Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

Л. Н.Толстой, орыс жазушысы

Читайте также:
  1. Орыс жазушысы

Көңілің қалаған іспен айналыс. Бұл қиындықтан қаш деген сөз емес. Барлық істің өз азабы бар. Әйтсе де өз жүрегіңнің әміріне құлақ сал.

Қай істе де сергек сезінудің жөні бөлек. Бұл үшін көңіліңді пәс ұстама. Көтеріңкі болғаны жөн. Айналаңа шуақ шаша тіл қат.

 

Е.С.

 

Өмір сүруге деген құштарлығыңды ешқашанда төмендетпе.

4. Денеңді де, санаңды да шынықтыр!

«Адам өзіне өзі бағынып, өзінің

шешімдеріне бой ұсынып үйренуге тиіс».

Цицерон,

ежелгі Рим мемлекет қайраткері

 

Өзің қалаған спорт түрімен айналыс. Бұл денсаулығың, сергек сезінуің үшін керек.

Күн сайын жаяу жүру немесе жүгіруге машықтан. Жақсы әдеттерді дағдыға айналдыр. Жаман қылықтарыңды тастауға машықтан. Ойың таза болса, санаң шынығады. Саналы адам үшін кездейсоқ қиындықтардың әсері жеңіл болады. Таза санадан, таза білім туады. Ол өзіңе де халқыңа да пайдалы.

 

Е.С

Өміріңе оң жаңалық енгізуге құмар бол.

* * *

 

5. Ешқашанда өкінбе!

...Тағдырдың талай мұңы болғанменен.

Тірліктің талай гүлі солғанменен.

Өмірге келгеніңе өкінбе сен!

Өкінбе сен! Өкінбе сен!

«Алтын дән» ансамблі шырқайтын ән

Жіберген қателігіңді өміріңнің сабағы деп біл. Қандай азапты жағдай болса да өмірден түңілме, безбе.

Жақсылыққа жету, қиындықты жеңу, алдағы күннен үлесіңді алу үшін күрес. Қандай кезде де өмір соққысына дайын бол. Тағдырдың тосыннан келген жәйттеріне сабырлық таныт.

 

Жүректен шыққан жеті сөз

Адам екеніңді сезінгеннен артық рахат бар ма, ағайын?!

* **

Егер сені өзің білетін өзге бір жан құрметтемесе, сыйламаса оған ренжудің қажеті жоқ. Мәселенің тетігін өзіңнен іздегін.

* * *

Өз қуанышы, бақыты үшін күреспеген жан өзгеге де шаттық сыйлай алмайды.

* * *

Кінә жасасаң мойындай біл. Мойындау арқылы одан арыла аласың.

* * *

Өзіңе-өзің мәз бола берме. Жақсы биікке жетсең келер асуыңды ойла.

* * *

Өмірдің бір сынағы — басқа түскен іске төзе білу.

* * *

Жақсылыққа ұмтылып өзгелермен араласа алмасаң, сөніп тұрған шам секілдісің. Ал айналаңа шапағатыңды тигізгенде ғана шырағыңның жанғаны деп біл.

 

АДАМДЫҚ СӘН

13 мамыр, дүйсенбі, 1996 жыл

 

1. Адам сәні неде?

Осынау сұраққа әркім әрқалай жауап берері хақ. Жаңа киім кигенге кейбіреулер «ту-у сәнің кіріп қалыпты ғой» деп жатады. «Адам көркі – шүберекте» деген де бар ғой. Бұл тек сыртқы сән. Адам сәні дегеннің астары теренде деп білемін.

Есіме ел аузындағы әңгіме түсіп отыр. Соны баяндап берейін.

* Көктем сәні

(Ел аузынан)

Таң атты. Барлық жануарлар ұйқыдан оянды. Қартайғандікі ме, аң патшасы Арыстан кешеуілдеп тұрды. Керілді, созылды. Айналаға көз салды. Дала жайнап тұр екен. Көңілденіп сала берді.

— Жар салдыр, - дейді Жолбарысқа — Аң біткен жиналсын.

Арыстан үйшігінің жанына аң біткен топырлап, толып кетті.

— Бәріңе бір сұрақ беремін, — деді Арыстан жиналғандарға жағалай қарап алып — Көктем сәні неден?

— Гүл, тақсыр, - деді Қасқыр.

— Жасыл желек, - деді Ақбөкен.

— Хош иіс, - деді Ит.

— Мөлдір су, - деді Қоян.

— Жылылық, - деді Арқар.

— Нөсер, - деді Киік.

— Ашық аспан, - деді Түлкі.

— Салқын самал, - деді Бұғы.

— Еңбек, - деді Піл.

— Шалқыған көңіл, - деді Аю.

— Шаттық, - деді Елік.

— Күлкі, - деді Борсық.

— Жігер, - деді Қодас.

Аңдар айтып біттік дегендей іркіліп қалды. Арыстан оқты көзін Бұлғынға қадады.

— Сен неге үндемейсің?

Бұлғын Арыстанның алдына кеп:

— Тақсыр, мен айтатын ештеңе қалған жоқ. Меніңше, көктем сәні осы айтылғандардың бәрі. Солардың бәрін қоссаң көктем сәні шығады, - деді.

Бұлғынның сөзіне бәрі қол соғып, риза болды.

Бұл әңгіме маған үлкен ой салды.

Адамның сәні де осыған ұқсас-ау деген қорытындыға келдім. Жаңағы көктемге келтірген 13 сөзді былай рет-ретімен жіктеуге болатын сияқты. Сонымен...

Адам сәні

(Өзімше ойлаудан)

1 — Ақыл-парасат

2 — Ар-намыс

3 — Қанағат

4 — Адалдық

5 — Адамгершілік

6 — Мейірім

7 — Жақсы мінез (Жылы сөз)

8 — Сабырлық

9 — Еңбек

10 — Сергектік

11 — Шаттық

12 — Күлкі

13 — Жігер

Ал меніңше, осылардың бәрін қоссаң адам сәні шығатын сияқты.

Сіздің бойыңызда осынау қасиеттер бар ма?

 

* * *

 

16 мамыр, бейсенбі, 1996 жыл

2. Мейірім шуағы

Күнделікті жолықтырған адамдарды әр түрлі қабылдайсың.

Әңгімесіне, жүріс-тұрысына қарап ішкі дүниең бұл адамға «жақын» немесе «алыс» екенін белгілей аласың. Ол саған ізгілікті көңіл білдірсе сен де жан дүниеңнің шапағатын аямайсың. Сен жылы сөзіңді қанша арнасаң да ол салқын қанды болып жайбарақат қалса еңбегіңнін зая кеткенін сезесің. Адамдармен араласу ішкі дүниелеріңнің түсінісуі деп білем. Шындығында, жылы шырай танытқанға салқын жүзбен жауап бере алмайсың ғой. Өзгеге деген көзқарастың қалыптасуы біздің ішкі дүниемізге өзіміздің қосқан үлесіміз. Біз адамды мейірімділігі үшін сүйеміз. Көрсеткен жауыздығы үшін жек көреміз. Әйтсе де пенде мейірімді немесе қатыгез болып туылмайды. Ол қалай үйренеді, солай қалыптасады.

* Қайырымды жан мен қатыгез

адамның қайсысы ұзағырақ жасайды?

АҚШ-тағы Колифорния университетінің оқымыстылары осыған ерекше мән беріпті. 1200 еркек пен әйелді арнайы зерттеумен айналысқан. Олар әр бес жыл сайын әлгі кісілермен сөйлесіп отырған. Бұдан шыққан қорытынды — бала кезінен қайырымды, жылы сөзді, көмегін аямайтын кісілер өзге безбүйректерге қарағанда 4-5 жыл ұзағырақ өмір сүрген. Арақ ішіп, темекі шеккен мейірімділердің жасының қысқаруына бұл әсер етпеген. Ал керісінше осы екеуін пайдаланған өзімшілдердің жасы кеми түскен.

Тағы бір дәлелдеген нәрсе: ажырасқан ата-аналардың балаларының да жасы бірнеше жылға қысқарған. Сондай-ақ тату-тәтті некеде тұрғандар жалғыз бастыларға қарағанда көп жасайтынына көздері жеткен.

Мейірімділік – қарым-қатынастың басты негізі.

Өзгелерге ұнағың келіп тұрады. (Немесе кейбіреуге ұнағысы келмейтіндер де болады.) Әйтсе де, бәріне бірдей ұнай алмасың анық.

Өзгелердің пікірін есепке алған жөн. «Сен жамансың» деген сөз адамға пайда әкелмейді. Адамды бір-бірінен алшақтататын осындай сөздерді қолданбаған дұрыс.

Кейбір ата-аналардың балаларына осылай ұрсып жатқанын көргенде жаның ауырады. Себебі бұл сөзді естіген сайын бала жаси түседі. Ешкімге керек емес екенмін дейді. Бала түгілі ересекке де кәдімгідей зиянын тигізеді.

Еврейлер балаларының әрбір іс әрекетіне оң баға беріп, өте орынды деп отырады. Ондағы ойы сенімін жоғалтпау және өз ойын жеткізу.

* Мұрат — ата-аналарының жалғызы. Ерке емес. Ақылды боп өсті. Заңгер боламын деген ниеті орындалып, жоғарғы оқу орнына түсті. Екінші қурста ақылы мен ажары сай Сағынышпен танысты. Достық соңы сүйіспеншілікке ұласты. Мұраттың парасатты жүзі, салмақты әрекеттері Қыздар педагогиқалық институтында оқитын Сағыныштың да құрбыларын тәнті ететін. Жұбы жазылмайтын екі жұпқа бәрі қызыға қарайтын. Соңғы курста екі жас үйленуге бел буды. Неке тойы Алматыда өтетін боп келісілді. Жігіт ауылдағы жасы ұлғайған ата-анасын шақырып қойған еді...Әттең, қу тағдыр бәрін өзгертті. Оқиға былай болған.

Мұрат екі жолдасымен пәтер жалдап тұратын. Қолдан жағылатын пешке көмірді көбірек салады. Өздері сабаққа дайындалып кеш жатады. Пештен шыққан иістен ұйықтаған үш студент сол күйі оянбаған. Қайғы айтып келген бе? Көкірегі қарс айрылған ата-ана жүрегін түсінген Сағыныш қарттардың қолына келіп, өз қамқорлығына алған. Осынау қазақ қызының қайырымдылығы мен мейірбандығына бүкіл ел риза болысты.

Сіз өзіңізді мейірімдімін деп есептейсіз бе?

 

* * *

 

17 мамыр, жұма, 1996 жыл

 

3. Бақытты болуды үйрен

 

Бақыт туралы ойланбайтын жан жоқ шығар, сірә? Бұл жөнінде мазалайтын жәйт аз емес-ау. Күнделікті күйбеңнің әсері ме, осынау сөзді көп қолдана бермейтініміз де рас.

Әйтсе де, мерекелерде бір-бірімізге бақыт тілеп жатамыз. Іштей «бақытты болсақ, шіркін» дейтініміз де жасырын емес.

Қашанда адамға бірдеңе жетпейтіндей көрінетіні рас. Төрт құбыласы сай жанды кездестіру қиын...

Бақытты болғың келе ме? Осынау сұраққа жауап табу мақсатында американдық психолог профессорлар Дэвид Майерс пен Эн Динер қызықты «бақыт формуласын» ұсынды. Ұзақ уақыт бойы зерттеудің негізінде олар нағыз бақытты адам төрт талапқа жауап беруі керек деген тұжырымға келді.

* Өзіңе қойылар талаптар.

1. Өзін-өзі сыйлай білуі керек.

Мұндай адамдар өздерін жанындағылар үшін жақсы көңіл-күйдің қайнарымыз, зиялымыз, мінез-құлқымыз жақсы деп есептейді.

2. Өзін бақылай алатын болуы керек.

Мұндай адамдар кез келген мәселені шешуге күш-жігер таба біледі. Олар жақсы оқиды, жақсы жұмыс істейді, жүйкесі неғұрлым мықты келеді.

3. Оптимист болуы керек.

Кім табысқа жетуіне сенімді болса, бақыт соған келіп қонады.

4. Бақытты адамдар көпшіл, жігерлі келеді, көптеген достары болады.

Профессорлар пікірлеріне қарағанда, өзге де «бақыт белгілері» бар екен. Мәселен АҚШ-та отбасылық жұптардың төрттен үші өздерін жұбайлық өмір бақыттырақ еткенін мәлімдейді. Дінге сенетін адамдар да өздерін неғұрлым бақыттырақ сезінеді. Бақыт жас ерекшелігіне де байланысты көрінеді.

Сонымен бірге зерттеу Бангладеш сияқты кедей елдерде байлықты бақыт ретінде, ал материалдық қажеттілікті қанағаттандыру ісі жеңілдірек елдерде, «бақыт ақшада ғана емес» екенін көрсетіпті.

Шындығында бақытты жан өз мүмкіндігінің шегін білгені абзал. Өзінің шамасына, қолынан келетін іске талап қылғаны жөн. «Көтере алмас шоқпарды беліңе қыстырма» - дейді халқымыз. Кейде барға қанағаттылықтың өзі — бақыт. Мәселен А.С. Пушкиннің «Алтын балық туралы ертегісін» еске алыңызшы...

«Кең болсаң - кем болмайсың», - дейді аталарымыз. Бақыттылықтың бір ұшы — кеңпейілділікте, қайырымдылықта, жамандыққа жақсылықпен жауап беруінде жатқан жоқ па екен дейсің. Мұның бәрі адамның өзіне байланысты. Олай болса бақытты болу да өзіңіздің қолыңызда.

 

18 мамыр, сенбі, 1996 жыл

 

4. Адалдық

Өтірік сөз — жарақат сияқты,

Жазылса да орны қалады.

Сайф Сарайи,

Алтын Орда дәуірінің ақыны

 

Өмір болғасын алданып жатасың. Көрер көзге біреуді біреу алдағанын көріп қиналысқа түсесің.

Пенде де қызық қой. Бір алдайды – құтылар. Екінші алдайды – тұтылар. Әңгіме онда да емес. Ол ең үлкен байлығы – адамдар арасындағы сенімнен айрылып қалады ғой. Ең аяныштысы осы емес пе? Мұхаммед пайғамбар хадисінде «Қателердің қатесі — өтірік сөйлеу» деп ашық жазылған. Иә, жалған сөз жақсылыққа апармайды.

Аталарымыз бала күнімізде: «Алданғаннан болсаң да, алдағаннан болмашы» дейтін.

Өйткені, адалдық бәрінен қымбат. Сенің ниетің, көзқарасыңда тазалық көрініп жатса мұрат-мақсатың жақындай түспек.

 

19 мамыр, жексенбі, 1996 жыл

 

5. Қаперде жүрер қағида

Өзіңді өзің зерттеу үшін міндетті түрде ғалым болудың қажеті жоқ. Әйтсе де адамның өз дүниесінің беймәлім қырлары аз емес екені ақиқат.

Тылсым сырлар тұңғиығы таңғажайып.

Сонымен...

1. Өзгенің орнына өзіңді қойып көр.

Иә, кездескен мәселені шеше алмай қиналғанымда осылай етемін. Шындығында менің орнымда болса ол қалай шешер еді? Байыппен қарап пайымдау үшін керек. Өзіңе өзің ақыл қос. Айналаңдағы құрметтейтін, бағалайтын жандардың сенімін жоғалтып алма.

2. Өзгенің көңіл-күйіне қара.

Қасыңдағы жан күйіп-пісіп отырса сабырлы болуға шақыр. Оның жан дүниесіне ден қой.

3. Өзіңе ие болу — өте қажет.

Өз қателігіңді, жіберген кемшілігіңді мойындай біл. Өзіңе бақылауды, жауапкершілікті күшейт.

4. Өзіңді аямай, ізгілікке құштар бол.

Ізгілікке, жақсылыққа ұмтылған сайын жан-дүниең де ашыла түседі.

5. Шыдамдылыққа, бір-біріңді кешіре білуге үйрен.

Иә, бар жәйттің шешуі — төзімділік, сабырлылық. Кешіре білген кекшіл болмайды.

6. Жылы шырайлы жүзіңді жоғалтпауға тырыс.

Қайғырып тұрмасаң, үнжырғаңды түсірме. Жылы шырай — адаммен араласудың бір құралы.

7. Жақсы сөз — жақсы, жақсы іс — одан да керемет.

Жақсы істің бастамасы жақсы сөзден бастау алады.

8. Өзің істей алатынды өзгеден сұрама.

Көз — қорқақ, қол — батыр.

9. Бір-біріңді шынайы мақта.

Шын ықыласпен жаныңдағы жанды мақтау оған көңіл аударғаныңның бір белгісі.

10. Болмашыға ренжіме!

Ренжи беру, өкпелеу табысқа бастамаса керек.

11. Өз туысқандарыңа құрметпен қара.

Туыстың қашанда орны бөлек. Кеңпейілді көңіліңді суытпауға тырыс.

12. Зиянды әдеттен арылуға әрекеттен.

Кейбір жағымсыз әдеттеріңді өзің де білесің, көбіне оған мән бермейсің. Бұл сырт көзге тіпті тұрпайы көрінеді.

 

Жүректен шыққан жеті сөз

 

Адамда мақсаттың көп екені рас. Негізгісі:адамдық бағытыңнан ауытқымау.

* * *

Алдағы күнге арналған бағдарламаң болуы керек. Онсыз биіктерге жету мүмкін емес!

* * *

Дұрыс жүру, сөйлей білу, өзгелерге ілтипаттыболу — сенің адам ретіндегі басты міндеттерің.

* * *

Дүниедегі ең үлкен бақыт — жұбайыңның жарқын көңілі мен балаларыңның шат-думанын бірге қарсы алып, сезіну.

* * *

Күн нұрынан гүл бүршік жарады. Адамдық нұрынан ізгілік махаббат пайда болады. Ал ізгіліксіз, махаббатсыз өмірді өмір деп айтуға бола ма?

* * *

Адамның бәрін сүйе алмайсың, бірақ құрметпен қарауға тиістісің!

* * *

Бәлкім, өмірде пенде жасаған ісіне ұялмаса,намыстанбаса хайуаннан бетер болар ма еді...

ЕКІНШІ ДӘПТЕР

АДАМ - КЕРУЕН, ӨМІР - ЖОЛ

 

30 мамыр, бейсенбі, 1996 жыл

Өмір, сені сүйемін!

Бүгін ескі «Қызыл күнделігімді» тауып алдым! Сол баяғы жастар құрылтайында сыйлаған қойын дәптер. Қуанғанымды айтсайшы. Жеткізе алмаймын. Осыдан алты жыл бұрын нені ойлады екем? Бүгінгі ойыммен қабыса ма? Көзіме оттай басылған өзіме таныс әріптерге одан әрі шұқшия түсемін. Түсінікті болу үшін сіздерге де кейбір үзінділерін таныстыра кетейін.

7 қыркүйек, жұма, 1990 жыл

 

Тұңғиық дүние...

Тып-тыныш өмір...

Сырт-сырт еткен сағат секундтары...

...Сол қолыңмен жағыңды таянып шертер сыры, айтар ойы көп мына әлемге тағы бір қарап қоясың. Қарайсың да әрқайсысының өзіндік тіршілік дыбысын, өмірге құштар үнін естігендейсің. Қарашы күлімдеген Күн де, тұлғалы Аспан да, салмақты Жер де, тамырлы Ағаш та, сылдырап аққан Су да... бәрі-бәрі осы әлемнің тіршілік иелеріне тілеулестігін білдіргендей. Табиғат бір-бірімен байланысты ғой. Өзіңнің ішкі дүниеңмен үндесіп, жүрек дүрсілі бір астарласып жатқандай. Содан соң ғана оң қолымдағы қаламды қамшылап, тып-тыныш өмірдің тереңде жатқан беймаза сырды қағазға түсіргің келеді...

«Дүние — жалған» деген осы шығар? Уақыт та, мезгіл де бір орнында тұрған ба? Сырт-сырт еткен сағаттың секундтары келер сәттің хабаршысы тәрізді. Иә, өзгеріс демде ғой. Кино лентасындай ілезде мына дүниеге өзгеше көрініс пайда болды. Аспанды бұлт жапты. Айналаға тұман түсті. Жаңа ғана ашық-жарқын, сүп-сүйкімді табиғаттың қабағы түйіле бастады. Ағаш ұшындағы санаулы жапырақтардың өзінде де діріл жоқ, томаға-тұйықтық күй кешкен. Тек анда-санда тауықтар шақырады. Әлде хабар бергені ме екен? Болмаса таңның атқаны қашан-н... Уақытты көрейін деп сағатыма үңілгенім сол еді, «қарқ-қарқ» етіп қарғалар ұшып етті...

Ауада бір түрлі дымқылдық бар. Білмеймін, жан-дүниемді де беймаза бұлт басқандай. Жаңағы шуақ қайда? Күлімдеген Күн қайда кетті? Осы сөздерді жазып үлгергенім жоқ, аспандағы бұлттар да «жылауға» шақ тұрған баладай «еңіреп қоя берді»... Табиғат — Ананың «көз жасы» әне тамшылауда... Осынысы да дұрыс шығар. Кішкене жеңілденгендей. Әйтпесе, жаңағы көрініс тым ауыр еді. Адамға да өте кері әсер етеді екен.

Тырс... тырс... Бұл мөлдір тамшылар симфониясы ғой. Әдемі. Жеңіл де ойлы. Осында бір үлбіреген жылылық бар сияқты.

* Әр тамшының өз тағдыры бар

 

Тамшы мұңы... Бір ұйқастар оралатын сияқты...

Тырс... тырс... тамшы мұңы

Беймәлім күй кешеді.

Сезгендей жан сырымды,

Ырғағы үйлеседі.

Тағдыры алмағайып,

Бейнесі бір үміттің.

Таңғы шық таңғажайып,

Келеді сырын ұққым.

Телмірем терезеге

Жүрегім бұлқып керім.

Ой бөлдім ережеңе,

Не болды үркіп тегі?

Тырс... тырс... тағы да үн,

Мазамды алды менің.

Санамда сары уайым,

Езіліп жан жүрегім.

Несіне таусылайын,

Күн санап саннан артып,

Мөп-мөлдір тамшыдайын,

Бір ғана тамған артық...

 

* * *

 

 

Кім білсін, бүгінгі күннің терең толғаныстары мен тебіреністерін таразылап, ой елегінен өткізер сәтіне де жетермін.

Жер беті тақтайдан тегіс емес. Өмір де осылай.

 

* * *

Телегей-теңіз дүние...

Аласапыран өмір...

Жаға қайда, жар қайда? Бурыл толқындар нар бураның шудасындай желкілдеп дес берер емес. Түре қуып тықсырып тастағысы келеді. Әрбір толқынның өзіндік сыры, жаратылысы бар. Кейде қайратыңа қайрат қосса, енді бірде құрдымға кетіре жаздайды-ау. «Өмір теңіз, жүзем онда демеңіз, ізгіліктен жасалмаса кемеңіз» деген Рудакидің сөзі тектен-тек айтылмаса керек. Ой сананы ізгілікке қарай дамытып, игілікке бас ұрмасаң парасаттылық көшіне ілесе алмайсың.

Бұл теңіздегі басты шырағың — Адамдығың. Одан айрылсаң, бағыт-бағдарыңнан айрылғаның, жолыңнан адасқаның. Иә, өмір дегеніміз тынымсыз алға ұмтылу. Тоқтап қалсаң алдыңнан шыққан аққайнар толқын артқа апарып тастайды. Артта қалу — өмірден қалу емес пе?

 

* * *

Тағы да:

Телегей теңіз дүние...

Ұшы қиырсыз өмір...

Бұл өмірді теңізге баласақ, теңіз де тамшыдан кұралатыны еске түседі. Уақыт — тамшы... Дүние осы уақыт — тамшыдан тұрады.

 

Тамшы... Көздің жасы... Жанарда тұнып тұрған шық тәрізді осы бір ғана тамшы жастың сырында әлем жатыр. ТОЛҒАНЫС... ТЕБІРЕНІС... ОЙЛАНУ... Адам біткеннің сезімдері дір еткенде, ақыл парасаты үн қатқанда бастан өткізер кезеңдер ғой.

Менің бүгінгі толғанысым: ішкі дүниемнің он балдық дауылы ышқына көтеріліп, көңіл толқынын жағаға асықтай атқан, беймаза аласапыран болғандықтан шығар.

Менің бүгінгі тебіренісім: пендешілікпен құр босқа күн өткізіп жүргендерге, ұлтжандылықты ұғынбай, замана ағымын терең түсінбей, Адамдық атты қорлағандарға, адамгершілік нарқын білмегендерге... күйінгенімнен туындап жатқан шығар?

Менің бүгінгі ойлануым: күндегіден өзгеше. Санамда ырқыма бағынбайтын көтеріліс болып жатыр. «Оны қайтсем, мынау қалай болады?», «анау не болды?» деген қара дүрсіндіктің омыртқасын сындырған күрделі ойым осы шығар?

 

Бұл тал-бесік пен жер-бесіктің арасындағы өлшем мәні, қашықтық сыры. Ақ пен қараның, жақсылық пен жамандықтың, күнгей мен көлеңкенің, алғыс пен қарғыстың, мейірім мен көре алмаушылықтың... толып жатқан тіршіліктің қақтығысы. Бұл тереңіне батырып, теңізіне түсіріп жіберетін ӨМІР.

 

* * *

Күн артынан күн туады. Ай кетеді айналып. Жылжып жылдар өтеді. Әйтсе де тіршілік жалғаса береді, жалғаса береді... Тек өткеннің әдемі суреттері, сағыныш сезімдері ғана санада жаңғырып, мәңгілік қалары сөзсіз.

Қызық өміріңнің әрбір сәті ашылмаған тарихың, жазылмаған дастаның іспетті.

Иә, ынтыға жеткен сәтің, мейірлене шуақтанған мезетің, өткен күнің... қас-қағым шаққа айналып көзден бұлбұл ұша береді... Ешқайсысын да уысыңа ұстай алмайсың, бәрі-бәрі де қайтып оралмайды. Бірақ, әрбір сәттің сыры бөлек. Өтіп бара жатқан секунд, сағаттардан өз үлесіңді шама-шарқың келгенше алып қалғың келеді.

Ал уақытың ескерусіз, өлшеусіз өтсе ескексіз қалған қайықтай боларсың.

«Өмірдің шарты — күрес. Күрес тоқтаған жерде өмір де тоқтайды» осынау сөзді қанша оқысақ та, жиі естісек те мән бере бермейміз-ау. Осы орайда француз философы Д. Дидроның мына сөзі ойға оралып отыр: «Талант иелері уақыттарын өзін-өзі және болашақ ұрпақ құрмет тұратындай етіп пайдаланулары керек. Игілігіне ештеңе қалдырмасаң, ұрпақ біз жайлы не ойлайды?» Біз бойымыздағыны бере, ойымыздағыны жеткізе алдық па? Ол жағы әзірге бұлдыр тұман.

Өмір деген күрделі деп жатамыз. Меніңше, өмір күрделі емес. Оны қиындатып жүрген — өзіміз. Бәрі де ақ пен қараны білетін, кейде түсінгісі келмейтін адамдарға иә, иә, екі аяқты пенделерге байланысты.

Өмірде жақсы адамдар жоқ емес. Әттең, әттең олар өте сирек қой. Имандылық, инабаттылық, жақсылық үшін соғып тұрар жүректер қайда? Әлде әркімнің ойындағы жақсылық әр түрлі ме?

Өмірдің ақиқаты осы ма? Әлде есею деген ақтықты, пәктікті жоғалту ма? Неге бұлай? Неге? Неге? Неге? Өмір иірімі сен қаламаған жәйттердің, оқыс кезеңнің куәсі етеді екен. Өмірді көрген кісілердің жанашырлыққа емес, аяғыңды шалыс басар кезіңді аңдып тұруы қалай? Ауыздан шыққан сөзі басқа да, ішкі дүниесі тіпті бөлек. Ондайлардың қолы қысқа болғанымен, тырнағы сояудай. Адалдыққа ұмтылған ақ ниетіңді қиып-ақ тастағысы келеді.

Ертеде, атам жарықтық айтқан мына әңгіме есімнен кетер емес.

* Бір қара ниетті қасқыр оспадарлығының арқасында құдыққа түсіп кетіпті. Қиналып жатқан қасқырды қой байқап қалыпты.

—Құтқаршы мені, құлың болып кетейін. Екі дүниеде риза болып, жақсылық жасайын, - депті қасқыр.

«Бұл бейшараға көмектесейін» деген қой, қасқырды құдықтан әупірімдеп жүріп, зорға шығарып алыпты. Құтқарылған, әбден ашыққан ызалы қасқыр басынан өткен жағдайлардың бәрін ұмытып кетіп, қойды жеп қойыпты.

Міне, ізгілікке зұлымдықтың айтқан «рахметі» сол болыпты.

Жақсылықты да білетін жанға жаса.

 

* * *

 

 

Адамда нағыз адам болудан басқа мақсат бола ма? «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын», - деген екен Абай. Шындығында, қайда болса да, қайда жүрсе де пенденің Адамдық қасиетті сақтауымен құрметке ие болады.

Иә, қандай жан болмасын ісімен — сүйкімді, қылығымен — көрікті. Адамды ой түзейді. Ойың таза болса — жолың да, жан-дүниең де таза.

Ол үшін Абай айтқандай басты үш-ақ қасиетің: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрегің керек.

 

* * *

 

Кеше түсіме Фариза апай еніпті. Білмеймін, бұл ол кісі туралы ойлағанымның әсері шығар. Түнімен «Шашы ағарған қыз» атты кітабын оқып едім. Апайдың да ішкі дүниесін, ақындық болмысын шын жүрегіммен түсінгендеймін. Әсіресе, Мұқағали туралы айтқандары:

«...Адам баласы көзі тірісінде бір-бірін қадірлей алмаудан өмір бойы опық жесе де, қорытынды шығармайды. Бір-біріне деген енжарлықтың зардабы жанашырлық пен мейірімнің нәрін сорып азайтуға қалды. Бірақ жан дүниесі тар, көңіл кеңдігі жоқ деп ешкім жазғырмайды».

Қайран Мұқағали-ай! Неге сонша торықты, неге сонша өмірден түңілді, күйінді десем, бәрі де жоғарыдағыдай жосықсыз әрекеттер мен көре алмаушылықтың қиянаттарын көріп, шыдай алмаған екен ғой.

Неге сонша «Аһ» ұрды, шаршады десек, бәрі бекер емес екен ғой... Өмір деген бал татитын шекер емес екен ғой...

Неге өмірге байыппен қарамаймыз. Неге асыға береміз? Әйтеуір анда үлгеру керек мында жету керек деп, күндеріміздің зымырап өтіп жатқанын аңғармаймыз-ау. Қараңызшы, қу тіршілік-ай, осы сөздерді жазып жатып, сағатыма қарап қоямын. Қайда асықпақпын?

Иә, бұл өмірде бәрі де санаулы, өлшеулі. Сондықтан асықпасақ тағы болмайды. Әсіресе, қазіргі тапшылықтың, қымбатшылықтың тауқыметін тартқызып, зырылдап жатқан мына дүние осыны талап етеді.

Асықпасаң көп нәрседен құр қалатын сияқтымыз. Асығу... Айтпақшы, осы туралы Мұқағалидың бір өлең шумақтары бар емес пе еді?...

Иә, иә, есіме түсті.

Санаулы менің сағатым,

Санаулы менің күн, айым.

Асығам қалмай тағатым,

Асықпай қайтіп шыдайын.

Шау тарта жаным бастады-ау

Айларды қуып жылдарым.

Айтылмай қалса масқара-ау,

Ашылмай жүрген сырларым.

Күні ертең өліп кетердей,

Жастыққа қорқа бас қойдым.

Өмірім босқа кетер ме ей,

Өруін таппай таспа ойдың?!

Күндер-ау, күндер көктемдер,

Қасымнан менің кетпеңдер?!

Әуелде неге жараттың,

Көпсінсең мені көк пен жер?!

 

Ау, Адамдар! Пешенемізге берілген күрмеуге келмес жіптей қысқа ғұмырда бір-бірімізді табалаумен, көңіліне дақ салумен емес, сыйласумен, сырласумен неге өткізбейміз?

Тырнақтың астынан кір іздеп бір-біріміздің көзімізді шұқымай, аяқтан шалмай, майда болмай, ірі болсақ қайтеді?

Бір-бірімізді бөлмей, бірігіп жүрсек жараспай ма?! Бір-бірімізді не үшін, неге жек көреміз? Осы бір таусылмас сұрақтарға жауап таппай қиналамын. Дегенмен, адам боп келіп, өмірде Адам боп қалғанға не жетсін!

 

* * *

 

 

Зымыраған уақыт, күзді қайта әкелді. Ал күздің астында қаһарлы қыс жатқан жоқ па?! Қолды аяққа тұрмаған ыстығымыз басылып, қоңыр салқын боп суынармыз. Жастық жалынды жүзімізден әжім де көрінер. Барлық нәрсенің шегі бар. Мұның соңы белгілі ғой... Мүлде бөлек жаңа ұрпақ келеді. Кім біледі, біз таңырқаған жайға олар да таңқалар. Біз жұтқан ауамен дем алып, біз ішкен судан олар да дәм татар. Біз жүрген жермен жүрер бәлкім?! Бірақ, бірақ біз туралы ойлана қояр ма екен?! Осындай жан өтті деп еске алар ма? Бұл жөнінде ешкім де ештеңе деп айта алмайды. Болашақты кім болжап, білген десейші!

Өлімнен қорықпаймын! Өмірге келдік пе, ерте ме, кеш пе кететініміз анық. Менің қорқатыным: артымда қандай ұрпақ қалмақ?

Менің ойлайтыным: артымда қандай сөз қалмақ? Артыңда ауыз толтырып айтар жылы лебіз қалғанға не жетсін. Бұл енді сенің Азаматтылығыңа, Адамдығыңа ғана байланысты. Мынау дүрбелеңі көп дүниеде алмас қылыштай жарқырап көріне алмасаң өзіңе сын. Көрінбесең кімге өкпелемекшісің...

Тірі болсаң, әйтеуір едәуір тірлік атқара аласың. Бәрінен де іштегі алау, көңілдегі жалау жоғалмасын де. Жо-жоқ! Ол жоғалуға тиісті емес! Ақтық қаным тамып жатса да менімен өмір сүруде.

Өмір сүру — ол өлу емес! Ол күлу, күресу, жеңілу, жеңу, толып жатқан тіршілік тауқыметтері, күрсіністері, қуаныштары... Ол әр түрлі орталар, әр қилы адамдар... достар... жарандар... кездесулер... қоштасулар...

Енді ойласам өмірдің ізгілікке де, зұлымдыққа да сан саналы арналары жеткілікті екен. ӨМІР мен АДАМ — егіз. Бірінсіз бірінің күні жоқ. Әйтсе де Адамды өмір тәрбиелейді. Өмірді көріп адам ойланады, есейеді.

Міне, күн еңкейіп, ұясына қонып барады. Бұл қимастыққа толы тағы да тіршіліктің бір күні өтті деген сөз.

 

—Тағы, міне, қоштастым бір күніммен,

Қош айтыстым бір күнгі тірлігіммен.

Тоқтатып көр толассыз қозғалысты,

Түссең дағы тәңірдің кіндігінен, —

деп Мұқағали жырлағандай бүгінгі күніммен қоштастым. Ертеңгі таңым қандай болып жолығар екен?!

Сондықтан да, ӨМІР, СЕНІ СҮЙЕМІН!

 

* * *

 

1 маусым, сенбі, 1996 жыл

(Сағат 21-ден 35 минөт өткенде)

 

ӨМІР ҚОЗҒАЛЫС...

Адам деген құмға түскен із бе еді?

Әл-Фараби

 

Өмір дегеніміз - құбылыс һәм қозғалыс. Зымыраған уақыттың күрмеуі бізге бағынбайды.

Уақыт тау басынан төмен қарай құлай аққан өзен дерсің.

Ал адам осы уақыт керуенінің бір жібіне байланған тағдыр иесі. Сапарында не жолығатынын, қай жерге барып тоқтайтынын өзі де білмейді. Бар қызығы алда деп үміттенеді. Соған арқа сүйейді. Өткен өмір ешқашан қайталанбайды. Әйтсе де өткенін сағынбай тұра алмайды. Өткенін ойлағанда өзегіне түскен сағыныш жүректі тербейді. Шымырлап бойға түсіп толғандырады.

Әрдайым бір үміт-арман пендені жетелеп жүреді.

Бұл жолда қиындық та, азап та, рахат та аз емес. Кісілік қолын созған мейірбандық та, жарға лақтырған опасыздық та, сенімінің күл-талқанын шығаратын сабырсыздық та... бәрі бар. Күтпеген, ойламаған оқыс жәйттер де кездеседі. Амал жоқ, пенде бәріне көнеді. Шыдамды, төзімді де.

Бұл дүниенің жарығы, сәулесі адам жанын түрлендіре түседі. Ізгілікке іңкәр көңіл сұлу дүниені іздейді. Бақыттан үміт үзбейді. Шапағатты, махаббатты ойлайды. Өмірден керегімді алсам деп ұмтылады. Надандықтан гөрі адамдық, арамдықтан гөрі адалдық, қастықтан гөрі достық құшақ жая қарсы алатындай көрінеді. Бұл дүниеде жамандық атаулыдан жақсылық көп екеніне сенгің келеді. Сөйтсек те...

««Жақсы бол» деп әркім айтады, «жаман бол» деп ешкім айтпайды. Жаман сонда да бола береді. Адал дән егумен шығады, арамшөп өзі шығады. Жамандық арамшөп сияқты, жұлмаса өседі, егіннің өнімін кеседі. Сондықтан егін мен арам шөп, жақсылық пен жамандық өмір бойы отаса алмай келеді», — депті ақсақал жазушымыз Ғабиден Мұстафин марқұм.

Адам баласы қуаныш пен реніштің, үміт пен күдіктің, парасаттылық пен пендешіліктің, жақсылық пен жамандықтың дәмін татпауы мүмкін емес. Сондықтан да өзгелермен араласу әр түрлі көңіл-күй сыйлайды. Сабырсыздық, ашушаңдық жаман әдеттерге жол ашуы мүмкін.

Мұндайда «өкпе мен ашу жүрген жерде ақыл болмайды» — дейді екен бұрынғылар.

Өзімшіл, тәкаппарлар қай ортадан да кездесіп қалып жатады. Ақылды жан жамандықтан аулақ жүреді. Адам деген кемшіліксіз болмайды.

«Ешкімді кемшілігі үшін айыптамаңыз, әрбір адамның бойында қателігі болады» - деген екен түрік ойшылы Сағди.

2 маусым, жексенбі, 1996 жыл

СЕНІ ҰҒЫНАР ЖАН ҚАЙСЫ?

 

Ұмытпа! Сен өмірдің тұрғыны

емес, жолаушысы ғанасың.


Дата добавления: 2015-12-01; просмотров: 867 | Нарушение авторских прав



mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.075 сек.)