Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы шығармашылығы 9 страница

Читайте также:
  1. 1 страница
  2. 1 страница
  3. 1 страница
  4. 1 страница
  5. 1 страница
  6. 1 страница
  7. 1 страница

Сұлтанмахмұттың алғашқы әдеби-эстетикалық пайымдаулары “Айқап” журналында жарияланды. 1913 жылы жазған “Өлең һәм айтушылар”, “Жаңа кiтап” (М.Дулатұлының “Азамат” жинағы туралы), “Қазақ тiлiндегi өлең кiтаптары жайынан” атты малаларынан қаламгердiң туған әдебиетiне жаны ауруы, бүгiнi мен келешегiне қам жеуi аңғарылады. Сонымен қатар осы еңбектерiнде ақынның руханият туралы тұжырымдамасы, әдебиеттегi сауаттылық пен жауапкершiлiк жөнiндегi пiкiрлерi көрiнiс тапқан.

Ақын да - өз заманының перзентi. Перзент болып, заман желiнiң ығымен кету де бар немесе дауылдың өтiнде тұрып, елге қалқан болу да бар. Жас Сұлтанмахмұт шамасы келгенше жұртына қорған болуға тырысты. Халықтың өзiн қорғады, сөзiн қорғады. Кiмнен? Надандықтан, керi кетуден, саф әдебиеттi бұзатын сауатсыздықтың шаң-тозаңынан. Бұларды көрiп ақын: “Көңiл қарайтып, рух бұзатын ескi балдыр-батпақ өлеңдердiң тұсында әннiң базары аспанға шығып, мынандай жаңа рух, таза қан, түзу кеуiлдi халқымызға қолмен жұлып тыға алмай жүрген тарылмалы заманда сөне қалуы – баяғы ашылмаған халықтың соры-дағы”,-дейдi (“Өлең һәм айтушылар”).

С.Торайғырұлының ұғымындағы “жаңа рух, таза қан, түзу кеуiл” – елдi ағартудың сапалық сатысының сипаты. Ендi оған ненiң күшiмен қол жеткiзуге болады деген мәселедегi ақынның тұжырымы мынандай: “Бiр халықтың сүтпен бiрге байланысқан iрiк-шiрiк қара кеуiлдерiн аршып, жаңа рухпен қандандыратын, таза пейiлмен жандандыратын мәшiн – шын жүректен шып-шып шырқырап шыққан өлең, жыр, әдебиет деген нәрсе болады”.

“Өлең һәм айтушылар” мақаласының авторы әдебиеттi ән-күйден бөлек қарамайды. Ойы - өнердiң бәрi үйлесiм тауып, “жүрек қозғап, буын босатып”, жақсылыққа бастаса дегенге саяды. Осы орайда қаламгер: “Әндегi рух сүйегiңе сiңедi, құлағыңда қалады. Соның үшiн ескi кiсiлер “пәленнiң өлеңiнде де бар ғой” деп келтiрiп отыратын. Не ғажап!”-деп жазады. Немесе: “Бiр халықтың әнi кетсе, әдебиетi жесiр қалады, сәнi кетедi. Сәнi кетсе, жаны кетедi”,-деп түйiндейдi. Соңғысы жоғарыда сөз болған Әлихан пiкiрiмен үндес. Осылай түйдектей сөз саптап, бiр-бiрiмен байланысып жатқан құбылыстарды түсiндiру – алашта әлiмсақтан бар өнер. Бiзге оны Сұлтанмахмұттың қалай игергенiнен гөрi (шебердiң жайы белгiлi), сол дәстүрмен ненi айта алғаны тағылымды.

Ақын әлеуметке қарап: әдебиет пен өнердiң жандануына тiлектес бол, себебi ол - өз тағдырың, ұлтыңның тағдыры дейдi бұл еңбегiнде.

“Жаңа кiтап” – шап-шағын мақала. Алайда мұндағы автор ойы шағын дей алмаймыз. Мақала: “Азамат” – Мiржақып Дулатов жазған өнегелi өлең кiтабы” деп басталады. Қаламгер бұл кiтапты “бөтен тiлден аршыңқы, мағынасы терең… қара жамылып, қайғы жұтып тұрған кезде жазған ғой” дей отырып, “кейбiр уәзiнiн” жалпылама сынап өтедi. Десек те осы еңбектегi маңызды ой мынау деп бiлемiз: “Қанша дегенмен “жаманның барынан жоғы жақсы” дейтiн мезгiл болыңқырады ғой”. Бұл – сапалыққа бет түзеудiң белгiсi. Сұлтанмахмұт үшiн “қазақта жоқ” деп әр нәрсенiң басын шалу, немесе әлге қарамай құшаққа симайтынды құшу қажет емес. Ақын ойынша, әр нәрсе iстелсе түптеп, тереңдеп жасалуы тиiс, ұлтқа керегi – сапа және тазалық (1914 жылы жазған “Өмiрiмнiң уәдесi” атты өлеңiнде: “… Iншалла, бәрiн түгел ұғам басқа …Жүректiң қазынасы тазартылса, Пайдасын көрер әлi-ақ ертең халқым” дегенi белгiлi).

С.Торайғырұлы ғасыр басында (өз тұсында) шыққан кiтаптардың тiлi туралы мақаласында (“Қазақ тiлiндегi өлең кiтаптары жайынан”) да жаңа әдебиет пен көркемдiк мәселесiне тоқталып өтедi. Қазақ рухани қауымының жаңалықты қалай күткенiн қаламгер былайша бейнелеп жеткiзедi: “Жаңа бiр жас иiс туды дегендi құлақтары шалса, қолдарын жайып, құшақтарын ашып, иiскеуге мұрындарын, сүюге ауыздарын даярлап тұрмақ та”. Бiрақ жаңаның да дұрысы мен бұрысы бар. Сұлтанмахмұт мұны тiлi мен көркемдiгiне қарап айырады. Ақынның пiкiрiнше, ендiгi жерде “шағатай тiлi” қазақтың жаңа әдеби тiлiне мүлдем жат, “қайта бұрынғыларымыз “хикаят” болса да тiлi қазақша, рухы қазақ рухына бейiм”. Бұл орайда автор не ұсынады? “Пайғамбардың жүрегiнен құйылған Құрандай, соқыр кiсi сыбдырынан танырлық аққұла ашық” әдебиеттегi Абай жолын үлгi етiп ұсынады. Бұған қоса Ахметтiң “Қырық мысалындағы” мысал қорытындыларын, Мiржақыптың “Азаматындағы” “Қайтер едiң?” мен “Шағым” өлеңдерiн өнеге тұтады. Осыларды ерекше атауының себебiн С.Торайғырұлы: “Айтқандары артығыменен шын. Шын жылаған жастың тамшысы, рас қайнаған сорпаның сөлi болғандықтарынан сезiлмейдi, сезiлсе де басқалардiкiндей көзге қатты, көңiлге суық тимейдi. Қайта өзiңдi сүйсiндiрiп әкетедi”,-деп түсiндiредi. Бұл пiкiрде поэзияны сезiммен түйсiну де, зейiнмен

түйсiну де бар. Өлеңдi ақын болып байқау да, әдебиетшi болып байқау да бар. Ақынның осы қабiлетi мына жолдардан да аңғарылады: “Туыстағы (ел – Д.Қ.) тұрмыс дертi зығырыңды қайнатып, бармағыңды шайнатып, сай-сүйегiң сырқырарлық ащы зарлы бебеулерiн қағып, көңiл толғағын, жүрек түйiнiн тарқатады. Мен анық ақсүйек, аты жоғалмайтын өлең деп, өнер деп соны айтамын”.

Осы пайымдар С.Торайғырұлының әдебиетке жiтi назар салғанын көрсетедi дей аламыз. Әрине, әдебиет тарихы үшiн Сұлтанмахмұт бiрiншi – ақын. Онан соң әдебиетшi, қайраткер, т.б. өзге де қыры ашыла бермек.

Ақынның өлеңдерiнен де әдеби-эстетикалық пiкiрлерiн кезiктiруге болады. Мысалы, Ахметтiң “Масасы” туралы шығармасында ол:

Өткiрсiң наркескеннiң алмасындай,

Жүйрiксiң “полный ходтың” арбасындай.

Сен – сұңқар, көңiлi соқыр сенiмен қас,

Өзiнiң болмады деп қарғасындай,-

дейдi. Бұл - өлеңнiң бiр шумағы. Бiрақ осының өзiнен “Масаға” берiлген нақты баға, әсiресе кiтаптың идеясын дөп көрсету, надан ортаның сипатын айқындау аңғарылады.

Сұлтанмахмұттың “Асыл сөз” атты өлеңi көпке мәлiм. Әдебиеттiң (адабият) түп мағынасы – асыл сөз. Ақын мұны қалай ұғады?

Асыл сөздi iздесең,

Абайды оқы ерiнбе.

Адамдықты көздесең,

Жат тоқып ал көңiлге.

Ендi осы үзiндi мәтiнiне назар салайық. Толық сенiммен айта аламыз: мұндағы “жат” – етiстiк емес, жақын деген мағынадағы сөз. Осы сөз ертеде (ХХ ғасырдың бас ширегiнде) “жақын” мәндес болғанында дау жоқ.

С.Торайғырұлының қазақ ақындары мен жалпы шеберлiк жөнiндегi ойлары 1918-1919 жылдары жазған поэмаларынан да ұшырасады. Айталық, “Таныстыру” поэмасында “оқыған қазақтың” аузына Ә.Бөкейханның “Қарақыпшақ Қобыланды”, т.б. еңбектерiнде кезiгетiн пiкiрлерiне ұқсас сөздердi салады. “Оқыған”: эпосты жырлаған жыршылардың (мәтiнде ақын) айтқаны тарихқа сәйкес келмейтiнiн, бiрақ бұлардың жаратқанға қатысты сөзi ұшқыр екенiн, алайда оларда бiлiм жетiспей жататындығын, бұл тұрғыда Абай “биiк бұлтқа” жеткенiн айтады. Сондай-ақ ол “биiк күнге” жеткен Толстой бар деп, қазақ әдебиетiнiң тырысса шығар асқарын да меңзеп кетедi. Зиялы қазақ iшiнiң әдебиетке қатысты мәселесiн де айналып өтпейдi. Осы орайда ол:

Талантқа ауа қайда ер жетуге,

Жүректiң қанын жылытып тербетуге,-

деп бiр қайырса, ендiгi бiр жерде:

 

Әлпештеген секiлдi жас баланы,

Талантты кiм асырап, кiм алады.

Әлихан айтқандайын: “Қыр iшiнде

Домалап неше меруерт жоғалады”,-

дейдi.

“Таныстыру” ақындар туралы поэма емес. Шығармада қайраткерлер (iшiнде Шәкәрiм де бар) таныстырылады. Ал осында әдебиет жайының сөз болуын Сұлтанмахмұттың “жаңа рух, таза қан, түзу кеуiлдi” әдебиет қана тудыра алады деген райдағы ойымен түсiндiре аламыз.

Осы сарындас пiкiр ақынның “Айтыс” поэмасында да бар. Мұнда ол Алаштың қилы тарихы контексiнде қазақ ақынының бейнесiн сомдайды (“дала ақынының” сөзiмен). Сұлтанмахмұт оны жай әңгiме үшiн емес, үлгi етiп айтады.

Даламның ақындарын айтсам сiзге,

Үлгiге сөз патшасын сонан iзде.

Миға – тамақ, жүрекке сусын берiп,

Даңқы кеткен ақын көп бұл үш жүзде.

Қазақтың өмiрiне айна болған,

Өмiрге илһәм құйылар жайда болған.

Қалың топта домбыра қолына алса,

Жаратқыштық бiр қуат пайда болған.

Қазақ ақынының өнерпаздық қуаты, халық сөзiн сөйлеуi, көкейдегiнi тауып айтуы, ханнан да тайсалмауы, ер мен елдiң атын шығаруы, ез бен опасызды әшкере етуi, ақшабет сұлуды, тегеурiндi қыранды, жүйрiк сәйгүлiктi әуелете әнге қосуы – бәрi шығармада өлең болып өрiлген. Осында “қаны жылап, жаны сүйсiнiп, жүрегi иген”, “жанына жарық түсiп, тiлi байланған”, “белгiсiз бiр ләззатқа мейiрi қанған” тыңдаушының да бейнесiн көремiз. Әлбетте, оны бұл күйге түсiрген ақын шеберлiгi. Бұл ақын – ақын ғана емес, ел үшiн туған азамат:

Жауыздықты көре алмас салқын қанмен,

Алла оған: “солай бол!” деп қылған пәрмен.

Дала ақыны ана тiлiне қатысты ойын бiлдiрген тұста оны түрлеткен жалпы халық ауыз әдебиетiн жасаушыларды, сондай-ақ Бұқар, Жанақ, Шөже, Орынбай, Абай, Ахмет, Мiржақып, Мағжандарды атап өтедi. Олардың сөзiмен халық рухтанады дегендi айтады. Тiл мен әдебиеттiң ұлт өмiрiндегi орнын:

Тiлiм де, әдебиет те – жаныма азық,

Һәм болардай көңiлге наныс қазық,-

деп анықтайды.

Сұлтанмахмұт – жаңа әдебиетке тiлекшi ғана емес, ол – бұл әдебиеттi жасаушы. Роман бәйгесiне қатысып, “Қамар сұлу”, “Кiм жазықты?” шығармаларын жазуы – осыған дәлел. Сондай-ақ “қазақ әкiмдерiнiң тұрмысынан үш перделi пьеса жазғаны” да мәлiм болып отыр (бiрақ қолжазбасы жоғалып кеткен).

С.Торайғырұлының жалпы руханият туралы пiкiрлерiн зерделей отырып, мынандай қорытынды жасаймыз: бiрiншiден, елдi жаңарту iсiнде әдебиет пен өнердің орны алдыңғы қатарда екенiне ақынның шүбәсi болмаған; екiншiден, өз талабымен ағарып, бiлiм жиған, шеберлiгн шыңдаған Сұлтанмахмұт әрiптестерiне, әдебиетке бет бұрған замандастарына осы жолды нұсқаған және одан әлдеқайда биiк Абай жолы барын айтқан; үшiншiден, қаламгер тiл тазалығына ерекше көңiл бөлген; төртіншіден, ұлт өмірінде тазалық пен жауапкершіліктің маңызын айрықша атаған.

Ақын «Қамар сұлу», «Кім жазықты?» романдары мен «Кедей», «Адасқан өмір» поэмаларында да көркемдік биігінен танылды.

Осының бәрi жинақтала келiп, Сұлтанмахмұттың руханияттағы “жаңа рух, таза қан, түзу кеуiл” тұжырымдамасын құрайды.

ХХ ғасыр басындағы тарихи поэмалар мен жаңа романдардың тақырыптық-көркемдік ерекшелігі дегенде, біз мынаны ескеруіміз қажет: бұл шығармалардың бірі дерлік әдебиетіміздің жаңа белесі еді, сонымен бірге осы туындылар бір жағынан ағартушылық кезеңге мықтап қызмет етсе, екінші жағынан жыл құсындай келген жанрлардың лайықты орнығуына себепші болды.

ХХ ғасыр басындағы әдеби көсемсөз әдебиет сынын тудырып, көркем әдебиеттің дамуы, әдеби үрдіс пен оны зерттеу мәселелерін күн тәртібіне қояды. Көркем әдебиеттің жанрлық түрлері дамып, поэзия, проза, драматургия жаңа ізденістерді көрсетті. Әдеби жинақтарда ауыз әдебиетінің үлгілері мен мұралары жариялана бастады. Бұл басылымдар туралы әдеби пікірлер де жүйеленіп беріле бастады.

Кітап шығару ісі алға басты. ХХ ғасырдың алғашқы 20 жыл ішінде бес жүзге тарта кітап жарық көргені белгілі. Бұлар ауыз әдебиетінің үлгілері, діни сюжеттегі көркем туындылар, қиссалар, әдеби жинақтар, әліппелер мен оқу құралдары, көркем туындылар, әдебиеттанушылық зерттеулер. Атап айтсақ, Әбу Әли ибн Сина, Қожа Ахмет Яссауи, Шортанбай, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, М.Мөңкеұлы т.б. шығармалары жеке кітап болып жарыққа шықты.

Мамандардың айтуы бойынша, ХХ ғасыр басында 322 кітап қазақ тілінде жарық көрген. Осы кезде жарық көрген М.Нұрбаевтың “Қазақша әліппе”; “Ғалия” медресесі шәкірттері шығарған “Әліппе яки төте оқу”; Қ.Қожықовтың “Әліппе”; М.Көшімовтың “Ақыл кітабы” (1903), “Әдеп”, “Үгіт” (1907); М.Малдыбаевтың “Қазақша ең жаңа әліппе” (1910); А.Байтұрсынұлының “Тіл құралы” (1915), “Оқу құралы” (1912, 1914, 1915); М.Дибердиевтың “Қазақ балаларына кираәт кітабы” (1910); А.Аңдамасовтың “Қазақша оқу кітабы” (1912); Т.Жомартбаевтың “Балаларға жеміс” (1912); С.Көбеевтің “Үлгілі бала” (1912) атты оқу құралдарында қазақ тілінің қолданылу мәселелері мен әдебиетті танытуға ерекше назар аударылды. Ы.Алтынсариннің “Хрестоматиясы” көркем мәтіннің тәрбиелік сипатын, оның балаларға түсінікті жазылуы мәселесін алға тартты. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеттануындағы зерттеушілік ойдың дәрежесін М.Сералиннің “Шахнамадан” аударған “Рүстем-Суһрапқа” жазған “Сөз басы” ғылыми мақаласынан айқын көрінеді. Әдебиетші Фирдоусидің өмірі мен шығармашылығы жайлы толық мәлімет келтіре отырып, ол жазған классикалық мұралардың жазылу тарихын, оның басқа тілдерге аударылуы мен зерттелуін талдайды.

Кеңес кезінде ескерусіз қалған бұл пікірлердің мәні зор екені сөзсіз. ХХ ғасыр басындағы баспасөзде сол кездегі ақын-жазушылардың туындыларын талдаған мақалалармен қатар әдеби-танымдық мәселелер де көтерілгені анық. Ол талдаулар жанрлық тұрғыдан жүргізілгендіктен ұлттық әдебиеттану ғылымында теориялық ұғымдар мен түсініктердің қалыптасуына тікелей әсер етті. Қазақ тілінің тазалығы, қазақ өлеңінің құрылысы т.б. турасындағы ғылыми-теориялық ой-пікірлер осы кезеңде ерекше қарастырылды. Заман талабына сай ескі шағатай тіліндегі, араб, парсы әдебиеті әсерінде туған мұралар сынға ұшырап, олар ұлттың жаңа әдебиетіне кері әсер етеді деген пікірлер де орын алды.

“Айқап” журналында қазақ тілінің тазалығын сақтау мен қазақ поэзиясының “ескі” және “жаңа” өлеңі туралы пікірлер айтылды. Осы орайдағы әдеби сынның жетекші рөл атқарғаны туралы арнайы зерттеулер жазыла бастады. Атап айтсақ, С.Торайғыровтың “Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан” (1913ж Айқап, №13) атты мақаласында қазақ поэзиясының даму жолы мен көркемдік жетістіктері жан-жақты қарастырылған. Ақын-әдебиетші “Бұрынғы “Зарқұмдарды” құмға көміп, “Сал-салдарын” суға лақтырып, пері қыздарын аспанға ұшырып, ақырында ескі достарына қош айтыса бастаған” қазақ өлеңінің қисынын анықтап, түр мен мазмұны сай, көркемдік деңгейі биік, ойы терең мағыналы өлеңдер қазақ әдебиетінде көп емес екенін ескертеді. Әдебиетші өлеңге нақты көркемдік шарттар қойып, ақынның “...күндікке ізденіп, өзіңше ойыңнан ұйқасыңқырап шыққан керекті-керексіз сөздің...” бәрін көркем туынды деуге қарсы. “Кейіп жоқ, келісім жоқ “қатын ойбайды” өлең деп бағалаудан да аулақ. С.Торайғыров “Милли шиғыр”, “Әдебиет өрнегі”, “Ахырет” деген өлең жинақтарын (авторы белгісіз) талдай келе: “Қайда қиысқан назым? Қайда көңілге, тілге ұнау... Теп-тегіс өрескелсіз өлең?...”, - деп, қатты сынға алады. Әдебиетші С.Торайғыров қазақ тілінің тазалығы, өлең құрылысы теориясын қазақ поэзиясының “ескі” және “жаңа” өлеңдерін жүйелей отырып, өлең қисынына нақты ұсыныстар жасайды. Өлеңнің мағыналы, көркем болуымен қатар оның қажетті тақырыптар мен жаңа идеяларды жырлауын, оның “анық ақсүйек, аты жоғалмайтын “өлең”, “өнер” деген атауға сай әдеби туынды болуын шарт қылды. Осы ретте әдебиетші С.Торайғыров Абайдан үлгі-өнеге алуды ұсынып, қазақ поэзиясының келешегі осы Абай бастаған жол екенін дәлел етті.

Әдебиетші С.Торайғыров мақаласындағы әдеби-теориялық талдаулар “Қазақта” шыққан Ә.Бөкейханның “Ән, өлең һәм оның құралы” (1914, № 67) мақаласына да тән. Ә.Бөкейхан өнер мен әдебиеттің қоғамдық міндетін анықтап, өлеңді әуен – музыка өнерімен сабақтастыра қарастырады. Зерттеуші талдауларын М.Лютер, Гете, Шопенгауэр, Бетховеннің пікірлерімен дәлелдеп, ғылыми негізге бұрады.

“Жазу тәртібі”[ix] атты мақаласында Ахмет Байтұрсынұлының қазақша жаңа жазу жүйесінің ерекшеліктеріне тоқталып, қалай жазылса, солай оқуды құптап, кейбір басқа пікірлермен айтысқа түсті«Қазақша сөз жазушылар» (1913) атты мақаласында: «Қырық мысал», «Маса» турасында айтатыным: олар халық үшін жазылған нәрсе, халық айтуынша жазылған. Өз тілімізді шығарып емле түзегенше, халықтың айту ауданынаншықпаймыз». А.Байтұрсынұлының араб Әліп-биін жақтаған баяндамасы «пәнді мәселені қарауға» («Жаңа низам», 1926, № 7-8)арналған. Осы баяндамада А.Байтұрсынұлы араб жазуы туралы тарихи маңызы зор мәлімет береді: «Түрік жұртының 90% баяғыдан бері араб әрпін пайдаланып келеді. Әрқайсысының араб әрпімен жасалған хат мәдениеті бар». Әдеби терминдерге қатысты А.Байтұрсынұлы «Түрікшелер құрылтайы» атты мақалада өзінің «Пән сөздерінің жүйесі туралы. Түрік тілінің пән сөздері туралы» баяндамасын талдап береді. Осы орайда терминдерге қатысты басты қағидасын түсіндіреді: «Пән сөздері жағынан басынан-ақ қазақ басқалардан бөлек жолтұтынды, басқа түріктер әдебиет тілі араб, парсы сөздерімен шұбарланса көркем болады дегендіктен, екінші, өз тілдерінен пән сөзіне лайық сөздер іздеуге ерініп дайын пән сөздерді ала бергендіктен, түпкі ана тілімен әдебиет тілі бөлектеніп, өз сөздерін жат сөздер жұтып, жойып жіберу дәрежеге жеткен. Қазақ жат сөзге әуестенбей, пән сөздерін өз тілінен жасауға тырысты. Әдебиет тілі ауылдағы қазақтың қат білетін, білмейтін – қайсысына да болса түсінікті болуын көздеді. Тіл арасына жік түсіп айырылмас үшін, жат сөздерді амалсыз болған жерде ғана алатын тәртіп қолданды. Ол тәртіп қазақ білімпаздарының тұңғыш тобында қабылданғаны айтылды».

Ғасыр басындағы әдеби бағыттағы ой-пікірлер халықтың сөз өнерінің үлгілері негізінде жүзеге асты. Айталық, “Айқап” журналындағы С.Ғаббасовтың “Тарих қазақ жайынан” (1915, № 14, 15); Қазақұлының “Ғылым бабы” (1911, № 1); Д.Қашқымбайұлының “Кел, қазақ, ел болайық” (1911, № 6); М.Сералиннің “Қай заман қазақ Россияға қараған” (1914, № 1), “Қазаққа тарих керек пе?” (1912, № 7); М.Ж.Көпеевтің “Туысқан бауырларыма бір насихат” (1912, № 7, 8); “Қазақ” газетіндегі М.Дулатұлының “Алаш не сөз” (1913, № 15), “Тарихи жыл” (1917, № 212); Түрік баласының “Қазақта муфтилік мәселесі” (1913, № 11), “Тарих жайынан” (1913, № 2-9); Ә.Бөкейханның “Шәкәрімнің түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі”[x] атты мақалалардағы әдеби-тарихи мәліметтер ұлттық әдебиеттануға, оның кәсібиленуіне зор үлес қосты. Ғұмар Қараш “Тіл-әдебиет” атты мақаласында әдебиеттің орны мен мәнін бағалай отырып, оны таныту істерін жетілдіруді меңзейді: “Тіл-әдебиет бір миллят үшін әлбетте керек. Оның керектігі турасында жазылмақ сөздердің бәрінде бұл орында жазып бітіру мүмкін емес… Біздің де өзімізге айырым тіл-әдебиетіміз әлбетте бар. Жоқ болса оны болдыруға, көміліп жатқан мол қазынаны дүние жүзіне шығаруға, үлкен-кіші, баршамыз да борыштымыз һәм міндеттіміз” (Айқап. 1912, № 10) Ғ.Қараш осы орайда: “Бізде әдебиет бар ма? Бар болса ол қандай?” деген сауалдарды батыл көтереді.

ХХ ғасырдың басында қазақ әдебиеттану ғылымында абайтану саласының тұсауы кесілгенімен ерекшеленетіні белгілі. Алаш ардагерлерінің ұлы ақын шығармаларына қатысты әрбір мақалаларында ұлттық әдебиеттану ғылымының нақты мәселелері көтеріліп, әдеби-теориялық тұжырымдар, әдебиеттің тарихи негіздері қарастырылған. Бұларда Абайдан үйренуге шақыру, оның қазақ әдебиеті үшін үлгілі шығармашылығының қырларын насихаттау басты нысанаға алынған. Атап айтсақ, осы кезеңдерде тек ақынның шығармашылығы жөнінде Ә.Бөкейхан “Абай (Ибраһим) Құнанбаев” (Семипалатинский листок. 1905, № 250) мен К.Ысқақұлы (Абайдың 1909 жылы Петербургте жарық көрген кітабына алғысөзі) бастаған зерттеулер қатары А.Байтұрсынұлының “Қазақтың бас ақыны” (Қазақ. 1913, № 40, 43), М.Дулатұлының “Абай” (Қазақ. 1914, № 67), “Абай” Абайдың қайтыс болуына 10 жыл толуына жазылған (Қазақ. № 67, 23 маусым), Ж.Аймауытов пен М.Әуезовтің “Абайдың өнері һәм қызметі” (Абай. 1918, № 2, “Екеу” деген бүркеншік атпен), М.Әуезовтің “Абай” (“Қоңыр” деген бүркеншік атпен 1922 жылы “Шолпан” журналының 4-5 сандарында “Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі”), І.Жансүгіров (Ташкенде шыққан “Абай кітабы” (1922) “Тілші” газеті, 1923, 8 мамыр), М.Жұмабаев “Алтын хакім Абайға” (1912), Т.Шонанов, Н.Төреқұлов “Әдебиетімізге көз салу” (Қазақ, 1916, № 164), Ғ.Сағди “Абай” (Ақжол, 1923, № 335), Дж. Кеннан “Абайдың орыс достары”. Кіт.: Дж. Кеннан. Сібір және жер аударылғандар. 1906, З.Әміре “Әдебиет қазақия яки қазақтардың тіл өнері” (Уфа, 1909), В.Н.Белослюдов “Абай жүрген ізбенен” (1985). Кіт.: Белослюдовтің қолжазбасынан”, Н.Рамазанов “Абай Құнанбаев” (1845-1904) орыс тілінде (Мәскеу, “Әлшархият” (Восточный сборник в честь А.Н.Веселовского.), 1914, 224-227 б.б.) т.б. еңбектер жарық көрді.


Дата добавления: 2015-12-01; просмотров: 58 | Нарушение авторских прав



mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.013 сек.)