Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

Пугачев бастаған шаруалар соғысы



 

Пугачев бастаған шаруалар соғысы

1773 – 1775жж

Ресейде 1773-75 жылы болған шаруалар көтерілісі. Көтеріліс басшысы Е.Пугачев (1740/42-75) «Жеті жылдың» (1756-63) және орыс-түрік (1768-74) соғыстарына қатысқан, әскерден қашып, түрмеге түскен. Түрмеден қашып шыққаннан кейін Жайық казактарымен байланыс жасап, өзін сарай төңірегінде өлтірілген Петр III деп жариялап, астыртын қол жинады. Оның қатарында казак-орыстармен бірге башқұрттар, татарлар, қазақтар, қалмақтар да болды. 1773 жылы қыркүйекте оның жасағы Елек, Татищев, Сақмар бекіністерін алды. 5 қазанда көтерілісшілер Орынборды қоршады. Көтерілісшілер саны 25 мыңға жетіп, 86 зеңбірегі болды. Олар патша үкіметі жіберген жазалаушы жасақтарды бірінен кейін бірін талқандады. 1774 жылы көтеріліс Оңтүстік Урал, Қазан губерниясының шығыс бөлігін, Батыс Сібірді, Батыс Қазақстанды қамтыды. Уфа, Екатеринбург, Челябинск, Самара, Заинек, Кунгур мен Красноуфимск, Жайық қалашығы көтерілісшілердің ipi орталықтарына айналды. Бірақ көтерілісшілердің бірыңғай жоспары болмады. Сондықган генерал А.И.Бибиков бастаған жазалаушы корпус Самара, Күнгүр, Бұзұлұқ маңында көтерілісшілерге соққы беріп, Орынбор мен Екатеринбургты қоршаудан босатты. 1774 жылы сәуірде көтерілісшілер талқандалып, Орал тауына кетті. Ол жақта көтерілісшілерді чуваш, мордва, татар, т.б. халықтар қолдады. Қозғалыс Еділ бойының көптеген уездерін қамтып, Мәскеу губерниясының шекарасына жетті. Екатерина II көтерілісті басуға 20 мыңға тарта жаяу әскер мен атты әскер полктерін жұмсады. Көтерілісшілердің Царицынға жасаған жорығы сәтсіз аяқталды. Осы жерде көптеген Дон казактары мен қалмақтар тарап кетті. Пугачев Волга сыртына қашты, бірақ көп ұзамай қолға түсті. 1775 жылы Мәскеуге әкелініп, дарға асылды. Көтерілісшілер қатал жазаланды. 1775 жылы жазда көтеріліс толық басылды. Орта жүз бен Кіші жүз қазақтары қатысқан бұл көтеріліс қазақ халқының Ресей отаршыларына қарсы ұлт-азаттық қозғалыстарының басталуына ықпал етті.



 

 

 

Сырым Датұлы бастаған қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысы

Көтерілістің шығу себептері

Е. Пугачев бастаған шаруалар көтерілісі басылғаннан кейін патша үкіметі Кіші жүз қазақтарының көшпелі қауымына отаршылдық езгіні күшейтіп жіберді.

Сондықтан да қазақтардың көтеріліске шығуы тіпті де кездейсоқ нәрсе емес еді. Оның өзіндік себептері болды.

- Біріншіден, шекара шебінің ішкі жағына уақытша өткен қазақтарға қойылатын талаптар тым қатайтыла түсті. Онда кез келген қазақты оның кездейсоқ басқа бір руласы жасаған құқық бұзушылық әрекеті үшін ұстап алып, айыптауға болатын еді.

- Екіншіден, Орал қазақ әскерлері тарапынан бұрынғысынша дала төсіндегі «әскери іздестірулер» тоқтатылмады.

- Үшіншіден, Нұралы ханның және оның төңірегіндегілердің беделі жыл өткен сайын төмендей берді. Ол бірте-бірте патша үкіметінің қолындағы қуыршақ қолшоқпарға айнала бастады.

Мәселен, Нұралы хан Орынбордан жыл сайын жалақы алып тұрды. Олардың тарапынан халықтың мұң-мұқтажына көңіл бөлінбеді. Ханның отбасындағылар мал жайылымдарын өздерінше және өз пайдаларына қалай қаласа, солай бөліске салды.

Көтерілістің жетекшісі және қозғаушы күштері

Көтерілісті халыққа кеңінен танымал батыр Сырым Датұлы басқарды. Ол Кіші күздің ішіндегі он екі ата Байұлы бірлестігінің байбақты руынан шыққан ірі тұлға болатын. (Датұлы Е. Пугачев бастаған шаруалар көтерілісінің барысында өзін шебер дипломат, әскери қолбасшы әрі көрнекті ұйымдастырушы ретінде көрсете білді. Көтерілісшілердің жетекшісі әрі шешен, әрі би ретінде өз даңқын асырған еді. Асқан ақылдылығы мен тапқырлығы үшін бала кезінде-ақ «Бала би» атанған болатын.

Сырым Датұлының дене күші де зор еді. Жеке өз басының ерлігі мен қайыспас қайсар батырлығы, ерекше ерік күші таңғалдыратын. Өз замандастарының арасында ат құлағында ойнайтын шабандоздығымен де ерекшеленетін. XIX ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген ағылшын журналисі Д.Ч. Бульжер былай деп жазды: «...Сырым батыр — жігерлі, терең ойлы, қайратты, батыл, тапқыр, айлалы ерекше тұлға. Ол халықтың сүйіспеншілігіне бөленген, халық оған табынған десе де болады».

Көтеріліске қарапайым көшпелі қазақтардың едәуір бөлігі, старшындар, билер және батырлар белсене қатысты. Олардың бәрі де Кіші жүздегі барлық рулық бірлестіктердің, әсіресе Ресеймен шектес жерлердегі рулардың өкілдері болатын. Өйткені жайылым тапшылығының ауыртпалығын көтерген де, Орал қазақ әскерлерінің шектен шыққан озбырлығын көрген де солар болатын. Көтерілісшілердің арасында сұлтандар тобынан шыққандар да бар еді. Мәселен, атақты батырдың жақын серіктерінің бірі Айшуақ сұлтанның ұлы Жантөре болды.

Көтерілісшілердің қойған ең басты талабы патша үкіметінің қазақ жерлерін тартып алуын тоқтату, сұлтандардың, ханның және олардың айнала төңірегіндегілердің озбырлығына тыйым салу болды.

Ұлт-азаттық қозғалысының шығу себебі және оның алғашқы кезеңі

1782 жылдың аяқ кезінде патша үкіметінің жарлығы шығып, онда қазақтардың Жайықтың оң жағалауындағы аймақтарға қыс мезгілінде жайылымдық жерлерді жалға алу арқылы ғана уақытша өтуіне рүқсат етілді. Орал казактары бұл жарлықты өз мүддесіне пайдалана қойды - қазақтардың жерін қазақтардың жалға алуына тыйым салынды. Орал шекара шебіндегі бекіністердің күзеті күшейтілді. Қазақтар аманат беруге тиісті болды.

1782-1783 жылдың қысында шекара шебінің ішкі жағында казактар қазақтардың 4 мыңнан астам жылқысын күшпен тартып алды. Қыстың өте суық болуы жағдайды одан сайын қиындатып жіберді. Жұт басталды. Дала тұрғындарының 10 000-нан астам жылқысы мен сиыры қырылып қалды. Міне осындай қиын-қыстау жағдайда Кіші жүздің шекара шебіне таяу ауылдарында бұқаралық қозғалыс басталып, ол көп ұзамай азаттық күресіне ұласты.

1783 жылдың көктемінде қазақтар Орал шекара шебіне шабуыл жасай бастады. Қазақ жасағы Гирьял бекінісіндегі солдаттарды тұтқынға алып, малдарын айдап кетті. Орынбордың солтүстік-шығысында тама руының жасақтары шабуылдаумен болды. Орынбор коменданты қазақ даласына Орынбор қазақтарының жазалаушы әскерлері мен башқұрттардың 1500 сарбазын жіберді. Қазақ көтерілісшілері оларға табандылықпен қарсылық көрсетті. Қазақтардың тастан тұрғызған бекінісі дұшпанның баса-көктеп бірден лап қойған шабуылы кезінде алынды. Тұтқынға алынған 56 адам қазыналық жұмыстарды атқаруға жіберілді.

1783 жылдың жазында казақтардың әскери бекіністер мен сауда керуендеріне шабуылы жиілей түсті. Мұның өзі орыс мемлекетінің Орта Азия хандықтарымен жасалатын сауда-саттық деңгейін құлдырата төмендетіп жіберді. Қарағай бекінісіне бірден лап қойған шабуыл жасалды. Көтерілісшілер Орынбор мен Елек қорғанысының екі арасын байланыстыратын даңғыл жолды өз бақылауларына алды. Көтерілісшілердің Ор (Жаманқала) қамалы мен Төменгі Орал аймағындағы қимылы ерекше белсенді болды.

1785 жылы қазақ жасақтары Төменгі Орал шекара шебінің аймағында патша үкіметінің әскерлерімен кескілескен шайқасқа түсті. Сырым Датұлы 2700 сарбазы бар жасаққа, старшын Барақ Жанұзақұлы 2000, Тіленші батыр 1500 сарбазы бар жасақтарға басшылық етті. Бұларға қарсы казактардың үш отряды жасақталды.

1785 жылы ру старшындарының Нұралы ханмен және оның төңірегіндегілермен арадағы күресі күшейе түсті. Ханның халық көтерілісін басып-жаншып тоқтатуға мұршасы келмеді. Ол - ол ма, көтерілісшілер халыққа жексұрын болған оны орнынан түсіруді талап етті. Қазақтардың да, отаршыл билеушілердін де көз алдында өзінің беделінен жұрдай болған Нұралы хан 1786 жылы Кіші жүзден біржолата қуылды. Ол ендігі жерде патша билігінің қамқорлығына алынды. Біраз уақыт Калмыков бекінісінде жасырын тұрды. Содан кейін 1790 жылы Уфаға жер аударылған Нұралы хан ақырында сонда қайтыс болды.

Ұлт-азаттық қозғалысының ақырғы кезеңі

1797 жылдың көктемінде Сырым Датұлының жасақтары хан ордасына шабуыл жасап, Есім ханды өлтіреді. Бұған жауап ретінде патша үкіметі қазақ даласына жазалаушы отрядтар жіберді. Бірақ олар көтерілісшілерді кездестіре алмады. Кіші жүзде хан тағына талас басталды. Игельстром Кіші жүзді басқаруды Хан кеңесіне тапсыруды ұсынды.

Сөйтіп 1797 жылдың тамыз айынан бастап Хан кеңесі жұмыс істей бастады. Отаршыл өкімет билігі қартайып қаусап отыріан Айшуақ сұлтанның кандидатурасын қолдады. Бірақ сұлтандардан ғана тұратын қазақ ақсүйектері дәстүрлі халық жиынын өткізбей-ақ Қаратай сұлтанды хан сайлауға асықты. Мұның өзі сұлтандардың Хан кеңесіне деген қарсылығын білдіруі еді. Өйткені Хан кеңесінде старшындардың ықпалы күшті болып шығатын еді.

Сырым Датүлы Хан кеңесінің құрамына сайланбай қалды да, Сырдария өзені бойына көшіп кетті. Онда ол Әлімұлы старшындарының қолдауына ие болды да, Хан кеңесінің алдына Кіші жүздегі жағдайды жақсарту жөнінде мәселе қойды. Сырым батыр руаралық барымтаны және Орал қазақтарымен қақтығысты тоқтатуға күш салды.

1797 жылы Айшуақ сұлтан хан болып сайланды. Бұл кандидатураны сұлтандар да, ру старшындары да қолдады. Хан жасы жетіп қартайған адам еді. Ол қазақтардың арасында бәлендей рөл атқара алған жоқ. Кіші жүздегі сұлтандар мен ру старшындарының өзара татуласуы Сырым Датұлын өзінің төңірегіне ру старшындарын бұрынғысынша топтастыру, сұлтандарға және патша әкімшілігіне қарсы күресін жалғастыра беру мүмкіндігінен айырды. Сырым батыр Хиуа хандығына көшіп кетті. Халық аузындағы аңызға қарағанда, Сырым Датұлы кейбір мәліметтерге қарағанда 1802 жылы өзінің саяси қарсыластарының қолынан қаза тапқан көрінеді

 

 

Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс

Көтерілістің себептері, мақсаты және қозғаушы күштері

XIX ғасырдың 20 — 30-жылдарында отаршыл өкімет билігі мен қазақ халқының арасындағы қарым-қатынас елеулі түрде шиеленісе түсті. Біріншіден, Кіші жүз бен Орта жүздегі хан билігінің жойылуы сұлтандардың, билердің және батырлардың едәуір бөлігінің наразылығын туғызды. Екіншіден, патша үкіметі қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлі жерлерін әскери бекіністер салу үшін жаппай тартып ала бастады. Үшіншіден, бұрын Ресейге ешқандай алым-салық төлеп көрмеген қазақтарға ендігі жерде жасақ, түтін салығы, жол салығы сияқты алым-салық түрлері көбейе түсті, қазақ өз жерін өзі жалға алып, пайдаланатын күй кеше бастады. Төртіншіден, патша үкіметінің әскери отрядтары қазақ ауылдарына шабуыл жасап, күн көрсетпеді. Осының бәрі байырғы жергілікті халықты (номадтарды) қатты күйзеліске ұшыратты, олардың күн көрісін қиындатып жіберді.

Көтерілістің басты мақсаты қазақтардың патша үкіметі тартып алған ежелгі жерлерін өздеріне қайтарып алу, округтерді тарату, отаршылар енгізген алым-салықтарды жою еді.

Көтерілістің қозғаушы күші қатардағы қарапайым көшпелілер, сондай-ақ старшындар мен би, батырлар, тіпті сұлтандар да болды. Көтерісшілердің қалың қолына үш жүздің атақты батырлары жетекшілік етті.

Көтеріліске қатысушылар негізінен қазақ халқы еді. Бірақ олардың арасында орыстар мен башқұрт, өзбек, қарақалпақ, түрікмен, тіпті поляктар және басқа халық өкілдері де болды. Олардың кейбіреулері ханның ерекше сенімі мен құрметіне ие болып, жоғары лауазымды қызметтер атқарды. Мәселен, Кенесарының өзінің хатшысы бұрынғы орыс солдаты болды. Наурызбай сұлтанның атқосшысы да Николай Губин есімді орыс еді. Татар Әлім Ягудин Әскери кеңестің мүшесі болатын. Дипломатиялық қызметке ханның атынан өзбеқ Сейдаққожа Оспанов басшылық етті". Бұлардың бәрі де Кенесарыға жақсы ұйымдастырылған тәртіпті әскер құруына көмектесті және көтерілісшілерге өздерінің жеке тәжірибелерін үйретті.(

Көтерілістің басталуы

Көтеріліс Кенесарының патша үкіметінің саясатын жарамсақтана қолдаған жексұрын сұлтандар мен билердің ауылдарын шауып алудан басталды. Ол шекара шебіндегі бекіністерге де, патша үкіметінің әскери жасақтарына да жиі-жиі шабуыл жасап тұрды. Мәселен, 1837 жылдың аяқ кезінде Кенесары хорунжий Рытовтың отрядын тас-талқан етіп жеңіп шықты. Ол отрядтың құрамында 6 урядник және 48 сібір қазағы болатын. Олар Петропавлдан Ташкентке бара жатқан сауда керуенін күзетіп бара жатқан еді.

Кенесары 1838 жылы өзінің адамдарын Батыс Сібір генерал-губернаторына жіберіп, оған арнайы хат жолдады. Хатында Ақтау бекінісі мен Ақмола приказын жоюды, Омбыда тұтқында отырған өз адамдарын түгел босатуды талап етті. Генерал-губернатор Кенесарының адамдарының барлығын да саптағы мың солдаттың арасынан өткізіп, дүре соқтырды. Олардың әскерге жарайтындары тұрақты армия қатарына алынып, қалғандары Шығыс Сібірге жер аударылды. Генерал-губернатордың бұл қылығы Кенесары сұлтанның ашу-ызасын келтіріп, көтерілісті бастап жіберуін тездетті. Ол старшина Симоновтың әскери жасақтарына өлтіре соққы беріп, көптеген қару-жарағы мен оқ-дәрісін тартып алды. 1838 жылы Кенесарының сарбаздары Қоңырқұлжа Құдаймендіұлының ауылдарына шабуыл жасады, оның 12 мыңға жуық жылқысын айдап әкетті. Ақмола төңірегіндегі бекіністер тұрғындарының 2,5 мың малы қоса кетті. Сұлтан Кенесарының туған қарындасы Бопай бастаған сарбаздар Көкшетау округының ауылдарына шабуыл жасады.

Кенесары жасақтарының белсенді әскери іс-қимылы 1838 жылдың тамыз айында басталды. Ол Ақмола бекінісіне таяу ірі елді мекенді алты күн бойы қоршауда ұстап, өртеп жіберді. Ақмола бекінісі мықты қорғалатын. Бекіністің төңірегіне терең ор қазылып, оған жете беріс жерлерге күшті кедергі-тосқауылдар қойылған болатын. Ақмола бекінісін аға сұлтан Қ. Құдаймендіұлы мен әскери старшина Карбышев бастаған отряд қорғады. Кенесары шабуылды 1838 жылдың 7 тамызында таң саз бере бастады. Оның сарбаздары бекіністі өрт шығаратын жебелермен атқылады. Бекініс өртке оралды. Кенесарының даңқты батырларының бірі Басықара бекіністің ішкі жағасынa баса-көктеп кіріп барып, сұрапыл ұрыс салды. Ол осы шайқаста ерлікпен қаза тапты. Бекініске Ағыбай, Иман, Бұқарбай батырлардың сарбаздары басып кірді.

Орынбор губернаторы В. Перовский мен Батыс Сібір губернаторы П. Горчаковтың арасында Кенесарыға қарсы қалай күрес жүргізу жөнінде өзара келіспеушілік пайда болды. В. Перовский Кенесарыға қарсы күресті бейбіт келіссөздер арқылы да жүргізу керек десе, П. Горчаков әскери күш қолданып, көтерілісшілерді аяусыз қырып-жою жоспарынан танбады. Орынбор губернаторы 1840 жылы патша үкіметінің Кенесарыға кешірім жасауына қол жеткізді. Кенесарының тұтқынға алынған туған-туыстарының барлығы да түрмеден босатылды. Арада уақытша бейбіт келісім кезеңі басталды.

Қазақ хандығының қалпына келтірілуі

1841 жылдың қыркүйек айында үш жүздің өкілдері бас қосқан жиында Кенесары Қасымұлы хан сайланды. Сөйтіп Қазақ хандығы қалпына келтірілді. Патша үкіметі бұл жайсыз хабарды өте өкініш сезімімен естіп-білді. Ендігі жерде Кенесары бастаған көтеріліс ұйымдасқан сипат ала бастады. Ұлт-азаттық күресті табысты жүргізу үшін Кенесары хан бір орталықтан басқарылатын мемлекет құрды. Оны ханның өзі басқарды. Ханның жанынан жоғарғы кеңесші орган - өзіне барынша адал берілген батырлардан, билерден, сұлтандар мен жақын туыстарынан тұратын арнайы Кеңес құрылды. Кенесары хандықты өзінің сенімді адамдары - жасауылдар арқылы басқарды. Жасауылдар сот ісімен, шаруашылық мәселелерімен, дипломатиялық жұмыстармен, алым-салық жинаумен және әскери істермен айналысты. Жасауылдар сонымен қатар орталық өкімет билігі берген нұсқаулардың мұқият орындалуын, мал жайылымдарының дұрыс бөлініп, тиімді пайдаланылуын бақылады, халықтың көңіл күйін де қадағалады. Хан билігі қызметінің оңды нәтижелері ретінде оның қол астындағы халық арасында алауыздық пен барымта алу жойылды.

Ханның алым-салық және сауда-саттық саясаты

Кенесары ең апдымен алым-салық төлеудің тәртібін ретке келтірді. Мал өсірушілер — зекет, ал диқандар - ұшыр төлейтін болды. Патша әскерлерімен соғысты одан әрі жалғастыру қосымша материалдық және қаржы шығындарын қажет етті. Сондықтан алым-салықтың да қосымша түрі енгізілді: халықтан киім-кешек, қару-жарақ, ат әбзелдерін жинау қолға алынды. Салық жинауда халықтың жағдайы жеке-жеке ескерілді. Меншігінде малы 40 бастан аспайтындар алым-салықтан босатылды. 40-тан 100 басқа дейін малы барлар бір малдан, ал 100 бастан артық малының әрбір 40 басына бір малдан төлеп тұратын болып белгіленді.

Диқандар өздерінің өндірген өнімінің оннан бір бөлігін төлеуге міндетті болды. Көтеріліске деп жиналған астықты патша үкіметі жиі-жиі тәркілеп кетіп жүрді. Тәуекел етіп, көтерілісшілерге астық апарып сатқандар жазалаушы әскердің қаһарына ұшырады. Сондықтан да Кенесары қазақтардың егіншілікпен айналысуын қатты қолдады. Көпестердің сауда керуендерінен алынатын баж салығы едәуір табыс беретінін ескерген Кенесары ондай керуендерді тонауға тыйым салды. Сауда керуендерінің толық қорғалуын қамтамасыз етті. Керуенбасыларын жеке өзі қабылдап та отырды. Баж салығын төлеуден жалтарғандарға қосымша салық салынды. Баж салығынан түскен қаржыға Орта Азия базарынан қару-жарақтар мен оқ-дәрі сатып алынды.

Қарулы күштердің құрылуы

Кенесары 20 мың сарбаздан тұратын әрі жауынгерлік қабілеті күшті тұрақты әскер жасақтай алды. Кенесары әскері жүздіктер мен мыңдықтарға бөлінді. Ерлігімен ерекше көзге түскен сарбаздардың қатарынан жұзбасылар мен мыңбасылар тағайындалды. Кенесары құралайды көзге ататын мергендерден іріктеп, мергенбасы басқаратын ерекше жасақ құрды. Орыс армиясының үлгісі бойынша хан өз әскерлеріне ерекше айырым белгілерін енгізді.

Хан сарбаздарынан шайқас тактикасы мен әскери өнердің амал-тәсілдерін меңгеруді талап етті. Көтерілісшілерді әскери өнерге үйретумен орыстың, татардың және башқұрттардың бұрын тұрақты орыс армиясында қызмет еткен тәжірибелі солдаттары айналысты. Хан армияда қатаң тәртіп орната білді. Мәселен, сатқындық жасаған немесе әскери күзетте ұйықтап қалған сарбаздар өлім жазасына кесілді. Әскери тәртіпті бұзғандар қатаң жазаланды, қару-жарақ арнайы қоймаларда сақталды.

Кенесары барлаушылардың қызметін де шебер пайдаланды. Олар көтеріліс басшысына патша әскерлерінің қашан және қайда бет алатынын алдын ала хабарлап отырды. Кенесары әскерінің тыл қызметі де жолға қойылды. Ол көтерілісшілерді азық-түлікпен, жемшөппен қамтамасыз етті.

Патша үкіметінің жазалау әрекеттері

Отаршылдыққа қарсы күреске қазақтардың үш жүзінің бәрі бірдей белсене қатысуы патша үкіметінің зәресін үшырды. Сондықтан да ол көтерілісшілерге қарсы неғұрлым белсенді әрекеттер ұйымдастыруға көшті. 1842 жылы Орынбор губернаторы Перовскийді Обручев алмастырды. Мұның өзі Кенесарының ендігі жерде Орынбор генерал-губернаторымен қарым-қатынасының нашарлауына алып барып соқтырды. Екі арадағы бейбіт келісім бұзылды. 1842 жылы Сотниковтың отряды Кенесарының ауылына қарақшылық шабуыл жасады. Жазалаушы отряд қыруар көп малды айдап әкетті, он адамды тұтқынға алды. Тұтқынға алынғандардың қатарында Кенесарының әйелі Күнімжан да болды. Кейінірек қазақтар ханның басқа ауылдарына да шабуыл жасай бастады.

Ресей императоры Кенесары бастаған көтерілісті басу мәселесін ұдайы ерекше бақылауда ұстады. 1843 жылы ол қазақ ханына қарсы жорық ұйымдастыру жөнінде жарлық шығарды. Ханның басына 3 мың сом мөлшерінде сыйлық жарияланды. Көтерілісшілерге қарсы старшина Лебедев басқарған 300 солдаттан тұратын жазалаушы отряд жіберілді. 1843 жылдың тамыз айында сұлтандар А. Жантөреұлы мен Б. Айшуақұлы бастаған екінші әскер жабдықталды. Онымен бір мезгілде Омбыдан, Петропавлдан, Қарқаралыдан да әскерлер шықты. Патша үкіметінің әскерлері жергілікті жер жағдайын нашар білді. Оның үстіне, дала сарбаздарына қарсы ұрыс жүргізудің ерекше әдісі қажет еді. Мүның бәрі де патша үкіметі жазалаушы әскерінің сілесін қатырды.

Туған өлкенің жер жағдайын жақсы білетін Кенесары жауға қарсы шабуылды одан әрі үдетті. 1844 жылы шілденің 20-сынан 21-іне караған түні Кенесары хан Тобыл өзенінің жоғарғы ағысында Жантөре сұлтанның әскеріне күйрете соққы берді. Кескілескен шайқаста сұлтанның 44 адамы қаза тапты. Бұл кезде Дуниковскийдің әскери тобы таяу манда болған еді. Бірақ оның ұрысқа араласып, А. Жантөре сұлтанды құтқарып қалуға батылы жетпеді. Кенесарының жеңіс жігерлендірген негізгі күштері 1844 жылғы тамызда Екатерина станицасына шабуыл жасады. Бекіністің маңындағы елді мекенді өртеп жіберді, 40 адамды тұтқынға алды, қыруар малды айдап әкетті. Сонымен қатар мылтық, тапанша, қылыш, найза сияқты көптеген қару-жарақ түрлерін олжалады. Арнайы жіберілген жазалаушы отряд Кенесарының ауылына жете алған жоқ. Үкімет басындағыларды абыржушылық пен үрей биледі.

Долгов және Герн бастаған елшіліктердің Кенесары ордасына келуі

Кенесарымен болған соғыстың ұзаққа созылуы патша үкіметіне елеулі шығын келтірді. Сондықтан 1845 жылдың ақпан айында Орынбор басшылығы Кенесары ханға Долгов және Герн бастаған елшілік жіберуді қажет деп тапты. Олар Кенесарыны патша үкіметінің талабын орындауға көндіруге тиіс болды. Сонымен қатар барлау жұмыстарын жүргізуді де көздеді: біріншіден, олар Кенесары әскерлерінің қай жерлерде қаншалықты мөлшерде орналасқанын дәл білуі тиіс болды, екіншіден, Ырғыз бен Торғай өзендерінің бойында тағы қандай бекініс салуға болатынын анықтап қайту еді. Патша үкіметі мұндай шараларды жүзеге асыру арқылы көтерілістің орталық аймақтарына толық бақылау орнатуды көздеді. 1845 жылы Долгов пен Герн бастаған елшілік ханның ордасына жетті. Кенесарыға оның әйелі Күнімжан қайтарылды.

Жүргізілген келіссөздер барысында Кенесарыға қабылдауға болмайтын шарт қойылды: көтерілісшілерге үкімет белгілеген шектеулі аймақ шегінде ғана көшіп жүруге рұқсат берілді. Кенесарының Ресейге толық бағынуы және соғыс қимылдарын біржолата тоқтатуы тиіс болды. Орынбор ведомствосына қарайтын қазақтардың барлығы да Ресей империясының азаматтары ретінде әрбір үйдің 1 сом 50 тиын мөлшерінде түтін салығын төлеп тұруы тиіс екендігі, ханның Орынбор қазақтарынан зекет алуына тыйым салынатындығы айтылды. Кенесарының қылмысты істерді қарауына рұқсат етілмейтіні ескертілді. Ханның қашқын орыс пен татар және башқұрттарды жасырын ұстауына тыйым салынатыны, оларды Ресейге қайтаруы тиіс екені туралы сөз болды. Кенесарының Ресейге «ұнамайтын» шет мемлекеттермен және жеке тұлғалармен қарым-қатынастар жасауына рұқсат етілмейтіні де ескертілді.

Кенесары Долгов пен Герн елшілігінің қойған шарттарының түпкі мақсаты оның хан лауазымын иеленуге құқығы жоқтығын тұспалмен түсіндіру екенін оп-оңай ұқты.

Хан патша үкіметі қойған бұл талаптардың бірде-біреуін қабыл алған жоқ. Келіссөздер тұйыққа тірелді. Патша үкіметінің елшілігі көздеген мақсатына жете алмады. Елшілер кеткеннен кейін хан әскери кеңес шақырып, енді Жетісу аумағына қарай көшуге шешім қабылдады.

Патша үкіметі содан кейін-ақ Ырғыз өзені бойында Орал, ал Торғай өзені бойында Орынбор әскери бекіністерін салуға кірісіп кетті.

Кенесары Қасымұлы бастаған көтерілістің жеңілу себептері мен салдары. Көтерілістің тарихи маңызы

Таныс емес таулы шатқал арасында қазақтар абайсызда қоршауда қалып қойған болатын. Соңғы шайқас қарсаңында өткізілген әскери кеңесте Кенесары ханның серіктері қоршауды бұзып өтіп, ханның аман құтылуы туралы ұсыныс жасады. Бірақ хан ол ұсыныстан біржолата бас тартты. Кенесары хан өз батырларын қоршауда қалдырып, жеке өзі қашып құтылуды ар санады.

Сұлтан Рүстем мен Ұлы жүздің ықпалды биі Сыпатай жасақтарының кенеттен шегініп кетуі көтерілісшілердің жағдайын қиындатып жіберді. Тоқмаққа таяу жерде Кенесары 30-дан астам сұлтанымен және аз ғана сарбазымен күші басым қарсыласымен ерлікпен шайқасып, тұтқынға түсті. Көтерілісшілердің шағын тобы қоршауды бұзып шығып қашып құтылды. Қырғыз манаптарының бас қосқан жиынында қолға түскен ханды, сұлтандар мен сарбаздарды өлім жазасына кесу ұйғарылды. Тұтқындағы хан манаптарды күш біріктіріп, Қоқан хандығы мен Ресей империясына қарсы күреске шақырды. Бірақ қырғыздар ханның сөзіне құлақ аспады.

Кенесары мен оның інісі Наурызбай Қасымұлы осылай қаза тапты. Ресей зерттеушісі Л.Мейер қазақ жауынгерлерінің ең соңғы күндері туралы былай деп жазды: «Олар қырғыздармен үш тәулік бойы ерлікпен шайқасты, Сібір қырғыздары көмекке келіп жетер деген үмітте болды. Бірақ патша үкіметінің жергілікті өкімет билігінің басшылары олардың келетін жолын бөгеп, тосқауыл қойып үлгерген еді. Үшінші тәулік дегенде көтерілісшілердің бір бөлігі қоршауды бұзып шығып, құтылып кете алды. Ханның көптеген сенімді серіктері түгелдей дерлік өлтірілді. Ханның өзі бірнеше сұлтандарымен бірге тұтқынға алынды және азапты ауыр жазаның салдарынан қаза тапты».

Кенесарының және оның жақын серіктерінің көзін жоюға қатысқан қырғыз манаптарының бәрі де патша үкіметінің наградаларымен марапатталды. Халықтың сүйікті ханының қапылыста қалай қаза тапқанын ақын Нысанбай Жаманқұлұлы (1812-1871) «Наурызбай-Қаншайым» дастанында қайғылы сарында баяндайды.

Әкесі Кенесарының бастаған ісін оның ұлы Сыздық сұлтан мен оған шын берілген батырлар жалғастырды. Ханның қазасы үшін кек алу мақсатымен қазақтар Қырғызстан аумағына бірнеше рет әскери жорық жасады.

Қазақтардың Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтерілісі осылайша жеңіліс тапты. Кенесары ханның жасақтары Ресейдің жақсы қаруланған әрі күшті әзірліктен өткен тұрақты әскеріне қарсы тұра алмады. Оның үстіне, Кенесары бірнеше бағытта — патша үкіметіне, қырғыз манаптарына және Қоқан хандығына қарсы соғыс жүргізді. Мұның өзі оның негізгі күштерін едәуір шашыратты. Сұлтандар мен рубасыларының арасында ауызбірлік болмады.

Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс қазақ халқының патша үкіметіне қарсы жаппай қатысқан бұқаралық соғыстарының бірі болды. Көтерілістің жеңіліске ұшырауы патша үкіметінің қырғыз жерлерін, Жетісудың аумағын және Оңтүстік Қазақстанды басып алуына жол ашты. Сондай-ақ Бұхара, Қоқан және Хиуа хандықтарын қосып алудың алғышарттары жасалды.

Кенесары Қасымұлы қазақ халқының есінде талантты әскери қолбасшы, аса көрнекті мемлекет қайраткері ретінде қалды. Хан билігі іс жүзінде жойылған жағдайдың өзінде ол қазақтың үш жүзінің басын біріктіріп, қазақ мемлекеттілігін қайтадан қалпына келтірді.

Көптеген зерттеушілер Кенесарының ұлы Абылай заманындағы егеменді мемлекеттілікті қалпына келтіру үшін жасаған әрекеттерін жоғары бағалады. Оған патша үкіметі әкімшілігінің өкілдері де құрметтеп қарады, ресейлік ғалымдар Кенесарыны «бүлікшіл сұлтан», «Қырғыз даласының Митридаты» деп атап, оның іс-әрекеттеріне жағымды баға берді.

Кенесары Қасымұлының өмірі мен қызметі болашақ ұрпаққа өшпес өнеге. Қазақтың жүрек жұтқан батыр перзенттерінің бірнеше ұрпағы мен XX ғасырдың бас кезіндегі ұлт-азаттық қозғалысының жетекшілері одан үлгі алып өсті. Кенесары Қасымұлының Астана қаласында тамаша ескерткіші, оның есімімен аталатын үлкен көше бар.

Кенесары қазақ халқын бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күреске жұмылдырды. Кенесары көтерілісі табысқа жетпесе де, оның ұлы істері халық есінде мәңгі сақталады.

 

Бөкей ордасындағы ұлт-азаттық көтеріліс

Иатай Тфйманұлы мен Махамбет Өтемісұлының 1836-1837ж көтерілісі

әлеуметтік-әділетсіздік пен патша өюметінің езгісіне, отарлаушылық саясатына қарсы қазақ шаруаларының көтерілісі. Оған Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы басшылық етті. Көтеріліс өз дамуында үш кезеңнен өтті:

1. Көтерілісшілер қозғалысының басталуы мен күшеюі, дала шонжарларының қоражайының талқандалуы;

2. Жазалаушы отрядтармен қарулы күрес, хандық территориясында көтерілісшілердің жеңіліске ұшырауы;

3. Көтерілісшілер ұйтқысының Жайықтың сол жағалауына өтуі, жаңа қол жинап, соңғы рет бас көтеруі.

Көтеріліс алғышарттары

Көтеріліс Орданың барлық халқының үштен бірінен астамы көшіп-қонып жүретін оңтүстік белігінде басталып өрістеді. Мұндағы жер жағдайы көшпелі шаруашылықты жүргізуге өте қолайлы еді. Дәулетті руластары мен байлардың шаруашылығынан немесе осы жердегі балық кәсіпшіліктерінен немесе орыс помещиктері мен өнеркәсіп иелерінің жеке меншік иелерінен жұмыс табуға дәмеленген, жері жоқ, малы аз адамдар — бәрі осы оңтүстік бөлікке ағылды. Алайда көшпелі халықтың тұрмыс жағдайы нақ осы бөлікте өте мазасыз, ауыр болды. Хан өкіметі елдің оңтүстігіне өзінің өкілдері мен салық жинаушыларын жіберді. Қылмыскерлерге, бүлікшілерге қарсы күресуді, қазақ ауылдарынан «жасырынып жүрген» орыс қашқындарын ұстауды сылтауратып, шекаралық органдар бұл аймаққа тергеуші, шенеуніктер тобын, әскери отрядтарын жіберіп отырды, олар осында көшіп-қонып жүрген қазақ ауылдарының есебінен баюды көздеді, жергілікті халық арасына үрей тастап, абыржытумен болды. Бұған жер тапшылығы мен жайылым таршылығы келіп қосылды. Одан алдымен кедей шаруалар жапа шекті. Қарапайым халық екі жақты қысымға — жергілікті билеушілердің озбырлығына және отаршылдық езгіге ұшырады. Хан тәртібі мен қанаушыларға деген ашу-ыза, өшпенділік қазақ рубасыларын осылайша ашық күреске итермеледі.

Көтерілістің бірінші кезеңі

Қозғалыстың келесі, екінші кезеңі көтерілісшілердің хан ордасын қоршауға алып, екі апта патша үкіметінің күші басым тұрақты әскерлерімен алғашқы қақтығысуымен басталды. Патша әскерлері қоршауды бұзды. Хан ордасынан оңтүстік-шығысқа қарай шегінген көтерілісшілердің негізгі күші 1837 жылдың қарашасында Тастөбе сайының маңында подполковник Гекенің жазалаушы отрядтарымен шайқасқа түсіп, жеңіліске ұшырады.

Көтерілістің екінші кезеңі

Қозғалыстың үшінші кезеңінде көтерілісшілердің шағын тобын бастаған Исатай мен Махамбет бұл ұрыста жеңіске жете алмайтындарын біліп, Жайықтан өту жолын іздестірді. Өзеннің екі жағына жағалай қойылған әскери күзетке қарамастан, олар 1837 жылдың 13 желтоқсанынан 14-іне қараған аязды, бұрқасынды түні Жаманқала бекінісінің маңынан Жайықтан өтіп кетті. Бөкей хандығының шаруалар көтерілісі осымен аяқталып, Жайықтың сол жақ жағалауына ауысты.

Көтерілістің ерекшеліктері

Бөкей хандығы қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісінде орта ғасырлық шаруалар қозғалысына тән белгілер болды. Бұлар: көтерілісшілердің батылдығы мен жеке отрядтарының бытыраңқылығы, саяси мақсаттарының айқын болмауы мен ұйымшылдықтың нашарлығы. Бүған патриархалдық-рулық қатынастар мен көшпелі мал шаруашылығы басым дамыған қазақ қоғамының ерекшеліктерін қосуға болады. Көтеріліс Бөкей хандығында жеңіліске ұшырағанымен, халықтың әлеуметтік бостандығы жолында күресуші кейінгі ұрпақтың ойы мен есінде мәңгі сақталып қалды.

 

1916 жылғы Қазақстандағы ұлт-азаттық көтеріліс

Көтерілістің шығу себебі

1916 ж. шілде айының бас кезінде пайда болды.

Көтерілістің шығу себебі әлеуметтік-экономикалық және саяси сипаттағы факторлар еді. Яғни отарлық езгінің соғыс кезінде барынша күшеюі, жерді тартып алу, орыстандыру саясаты және т.б. Көтерілістің басталуына патшаның 1916 ж. маусымдың 25 армияның қара жұмысына Түркістан өлкесінің және ішінара Сібірдің 19-дан 43-жасқа дейінгі ер-азаматтарын шақыру жөніндегі жарлығы түрткі болды.

Көтерістің басталуы

Шілденің басында қазақ даласында көп кешікпей қарулы көтеріліске айналған стихиялық бас көтерулер басталды. Ол біртіндеп ұйымдасқан сипат алды: Торғай мен Жетісуда оның танылған жетекшілері А. Иманов, Ә. Жанкелдин, Т. Бокин, Б. Әшекеев, Ө. Саурықов басшылық еткен ірі ошақтары пайда болды.

Қазақ қоғамында патша жарлығы мен көтеріліске деген көзқарас бір мәнді болған жоқ: бай-феодалдардың бір бөлігі, жергілікті әкімшіліктің кейбір шенеуніктері патша жарлығын қолдап, оны орындауға шақырды. Қазақ интеллигенциясының кейбірі (Бокин, Ниязбеков, Жүнісов) жарлыққа қарсы шығып, оны орындауға қарсыластық көрсетуге шақырса, «Қазақ» гәзеті төңірегіндегі зиялылар (Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов және т.б.) күші басым үкіметке қарсы шығудың халықты қырғынға ұшыратарын ескертіп, сабыр сақтауға шақырды.

Көтерілістің салдары

Көтерілістің аса ірі ошақтары Жетісу, Торғай болды. Жетісу облысында қарулы қарсыластық шілде-тамыз айларында жаппай қарқын алды. Шілденің 17 Жетісу мен Түркістан өлкесінде әскери жағдай жарияланды. Патша үкіметі мұнда ірі әскери күштерді жібере бастады. Қыркүйек, қазан айының басында жетісулық көтерілісшілер шегініп, Шығыс Түркістанға өтіп кетуге мәжбүр болды.Орынбор облысы Ақ Бұлақ поселкесінің, Жетісу облысы Лепсі уезінің бірқатар селоларының кедейлері мен майданға кеткен әскерлердің әйелдері жергілікті саудагерлер мен көпестердің дүкендерін талқандады. Сөйтіп, қоғамдағы қанаушы таптар арасындағы қарама –қарсылық, бір –біріне қарсы шығу жалпы бұқаралық сипат алды.1916 жылы 25 мусымда патша өкіметінің «Бұратана халықты мемлекеттік қорғаныс жұмыстарына пайдалану тәртібі туралы ереже» қабылдауына байланысты тіпті күшейе түсті. Жұмыстан немесе әкімшілік ережелері мен талаптарын орындаудан бас тартқан жұмысшыларды түрмеге отырғызуға, немесе үш ай мерзімге тұтқынға алуға, болмаса айып ретінде ақша өндіріп алуға кесетін болды. Азық – түлік екі – үш есе қымбаттауы да халықтың наразлығына өршіте түсті.

Торғай көтерілісі

Торғай көтерілісі (басшылары А. Иманов, Ә. Жанкелдин) 50 мыңдай адам қамтыған ірі қозғалыс болды. А. Иманов көтерілісшілерді ондыққа, елулікке, жүздікке, мыңдыққа бөлді. Арнайы мергендер бөлімшесі құрылды. А. Иманов бас сардар болды. Оның жанында әскери кеңес жұмыс істеді.

Торғай облысындағы көтеріліс патша үкіметі құлатылғаннан кейін ғана тоқтады.

1916 ж. көтеріліс қазақ халқының көп ғасырлық ұлт-азаттық қозғалысының тарихында маңызды орын алды. Ол отарлауға және империалистік саясатқа қарсы өрбіді.

Көтерілістің Жетісудағы орталығы

1916 жылғы ұлт – азаттық көтерілістің аса ірі орталығы Жетісу болды. Жағдайдың шиенілінсуіне байланысты 1916 жылғы 20 шілдеде генерал Куропаткин Түркістан өлкесінің генерал – губернаторы болып тағайындалды. Ол кезде орасан зор аймақты түгелдей халық революциясының от – жалыны шарпыған еді. Мәселен, шілденнің 12 – сінде Верный уезі Қорам болысының 68 жігіті А. Абдурасуловты, ал шілденің 16 – сында көтерілісшілер Құрам болысының болысын өлтірді. Тамыздың 3 – інде Асы өзенінің аңғарында көтерілісшілердің 2 мың адамнан тұратын отряды уезд бастығының көмекшісі Хлыновскийдың отрядына шабуыл жасады. Тамыздың 6 – сында самсы аңғарында Ботбай, Шығыс және Батыс Қастек, Тайторов, Ырғайты болыстарының 5 мың адамдық көтерілісші жігіттері жазалау торядын қоршап алды. Сол күні Самсы станасасы көтерісшілердің қолында болды,тамыздың 8 – нде Ақсу жайлауында қазақ – қырғыз сьезі өтті. Олар Қордай көтерілісшілерін қолдауға, нарындықтарға ұран тастауға, қазақ көтерілісшілері көмекке өздерінің қарулы жігіттерінің жаотысын жіберуге шешім қабылдады. Қазақ және қырғыз еңбекшілері қимылдары патшаәкімшілігін мазасыздандырмай қоймайды.

Генерал Куропаткин «Қандай амалды болса да қолданудан тайынбай, көтерілісшілерді бағындыруға», «Лаң салушыларға қарсы күресу үшін байырғы халықтың рулық немесе тайпалық араздығын» пайдалануға бұйрық берді.

\

 


Дата добавления: 2015-10-21; просмотров: 227 | Нарушение авторских прав




<== предыдущая лекция | следующая лекция ==>
Кабинет коменданта лагеря | ПУГАЧЕВ Емельян Иванович [1742, станица Зимовейская-на-Дону - 10 (21) января 1775, Москва], донской казак, предводитель Крестьянской войны 1773-1775 годов.

mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.033 сек.)