Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АвтомобилиАстрономияБиологияГеографияДом и садДругие языкиДругоеИнформатика
ИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеталлургияМеханика
ОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРелигияРиторика
СоциологияСпортСтроительствоТехнологияТуризмФизикаФилософияФинансы
ХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника

Шипалы сазбен емделу 6 страница

Читайте также:
  1. A) жүректіктік ісінулерде 1 страница
  2. A) жүректіктік ісінулерде 2 страница
  3. A) жүректіктік ісінулерде 3 страница
  4. A) жүректіктік ісінулерде 4 страница
  5. A) жүректіктік ісінулерде 5 страница
  6. A) жүректіктік ісінулерде 6 страница
  7. A) жүректіктік ісінулерде 7 страница

6-сабақ тыңдалымы: Базарлық

 

Тыңдаңыз:

 

– Қызым, мына базарлықтарды балаларға таратып берші!

– Әже, «базарлық» деген не?

– Базарлық деген – саяхат-сапарға, алыс қалаларға барған адамдардың туыстарына, көршілеріне, кішкентай балаларға, отбасына арнайы әкелетін сыйлықтары. Сондықтан да оны «базарлық» дейді.

– Бұл жақсы көрудің белгісі секілді екен.

–Дұрыс айтасың, қызым. Базарлық – сыйластықтың белгісі және ескерткіш сияқты қабылданады. Базарлықты аларда кімге алу керек, оның жасы қаншада, нені ұнатады, бұл сыйлық оны қуанта ма, осыларды да білу артық болмайды.

– Әже, сіз маған үнемі осындай жақсы салт-дәстүрлерді айтып отырасыз. Олардың бәрін қайдан білесіз?

– Мен де сен секілді кішкентай болдым ғой, қызым. Сонда маған ата-анам айтып, үйретті. Кезінде олар да анасынан естіген. Солайша, біздің тамаша дәстүрлеріміз ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатыр. Сен өзің де ана болғанда осы салттарымызды сақтап, кейінгі балаларға жеткізуге тиіссің. Соны ұмытпа, қызым.

 

7-сабақ тыңдалымы: Игі дәстүрлер

Тыңдаңыз:

 

Өзім көріп, куәсі болған екі жайт өмір бойы есімде қалыпты. Грузиндерде ата-бабасынан бермен қарай келе жатқан, күні бүгінге дейін маңызын жоймаған мынадай бір жақсы дәстүр бар екен. Кімде-кім қыз ұзатса, оның басты жасауы етіп Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» дастанын сыйға тартатын көрінеді. Осы заманға сай небір жиһаздың ішінде дастанның алар орны ерекше. Өйткені ол – туған жер қасиетін, оның азамат ұлдарының намысын жырлайтын ұлы шығарма. Сондықтан да әр грузин отбасының ең қымбат мүлкі болып саналады. Егер де өзге жасаудың бәрі бар да, бір ғана «Жолбарыс терісін жамылған батыр» дастаны жоқ болса, онда ол толыққанды жасау болып есептелмейді. Бұл – ата-анаға ауыр сын.

Сол секілді, Канадада кәрі теректердің конкурсы өтіп, ең көп жасағандарын арнайы медальмен марапаттайтын дәстүр бар. Сол медальдар нешеме дәуірдің көзін көрген теректерге бекітіліп қойылады екен. Дәстүр сабақтастығын бағалау мен табиғатқа деген жанашырлыққа еріксіз тәнті боласың. Ал Латвия мен Эстонияда барлық кәрі ағаштар жыл сайын есепке алынады.

Қайбір жылы Эстонияның Муху аралын аралап жүріп, ағаш тұғырлардың үстінде төңкеріліп жатқан қураған, арса-арса болып шіріген қайықтарды көріп таң қалдым. Себебін сұрағанымда бұл қайықтардың әрқайсысы жүз, жүз елу, екі жүз жылдан бері сақталып келе жатқанын, өйткені кезінде эстондық ата-бабаларына адал қызмет еткен су көлігі бола білгендігін естідім. Жанымда жүрген жігіт осы қайықтармен аталары өз ғашығына жолыққанын, бала-шағасын өсіргенін, өз ұлтына қызмет еткенін айтты. Демек, бұл эстондықтар қайықтардан тек жақсылық көрген екен, ендеше неге жақсылық ұмытылуға тиіс деп осылайша есте қалдырудың «тәсілін» тапқан екен.

Менің ойымда «әр елдің адамгершілікке байланған ата дәстүрінің болуы қандай ғанибет!» деген пікір тұрды.

(М.Шаханов)

8-сабақ тыңдалымы: Тіршілік нәрі

Тыңдаңыз:

Су – барлық тіршілік үшін ең қажетті нәрсе. Сусыз өмір жоқ. Қазір көп елдерде таза су мәселесі ең басты мәселе болып отыр. Адамдар ғылым мен білімнің арқасында жаңалықтар ашып, мемлекетті дамытып жатыр. Экономика мен мәдениет жақсарды. Адамдар бұрын қиын көрінген күрделі мәселелерді оңай шешу жолдарын тапты. Бірақ, өмірде әлі де шешілмеген жұмбақтар көп. Соның бірі – су. Суды табиғаттан аламыз, оны құрту оңай, орнын толтыру – қиын. Техника дамыған сайын су азайып барады. Табиғат адамдарға қажетті заттардың бәрін берді, енді адамдар су мәселесін шешу жолдарын ойластырып жатыр. Суды үнемдей білуді әр адам өзінен бастауы керек.

 

9-сабақ тыңдалымы: Тұтыну себеті

Тыңдаңыз:

 

Дүкеннен, базардан өзіңе, үйге қажетті заттарды сатып алғанда міндетті түрде бағасын қарайсың. Сен бір заттың бір дүкенде арзан, екінші дүкенде қымбатырақ екенін байқайсың. Оның себебі заттардың сапасына да қатысты болатынын, әрине, сен білесің. Ал базарда сауда жасасаң, сатушымен ортақ бағаға келісуге болады. Базарда саудаласа білу де - өнер. Мәдениетті, орнықты сөзбен саудаласа алсаң, ақшаңды үнемдей аласың. Киім-кешек, әшекей заттар, азық-түлік алғың келсе, алайда бағасы қымбатырақ болса, саудалас. Ал егер сатушы бағасын төмендетпесе, бірақ оның тауары өзіңе ұнап тұрса, бас тартпай сатып ал. Сауда ақшаға емес, қанағатқа қатысты болады. Адамның бір айда тұтынатын азық-түлігі мен басқа да қажетті заттарының төменгі мөлшерін «тұтыну себеті» дейді. Тұтыну себетінің құнын экономистер есептейді. Сен де бір айда нені тұтынасың, соны есептеп көр.

10-сабақ тыңдалымы: Қонақжайлық

Тыңдаңыз:

 

– Сағат қанша болды?

– Алты болды, анашым.

– Бір сағат қалды, тездетейік, қызым.

– Тура жетіде келе қоймас, үлгереміз ғой.

– Болмайды, қызым. Қонақтар келгенде біз де үйге кіріп жатсақ, ұят болады.

– Онда сіз бара беріңіз. Көкөністер мен шырынды мен алып барамын.

–Жарайды, мен осы заттарды алып, кете берейін. Қыздар дастархан жасап, бізді күтіп отырған болар.

11-сабақ тыңдалымы: Бақыт

Тыңдаңыз.

(Ертегі)

– Ей, Адам, сен бақта өмір кешіп жатырсың. Не киейін, не ішейін демейсің. Сенде бәрі бар. Сауық құрып, қайғысыз жүріп жатырсың. Бірақ сенің ішің пысатынын, әлденені іздейтініңді сезіп жүрмін.

– Рас, менде бәрі бар. Мен ештеңеге мұқтаж емеспін. Сонда да маған жетіспейтін бір нәрсе бар. Ол не? Осыны ойлаумен күн өткізетін болдым.

– Ия, сенде бәрі бар, бәрі дайын. Бірақ сенде бақыт жоқ. Сен - бақытсызсың.

–Ал, сонда бақыт дегеніміз не?

–Шын білгің келсе, бақыт дегеніміз не екенін мен саған көрсетейін.

–Көрсет.

–Ендеше, бір ұйықтап тұр. Оянғанда, көресің. (Адам бірер уақыт ұйқыға кетті. Сол аралықта Жаратушы Адамның айналасын өзгертіп жіберді)

– Ойбай, Жаратқан-ау, бақытың осы ма? Мынау не? Айдала, шөл, ішерге ас, киерге киім жоқ қой. Аштан өлді деген осы ғой!

–Ей, адамзат! Қолыңа кетпен ал. Еңбек ет. Мына шөлді гүл бақшаға бөле. Егін өсір. Бақытты сонда табасың. Көп еңбек еткенге бақыт басын иеді. Адамды бақытты ететін еңбек екенін сонда білесің.

12-сабақ тыңдалымы: Естелік

Тыңдаңыз.

 

Біз атаммен бірге Әйгерім апамның үйіне талай барғанбыз. Сонда алты қанат ақ үйдің төрінде мейірімді көзді ақсақал отыратын. Ол – жазық маңдай, қара торы, кеуделі кісі еді. Ата бізді құшағын жайып қарсы алатын, маңдайымыздан сүйетін. Ол – Абай аға болатын.

Біз Әйгерім апамның үйіне баруға үнемі асығатынбыз. Әйгерім апа сабырлы кісі еді. Тез қимылдай қоймайтын. Ол кісі алдымен кереге басына байыптап көз салады. Төсектің бас жағында тұрған сандыққа қарайды. Бешпентін алады, жан қалтасын қарайды. Бір шумақ кілттері сылдыр ете түскенде барлық бала қуанып, шуылдап кететінбіз. Себебі, бұл кілтпен Әйгерім апа сандықты ашып, бізге тәтті әперетін. Әйгерім апамыздың балаларға сақтайтын тәтті-дәмділерін ойласам, қазір де дәмі аузыма келгендей болады. (Ахмет Әуезов)

13-сабақ тыңдалымы: Қарлығаш

Тыңдаңыз

Бір жылы көктем кезінде біздің үйдің кіреберіс бөлмесіне қарлығаш ұя салды. Сол ұядан үш балапан шығарды. Күзге қарай құстар жылы жаққа ұшуға дайындалды. Менің қарлығашым да өз балапандарын алыс жолға ұшуға үйретіп, күнде кешке ғана ұяға оралып жүрді. Мен олардың енді біздің үйде қалмайтынын түсіндім. «Осы қарлығаштар келер жылы біздің үйге оралар ма екен, әлде келмей ме» деп жиі ойлайтын болдым. Бірде кешке қарлығаш ұясына оралғанда ұстап алып, аяғына шешілмейтіндей етіп, мықтап тұрып ақ жіп байлап жібердім. Күндегі әдетінше олар таң атқан соң ұясынан ұшып кетті, содан қайтып келмеді.

Қыс өтіп, көктем келді. Алғашқы жыл құстары да келе бастады. Солардың ішінде қарлығаштар да бар еді. Оларды көрген сайын менің қарлығашым келді ме деп ойлаумен болдым.

Бір күні біздің қораға екі қарлығаш келіп қонды. Дұрыстап қарасам, біреуінің аяғында байланған ақ жіп бар екен. Бұл былтырғы қарлығаш екенін білгенімде қатты қуандым. Бұлар биыл да үйдегі кіре беріс бөлмедегі ұяға жұмыртқа салып, балапан шығарды.

 

14-сабақ тыңдалымы: Біздің пәтер

Тыңдаңыз.

Мен қалада тұрамын. Үйім қала орталығына жақын. Біздің үйіміз тоғыз қабатты. Менің пәтерім бесінші қабатта. Пәтеріміз үш бөлмелі, жалпы аумағы 85 шаршы метр. Үйде әкем, шешем, қарындасым және мен тұрамыз. Әкем мен анамның, қарындасымның жеке бөлмелері бар. Ал мен төргі бөлмеде ұйықтаймын.

Біздің үйде бөлме гүлдері көп. Анам гүлдерді жазда балконға қояды, қыста үйдегі терезе алдында тұрады. Ас үйдегі гүлдер қысы – жазы гүлдеп тұрады, сондықтан да мен оларға қарағанды өте жақсы көремін. Себебі, маған үнемі гүлдеп тұратын гүлдер ұнайды. Бөлме гүлдері адам көңілін көтереді, көз қуантады. Гүлдер барлық бөлмеге сән береді. Сондықтан да біздің үй ең жақсы үй деп ойлаймын.

 

15-сабақ тыңдалымы: Орманды алқап

Тыңдаңыз.

- Абзал Дастанұлы, Астананың жан-жағын орманды алқап етіп жатырсыздар. Бұл орман Астананың ауа райына қаншалықты әсер ете алады?

- Ғалымдардың зерттеуінше, ағаштар шаң-тозаңның отыз – қырық пайызына дейін ұстап қала алады. Ал бір гектар орман 400 келі күкірт қышқыл газын өзіне сіңіре алады. Сондықтан орман жазда аптап ыстықтан, қыста ызғарлы суықтан айтарлықтай сақтай алады. Одан басқа, елордада күн сайын салынып, биіктеп келе жатқан қаншама үйлер, ғимараттар бар. Астана көшелерінің, тұрғын үйлерінің алаңдарында жайқалған ағаштарды да жылыжайда арнайы өсіріп, біз дайындаймыз. Біздің ағаштарымыз қала көркін ашып, тұрғындардың саясы болғанына қуанамыз.

- Ата-бабаларымыз да ағаштардың пайдасы туралы қаншама өсиет қалдырды емес пе?

- Иә, дұрыс айтасыз, барлығын айтпасақ та, «бір тал кессең, он тал ек» деген өсиетінің өзі қандай мағыналы! Одан басқа адамның үш парызы бар, соның бірі – ағаш егу екенін де аталарымыз айтып кетті ғой. Ағаштың пайдасын білгендіктен де талай асыл сөздер қалдырды. Біз қазір елбасының тапсырмасы бойынша, жас Астананы жасыл қалаға айналдыру бағдарламасын орындап жатырмыз.

16-сабақ тыңдалымы:

 

Үйге жақын жерде қалалық үлкен бір банкі бар еді. Соның алдынан өтіп бара жатқанымда, жол бойында жатқан бөлке нанды көзім шалды.

Дереу нанды алып, маңдайыма және көкірегіме тигізіп: «Алла тағала, өзің кеше гөр» деп сөмкеме салдым. Кішкентай кезімде нанның қалдығы жерде жатса, анам нанды маңдайы мен көкірегіне тигізіп, Алладан кешірім сұрайтын сосын бізге нанды қадірлеу керектігін айтып біраз жекіп алатын.

Кенет сырт жағымнан біреудің аяқ дыбысын естідім. Жалт бұрылсам, пайғамбар жасындағы ер кісі. Үнсіздікті үлкен кісі бұзды.

- Амансың ба, қызым! Қызым, сен мені тыңда,–деп жалғастырды сөзін. – Мен Түркиядан келген қазақпын. Ондағы тұрмысымыз өте жақсы. Балаларымның барлығы жоғары білімді, қызмет істейді. Өзім туған жеріме бірінші келдім. Мен осы банктен шығып машинаға отырарда жерде жатқан әлгі нанды көрдім. Машинама міндім де, есігімді ашып бақылап отырдым. Нанның жанынан 62 адам өтті. Бірақ бірде-біреуі нанды көтеріп алмады. 63-ші болып сен келдің. Нанды көріп, көтеріп алдың. Мынау бір құдайға қараған адам екен деп, өзіңе риза болып тұрмын.

Осы кезде «Дүниедегі ең ұлық нәрсе – нан» деген әжемнің даусы құлағыма анық естілгендей болды. (Ғаламтордан).

 

 

17-сабақ тыңдалымы: Мағжан мұхит екен

 

(Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабековпен сұхбат)

- Жақында бір пьеса жазып аяқтапсыз? Тапсырыспен жазыпсыз.

- Иә, Мағжан мен Зылиха жайлы. Жалпы тапсырыспен жазылған нәрседен қорқудың қажеті жоқ. Сұлтанғали Шүкіров деген жігіт қуыршақ театрына директор болып келіп, маған үш пьесаға тапсырыс берді. «Киелі алма», «Аққу-Жібек», «Құстар фестивалі». «Киелі алманы» өзі қойды, жақсы пікірлерге ие болды, «Аққу-Жібек» әлі күнге қойылып келеді, Қазақстаның көптеген театрларында қойылып жүр, қазір Петербург театры қолға алып, орысшаға аударылып, «О чем поют лебеди» деген атпен қойылмақшы. Ал «Құстар фестивалін» өзің білесің, әлемдік сахнаға шығып кетті. Ал Петропавл театрындағы Қуандық Қасымбеков Сәбит Мұқановтың 110 жылдығына Балуан Шолақ туралы пьеса жазып беруімді өтінген еді. Мен «мұндай тарихи тақырыпқа бармаймын, жаза алмаймын» деп алғашында бас тартқан едім. «Оқып көріңізші» деп қоймаған соң, 5-6 ай жүрдім. Кілтін таба алмай жүрдім, ең соңынды кілті табылды. Мұны жаздым ғой енді. Өздерің көрдіңдер. Көпшілік жылы қабылдады. Енді тағы тапсырыс беріп отыр. Мағжан туралы деген кезде баяғы репрессия, баяғы кісен, баяғы тергеу – не жазам, бәрі айтылған нәрсе ғой деп ойлағам. Талай пьеса жазылды. Бұл жолы да 3-4 ай зерттеп, «жазбаймын» дегеніме өкіндім. Мағжан – мұхит екен, Мағжан – айсберг екен. Оның өмірі ешкімге ұқсамайды. Өз қатарластарының ешқайсысына ұқсамайды. Азғантай өмірінде бәріне үлгерген. Өзі 20 жасынан қудаланды. Телегей теңіз шығарма жазған, жазушылардың манифестін жазған, «Педагогикасын» жазған, махаббатын да үлгерген. Мағжанды көрген қыз міндетті түрде ғашық болатын болған. Әсіресе маған Москвадағы өмірі ұнады. Пушкиннің сөздерін келтірдім. Пушкиннің сөзі бар: «и дернул меня черт с таким умом и талантом родиться в России» деген, сол сияқты Мағжан да сайтан азғырып осындай талантпенен біздің елде туды. Кейіпкерлерінің өзі Максим Горький, Валерий Брюсов, Зылиха, Сергей Есенин, Демьян Бедный. Осылардың арасындағы Мағжан, соларды таңғалдырған Мағжан. Мағжан орысша өлең жазған. Өзімнің Мағжанды керек деңгейінде көрсете алдым деп ойлаймын.(«Қазақ үні»).

 

18-сабақ тыңдалымы:

Сен гүлмісің?
Қарағым сені кім еккен?
Сезімбісің?
Шыққансың қандай жүректен.
Жанарда тұнған жалғыз тал әлде тамшы ма ең?
Жалт етіп бірде кірпіктен ырғып дір еткен.
Әнбісің әлде?
Неткен үн сені шырқады?
Әлде сен, қалқам,
Бозарып атқан қыр таңы.
Сезіп тұр санам,
Сен өзің, сірә болғайсын
Жалғандағы осы жақсының ғана ұрпағы.
Қинама мені,
Айтсайшы маған, сүйіктім!
Адасып жүрген лағымысың, киіктің?
Айтсайшы, қалқам, бұлағымысың әлде сен,
Бұрқанып жатқан мендегі теңіз-күйіктің?

(М.Мақатаев)

 

19-сабақ тыңдалымы: Жүзіңде жазулы тұр

Біз бұл өмірде біреуді дөңгелек жүзді ат жақты, қалмақ бет, кең маңдай, тар маңдай деп жатамыз.

Мұнда тұрған ештеңе жоқ, әркімнің өз жаратылысы, өз пошым-пішімі бар. Алайда сонау көне кезеңнен тамыр тартып келе жатқан физиономистика ғылымына жүгінсек, адамның бет-әлпетіне қарап-ақ оның мінез-құлқын, өмір жолын болжап білуге болады. Біз енді оған жеке-жеке тоқталсақ. Беттің пішініне байланысты:

1. Сопақша бет. Саясаткерлер мен үкімет билігіне ие адамдарда жиі кездеседі. Ол сонымен бірге, адамның ақсүйек тұқымынан шыққандығын да көрстеді.

2. Сопақ бет. Ол адамның жалпы шамшылдықтан жұрдай екендігін танытады. Алайда, ол биік жақ, өткір көзді болса, онда ол-күшті, тіпті қиын-қыстау шақта өте қауіпті жан.

3. Дөңгелек жүзділік. Мейірбандықтың, ақ жарқын, ашықтықтың белгісі. Ондай адам жайлы тұрмыс үшін жанын салады. Ол-маңайымен тіл тапқыш, қарапайым турашыл, еңбекқор, айналасына жайлы, оларға қолайлы жағдай жасай алатын адам.

4. Атжақтылық. Ақсүйектігі басым адамға тән. Олардан іскер ұйымдастырушы, мықты басшы шығады. Оның жұртты бастауға икемі бар, зиялы, іскерлік қабілеті мол. Қажыр-қайраты мен ерік-жігері де бір басына жеткілікті.

5. Үшбұрышты бет пішін. Бұл жоғары интеллектен, зиялылықтан хабар береді. Мұндай адам сергек те сезімтал. Араларында қулыққа, айлакерлікке бейімдері де бар.

6. Төртбұрышты бет пішін. Бұл күресе білетін, бірақ өте шабан ойлайтын, бірбеткей және тікбақай адамға тән. Мұндай кескін әйелдерге бітсе, онда оның диктаторлық қабілеті бар және отбасында билік жасауға икемділеу болғаны, әрі бұл әйел өзін ер адам орнына балайды.

Төрт бұрышты бет пішіні бар адам дөрекіліктен де, қаталдықтан да ада емес. Бірақ не істесе де сабырмен, ақылмен істейді. Сөзіне ел сенетін, соңынан жұрт еретін көсемдер көбінесе осындайлардан шығады. Олар ойға алғанын жүзеге асыруда табанды.

7. Томпақ бет. Қырынан қарағанда томпақ бет кісі қалжыңға бейім, ақжарқын келеді.

 

20- сабақ тыңдалымы: Уақыт және адам

Уақыт құңдылығының мәнін Әзілхан Нұршайықов былай түсіндіреді: Адамның әрбір күні, әрбір сағаты мақсатсыз өткізбеу керек. Өмірдегі әрбір уақытын өз бойындағы қайрат-жігерін, ақыл-ойын өмірге, өзі өмір сүріп отырған қоғамға жұмсап, қалтықсыз еңбек етуге, сөйтіп өзі үшін де, өзгелер үшін де игіліктер жасауға жұмсауы керек.

Уақыт бізбен санаспайды, тез өтіп кетеді. Сондықтан өмірдің әрбір сәтін бір күндік қызықтармен ғана қор қылмай, өмірдің ізсіз, мазмұнсыз болмауын қадағалау керек.

Қазіргі жастық шақ адамның өмірінің қайратты да, мүмкіндігі мол тамаша шағы. Оны жылдың көктем мезгілімен салыстыруға болады. «Көктемнің бір күні - жылға азық», - дейді халық. Ендеше жастықтың бір күні - сенің бүкіл өміріңе азық деуге болады. Уақыт бар ғой деп бүгінгі ісіңді ертеңге қалдырма. Өмірдің ұзақ екені рас, бірақ ол біреу ғана. Зымырай шапқан асаудың мойнындағы арқан-дай шүбатылып, ол тез өтіп кетпек, оны өз тұсыңнан өте бергенде бас салмасаң, өтіп кеткеннен кейін қусаң да жете алмайсың.

Бүкіл әлемге танымал КСРО-ның Ғылымдар Академиясының академигі Отто Юльевич Шмидт (1891-1956) 14 жасында өз өмірінің жоспарын егжей-тегжейлі жасап қойған. Бұл жоспарында ол өз өмірінде қандай кітаптарды оқып бітіруі тиіс екендігін, қандай ғылымдарды игеруі керектігін, қандай мәселелерді шешуі керектігін және физикалық тұрғыдан даму жолдарын айқындап көрсеткен.

Алайда осының бәрін жазып, бұл істерге қанша уақыт кететіндігін есептеп келіп қалған кезде бұл бағдарламаны орындау үшін 900 жыл уақыт керектігін көреді! Ол жоспарын қысқартады, бұл қысқартылған бағдарламаға 500 жыл керек екен. Тағы да қысқартады, ақырында 150 жылға саятын бағдарлама шығады, осымен қысқартуын тоқтатады.

Өз өмірін сағат-минутына шейін жоспарлап қойған ол өмірінің аяғына шейін 150 жылға жоспарланған жоспарын орындайды. Ал ол неше жасында қайтты? 64 жасында!!! Яғни ол өз «нормасын» 3 еседей дерлік артық орындаған!

Кеңестік академик О.Ю. Шмидтің өмірлік стратегиясы мен тактикасы уақытты қалай бағалау және пайдалану керектігінің жарқын мысалы болып табылады. Егер адам уақыттың ағып жатқан өмір екендігін түсінсе, онда ондай адам өз өмірінде көп нәрсеге қол жеткізеді. (Ашық энциклопедиясынан алынды)

21- сабақ тыңдалымы: Студенттің бос уақыты.

«Сағат сатып алсаң да, уақыт сатып ала алмайсың». Адам баласына берілген баға жетпес құндылықтардың бірі - уақыт. Бүгінгі күні дамыған өркениетті елдерге бара қалсаңыз, кез келген адамның осы уақыт мәселесіне келгенде тым сараң екенін байқаймыз. Өйткені олар уақыттан ұтылған жағдайда көп нәрседен қағылатынын біледі.

«Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деп Абай атамыз айтпақшы, адамның бос отыруы оны түрлі зиянды әрекеттерге итермелейді. Сол себепті адамның өмірінде бос уақыт болмауы тиіс. «Кітабына үңілген бала, егінін егумен айналысқан егінші, қолы істегі тігінші, асүйде тамақ пісірген әйел зиян нәрселерді ойлауға уақыт таппайды» деп Ахмет Йассауи данышпан айтқандай, жұмысы көп адамның жамандық ойлауға да мұршасы келмейді.

Өйткені зерттеушілердің айтуынша, әсіресе, жастар арасында түрлі бұзақы топтарға қосылу, нашар қылықтарға үйірсектеу, секталарға бару, қылмыс жасау, моральдық азғындықтарға салыну не істерін білмей бос сандалып жүрген кездер де кездеседі екен. Ұзақ мерзімді демалыс кездерінде, басқа қалаға оқу, білім алуға кеткен жастарға үлкендер тарапынан қадағалау күшейтілмесе, айтарлықтай зардап әкелуі мүмкіндігін ескерген жөн.

Адамның бос уақытын болдырмау үшін ол әркез қозғалыста болу керек. Жұмыс істеген соң демалу керек деген түсінік бар. Демалу үшін теледидар қарау немесе жатып тынығудың қажеті жоқ. Бұны жұмыс істеп тынығу деуге болады. Яғни бір тірлікті бітірсе, дереу екіншісіне кірісу керек. Ақылмен айналысатын жұмысты істесе артынан, физикалық, денемен істейтін жұмыспен айналысу керек. Адамның миы жұмыс істеген кезде, денесі демалады. Ал денесі жұмыс істеген кезде, миы демалады. Осы қағиданы есте ұстап, уақытты ұтымды пайдалануға болады.


Дата добавления: 2015-12-08; просмотров: 114 | Нарушение авторских прав



mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.018 сек.)