Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

Орыс жазушысы

Читайте также:
  1. Л. Н.Толстой, орыс жазушысы

 

Шын мәнінде бәріміз де жолға шыққан жолаушымыз. Иә, иә, бейнелеп айтсақ жоқ іздеушіміз. Өмір деген қызық қой. Бір нәрсені іздеп, екінші бір нәрсені тауып жатасың. Бірде таба алмай шарқ ұрасың. Кейде керісінше, өзіңде бар нәрсеңді жоғалтып аласың... Меніңше, өмірдің ең азабының, қорқынышының бірі — осы.

Жолаушының жайы белгілі ғой. Шаршайды, шөлдейді... Сонда да тоқтамайды. «Жол мұраты – жету» емес пе?! Қуанады... Өкінеді... Мұңаяды... Қиналады... Тек күш-қуатыңның сау болғанын қалайсың. Ол — Ақылың, Жүрегің, Тілің. Осы үшеуінің бірінен айрылсаң — өмірдің мағынасынан да айрылдым деп біл.

Тіршілікте қаншама жандарға жолығасың. Әрқайсысымен әр қалай араласасың. Сонда да жалғызсырайсың. Жалғыздық... Жүрегіңді жаулайды. Қашып құтыла алмайсың. Бірақ сонда да сыңарсыз қалғың келмейді. Осы орайда Фариза ақынның:

— Өмірдің желе - жортағы

Толтырып шаңмен қолқаны,

Тілдегенмен ортаны,

Адамның бәрі өлердей

Жалғыз қалудан қорқады — дегені ойға оралады.

Әйтсе де ақын өлеңінің түйіні:

Жан-жағың толы жас бала,

Жақының, жарың, жақсы аға,

Бәрібір, адам, құлсың сен

Жалғыздық атты патшаға — деп аяқталады.

Иә, кейде жақының, туысың, жора-жолдасың бола тұра белгісіз аралда қалып қойған Робинзон Крузодай күй кешетінің жасырын емес. Өйткені, сені дәл өзіңдей ешкім түсіне алмайды.

Күннің ыстығы, тәніңді жылытқанмен, жаныңды жылыта алмайды. Керісінше, ақпанның аязы да әсер етпейтін жан жылуы тәніңді баурайтын күндер бар. Осының бәрі айналаңдағы адамдардың әсеріне байланысты. Бұрынғылар: «жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат», - деп осындайда айтқан болар. Ыстық жүрекке, ілтипатты ниетке жансарайың гүлдей бастайды. Суық сөзден, салқын пейілден асқан аяз болуы мүмкін емес!

Бізге, адамдарға немқұрайдылықтан, тоғышарлықтан «суық» тиетін тәрізді. Адамдарды аздыратын да, азаптандыратын да осы бір көңілдің жетімсіздігі емес пе?!

Айналаңда қоршаған кісілер көп. Ал жаныңа жақын адамды табу қиын. Сені түсінер, кім бар? Адамдар адамдарға кешіріммен, қайырыммен қараса дейсің. Тыпыршыған, беймаза ниетпен, сансыз сұрақтармен алға адымдайсың. Жаутаңдап қарайсың. Үздігіп үмітпен үңіле түсесің. Соның өзінде таба алмай, көре алмай қиналасың. Аһ ұрасың, шаршайсың, жылылықты, мейірімділікті аңсайсың.

Ал сені ұғынар жан қайсы?

Адам жаны пейілге, сенімге, иманға мұқтаж.. Жүздескен жаннан — жылы шырай, сырласқаннан — жақсы сөз күте түсетінің сондықтан шығар, бәлкім?!

* * *

 

8 маусым, сенбі, 1996 жыл

 

ӨЗ-ӨЗІҢЕ ЖӘРДЕМ БЕР!

Дәл мына заманда не нәрсе де өздігінен келмейтін секілді. Шындығында, өзінен-өзі аспаннан түсер асыл ештеңе жоқ. Жолыққан жанның жанары көңіліңнің компасы тәрізді. Сен содан тайғанақтықты емес, тазалықты, таптаурындықты емес, туралықты іздейсің-ау. Ізгілікті, жалынды, дарынды жанды көргің келеді.

Қулық пен сұмдық, арамдық пен ездік жүректерді жараламаса дейсің. Адамдар бір-бірін босқа қараламаса дейсің.

Кейде болмашы нәрсеге ренжіп, бір-бірін аяқтан шалып жатқандарды көргенде жаның ауырады. Туысты жақтырмайтын, ағайынға тасбауыр, ата-анаға қатыгез, досты көре алмайтындар қайдан шығады осы?

Ең негізгісі — тазару. Жасаған жақсылығыңды міндет етпеу. Тәкәппарлықпен тілдемеу, қызғаншақтықпен күндемеу! Жан дүниең мөлдір бұлақтай болып тұрса ғой.

Бұлақ демекші, бұл туралы атам жарықтық айтқан мына бір әңгіме ойға оралады.

Бір бұлақтың басында үш жолаушы кезігіпті. Мөп-мөлдір таза, саялы бұлақтағы тасқа «Ей, жолаушы, болсаң осы таза бұлақтай бол!» - деп жазылған екен. Әркім өзінше ой түйіпті. Бірінші жолаушы:

— Бұл ақылды сөз. Бұлақ бұлаққа қосылып, үлкен өзен болады. Бұл адал қызмет қыл, ешуақытта жалқауланып, тоқталып қалма. Ақырында сен де үлкейіп, мұратыңа жетесің дегені, — дейді.

Екінші жолаушы:

— Жоқ, олай емес! Бұл одан тереңірек нәрсе. Бұлақ кімге де болса қызметі даяр. Ыстықтағанды салқындатады. Шөліркегеннің шөлін қандырады. Одан ақы дәметпейді. Біреуге жақсылық етсең, оны міндет етпе, — дегені, — дейді.

Үндемей қалған үшінші жолаушы:

— Бұлақтың суы бір орнында тұрса шөп-шалам түсіп, лай-қоқым болар еді. Онда оған хайуандар үйір болмақ. Ал күндіз-түні ағып тазаланып тұрғаны үшін адам ынтық. Олай болса бұл жазудың мағынасы мынау: Көңіліңді, бойыңды осы бұлақтай таза сақта. Бұлаққа қарасаң: күн түссе – күннің, шөп түссе шөптің сәулесін көреміз. Ендеше, көңілің сол сияқты сыртқа ашық көрініп тұрсын деген ғой деймін, — депті.

Бұлақ туралы осынау сөзді жеті жасымда естісем де, (Атамыз інім Қасым екеумізді қасына отырғызып қойып айтқан еді) жадымнан кеткен емес.

Бұл белгілі педагог Ыбырай Алтынсариннің әңгімесі екенін есейген кезде бірақ білдім. Бала кезде санама құйылып қалғандықтан ба жаныма сондай жақын. Таза бұлақ көрсем атамды ойлаймын, адамдар туралы толғанысқа түсемін. Содан бері отыз жылдан астам уақыт өтіпті. Көңіліңе әркез ой салар, тағылым сыйлап тұратындай. Бүгінде балам Мұхтарға мен де осынау әңгімені айтамын.

Иә, көкірегіңді тебірентпей, толғантпай тереңдікке бара алмайсың. «Арамдыққа құл болма, адал болсаң. Әлсіздерді қинама, адам болсаң», — дейді тәжік ақыны Нәсір Хосрау. Өзгені бекерге жәбірлеме, қатыгез болма. Ізгілікті ұмытпай, мейірбанды болған жөн. Сонда ғана жаман әдеттерден арыла аласың. Бұл әрине, оңай емес! Ең жаманы — ізденбеу, талаптанбау! Ақымақтыққа емес — ақылдылыққа, мақтаншақтыққа емес – сабырлылыққа, жалқаулыққа емес - еңбекқорлыққа, надандыққа емес — адамдыққа ұмтыл! Сонда ғана сенің жолың ашылады.

Дос іздеген құшаққа іңкәр, тілеулес ниетке құштар жан жолықса шіркін?! Айнала мейірімділер мекеніне, бауырмалдар ортасына айналар ма еді?!

Әйтсе де, дұшпаным жоқ деме, ол қашанда қасыңнан, жаныңнан табылады. Ал досың кейде алыста қалып кетеді. Сары уайымға салынудың қажеті жоқ. Жабырқай беру — жан дүниеңді тоздырады. Басқа түскен қиындыққа бекем бола алмау — осалдықтың белгісі. Оны ойлай берген сайын қажытады, әбіржітеді. Мұның соңы өзіңді жек көрушілікке алып барады. Сондайда парасаттылықпен, байыппен қарап, жағдайға лайық баға бергенің ләзім.

Бойыңа күш жина. Ісіңді жоспарлап, дұрыс бағытқа қадамда.

Қиналғанда көмекті алыстан емес, өзіңнен ізде. Өзіңе өзің жәрдем бер.

* * *

 

16 маусым, жексенбі, 1996 жыл

 

АРЫҢА ДАҚ ТҮСПЕСІН

Дән көтерген құмырсқаға тимеңдерші,

алысқаны өмір ғой, өмір сондай абзал ғой.

Фердауси,

тәжік ақыны

 

Бұл өмірдің өзіндік қуанышы, мұңы бар. Адамдар жаны сұлулық арқылы табиғаттың шаттығын сезіне алады. Көңіліңді кір басса сен үшін дүние түнекпен бірдей.

Жалған сөз, күншіл тірлік жақсылыққа апармайды. «Азап шеккің келмесе, күншіл болма» деген сөз бар. Біреуді кінәлай түсіп, жазғырып, өкпе арта беру өз жолыңды өзің кескенмен бірдей. Сондықтан да ең бірінші адамдық ойың, ниетің, пиғылың түзу болсын де.

Осы орайда Шыңғысхан: «Егер әркім өз пиғылын арамдық ойдан тазартатын болса, бүкіл ел ұры-қарыдан, зиянды әдеттен пәк болар еді» деген екен.

Өмірде не көп? Қиындық, азап көп. Негізгі мақсат соны азаматтықпен көтере білу. Қайыспау, майыспау! Сынақ өткелінен жасымай, жасаурамай, әбіржімей өту. Басыңа ауыртпалық түссе бұл да саған тағдырдың берген бір сынағы деп біл. Құмырсқаның өзінен үлкен дәнді көтергеніне қара да ойлан!

Ертеде бір данышпан құмырсқаның тілін біледі екен. Дән тасып жүргенін көріп, алақанына салып:

— Қане, құмырсқа, дәнді қайда алып барасың? — деп сұрайды.

— Илеуіме апарамын.

— Оны қайтесің?

— Кейінге сақтаймын.

— Көп жинайсың ба?

— Жаздай жұмыс істеп, жейтін азығымды жинаймын да, қыстыгүні қаннен қаперсіз тынығып жатамын.

Адам құмырсқаны айналдыра қарай бастайды:

—Басың неге үлкен?

—Аз сөйлеп, көп ойлаймын.

—Белің неге қылдырықтай?

—Қомағай емеспін.

—Жылына қанша дән жейсің?

—Бір дән жеймін.

—Соған қанағат етесің бе?

—Одан көп жей берсем жер бетіндегі құмырсқалар аш қалмай ма? Қанағат керек қой!

Ақылдылығына, көрегендігіне сүйсінген Адам оны сынамақшы болады. Қорапқа бір дән салады да құмырсқаны соған қоса қамайды. Сонан соң су тимейтін бір жайлы жерге орналастырады. Азықты қалай үнемдейтінін білгісі келеді. Бір жыл өткен соң қайта оралады. Құмырсқаның өлі-тірісін білмек болып, қорапты ашады. Тірі екен. Жалғыз дәннің жартысын ғана жепті. Мұның себебін сұрағанда:

—Айтқаның дұрыс, мен жылына бір дән жеймін, ол рас. Ал сен болсаң мені қорапқа салып, қамап кеттің. Сыртқа шыға алмаймын. Мені ұмытып кетсең, тағы бір жыл қамауда жататын едім. Бір дәнді түгел жесем, аштан өлетін едім. Соны ойлап қанағат еттім,—дейді құмырсқа.

Құмырсқаның шыдамдылығына риза болып, қиянат жасағанын түсініп, босатып жіберген екен.

Ал сен, ол жәндікке қарағанда алып Адамсың, Асқар таудайсың ғой. Ал сенің мүмкіндігің орасан зор. Ең негізгісі — Ақыл бар. Жай-күйіңді сездіретін Жүрек бар. Соның бәрін жеткізе білетін Тіл бар. Бұл аз мүмкіндік емес! Оның үстіне жігерлілік пен қайраттылық, байсалдылық пен байыптылық қосылса еңсеңді түсірмеуге құдіретің де жетеді.

Тып-тыныш өмір жоқ. Тіпті айнала тым-тырыс болғанның өзінде адам жаны мазасыз күй кешпек. Өйтпесе Адам болып қалыптаспас еді.

Қандай ауыр азапты бастан өткерсең де адамдық абыройыңа дақ түсірме!

* * *

 

4 қыркүйек, сәрсенбі, 1996 жыл

 

БАҚЫТ ҚҰСЫН АЯЛА!

 

Адам бақытты болған сайын

уақытының қалай өткенін байқамайды.

Ақымақ болған сайын да

солай болары сөзсіз.

Жазбагер

 

Адамның өмірі тек бақыттан тұрмайды. Бақытты сәттері ғана болады. Сондықтан бақытты шақтар алда немесе өтіп кеткен күндерім деп ойлайсың. Өткенің қайтып келмейтіндігі ақиқат екенін білген сайын жаныңа бір қимастық сезім ұя салады.

Көбіне адамдар дәл қазіргі сәтін бақытым деп бағаламайды. «Өмір — өткен күндер емес, есте қалған күндер» дейтініміз де осыдан шығар, бәлкім?!

Адам өзіне не ұнайды — соны аңсайды. Күтеді. Соған қолы жеткенде қуанады, шаттанады. Бар нәрседен айрылғанда мұңаяды. «Өмір — кезек» дегеніміз де осы шығар?!

Бақытты сәттерің — іздегеніңді табу, күткеніңе жету, жақыныңа жолығу екені сөзсіз.

Бірақ пенде бұған қанағаттанбайды. Керемет кезеңдерін өткізіп алғанда барып бірақ біледі.

Есіме бір әңгіме түсіп отыр.

— Әке, — дейді баласы әкесіне, — маған бақыт құсын сатып әперші.

Бала өтінішін жерге тастағысы келмей жолға шығады. Бармаған жер баспаған тау қалмайды. Әке араға бірнеше жылдар салып оралады.

— Таппадым, балам. Бақыт құсы еш жерде сатылмайды екен.

— Ендеше, өзім іздеймін!

Ерке өскен бала шолжаң еді. Айтқанынан қайтпайтын. Жол ұзаққа созылды. Талай жерді, көлді, елді аралады. Таппады. Кездескеннің бәрінен сұрады. Бала жігіт, жігіт ағасы болды. Жасы орта жастан асқанда бір қарияға кезікті. Мән-жайды түсіндірді.

— Қап! — деп өкінді қария, — бақыт құсын қолдан ұшырып алыпсың-ау.

— Жо-жоқ, мен бақыт құсын кезіктіре алмай жүрмін.

— Жолықтың, бірақ — танымадың.

— Қашан? Қалай байқамадым?

— Сен оны байқай да, бағалай да алмадың. Бақыт құсы жас кезіңде қонған еді. Сен оны босқа іздеп шаршадың. Ол адамды өзі іздеп келеді. Сен жас кезіңнен еңбек етсең, талпынсаң бақытты содан табар едің, — деген екен қария.

Иә, «алтынның қолда барда қадірі жоқ» деп, көзден бұлбұл ұшқанда ғана сезінеміз. Шаттықты шақтарынды қайғының кезеңдері басқанда ғана аһ ұрамыз. Жалынды жастықтың қадірін қартайғанда ғана білеміз. Өткенің қайтып келмейтінін ұғынғанда ғана барып, оның бағасын бағамдайсың.

Өмірдің үш қуаты –денсаулық, жастық және еркіндік дейміз. Бұлар барда нағыз бақытты шағың екені даусыз.

Денсаулықтың да қадірі солай. Өтіп кеткенде ғана өкінесің. Иә, біреуге кіріптар болғаннан сақтан. Еркіндікті жоғалтпа!

 

Сейіт ағамның сөзі.

Ертеде бір жігіт қыздан сұрапты:

— Адам не нәрсеге ынтық болу керек?

Сонда бойжеткен:

— Үш нәрсеге: емін-еркін өмір сүруге, жақсы құрметке бөленуге, пайдасы тиетін жемісті еңбек етуге, — деп жауап берген екен.

Иә, Адамға еркіндігінен артық ештеңе жоқ!

Бақыт құсы алыста емес, дәл қазіргі күніңде, өзіңде дер едім, замандас!

 

* * *

 

7 қыркүйек, сенбі, 1996 жыл

 

Бүгін Ысқақ, Ибрагим бабтардың арғы атасы — Баба Түкті Шашты Әзіздің әруағына тағзым еттік. Әулиенің кесенесі іскер азамат Серікжан Сейітжановтың еңбегінің арқасында қайта жаңғырғанының куәсі болдық. Осынау Жылыбұлақ сағанасында берілген аста Парламент депутаттарының ықылас-хатын ауданның еңбекқор әкімі Қуаныш Айтахановқа жеткіздім.

 

Жүректен шыққан жеті сөз

 

Мәселе біреуге сенуде емес, өзіңе өзің сене білуде!

* * *

Өзіңе өзің тапсырма бер және оны орындау үшін бар күш-жігеріңді аяма. Бар рахат сол игі істеріңді орындай білуіңде жатыр.

* * *

Сені бір адамның болса да ойлап, сағынатынын, сен үшін уайымдайтынын сезіну — бақыт. Ондай жан жоқ болса бақытың да жоқ.

* * *

Досың жоқ болса өзіңнің жүрегіңе қара. «Досым жоқ!» деп босқа қиналанудың қажеті жоқ. Дос дегенің сенің ниетің, пейілің, адамдарға деген ыстық ықыласың.

* * *

Кез келген жанмен дос бола алмайсың. Достық – өмір жолында шыңдалып, бір бағыт, бір мақсатқа ғана бой түзеген адамдардың түйісу нүктесі.

* * *

Ең қажет нәрсе: үйрену мен жирену. Жақсылықты, ізгілікті үйрене алмасаң, жамандықтан, зұлымдықтан жирене алмасаң адам да бола алмайсың.

* * *

Ақылың шыңырауда жатса ештеңені көрмейсің, сөзіңді ешкім естімейді. Биікте жүрсе —қиядағыны шаласың, дауысың да жаңғырып, алысқа кетпек.

* * *

14 қыркүйек, сенбі, 1996 жыл

ӨМІР ҚАЙТА ОРАЛМАЙДЫ...

 

Бүгін бар, ертең жоқ болар,

Уақыт бәрін ноқталар.

Бесіктен шыққан жолаушы

Бейітке жетіп тоқталар!

Жолдағы көрген қызығын,

«Түсім бе сонда?..» - деп қалар!

Құрмаш Жылқыбайдың

Созаққа бара жатқан

жолда жазған өлеңі

 

Өмір — қас-қағым сәт. Өтеді де кетеді. Не істей алдың, не істей алмадың деген екі сұрақ сені мазалай берері хақ. Жасай алғаннан гөрі жасай алмағаның бір бұрышта жылап тұрады...

- Маған енді алты күн беріңізші...

Оноре де Бальзак өзін емдеген дәрігерден осылай үздіге өтінді.

— Алты күн — бұл көп емес қой... Мен өзімнің елу том шығармамды тездете қарап шығар едім. Оның нашар беттерін жұлып тастап, жақсысына ажар бере түсер едім. Адамның жігері небір ғажапты тудырады. Мен өзім жасаған сол дүниелерге алты күн ішінде мәңгі өмір берер едім...

Бұл жазушының үзілер алдындағы соңғы сөзі еді.

Өмірдің, қай жерден басталып, қай жерден аяқталатынын ешкім де білмейді. Сен үшін, Адамзат, негізгі мақсат — өмірдің мәні мен мағынасында! Сондықтан да дәл қазіргі сәттен бастап тұлғалы тұғырда қалу үшін қарманып қал. Ол дегеніміз — Адамдық жүгіңді жеңілдетпеу, парызыңды ұмытпау. Мақсатың болмаса ештеңе тындыра алмайсың.

Есімде, атам жарықтық ештеңемен айналыспай, бос сенделіп жүргенімізге ренжіді. «Құр қарап жүрген жанға опа бермейді. Бір пайдалы іспен айналыс. Түк таппасаң, анау көршілер жұмыс істеуде, тас тасуда. Соған көмектес!» — деп інім Қасым екеумізді сонда жіберді. Бір жағы ыңғайсыз. Бір жағы артымызда атамыз қарап тұр. Барып көмектестік. Жәрдем бергенді кім жек көрген? Алғысын айтып, қуанып қалды. Бір пайдамыз тигенге біз де мәзбіз. Иә, керек екеніңді сезінуден артық бақыт жоқ қой деймін.

Балауса, балғын кезіңде албырт қадам жасайсың. Орта жастан асқанда ойланасың. Әттең, өткен күндеріңді қайтара алмайсың. Өмір қысқа болатыны сондықтан.

Жер жүзінің жартысын жаулап алған Шыңғысхан күші қайтып, өмірден өтерінде қытай емшісін қасына шақырып алыпты. Оңашада айтқаны:

—Тіпті құл болып жүргеніме риза болар едім, жастық шағымды қайтарып бере аласың ба?...

—...

Үмітін үзбей:

—Егер осы айтқанымды орындасаң патшалығымның жартысын берер едім, - дейді.

—...

Емшінің амалсыз бас шайқағанын көріп, жанарынан жас моншақтары үзіліп түскен екен.

* * *

Ертеңгі күні өкінбеу үшін бүгін қимылда. Бүгін ойлан-толған. Азаптан. Ал ертең рахаттанқуан, шаттан.

Өйткені, өмір қайта оралмайды-ы-ыы...

 

* * *

23 қыркүйек, дүйсенбі, 1996 жыл

 

ӨМІР ӨЗІҢНІҢ ҚОЛЫҢДА

 

— Есебіңді өзің шығар, сенің орныңа

сабаққа мен бармаймын ғой...

Мұхтардың Айжанға айтқан сөзінен

 

Адамға ештеңеге сенбей, дел-сал күй кешу - нағыз азап. Өзін өзгелерден жоғары санаған — нағыз ақымақ.

Адамның пиғылының қандай екенін талап-тілегінен, қимыл әрекетінен білеміз. Пенде тірлігі ісімен өлшенеді. Қателік жіберсең - оны алдағы уақытта болдырмаудың жолын қарастыр. Дүниеде дұрыс қадам жасап ізгілікті ісіңмен абырой алғанға не жетсін?!

Әркімнің өмірлік ұстанымы болуы керек. Әйтсе де негізгі ұстаным — өзіңсің. Өзіңді өзің тәрбиелеп отырмай, ізгілікке баулымай биіктерге жете алмайсың.

Өмірдегі өз орныңды таба біл. Тіріде ізденісіңді, ұмтылысыңды жоғалтпа. Әрбір қиындықты жеңу үшін ішкі дүниеңдегі «менің» бой көтергені жөн.

Шыдамдылық, төзімділік мақсатқа жететініңнен хабардар етеді. Ашқарақтықтан, парықсыздықтан құдай сақтасын.

Өмірде қалғып-мүлгіп жүре беретіндер бар. Бірақ, өзіңді өзің оятып, сергек, салауатты сезініп, шешім қабылдағанға не жетсін?!

Көбіне пенделер өмір азаптары мен өлім қорқынышына бой ұрып, өзіндік бағытын жоғалтып алатын секілді. Өз өміріңді әдемі ету өзіңнің қолыңда! Барлық азаптарыңды ізгілікке, қараңғылықты күнгейлікке, шаршағанды сергектікке, қызғаншақтығыңды кеңпейілділікке бағышта. Сонда ғана саған өмір сүру жеңіл болмақ.

Бар азап — адамның ішінде, жан дүниесінде жатыр. Іштегі қиналыс — толғаныстарың ауыр мұңға айналып кетуінен сақтан.

Сенің өміріңді өзге адам сүрмесі хақ. Сен үшін өзгелер тірлік жасамасы тағы аян.

Е.С.

 

Өмір сенікі болса, қиналыс, азаптан шығудың жолы да тек — өзіңде!

* * *

 

17 қыркүйек, сейсенбі, 1996 жыл

 

АҚ ПЕН ҚАРА

 

Жақсылық, махаббат, ақиқат

жоқ жерде — өмір сүреңсіз!

Жазбагер ойы

 

Дүниедегі барлық тіршілік иелері өмір сүруге құштар. Жан жануарларды былай қойғанда, жерден өнген өсімдіктер де солай. Гүл екеш гүл де күн ашық жылы кезеңде жайнап өседі. Егер күн суық болса жаурап бүрісе түседі. Ал адамдар ше? Адамдардың адамдар арасында өмір сүру қабілеті қандай? Әркім әр қалай жолмен жүреді.

Біреулер үшін өмір жеңіл-желпі болып келсе, енді біреулер үшін тым күрделі. От-жігері барлар азаматтық жолды қаласа, парықсыздар ар-намысты таптап өтеді. Әйтсе де жалғандық бар жерде – қиянаттың, әділетсіздік бар жерде — жәбірлеудің, арамдық бар жерде — сатқындықтың бар екеніне көзіңіз жетеді. Сондықтан да, өмір сүру бар да күнгей мен көлеңкенің, адамдық пен пендешіліктің, жақсылық пен жамандықтың... мәңгілік күресі тоқтамақ емес.

Абай Әбдірахман атты баласының алымдылығын сынап білмек ниетпен:

— Қалқам Әбіш, осы әлемдегі жаратылыста ақ зат асыл ма, қара зат асыл ма? - деп сұрайды.

— Ақ зат асыл ғой!

— Неге, қара зат асыл емес пе?

— Қараны қалай асыл дейсіз? — дегенде Абай әдейі:

—Біріншіден, адам баласы барлық дүниедегі жаратылысты көзбен көреді емес пе? Бірақ көздің ағы көрмейді, ортасындағы қарашығы ғана көреді. Қараның асылдығына осы дәлел. Екіншіден, қағаз ақ, одан адам оқып білім ала алмайды, үстіне жазған қара сиядан өнер-білім алады. Үшіншіден, жас шақта адамның сақал-шашы қара болады. Осыған байланысты жас күнде адамда ақыл, білім, қайрат көп болады. Қартайғанда шаш, сақал ағарады. Ал адамда қайрат та азаяды. Сондықтан қараны асыл ма деп ойлаймын,—дейді.

Сонда Әбіш:

— Оның бәрін қалай білдіңіз? — дейді.

— Ақылмен білдім.

— Олай болса, ақыл мида болмай ма, ал ми ақ зат емес пе? Екіншіден, ақыл - нұр, жарық зат. Ол да аққа ұқсамай ма? — деп дәлелдей түседі Әбіш. Әкесі баласының тауып айтқан сөзіне риза болып, маңдайынан иіскейді.

Жақсы жан үнемі ұяттан, намыстан азап шегеді. Тек ақымақтар, көргенсіздер ғана жіберген ағаттықтарынан ұялмайды.

Бұл орайда Лұқпан Хәкімнің бір сөзі ойға оралады. «Намыссыз адам жалақор болады. Жалақормен сұхбаттас болма!» — деуінде үлкен мән бар екені сөзсіз.

Әрбір адамға деген түзу қарым-қатынас ізеттіліктің, әдептіліктің өлшеуіші іспеттес. Қыстың қақаған аязында күннің бірден ысып кетпейтіндігі секілді іштарлық жайлаған жүректен жомарттықты жолықтыра алмайсың.

Күншілдік дархандықтың көзін байлайды.

Жамандықтың ең зоры – өзін зор тұтып, өзгелерді менсінбеу. Бұл өмір мәнін біле алмаған бейшаралар тірлігі.

 

Е.С.

 

1. Әрбір адамға деген түзу қарым-қатынас – ізеттіліктің, әдептіліктің өлшеуіші іспеттес.

2. Іштарлық жайлаған жүректен жомарттықты жолықтыра алмайсың.

3. Жамандықтың ең зоры – өзін зор тұтып, өзгелерді менсінбеуі.

 

20 қыркүйек, жұма, 1996 жыл

 

«ЖАҚСЫҒА ЖАҚСЫ АТ МІНІП ЖЕТПЕЙСІҢ»

 

Жақсы дегенің кейде жасық болып шығады. Жақының кейде алыстап кетеді... Бәрі-бәрін басыңа келгенде байқайсың.

Жақсы адам боп жүру жеңіл емес. Барлық уақытта, кез-келген кезеңде айналадағылардың ықыласына бөлене қоюың екі талай.

Ізгілікті пейіл, адалдық көңіл, мейірімді сезім жақсылыққа бастайтыны ақиқат. Өзгенің жетістігін бағаламау, дұрыс қадамын көре алмау, жалпы, өкпе арта беру – адамды шаршатады, санасын уландырады.

Осы орайда «жақсы адам боп қалыптасу үшін жаратылысынан гөрі жаттығудың рөлі зор» - демеп пе еді, грек философы Демокрит.

Сондықтан біздің күнделікті ізгілікті іске, жақсы әдетке дағдыланғанымыз жөн-ау.

Ізгі ниетсіз ізгілік те болмайды. Мұндайда бала кезден Тынтай апамның: «Жақсыға жақсы ат мініп жетпейсің, жаманға – есек мініп те жетесің», - дейтіні жанымызда жатталып қалыпты.

Иә, бар күш-жігеріңді, сана сезіміңді арнағанда ғана жақсылыққа қадам басасың. Ал жамандық үшін ештеңе істемей бекерден бекер бойкүйез болып жатып алғанның өзі жеткілікті.

«Бар бола тұрып бермеген кейде ұрлықтан да сорақы» - деген екен австрия жазушысы Эбнер-Эменбах. Қолдан келіп тұрып жақсылық жасамау пенденің бейшаралығы. Адамның зиян тартуы, азаптануы осыған келіп тіреледі.

Бала кезімізде аталарымыздың «Жаман сөз айтпа, жаман нәрсе жасама» дейтіні әлі күнге дейін есімнен шықпайды. «Несіне қайталай береді екен?» —деп іштей қынжылатынбыз, бұртиятынбыз. Сол шақтан бұл ақылдың мәнін өзімізше ажыратуға ұмтылатынбыз. «Мынау жаман сөз, анау жаман нәрсе». Бір-бірімізбен айтыс-тартысқа да түсіп кетуші-ек. Кейін есейе келе осынау сөздер арқылы санамызды тәрбиелегенін сезіндік. «Жаман сөздің, жаман істің кесірі өзіне тиіп кетпесе екен» — деген сақтандыру екен ғой бұл!

Біздің ауылдағылардың тағы бір жиі қолданатын сөзі бар. Бір істі қолға алып, әрекеттеніп жатсаң: «Әйтеуір ниетің түзу болса болды» деп демеп қоятын. Бұған тереңірек зейін салсақ қана азғыруға қарсы тұру, санасыздыққа бой ұрмау сияқты жиіркенішті сезімдерден аулақ болуға шақыру екенін білесің. Оның ар жағында адамдық ар-ұят, әділдік те жатқанын сезесің.

Осы орайда Жүсіп Баласағұнидың: «Кісіге екі дүниеде бірдей пайдалы үш нәрсе бар: біріншісі - игілікті іс пен әзіз мінезділік, екіншісі - ұят, үшіншісі - әділдік. Адам осы үшеуі арқылы бақыт табады» дегенін оқығанда біз іздеген бар түйінді тапқандай боламыз.

Е.С.

 

Адам үш нәрседен бақыт табады:

1. Игілікті іс пен әзіз мінезділік.

2. Ұят.

3. Әділдік.

 

27 қыркүйек, жұма, 1996 жыл

 

ЖАМАНДЫҚ ҚЫЛСАҢ ӨЗІҢЕ...

 

Кісіні көктей солдыруды ойлаған

жан алдымен өзі қурайды.


Дата добавления: 2015-12-01; просмотров: 151 | Нарушение авторских прав



mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.053 сек.)