Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

Жолдасы жаманды жау алады

Читайте также:
  1. Мемлекет басшысы, үкімет басшысы, сыртқы істер министрі өз мемлекеті атынан құзырсыз келесі мақсатта әрекет ете алады
  2. Олигополиядағы бір фирманың өндіріс көлемінің басқа фирмаға қатысты графигі қалай аталады?
  3. Тәртіптік жазаладың ережелері.

Жазбагер

«Жүректегі жазулар» хақыңда

 

«Сеанс дәрістер»

 

Абылдау

Әуелде «Жас алаш» газетінде үзінділер беріліп, кейін баспасөз бетінде осы кітап жайында жариялана бастады.

Іле пендешілігіміз ұстап ойдағы-қырдағының бәрі «қирап» жүрген заманда «ізгілік, мейірім, парасатты» сезіне қалған, әлі отыздың ортасына жетер-жетпесте өмірдің қадір-қасиетін ұғына қалған «бұл кім» деп, сенбестік танытқанымыз рас.

Сөйтсек, «бұ баланың» айтпағы «біз ойлаған шимайға» ұқсамайтын сияқты.

Алғаш оқығанда, қырық бірінші құмалақтың маңдайға түскеніндей әсер етіп, жақсылыққа жетелейтіндігіне...

Қайыра оқығанда, «жеті жыл жер бауырлап» жатқан кісіні орнынан тұрғызып жіберген тәуіп сеансындай әсер етіп, «өмір сұмдық» емес, «өмір ғажап!» деуге дейін жігерлендіретіндігіне қарап, ойланып қалдық.

 

Зерделеу

 

Алдымен, аталмыш дүниеге келу жолында жазушы өткен негізгі 2 мектепті баса көрсеткеніміз жөн. Бірінші мектеп — бар ғұмырын үлкен-кіші айта жүретіндей өнегелі өткізген атасы Сұлтан Ысқақов тәлімі. Екінші мектеп — көпті оқығандығы және «көпті көргендігі»...

Күнделік үлгісінде жазылған дүние болғандықтан тап осы еңбекке уақыт та кетпеген, тер де төгілмеген сияқты боп көрінуі мүмкін. Дәл осылай ойлай салсақ, қателескен болар едік. Өйткені, мұндағы қай ой, қай толғам болсын - “күнге құштар көңілдің» «жүректен шыққан тіркестері»...

Өмір. Адам. Орта. Күнделікті жағдайлар, ең елеусіз сәттер, «мұң арқалаған, ойланған, тебіренген минуттар», “мөлт еткен көзден — жылт еткен күлкілер» — кітаптың өн бойында қарапайым мысалдар арқылы, әдемі ой үзіктерімен берілген.

Ал қағазға имандай сенген ақын — жүректің ірі ұтысы - адам жанына үңіліп, оларды түсіне алатындығы. Өмірдегі құбылысты «маңдайдағы қос үңгірмен» ғана емес, «үшінші» көзбен аңдап, бағамдайтындығы...

Кітаптағы поэзиялық ой - толғам, психологиялық параллелизм, диалог, монологтар үйлесім таба білген.

 

Тазару

 

Жазушы сырларына қанықтық. Иландық. «Жүректегі жазулар» — әр түрлі тақырыпта «сеанс» дәрістер жиынтығы.

Кітаптың тартымдылығы да осында.

Күлпара Жұмағали.

2-желтоқсан, жұма, 1996 жыл.

«Заман — Қазақстан» газеті

Әкімнің жүрек дәптері

 

«Мен Мұхтар Шахановты мойындамаймын», - дегенді жиі-жиі қайталайтын еді біреу. Біз таңдана қарап қалатынбыз сонда. Ішімізден: «Сенің мойындағаныңда немесе мойындамағанында тұрған не бар...» дейтінбіз.

«Мен осы Әкім Ысқақты мойындамаймын», - деді күні кеше тағы да біреу. Ал біздің құлағымызда осыдан он бес жыл бұрынғы кіжініңкіреген, кекесінділеу үн қайта ызыңдағандай еді. (Мұхтар туралы айтқан кісінің даусы ғой).

...Ойланып отырмыз. Әкімді әлдебіреулер мойындап, әлдебіреулер мойындамай-ақ қойсын; алайда, ауылдан астанаға аттанған ақ көңіл ақын жігіттің әлдеқайда биіктеп, жосылып жатқан жонды беткейлерге беттеп кетіп бара жатқанына мына жүрек дәптері айқын айғақ десек қателеспейміз.

Ақ параққа ақ ниет, ақ жүрекпен қарау үшін кіршіксіздік керек екенін терең түсінетін жазбагер ә дегеннен-ақ өзін де, оқырмандарды да тазалыққа даярлап алады. Өмір сабақтарын ұлағатты ұстазға тән әдістемелік шеберлікпен бастайды. Өмірдің өзінен туындайтын бағдарларды байыптай отырып, әрбір сәтті тұста сәулелі шам жағып, енжардың өзін елең еткізбек мақсат ұстайды. Оқырманды өзіне тартып, егізқатар қолтықтап алып, шынайы сырласына, мінәйі мұңдасына айналдырып, іші-бауырына кіріп жөнеледі. Жүрекке жол іздеудің жолдарын баян ете отырып, жан жарастығына орай небір әлемдік данышпандардың терең тебіреністерімен әдіптеген толғаныстарынан өзіндік өзгеше социограмма жасайтындай. Жалпы, осы кітаптың қайбір бөлімін, сол бөлімдегі түрлі-түрлі терімдермен, әдемі әдістермен, алуан формалармен берілетін жазбаларды, күнделік үзінділерін, тағысын-тағыларын қарасаңыз, тың тыныс, ізгі ізденіс, қай жағынан алғанда да абзал бір жаңалық сезінесіз. Ең бастысы сол, «Жүректегі жазулар» авторының айтары бар. Сол айтарын таптаурын сүрлеулерге салмай, өзгеше әуен-әуезбен, айрықша ақжарқын әдіс-тәсілмен, жеткізбекке талпынады.

... Ал, «Жас Алаш» газеті күнделік үлгісінде жазылған бұл эссені атышулы Дейл Карнегидің нақыш-өрнектерімен үндестіреді. Үндессе, үндесетін де шығар. Алайда, «Жүректегі жазулар» Қазақ топырағының төл туындысы ретінде жанымызға жақын. Қазақ жазбагерінің туындысы бола тұра, күллі адамзаттық ақыл-ойлар қазыналарымен жалғасып, жарасып жатады.

Жақында «Казахстанская правда» газеті Парламент Мәжілісінің депутаты Әкім Ысқақтың алғаш рет Заң жобасы баламасын қазақ тілінде жасап ұсынған адам ретінде тарихта қалатынын мойындап жазды. Ақын Әкім абзалдығының тағы бір қыры, бәлкім, басты бір қыры осы шығар. Ана тілінің киесі қолдағай да бауырымызды, деп, тілегімізді үстей түстік.

Қазақ поэзиясының құлагері, сталиндік қуғын-сүргін кесірінен аяусыз азап көріп, атылып кеткен Ілияс Жансүгіров кезінде

«Тегінде тегін бе екен Ақан сері,

Бұл да бір емес пе екен елдің ері.

Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,

Ел тегі алсын қайдан кемеңгерді?!» — демеп пе еді?

Мархабат Байғұт,

жазушы, «Алаш» сыйлығының лауреаты

(«Оңтүстік Қазақстан» газеті, 8-қазан, 1997 жыл)

 

«Жүректегі жазулар» туралы лебіз

 

Имандылық, әдептілік мәдениеттілік әлемінен жан-жағына сәулесін төгіп, шуақ себелер алуан тақырыпта сыр шертер Әкім Ысқақтың «Жүректегі жазулар» білім уәзірлігі арқылы арнайы пән болып бекітілсе елімізде азаматтығы жоғары, адамгершілігі асқақ ұрпақ қалыптасар еді...

Әр бетін оқыған сайын үлкенге де, кішіге де ой тастар, ізгілікке, жақсылыққа, ерлікке жетелер автор жүрегінің үнін естігендей боласың.

«Жүректегі жазулары» қолыма түскелі бері оны сабақ барысында үнемі пайдаланып келемін. Авторға еліктеп, студенттерім де өзінше ой-пікір толғайды. Кез келген жоғарғы оқу орнында ұлттық тәлім тәрбиеге қатысты дәрістердің «Жүректегі жазулардан» алынғаны жөн болар деп санаймын.

Жазбагердің жүрек дәптерінде берілген «Жақсылық жасай аламыз ба?», «Жылы сөзді ұмытпа», «Өз жүрегіңнің үні», «Жақсылық пен жамандықтың арасы», «Жүректе нұр болмаса» сияқты парасатқа толы сырлары адамзат үшін асқан сұлулық - сезімталдыққа, қарапайымдылыққа, тілектестікке, ниеттестілікке жетелейтін шарапатты, қанатыңа — қанат, жан дүниеңе — жанат бітіретін дүниелер.

Әкім Ысқақтың келесі дүниесі де күндей жылылығымен оқырмандарын жан шуағына бөлейді деп үміттенемін.

Күзекова Зейнехан Сейітханқызы,

Әл-Фараби атындағы Қаз МҰУ-дің доценті

Екінші кітап жөнінде психолог пікірі

 

Күнделіктегі кісілік келбеті

(Өзіңмен сырласудың өрнектері)

 

Кітапты қолға алғаннан-ақ өзіңізге бір сырлас дос тапқандай, тынысыңыз ашылып сала береді. Бірінші дәптерде-ақ «Өзіңе үңілмей, өзгеге кінә артпа» деп үн қатуының өзі жаныңызға жақын екенін айғақтайды.

Шығарманы терең зейін аударып, пайымдасаңыз көкірек көзіңізге адамгершіліктің, саналықтың сәулесі себелегендей әсер етеді. Сан саладан хабардар автор еңбегінің алға қойған мақсаты мен діттеген бағытын аңғара түсесіз.

Өзіндік өмір тәжірибесін жинақтап, күнделігіндегі көңіліне түйген нақылдар, психологиялық, философиялық толғамдар жақсылық атаулыға жетелейді. Оқылуы жеңіл дүниенің түйсік пен таным, түсіну мен ұғыну жайындағы терең тебіреністерін зерде мен зейінге қабылдау да оңай. Бұл әсіресе, өскелең буын мен жастарға арналған ақыл - кеңес, ұлағатты өсиет берерлік дидактикалық мазмұндағы бағалы еңбек.

Кітаптың бір ғажабы, ондағы баяндалатын оқиғалар мен өнегелі әңгімелер өмір шындығына құрылып, еріксіз мойындатады. Иланасыз, бас иесіз. Тілі ширақ, оқырманын өзіне баурап алып, өмірде кездесер құбылыстар мен адамдар арасындағы қарым-қатынас қырлары әдемі әдіптеледі.

«Жеті дәптердегі» — атына лайық әр бөлімдегі автордың тұшымды түйіндері, қаперде жүрер қағидалары, адам жанын түсінудегі, жақсы қасиеттерді сақтаудағы, қадірді жоғалтпаудағы, бақытты болудағы талаптары... т.б. әрбір жанға пайдасы ересен. Жоғалтқаныңды тапқандай, іздегеніңді көргендей сезінесің. Әлемдік көлемдегі даналардың сөздерін эпиграф етіп алып, ары қарай бүгінгі өмірдегі қарапайым түсінік формулаларын тартымды баяндайды.

Жазушының ең басты ұтымдылығы, өзекті мәселе — адамдардың өз жан-дүниесінің сырына терең бойлай, оқырманын ойланта, толғанта түседі. Әрбір жанның іс-әрекеті мен қимыл-қозғалысының, сөйлеген сөзі мен қарым-қатынасына әр тарапты мән бере отырып, оларды ақыл-ойымен, сана-сезімін таразылап отыру қажеттігіне баулиды. Осы орайда Абайдың «жүрегімнің сырына терең бойла» дейтін пікірін өнеге тұтып, психологиялық тұрғыда көңіл бөлуі тіршілік түйіндерімен жеткізіледі. Бұл тұрғыда «Е.С.», «жүректен шыққан жеті сөздері» жаңа, тың көрініс екені ақиқат.

Психология — адамның жан жүйесінің сыр-сипатын, оның процестері мен танымдық әрекеттерін зерттейтін ғылым. Осы орайда «жетінші дәптердегі» жас қыз Жамалдың басынан өткен хиқаялары мен өмір жолы, оның адами бейнесін білдіретін міз бақтырмас факторды сәтті айқындайды. Қыз күнделігінде баяндалатын оқиғалар арқылы Жамалдың жан түршігерлік «іс-қарекеттері» мен мінез-қулық сипаттары адамның даралық психологиялық ерекшеліктерін көрсетеді. Мұны нақты әрі көрнекі түрде көрініс бергізуінің куәсі деп санауымызға болады. Мұндай жәйттердің ғылыми психологиялық тұрғыдан жүйелі түрде зерттеліп, оның зандылықтары мен сипаттарын ашып көрсету — тұлға психологиясы (психология личности) деп аталатын жалпы психология ғылымының өзекті мәселесінің бірі. Бұл адам жан дүниесін 180°-қа қарай жағымды сипатта өзгертуге мүмкін екендігін айғақтайды.

Жан дүние сырын танып білу жеке адамның өзін-өзі бақылаудан басталады. «Мен кіммін?» деген сауал қойып, әр алуан іс-әрекеттерін қадағалап, оларды талдап, бағалап отыруға байланысты. Адамның өзін-өзі бақылап, жан-дүниесінің сырына үңіле қарауы – психологиядағы интереспекция деп аталатын әдіс. Бұл әдіс бойынша жан дүниесіне үңіліп, әрбір қадамына зер салып, іс-әрекетіне, мінез құлқына зейін аударып отыруы, сөйтіп адами игі қасиеттерді бойында қалыптастыруы қаламгер-педагог еңбегіндегі өн бойы баяндау тәсілінің өзегі деуге болады.

Адамның бойындағы игі қасиеттерін қалыптастыруға арналған күнделік сипатында жазылған бұл кітап жастарға тағылым-тәрбие берерлік дайын тұрған ғылыми психологиялық еңбек деп бағалауға болады. Бұл еңбек оқырмандардың адамгершілік қасиеттері мен кісілік келбетін қалыптастыруға пайдалы ықпал ететін, әсіресе әрбір жанға тағылым боларлық құнды дүние екені сөзсіз.

Кітап жазбагері жөнінде бір ауыз сөз

 

Мен Әкім Ысқақты сонау сексенінші жылдардың соңынан білем. Сол кезден-ақ ұлттық тәрбиені мектеп бағдарламасына енгізудегі батыл бастамалары зиялы қауымды сүйсінткен. Ордабасы аудандық білім басқармасының бастығы, ұлтжанды жігіт Алматыда мұғалімдердің республикалық білім жетілдіру институтында тың ұсыныс, жігерлі ой, азаматтық мінезімен кездесудегі педагог-ғалымдар қауымын риза етіп еді.

Енді міне, ұлттық нақышта балама заң жазған депутат Әкім Ысқақты күллі Қазақстан біледі. Шет елдегі ағайындар бұл есімді мақтан тұтады.

Осындай қарбалас тірліктерден уақыт тауып, мынадай дүние жазып жатқан бауырыма әкелік бата бергім келеді.

Әділхан Алдамұрат,

психология ғылымының кандидаты, доцент

Алматы қаласы

БІРІНШІ ДӘПТЕР

ӨЗІҢЕ ҮҢІЛМЕЙ,

ӨЗГЕГЕ КІНӘ АРТПА

7 мамыр, сейсенбі, 1996 жыл

(сағат 21-ден 35 минөт өткенде)

СӨЗ БАСЫ

Дүние есігін ашқан сәттен әрбір жұмыр басты пендеде мінез қалыптаса бастайды. Өмірге деген әрқалай талпыныс жасалынады. Айналаңа өзінше ұғым пайда болады. «Жақсы» менен «жаманды» ажыратқың келіп екіге бөле түсесін. Әйтсе де мазалар сұрақ аз емес-ау.

Бүгін бір бейтаныс жаннан хат алдым. Күнделікті сайлаушыларымның талап-тілегінен бөлек, жеке адамның өзіндік сыры. Өзін іздеудегі толғанысы, тебіренісі. Ал, тыңдаңыз.

«Сіз мені танымайсыз. Мен сізді сыртыңыздан білемін. Теледидардан да көріп тұрамын.

Бәрінен де маған ұнағаны газетке шыққан «Абзалдық әліппесі» кітабыңыздың үзінділері. Қолыма еріксіз қалам алғызған да осы жағдай.

Мен өмірі біреуге шағымданған жан емеспін. Қашанда намысқой болып өстім. Бұл қиындықты көп көргеннен де шығар. Біреудің мүсіркегенін қаламаймын. Жанымды түсінетін серік іздеймін.

Мектепті жақсы бітірдім. Институтты да ойдағыдай аяқтадым. Біраз жетістіктерге де жеттім.

Әйтсе де соңғы екі жылда өзімді өзім түсінбеймін. Тәп-тәуір жұмысымда «қысқартуға» ұшырадым. Сауда-саттықпен айналысу қолымнан келмей қойды. Денсаулық та сыр бере бастады. Үйде де береке жоқ. Әйелің де кейде сені түсіне бермейді.

Қайда барсаң да сылтау айтып, жұмысқа алмайды. Айналаның бәрі алдамшы дүниемен айналысып жүргендей. Ал мен толыққанды Адам болып өмір сүргім келеді.

Амал жоқ теледидардан киноны көп көремін. Ал нағыз өмір ондай емес қой. Бұл өмір өте ащы екен!

Соңғы уақытта өз бағамды білгендеймін. Түкке тұрғысыз ба деймін. Мына дүниеден өтіп кетсем де ешнәрсе де өзгермейтін сияқты. Қайта екі балама ауыр тиетінін сеземін. Адамдарға да сенбеймін. Бәрі күні үшін өтірік сөйлейтіндей. Кейде адамдық көңілдің жылылығын аңсайсың. Киноларда ғана кездесетін, сен үшін дайын тұратын досты қалай табуға болады?

Адам не үшін дүниеге келеді осы? Нені қуаныш тұтады? Артыңда не қалады? Адамдық парызымыз неде? Маған не ақыл қосасыз?

Бұл хатты оқуға сізде уақыт бола ма білмеймін. Бірақ, тек жалғыз менің басымдағы жағдай ма? Әйтсе де бір жауабы болатынына сенемін.

Уақытыңызды алғаныма кешірім өтінемін».

Талғат

27 жаста

Алматы қаласы

Торкөз дәптер қағазындағы осынау сөздер жан дүниеңе әсер етпей қоймайды. Өзге бір жанның сауалдары санаңды сан-саққа жетелейді.

Иә, адам ретінде әрбіріміз қуанышты да мұңды да бастан өткеретініміз хақ. Тағдырында әр түрлі қиындықтар да кезігетіні белгілі. Тығырыққа тіреліп, жаның жабырқаған кезде өзіңмен өзің болғың келетіні рас.

* Өз жүрек үніңді тыңдай біл! Өзіңмен сырлас.

Парасаттылық өзіңді тыңдаудан басталады.

Бұл тірлікте бәріміз де тынымсызбыз. Несін жасырайық, көңілді де, көңілсіз де, тұйық та, уайымшыл да кездерің кездеспей қоймайды. Бәрінен де бұрын жаныңызға жақын дос тапқыңыз келеді. Бір жылылықты күтесіз. Шарқ ұрған жан дүниеңді қанағаттандырсам дейсің.

«Жүрегің болса жылауың қайда қашар дейсің», —

деген екен бір дана. Зер салсаң бар дүниенің өз

сыйқыры, өз кереметі бар.

Иә, әрбір пенде өз алдына бөлек тұлға! Ешқашанда біз бір-бірімізді қайталамаймыз. Сондықтан да сізде де көңіліңізде жатқан өзіндік мұң, құпия сыр бары анық. Оны кез келгенге ақтара салмайсың. Ол өзіңмен бірге өмір сүреді.

«Әр жанардың қарашығына үңілсең аспан, әр жүрекке үңілсек қуысында құдай көрінеді» демей ме бұрынғылар. Шыныңызды айтыңызшы, өмір жолында жолыққан жандардың бәрі сізге шаттық сыйлай ма? Кейбір адамдардың көңіліңізге қаяу түсіретіні неліктен?

ЖҰМБАҚҚА ТОЛЫ ӘЛЕМ

Ескі сөзден не пайда

Есіткен мен көргенді,

Ебін тауып айтпаса?

Екі көзден не пайда

Жақсы менен жаманды,

Көргендей айырып алмаса?

 

Халқымыздың сөзі

 

Иә, адамдар әлемі жұмбаққа толы. Бірімізге керемет болып көрінген жәйт екіншімізге ұнамауы мүмкін. Немесе керісінше ойланып, пікір білдіріп қаламыз. Сондықтан да сіз бен біз осы тұрғыда тағы бір толғанып көрейікші.

 

1.— Адам дүниеге не үшін келеді?

— Өзін қоршаған ортаны білуге талпынады. Болашағына бағыт-бағдар жасайды. Артыма ұрпақ қалдырсам дейді. Адам мынау жарық ғаламға өмір сүру үшін, өзін тану үшін келеді.

2. — Ғұмырлық, мұратың не?

— Тағдырдың салғанына көне салу емес! Азабына шыдай білу, төзу, қайраттану, жігерлену. Жақсылыққа, ізгілікке ұмтылу.

3. — Не үйренген жөн?

— Үйрену үшін қабілет қажет. Қабілетің болса — ұстаз табылады. Ал бірінші ұстазың - өз Өмірің. Тағдырыңның әрбір сәтінен ғибрат ал, тәжірибе жина. Қателігіңді қайталама! Үйрену деген сол.

4. — Не қымбат?

— Ата-анаң, перзентің, аға-бауырың, досың қымбат. Өзіңді сыйлаған, түсінген, көңіліне жақын жан қымбат. Бәрінен де өмірде адами еркіндік қымбат.

5. — Адамға не керек?

—Адамға денсаулық, биік мақсат үшін оған жетем деген ізденіс керек.

6. — Адам адамнан не күтеді?

— Қиналған кезінде қол ұшын берсе екен дейді. Бір ауыз жылы сөз, ыстық ықылас, адамдық қарым-қатынасты, сенімді, түсінушілік пен сүйіспеншілікті күтеді.

7. —Естен не шықпауы керек?

— Адам өзінің адам екендігін және қанағат пен ынсапты, төзім мен сенімді естен шығармағаны жөн.

8.— Адам нені қуаныш тұтады?

— Өзге бір жанға көмегің тиіп, қажет екеніңді сезіне түссең, соның өзі қуаныш.

9.— Адамның артында не қалады?

— Бұл өмірдегі ісің, еңбегің және жасаған жақсылық пен жамандығың қалады.

* Диоген күндіз қолына шырақ алып жүрген.

Кездесіп жол сұрағандарға:

— Адам іздеп жүрмін,— деп жауап берген.

Бұған күлгендерге:

—Жұртшылық көп, ал Адамды табу қиын, — дейді екен.

Е.С. *

Адамдарды қуантатын да — адам, реніш пен өкпе,

қайғы мен азап сыйлайтын да — адам.

Е.С * - Есте сақтауға. Күнделігімдегі кейбір жазбаларды өзім ұмытпау үшін - (жазбагер)

 

Иә, мына өмірде қуаныш сыйлай білетін, адалдығы мен парасаттығы басым Адамды бәріміз де іздеп келе жатқандаймыз-ау...

 

* * *

Бүгін сол абзал ағаларым, белгілі қаламгерлер Ғаббас Қабышев, Үмбетбай Уайдин, Темірбек Қожакеевтердің «біздің сықақшымыз» деген ізгі ниеті, адамдық көңілдері арқасында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі атандым. «Найзагер» сықақшылар қауымдастығына да мүше боп қабылдандым. Бұл мен үшін жоғарғы атақ. Аз ғана жазу-сызу еңбегімді бағалағандары үшін алғысым шексіз.

* * *

8 мамыр, сәрсенбі, 1996 жыл

 

АДАМДЫҚ КӨҢІЛ

Оған бұл дүниеде ештеңе де жетпейтін сияқты...

 

Ақыл мен жүректі ұштастыра барып,

дүние сырын ашу қажет

Гомер, ежелгі грек ақыны

 

Адам шыр етіп дүниеге келгеннен бастап көңіл атты сезім пернелерін ұғына түседі. Иә, алғашқы кезеңдерде жауқазын жас бүлдіршінге айналадағы жандардың үйірсек болып, жылы сөздерін арнаудан жалықпайтыны бар емес пе?! «Айналайын», «Күнім», «Ботам», «Жаным» дегенді естіген бала әрі қарай шуақ беретін сәттерді аңсайды да тұрады. Әйтсе де, адам ержеткен соң, оның көңіліне қарау, жұбату, мейір-шапағатын арнау азайып қала береді. Айналаны терең сезінген, күрделі өмір сырын ұғынған сайын, тіпті кейбір адамдардан қатты сөздерді естіп, қара ниетті ойларды байқап, жүрек жаралана бастайды. Ал одан кейін оның көңіліне келе ме, оған да қарамай кездейсоқ «дүңк» еткізіп, шалқасынан түсірер жайды кешері хақ.

Кішкентайынан қатыгездікті көп көрген бала айналасына немқұрайды қарайды. Жастайынан ізеттілікті сезінген бала өзгені құрметтегіш келеді. Өзіңді қоршаған ортадан шапағатты ұғынған сайын өмірге деген іңкәрлігі, құштарлығы арта түседі. Әйтсе де қаншама жәйттерді бастан өткеретінің рас. Санаңды езгілеген сұрақтар, жаныңды ауыртқан минөттер оңай соқпасы анық. Мұндайда парасатты дүниені көрген адам ұстамды, сабырлы жүреді. Ал кейбіріміздің өзіңнен екі есе ауыр жүк арқалағандай қиналып кетеріміз сөзсіз.

Өмір деген осы деп жүре береміз-ау... Көп жағдайда адамның көңілі темірден жаралмағанын естен шығарып аламыз.

1. Қасиеттің үлкені ізгілік

«Достықтан жырақ немесе достықты

қабыл алмаған адам ізгілік қасиеті жоқ адам.

Адамдардың жақсысы басқа адамға неғұрлым

пайда тигізетін адам»

Мұхаммед пайғамбардың өсиетінен

 

Иә, бүкіл дүниенің тұтқасы адамдардың сыйластығына ғана сыйып тұр десек артық айтқандық емес. Көрші екеш көршімен жақсы болмасаң, арадағы береке кетеді. Оны айтасыз, бір отбасының ынтымағы болмаса ше, бүкіл шаңырақ шайқалып кетпей ме?!

Адамдарға адамдар жақындауға асығып жүрсе қандай жарасады. Айтыңдаршы, өмірде «Сіз» деп, бір-біріңді іздеп жүргеннен, адамға қуаныш сыйлағаннан артық бақыт бар ма?!

Ақ ниетті жандарға шын көңілді білдіріп, таза пейіліңді арнап жатсаң, одан артық шаттық бар ма?!

Қарап отырсаң, өмірде таң қалатын, кейін аңғаратын жәйттер көп екен. «Көре берсең көсем боласың» демекші, айналадағы өзіңді қоршаған жандардың ішкі психологиясына үңіле түссең, бәрі де айналып келгенде, адамдық көңілге келіп тіреледі екен.

Азаматтық намысын төмендеткісі келмеген Зұлқайырдың мына әңгімесі түрлі сұрақтарға жетелей түсері хақ.

- Өмірде әбден қиындық көріп өстім. Жастай әкеден жетім қалдық та бар тауқыметті өз басымыздан кештік. «Мынадай нәрсесі жоқ екен» деп өзгелер айтпасын деп намысқойлықпен жан аямай еңбек еттім. Бірде жетті, бірде жетпеді...

Темірлан мен біздің ауыл Көктөбенің арасы он бес шақырымдай. Аудан орталығындағы шаруам бітіп, кешкі автобусқа келіп отырдым. Билет құны 20 тиын. Қалтамда қалғаны да сол еді. Бір кезде ішке ауылдағы Сәттібек деген дәулетті кісінің баласы Мақұлбек бастаған екі-үш жігіт кірді.

— Ей, Зұлқайыр! 20 тиының бар ма? — деді ол салған жерден бүкіл жұртшылықтың назарын аудара. «Жоқ» - деп айта салсам «мына бейшарада ол болушы ма еді?» — дейтіндей көрінді. Әрі оның қалтасында бар бола әдейі сұрап тұрғанын да сездім. Марқұм боп кеткен әкеме де сөз келмесінші деген ниетпен:

— Бар, — деп қалтамдағы тиынды бере салдым. Осыны айттым да жүргелі тұрған автобустан түсіп қалдым. Есесіне шаршап-шалдығып, әбден қалжырап түннің бір уағында үйге жаяу жеттім.

Әрине, пенде болған соң жақсыны да, жаманды да бастан өткересің. Өзіңше ой түйесің. Болған істі қорытындылайсың. Кейде түзу дегенің қисық, қисық дегенің түзу болып шығады. Бұлтарыс-қалтарыстары... өткелдері... көктемдері... күздері... іздері... көп өмір ғой бұл!

Таныдым деген адамыңның өзі ертең, тіпті басқаша болып шығады. Ал, білмейтін бейтаныс жан бір пәсте таудай тұлғаланып кетеді. Гүлде де тікен болатынын, байқамай қол созып саусағынды қанатқанда білерсің. Сөйтесің де тағы да қым-қиғаш, бірнеше тараулы жолды өмірге таңқаласың. Өйткені, аңқаулығы, сұмдығы, айласы, шындығы басым өмір ғой бұл!

 

Жолдасы жаманды жау алады

«Жаман жолдастан жалғыздық артық.

Жалғыздықтан жақсы жолдас артық. Жаман сөз сөйлегеннен үндемеген жақсы. Үндемегеннен

жақсы нәрсе айту жақсы»

Мұхаммед пайғамбардың өсиетінен

Өмірдің қарама-қайшылықтарының бірі: жақсылық пен жамандық. Кейбіріміз осы екеуін ажырата алмай азаптанамыз. Сондықтан да адам баласы қуанышы мен мұңын бөлісетін дос іздейді. Ізгілікті сезімің, сенімің достығынды сақтайды. Абайша айтқанда, «Жаман дос көлеңке, басыңды күн шалса, қашып құтыла алмайсың, басынды бұлт алса, іздеп таба алмайсың». Осынау сөзді орыс жазушысы Лев Толстой «Қорқақ дос дұшпаннан да жаман, өйткені дұшпаннан сақтанасың, ал досқа сеніп қаласың».

Мектепте бастауыш сыныпта оқып жүргенде «Жаман жолдас» деген әңгімені оқып, ұстазбен бірге талқылағанымыз есімде.

* Жаман жолдас

Екі дос ағаштың арасымен келе жатып бір аюға кездесіпті. Олардың біреуі әлсіз, ауру екен. Аюды көрген кезде сауы ауру жолдасын тастап, жүгіріп барып, бір ағаштың басына шығып кетеді. Ауру досының ағашқа шығуға дәрмені болмайды. Ол жерге етпетінен түсіп, өлген кісідей, дем алмастан жата қалады. Өйткені аю өлген кісіге тимейді екен. Аю жатқан адамның қасына келіп, иіскелеп, дыбысы білінбеген соң, жөніне кетеді. Аю кеткен соң, ағаштың басындағы жолдасы жерге түсіп, аурудан сұрапты:

— Достым, аю құлағыңа не сыбырлап кетті?

Сонда ауру:

— Аю құлағыма ақыл сыбырлады, екінші рет тар жерде жолдасың тастап қашатын достармен жолдас болма деді, — депті.

Ол кезде бала қиял «жақсы» мен «жаман» дегенді ғана білетін еді ғой. Бәрі де басқа түскен шақта сыналады. Есейгеніңде қараңғылықтан күн іздейтін жағдай боларын ешкім де білмейді екен-ау.

Әрине, әрбір жан өзін жаманмын демейді. Бірақ, өзіне-өзі есеп беріп, ойланатыны, толғанатыны хақ. Әйтсе де тереңіне жетіп бойламайды да. Әрбір адам өзінше бір әлем, өзінше бір дүние. Ол дүниеде бәрі де бар...

 

3. Жақсылық жасамасаңыз да...

 

«Өзіңіз жақсылық жасамасаңыз да, өзгені

жақсылық істеуге шақырыңыз. Өзіңіз жамандықтан қорғана алмасаңыз да, өзгені қорғаңыз»

Мұхаммед пайғамбардың өсиетінен

 

...Ақиық ақынның дәптерін оқып отырмын. Адамдық сыры мен жан күйзелісін білген сайын оның жанын ұғьнғандай боласың...

*Мұқағали күнделігінен

29 мамыр, 1974 жыл

 

«Ашығын айтқанда, өзімнің қандай адам екенімді де білмеймін... Алайда, жаным менің тым мейірбан, жүрегім менің өте жұмсақ. Сірә, сондықтан шығар, Толстойдың «жауыздыққа, зорлыққа қарсыласуын» менің де қолдайтыным? Солай ма?!

Адамдарды жауыз деп айта алмаймын, өйткені, оларды аз білем. Мен зерттеуші емеспін, ақынмын. Адамзаттың қайғысы мен қуанышы мені жеке адамның өзінен артық қызықтырады. Адамдардың жаман екенін, жақсы екенін ажыратушы мен емеспін, өйткені, өзім де солардың бірімін. Мені жұрттың тағдыры, оларды қоршаған ортаның шындығы, олар өмір сүріп отырған уақыт, оларды басқарып отырған қоғам қызықтырады...»

10 маусым, 1974 жыл

... Қаласа да, қаламаса да, жұрт мені ақын ретінде түсінеді; ал адам ретінде кім түсіне қояр дейсің. Тіпті ең жақындарым да... Түсінсеңдерші, мен туғаннан адаммын, адам қалпымда қалам...

Күнделіктегі жазуларды ашып қалсаңыз, көп жағдайда адамдық көңілдің, ықыластың жетпей жатқандығын аңғарасыз.

Өсіп келе жатқан гүлге су қандай қажет болса, адамға да бұл көңіл сондай қажет. Бір-біріне деген ықылас болмауы салдарынан пенденің көңілі суый түседі. Әрине, қысына жетпей, күзінде, тіпті жазыңда жаурау — барып тұрған азап емес пе? Сол кішкентай көзге көрінбейтін көңілмен ғана мынау дүние ғажап емес пе, Адамдар?!

Ертеде бір көгершінге қара ниетті көкек келіп, жазықсыздан-жазықсыз тап беріпті: «Бұл менің ұям, босат тезірек», — дейді көгерген көкек. Сол кезде мұны естіген әділдік үшін жаны шырылдаған қаздар, тіпті, балапандар қатыгез көкектен көгершінді әупірімдеп жүріп, арашалап алыпты. Төркіні тереңде жатқан осы әңгімені еске алған сайын адамдар туралы ойланам.

Адамдар шын мәнінде сендер қандайсыңдар? Түрі бөлек болса да, тілегі, атқарар жұмысы басқа болса да, жүрегі неге бір болмайды? Ауыздан шығар сөз өзге де, ішкі дүниенің толғанысы, тіпті, басқаша. Көкіректеріңнің сарайы неге кең болмайды?! Іші неге маржанға, меруертке толмайды?

Адамдар ешқашан да бір-бірінің көңілін жараламаса екен деймін. Бірін-бірі ешуақытта жек көрмесе екен.

Иә, өмірде асқақ адамдар, адал жүректі жандар да жоқ емес екен! Соны көрдім, соны сезіндім. Мейірім - шапағаттың арқасында мерейің тасиды екен. Аспанды бұлт басқанда, көңілге көлеңке түскенде, күн көрінбей қалғанда... адамдардың жарқын жүзін анық көрдім. Бұрын-сонды бұлай ашық көре алмаған едім. Не нәрсе болса да бетпе-бет келу оңай емес. Әйтсе де, шындықтың шырағы басым болып, жарық орнады. Көңіл экранына қарап көптеген ақниетті адамдарды байқадым, адамдық жүрегінің дүрсілін естідім.

«Ер жігіттің қадірін іс түскенде білерсің, қара етіктің қадірін қыс түскенде білерсің» деп атамыз қазақ қалай тура айтқан десейші!

4. Ақыл артық етпейді

«Рахым етпегенге рахымдылық жасалмайды,

кешпеген кешірілмейді және біреудің кешірімін қабыл

алмағанға адамның тәубесі қабыл болмайды»

Мұхаммед пайғамбардың өсиетінен

 

Өзіңді бағындыру оңай іс емес. Адамдық қасиетіңнің бірі – қажет кезінде өзінді тоқтата білу. Ашуға, ызаға, өкпеге, берілмеу. Сонда қателік жібермеуге мүмкіндік туады. Өзіңнің іс-әрекетіңе көзің жету – қабілетіңді сезінгеннің белгісі. Әрине біздегі бір кемшілік ар-намысымыздың, жүрегіміздің үніне құлақ аспаймыз.

Не істесең де, қандай қадам жасасаң да алдыңнан шығып жататынын ойламаймыз.

Ертеде бір патшалықта жасы алпысқа келген қарттарды өлімге бұйыратын салт болса керек. Қартайып, қуаты қашқан адамдардың ендігі жерде патшалыққа пайдасы жоқ деген оймен арнайы тауға апарғызып өз балаларына өлтірткізеді екен.

Күндердің күнінде бір жігіттің әкесі де алпысқа толады. Ең болмаса соңғы сапарына құрметпен апарайын деген оймен жігіт әкесін арқалап жолға шығады. Орта жолда шаршап, бір тасқа отырып демалыпты. Сөйтсе, қасында отырған әкесі мырс етіп күліп жібереді.

— Әке неге күлдіңіз? — деген баласына:

— Мен де тап сен сияқты әкемді арқалап келе жатып, осы тасқа отырып дем алып едім. Сол күннің өз басыма айнымай келгеніне күлдім, — дейді.

Бұны естіген жігіт «Апырай әкемді тірі алып қалсам, сол алдыма келіп, мен де тірі қалармын» деген оймен түн ішінде жасырын шаһарға қайта әкеліпті. Әкесін үйінде ешкімге білдірмей, сандыққа салып асырайды.

Біраз уақыттан кейін патшалық жорыққа шығады, жолдан адасып қу далаға шығып кетіп, әскер шөлден қырылуға айналады.

«Балам, жұрт неге шулап кетті?» — деген әкесінің сұрағына жігіт жағдайды баяндайды. Сонда шал:

—Бір топ сиырды қуалап айдап қоя берсеңдер, бәрі үймелеп бір жерге жиналады, сол тұсты қазсаңдар жақын жерден су шығады, — депті.

Әлгі ақылмен су табылып, әскер қырғыннан аман қалыпты.

—Бұл ақылды тапқан кім? — деп іздеткенде, патшаның алдына дедектетіп әлгі жігітті алып келсе керек.

—Қырық уәзіріммен қосылып мен білмегенді сен қайдан таптың? - деп сөзіне сенбей қинағанда, жігіт амалсыз шынын айтыпты. Сол күннен бастап, күші қайтса да ақылдарының пайдасын көреді екенбіз деген тоқтамға келіп, патша:

— Қарттар енді өлтірілмесін! — деп жарлық шығарса керек.

Әкесіне істегені жігіттің алдына келіпті. Өзі де қартайған шағында осылай тірі қалыпты.

Иә, бұл өмірде бәрі де бір-біріне байланысты. “Ар-ұятыңа қарай жаза немесе сыйлық аласың! Өлшеміне қарай үлес аласың» деген сөзді бүгін күнделігіме жазып қойдым.

5. Жолаушы мұраты жету

«Дүниеде кішіпейіл болыңыз!

Жолдан өткен жолаушыдай

екеніңізді ұмытпаңыз»

Мұхаммед пайғамбардың өсиеті

Кейде ойланамын... кімдер келіп, кімдер кетпеген дейсің бұл өмірге? Жақсы да, жаман да, дана да, батыр да... бәрі-бәрі тұрақты орын ала алмаған бұл жалғаннан. Тұрлаусыз өмір дейтіні де сондықтан шығар, бәлкім. «Өмірден пәленше өтті» дегенде немесе қабір басына барғанымызда ғана бұл өмірге келген мейман екенімізді еске түсіреміз. Біреулерді жоқтап жылап тұрғанда, күнде көріп жүрген адамыңның о дүниелік болып кеткенін білгенде өмірдің жалған екенін ұғынамыз. «Біз де сіздей болғанбыз. Сіз де біздей боларсыз» деген қабір басындағы жазуды оқығанда ғана «ойпырмай, неге мынау дүниеде мәңгілік жан құсап, тасыраңдап жүреміз?!» деп өзімізге-өзіміз сұрақ қоямыз. Әйтсе де, көбіміз іле-шала осының бәрін естен шығарып алатынымыз жасырын емес, ағайын.

Сен, досым, «кемедегінің жаны бір» дейсің үздігіп. Ал, пенде сол кемемен жағаға жеткенше ғана дос болады. Құрғақта кеме болмайтыны рас болса, онда пенденің жаны да бір емес!

Әлде әркімнің өзіне діттеген «стансасы» бар ма? Онда өмірді пойыз деп пайымдасақ, кейбір жан ғұмыры жеткен стансадан түсіп қала бере ме? Ал вагонға жаңа жолаушы мінеді. Пойыз жүргенде, өткен стансадан бір қимасың қалғандай... тағы да адамдық көнілің сағыныш сезімін шақырады. Ал, жаңа жолаушымен тілдескенде, түсінгенге дейін өзге бір нәрсені аңсаған өзіңше әсерде боласың...

 

* * *

* Адамдық көңіл...

Дүниенің төрт бұрышында да осы бір ниетпен, сезіммен өмір сүреді. Адамдар арасында мейірім, сыйластық достық бар десек, бәрі де осы бір ауыз сөзге тіреліп жататындығы анық. Әттең-әттең... осылай өмір өте береді екен ғой.

 

* * *

 

11 мамыр, сенбі, 1996 жыл

 

АДАМДЫҚ ПАРЫЗ

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол

Абай

 

Адам боп өмір сүрудің жүгі жеңіл емес. Атқарар істерің, айналысар тірлігің, қарым-қатынасың, сөз сөйлеуің... бәрі-бәрі – сын. Қиналғанға қол ұшын беруің... парызынды өтеу, қарызынды қайтару... адамгершілігің, инабаттылығың... сенің пенде ретіндегі бет бейнеңді аша түседі. Осыған қарап өзгелер бағалайды, сыйлайды, құрметтейді. Жақсы әдеттерді бойына сіңіріп, оны жүрегіне қабыл алғандардың жолы болады. Сенің адамдық қасиетің дұшпанынды да дос ете алады.

Мұсылман дінінде де бес парыз деген бар. Данышпан Абай да бес нәрсені естен шығармауды айтып кеткен:

... Адам болам десеңіз...

өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ —

Бес дұшпаның білсеңіз,

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рахым ойлап қой

Бес асыл іс көнсеңіз

 

Сол секілді мен де өзімше дүниеге адам боп келген жанның өмір сүрудегі, пенделермен араласудағы бес парызы бар деп білемін.

 

1. Өзіңе - өзің есеп бер.

2.Жақсылық жасай білгін.

3. Өзіңді сергек ұста.

4. Денеңді де, санаңды да шынықтыр.

5. Ешқашанда өкінбе!

 

* * *

 

1. Өзіңе өзің есеп бер!

 

Өзіңнің ар сотыңның алдында есеп

беруді дағдыға айналдыр

Жазбагер

Құрметті оқырман, ойланып көрші, дәл қазіргі осынша жасқа келіп не атқардың, не істей алдың? Қандай жетістікке жеттің? Жүрген-тұрғанынды тізбектеп емес, мағыналы, мәнді жауап бере аласың ба?

Көрген-білгеніңді емес, көкірекке түйгеніңді сарала. Жасығыңды емес, асылыңды бағала! Кібіртіктей бастасаң ұтылғаныңның белгісі. Өзіңе-өзің ештеңе айта алмасаң — ең ауыр азап сол. Ауыз толтырар бір ісің болмаса өміріңнің текке өткені деп біл.

Әйтсе де, әлі кеш емес! Ниетің дұрыс болса, талай тірлік бітпек. Қажыр-қайратыңмен ақыл-парасатыңмен небір биіктікті аларың хақ.

 

Е.С.

Абайдың сөзін есте сақта! «Егер де есті кісілердің қатарында болғың

келсе күніне бір мәрте, болмаса жұмасына бір, ең болмаса айына бір

өзіңнен өзің есеп ал».

 

* * *

 

2. Жақсылық жасай білгін

«Егер абыройдан айрылғың келмесе —

жақсылық жасауды ұмытпа»

Атамның өсиетінен

 

Қиналған жанға қол ұшын бере алдың ба?

Танымайтын жанға жәрдемдескен жерің болды ма?

Қай кезенде де ата-анаңа, досыңа, жақыныңа, туысқа... көңіл бөліп тұру — адамдық міндетің, борышың. Мұны естен шығаруға тиісті емессің!

Адамды құртатын — тоғышарлық, тәкаппарлық, көкіректік. Еш уақытта өзіңді биік ұстама!

Өзгені қорлаған — өзі бәлеге жолығады. Сын сағатта адамдық жолдан адаспаудың өзі — батырлық. Кейде жек көрінішті болмай, туралықтан тайқымай өту – табыс дегім келеді.

Адамға қуаныш сыйлауға құмар бол! Мұңайған жанның сен арқылы «алақайлап» қуанғанын көріп, сезінудің өзі не тұрады?! Біле білгенге бұл орасан зор табыс!

Мүмкіндігің болып жатса жақсылық жасағаннан кісі ұтылмайды. Түсіне білгенге одан артық рахат, одан зор ләззат жоқ! Қолыңнан игі іс келетінін ұғына білудің өзі – адамдық бақыттың бір көрінісі.

Е.С.

«Кабуснамадағы» сөз: «Ей перзентім, жақсылық істеуден жалықпа және істеген жақсылығыңа өкінбе!»

* * *

 

3. Өзіңді сергек ұста!

«Басыңа не күн туса да, сергектігіңнен айрылма».

 


Дата добавления: 2015-12-01; просмотров: 130 | Нарушение авторских прав



mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.088 сек.)