Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

1. Ғұн және Хань империялары арасындағы геосаяси мәселелер 2 страница



 

8. Ғұн мемлекеті және Еуропадағы варварлық корольдіктер. Варварлық корольдіктер – остготтар, вестготтар, готтар, франктер және вандалдар. Ғұндарға қарсы Еуропада белсенді қимыл көрсеткен тайпалардың бірі остготтар болды. Сондықтан да, батыс деректері негізінде олардың ғұндармен арасында болған қарым-қатынастарын бір ізге түсірмес бұрын готтарға тоқтап кетудің ешқандай да артықшылығы жоқ сияқты. Қалай болған күнде де готтардың батысқа жылжуына ең алдымен ғұндардың шапқыншылығы көп әсерін тигізді. ІV ғасырдың екінші жартысында ғұндар қуатты мемлекет құрған соң, өздерінің саясатын іргелес қоныстанған елдерге таңа бастайды. Олар ең алдымен осы уақыттарда Қара теңіздің солтүстік жағалауларын жаулап алы, сарматтарды, одан кейін аландарды бағындырғанын біз айтып өттік. Сөйтіп, солтүстік ғұндардың Еділ мен Жайық аралығын мекендеген бөлігі Қара теңіз жағалауын, Днестрге дейінгі аймақты өздеріне бағындырады да, әскери жорықтарын өршіте бастайды. Осы кезде остготтар оларға қарсы тұрды. Остготтарды мемлекеттік деңгейге шығарған Эрманарих тұсында аландар, сарматтар осы тайпалық одаққа бағынышты болды. Бұл жерде, әрине ең алдымен 375 жылғы ғұндардың шабуылы шешуші роль атқарғанын айта кеткен жөн. Остготтар мен ғұндар арасындағы саяси қарым-қатынастарды үлкен-үлкен екі кезеңге бөлуге болады. Бұл кезде остготтар ғұндарға толық тәуелді болып тұрды. Тіпті бірнеше жылдар бойы кіріптарлыққа түсті. Одан кейін Италияға қарай ығысып, Батыс Рим империясының шекараларынан пана іздей бастады. Олар батысқа қарай жылжу арқылы ғұндардың тәуелділігінен құтылуға ұмтылды. Бұл жағдайлар халықтардың қоныс аударуының бірден-бір көрінісі болды. Екінші кезеңде, остготтар өздерімен туыстас тайпаларымен бірге ғұндарға қарсы тұрды, өйткені олар өздерінің территориялары мен байлықтарынан айырылғысы келмеді. Осы мақсатпен олардың кейбір бөліктері кейіннен Каталаун шайқасына қатысты. Ғұндар бұл жылы остгот, герул, генид тайпаларын бағындырады да, Кавказ елдеріне шабуылын бастайды. 395 жылы олар Кавказдан өтіп, Кіші Азияға басып кіреді. Біздің ойымызша, ғұндармен бірге осы жорыққа остготтар да қатысуы мүмкін. Әрине, бұл мәселеге арнайы зерттеуді қажет етеді. Вестготтар мен ғұндардың арасында соқтығысқан жері Днестрдің жағалауында болды. Осы жерде вестготтар қатты соққының әсерінен, олар жеңіліп екіге бөлінеді. Атанарих бастаған бір бөлігі Карпатқа кетсе, ал Фритигерн бастаған бір бөлігі Римнен көмек сұрады. Осының негізінде, 376 жылы ғұндардың қысымына шыдамаған вестготтар Дунайдан ары өтіп, Рим өкіметінің рұқсатымен Рим провинциясы Мезияға қоныстанып, римдіктерге бағынуға және әскери қызмет етуге міндеттенеді. IV ғасырдың 70-жылдары ғұн шапқыншылықтарынан қашқан батыс готтар, бірте-бірте Батыс Рим империясының территориясына ене бастайды. Кейіннен олар Батыс Рим империясына шабуылдар жасай бастады. Сөйтіп, готтардың шапқыншылықтары бара-бара уақыт өткен сайын Батыс Рим империясының әлсіреуіне себепкер болды. Осылайша, остготтардың көршілері вестготтар ғұндар шабуылынан қорқып, өздерінің жанұялары мен туған жерлерін тастап, Дунай арқылы Рим империясының территориясына өтті. Сөйтіп 376 жылы Рим үкіметі оларды өз федераттары империя одақтастары ретінде Мезияға (қазіргі Болгарияның бір бөлігі) орналастырды. Федераттар ретінде шекара аймақтарына орналасқан вестготтар өзінің басқару жүйесі мен әдет-ғұрпын сақтады және шекараны қорғау үшін әскери қызмет атқаратын болды. Бірақ Рим үкіметі уәделерін бұзып, оларды азық-түлікпен қамтамасыз етпеді. Рим шенеуніктері тарапынан болған қорқытып-үркітушілік, зорлық-зомбылық вестготтарды көтеріліске итермеледі. Оларға басқа германдық варвар тайпаларынан әскерлер және Дунайдан ғұндардың бір бөлігі келіп, қосылды.



 

9. Аттиланың Италия жеріндегі соғыстарындағы саяси мақсаттарын айқындаңыз. Тарихшы Иорданның көрсетуі бойынша, Италия жерлеріндегі ғұндардың ең алғашқы шабуылы Венетий провинциясының басты қаласы – Аквилеяны қоршауға алудан басталған. Италияға жорық ұйымдастырудағы Аттиланың негізгі мақсаттарының бірі, ол жоғарыда айтып өткеніміздей, Рим ханшайымы Гонорияны өзінің бар мұрасымен қоса әйелдікке алу еді. Сондай-ақ, ол Италияға жорыққа шықпас бұрын, Гонорияны беруді тағы да сұрап, Рим билеушілеріне талап қояды. Бірақ, бұл талап орындалмайды. Осылайша, бұл мәселе, Италия соғыстарының ең үлкен себептерінің біріне айналды. Сөйтіп, Аттила өзінің сан мыңдаған әскерімен Альпы тауларын асып өтіп, Аквилеяға келді. Аттила бастаған ғұн әскерлері, жол-жөнекей Альтинум, Конкордия, және Падуя қалаларын бағындырып, оларды тонады. Бұдан соң, елдің ішкері аумағында орналасқан Винченц, Верона және Бергамо қалалары жермен-жексен етілді. Аквилеядан кейін бүкіл Солтүстік Италия, бүкіл түбек дерлік Аттилаға ашық болып қалды. Прискіге сілтеме жасай отырып Иордан былай деп көрсетеді: Осыдан кейін одан сайын өрескел бола түскен және римдіктердің қанына әлі қанбаған ғұндар басқа венет қалаларының қанын ішуге рақымсыздықпен ұмтылуда. Олар сондай-ақ Литургияның бас қаласы, бір кездері астана болған Миланды талан-таражға салуда, сонымен бірге Тицианды тас-талқан етіп, оның маңайындағы мекендерді жауыздықпен қыруда, ең ақырында түгел дерлік Италияны талқандауда». Көп ұзамай ол өзінің әскер қатарын толықтырып, Италияның оңтүстігіне – Римге қарай бет алды. Милан қаласы Аттилаға тіпті өз еркімен беріле салды. Қала басшысы қаланы өзі ашты. Аттила сол үшін қайырымдылық жасап, қаланы жай ғана тонады. Миланмен бірге Павия да ғұндарға өз еркімен берілді. Сол үшін Аттила тарпынан бұл қалаға да рақымшылдық көрсетілді. Бұл қалалардың өз еркімен берілудегі мақсаты, олар көптеген адамынан айырылуды және қаланың тып-типыл етілуін қаламады. Біз бұдан аталмыш қалалардың билеушілерінің, Аттилаға біраз байлық беріп құтыламыз деген пиғылда болғандығын байқаймыз. Ендігі кезек Римдікі еді. Бұл жолда Аттила, өз әскерлерін бастап, Альпі мен Аппенин түбегін көмкеріп тұрған бай Ломбардия жазығын бос қалдырып кетеді де По өзенін кесіп өтеді. Антик авторлардың айтуына қарағанда, мұндағы қалалар соғысқа қатыспаған. Бірақ, ғұндардың бұл қалаларға не үшін тиіспегенін және ол қалалардың неге соғысқа қатыса алмағаны беймәлім. Бүкіл солтүстік Италияны ғұндар басып алғаннан кейін, олардың Римге баратын жолы ұзақ емес еді. Империяның қаһарлы жаулаушылардың шапқыншылығын тоқтата алатындай күші жоқ екендігі барған сайын айқын бола түсті. Аттила әлемді билеуге жақын тұрды. 4 бөліктен тұратын империя солтүстік шекараларда Скифиядан (ғұн патшалығы) Германияға дейін жалғасып жатты. Оңтүстікте Аттилаға қос Рим империясы да (Шығыс Рим және Батыс Рим) алым төледі. Бұны Аттиламен қоштасу толғауларының мазмұны айғақтап, ол билеушінің ұлы істерін еске алған толғаулар еді. Осылайша Аттиланың державасы өз территориясы мен ықпалы бойынша Еуропаның барлық төрт бөлігін дерлік: шығыстан батысқа және солтүстіктен оңтүстікке дейін қамтыды.

 

10. Аттила және Рим императоры ІІІ Валентиниан арасындағы саяси факторларға тарихи талдау жасаңыз. Римдіктер өте шұғыл қимылдады. Император Валентиниан ІІІ вестгот королі Теодерихке елшілік жіберіп, мынаны айтты: «Тайпалардың ішіндегі ең ержүрегі – сіздердің тайпаларыңыз бүкіл әлемге озбырлық жасап отырған қатыгез билеушіге (тиран) қарсы бізбен күш біріктірсе, бұл сіздің тарапыңыздан ақылмен атқарылған іс болар еді. Ол (Аттила –Қ. Жұмағұлов) бүкіл әлемді өз құлына айналдырмақшы, ол ешбір себепсіз-ақ соғыс аша береді, өзінің іс-әрекеттерінің бәрін заңды деп есептейді. Өзінің даңғойлығын ол шынтағымен өлшеп, тәкаппарлығын өзімшілдігімен басады. Ол құқық пен құдай заңын жек көріп, өзін табиғаттың жауы етіп көрсетеді. Өзінің өзгелерге жау екенін жар салып, жария етуші - шын мәнінде жұрттың жаппай қарсылығына тап болады. Еске алыңыздаршы, мен сіздерден онсыз да ұмыту мүмкін емес жағдай жөнінде өтініп тұрмын; ғұндар ашық соғысқа шықпайды, ашық шайқаста болатын бақытсыздық жалпыға ортақ құбылыс, олар зұлымдықпен жасырынып келіп тиіседі., - бұл асқан жауыздық! Мен өзім жөнінде айтпаған күнде де, сіздер қалай ғана өздеріңізге жасалған озбырлық үшін кек алуға ұмтылмайсыздар? Сіздердің қаруларыңыз аса қуатты, сондықтан да өздеріңізге жасалған зұлымдық үшін кек алуға бар күштеріңізді жинақтаңыздар! Өздеріңіз мүше болып отырған империяға да көмектесіңіздер. Бізге бұл одақтың қаншалықты қажет, қаншалықты қымбат екендігін жауымыздан сұраңыз!». Италиядағы атышулы оқиғаларда айтар болсақ, бұл жерде енді жеңімпаз әскерді Аттила басқарып тұрған еді. Бұл кезде, Батыс Рим империясы үшін ауыр жағдайда ІІІ Валентиниан Равеннада ары қарай не болар екен деп қайғы жеп, ешбір әрекетсіз жатты. Қолбасшы Аэций де не істерін білмей дал болды. Рим әскері бұдан әрі қарай ғұндардың тегеурініне төтеп беруге дәрменсіз болды, оларды ғұндардың Солтүстік Италиядағы табыстары әбден абыржытып тастаған еді. Ақыры, Шығыс ромейліктердің тәжірибесінде бар тәсілді қолдануды, яғни Аттилаға арнайы елші жіберуді ұйғарды. Италия жеріндегі бірқатар қалаларды бағындырған соң, Аттила бастаған ғұндар Римге келді. Қала халқы мемлекет билеушісінен бастап, Аттиланың алдында діріл қақты. Астана, халық, сенат және папа мұны көргеннен кейін үлкен әбігерге түсті. Мұнда негізінен сол кезде Батыс Рим императоры болып тұрған ІІІ Валентиниан Аттиланың жойқын шабуылының сәтті болуынан және римдіктердің жаппай қырылуынан қатты қауіптеніп, оның бетін қайтару мақсатында Аттиламен келісім жасау үшін сенатпен келісті. Бұл маңызды шараны жүзеге асыру үшін римдік сенаторлардың ішінде ең беделдісі болған, өзінің консулдық атағымен және асқан дарындылығымен танылған тәжірибелі эксконсул Авиен тағайындалды. Өйткені, Авиен келіссөздер жүргізуге өте шебер адам болатын. Сондықтан, ол көптеген билеушілермен келіссөздер жүргізіп, әрқашан да жақсы нәтижеге жетіп отырған. Авиенге көмекші етіп, Италиядағы преториандық префекті қызметін атқарған Тригеций тағайындалды. Ал, Римдік епископ қызметін атқарып жүрген Лев қандай қауіп болса да өз басын тігетіндігін айтып, ол да елшіліктің құрамына қосылатындығын білдірді. Батыс Рим басшылығының елшілері мен Аттиланың арасындағы кездесу Минций (қазіргі Минцо) өзенінің орта ағысындағы Амбулей даласында болып өтті: Міне, әлі де болса Аттиланың рухы осы бір қауіпті іске байланысты екі ойлы болып, шеше алмай жатты. Бару керек пе, бармау керек пе өзімен-өзі ойланып, жүрісін ақырындата түсті, оған Риммен бейбіт келісіммен елшілік те келіп жетті. Оған Венетий провинциясындағы Амбулей даласында, Минций өзенінің кезбелер тобырымен қиылысатын жерінде папа Левтің өзі келеді.

 

11. Аттила және Византия императорлары: саяси және экономика тартыстар. Ғұндар мен Шығыс Рим империясының арасындағы қарым-қатынастар Аттила билік еткен тұста кеңінен жүргізіле бастайды. Осы кезде Шығыс Рим империясын Феодосий билеп тұрған еді. Аттила бастаған ғұндардың тегеурінінен қорыққан империялықтар олармен елшілік арқылы бейбітшілік келісімдер іздей бастайды. Ғұндар империя территорияларындағы соғыстарын жалғастыра берді. Қазір анықталмай отырған Дунайдың өткелдерінің бірінен империя территориясына басып кірген олар өзеннің оңтүстік жағалауында орналасқан қалалар мен бекіністерді тонайды. Виминаций қаласының алынуы ғұндардың бұл кампаниядағы бірінші ірі жеңісі еді. Қаланы басып алған ғұндар оны жермен-жексен етті. Бұл қайғылы оқиға шекаралық қалалар үшін үлкен қасірет болып, олардың қобалжуларына алып келді. Бұдан кейін ғұндар Найс қаласының маңында римдіктерге күшті соққы берді. Ғұндар Нишава өзенінің бойымен Константинопольге жақындай түсті. Енді Аттиланың жолында ІІ Феодосий жасақтаған империяның жаңа армиясы тұрды. Бұл әскерді алан тайпасынан шыққан аспар мен германдық Ареобинд басқарды. Бірақ бұл күштер Аттилаға тең емес еді. Сөйтіп, ғұндар Константинопольге жетіп келді және соғыс басталып Аттила табысты соғыстар жүргізе бастайды. Сөйтіп, ғұндар Константинопольге жетіп келді және соғыс басталып Аттила табысты соғыстар жүргізе бастайды. Бұдан қауіптенген және ешқандай амалы қалмаған император ІІ Феодосий Аттиламен келіссөздер жүргізуге ұмтылады. Келіссөздерді жүргізу Иран жорықтарынан сәтті оралған Анатолийге тапсырылды. Аттила қатаң талаптар қойды. Ол бойынша, қашқындарды дереу қайтарып, жыл сайынғы 6 мың либр салық ғұндарға тез арада берілуі тиіс, одан бөлек жыл сайынғы салық сомасы көбейтіліп, енді оларға жыл сайын 2100 алтын либр алынып тұратын болды. Бұдан соң, әрбір қашып кеткен римдік тұтқын үшін 435 жылғы келісімдегі 8 солид орнына Аттила 12 солид талап етті. Және соңғысы римдіктер қашқын «варварларды» қабылдамауы тиіс. Келісім шартты түрде 443 жылы 27 тамызда жасалып,тиянақты нүкте қойылды.

 

12. Аттила мен Рим папасы І Лев және Рим қаласының тағдыры. Император мен сенаттың бұйрығымен келген Рим папасы Лев, Аттилаға келіп, одан бүкіл христиан әлемінің орталығы болған, Батыс Рим империясының мәдени құндылықтары сақталған, көптеген ғасырдан бері келе жатқан құнды кітап қоры сақталған кітапханалары бар және көркем тарихи-архитектуралық ескерткіштер орналасқан Рим қаласын тонамауын сұрайды.Сол күндердің куәгері болған Проспер Тиро былай деп жазады: Бірқатар провинциялардың, қатты қирауы, жаудың жан түршігерлік қатыгездігі мен тойымсыздығы үкіметін, сенатты және Рим халқын, аяушылық дегенді білмейтін корольге (Аттилаға) елшілік жіберіп, жалбарынып бітім сұрауға мәжбүр етті. Бұл іс эксконсул Авиен мен экспрефект Тригецийге және шапағатты папа Левке тапсырылды. Папа болса бар үмітті құдайға артып, тек содан ғана қайырым күтті. Ол өз сенімі мен алдамайтынын білді. Елшілік сый-құрметпен қабылданды, король шіркеуінің ең жоғарғы басшысының өзінің келгеніне көңілі толып, соғысты ары қарай жүргізуден бас тартты, бейбітшілікті сақтауға және Дунайдың арғы бетіне қайта оралуға уәде етті. Елшілер Аттиланың лагеріне келіп, оның күркесіне кіреді де, өздерінің жоғарыда айтқан ұсыныстарын баяндайды. Олар Италия жерін құтқару мақсатында, одан әскерлерін алып кетуін сұрап, Аттилаға көп мөлшерде (қанша екені белгісіз) алтын ақша беруге уәде етті. Бұған Аттила келісті. Сол тұста Аттила құтырынып алған әскерінің екпінін тоқтатып, бейбітшілікті сақтаймын деген уәдесін бергеннен соң өзі келген жағына бет бұрып, Дунайдің арғы жағына өте бастады. Сөйтіп, әлем мәдениетінің орталығы болған Рим қаласы аман қалды. Осылайша, күтпеген жерден Аттила келісім берді. Оның неге бірден келісімге келгендігі туралы сұрақ туындайды. Бұл келісімнің бекітілуі оның кетуін тездетті және оның армиясының жағдайын жеңілдетті. Себебі, оның әскерлерінің көпшілігі жергілікті климатқа сіңісіп кете алмады. Сондай-ақ, солтүстікте әбден сүт ішіп, ет пен ірімшік жеп үйренген ғұн әскерлері, римдік аспаздардың дайындаған етті тағамдары мен нандарынан және дайындаған шараптарын ішіп ауруға душар бола бастады. Сонымен қатар, ғұн әскерлерінің арасында оба сияқты түрлі қауіпті аурулар қаптап кетті. Мұның барлығын ғұндар, итальяндықтар әдейі істеп жатыр деген ойға да келді. Осылайша римдіктердің ұсынысына қанағаттанған Аттила, өзінің жеңілмейтін әскерлерін алып кері қайтты. Ғұн патшасы Паннонияға кетпекші болады. Алайда, Аттила бұл соғыста жеңгенімен Гонорияны алып кете алмады. Өйткені, римдіктер көп мөлшерде алтын төлегендіктен, оған қоса Гонорияны бергісі келмеді. Бірақ, сонда да Аттила кетіп бара жатып алған бетінен қайтпай, Гонорияны әйелдікке бермесе, келесі жылы келіп қаланы шабамын деп қорқытты. Алайда, Аттила қайтып келмеді. Айта кетерлік жәйт, Рим дуалдарының алдында тұрған Аттила папаның сөзін жерге тастамай, оның алдында тоқтаған болса, сол дәуірдің тағы бір кейіпкері вандал королі Гейзерих мүлде бұлай жасамады. Үш жыл уақыт өткеннен кейін, 455 жылы сол І Лев оны тоқтата алмаған еді. Вандалдар Римді қиратып, тас-талқан етіп, оның халқын тып-типыл тонады. Осыдан кейін мәдени және материалдық құндылықтарды жаппай жою, қанішерлік пен жауыздық мағынасын білдіретін «вандалдық» (вандализм) деген ұғым пайда болды. 14 күнге созылған Римді тонаудан кейін Гейзерих өз әскерімен қаладан кетіп қалды. Вандалдар королі қаладан мыңдаған Рим қолөнершілерін де тұтқынға ала кетті деген мәліметтер де бар. Атап айтқанда, Прокопий Кесарийскийдің көрсетуі бойынша Гейзерих «кемелерге орасан зор көлемде алтын және басқа да патша қазынасын артып, сарайдан мысты да, басқаны да қалдырмай алып Карфагенге қарай жүзіп кетті. Ол Юпитер Капитолийский храмын тонап, оның шатырының жартысын бұзып алады. Ең жақсы мыстан жасалып, қалың қабат алтынмен жаланған бұл шатыр керемет сұлу, таңғажайып болып көрінетін. Гейзерих кемелерінің ішінде мүсіндер артылған біреуі ғана суға батып, қалғаны аман-сау Карфаген айлағына жеткен дейді».

13. Ғұн мемлекетінің әлем тарихындағы орны. б.з.б. ІІІ-ІІ ғ.ғ. Орталық Азияда құрылып, өздерінің жаужүректілігі мен батырлығы арқасында үлкен абыройға кенеліп, бір кездері Қытай мемлекетін өзіне кіріптар еткен көшпелі ғұн мемлекеті, уақыт өте түрлі себептерге байланысты, бытыраңқылыққа ұшырады. Ірі бөліктерге бөлінген көшпелі ғұн тайпаларының бір бөлігі уақыт ағымымен (бұл процесс екі-үш ғасыр уақытты қамтыды) батысқа қарай жылжыды. Ғұн тайпаларының шығыстан, батысқа қарай жылжуы б.з.б. I ғасырында басталса, б.з. IV ғасырына дейін созылған. Сөйтіп, Еуразия жеріндегі халықтардың батысқа қарай көшіп, Еуразия тарихында Халықтардың Ұлы қоныс аударуына бірден-бір себепкер болады. Олардың жылжуы жай ғана жүрген жоқ, олар бүкіл Еуразия және Қазақстан жерінде өмір сүрген тайпалар мен халықтардың саяси картасына, этникалық құрамына үлкен өзгерістер туғызды. 454 жылы Аттила өлгеннен кейін Батыс Ғұн Империясы ыдырап, герман тайпалары ғұндардан бөлініп кетті. Бұрынғы үлкен империя құрамында тек ғұн тайпалары, яғни түркі тілдес тайпалар ғана қалды. VI ғасырдан бастап Батыс Ғұн империясы “Уарғұндар қағанаты” (Арғындар қағанаты) деп аталды. Баян хан тұсында күшейген Уарғұндар қағанатына Византия салық төлеп тұруға мәжбүр болды. Баян хан Арал теңізі маңынан Тарниак, Котзагер, Забен тайпаларын Еуропаға көшіріп алған еді. Уарғұндар қағанатын 798 жылы Франк королі — Ұлы Карл талқандады. Осыдан соң ғұндар мемлекеті бас көтерген жоқ. Батыс Ғұн империясы адамзат мәдениеті тарихында өзіндік терең із қалдырды. Зергерлік өнердің ерекше дамыған түрі — полихрома стилін алғаш батыс ғұн зергерлері салған. Олардың полихрома стилімен жасалған бұйымдары әлемнің талай музейлерін безендіріп тұр. Батыс Ғұн империясында алтыннан жасалған 92 экспонат Санкт-Петербургтегі Эрмитажда сақтаулы. Цирк өнеріне қатысты ат үсті ойындарының негізін ғұндар салған. Олар мұны өзімен бірге Еуропаға алып барды. Ғұндар Еуропада баспана ретінде төрт доңғалақты арба үстіне орнатылған киіз үйлерді пайдаланған. Ғұндардың кілемдері мен киіздері түрлі оюлармен өрнектелетін болған. Еуропалық аймақтарда жүргізілген археол. қазба жұмыстары кезінде ғұндардың ағаштан, қыштан, металлдан жасалған ыдыс-аяқтары мен түрлі бұйымдары табылған.

 

14. Галлия жеріндегі соғыстарға сипаттама беріңіз. Халықтардың ұлы қоныс аудару дәуірінде, Еуропада Ғұн мемлекетінің ең басты қарсыласы Батыс Рим империясы мен оның айналасындағы варварлық корольдіктер болғаны жайлы біз айтып өттік. Қашан болса да, осы аталған ірі күштердің арасында бір қанды шайқастың болуы анық еді. Ол Галлия жеріндегі халықтар шайқасы еді. Жақындап келе жатқан бұл шайқастың себептерінің қатарына рипуарлық франктердегі тақ үшін күреске байланысты оқиғаны да жатқызуға болады. Соңғылар Солтүстік Галлия аумағында орналасқаны белгілі. Франктердің королі қайтыс болғаннан кейін, оның балаларының арасында тақ үшін күрес басталды. Присктің айтуы бойынша үлкен ұлы Аттиламен, ал кіші ұлы Аэциймен жақындаса бастады. Еуропадағы үстемдік үшін күресе отырып, Аттила Галлиядағы бургундтардың, вестготтар мен франктердің бай жерлерін жаулап алуға тырысты. Ғұндар мен оларға бағынышты герман тайпалары – остготтар, гепидтер, скирлер, ругийлер, герулдар, тюрингтер және сондай-ақ аландар бірге болды. Аттиланың әскерлері Рейннен өтіп Трирге қарай бет алды, ары қарай – екі қатар саппен – Галлияның солтүстік-шығысына бет алды. Төніп келген қауіп римдіктер мен олардың германдық одақтастарын тез арада біріктірді. (Еуропа халқы ғұндардың алғашқы басқыншылығын әлі ұмыта қойған жоқ еді). Батыс Рим империясы мен оның Галлиядағы және Германияның бір бөлігіндегі одақтастарының біріккен әскерін ғұндарды жақсы білетін римдік қолбасшы Флавий Аэций басқарған. Иорданның тұжырымы бойынша Аттиланың әскері жарты миллион адам болған. Галлияға аттанар алдындағы ғұндар әскерінің саны жарты миллион адам болды деп, гот тарихшысы әрине өсіріп айтып отыр. Өйткені, қазір Аттиланың армиясы ең көп дегенде 100 мыңнан 120 мың адамға дейін болғанын; оның қарсыластарының күші де шамамен осынша болғанын нақты айтуға болады.Аттиланың Галлияға жорығының барысына келер болсақ, 451 жылы 9 сәуірінде екі күндік қоршаудан соң, Мец құлады. Бұдан кейін Тонгерен, Шпейер, Реймс отқа оранды. Парижді де қатты үрей биледі. Көне Лютецияның тұрғындары қашуға дайындала бастаған еді. Аңыз бойынша қаланы әулие Геновея (Женевьева) деген әйелдің ерекше батыл әрекеті сақтап қалады, ол кейіннен Париждің қамқоршысы ретінде белгілі болды. «Әулие Геновеяның өмірі» атты атты аңыз былай көрсетеді: Ол кезде ғұн королі Аттила, Галлияның провинцияларын тас-талқан етіп қирата бастады. Париж тұрғындары оның қатыгездігі мен ашуынан қорыққандықтан барлық әйелдер мен балаларды және бірқатар дүние-мүлікті сенімді жерге жөнелту туралы шешім қабылдады. Осы тұста әулие Геновея келіп, әйелдерді өздері туып-өскен қаланы қауіп төнген уақытта тастап кетпеуге, қайта өздерін және өз ерлерін қорғанысқа даярлауға шақырды. Олар құдайдан көмек сұрап, өздерін құтқаруы туралы жалбарынуы қажет. Аналар әулиені тыңдап, қалаға қалуға және құдайдың шапағатына үміт артуға тәуекел етті. Осылайша, әулие әйел ер азаматтарды Парижден кетпей, құдайдан көмек сұрауға көндірді, ол төніп тұрған қауіптен құдайға жалынып-жалбарыну арқылы ғана аман қалуға болады деп сендірді.


Дата добавления: 2015-09-29; просмотров: 134 | Нарушение авторских прав







mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.009 сек.)







<== предыдущая лекция | следующая лекция ==>