Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АвтомобилиАстрономияБиологияГеографияДом и садДругие языкиДругоеИнформатика
ИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеталлургияМеханика
ОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРелигияРиторика
СоциологияСпортСтроительствоТехнологияТуризмФизикаФилософияФинансы
ХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника

ЫмдарыныҢ тҮсіндірме сӨздігі

Глоссарий

МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚ ТЕОРИЯСЫНЫҢ НЕГІЗГІ

ЫМДАРЫНЫҢ ТҮСІНДІРМЕ СӨЗДІГІ

АБАЙСЫЗДЫҚ – (Неосторожность) – кінәнің түрі. Мұндай кінә түрі кезінде құқыққа қайшы әрі қоғамға қауіпті әрекетке барған тұлға, өзінің осы құқық бұзушылық әрекетінің қоғамдағы қатынастарға қатерлі, әрі зиянды болатын салдарын алдын-ала болжай тұра, оларды болдырмауға мән бермей, жеңіл ойлық жасайды немесе мұндай салдардың болатынын білмейді, бірақ істің мән-жайы бойынша білуі тиіс және біле алатын еді.

АБСОЛЮТИЗМ - (лат.absolutus) - шексіз, сөзсіз. Мемлекетті басқарудың бір түрі. Мұндай басқаруда мемлекеттік жоғарғы билік монархтың қолында, әрі шексіз болады.

АБСОЛЮТТІК ҚҰҚЫҚТАР - (Абсолютные права) Субъективтік құқықтардың бір түрі. Бұл құкықтар анықталмаған белгісіз субъектілердің өз міндеттерін бәсең түрде орындауы арқылы қамтамасыз етіледі. Яғни, бұл дегеніміз белгісіз субъектілер құқық бұзушылық әрекеттерден тартынған жағдайларда ғана оның азаматтық құқықтары қамтамасыз етіледі. Абсолюттік құқықтарға мысалы: меншік құқығы, өмір сүру құқығы, отбасын құру құқығы және т.б. құқықтар жатады.

АБСОЛЮТТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚАТЫНАСТАР - (Абсолютные правовые отношения) — құқықтық қатынастардың бір түрі. Бұл құқыққа өкілеттігі бар субъекті мен анықтылығы белгісіз сансыз көп субъектілердің құқықтық байланысын білдіретін құқықтық қатынастар. Осы байланыстың нәтижесінде көптеген субъектілердің құқыққа өкілеттігі бар субъектіге қатысты енжар міндеттері туындайды.

АБСОЛЮТТІК МОНАРХИЯ - (Абсолютная монархия) - мемлекеттік биліктің шексіз түрі, яғни монархтың билігін ешкім шектемейді, оның қолында биліктің барлығы болады.

АВТОНОМИЯ - (Автономия) - мемлекет аумағында оның белгілі бір бөлігінің өз ішкі мәселелерін шешуде дербестігімен сипатталатын өзін-өзі басқару нысаны.

АВТОРИТАРИЗМ - (Авторитарлық) - саяси режимнің бір түрі. Мұнда саяси билікті нақты тұлға (тап, партия және тағы басқа бір өкілі) жүзеге асырады. Мұндайда халықтың билікке қатысуы өте төмен деңгейде болады. Қоғамды басқару бюрократиялық әміршіл әдіс арқылы атқарылады.

АЗАМАТТАРДЫҢ ӘРЕКЕТ ҚАБІЛЕТТІЛІГІ -(Дееспособность граждан) - кәмелетке (18 жаска) толған азаматтардың өздерінің азаматтық құқықтары мен міндеттерін атқаруы. Мысалы шарт жасасуы, сенімхат беруі, істеген ісіне жауапты болуы.

Есінің ауыскандығы, ақылының кемдігі салдарынан әрекеттерінің мәнін түсінбейтін, өз әрекетін билей алмайтын азамат сот аркылы әрекет қабілеттілігі жоқ деп танылады да келісімдерді қамқоршысымен ақылдасып жасайды.

АЗАМАТТЫҚ - (Гражданство) – адам мен мемлекет арасындагы өзара құқықтар мен міндеттердің және жауапкершіліктердің жиынтығын білдіретін саяси тұрақты құкықтық байланыс.

АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ - (Гражданское обшество) - адамгершілік, ізгілік имандылық, өнегелік, діни, ұлттық, әлеуметтік-экономикалық, отбасылық қатынастар мен институттар жиынтығы. Осы аталғандардың бәрінің көмегі аркылы жекелеген адамдардың, олардың топтарынын мүдделері қанағаттандырылады.

АЗАМАТТЫҚ ҚҰҚЫҚ - (Гражданское право) – Мүліктік катынастарды және осы қатынастармен байланысты болып келетін жеке бастың, яғни адамның мүліктік емес қатынастарын реттейтін құқықтық нормалардың жиынтығы. Азаматтық құқық құқық салаларының ішіндегі маңыздыларының бірі.

АЙЫП, КІНӘ - (Вина) - жеке адамның өзінің құқыққа қарсы мінез-құлқына (әрекетіне немесе әрекетсіздігіне) және олардың салдарына психикалық қатысы. Айып, кінә - теріс қылық та, кылмыс та, жауаптылық та емес, ол нақты адамның құқыққа қарсы мінезі (құлықсыздығы) және оның салдарын болдырмауы тиісекендігін түсінуі. Айып, кінә - қасақаналық және абайсыздық деп бөлінеді.

АКТ - (Акт) - Мемлекеттік орган қабылдаған шешім немесе құжат. Ол үш түрге бөлінеді: 1) нормативтік құқықтық акт, 2) құқық қолдану актісі; 3) өмірдегі әр түрлі құқықтық мәні бар фактілерді ресми түрде дәлелдеуге арналған құжаттар (тексеру актісі. жауап алу хаттамасы, туу, некелесу туралы куәлік және т.б.).

АПАТРИДТЕР - (Апатриды) - Азаматгығы жок адамдар.

АРЕНДА (жалға беру) - Жалгерлік шаруашылықты жүргізудің нысаны. Жалға беру түрлері: 1) азаматтықк құқықта екі адамның бір-біріне мүлікті уақытша жалға беруі; 2) мемлекеттік құқықта - жер иесінің жерді басқа біреуге жалға (ортақ, тең, үстеме. т.б.) беруі; 3) халықаралық құқықта - бір мемлекеттің екінші мемлекетке өз жерінен белгілі бір аймакты уакытша төлем алып пайдалануға беруі.

АРИСТОКРАТИЯ - (Аристократия) - Мемлекетті баскарудың нысаны. Мұндай басқаруда билік пұрсатты таптың қолында болады.

АРСЫЗДЫҚ - (Цинизм) - Адамның жағымсыз бейнесін білдіретін үғым. Қазақ халқы арсыздық деп жиіркеніш туғызатын, ар-ұяттан, адамгершіліктен безген, жұртшылықтың пікірімен санаспайтын адамның жағымсыз мінезі мен қылығын айтады. Мысалы: "Өзін-өзі күндейді, жақынын жалған міндейді, ол арсыздық белгісі" (Абай).

Арсыздық - тарихи қалыптасқан адамгершілік қағидаларына (принциптеріне) қайшы келу. Ар-ожданнан айрылған адам тағылық, дөрекі мінез көрсетеді. Бүған фашизм толық мысал бола алады.

АРЫЗ - (Заявление) -екі азаматтың немесе бірнеше адамның өзінің заңды құкығын пайдаланып, мекемеге немесе қызмет бабындағы лауазым иесіне ресми түрде жазған немесе ауызша айтқан мәлімдемесі. Біреуден шеккен азабы, көрген қорлық-зорлығы жайындағы жәбір көрген адамның берген шағымы, сондай-ақ қылмыскердің заң орнынан кешірім сұраған өтініші, және т.б.

АТҚАРУШЫ БИЛІК - (Исполнительная власть) - қабылданған заңдарды жүзеге асыратын және жедел түрде шаруашылық істерімен айналысатын биліктің тағайындалмалы немесе сайланбалы атқарушы-орындаушы органдары.

АУТЕНТИКАЛЫҚ (АВТОРДЫҢ) ТҮСІНДІРУ - (Аутентическое (авторское) толкование) - заң нормасының мағынасын сол норманы кабылдаған органның өзінің ғана түсіндіруі.

ӘДІСНАМА - (Методология) - 1) ғылыми таным (тану) әдісі туралы ілім; 2) қайсыбір ғылымда зерттеу жүргізу ісінде колданылтан әдістер жиынтығы.

ӘКІМШІЛІК - (Администрация) - бүкіл ел аумағында немесе белгілі бір аймақ масштабында заңдардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ететін мемлекеттік органдардың атқару-орындау жүйесі.

ӘКІМШІЛІК АУМАҚТЫҚ БӨЛІНІС - (Административно-территориальное деление) — мемлекеттің аумақтық түрде ұйымдастырылу жүйесі. Осының негізінде мемлекетік өкімет пен баскарудың органдары кұрылады және кызмет етеді.

ӘКІМШІЛІК ЖАУАПТЫЛЫҚ - (Административная ответственность) - азаматтардың, лауазым иелерінің әкімшілік кұкыкты бұзғаны үшін заң алдында жауапты болуынын бір түрі. Әкімшілік жауаптылыққа Қазакстан Республикасының әкімшілік істердегі құқық бұзу туралы заңдары мен басқа да кұқықтық актілер негізінде тартылады.

ӘКІМШІЛІК ТЕРІС ҚЫЛЫҚ (ӘКІМШІЛІК ҚҰҚЫҚ БҰЗУ) - (Административный проступок или административное правонарушение) - мемлекеттік, қоғамдық тәртіпке, меншіктің барлық түрлеріне, азаматтардың кұқығы мен бостандығына, белгілі қалыптасқан басқарудың тәртіптік ретіне, құқыққа қарсы озбырлықтар жасап, соған байланысты әкімшілік жөнімен жауаптылықты туындататын әрекеттер мен әрекетсіздіктер жатады.

ӘЛЕУМЕТТІК БИЛІК - (Социальная власть)— қандайда болмасын адамдар бірліктеріне тән еріксіз көндіруге сүйенетін субъектілер араларында болатын үстемділік пен бағыныштылық қатынастары.

ӘЛЕУМЕТТІК МЕМЛЕКЕТ - (Социальное государство) - азаматтардың әлеуметтік хал-жағдайлары мен олардың тұрмыс-тіршіліктерінің әрдайым жақсы болуын бағыт етіп ұстанған, олардың өмір сүру деңгейін қамтамасыз етуді борыш деп білген мемлекет ретінде анықталады. Бұл термин экономикалық саясат, еркін бәсекеге сүйенген әлеуметтік қамсыздандыру заңдарына, әлеуметтік сақтандыру жүйелеріне және тағы басқа шараларға анықтама береді.

ӘРЕКЕТ - (Действие) - субъектінің еркі (ықтияры) мен санасына тәуелді (байланысты) болып келетін заңды айғақ (факт). Мысалы, қолдану актісін шығару, қүқық бұзушылықка бару және т.б.

ӘРЕКЕТКЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК - (Дееспособность) - түлғалардың заң жүзінде танылған өздерінің әрекеттері арқылы қүқықтары мен міндеттерін жүзеге асыру мүмкіндігі.

БАЖ САЛЫҒЫ - (Госпошлина) - белгілі бір көрсеткен қызметі үшін мемлекеттік органдардың (мысалы, кеден) азаматтардан, мекемелерден және ұйымдардан алатын алымдар. Басқа салықтардан баж салығының басты айырмашылығы, ол барлық азаматтардан бірдей алынбай, тек тиісті мемлекеттік органдармен белгілі бір қатынасқа түскен адамнан алынады.

БЕЙМОРАЛЬДЫҚ - (Аморализм) - белгілі бір қоғамдағы калыптасқан моральдық (имандылық, өнегелік), нормалар мен принциптерді жоққа шығарып адамгершілікке жат мінез-құлықты қоғамдық тәртіптің негізі деп тану. Бейморальдық (аморализм) шектен асқан нигилизм мен өзімшілдікті білдіреді.

БЕЙРЕСМИ ТҮСІНДІРУ - (Неофициальное толкование)— жекелеген органдардың, адамдардың өз бастамасы бойынша кұқық нормаларының мағынасын түсіндіруі (мұндай түсіндірудің заңдық салдары болмайды).

БҮКІЛ ХАЛЫҚТЫҚ ДАУЫСҚА САЛУ - (Референдум) -мемлекеттік және қоғамдық болмыстың ең маңызды мәселелері бойынша ең жоғары заңдық күші болатын басқару туралы шешімді азаматтардың тікелей дауыс беру арқылы қабылдауы.

БҮКІЛ ХАЛЫҚТЫҚ ТАЛҚЫЛАУ - (Всенародное обсуждение) — мемлекетті басқару ісіне тікелей қатысу түрінде болатын демократия (халық билігінің) нысаны (формасы). Мұнда ең тиімді мемлекеттік шешім даярланады, қабылданады. Мүндай даярлаулар мен қабылдаулар ең маңызды мәні бар коғамдық мәселелер бойынша (мысалы, заң жобасын талқылау барысында қоғамның әртүрлі топтары, бұқара көпшілік топтары, тіпті жеке азаматтардың көптеген ұсыныстары мен ақыл-кеңестерін аныктау мақсатында) азаматтардың өзіндік пікірлері мен баға берулерін білдірулері арқылы жүзеге асырылады.

БІРЫҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТ - (Унитарное государство) - қарапайым, біртұтас мемлекет. Оның бөліктері әкімшілік-аумақтық бірліктер болып табылады. Оларда мемлекеттік егемендіктің белгілері болмайды (бұл мемлекетте ең жоғарғы органдардың бірыңғай заң шығару жүйесі болады).

ВЕТО (тыйым) - (Вето, запрет) — парламент қабылдаған заң жобасына Елбасының қол қоймауы, яғни қабыл алмауы. |

ВОТУМ -(Вотум) - сайлау корпусының немесе өкілді мекеменің белгілі бір мәселе бойынша көпшілік дауыспен қабылдаған шешімі.

ГЕРОНТОКРАТИЯ - қариялар билігі.

ГЕНЕЗИС - пайда болу, туындау, шығу тегі.

ДАРА БАСШЫЛЫҚ - (Единоначалие) - басқаруды ұйымдастыру нысаны (формасы). Мұнда тиісті мемлекеттік органның мекеменің, кәсіпорынның басшылығында заңдық міндетті шешім қабылдайтын, кұқықтық өкілеттігі бар бір ғана адам (түлға) билік басында болады.

ДЕВИАНТТЫҚ МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚ - (Девиантное поведение) - балалар мен жасөспірімдердің әкімшілік жаза шараларын қолдануға апарып соқтыратын оқудан, жүмыстан әдейі (қасақана) жалтаруы; өзінің отбасынан немесе оқу-тәрбиелеу ұйымдарынан ұдайы рұқсатсыз (ұрланып) кетіп қалулары, сондай-ак олардың қылмыстық жауаптылықка жатпайтын қылмыс белгілері бар, қоғамға қауіпті үнемі жасайтын құқық бұзушылыққа тән іс-әрекеттері.

ДЕКЛАРАЦИЯ - Мемлекеттің негізгі қағидаттарын (принциптерді) жариялайтын, оны айқындап анықтайтын саяси-құқықтық құжат (акт).

ДЕЛИКТ - құқық бұзушылық яғни заңсыз әрекет, теріс мінез-құлық, қылмыс; бұдан да тарырақ мағынада- келтірілген зиянды өтеуді міндеттейтін азаматтық құқық бұзушылық.

ДЕЛИКТ ҚАБІЛЕТТІЛІК (Деликтоспособность) - тұлғаның өзінің жасаған қылмысы үшін заң алдында жауапты болу қабілеті.

ДЕМОКРАТИЯ - халық билігі, мемлекеттік кұрылыс нысаны (формасы). Бұл билік халықты биліктің қайнар көзі деп тануға негізделеді және теңдік пен бостандық, мемлекеттің негізгі органдарының сайланбалылық қағидаттарын басшылыққа алуға сүйенеді.

ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ МЕМЛЕКЕТ - (Демократическое государство) - демократиялық мемлекетте билік халықтың қолында, халық мемлекеттің жоғары органдарын сайлайды және олар халық алдында жауап береді.

ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ РЕЖИМ - (Демократический режим) - мемлекеттік билікті жүзеге асыруда халықтың оған тікелей қатысуы (референдум арқылы бүкіл халықтық сұрау салу немесе дауыс беру арқылы қоғам болмысының ең маңызды мәселелері бойынша шешім қабылдауы) немесе өкілдік демократия арқылы (халық өзінің билігін өздері сайлаған өкілдері арқылы шешім қабыддауы барысында) халық көпшілігінің азшылык мүдделерін ескере отырып шешім қабылдауларында қолданылатын әдістері мен тәсіддерінің жүйесі.

ДЕСПОТИЯ - өзіндік державалық биліктің нысаны (формасы) - бұл да шексіз монархия. Билік — өз қол астындағылардың құқықсыздығы мен билік тарабынан зорлық-зомбылықтың аса зор болуымен ерекшелінеді.

ДИКТАТУРА - мемлекетте ешбір заңмен шектелмеген билік және ол жалғыз ғана адамның немесе қатаң түрде бір топ адамның (бастаушы көсемі бар) қолына бүтіндей саяси, экономикалық және идеологиялық биліктің шоғырлануы.

ДУАЛИСТІК МОНАРХИЯ - (Дуалистическая монархия) - шектеулі монархияның бір түрі. Мұндайда монарх конституция шеңберінде қызметтер атқару барысында әрі формалды, әрі шындығында да өзінің билік құзырын кең түрде сактайды.

ДІЛ - (Менталитет) - ақыл құрылымы, дүниетану жөніндегі түсінік, дүниеге көзқарас, болмысты түсіну, психология.

ЖАЛПЫ АЗАМАТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР - (Общечеловеческие ценности) - халықаралық құқық нормаларымен бекітілген адамның табиғи және ажырамайтын құқықтары мен бостандықтары (атап айтқанда, оған өмір сүру, жеке бастың дербестігіне қол сұғылмайтындық, еркін жүріп-тұру құқықтары және т.б. игіліктер жатады).

ЖЕКЕ МЕНШІК - (Частная собственность) - азаматтардың және мемлекеттік емес заңды тұлғалар мен олардың бірлестіктерінің меншігі. Қоғамдық меншік, соның ішінде діни бірлестіктер меншігі жеке меншіктің ерекше түрі болып табылады.

ЖЕКЕ ТҰЛҒА - (Личность) — қүкықтық қатынастарда субъективтік қүқықгар мен заңды міндеттердің сақтаушысы болып табылатын жеке адам.

ЖЕКЕ ҚҰҚЫҒЫ - (Частное право) — жекелеген тұлғалар құқықтық қатынастарын қорғайтын және оларды реттейтін заң нормаларының тәртіпке келтірілген жиынтығы. Бұған азаматтық құкық жатады.

ЗАҢ - (Закон) - заң шығарушы билігі органы арқылы немесе референдумда - халық еркі таңдауының білдірілуі барысында ерекше тәртіп бойынша кабылданатын, жоғары заңдық күші бар және аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін нормативтік-құқықтық акт. Басқаша айтқанда, ең жоғары заңдық күші бар нормативтік-құқықтық акт.

ЗАҢ АЛДЫНДАҒЫ ЖАУАПТЫЛЫҚ - (Юридическая ответственность) - жеке мүліктік және (немесе) ұйымдық сипаты бар мемлекеттік ырыктандыру (мәжбүрлеу) түріндегі мемлекет шарасына тұлғаның тартылуының қажеттілігі. Немесе, кұқық бұзушылық жасағаны үшін мемлекеттің тұлғаға қолданылатын мәжбүрлеу шарасы.

ЗАҢ БАСТАМАСЫ - (Законодательная инициатива) - белгілі бір субъектілердің заң шығару жөніндегі іс-әрекеті немесе тиісті заң жобасын заң қабылдаушы органға өз ұсынысын енгізуі. Мұның өзі аталған органдарда әлгі ұсынысты немесе заң жобасын қарау міндетін туындататын конституцияда баянды етіліп орнықтырылған қүқық.

ЗАҢ ЖОБАСЫ - (Проект закона) - Заң қабылдаушы органның қабылдауына ұсынылған немесе референдумның қарауына енгізу үшін белгіленген, заң қабылдау рәсіміне сәйкес дайындалған заңның мәтіні.

ЗАҢ ҚАБЫЛДАУШЫ БИЛІК — (Законодательная власть) — қоғам дамуының стратегиясын заңдар кабылдау арқылы жасақтауға тиісті халық сайлаған өкілді органдар.

ЗАҢ ЛЕГИТИМДІЛІП (ЗАҢДЫЛЫҒЫ) - (Легитимность закона) — өкілетті органның қалыптасқан тәртіппен қабылдаған заңына қоғамның көрсеткен қолдауы. Көпшіліктің мүддесін қамтамасыз ететін, талқылау барысында көптеген адамдардың қолдауына ие болған заң легитимді деп аталады.

ЗАҢ САПАСЫ - (Качество закона) - қоғам, мемлекет немесе жеке адамның белгілі бір қажеттіліктерін қүқықтың табиғатына сәйкес қанағаттандыруға, заңның пайдалы болуын қамтамасыз ететін әлеуметтік, экономикалық, саяси және заңдық қасиеттердің жиынтығы.

ЗАҢ ТЕХНИКАСЫ - (Законодательная техника) - құқықтық актілердің тиімділігін арттыра түсу мақсатында қолданылатын оларды даярлау және ретке келтірудің амал-тәсілдері мен ережелерінің жүйесі.

ЗАҢ ҰҚСАСТЫҒЫ - (Аналогия закона) - нақты заңдық істің осы жағдайына колдануға арналмаған, тек аталған, ұқсас жағдайларға ғана қолдануға арналған күқыктық норма. Осы норманың негізінде нақты іс ұқсастығы бойынша қаралып барып өз шешімін табады.

ЗАҢ ҮСТЕМДІП - (Верховенство закона) - ағымдағы барлық заңдардың, заңға негізделген барлық актілердің - Президенттің жарлыктары мен басқа да актілерінің Үкімет каулыларының, бұйрықтарының нұсқауларының және тағы баскалардың Қазақстан Республикасы Конституциясына сөйкес келуі және субъектілердің қалың тобының мүддесіне қатысы бар мәселелердің тек қана заң белгілеген тәртіппен шешілуі. Басқаша айтқанда, заң үстемдігі - құқықтық мемлекеттің негізгі принципі. Мүнда заң баска түрдеғі заңдық ұйғарымдардан жоғары түрады.

Қоғамдық қатынастардың барлық қатысушылары, оның ішінде мемлекет те заң талаптарын дәл, бұлжытпай орындап отыруы тиіс.

ЗАҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ - (Законотворчество) - заң нормаларында белгіленген құқық шығармашылығы ісінің түрі. Мемлекеттің заң шығарушы органының заңдарды жасау, қабылдау және шығару (жариялау) тәртібінің қызметтік тәртіптегі яғни жөн-жобасы.

ЗАҢ ШЫҒАРУ БАСТАМАСЫ - (Законодательная инициатива) – заңдарды қабылдау, өзгерту немесе толықтыру енгізу түралы ұсыныстар жасау құқығы. Заң жобаларың ұсынушы органдар заң шыгару бастамасының субъектілері болып табылады. ҚР Конституция бойынша заң шығару бастамасы құқығы ҚР Парламентінің депутаттарына, Республика Үкіметіне беріледі және тек қана Мәжілісте жүзеге асырылады.

ЗАҢ ТӘЖІРИБЕСІ (ЗАҢ ПРАКТИКАСЫ) - (Правовая практика) - құзырлы субъектілердің заңдық ұйғарымдарды кабылдаудағы (түсінідіру және қолданудағы) іс-әрекетеріне тұтастай қоса алынған әлеуметтік-құқықтық тәжірибелер жинақтау қызметтері.

ЗАҢҒА НЕГІЗДЕЛГЕН НОРМАТИВТІК АКТ- (Подзаконный нормативный акт) — құрамында заң нормалары болатын, өзі заң негізінде және сол заңды жүзеге асыру мақсатында жасалған акт.

ЗАҢДАР КОЛЛИЗИЯСЫ (ҚИҒАШТЫҒЫ) - (Правовая коллизия) - бірыңғай қоғамдық қатынастарды реттейтін құқықтық нормалар арасында болатын қайшылықтар.

ЗАҢДЫ МҮДДЕ - (Законный интерес) - субъектілердің өздерінің бүкіл мемлекеттік мүдделерге қайшы келмейтін мүдделерін қанағаттандыру мақсатындағы белгілі бір әлеуметтік игіліктерді пайдалануға деген ұмтылыстарын және оларды қорғауда құзырлы органдарға (мемлекеттің және қоғамдық үйымдарға) арыздану мүмкіндіктерін білдіретін объективтік қүқықтарда көрсетілген немесе олардың жалпы мағынасынан туындайтын және де белгілі бір дорежеде мемлекеттің өзі кепілдендірген заң арқылы расталған рұқсат.

ЗАҢДЫ МІНДЕТ - (Юридическая обязанность) - құқыққа өкілетті тұлғаның мүддесін қанағаттандыру үшін белгіленгеи заңи кажетті жүріс-тұрыстың мөлшері (шамасы).

ЗАҢДЫ МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚ (ЖҮРІС-ТҰРЫС) - (Правомерное поведение) - субъектілердің құқық нормаларына және әлеуметтік тұрғыдан пайдалы мақсаттарға сай келетін әрекеті.

ЗАҢДЫ БИЛІК - (Легальная властъ) - заң жөнінен расталған (дәлелденген) билік яғни елдегі колданыста жүрген заңдарға мемлекеттік органдарының сай болуы.

ЗАҢДЫ ТҰЛҒА - (Юридическое лицо) - өзінің меншігі, бас-каруында шаруашылығы немесе оралымды атқарылатын оңашаланған мүліктері және сол мүліктерімен міндеттемелері бойынша мүліктік және мүліктік емес жеке құқықтары болатын, оларды өз атына ала алатын, онысын жүзеге де асыратын, міндеттемелері бойынша, сотта талапкер, сондай-ақ жауапкер де бола алатын ұйым.

ЗАҢДЫ ФАКТ (НЕГІЗДЕЛГЕН АЙҒАҚ) - (Юридический факт) - бұл болмыстағы нақты жағдай, құқық нормасы белгілі бір заңдық салдардың болуын (туындауын) осы жағдаймен байланыстырады. Заңды айғақ оқиғалар және әрекеттерден жіктеледі.

ЗАҢДЫ ҮЛГІ 1С - (Правовой прецедент) -ұқсас істерді шешуде басшылыққа алынатын және құқық нормасының күші берілетін нақты заңдық іс бойынша соттың немесе әкімшіліктің қабылдаған шешімі.

ЗАҢДЫҚ ҚҮРАМ - (Юридический состав) - заңда негізделген айғақтардың жиынтығы. Құқықтық қатынастардың пайда болуын құқық нормалары осы жиынтықпен байланысты болуынан ғана мүмкін деп қарайды. Мысалы, жасы келіп қартайғандығы бойынша зейнетақы алу құқығы пайда болуы үшін зейнеткерлік қүқықтық қатынастардың пайда болуы тиіс. Ол үшін бірнеше шарттар кажет: 1) азаматтың заңда көрсетілген жасқа жетуі; 2) заңмен белгіленген еңбек стажының болуы; 3) құзыретті мемлекеттік органның зейнетақы тағайындау туралы шешімі.

ЗАҢДЫҚ САЛДАР - (Правовые последствия) - құқықтық акт әрекетінің іс жүзіндегі нәтижесі. Бүл «нәтиже» субъектілердің құқықтар алуы мен міндеттер атқаруы аркылы білдіріледі.

ЗАҢДЫЛЫҚ - (Законность) - құқық нормаларын барлық адамдардың мемлекеттің бүкіл аумағында дәл және бұлжытпай жүзеге асыруларынан тұратын қоғам мен мемлекет талаптарының жүйесі.

ЗАҢДЫЛЫҚТЫҢ КЕПІЛД1КТЕРІ - (Гарантии законности) - заңдар мем заңға негізделген нормативтік актілердің бұлжытылмай сақталуын, азаматтар құқықтарының және қоғам мен мемлекет мүдделерінің ешбір кедергісіз жүзеге асырылуын қамтамасыз ететін құралдар мен жағдайлардың жиынтығы.

ЗАҢНАМА - (Законодательство) - мемлекет дамуының нақты-тарихи кезендерінде қолданыста болатын заңдар мен оларға негізделген актілердің жүйесі.

ЗАҢНЫҢ КЕРІ КҮШІ - (Обратная сила закона) - заң күшінің өз күшіне енгізілмей тұрған кездерде болған жағдайларға қолданылуы.

ЗАҢТАНУ, ҚҰҚЫҚТАНУ - (Правоведение) - заң ғылымының жиынтығы, құқықтану - қүқық туралы ғылымдар жиынтығы.

ИМПИЧМЕНТ – (Импичмент) – жоғары лауазымды адамдарды жауапкершілікке тартудың рәсімі.

ИНКОРПОРАЦИЯ – (Инкорпорация) - заңдарды жүйелеудің бір түрі (формасы). Онда нормативтік актілердің мазмұны өзгертілместен жинаққа біріктіріледі, әрбір акті өзінің дербес заңдық маңызын сақтайды.

КВОРУМ - (Кворум) - белгілі бір іс-шарада қабылданған шешімнің күші мен мөнінің танылуы үшін міндетті шарты болып табылады, және де заң немесе жарғы арқылы белгіленіп койылған сол іс-шараға қатысушылар саны.

КОДЕКС - (Кодекс) - бір жүйеге келтірілген, заңдықта, логикалық та тұрғыдан тұтас, іштей үйлесімді болып келетін, тікелей қолданылатын, белгілі бір қоғамдық қатынастарды реттейтін заң актісі.

КОДИФИКАЦИЯЛАУ - (Кодификация) - нормативтік актілерді біріктіру арқылы логикалыққ тұрғыдан тұтас, мазмұны өзгертілген бірыңғай заң актісі етіп жүйелеудің формасы (нысаны).

КОЛЛИЗИЯЛЫҚ НОРМАЛАР - (Коллизионные нормы) -өз құрамында құқықты тандаудың ережелері бар болып келетін құқықтар. Бұлар нақты құқықтық қатынастарды реттеуде қолданылатын құқықтар салаларын да, олардың не үшін колданылатынын да көрсетіп береді.

КОНСОЛИДАЦИЯ - (Консолидация) - нормативтік актілерді жүйелеудің бір нысаны, онда нормативтік актілердің мазмұны өзгертілместен бір қүжатқа біріктіріледі. Содан мұндағы әрбір акт өзінің заңдық маңыздылығындағы дербестігін жоғалтады.

КОНСТИТУЦИЯ - (Конституция) - тұтастай алғанда мемлекет пен қоғамның негізгі заңы, қазақ қоғамында Ата заң (заңдардың заңы) деп аталады. Бүл заңның ең жоғарғы (абсолюттік) заңдық күші болады, ол қоғам мсн мемлекеттік құрылыстың тұғырлық (іргелі) бастауларын, басқару иысанын (формасын), тұлға мен мемлекеттің өзара қатынастарының қағидаттарын баянды етеді,яғни бекітеді.

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КЕҢЕС – (Конституционный Совет) - Қазақстан Республикасының Конституциясын қорғауға арналған ерекше орган. Оның өкілеттігі алты жылға созылады. Конституциялық Кеңестің Төрағасын Президент тағайындайды. Конституциялық Кеңестің екі мүшесін Президент, екі мүшесін Сенаттың Төрағасы және екі мүшесін Мәжілістің Төрағасы тағайындайды. Конституциялық Кеңес мүшелерінің жартысы әрбір үш жыл сайын жаңартылып отырады. Ол төмендегі мәселелерді қарайды. Дау туындаған жағдайда Республика Президентінің, Парламент депутаттарының сайлауын өткізудің дұрыстығы және республикалық референдум өткізу туралы мәселені шешеді. Парламент қабылдаған заңдардың Республика Конституциясына сәйкестігін Президент қол қойғанға дейін қарайды. Конституцияның нормаларына ресми түсіндірме береді. Конституциялық Кеңестің Төрағасы мен мүшелерін өздерінің өкілеттігі мерзімі ішінде түтқынға алуға, күштеп әкелуге, оларға сот тәртібімен белгіленетін әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстінде ұсталған немесе ауыр қылмыстар жасаған реттерді қоспағанда, Парламенттің келісімінсіз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.

КОНФЕДЕРАЦИЯ - саяси, әскери, экономикалық және т.б. мақсаттарды жүзеге асыру үшін құралатын мемлекеттердің уакытша одағы.

КОНЦЕПЦИЯ - қүбылыстар мен процестерді түрлі-түрлі түсініп ұғынуға байланысты көзқарастар жүйесі. Бұл аталымды "негізгі пікір", "ерекше теориялық тәсіл" немесе "түйінді түжырым", "түжырымдама" деп те атай береді.

КРИМИНАЛ - қылмыстық іс.

КРИМИНАЛИСТИКА - қылмыстық істерді ашуда қолданылатын тәсілдер мен құралдар туралы ғылым.

КРИМИНОЛОГИЯ - қылмыс себептер туралы ілім, қылмыспен күресті ұйымдастыру тәсілдерін зерттейтін ілім.

КІНӘ - (Вина) - құқық бұзған адамның өзінің осы әрекетіне қатыстылығын сипаттайтын психикалық жай-күйі (қасақаналық және абайсыздық түрінде болады).

КІНӘСІЗДІК ПРЕЗУМПЦИЯСЫ - (Презумпция невиновности) - кұқықта баянды етілген болжам (жорамал). Бұл болжау бойынша әрбір қылмыс жасады деп айыпталған адам, оның кінәсы заңда қарастырылған ретпен дәлелденбейінше және сот шешімімен заңдық күшіне енді деп бекітілмейінше кінәсы жоқ деп танылуы тиіс.

ҚАСАҚАНАЛЫҚ - (Умысел) – кінә түрі (формасы). Мұнда құқық бұзушы адам өз әрекетінің қоғамға қатерлі сипатта екендігін түсінеді, зиянды салдарының болатындығын алдын ала болжайды. Сөйте тұра қүқық бүзушылыққа баруды қалайды (тікелей қасақаналық) немесе қаламайды. Сөйтіп өз жүріс-тұрысының сондайға апарып соғатынын саналы түрде болжайды немесе оған немкұрайдылықпен қарайды (бүл жанама қасақаналық).

ҚОҒАМ - (Общество) - адамдардың бірлесіп тіршілік етуінің тарихи калыптасқан түрлерінің (формаларының) жиынтығы. Ал тар мағынада әлеуметтік жүйенің нақтыланған тарихи типтік формасы, яғни қоғамдық қатынастардың белгілі типтік түрі.

ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІП - (Общественный порядок) - қоғамдық қатынастардың реттелінгендік күйі. Мүның өзі құқықтық нормалар мен оларды бұлжытпай сақтау арқылы ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік нормалар мен оларды сақтау аркылы да жүзеге асырылады, орнығады.

ҚОҒАМНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК НОРМАЛАРЫ - (Социальные нормы общества) — қоғамдық қатынастарды реттейтін, қоғамның пікір күші ықпалымен немесе мемлекеттің мәжбүрлеуімен қамтамасыз етілетін, қоғамдағы адамдардың мінез-құлкы, жүріс-тұрыс ережелерінің жүйесі. Бұған құкық нормалары, әдет-ғұрыптар, өнеге, иман, діни нормалар, дәстүр және т.б. жатады.

ҚОҒАМНЫҢ ҚҰЫҚТЫҚ ЖҮЙЕСІ - (Правовая система общества) - жеке алынған мемлекеттегі құқықтың, заң практикасының (іс-тәжірибесінің) үстемдік етуші идеологиясының нақтыланған тарихи жиынтығы.

ҚОҒАМНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТІ - (Правовая культура общества) - қоғамдағы құқықтық сананың және құкықтық белсенділіктің деңгейі, заң нормалары мен заңдық іс-әрекеттердің (қызметтердің) прогресшілдік дәрежесі.

ҚОРҒАУ ШАРАЛАРЫ - (Мера защиты) - заңдық міндеттердің орындалуын қамтамасыз ететін және де құқықтардың жүзеге асырылуын кепілдендіретін қүқықтық ырықтандырудың бір түрі.

ҚҰЗЫР, ҚҰЗЫРЕТ — (Компетенция) — белгілі бір аядағы мемлекеттік немесе қоғамдық мәні бар істер мен қызметтердің жүзеге асырылуы мақсатында нақты органға немесе нақты тұлғаға (тиісті түрде атқарылуы (орындалуы) үшін) заң арқылы баянды етіліп берілетін өкілеттіктер (құқықтар мен міндеттер).

ҚҰҚЫҚ - (Право) - мемлекет қамтамасыз ететін, қоғамдық қатынастарды реттейтін, қоғамның, топтың ерік-ықтиярын білдіретін жалпыға бірдей міндетті, формальды түрде анықталған құқықтық нормалардың жүйесі.

ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ - (Правонарушение) - деликт қабілеттілігі бар тұлғаның қоғам, мемлекет, түлға мүдделеріне зиян (залал) тигізетін (келтіретін) кінәлы, қүқыққа қайшы, қоғамға залалды әрекеті (әрекеттілігі немесе әрекетсіздігі).

ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ ОБЪЕКТИВТІК ЖАҒЫ - (Объективная сторона правонарушения) — құқық ұйғарымдарын бұзып қоғам, мемлекет, тұлғаларға залал келтірген адамның осы әрекетін (әрекеттілігін немесе әрекетсіздігін) сипаттайтын белгілердің сыртқы көріністерінің жинағы.

ҚҰҚЫҚ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТ ТЕОРИЯСЫ - (Теория права и государства) - Құқықтың, мемлекеттің пайда болуы мен дамуын, қызметін және де жалпылама алғанда мемлекеттің, құқық пен мемлекеттің түрлерін (типтерін), атап айтқанда, олардың таптық-саяси және жалпы адамзаттық мәнісін, мазмұнының тұрпаттарын (формаларын), қызметтері мен ақырғы тағдырларын зерттейтін қоғамдық ғылым.

Осы салалық және арнайы заң ғылымдарына қарағанда қоры-тындылаушы, әдіснамалық мәнінде басшылық көрсетіп, бағыт сілтейтін ғылым. Ол салалық және арнайы заң ғылымдарының алдында тұрған белгілі бір, жеткілікті түрде санаулы ғана мәселелерді шешу үшін қажет. Сондай-ақ салалык білімдердің корытындыларын бір жүйеге келтіреді, сөйтіп өзінің ғылыми идеяларының арсеналына кіргізеді.

ҚҰҚЫҚ ИНСТИТУТЫ - (Правовой институт) - қоғамдық қатынастардың белгілі бір түрін (немесе топтамасын) реттейтін заң нормаларының тәртіпке келтірілген жиынтығы.

ҚҰҚЫҚ КОЛЛИЗИЯСЫ (КИҒАШТЫҒЫ) - (Коллизия права)—құқықтық жағдай, соның нәтижесінде белгілі нақты жағдайға байланысты түрлі заңдық баға (үкім, кесім), қорытынды жасалынуы мүмкін. Мұндайда құқыққа сәйкес қойылған сұраққа берілген жауап әр түрлі болуы мүмкін.

Белгілі мемлекеттің коллизия нормаларының жиынтығы коллизиялық құқықты құрайды: оның өзі ұлттык сипатта болады жене жаңағы белгілі мемлекеттің ұлттық құқығының бір бөлігі болып табылады. Мысалы: Қазақстан Республикасының коллизиялық құқығы, Ресейдің коллизиялық құқығы, Жапонияның коллизиялык құқығы және т.б.)

Коллизиялық құқық халықаралық жекелік құқықтың негізгі бөлігі, ол оның өзіне тән сипаттары мен ерекшеліктерін айкындап береді.

Коллизиялық нормалар — өз құрамында құқық тандаудын ережелері бар болатын құқық, олар нақты құқықтық қатынастарды реттеуде қолданылатын құқықтардың салаларын да, не үшін колданылатынын да айқындап көрсетіп береді.

ҚҰҚЫҚ ҚАБІЛЕТТІЛІК - (Правоспособность) - тұлғаның заңда белгіленген (танылған) субъективтік құқықтар мен заңды міндеттерді алу мүмкіндіктері.

КҰҚЫҚ ҚАҒИДАТТАРЫ (ПРИНЦИПТЕРІ) - (Принципы права) - құқықтың мәнін білдіруде оған негіз болатын идеялар мен бастаулар. Ол идеялар әділеттік пен бостандықтың сара жолын қорытындылау арқылы шығарылады.

Құқық принциптері әділдік, дұрыстық көрсеткіші болғандықтан тұрақтылығымен ерекшеленеді, олардың ұзақ уакыт бойы өзгеріссіздігі құқықтық нормалардан айырмашылығы болып табылады.

Құқық принциптері нормаларда, заңдарда тікелей немесе жанамалай білінеді.

Әділет және бостандық идеяларын дамытатын құқықтық принцип-тердің ең бастылары:

1. Демократиялык;

2. Ұлтаралық пәтуа (келісім);

3. Заңдылық;

4. Адамгершілік;

5. Азаматтардың заң алдында бірдей тең болуы;

6. Мемлекет және жеке тұлғаның өзара жауаптылықта болуы.

ҚҰҚЫҚ ҚОЛДАНУ - (Применение права) - заңда қаралатын нақты істі шешу бойынша құзырлы органның атқаратын биліктік қызметі. Осының нәтижесінде тиісті жеке акт қабылданады-ол құқық қолдану актісі делінеді.

ҚҰҚЫҚ ҚОЛДАНУ АКТІСІ - (Правоприменительный акт) – нақты бір заңдық істі шешу нәтижесінде құзырлы органның өзі қабылдаған, құрамында дербес биліктің ұйғарымы (бұйрығы,жарлығы) бар болып келетін құқықтық акт.

ҚҰҚЫҚ НЕГІЗДЕРІ - (Источники права) - мемлекеттің ресми түрде бекітіп белгіленген және санкциялаған құқық нормалары. Құқық негіздері бірнеше түрден тұрады: құқықтық әдет-ғұрып, нормативтік акті, сот немесе әкімшілік прецеденті, норматинвтік шарт.

Құқтық әдет ғұрып мемлекет тарапынан санкцияланған, қамтамасыз етілген әдет-ғұрып.

Құқтық нормативтік акт - мемлекеттік, құққтык, құжат. Бұл құжатта өкілеттігі бар органның шешімі көрсетілген, сондай-ақ құқық, нормалары белгіленіп өзгертіледі, әрі күшін жояды.Нормативтік актілер әр түрлі болады: заңдар, қаулылар, жарлықтар және тағы басқалар.

Сот немесе әкімшілік прецеденті — белгілі іс бойынша әкімшілік органның кабылдаған нақты шешімі. Осы шешім ұқсас істерге міндетті түрде қолданылады. Сот прецеденті ағылшын-саксондық құқық жүйесіндс орын алады.

Нормативтік шарт - бірнеше немесе екі жақтың ерік-ықтиярымен келісім шарт жасасуы. Бұл келісім шартқа мемлекет ризашылық береді және оған кепіл болады. Бұл құжат барлық келісуші жақтарға бірдей міндетті болуы және орындалуы тиіс.

ҚҰҚЫҚ НОРМАЛАРЫН (ҚҰҚЫҚТЫҚ НОРМАЛАРДЫ) БІР ІЗГЕ КЕЛТІРУ (ҮЙЛЕСТІРУ) - (Систематизация правовых норм) — құқық нормаларын бірыңғай жүйеге, формаға, яғни біркелкі түрге келтіру.

ҚҰҚЫҚ НОРМАСЫ НЕМЕСЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ НОРМА - (Правовая норма) - жалпыға бірдей міндетті, формалды түрдс анықталған, мемлекеттің өзі белгілеп қамтамасыз ететін жүріс-тұрыс ережесі. Мұның өзі қоғамдық қатынастардың нақты түрін реттеуге бағытталған болып келеді.

ҚҰҚЫҚ НОРМАСЫНЫҢ (ҚҰҚЫҚТЫҚ НОРМАНЫҢ) ДИСПОЗИЦИЯСЫ - (Диспозиция правовой нормы) — жорамалда (гипотезада) көрсетілген заңды айғақтар бар болса ғана туындайтын құқықтар мен міндеттерді белгілеу арқылы субъектілердің жүріс-тұрыс үлгісін (моделін) аныктайтын күқық нормасының негізгі элементі (бөлігі).

ҚҰҚЫҚ НОРМАСЫНЫҢ (ҚҮҚЫҚТЫҚ НОРМАНЫҢ) ЖОРАМАЛЫ - (Гипотеза правовой нормы) - заңды фактілерді (айғақтарды) баянды ету арқылы анықталатын, өзінің колданылу шартына сілтеме жасам корсететін құқық нормасының бөлігі (элементі).

ҚҰҚЫҚ НОРМАСЫ (ҚҰҚЫҚТЫҚ НОРМА) - (Норма права) — бұл құқықтық қатынастарға қатысушылардың мінез-қылықтарын анықтайтын жалпы ереже. Мұны мемлекет белгілейді және өзінің беделімен қамтамасыз етеді, қажет болған жағдайларда мәжбүрлеу күшін де қолданады. Сенім-наным мен қоғамдық мәжбүрлеу тәсілдеріне негізделген қоғамдық беделге арқа сүйеген әдет-ғұрып пен адамгершілік нормаларынан құқтық нор-малардың негізгі айырмашылығы дәл осында болады.

Құқықтық норма қандай да бір ережені белгілеп бекініп қана қоймайды, оны орындауды да міндеттейді.

Құқтық норма әдетте өзара байланысты үш элементтен тұрады. Ол: жорамал (гипотеза), диспозиция және санкция.

Жорамал (гипотеза) - норманың әрекетет ету шартының қашан, қандай жағдайларда қолданылатынын көрсететін бөлігі.

Диспозиция — жүріс-тұрыс ережелерінің мазмұнын көрсететін, яғни субъектілерде пайда болған заңды міндеттерге сілтеу жасайтын құқық нормасының бөлігі.

Санкция - норма бұзылғанда қолданылатын мәжбүрлеу (көндіру) шараларын көрсететін құқық нормасының бөлігі.

Құқықтың нормасында көрсетілген үш бөліктің барлығы кейбір құқықтық салаларда болмауы мүмкін. Тек бір жорамалдан немесе жорамал мен диспозициядан ғана тұруы мүмкін. Мысалы, конституциялық қүқықтық нормалар тек қана гипотеза мен диспозициядан тұруы, онда санкцияның көрсетілмеуі жиі болады. Бұл констиуцияның қүқықтық ерекшелігі, өйкеиі ол қоғам мен мемлекеттің негізгі принциптерін бекітеді.

ҚҰҚЫҚ НЫСАНЫ - (ФОРМАСЫ) - (Форма права) -мемлекеттің ерік-ықтиярының тысқарыда және жүріс-тұрыстардың заңдық ережелерінің дұрыстандырылуының білдірілу тәсілі.

ҚҰҚЫҚ ӨКІЛЕТТІГІ - (Правомочие) - қүқық нормаларында алдын ала қарастырылған және мемлекет тарабынан қамтамасыз етілген құқықтық қатынастарға қатысушының белгілі бір әрекетті жүзеге асыруының немесе осы құқықтық катынасқа қатысушы басқалардан тиісті жүріс-тұрысты талап етуінің мүмкіндігі.

ҚҰҚЫҚ САЛАСЫ - (Отрасль права) - қоғамдық қатынастардың белгілі бір аясын (тегін) реттейтін заң нормаларының тәртіпке келтірілген жиынтығы.

ҚҰҚЫҚ СУБЪЕКТІСІ - (Субъект права) - құқықтар мен міндеттерді сақтаушы; құқтың субъектісі жеке тұлға және заңды тұлға да болуы мүмкін.

ҚҰҚЫҚ СУБЪЕКТІЛІК -(Правосубъектность) - тұлғаның мемлекет танитын және қамтамасыз ететін субъективтік құқықтар мен заңды міндеттерді өзіне алу, сондай-ак өзінің әрекеттері аркылы оларды құқықтық қатынастарда жүзеге асыру қабілеті.

ҚҰҚЫҚ ҰҚСАСТЫҒЫ (ҚҰҚЫҚ АНАЛОГИЯСЫ) - (Аналогия права) - нақты заңдық істі жалпы қағидаттар (принциптер мен мағыналары негізінде шешу.

ҚҰҚЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ -(Правотворчество) - құзырлы органдардың (бәрінен бұрын мемлекеттік органдардың) құқық нормаларын кабылдау, озгерту және күшін жою жөніндегі қызметі.

ҚҰҚЫҚТАҒЫ АҚТАНДАҚТАР (ОЛҚЫЛЫҚТАР) - (Пробелы в праве) - қолданыстағы заңда қажетті заң нормаларының толығынан немесе жарым-жартылай болмауы.

ҚҰҚЫҚТЫ ҒЫЛЫМИ (ДОКТРИНАЛДЫ) ТҮСІНДІРУ - (Доктринальное толкование права) - заңгер-ғалымдардың монографиялары, ғылыми түсіндірулері мен мақалаларында және т.б. шығармаларында құқық нормасы мағынасын терең түрде дәлелді түсіндіруі.

ҚҰҚЫҚТЫ ЛОГИКАЛЫҚ ЖОЛМЕН ТҮСІНДІРУ - (Логическое толкование права) — құқық, нормаларының мағынасын логика ғылымының заңдылықтары мен ережесін пайдаланып түсіндіру тәсілі.

ҚҰҚЫҚТЫ ОРЫНДАУ - (Исполнение права) - құқықты жүзеге асыруда белсенді міндеттерді, заңдарда катаң түрде анықталып көрсетілген әрекеттерді өкілетті жақтың мүддесіне бола орындауға байланысты болып келетін құқықты жүзеге асырудың түрі (формасы яғни нысаны).

ҚҰҚЫҚТЫ ТАРИХИ-САЯСИ ТҰРҒЫДАН ТҮСІНДІРУ -(Историко-политическое толкование права) — құқық нормасының мағынасын олардың нақты тарихи-саяси жағдайлардағы қабылдануларын талдау арқылы, жүзеге асыру барысында жасалатын түсіндіру тәсілі.

ҚҰҚЫКТЫ ТЕРІС ПАЙДАЛАНУ -(Злоупотребление правом) - заң арқылы қорғалатын жеке бастың, қоғамның немесе мемлекеттің мүдделеріне нұксан келтіруге алып баратын субъективтік құқықты оның өзінің әлеуметтік тағайынына қайшы түрде пайдалану.

ҚҰҚЫҚТЫ ТҮСІНДІРУ - (Толкование права) - заң нормаларының мағынасын анықтауға бағытталған түсіндірудегі іс-әрекет, қызмет.

ҚҰҚЫҚТЫ ТҮСІНДІРУ АКТІСІ - (Акт толкования права) — арнайы құзырлы органдардың ғана шығаратын және құрамында заң нормаларына берілген түсіндірмесі болатын құқықтық акт.

ҚҰҚЫҚТЫ ШЕКТЕУЛІ ТҮСІНДІРУ - (Ограничительное толкование права) құқық нормаларын түсіндірудің түрі. Мұнда норманың шын мағынасы оның мәтіндік баяндалуынан тар болып келетін қүқық нормалары түсіндіріледі.

ҚҰҚЫҚТЫҚ АКСИОМА - (Правовая аксиома) - зерттеулер жүргізудің барысында дәлелдеуді қажет етпейтін негіз ретінде алынатын құқықтық теорияның тезистері (қағидалары, ой желілері).

ҚҰҚЫҚТЫҚ АҚПАРАТ - (Правовая информация) — коғамдағы бар заң нормалары мен қағидаттары (принциитері), заң практикасы (тәжірибесі) мен тұтастай алғандағы заң жүйесі туралы мағлүматтар.

ҚҰҚЫҚТЫҚ АМАЛ-ТӘСІЛДЕР - (Правовые средства) –құқық субъектілері мүдделерін қанағаттандыруға көмек беретін, сөйтіп мақсаттарға жетуді қамтамасыз ететін бүкіл заңдық аспаптардың (құбылыстардың) жиынтығы.

ҚҰҚЫҚТЫҚ ӘДЕТ (ӘДЕТ-ҒҰРЫП) - (Правовой обычай) -адамдардың санасында болатын, ұдайы қолданудың барысында дағдыға айналған және құқықтық салдарға апарып соқтыратын тарихи түрде қалыптасқан жүріс-тұрыс ережесі.

ҚҰҚЫҚТЫҚ БАҒАМДАУ - (Правовая оценка) - тиісті нормативтік ұйғарымдарға негізделінген түрде әрекетке (әрекетсіздікке) заң жөнімен баға беру.

ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАЗА - (Правовое наказание) — кінәлы, қүқыққа қайшы жүріс-тұрысты заңды түрде кінәлаудың түрі және қолданылған шара. Осының нәтижесінде субъект міндетті түрде бір нәрседен шектеуге ұшырайды, бірдеңеден айрылады, сенімін жоғалтады.

ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖҮЙЕ - (Правовая система) - құкықтық құрылымның тарихи қалыптасу жолдары мен пайда болуындағы қайнар көздерінің бірлігі негізінде белгіленіп, өз алдына бөлініп шыққан құқықтардың жиынтығы.

ҚҰҚЫҚТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ - (Правовая идеология) - қолданыста бар және тілекке сай келетін құқыққа адамдардың қатысы қамтылып көрсетілетін көзқарастар, идеялар, түсініктер, нанымдар, ерекше теориялық амал-тәсілдер мен тұжырымдар жүйесі.


Дата добавления: 2015-07-15; просмотров: 452 | Нарушение авторских прав


<== предыдущая страница | следующая страница ==>
Интеллектуальные чувства — переживания, связанные с процессом познания: чувство удивления и любознательности, радость открытия истины и т. п.| Примечания

mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.055 сек.)