтан да мәдениеті жоғары жұртпен араласқан жерде алдауына, арбауына түсіп жем болады..... Ол жем болудан мәдениеті жетілгенше құтылмайды. Қазақ жем болудан түбінде декрет қуатымен құтылмайды, мәдениет қуатымен құтылады,» -деп көрсеткен болатын.

Тура осы мазмұндағы ұстанымды Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың әрқашанда білдіріп жүргеніне бәріміз де куәміз. Осы ұстанымға берік болайық.

 

Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл.

Шәкәрім

М.М. Әуезов

Жазушы, мәдениеттанушы

Алаш қайраткерлерінің тағлымы

Бүгінгі алқалы жиынға қазақ ұлтының жаны жайсаң азаматтары, Алаш қозғалысына тереңінен бойлап, тарих қойнауының қалтарыстарын зерттеп-зерделеп жүрген ғалымдарымыз, тарихшылар мен әдебиетшілер, және рухы биік Алаш азаматтарының ұрпақтары жиналып отырмыз. Бүгінгі осы кездесуіміздің мазмұны мен рухы да өзгеше. Бұл күнді жүрегімді толғандырып, көңіл толқынын тербетер, жанымды жадыратар айрықша күн дегім келеді. Біз, осы халықаралық конференцияға жиналған барша қауым, Алаштың ұлы идеяларын, М.Әуезовтің ұлы рухани шығармашылық жолын бүгінгі даму кезеңінде қарап, түсініп-ұғынып, оларға бүгінгі күн тұрғысынан баға беруіміз қажет. Мен бүгін осы залға жиналған Алаш ұрпақтарымен дидарласып, олардан Алаш азаматтары, М.Әуезов мұра еткен қайсар мінез бен рухани жылулықты сезініп отырмын. Дәл бүгін Алаш азаматтарының рухы тіріліп, біздің үстімізде қалықтап тұрғандай.

Алаш азаматтары туралы сөз болғанда, ең алдымен олардың қазақ елінің бүгінгі басты қазынасына айналған жер мәселесіне қатысты ерлік істерін еске аламыз. Біз, тұтас қазақ халқы, дүниежүзіне жеріміздің аумағымен, байлығымен мақтансақ, ұрпағына осындай қазына қалдырған Алаш азаматтарын әсте ұмытпағанымыз жөн. Жерге жетер, жерден өтер байлық жоқ.

Екіншіден, барша қазақ жұртына үлгі-өнеге болар нәрсе – білімді де саналы, озық ойлы Алаш азаматтарының сол кезеңдегі пәлсапалық танымы, алға қойған мақсаттарына жету жолындағы қажымас ерік-жігері, қайсар мінезі. Өздеріне төнген қауіпті біле тұра, олар қазақ тағдыры, ұлт тағдыры жолындағы игі істерге ержүректілікпен, қазаққа тән қайрат-намыспен бел шеше кіріскен еді. Саналы қазақтың барлығы мойындайтын айқын нәрсе – Алаш азаматтарының бізге қалдырған мұрасы – кең байтақ жер, терең ой, биік рух, қайсар мінез. Біз мұны қай кезеңде болмасын жадымыздан шығармай, қай деңгейде болмасын ашық айтуға тиіспіз.

Біз М.Әуезовті Алаш азаматтарының ісін жалғастырушы мұрагер деп тануымыз қажет. І.Жансүгіровтің поэзиядағы биіктіктігі, М.Әуезовтің прозадағы шеберлігі көшпенділер өркениетіндегі қайталанбас дарын. М.Әуезов 1918 жылы жазған «Жапония» атты мақаласы арқылы, Азия құрлығындағы Батыс қысымына қарсы шыға білген ұлттың отаршылдықтан құтылу жолындағы күресі арқылы Алаш азаматтарының айтар ойын тұтас қазақ халқына паш етеді. Бұл мақаланың сол кезеңде Алаш азаматтарының тапсырмасымен жазылғандығы айдан анық еді. М.Әуезов 1957 жылы осы Жапония еліне барған сапарында ядролық сынақ пен оның зардаптары, Семей сұмдықтары турасындағы өз елінде жүріп ашық айта алмаған, басылмай қалған ой-пікірін 45 күн бойы өзі барған жиын-кездесулерде айтып жүреді.

Алаш азаматтарының баршасына тән түрікшілдік, тұтастық пен бірлік идеясын М.Әуезов өмірі мен шығармашылығының бір қыры деп тануға болады. Әкем сол уақыттағы қысылтаяң сәттердің өзінде осы берік ұстанымынан айнымай 1951 жылы Қырғыз еліне барып, олардың Манасын қызғыштай қорғап, халқына қайтарады. Сондықтан да М.Әуезовті қазақтардың кейбірі танымай жатса, қырғыздардың баршасы құрмет тұтады.

Бүгінгі таңда біз М.Әуезов шығармашылығын зерттеуге аса ден қойып отырмыз. Осы мақсатта, М.Әуезовтің 110 жылдық мерейтойына байланысты М.Әуезов қорын ашып, әлі де зерттелмеген мәселелерге назар аударып отырмыз. Бұл бағыттағы жасалмаған жұмыстар ұшан теңіз.

Алаш азаматтарының ісін М.Әуезов жалғастырса, олардың идеяларын біз, олардан кейінгі ұрпақ, ұштастыра білдік. 1963 жылы Мәскеуде құрылған «Жас тұлпар» қозғалысы бұған айқын дәлел. Алаш идеясы – біздің берік ұстанымызға айналды. Ұрпақ сабақтастығы, идеялар үндестігі дегеніміз осы. Алаш азаматтары – қазақ елінің іргетасы. Олай болса олардың ұлы идеяларын, ізденістерін одан әрі жалғастыру – жастардың зор міндеті.

Бүгінгі кездесу – тарихи жағынан өте маңызды, берер тағылымы мол кездесу болды деп ойлаймын. Қазақ халқы өзінің өткенін, тарихын дәріптегенде ғана дәулеті мен сәулетіне рухани байлығы сай қуатты мемлекетке айналып, әлемдік өркениеттен өзіне лайықты орнын алмақ.

 

Азаттық таңы атты. Тілекке құдай жеткізді. Күні кеше құл едік, енді бұ күн теңелдік. Қам көңілде қаяудай арман қалған жоқ. Неше ғасырлардан бері жұрттың бәрін қорлықта, құлдықта ұстаған жауыз үкімет, өзгеге қазған оры өзіне шағын көр болып, қайтпас қара сапарға кетті. Енді бүгін теңеліп, түсімізде көрмеген жақсылықты өңімізде көріп, төбеміз көкке жетіп отыр. Бұл күнге жеткізген құдайға мың шүкірлік!

 

Әлихан Бөкейхан

 

М. Шаханов

Ақын, мемлекет қайраткері, «Мемлекеттік тіл» қоғамдық

қозғалысының төрағасы

Алаш рухы, ана тіл және қазіргі ахуал

Мұхтар Әуезов – тек қана қазақ әдебиетінің ғана емес, күллі әлемдік әдебиеттің қайталанбас ұлы тұлғасы. Әуезов сияқты дара перзент тудыра алғаны үшін қазақ халқы бақытты. Ал, Алаш қозғалысына, алаш рухына келетін болсақ, бұл әлі құпиясы ашылмай жатқан, әлі күнге дейін бізге өз ішіне енуге мүмкіндік бермей жатқан дүние. Күні бүгінге дейін біз бір мәселені жасай алмадық: еліміз, яғни, қазақ ұлты 300 жылдан астам орыс патшалығының, кейін кеңестік тоталитарлық жүйенің қарамағында болды. Осыған біз күні бүгінге дейін жүйелі баға бере алмадық. Соның кесірінен сол тоталитарлық жүйедегі тілді тұқырту, ұлтты тұқырту қозғалысы әлі күнге дейін жүріп келе жатыр. Кезінде Ж. Аймауытов былай деді: «Бала өз ана тілінде тәрбиеленбесе, өз ұлтына қызмет ете алмайды». Міне, осы ұлы сөзі үшін Ж. Аймауытовқа ол егер қазақ әдебиетінің классигі болмаған жағдайда да ескерткіш қоюға болар еді. Ал қазіргі кезең өте күрделі кезең. Мысалы:

 

Халқымыздың тең жарымы ана тілін шегерді,

Ойланалық, бұл процес ұлтымызға не берді?

Әр адамға тіл бас тағдыр, тілден үлкен ана жоқ,

Тіл жоқ жерде ұлт мүлде жоқ, әрі ұлттық сана жоқ.

Тағдырынан ана тілін шегергеннің барлығы,

Ана тілсіз өсіп-өрбіп көгергеннің барлығы,

Басқа сана, басқа анаға кеткен жандар бала боп,

Олар енді қазақ ұлтын жарытпайды пана боп.

 

Бір мәселені шеше алмай келдік. Бала міндетті түрде бірінші кезекте өз ана тілінде тәрбиеленуі керек. Сонан кейін елу тіл, жүз тіл үйрене берсін, бірақ, бірінші кезекте өзінің ана тілінде тәрбиеленуі керек. Міне, қазіргі үш тұғырлы тілдің де қателігі осында және біздің басқа жасап келе жатқан шараларымыздың барлығы осындай қателіктерге барып ұрынды. Сондықтан мына Ж. Аймауытов кезінде осы Алаш қозғалысының үлкен қайраткерлерінің бірі Ж. Аймауытов қырық төрт адаммен мына Мәскеудің «Бутырка» түрмесінде қамалды. Сонда солардың көпшілігі «жаздым, жаңылдым» деп кешірім сұрап, хат жазды. Бір-ақ адам тек Ж. Аймауытов қана «мен бізді осындай азапқа салған үкіметтен кешірім сұрамаймын» деп қасарысып, тұрып алды. Сөйтіп атылып кетті. Міне, нағыз қазақ рухын жинақтаған алаш қайраткерлерінің бірі.

Ал енді күні бүгінге дейін осы мәселеге біз жөнді баға бере алмадық, тағы да қайталаймын, ал енді басқа жерлерде де бұл алаш қозғалысы 90 жыл толса да, барлығы жабулы қазан жабулы қалып келе жатыр. Бұл не? Бұлай кете берсе қайда барамыз? Сондықтан мына Астана қаласының әкімшілігіне және оның идеологиясын басқарып отырған мына Е. Аманшаевқа біз алғыс білдіруіміз керек.

Мемлекеттік тіл мәселесін айтуда мынаны ұмытпауымыз керек. Ол:

 

Кейде тұтас, кейде жалқы, кейде аралас көлемде,

Қос тармақты тәуелсіздік бағыт алды әлемде.

Дәуірдің бас айбынгері – ҚАРЫН ЕГЕМЕНДІГІ,

Қарын тоймай, істің алға жылжымасы белгілі.

 

Бірақ қарын басып кетпеу керек рухи байлықты,

Оның көзсіз зорлығынан ғасыр көңлі шайлықты.

Ал, РУХАНИ ЕГЕМЕНДІК – халқымыздың арманы,

Елдік, ұлттық мүддеміздің сүйеніші, қорғаны.

 

Қуат алса ашқарақ көз, материалдық санамыз,

Тою, баю мүмкіндігін басқа елден де табамыз.

Өз жеріңде ұлтсыздансаң, қайғы бар ма оған тең?

Ата-баба рух сенімін басқаның бұл табанмен.

 

Неге қарын байлығыңды тарта бердің көлденең?

Рухың семсе, біргемін деп айта алмайсың елменен.

Тілден қашсаң тоғышарсың тек байлыққа шөлдеген,

Ешкім баба тілін қорлап, бақытты боп көрмеген.

 

Қайда барсаң материалдық байлық үшін алқыныс,

Аз да болмас бұл салада игі қадам, жарқын іс.

Ана тілсіз егемендік – жарты демеу, жарты ырыс,

Ол алқыныс – ұлтсыздыққа бағытталған талпыныс.

 

Егер ана тілің сөнсе түрің, қарның қалады,

Басқа тілде жол ашарсың байлығыңа салалы.

 

Ерте, кеш пе, сені баба ғасырының саналы

Ызасы мен қасіреті, киесі іздеп табады.

 

Тілің кетсе – ұлтың өлер,

өлер және елдігің,

Кеш таққаннан не қайыр бар ар мен намыс белдігін?

Ойлашы өзің, кімге қажет тәуелсіздік-теңдігің,

Қарын мүдде сыртқа тепсе Рух егемендігін?!

 

 

Біз алаш қозғалысына баға бере келіп, міндетті түрде оның бүгінгі жаңғырығын есепке алуымыз керек. Бүгін сол біздің ұлы тұлғаларымыз бастаған іс қалай іске асып жатыр. Сол кездің өзінде олар қазақтың тілі үшін, рухы үшін күресті. Қазір біздің егеменді елімізде солардың идеясы іске асып жатыр ма? Егер 1991 жылы елімізде 8881 балабақша болды. Соның 8000-ы түгел жойылды. 5000-ға жуығы қазақ тілді балабақша болатын. Соның 100-і ғана қалдырылды. Ал, енді сол 1991 жылдың деңгейіне жету үшін (қазіргі жағдаймен жыл сайын 3-4 балабақша салынып жатыр ғой) әлі бізге 400 жыл уақыт керек екен. Міне, мәселе. Ұлттық рух шегініп бара жатыр. Оған қоса біз Қазақстанды қазақстандық ұлт идеясына кіргізбекшіміз. Сонда қалай болады? Мына Америкада кезінде 150 млн үндіс болған. Солардың барлығын қырды, бас сүйегіне бәйге жариялады, сөйтіп мынау Бразилиядан, Канададан жаңағы Франциядан, басқа елдерден барған басқыншылар барып мемлекет құрды, сөйтіп олар американдық ұлт құрды. Ал, енді Америка бізге экономикалық жағынан үлгі болғанымен, саяси жағынан үлгі бола алмайды. Ал, енді қазақстандық ұлтқа көшкендегі жағдайымыз қалай болады? Қазір билік басындағы қазақтар 90 пайыз ғой. Ал ана қазақстандық ұлтқа көшсеңіз «мен қазақпын» деп айта алмайсыз. Бәріміз бірдей бір ұлт боламыз. Сонда қазақ ұлты билік басында 10 пайызға түседі, құлдырайды.

Одан да басқа толып жатқан үлкен проблемалар бар. Оның барлығын айтып жатырмыз. Бірақ, бұл бүгінгі күні осы алаш қайраткерлерін еске ала отырып, қазіргі жағдайымызға бұрылмасақ, онда құнымыз бір тиын. Сондықтан жалпы ащы пікір айтылуы керек, демократияның негізгі заңдылығы осында. Сондықтан сол рухымызды сақтауда осы Алаш бабаларымыздың, алашқа қызмет еткен ұлы қарияларымыздың рухы бізге жолдас болсын!

Лттық рухтың негізі – ұлттық тіл. Кешегі Ресей тіліміздің дамуына жол бермеді. Ол кезде біздің ұлттық басылымдар шығару құқығымыз жоқ болатын.

Мұстафа Шоқай


Дата добавления: 2015-10-28; просмотров: 154 | Нарушение авторских прав


<== предыдущая страница | следующая страница ==>
Азамат ердің баласы| Алаш аманаты және ұлттық идея

mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.045 сек.)