Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

Анна Гавальда

Мероприятия на уровне аутизма | Н Е У К | Хаким Омаров | Кенесары Касымов: новое возвращение в Сарыарку | Моя Бибинур | Алексей Давыдов | Аслан Жаксылыков | СТИХИ О ЛЮБВИ | САГЫНЫШ | Замза Кодар |


Кетгут

(новелла)

 

Басында мұндай оқиғаға тап болам деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеп еді. Ветеринарлардың Апталығына шыққан хабарландыру бойынша, екі айға болса да (тамыз бен қыркүйек көрсетілген екен) жұмысқа шығуға дайынмын деп жауап жазып жіберген едім. Сонан соң мені жұмысқа алуға келіскен жігіт демалыстан келе жатып, аяқ астынан жол­­да машинаcы аударылып, қайтыс болды. Әйтеуір бір жақсысы - қасында ешкім болмаған.

Сонымен, мен қазіргі істеп жүрген жұмысыма орнығып та қалдым. Жұмыс орным үшін өзім жалға ақша төлеймін. Қалай болғанда да, бұл менің ветеринар ретінде практика жинауыма әбден келіп тұр. Мұнда тұратын нормандиялықтардың қалтасынан ақша шығуы қиын екен, дегенмен, ақымды жемей, уақытында беретін ыңғай танытты.

Бір қарағанда, нормандиялықтардың өзі ауыл адамдары сияқты қарапайым көрінгенімен,түсініктері басқашалау... олар әйел мал күтуге жаратылмаған деп есептейді.

Шынында да, әйел адамға малдың асты-үстіне түсіп, күту де оңай емес. Оның күнделікті күтімін айтпағанның өзінде, сиырды уақытында сауып алу, жемін салу және қарасан келгірдің тұрған жерін үнемі құрғақ ұстау да үлкен жұмыс. Жарайды,мұнысын қойшы. Енді оның бұзаулаған кезінде жібермей аңдуың керек. Сонан соң, оған салатын уколы бар, күйі болмай ауырса немесе жатырына суық тисе, дәрігерге апармай тағы тұра алмайсың.Онысының бәрі қып-қызыл ақша.

Басыма түскеннің бәрін мен де көріп келем. Басқа амалым да жоқ. Бірнеше ай бойы әбден ойланып, мені егжей-тегжейіме дейін дым қоймай тексеріп, мұндағылар маған ақша төлейтін болып шешті-ау, әйтеуір.

Жұмысым таңертеңгі қып-қызыл қарбаластан басталады. Әдетте, мен келгендердің бәрін өз кабинетімде қабылдаймын.Маған, әсіресе, ит пен күшікті көп әкеледі. Көбінің әкелгенде айтатын себебі де ұқсас: біреуі енді керексіз болып қалған итін әкесі өз қолымен өлтіре алмаған соң, одан құтылу үшін маған укол салып бер деп әкелсе, екіншісі, аңға салатын итінің соңғы кезде бұрынғыдай қырағы болмай қалғанын уайымдап, мазасы болмай тұрған итіне мүмкін бір ем керек болар деп келгенін айтады. Жергілікті тұрғындар, (париждік бір жігітті қоспағанда), вакцина салғызуға өте сирек келеді екен.

Жұмысымның қызған кезі таңертеңгі уақыт болғанымен, қалаймақан түстен кейін басталады. Елдер жетектеп әкелуге жарайтын малын өздері алып келеді. Басқа жағдай болса, мысалы, малы қатты ауырып жатса, өзім барып тексерем. Ондайда мен келгенде, мал қорада жүрген иесі үндеместен мені бақылап тұрады. Қайтер екен дейтін болу керек. Неге екенін, менің желке жағымда тұрған малдың иесі мені мазақтап тұрғандай көрінетін. Менің бірдеңе білетініме сенбейтіндерін айтпаса да, көзқарастарынан сезіп тұратынмын. Қалай болғанда да, осы мал емдейтін дәрігерлік практикам мен стерилді қолғабым аман болсын. Жұмысым менің күнкөрісіме ғана емес, кафеде достарыммен бірге көңіл көтеруіме де жетіп тұр қазірше. Солай. Ал, енді өзімді таныстыруға рұқсат етіңіз. Менің атым - Лежаре. Доктор Лежаре деген қызбын. Күлмеңіз. Еш күлкісі жоқ.

Оқып жүрген кездегі өткен лекциялардың курсы мен теориясы басқа да, іс жүзіндегі жұмыс басқа екеніне енді көзім жете бастады. Дәл қазір мен емдетуге әкелген малдың қасында, кабинетті жалға берген қожайынның ақыл айтып, қоқаңдап түрғанын үндеместен тыңдап тұрмын. Ол өзінше маған үлкен көмек көрсеттім деп тұрғаны анық.

Осында бірталайға қалатыныма көзім жеткен соң, ширақ жүрейін деп бір-екі гантель сатып алдым.

Қазір менен біреу ақыл сұраса (әй, қайдам, өзім жөндеп орын таппай жүргенімде, менен біреу бірдеңе сұрайды дегенге себеймін), әсіресе, ауылды жерде малдың басын көбейтем деген жігіт ақыл сұраса, мен оған малыңды семірт, бұлшық еті ойнап тұрсын, одан басқасының бәрі жай сөз деген болар едім. Мал өсіргенде көңіл бөлетін ең негізгі нәрсе - оның қоңдылығы, былайша айтқанда, еттілігі ғой.Мысалы, сиырдың салмағы бес жүз бен сегіз жүз килоның арасында болса, жылқының салмағы жеті жүз кило мен мың тоннаның арасында кем болмауы керек. Бар мәселе – салмақта.

Ал, енді, туа алмай, қиналып тұрған сиырды көз алдыңызға келтіріңізші. Құдайдың күнінің жарық кезінде емес, мұндай қысылтаяң ылғи да түнде тақалатыны несі екен? Сиырдың байлаулы тұрған жері де суық екен, қорасы қалай болса солай, жарығы да жоқ.

Мақұл дейік.

Сиыр байғұс қиналып-ақ тұр, оны көріп иесі одан әрі қиналады. Күн көріп отырған жалғыз сиыры болса, қайтсін енді. Егер ветеринарға беретін ақшасы туатын бұзаудың бағасынан артып кетсе... ойлану керек. Сол кезде мен:

- Бұзау терісінен келіп тұр. Оны орнынан қозғап, оңынан келетіндей етпесе болмайды, - дедім.

Сиыр қораның іші кәдімгідей абыр- сабыр бола бастады. Бұзаудың астына салатын үлкенді-кішілі таза заттар ретке келіп, қол астында әзір тұру керек. Қалайда дұрыстап туғызып алудың қамына кірістім.

Ең алдымен, сиырды жақсылап байлатқыздым.Тура қасымда тұр ұсқыны кетіп. Ол мені теуіп жіберетіндей аралық қалдыруға болмайды. Сыртқы киімімнің бәрін шештім де, жалғыз футболкамен қалдым. Аяқ астынан мұздап кеткенімді сездім. Қолжуғышты тауып алдым да, қасында тұрған сабынның қалдығымен екі қолымды сабындап, әбден жудым. Мал туғызғанда киетін, ұзындығы қолтығыма дейін жететін екі қолғабымды жақсылап тұрып киіп алдым. Енді, міне, сол қолымды сиырдың жатырына салып, оң қолыммен сиырды сүйеп тұрмын. Одан әрі жылжып жылжып...

Салмағы алпыс немесе жетпіс кило болатын бұзауды жалпайып жатқан жарықтықтың жатырынан тауып алдым да, оңына бұрдым. Жалғыз қолыммен бұрдым.

Бұл шаруа бірталай уақыт алады. Бірақ, мен оны абыроймен атқарып шықтым. Енді есімді жиып, кальвадоспен жылынып, жан шақырып отырғанымда, менің есіме сол күйі қозғалмай жатқан гантельдерім түсті.

Кейбір жолы бұзауды сол жатқан күйінен мүлде қозғалта алмайсың. Мұндайда сиырдың қарнын жаруға тура келеді, бұл енді әлдеқайда қымбатқа түседі. Малдың иесі мені көзімен аңдып тұрады. Мен өзіме-өзім сенімді түрде машинам тұрған жаққа бұрылып, керек саймандар әкелуге бет алсам ғана, ол менімен келіседі. Айтқан бағаға тоқтайды.

Ал, енді, мен сиырдың иесі қайтер екен деп қарап тұрғанында, жан–жағымдағы басқа малға қарап, тезірек машинама мініп кеткім келіп тұрғанын байқаса, бітті, келіспейді.

Тағы бір жолы есімде, жатырдағы бұзау өліп қалыпты. Сиыр байғұстың басқа жағын зақымдап алмайын деп, өлі бұзауды кесек- кесегімен жайлап тіліп, ақырындап сыртқа суырып шығарып отырдым. Мұның бәрін тек қолғаппен ғана жасағанымды біліп қойыңыз.

Осындай жауапты істерді атқарғаннан кейін, қанша үйрендім десем де, жүрегім алқынып, өзіме-өзім әрең келемін.

Жылдар жылжып, бірінен кейін бірі қалай өтіп кеткені де байқалмай қалды. Мен де жалдап алған жеріме ақша төлеуден жаңылмадым. Не болса да, жағдайым түзеле бастады.

Мен тұратын деревнядағы Вильмэ қарт қайтыс болғаннан кейін, аяқ астынан оның фермасын сатып алдым да, қолымнан келгенше оны біраз ретке келтірдім.

Біреуді кездестіріп, қуанып қалып едім, ол біз тұрған жерден басқа жаққа көшіп кетті. Малдың ауруымен алысып жүргенде тастай болып қатып қалған қолым ұнамаған шығар деп ойладым.

... Есіктің алдында мені екі ит қарсы алды. Біріншісі мені көре салысымен дереу қасыма келіп, үйдің жылуын аңсағаны білініп тұр. Екіншісі мен қасыма шақырып, әбден өзіме үйретпейінше қашқақтап жүрді, иесіз жаман үйренгені байқалады.Осы екіншісі біріншісіне айтқанын істететіні көрініп тұр. Қандай тұқымнан екені белгісіз, әйтеуір бірнеше мысық та жүр аулада. Олар маған қазір көрінбейді, бірақ тамақ құятын ыдыстарын үнемі босатып қояды.Үйімнің алдында өзіме ұнайтын кішкентай ғана бау-бақшам бар. Оның біраздан бері ешкім қарамай, күтімсіз қалғаны айналасындағы арам шөптің қаптағанынан көзге бірден түседі. Әйтпесе, үйдің бұрынғы иесі отырғызған байырғы розалар маған сондай ұнады. Қалай болғанда да, гүлдерге менің ерекше бір күтім жасауымның қажеті шамалы. Өздері керемет әдемі.

Мен өткен жылы тик ағашынан жасалған, арнайы бау-бақшаға қоюға шығарылған жиһаз сатып алдым.Маған бұл дүние өте қымбатқа түсті, енді бағасына қарай ұзаққа шыдайтын шығар деп ойлаймын.

Бір жолы үйдің маңындағы колледжде сабақ беретін Марк Пардинимен танысып қалдым. Қай сабақты жүргізетінін де білмеймін. Екеуміз киноға, ресторанға бірге барып жүрдік. Ол менің қасымда өзін интеллектуалмын деп есептейтін. Мен түк білмегенсіп, келісе беретінмін. Ол маған оқуға кітаптарын да, тыңдауға өзінің CD де беріп тұратын.

Екеуміз жақындаса келе, бір төсектен табылатын болдық.Жалғыздықтан гөрі жақсы ғой.

Кеше түннің бір мезгілінде біреулер маған телефон соқты. Ар жақтағы дауыс ер адамдыкі. Ол маған Тианвильге баратын жолдағы Бильбодтардың фермасынан хабарласып тұрғанын айтты. Бір қиын жағдай болып, менің көмегім керек екенін айтқан жігіт күттірмей, тез арада келуімді өтінді.

Мен өткен week-end-* де жұмыста кезекші болып, он үш күн бойы демалыссыз жұмыстан шаршап, енді бір тынығайын дегенімде, тағы да біреулердің шақырып тұрғанын естіп, көңіл- күйім бұзылып кетті. Қасыма екі итімді шақырып алып, солармен сөйлесе бастадым. Не айтқанымды білмеймін, әйтеуір, өзіме-өзім келейін деп бірнәрселерді айтып жаттым. Сонан соң, қоп-қою етіп кофе қайнатып іштім.

Мен машинамды мезгілсіз шақыртқандардың қақпасының алдына тоқтатып, кілтімді суырып алған кезде-ақ ішім бір сұмдықты сезгендей болды. Себебі, үйдің шамы өшірулі екен, мал қорадан да ешбір дыбыс естілмейді. Тып-тыныш.

Бар күшіммен сыртқы есікті қатты тасырлатып соғып тұрмын. Үйдің шатыры жұқа тольмен ирек – ирек етіп жабылған екен. Мезгілсіз уақыт болған соң, менің дүрсілімнен үй көшіп кете жаздады.

Есікті аша саласымен, ол мені көре салып: менің сиырымның бөксесі ғой аман, осы сенің бөксең аман ба? Сенде бөксе бар ма өзі? Осындағы ел сені әйел емес дейді, еркек дейді,сенің е... бар көрінеді. Шынымен сондай болсаң, қазір бәрін өз көзімізбен көреміз, онан кейін айтамыз солай екен деп, бастырмалатып қарсы алды.

Мұның сөзін тыңдап тұрған қасындағы екеуі ішек-сілесі қатып күліп тұр.

Мен олардың тістеленген тырнақтарының астынан ағып тұрған қанға бірден көзім түсті. Арақты әбден ішкен соң, аяқтарынан әзер тұр. Олар мені зорлау үшін сол жерде үюлі жатқан шөп–шаламның үстіне сүйреп апарды деп ойлап тұрсың ба? Еңкеюге шамалары келмейтін қып-қызыл мас болатын. Сүт фермасының іші ғой, енді олар мені ішінде мұздай сүт толып тұрған үлкен темір ыдысқа қарай кеудемнен итеріп жіберді де, білгендерін істеді. Арқамнан сұп-суық темірдің қарып бара жатқанын да сезіп тұрмын. Жаңағы ыдыстың ирек трубасы болуы керек, өтіп барады мұздай болып. Білгендерінше менің намысымды таптады. Шалбарларының түймесін таба алмай, ышқырымен алысып тұрған әлгілердің түріне адамның қаны қайнайды.

Қылықтары қандай жиіркенішті десеңші. Бейшара түрлеріне жаның ашиды.

Бұл үшеуі мені әбден масқара етті шақырып алып. Өте ауыр, бірақ солай. Менің сөзімді естігісі келмейтіндерге де тағы қайталап айтам: естисіңдер ме, жарандар, бұлар менің намысымды аяққа басты, жанымды қатты ауыртты!

Ағайынды үш Бильбодтың біреуі эякуляциядан* соң, бірден есін жиды.

- Жақсы, жақсы, доктор, біздікі кісі күлетіндей жағдай деп ойлайсыз ба? Біздің басымызға мұндай қуанышты күндер келе бермейді. Бізді де бір мезгіл түсінуге болатын шығар, қалай ойлайсыз? Осы түнде менің балдызым бозбалалық шағымен қош айтысты, міне... енді еркектің қатарына қосылды. Солай ма Ману?-деді.

Мануы жауап беруге шамасы келмей, ұйықтап жатыр. Оның қасындағысы қайтадан толтырып алып, іше бастады.

Мен оған: әрине, әрине, айтқаныңның бәрі дұрыс деп құтылдым. Ол маған қолындағы бөтелкесін ұсынғасын, мен де көңілім көтеріліп, қызыққа батып отырғандай болып, жұтып-жұтып алдым. Алмұрттан жасалған арақ екен.

Қайтадан ішкен алкоголь оларды жадыратып, жайландырғандай болды. Дегенмен, әрқайсысына Кетаминнің бір-бір дозасын беруім керек деп шештім. Олардың қозғалмай тып-тыныш жатқаны керек маған. Енді бұлар ешқандай кедергі жасамайды, сұлатам тырп еткізбей.

Сонан соң, қолыма стерилді қолғабымды кидім де, оны Бетадиннің инструкциясы бойынша әбден тазарттым.

Ал ендеше, мына еркексінген неменің жыныс органына операция жасауға кірістім. Ең алдымен тілетін жерінің терісін қолыммен жайлап создым. Қолымдағы осындай нәзік жерлерге арналған, ұшы қайырылған ұстарадай өткір сайманыммен жайлап тестикулдарын* бері шығардым. Оларын кесіп-кесіп алып тастадым. Эпидедимді* және оның тура жанындағы жіп-жіңішке қан тамырын бір- біріне біріктіріп, n°3,5 кетгутпен* байладым. Бәрі біткесін сыртынан тағы бір айналдырып тіктім.Операциям ойымдағыдай өте сәтті, тап- таза болып шықты.

Маған телефон соққан, маған аузына түскенін құсқаны еді менің пышағыма іліккен. Мен оның екі е...кеңірдегіне дейін созып, тігіп тастадым.

... Көрші апайдың үйіне келгенде, сағат таңғы алты болып қалған кез еді. Жетпіс екі жастағы мадам Брюдэ таң атпай тұратынын білем. Ол өзі түсі суықтау көрінгені болмаса, жақсы адам.

- Мадам Брюдэ, мен бірталай уақыт үйде болмайын деп тұрмын. Менің екі итім мен мысықтарыма мен жоқта тамағын беріп, көз қырыңызды сала аласыз ба?- дедім.

- Жайшылық па өзі?

- Қалай десем екен, білмеймін.

- Мысықтарыңды сонша семіртіп, тамақ бере берудің не керегі бар? Олар онсыз да ормандағы бар тышқанды аулап жейді. Иттерің де аштан өлетін түрі жоқ. Бұл шіркіндер менің мазамды алатыны рас. Егер сонша ұзақ уақытқа кетпесең, қарай тұрайын.

- Мен олардың тамағына жұмсайтын ақшасына чек қалдырып кетем.

- Жақсы, келістік.Телевизордың артына қоя сал. Басқа айтарың бар ма?

- Жжжжж, - дедім мен қуанғанымнан

Қайтып келдім де, ас үйдегі орындыққа отыра кеттім.Қайтадан ыстық кофе құйып алып, темекімді тұтаттым. Енді жандармерияның машинасын күтіп отырмын.

Дүниені басына көтеріп, сиреналарын қоспайтын шығар...

 

Ескертулер: эякуляция – еркек спермасының ағып кетуі; тестикул – еркектің жыныс органы,жұмыртқасы; эпидедим – еркек жұмыртқасының айналасы.

Француз тілінен аударған Мария Арынова


 


Дата добавления: 2015-07-16; просмотров: 133 | Нарушение авторских прав


<== предыдущая страница | следующая страница ==>
Жан Бодрийяр| ЕСКІ НӘСКИ

mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.014 сек.)