Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АвтомобилиАстрономияБиологияГеографияДом и садДругие языкиДругоеИнформатика
ИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеталлургияМеханика
ОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРелигияРиторика
СоциологияСпортСтроительствоТехнологияТуризмФизикаФилософияФинансы
ХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника

Ытай әдебиетінің жанрлары

Читайте также:
  1. Нді әдебиетінің жанрлары

 

Тамырын ғасырлар қойнауынан алып, құлашын жая дамып келе жатқан қытай әдебиеті – әлем әдебиетінің алып арналарының бірі. Ұзақ уақыт ішінде қытай халқы өзіндік көркем әдебиет ескерткіштерін жасаған. Сондықтан да қытай әдебиетінің жанрлық түрлері де мол. Соның бірі – аңыз әңгімелер. Аңыз әңгімелердің пайда болуы туралы қытай әдебиетінің үлкен білгірі Лу Шүн: «Аңыз әңгімелердің арғы төркіні мифтерден бастау алады. Алайда аңыз әңгімеде мифтердегі сөз болатын құбылыстар кеңейтіліп, өзгеше өріммен баяндалады. Көңілдегі түйткілдерді тәмсіл арқылы атқара отырып, жақсылық-жамандықты мысал өзегі етеді. Шығарманың көркемдігі мен образдық бояуын қоюлатып, пері-әулие жөніндегі хикаяға құмарларды одан сайын еліте түседі», деп жазады [1,10]. Бұған дәлел, Джияң Фаңның «Ху Сяуюй» атты шығармасын атауға болады.

Қытай аңыз-әңгімелерінің ерекшелігі – құрылымы кемел, оқиға желісі күрделі, шағын детальдің тәптіштей баяндалып, жандандыра суреттелуі.

Қиссалар. Қисса жанры – қарапайым тілмен бейнеленетін уағыз сипатындағы байырғы жанр. Қытай оқымыстылары қиссаларды діни және тұрмыс-салт деп екі топқа бөледі. Діни қиссаларға «Вималакрити қиссасы», «Жынның пәниге түсуі», «Маулиянаның анасын құтқаруы» жатады. Тұрмыс-салт қиссаларына – тарихи, фольклорлық аңызға құрылған, сол заманның маңызды оқиғаларын өзек ететін қиссалар жатады.

Терме өлеңдер. Терме өлеңдер – белгілі бір сазды әуенге қосылып айтылатын өлеңнің түрі. Терме өлеңдерінің қарапайым өлеңдерден айырмашылығы – ән-әуеннің буын-бунағы ұзынды-қысқалы болып сәйкесетіндігінде.

Шашпа жырлар. Шашпа жырлар тәмсіл өлеңдердің негізінде туып дамыды. Олар өз ішінен қысқа толғаулар және қайырмалар деп екі топқа бөлінеді. Қысқа толғаулар – тек ән, қайырмалар – екіден көп әндер топтамасы. Шашпа жырлар жанрын туғызып оны дамытушылар ретінде Лу Джы, Уаң Хычиң, Джаң Яңхау, Чяу Джи, Гуань Юньшы сынды қаламгерлер шоғырын атап өткен жөн.

Куньцюй жанрының дамуына кейін куньцюй театрының вокалдық теориясына айналған "таза ән айту" куньцян теориясын айтып кеткен "Цюй Люй" ("Арияның метрикалық заңдылықтары") атты шығарманы қалдырған танымал актер әрі композитор Вэй Лян-фудың рөлі зор болды. XVIII ғасырдың ортасы мен аяғында куньцюйдің басты орталықтары Янчжоу және Пекин қалалары болды. Осы XVIII ғасырдың аяғында жаңа театр жанры, кейін қытайдың кәсіби театрының жалпы ұлттық түріне айналған – Пекиндік музыкалық драма пайда болды. Пекиндік музыкалық драмада көптеген жергілікті жанрлар бас қосты, солардың ішінде куньцюй ерекше орын алды. XIX ғасырдың ортасында Пекиннің музыкалық драма театры (Пекиндік, немесе астаналық опера) барған сайын Қытайдың классикалық драмасының ұлттық театр сипатын алды. Классикалық театрдың күрделі мәдениеті үлкен көркемдік өзгешелігімен ерекшеленеді. Бұл театр спектакльдерінде декорациялық безендіру мүлдем жоқ болды [2].

Сун дәуірінің «Цы» жанры – Таң өлеңдерінен кейін қол жеткізілген үлкен белес, табиғаты жағынан Еуропа романсына ұқсас. «Цы» музыка негізінде дүниеге келіп, даму жолын тапқан ауыз әдебиетімен өте тығыз байланыстағы әдеби жанр [3].

«Цы» жанрының қалыптасуына еңбек әндері зор ықпал жасаған. Көпке танымал «Лан таоша» («Толқындармен шайылған құм») тағы басқа, әуендердің атаулары қарапайым халық, балықшылар мен алтын іздеушілер арасында туған. Бұл жанрды жазған ақындар музыка теоретиктері немесе сазгерлер болған. Сун шумақтарының тарихы – қытай халқының қоғамдық, әлеуметтік және саяси өмірінің бейнелі көрінісі, соның сүрлеуі, ізі. [4,21].

Сун шумақтарының көркемдік ерекшеліктерінің 2 себебі бар:

Біріншіден, Сун әулетінің енді билікке келген кезінде мемлекет ісіне араласу үшін, мемлекеттік емтихан тапсыру үшін көп оқып, әдебиет пен өнерге көп көңіл бөлінген. Әсіресе, өлең жаза алу талабы болуы міндет болған. Әрине, бұл сол дәуірдегі талапқа сай болды, сол кезедегі өлең стиліне, өлеңдерді талдауға және де саяси көзқарасты білдіру үшін де қолданылады.

Екіншіден, осы кезеңде өмір сүрген ақындар көне әдебиет мұраларын негізе алып, солардан көп нәрсе үйренген. Әсіресе, Таң дәуіріндегі ақындардың шығармаларын оқып, олар көне әдебиет нұсқаларынан өздеріне қажет мағлұматтарды жинаған.

Сун шумақтары ХІ ғасырда өзінің шарықтау шегіне жетті. Осы кезде «цы» жанрындағы тамаша туындылар, дарынды ақындардың қаламынан туған. Осы жанрдың негізін қалауға ат салысқан алтын қазықтардың бірі болып табылатын, Қытай әдебиетінің сиқыршысы ақын қыз – Ли Цин Чжао.

Көркем сөз майданында, жазушыға, еркекке, әйелге, қартқа, жасқа деп шектеліп қойылған саржайлау да жоқ, құлазыған қу дала да жоқ. Ащы көл де ортақ. Ерлік, батылдық, адалдық сияқты адамгершілік-адамзаттық қасиеттердің бәрі де ортақ

Қытайдың қазіргі заманғы көркем әдебиетінің жанрлары қытай әдебиетінің дәстүрлі, тарихи жанрлары негізінде дамыды, гүлдеді. Яғни бүгінгі әдеби жанрлар – әлемдегі өзге де халықтардың көркем әдебиетндегі жанрлар секілді замана дамуы мен әлемдік өркениет талаптарының табиғи туындысы. Қытайдың көркем әдебиет жанрлары поэзия, проза, драматургия, сануэн деп 4 үлкен топқа бөлінеді.

Поэзия. Қытай поэзиясы – әлемдегі өзге халықтардың поэзиясы секілді сонау бағзы дәуірлерде туап қалыптасқан, ұлы тарих көші барысында толысып, пісіп жетілген кемел жанр. Тарихтан белгілі болғанындай, бағзы дәуірлердегі қытай қоғамында да поэзияның орны ерекше болғаны жасырын емес. Мәселен, шығыстың ұлы ойшылы, қытайдың әйгілі философы Кұң-фудзы сол заманда-ақ «Поэзия жанры өзге жанрларға қарағанда жұрттығ сана-сезіміне тезірек ұялайды»,-деген екен.

Қытай елін «поэзия елі» деп атауға болады. Қытай поэзиясының ұстанған басты ұстанымы – ақын буын, бунақ, ұйқас, ырғақ дегендерге ойы тұсалып, қиялы маталып, сезімі шырмалып отырмауы керек, яғни ақынның айтар ойы бөгетсіз, шырмаусыз айтылып еркін бейнеленуі тиіс. Қытай әдебиетінің алғашқы поэтикалық ірі туындысы – «Шицзин» («Жыр кітабы», б.з.б. XI-VI ғасырлар) халық жырларының жиынтығы. Бұл шығарманың негізгі мазмұнынан көне қытай қоғамының хал-жағдайын, тұрмысын, салт-дәстүрін көруге болады. Бұл шығарма өзінің ұлылығымен, көркемдік ерекшелігімен «Илиада», «Одиссея», «Рамаяна», «Махабхаратамен» бірдей орын иеленеді.

«Шицзин» 305 әр түрлі өлеңдер мен 4 бөлімнен тұрады: «Го фын» – халық жырлары; «Сяо я» – кіші мадақ; «Да я» – үлкен мадақ; «Сунь» – әнұрандар. Әнұрандар 3-ке бөлінген: Чжоудың мадақ өлеңдері – 31 өлең, Лудың мадақ жырлары – 4 өлең, Сяннің мадақ жырлары – 5 өлең [5,83].

Жырнама негізінен 5 үлкен мазмұнды қамтиды: еңбек және қоғамдық өмір тұрмысы тақырыбындағы өлеңдер кіреді; соғыс, өмір қиыншылығы мәселелері; махаббат пен неке тақырыбы; саяси өлеңдер; мадақ жырлар.

«Шицзин» өлеңдерінің авторы – халық, көркемдік ерекшелігі – реалистік бейне. Қытайдың ерте заман әдебиетінде поэзиямен қатар дамыған халықтық өнердің тағы бір саласы – жыр сарындары, яғни сазды сөз (санчуй) еді. Оның жай поэзиядан басты айырмашылығы – диалект сөздерді молынан пайдаланып, қала тұрғындарының өмірін арқау еткендігі. Сондай-ақ, ол мысқыл мен юморға бай болды. Өлеңдегі бұл тәсіл үздіксіз дамып, Юань әулеті кезінекелгенде қытай поэзиясының тарихынан өшпес орын алды. Поэзия кейінгі Мин, Цин хандықтары дәуірінде де үздіксіз дамып отырды.

Проза жанрына келсек, оның түп тегі де арыдан басталады. Ертеде қытай қаламгерлері прозалық шығарма жазудан қатты намыстанатын болған екен. Себебі жұрт ондай адамды «өлеңге шамасы келмегендіктен, қара сөзді ермек қылып жүр» деп мүсіркейтін еді. Сондықтен да ол заманда проза жазған авторлар өз еңбегін өзге біреудің аты-жөнімен немесе бүркеншік атпен жариялап отырған. Бұдан проза жанрының қытай әдебиеті тарихындағы орнының қандай болғанын, қалай бағалағанын аңғару қиын емес. Қытай әдебиетіндегі проза жанрының бастауы тым әріде жатқанымен, шын мәнінде, ол әдебиеттің іргелі жанры ретінде поэзиямен қатар тұра алған жоқ. Оның да өзіндік себептері бар. Дегенмен барлық себептердің басы ретінде поэзияға деген жұрт ықыласының ерекше болғанын атап айтуға болады.Тек ХХ ғасырдың басынан басталатын қытай қоғамындағы сан алуан бетбұрыстар ала келген өзгерістер нәтижесінде ғана қытай әдебиетінде проза жанры ырықты орынға шыға бастады. Әлемдік үрдістегі секілді шығарма көлемінің үлкен-кішілігіне, мазмұн сыйымдылығының ауқымына қарай отырып, қытай прозасы да әңгіме, повесть, роман деп 3 топқа бөлінеді.

Қытай әдебиетінде әңгіме тек ХХ ғасырдың басында туып, қалыптасты деуге болады. Қытайда 1919 жылы «4 мамыр» күні бұрқ еткен жастардың, тіпті тұтас қоғамын қамтыған әдеби, мәдени қозғалыстың алды-артында ұлттың дәстүрлі әдебиетіне реформа жасау науқаны өріс алды. Бұл реформаның негізінен, «ескі тілді» (выньяньвэн) тастап, «жаңа тілге» (байхуавэн) көшу, дәстүрлі поэзияны тастап, жаңаша, еркін өлеңге көшу, прозада ұзын-сонар романшылдықты доғарып, қысқа әңгімені өркендету төңірегінде болды. Бұл ретте сол кездегі аса көрнекті әдебиетшілердің әңгімені жаппай насихаттауы мен батыс елдері әдебиетінен таңдаулы әңгімелерді көптеп аударғандығын атап айтқан орынды. Мәселен, Ляң Чи Чаудың «Әңгіме мен ел өмірі» атты мақаласы, Ди Пиңзының «Әңгіменің әдебиетттегі орны» деген мақаласы, Уаң Ушыңның «Қоғамдық өзгерісжәне әңгіме жанры» атты мақаласы, Тау Шысыңның «Әңгіменің қуаты мен ықпалы» атты мақаласы, Шүй Няньсының «Әңгіме туралы ойларым» т.б. да авторлардың толып жатқан мақалалары бірінен соң бірі жарияланып, әңгіме туралы өткір де толғақты мәселелерді күн тәртібіне алып шықты. Бұл мақалалардың бәрінде әңгіменің әлеуметтік, әдеби, эстетикалық рөлі мен маңызы, тиімділігі деген секілді артықшылықтары барынша дәріптелді. Әдеби науқанның нәтижесінде аса талантты жазушылар шоғыры қалыптасты. Сол талантты жазушылардың ішіндегі шетелдің әйгілі қаламгерлерінің таңдаулы әңгімелерін көптеп аударып, жанын сала насихаттаған да, өз шығармашылық таланты бойынша озық тұрғаны да, қытай әдебиеті тарихындағы әңгіме жанрына бірінші болып түрен салған да, қытайдың ұлы жазушысы – Лү Шүн еді. Ол алғашқы кезде әайыптаушы ңгімелерә деген айдармен жарияланған біраз әңгімесі арқылы-ақ жұрттың жаппай ықыласына бөленді.

Тағы бір айта кетер жағдай, қытай әдебиетінде әңгіме жанрының туып, қалыптасуына орыс әдебиетінің ықпалы ерекше болды. Атап айтқанда, Л.Толстой, А. Чеховтардан бастап, М.Горькийге дейінгі орыс жазушыларын жаңа қытай әдебиетінің («4 мамыр» тұсындағы) негізін салушылардың ұстазы болды деуге болады. Әсіресе, ол тұста Ресей, КСРО әдебиетінен мол суысндап, көп үйренген қаламгерлердің бірі- тағы да Лу Шүн болды. Ал Лу Шүннен кейінгі Го Можо, Мао Дун, Джау Шули, Ба Зинь секілді көрнекті қаламгерлердің шығармаларына да еуропа әдебиетінің, орыс прозасының ықпал-әсері аз болған жоқ. [1,15]

Повесть -қытай әдебиетіне сырттан кірген кірме жанр. Бұл жанрдың туып қалыптасқан уақыты ХХ ғасырдың 50 жылдары болып табылады. Демек, қытай әдебиетіндегі жас жанр болып есептеледі. Дей тұрғанмен де, жалпы қытай әдебиетіндегі повестің негізін қалап берген қаламгер – қытайдың ұлы жазушысы Лу Шүн еді. Оның «А Кьюдің толық өмірбаяны» атты повесі 1921 жылы жазылып, сол жылдың 4-желтоқсанынан бастап, 1922 жылғы 2-ақпанына дейінгі аралықта «Таң» газетінің әдебиет бетінде бөліп-бөліп жарияланды. Осы повестен кейін ішінара қытай жазушыларының бірлі-жарым повесть жазғаны болмаса, 1950 жылға дейін жалпы қытай әдебиетінде повесть соншалық іргелі, ықпалды жанрға айнала алмады.

Роман. Прозаның бұл түрінің тарихы қытай әдебиетінде біршама ұзақтау. Бұған дәлел ретінде сонау ХІV-ХVІІІ ғасырлардың өзінде қытай әдебиетінде «Үш патшалық шежіресі», «Су бойында», «Батысқа саяхат», «Ғұламалар шежіресі», «Қызыл сарайдағы түс» тәрізді толып жатқан әлемге әйгілі романдар мен эпопеялардың өмірге келгендігінайтуға болады. Қытай романдарының ерекшелігіне келетін болсақ, оның көзге ұрып тұратын басты қасиеті – кейіпкерлердің ұшы-қиырсыз көп болатындығы, екіншіден – қым-қуыт, шым-шытырық уақиғалардың сықасып, көп желілі болып келетіндігі.

Қазіргі дәуірден қытай әдебиетінің негізгі өкілі және қалыптастырушысы болған Мао Дун өз творчествосы арқылы халқының әдеби мұрасына үлкен үлес қосты. Оның қаламынан туған шығармалары – атап айтсақ, «Ақшам» романы, «Үзілген қиял», «Сілкініс», «Лин Дзя дүкені», «Жібек құрты», «Тұтылу» жинағы, «Шамшырақ», «Жасампаздық», «Үш адам» әңгімелер жинағы секілді шығармалары қытай әдебиетінде ерекше орын алады. 1932 жылдың басынан бастап әдебиет зерттеушілері Мао Дуннің шығармашылық ынтасы шырқау шегіне жетті және су жемісте кезең деп айтуға болады деп қарастырады. Бұл шығармалары арқылы Мао Дуннің қоғамдық өмірді күрделі суреттеуге шебер, сыртқы байланыстармен тарихифалотарды бейнелеудегі көркемдік шеберлігін танытқан еді. «Ақшам» романында Мао Дуннің шығармашылығының шырқау шегі болып саналатын Қытай әдебиетінің ең бір көрнекті реализмінің үздік туындысына жататын бұл дүниеде реализмнің түрлі әдістерін қолдана отырып, үлкен шеберлікпен қоғам және адам бейнесін жете бейнелейді. Қытайдың ХХ ғасырдағы 30 жылдар басындағы қоғамдық жағдайға байланысты Шанхайдың қоғам жағдайымен Жианд Манның ауылы шығармада кеңінен бейнеленеді. Осы кезеңде өзге қалалардағыдай Шанхай қаласы да үлкен экономикалық дағдарыстарды жақсарту мақсатында капиталистер жұмысшыларды қамауды күшейтіп, сонымен қатар жұмысшы тап өкілдері арасындағы күрес те ұлғая түскен еді. Бұл сонымен қатар елдегі ең бір дамушы фактор болып саналатын әдебиетке де өзықпалын тигізбей қойған жоқ. Көптеген жақсы, жаман кейіпкерлерден құралған бұл романда жұмысшы тап өкілдерімен үстемтап өкілдерінің өзара тартысы бейнеленеді. Мао Дун бұл шығармасында жартылай азаттық кейіппен күн кешкен халыққа сол кездегі Қытайдың капитсалистік жолымен жүруге болмайтынын, жұмысшы, дихан бұқарасын жаныштаса да байлар табиғи жолмен жеңіліске ұшырағанын көрсетеді. Ву Сун рөлін ең көрнекті жетістік есебінде бағалап: «Ол өмірге адал, өнегелі жағдайдың үлгілі мінезін реалды түрде бейнелейді»,-деп қарастырады. Жазушы бұл ретте өзінің идеологиялық бейнесін осы кейіпкері арқылы көрсетті. Ву Сун Пу ауылды дамыту мақсатымен электр станциясын құруды негіз еткен талпыныстағы жан болатын. Сонымен бірге Мао Дун бұл екі жақта ғана көзқарас арасында қалып қойған, екі ортаға бағынышты үшінші кейіпкер Ву Сун Пу образы арқылы екі жақтың өз шындықтарымен оқырманды таныстырады.

Мао Дуннің негізгі арманы – алғашқыдағы реализмдік бағыт кең өріс алды. Оның шығармаларынан біз гуманистік, адам танушылық сарынның есейе түскенін, оның философиялық негізінен тереңдегенін көреміз. Ол Қытайдың ХХ ғасыр басындағы әдебиетіне жаңалық болып танылып қана қойған жоқ: адам жанының сырларына, психиканың терең қабаттарына, халықтардың ұнамды сипаттарына үңілу, ұнамсыздықтарын да бейнелеуге мүмкіндік ашты. [6,93]

Драматургия, яғни сахналық әдебиет – диалогты және қимылды өзінің басты бейнелеу тәсілі ететін шығармаларды меңзейді. Онда әдебиет те, мәдениет те, музыка да, сурет де, би өнері де араласып жүреді. Осындай күрделі сахналық өнердің тек әдебиетке қатысты жағы драматургия делінеді де, ондағы әдеби шығарманың өзі драма деп аталады. Драма да қытай әдебиеті үшін өзіндік терең тамыры, дәстүрі бар жанр болып табылады. Сонак Таң дәуірінен бұрын-ақ «ән-билі комедиялар» өркен жая бастаған болатын. Бірақ ол жан-жақты жетіліп үлгермеген, тек одан драмалық шығарманың ішінара құбылыстарын ғана кезіктіруге болады. Юань дәуіріне келгенде қытайда оңтүстік комедиялары барынша жанданды. Бұл кезде «Бай Юетиң», «Пи Фаджы» секілді толып жатқан көмедиялар өмірге келді. Онд көбінде солкездегі феодалдық езгі, махаббат еркіндігі секілді әлеуметтік мәселелер сөз етілді. Бірақ сценаридегі қарабайырлықтар, ойнаудағы олқылықтардың бәрі де комедияның даму үстінде келе жатқандығын айғақтап тұратын еді.

Ал ХХ ғасырдың басына келгенде қытай драматургиясы қытай жаңа мідениет қозғалысының маңызды бір саласы ретінде қауырт даму арнасына түсті. Әдебиеттегі, мәдениеттегі бетбұрыстар мен дамудың қажеттілігіне орай шетел драматургтерінің шығармалары да молынан аударылып, жаппай қойыла бастады.

Қытайдың ертедегі әдебиетінде поэзиядан өзге әдеби жанрлар тұтасымен сануэн деп аталған. Заманалар өзгерісі мен жанрлар дамуына байланысты, бүгінде сануэн поэзиямен, драмамен, прозамен терезесі тең, дербес жанр ретінде қалыптасты. San – қытай тілінде еркін, шашпа, батыраңқы деген мағынаны білдірсе, wen – мәтін, түр, жанр, әдебиет деген мағыналарды білдіреді. Екеуі бірігіп келіп «еркін жанр» деген ұғымды білдіреді. Бұл жанрды қытайдағы қазақтардың әдебиеттанушы ғалымдары «шалқыма» деп аударып жүр. Жалпы, сануэннің атынан аңғарылып тұрғанындай, оның формасы еркін болады. Сануэнде бейнелеу тәсілдерінің, айталық, баяндау, суреттеу, пайымдау, сезімдік толғау тәсілдерінің қай-қайсысын болса да қажетіне қарай бір шығарманың кез келген тұсында қолдана береді. Алайда сануэннің сыртқы құрылымы осындай еркін, бейнелеу амалы әр алуан болғанымен, оның мазмұны өзге әдеби жанрлар секілді бірыңғай, жинақы болып келеді. Яғни онда бір ғана идеялық түйін, бір ғана өзекті ой бейнеленеді. Бұл жанрдың тақырып аясында шек болмайды, өмірдегі сан-салалы оқиғалар мен табиғат құбылыстары өзек болады. Халықаралық маңызды оқиғалар, сан алуан әлеуметтік талас-тартыстар, тарихи тұлғалар мен оқиғалар, белгілі бір істен, мәлім бір құбылыстан туған ой, алған әсер, сапарнама, туған жер, ел туралы толғаныс – бәрі де сануэннің тақырыптық материалы болуға жарай береді. Мысалы, Лу Шүннің «Тың Ие мырза» атты сануэнінде Чиң елінен Жапонияға барған оқуға барған оқушылардың тұрмысы, «меннің» Сяньтайға барғаннан кейінгі «тамаша күтімі», Тың Ие мырзамен қарым-қатынасы, сағынышы, сан алуан тірліктер сияқты оқиғалар тізбеленген [1, 21].

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Мәслімханұлы Д. Әлем әдебиеті. Астана, «Фолиант» баспасы, №2, 2010 ж., 10-22 бб.

2. http://alem adebiety.kz/p. 1773

3. Кудря Д. Китайские строфы // Орфей, 2001, с. 84-85.

4. Абдрахманова А.А. ҚазҰУ хабаршысы. Шығыстану сериясы №2 (51). 2010.

5. Анипина А.К. ҚазҰУ хабаршысы. Шығыстану сериясы №3 (48), 2009.

6. Мао Дун. Сборник статей о литературе и искусстве 1942


Дата добавления: 2015-10-16; просмотров: 608 | Нарушение авторских прав


<== предыдущая страница | следующая страница ==>
Про чай во всем мире| Нді әдебиетінің жанрлары

mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.011 сек.)