Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

МӘНМӘТІНДІК МАЗМҰН

Читайте также:
  1. АДАМ АНАТОМИЯСЫ» ПӘНІ БОЙЫНША ЛЕКЦИЯЛЫҚ САБАҚТАРДЫҢ МАЗМҰНЫ
  2. МАЗМҰНЫ
  3. ПӘН МАЗМҰНЫ

Дәріс. ХХ ғ.б. қоғамдық-саяси ахуал және оның ел руханиятындағы көрінісі. Ұлттық әдебиеттің дамуы. ХХ ғасыр басындағы қазақ баспасөзі.

Мақсаты: ХХ ғ.б. қоғамдық-саяси ахуал және оның ел руханиятындағы көрінісі мен ұлттық әдебиеттің дамуындағы жаңа бағытты, сондай-ақ ХХ ғасыр басындағы қазақ баспасөзінің даму, қалыптасуын түсіндіру. Қазақ баспасөзінің алға қойған мақсат, міндеттері мен ел ішінде атқарған ролін талдау.

Сұрақтар:

1. ХХ ғ.б. қоғамдық-саяси ахуал

2. Оқу-ағарту ісінің дамуы

3. Әдебиеттің дамуындағы жаңа бағыттар

4.

Дәріс мәтіні (тезис)

ХХ ғасырдың басында қоғамдық-саяси ахуал күрделі еді. 1907-1917 жылдар аралығында патшалық Ресей қазақ жерiн отарлау саясатын одан әрi жүргiздi. Халықтың жанайқайы, Қарқаралыдан, Лепсiден, тағы басқа алаш жерiнен естіліп жатты. Петербор газет-журналдарында 1906-1910 жылдары жарияланған Ә.Бөкейхан, М.Тынышбайұлы мақалалары, қырым татарларының “Тәржiман”, татардың “Дiн уа магишат”, “Ихтисад”, “Шора”, “Уақыт”, “Жұлдыз”, т.б. басылымдарындағы материалдар әдiлетсiздiктi әшкерелегенiмен, басқару аппараты оларды қаперiне де алмады. Орынборда шығатын “Уақыт” газетi тiкелей қазақ тағдырына қатысты: “Мұсылман қазақтардың халi тым ауыр. Асыра айтқандық емес, қазiр саны 7 миллион осы милләт өмiр, не өлiм деп күресуде. Жыл сайын переселендiк саясат олардың 1 млн. десятина жерiн тартып алып, өздерiн таулы-тасты, құнарсыз жерге қуып жатыр. Рас, патша жарлығымен қазақтарды жермен қамтамасыз ету қаралған-ды. Бiрақ берiлмек болып отырған 15 десятина жер қазаққа өте аздық етедi. Сондықтан олар бұдан бас тартты”,-дегендi хабарлап, қазақтардың отырықшы болуына тiлектестiгiн бiлдiредi. Қазақ оқығандары мен ақын-жазушылары қазақтың осы ауыр хал-ахуалына және болашақ өміріне алаңдаған ой пікірлерін әдеби туындалар арқылы әйгіледі. Дәл осы кезеңде Алаш қозғалысы тарихи аренаға көтерілді. 1917 жылдан бастапБольшевиктер өктемдігі жүзеге аса бастады.

1917 жылғы қазан революциясынан кейін кеңестік идеология, яғни большевиктік идея өз үстемдігін жүргізе бастады. Ол ең әуелі әдеби шығармаларда көрініс тапты.

Ұлттық әдебиетті қалыптастыру, сол бағытта дамыту мақсатындағы ұйымдастыру, шығармашылық ізденісті өрістету шаралары өзінше мүдделі даму жолына бастады. Ұлттық әдебиеттің қызметі артты. Саяси, таптық көзқарас тұрғысынан келген жаңа бағыт өрби келе партиялық әдебиет жасау жолына бет бұрды. Мәселен, жаратылысы мен даму деңгейі әртүрлі қазақ әдебиеті мен екінші бір тараптағы орыс, украина әдебиеттерінің, сол сияқты басқа да ұлттық әдебиеттердің жеке ішкі заңдылықтарынан бұрын ортақ идеологиялық мүдде басым көрінді.Соның барлығы түптеп келгенде, түрі ұлттық, мазмұны социалистік әдебиеттің, яғни кеңестік жаңа әдебиет кезеңінің тууына негіз болды.

Дегенмен, қазақтың ұлттық әдебиеті тарихындағы бұл жылдардың өзіндік ерекшеліктері басым. Әдебиеттің дамуында әдеби байланыстар өрістеп дамыды. Қазақ әдебиетінің тарихында бұл үрдіс аударма жанры бойынша қалыптасты. әдеби байланыстар, аударма әдебиеттердің бұрын-соңды болмаған сипатта кеңінен өрістеуі мәдениет үрдісінде, қоғамдық өмірде барынша терең із қалдырды.

Біріншіден, әлем әдебиетіндегі, орыс және басқа республикалар әдебиетіндегі классикалық шығармаларды ана тілімізге аударып, зерттеп, насихаттау үрдісін атауға болады. Бұл әдебиеттің барлық жанрларында, айта берсек, саяси-қоғамдық әдебиеттер саласында да кең өрісті арна түзді.

Екіншіден, ұлттар мен халықтар арасындағы әдеби байланыстар (орыс - қазақ, қазақ – қырғыз, қарақалпақстан, өзбек, татар, башқұрт, әзірбайжан, тәжік, түркмен, т) қалыптасып, өрістеді. Орта Азия және шығыс халықтарымен әдеби-мәдени байланыстар дәстүрлі өлшемдер аясынан шығып жан-жақты өрістеген тынысты шығармашылық әріптестікке ұласты. Орта Азия респуликаларының әдеби тынысы жақындасып, ортақ сипаттары қордалана түсті.

Үшіншіден, қазақ әдебиеті шығармаларының шет елдер тіліне аударылу жолға қойылып, шетел әдебиетіндегі «қазақтар тақырыбының өрбуіне өріс ашылды.

Төртіншіден, қазақ әдебиетінің шығармаларында шетел тақырыбы көрініс бере бастады.

Бесіншіден, саяси-әлеуметтік байланыстардың табиғаты мен тарихи деректері осы кезеңдегі ұлттық әдебиеттің идеялық-көркемдік бітімінің жаңа түзілімі қалыптаса түскендігін танытты.

Қазақ әдебиеті жаңа сипатты, кең тынысты көркемдік бітімін түзіп үлгірген еді. Қазақ оқырмандары еларалық ақпараттар кеңістігіне шықты. 1905-1907 жылдардағы төңкеріс жұртшылықтың саяси белсенділігін ғана емес, Ресейдің шеткері аймағын мекендеуші елдер әдебиеттерінің дамуын тездетті. Осы кезде Орал, Еділ, Қазақстан, Орта Азия елдері әдебиеттерінің прогрессшіл сипаты анағұрлым артты. Татар – Г.Исқақи, Ғ.Тоқай, Ғ.Ибрагимов, Ф.Амирхан, Г.Камал; башқұрт – М.Ғафури, Ш.Бабич; қазақ – Ахмет, Міржақып, Сұлтанмахмұт, Мағжан, Жүсіпбек, Бернияз; өзбек – Авлони, Фитрат, Чолпан, Бату; қырғыз – Сыдық, Қасым және тағы басқа ұлт өкілдері көркем сөзді саяси-әлеуметтік мәселелерді шешетін құрал ретінде пайдаланып, империялық амбициядан туындаған қоғамдағы әділетсіздік, озбырлықты әшкерелеп шығармашылықтың шарықтау биігіне көтерілді. Жаңа заман қазақ жазушыларының алдына жаңа міндеттер жүктеді. Сондықтан түркі әдебиеттеріне ортақ, басты тақырыптар болып ескілік пен надандықпен күрес, ағартушылық пен прогресске үндеу, ұлттық езгі мен теңдік мәселелері саналды. Бұл бағыттағы шығармашылық ізденіс, көркем-эстетикалық көріністер М.Дулатов, С.Торайғыров, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, Б.Майлин, М.Әуезов, т.б. әр түрлі жанрдағы шығармаларында айқын бедерленді.

ХХ ғасыр басындағы ірі құбылыс - Ахмет Байтұрсынов – қазақ халқының рухани дүниесін жаңғыртып, ұлттың тарихи санасын түлеткен дара да дана дарын иесі деп айтамыз. Ол біріншіден, әдебиетте оқу ағартушылық бағытты дамытты, халықты өнер, білімге шақырып өлеңдер жазды. Екіншіден, өзі де жаңа бағытта оқу ағарту ісімен шұғылданды. Ұстаздық етті. Үшіншіден, қазақ баспасөзін дамытты. Газет арқылы көпшіліктің көзін ашты. Сол кездің жаңалығын қазақ даласына таратты. Төртіншіден Әдебиеттану ғылымының негізін салды. Бесіншіден тіл ғылымының негізін салды. алтыншыдан қазақ әдебиетінде аударма саласының дамуына үлес қосты. Алтыншыдан, ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, жариялады. Жетіншіден, қоғамдық саяси мәселенің бел ортасында жүрді. Ол қазақ танымын әлемдік өркениеттің аса күрделі де шырғалаң үрдісті жолына бастады. Уыздай уылжып тұрған қазақ мәдениетін адамзаттық адуынды таным мектебінен өткізіп, бұғанасын бекітті, қанатын қатайтты. Шоқан, Абай ұлықтаған ұлттық сананы өркениет көрігінде суарды, замана заңғарына шығарды, шыңдады. Сол сияқты Әлихан Бөкейханов, М.Дулатов, С.Торайғыров, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, Б.Майлин, М.Әуезов т.б. осындай істер атқаруға үлес қосты.

ХХ ғасыр басында Абай дәстүрі, Абай мектебі қалыптасты. 1904 жылы жазылып, 1905 жылы Семейдегі листокта жарияланған Әлихан Бөкейхановтың ақын туралы азалы толғамы содан былайғы зерттеулерге негіз болды деуге болады. А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев сынды көрнекті әдебиетшілер сол кездің өзінде Абайтану ғылымының негізін қалады. ХХ ғасыр басында шығармашылығы айқын көрiнген Мәшһүр Жүсiп Көпейұлы, Шәкәрiм Құдайбердiұлы, Нарманбет, Орманбетұлы, Нұржан Наушабайұлы, Мақыш Қалтайұлы, Ғұмар Қараш, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов Ұлы ұлттық дәстүрді қалыптасырған, жаңа заманның алымы мен шалымынан хабардар едi. Тiптi осы аты аталған қаламгерлердiң барлығы да өз тұсындағы мерзiмдi баспасөзбен байланыста болды. “Дала уалаятының газетiнде”, “Айқапта”, “Қазақта” олардың әр түрлi мақалалары жарық көрдi. Қазан, Уфа, т.б. қалаларда бұл ақындардың кiтап-жинақтары жарияланды. Олар – алдында дана Абай тұрған дәуiрдiң ақындары болатын

Алаш ұранды әдебиетпен қатар әдебиеттің басқа да бағыттары, дәстүрлі әдебиет үлгілері дамыды. ХХ ғасырдың басындағы әдебиет ұлттық рухының беріктігімен дараланады.

Ғасыр басындағы азаттық-ағартушылық қозғалыстар, зиялы қауым тарапынан жасалған іс-әрекеттер түркі жұртының саяси, қоғамдық-әлеуметтік ой-сана белсенділігін де біршама арттырғаны мәлім.

ХХ ғасырдың басында оқу ағарту мәселесі жанданды. Қазақ арасында оқу ағарту жұмысы екі түрлі болды. Оның бірі мұсылманша оқу, екіншісі орысша оқу еді.

Қазақ арасында діни, мұсылманша оқу Қазақстан Россияға қосылмай тұрып та бар еді: әр жерде жеке ауыл болып, бірнеше ауыл болып бірігіп, ортадан молда ұстайтын, балаларды соған беріп оқытатын еді. Қазақстан Россияға қосылғаннан кейін де көпке дейін осылай болып келеді.

XІX ғасырдың ақырынан XX ғасырдың басынан бастап жаңа, төте оқу-ұсулы жәдит оқу шығуға байланысты, қазақ арасындағы мұсылманша оқу Бұхара, Қазан жағындағы мұсылманша оқудың үлгісі, тәртібі бойынша мектеп (бастауыш оқу), медресе (орта дәрежелі оқу) болып аталады. Олар 1917 жылғы Октябрь революциясына дейін өмір сүріп келді.

Сөйтіп, XX ғасыр басында қазақ арасында мектеп, медреселер көбейіп, оларда дүниелік ғылымдар оқылды; қазақ тілінде кітаптар көбейді. Д.Қамзабекұлы өз зерттеуінде:

Жәдитшiлдiк ұғымының қазақ нұсқасы екi асудан тұрады деп есептеймiз. Бiрiншi асу 1890-1911 жылдар – үйрену, тәжiрибе жинау шағы. Екiншi асу – 1911-1920 жылдар – жәдитшiлдiк кең өрiс алып, Алаш қозғалысына ұласу шағы.

Бiздiң ұғымымызша, жәдитшiлдiк – Ресей империясының мұсылман аймақтарына ортақ, дәстүр мен жаңашылдықтың синтездi құбылысы. Оны қарапайым тiлге аударсақ, “жаңару”, “елдiктi сақтау үшiн жаңа бағыт ұстау” дегенге саяр едi. Ресей империясының мұсылман халықтары тарихында негiзi ортақ жәдитшiлдiк қозғалысының дамуы бiртектi емес. ХХ ғасырдың 10-жылдары ол Қазақстанда – алаш, Әзiрбайжанда – мусават, Қырымда – милли-фирк, Татарстанда – иттифак әл-муслимин қозғалыстарына ұласса, өзбекстанда (Бұхара, Хиуа) мазмұны бастапқыдан бiраз өзгерсе де “жадидизм” атауымен дами бердi.

Жәдитшiлдiк – бiрыңғай саяси сипатты қозғалыс емес, ол – ағарту iсi мен руханиятты тұтастай қамтыған идеялық негiзi бар концепция әрi ағым. Концепция болатын себебi, онда дара ағартушылардың ойларына табан тiреген, идея мен тәжiрибенiң арасын қосқан көзқарастар жүйесi бар. Ал, ағым болуының мәнiсi, ол белгiлi кезеңде Ресей мұсылмандарын ағартудың бiр жолын, бiрақ тиiмдi жолын көрсеттi. Алайда, бұл баламасы жоқ жалғыз жол емес болатын.

“Жәдит” терминi ХIХ ғасырдың екiншi жартысында өмiр жүзiне шықты. “Жәдид-и” арабтың “жаңа” деген мағына беретiн сөзi. ХIХ ғасыр соңында Ресей империясын әлемдiк озық педагогика тәжiрибесiне сәйкес, алғаш рет мұсылман балаларын дыбыс жүйесiмен оқытуды қырым-татары, күллi зиялының аузында жүрген ағартушы Исмаил Гаспринский бастайды. Бұл жүйе “усул жәдит” деп аталады (усул - әдiс деген сөз). Қырымдағы Бақшасарайдың Зинджирлы медресесiнде басталған осы жаңаша оқыту әдiсi санаулы жылдарда Ресейдiң күллi мұсылман аймағына, тiптi шетел – Үндiстанға дейiн тарайды. И.Гаспринскийдің «Тәржіман» газеті, ондағы түрікшілдік идея, жалпы прозасы, «Орыс мұсылмандығы», «Орыс – Шығыс келісімі» еңбектері жалпы түрік зиялыларын серпілтуге себепші болды.

Жәдитшiлiктiң екiншi сатысында (жәдитшiлдiктiң алаш қозғалысына ұласу шағы) алаш жұртында “Айқап”, “Қазақ” тәрiздi газет-журналдар, “Қазақша әлiппе” (М.Нұрбайұлы), “Тiл құрал” (А.Байтұрсынұлы), “Есеп кiтабы” (М.Дулатұлы), “Иман-Ислам” (Н.Манайұлы), “Құран құралы” (Н.Күзембайұлы) сынды оқулықтар шыға бастады. Оқудағы шәкірттер оянды, қарапайым оқушы санасында сең қозғалды. Қазақ әдебиеті жәдитшілдіктің негізгі қағидаттарын поэзия және проза тілімен көпшілікке жеткізді. Қазақ және басқа түркі халықтары арасындағы сыртқы қатынастар түркі әлеуметтік-саяси бағыттарда дамыды. Ал қазақ әдебиетіндегі қарама-қарсы ағымдар жәдитшілдіктің пайда болып, азаттық-ағартушылық идеяның қанат жаюы және отаршылдыққа қарсы саяси революциялық ағымдар мен дін-ислам аясында ұлттардың бірлігі негізінде қолдау тапты. Бұған жаңа өрлеу үстіндегі қазақ әдебиеті мен түрік, татар, башқұрт, әзірбайжан, өзбек әдебиеттерінде өте-мөте нығая түскен романтикалық, реалистік тенденциялар мүмкіндік туғызды.

Сонымен, қазақ әдебиетіндегі шығармашылық потенциалдың өсуіне орай, оның туысқан елдер әдебиетімен ішкі, сыртқы байланыстары бірте-бірте қарқындады. Сөйтіп, олардың сөз өнері тақырыптық, жанрлық, көркемдік деңгейде өсіп, профессионалдық қалыпқа жетті.

Осы орайда, жекелеген ақын-жазушылардың іштей қарым-қатынас жасап, шығармашылық байланыстар жасауы заңды құбылыс екені аңғарылады. Кейде тіпті олардың (қаламгерлердің-С.С.) бір-біріне деген өзара ықпал-әсері де мол болғанға ұқсайды.

Елдi ағарту мен жаңа кезеңге сәйкес ұлт өрiсiн кеңейту қоғамдық-саяси мiндеттердiң ауқымына сыймады. Сондықтан қауымды жаппай ояту үшiн елшілдік күрес бiр амал болса, екiншi амал – рухани серпiлтуге тiрелдi. “Тiл мен әдебиет жойылса – ұлт жойылады” деген тұжырым – осы кезеңнiң ақыл-ой жемiсi едi. Ғасырлар тезiнен өткен әдеби қоры бар алаш қауымына елдiң соны сұранымын қанағаттандыратын әдебиет, рухани жүйенi байыптатуға жәрдемiн тигiзетiн әдеби-эстетикалық тұжырымдама қажет болатын. Осы орайда зиялылар талабының нәтижесiнде жәдитшiлдiктiң өрiс алып, Алаш қозғалысына ұласар тұсында баспасөзде алғашқы әдеби концепциялар жарық көре бастады. Қаз-қаз басқан осы әдеби тұжырымдамаларды бiз сол шақтың шындығына сай зерделеуiмiз керек.

Сонымен шығармашылық белесi ХХ ғасырдың 10-жылдары айқындалған ақындардың әдебиет туралы тұжырымдамаларын сараптай келе мынандай тоқтам жасауға болады: Бiрiншiден, аталған кезеңнiң ақындары ағартушылық әдебиетке үндерiн қосып қана қоймай, әдебиеттің қызметi (функциясы) туралы ойланған. Екiншiден, олардың әдеби-эстетикалық тұжырымдары сол шақтың тарихынан, рухани бағыт-ауанынан өрбiп отырады. Тұжырымдарда ұлттық, дiни, Батысқа ыңғайлану сарындардың негiзгi сипат алуы табиғи заңдылық. Үшiншiден, бұл ақындар ұлт әдебиетi, жалпы көркем сөздiң қуаты жөнiнде әр түрлi пiкiр бiлдiрсе де, ол пайымдар салаланып келiп бiр арнада тоғысады. Ол арна – сапалы қазақ әдебиетi туралы ой-толғам арнасы.

Сондай-ақ ХХ ғасырдың басында қазақ ортасында әдебиет туралы сөз айту немесе әдебиетші болу қалыптаса бастады. Біз мұны әдеби сынның қалыптаса бастауы десек те болады. Демек, әдебиеттану ғылымының туып, қалыптасқанын көрсетеді.

1910 жылы М.Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» романы дүниеге келді. Ә.Бөкейхан бұл туралы: «Біз өз бойымызға лайықтап, мұны қазақ әдебиетінде тәуір қызметке санаймыз» деп жазды. 1913 жылы «Қазақ» төңірегіндегі азаматтардың бастамашылдығымен Есенқұл Маманов қазақта тұңғыш рет «роман бәйгесін» жариялады. Осы көркемдік қозғалыс әсерінен туған С.Көбейұлының «Қалың мал», Т.Жомартбайұлының «Қыз көрелік», С.Торайғырұлының «Қамар сұлу», «Кім жазықты» т.б. романдары дүниеге келді.

1915 жылы К.Төгісұлының «Надандық құрбаны» атты пьесасы жарық көрді. Бұған түрлі сын жазылды. Мұнан кейін әлі кітапша болып жарияланбаса да әр жерде сахналанған «Еңлік-Кебек» (М.Әуезұлы), «Әулие тәуіп», «Қасқырлар мен қойлар», «Бостандық жемісі» (Қ.Кемеңгерұлы), «Шын сүйіскендер» (Б.Күлейұлы), «Тікбақайлар», «Қызыл қашар», «Балқия» (М.Дулатұлы) т.б. драмалық шығармалар жаңа жанрдың туып, қалыптасуына себепші болды.

Қазақтың жаңа сападағы прозасы ХХ ғасырдың 10-жылдары туа бастады. Алғаш жазушылар жеке-дара көрiндi. Бiрақ уақыт көркем әдебиеттi жасаушылардың топтасуын талап еттi. Қоғамның белгiлi заңдылығына сәйкес, топтасудың нышаны жастар жағында көрiндi. Уфадағы “Медресе Ғалия” шәкiрттерiнiң бiрiгiп, ортасынан “Садақ” атты қолжазба журналын шығаруы (1915), Омбыдағы қазақ жастарының тұңғыш ұйымы “Бiрлiк” (1914) мүшелерiнiң “Балапан” атты қолжазба журнал жариялауы (1916) – осы сөзiмiзге дәлел. Мағжан Жұмабайұлының соңғы аталған журналға қатысты “Балапан қанат қақты” атты аллегориялық туындысы қазақ әдебиетi тарихында бiздiңше, әлi жете бағамдалған жоқ. Ақын бұл шығармасында көзi қарақты оқушыға “Балапанмен” бiрге жаңа бағыттағы (еуропалық сипаттағы) әдебиеттiң туғандығын айтуды мақсат еткен.

Сонымен ХХ ғасыр басындағы ұлт санаткерлерінің жаңа әдебиет жанрларын қалыптастыру хақындағы тұжырымдарын байыптай отырып, мынандай қорытынды шығарамыз: 1. Олар әдебиеттi ұлттың бет-пердесi ғана емес, рухы мен жаны деп ұқты. Сондықтан қиын кезеңде (отаршылдық) оның эстетикалық күшi мен идеялық-әлеуметтiк қуатын қатар қойды; 2. Бұл азаматтар халық әдебиетi мен жазба әдебиетiнiң жүрiп өткен жолын саралай келе, ендiгi жерде ол Еуропаның сыншылдық рухын сiңiруi керек деп шештi. Бiрақ сан ғасырлық дәстүр мен тәжiрибеден қол үзбеудi, қайта оны жаңа серпiнмен дамытуды қалады; 3. Зиялылар Абай тұлғасын әдебиеттегi сапалық құбылыс, бетбұрыс деп есептедi; 4. Ұлт оқығандары қазақта бұрын болып көрмеген жаңа жанрлар (роман, драма, т.б.) тiл, бейне, рәмiзге бай алаш әдебиетiн өркендетедi және әлемге танылуын тездетедi деген түйiн жасады. Оларды орнықтыруға шамасы келгенше жәрдем еттi.

ХХ ғасыр басында әдеби жанрлардың түрі туып қалыптасты. Атап айтқанда: Роман жанры, драма жанры, поэма жанры, лирика, мысал жанры, әңгіме жанрында модернистік, символистік, экзистенциалистік белгілер орын алды. Бір ғана С.Торйғыровтоң өзі поэма жанрын түрлендіре дамытты.

ХХ ғасыр басында ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, жариялау ісі жанданып, жүйелі түрде жолға қойылды. Халық поэзиясының әр түрлі саласына: әдет-ғұрпы мен тұрмыс-салтына байланысты және көңіл-күйін көрсететін өлең-жыр, жұмбақ, жаңылтпаш сияқты көптеген шығармалар жиналды. Қазақтың ертегілері мен эпосынан, мақал-мәтелдерінен де бай материалдар жиналды. Жинау жұмыстары Қазақстанның Солтүстік пен Шығыс, Оңтүстік пен Батыс және Орталық аудандарын қамтыды. Шын мәніндегі қазақ фольклортану ғылымының іргетасы да осы кезеңде қаланды. Осы кезеңде белгілі фольклортанушылар Ә.А.Диваев, М.Көпеев еңбектері жарияланды. Сондай-ақ қазақ фольклорының үлгілері ресейлік басылымдармен қатар қазақ тіліндегі баспасөз беттерінде де үздіксіз жариялана бастады. XX ғасырдың басында халық мұрасын жинау, жариялау ғылыми-зерттеу жұмыстарымен сабақтаса жүргізілді.

1905 жыл революциясынан кейін қазақша газет, журналдар да шыға бастады. Яғни бұл кезде қазақ тілінде 6 газет, журнал шықты; ол газет, журналдар мыналар еді.

«Серке» газеті Петербурда татар тілінде шығып тұрған «Үлфәт» деген газетке қосымша ретінде 1907 жылы Петербурда шыққан. Бір нөмірі шығып тоқтап қалған. Редакторы Хажы Ыбраимов деген кісі болған.

«Қазақ ғазиты» 1907 жылы март айында, Троицкі қаласында шыққан. Бір нөмірі шығып тоқтап қалған. Шығарушысы Хайм Шумлих Сосновский, бастырушылар Жетпісбай Андреев, Ешмұхамбет Иманбаев деген кісілер болады. Яғни ресми мекемелердің кісілері шығарды, редакторы болды. Жартылай ресми газет еді.

«Қазақстан» газеті, 1911 жылы 16 марттан бастап Ордада екі тілде, шағын көлемді, 6 бет болып шықты. Ол жылы 4 саны шығып тоқтап қалып, 1913 жылы, 28 январьдан қайта шыға бастады. Барлығы 13-14саны шықты. Оның шығарушысы Елеусін Бұйырин деген адам болды. Газеттің бірінші бетінде: «Газеттің асыл мақсаты: кәсіп ету, ғылым үйрену турасында деп жазылды.

Қазақ» газеті 1913-1918жылдары Орынбор қаласында жарияланып тұрған қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени басылым.ХХ ғасырдың басындағы Алаш зиялыларының үні болған бұл тарихи газет сол тұстағы қазақ баласының ойын, ұлттық өресін тәрбиеледі. Ұлт-азаттық қозғалыстың басты басылымы болған «Қазақ» газеті Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы бастаған ұлы шоғырдың ұлт алдындағы орасан еңбектерін халыққа таныта отырып, әлеуметтің саяси жағынан сауаттануына, ұлттық намысының оянуына, тұтас ел болып ұйысуына өлшеусіз еңбек сіңірді. Бұл газет көтерген идеялар халқымызды біріктіріп, тәуелсіздікке ұмтылуына қуат берді. «Алаш» партиясының, автономиясының үні болған газет халқымыздың күрес жолындағы айғақтарына толы басылым. Бірінші саны 1913 жылғы 2 ақпанда шыққан. 1915 жылға дейін аптасына бір рет, одан кейін екі рет шығып тұрған. Бастырушысы – «Азамат» серіктестігі. Газетке қаржылай көмектескендердің көшбасында Мұстафа Оразайұлы бар. Жалпы 265 нөмірі жарық көрген. Газет рәміздік-бейне ретінде киіз үйді ұсынды. Бұл – «қазақ ұлты» деген ұғымды берді. Оның түндігі батыстан ашылып, есігіне «Қазақ» деп жазылды. Мұны түсіндірген ұлт зиялылары «қазақ ішіне Еуропа ғылым-өнері таралсын, «Қазақ» газеті қазақ жұртына әрі мәдениет есігі, әрі сырт жұрт жағынан күзетшісі болсын» деп жазды. «Қазақ» газетін шығаруды ұйымдастырушы, редакторы – А.Байтұрсынұлы, оның өкілетті өкілі М.Дулатұлы болды. 1918 жылы газетті Жанұзақ Жәнібекұлы басқарды. Басылымда А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейхан, М.Дулатов, М.Шоқай, М.Тынышбайұлы, Ш.Құдайбердіұлы, Ғ.Қараш, Р.Мәрсеков, Ж.Тілеулин, Ғ.Мұсағалиев, М.Жұмабаев, Х.Болғанбаев, Х.Ғаббасов, Ж.Ақпаев, Ж.Сейдалин, С.Торайғыров, А.Мәметов, Х.Досмұхамедұлы, С.Дөнентайұлы т.б. авторлардың мақалалары жарияланып тұрды. ХХ ғасыр басында аталған газет оқығандардың, діндарлардың, шәкірттердің, қарапайым сауаты бар адамдардың, тұтастай жалпы ұлттың ықыласпен оқитын басылымына айналды. Бұдан кейін пайда болған барша елшіл газет-журналдар осы «Қазақтың» шекпенінен шықты. «Қазақ» газеті бетінде жарық көрген материалдар ұлт-азаттық қозғалысын зерттеуге, оның тұлғаларының өмірбаянын толықтыруға, «Алаш» партиясының, Алашорда үкіметінің тарихын тануға мол дерек береді.

«ҚАЗАҚТЫҢ» ШЫҒУ ТАРИХЫ
Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Райымжан Мәрсекұлы және басқалар бастаған алдыңғы қатарлы қазақ оқығандары жалпыхалықтық газет ашумен 1905 жылдан айналыса бастады. Алдымен олар «18 ақпан жарлығы» шығысымен өздерінің саяси талаптарын әйгілі «Қарқаралы петициясына» тізіп жазып, осы жарлыққа қол қойған орыс патшасының атына поштамен жөнелтеді.Петицияның 3-тарауында: «Қазақ халқының қазіргі мұқтажын айқындау үшін қазақ тілінде газеттер басып шығару қажет, ол үшін бастапқы цензурасыз баспахана ашуға және газет басуға рұқсат сұрау емес, құлақтандыру тәртібін орнату керек болады» деп жазылған еді.Сол жылғы желтоқсан айының басында ақпарат көзі ретінде Санкт-Петербургтің «Новая жизнь» газетін сілтеп көрсеткен семейлік «Семипалатинскій листокъ» «17 қазан манифесі мен одан кейінгі тұста Ә.Бөкейхановтың қазақ тілінде газет басып шығару үшін қырға кеткенін» хабарлады. Ал қараша айында Бөкейхан Ресейдің «жергілікті (земский) және қалалық қайраткерлерінің» Мәскеудегі съезінде қазақтың сөз бостандығына зәру екенін айтып сөз сөйледі. Ол: «Ана тілін еркін қолдану қазақтардың таяу арадағы мұқтажы, сөз бостандығы әсіресе алдағы сайлау науқанына қажет» деп мәлімдеді.

Тарихи деректерге қарағанда, «Қазақ» деген атаумен қазақ газетін шығаруға ресми рұқсат Ахмет Байтұрсынұлына 1905 жылғы желтоқсанның 9-ы берілген. Ал апталық «Қазақ» газетінің алғашқы саны 1913 жылғы ақпанның 2-сінде жарық көрді де, 1915 жылдан аптасына екі рет шығатын болды. Газет қолдан қолға, ауылдан ауылға өтіп, тозып жетіп жыртылғанша оқылды. «Қазақ» газетін метрополияның Киевтен Қазанға, Санкт-Петербургтен Томскіге дейінгі университеттерінде білім қуып жүрген қазақ студенттері жаздырып оқығаны туралы деректер кездеседі. Аз уақыт ішінде «Қазақ» 5 миллионға жуық көшпенді халықтың көпшілігі білетін басылымға айналды.
Алғаш жарық көрген күнінен бастап «Қазақ» газеті қазақ даласының қоғамдық-саяси және мәдени өміріне бес жылдан ұзақ жападан-жалғыз қызмет етті.
Оған қоса өзінен бұрынғы басылымдардың бірі де жаңа газетпен не сапасы, не көтерген тақырыптарының сан-салалығы, не таралымы жағынан тең келе алмады. Бірінші жылы 3 мың таралыммен шығып тұрған «Қазақтың» таралымы, Оксфорд университеті зерттеушілерінің мәліметіне қарағанда, көп кешікпей 8 мыңнан асып жығылды. Бұл өзінен бұрынғы басылымдардың бәрін қосқанда да көп болады.
Егер «Серке» мен «Қазақ газеті» немесе «Айқап» журналы оқыған және қалталы қазақтардың арасынан шыққан бір азаматтың немесе санаулы халықшыл азаматтың кездейсоқ және жеке бастамасымен пайда болса, «Қазақ» газеті тиянақты мақсат-мүддені көздеп, тұрақты қаржыландыру көзіне сүйенген ұжым еді.
Егер қайсыбір басылым, мысалы, «Қазақстан» мен «Қазақ газеті» немесе «Айқап» негізінен қаржының жетіспеуінен тоқтап қалған болса, «Қазақ» газетінің сенімді демеушілері болғанына мынадай дәлел бар: газет шығып тұрған 1913 жылдың ақпанынан 1917 жылдың соңына дейін оның бас редакторы Ахмет Байтұрсынұлы сан рет тұтқынға алу немесе айыппұл төлеу секілді түрлі жазаға тартылса, абақтыға жабылған әр жолы бірнеше мың патша рублі мөлшерінде ақшалай кепілдік төлеп босап шығуына тура келетін. Ол заманда мұндай қаржыға «Қазақ» секілді бірнеше газет ұйымдастырып басып тұруға болатын. Әлихан Бөкейхан 1910 жылы Санкт-Петербургта жарық көрген «Қазақтар» атты тарихи очеркінде атап көрсеткендей, 1917 жылғы дейін қазақ арасында қалыптаса бастаған екі саяси толқынның бірін «ұлттық-діни қозғалыс» деп атауға болады.
Екінші саяси қозғалысты Бөкейхан «батысшыл» деп атайды және «ол қазақ даласының келешегін – ең кең мағынада айтқанда – саналы түрде Батыс мәдениетін жүзеге асыру арқылы көреді».
Егер де алдыңғы мерзімді басылымдарды негізінен ұлттық-діни қозғалыстың өкілдері ашқан болса, «Қазақ» газетінің құрылтайшылары - Әлихан Бөкейханның өзі мен оның сенімді үзеңгілестері Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлы сынды «батысшылдар» болатын. Оксфорд университетіндегі Орталық Азияны зерттеу қоғамының пікірінше, «Қазақтың барлық маңдайалды жетекшілері оның [«Қазақ» газетінің] қызметкерлерінің арасында жүрді, оның ішінде М.Жұмабайұлы, М.Дулатұлы, Х.Досмұхамедұлы, Е.Омарұлы, А.-Х.Жүндібайұлы, М.Тынышбайұлы және тағы басқалар бар...». Біздің қазақ өзінің атынан айрылып, қырғыз атанып жүрмекші емес. Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ. «А.Байтұрсынұлы және басқалар өздерінің қазақ тарихы, қазақ фольклоры және лингвистикасы туралы зерттеулерін жариялады. Жалпы «Қазақ» газеті өте жоғары ғылыми деңгейге жетті» деп есептейді Оксфорд университетінің зерттеушілері. Әйтсе де «Қазақ» газетінің құрылтайшылары ағартушылықпен қатар, негізі 1905 жылғы «Қарқаралы петициясына» жазылған саяси мақсаттар мен мүдделерді де, оның ішінде стратегиялық мақсаттарды жүзеге асырғысы келді.
Петицияда көрсетілмеген маңызды мүдденің бірі - газеттің атауы. Ол туралы «Түрік баласы» газеттің екінші санынан бастап «Қазақ тарихы» айдарымен жарияланған тізбекті мақаласында былай деп жазды: «...Біздің қазақ өзінің атынан айрылып, қырғыз атанып жүрмекші емес. Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ. Осы ғасырдағы әлем жарығына қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай, және өзіміздің шарқ әдетіне ыңғайлы қылып «Қазақ мәдениеті» (Казакская культура) құрып, бір жағынан «Қазақ әдебиеті» (Казакская литература) тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы» (Түрік баласы. Қазақ тарихы. «Қазақ» газеті, 16 ақпан, 1913 жыл, № 3). «Қазақ» пен оның құрылтайшыларының орта және ұзақ мерзімге жоспарлаған мақсаттарына келсек, олар мыналар:
- Қазақтардың 1907 жылғы 3 маусым заңымен жойылған сайлау және сайлану құқығын қалпына келтіру; Келімсектерді қоныстандыру арқылы отарлау саясатына қарсы тұру және тәркіленген жерлерді қазақтарға қайтарып алып, меншікті жері ретінде заңдастыру;
- «Ауыл мектептеріне қазақ әліппесін енгізу, осы мектептерде балаларды ана тілінде оқыту» және «Болыс кеңселері мен халық соттарында ісқағаздарын қазақ тілінде жүргізу» арқылы астыртын және ашық орыстандыру саясатына төтеп беру;

 

«Айқап» қазақ халқының қоғамдық ой –пікірінің, әдебиетінің, өнері мен тілінің дамуына үлкен әсер етті. Оның бетінде халыққа білім беру, мәдени – ағарту мәселелері көтерілді. Медицина, агротехника, ғылым мен техниканың табыстарына недәуір көңіл бөлінді. Журналда, сонымен қатар, әйелдердің намысын қорлайтын (қалың мал, бірнеше әйел алу, теңсіз неке сияқты) феодалдық қалдықтарды жою туралы көптеген мақалалар жарияланды. «Айқаптың» хатшысы болып 1911-1912 жылдары Әкірам Ғалимов, 1913-1914 жылдары Сұлтанмахмұт Торайғыров істеді. Қызметкер, тілші, автор болып Жиһанша Сейдалин, Спандияр Көбеев, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Сәбит Дөнентаев, Бақытжан Қаратаев, Молдағали Жолдыбаев, Бекмырза Бекжанов, Нұралдин Айтмұқанбетов, Есенғали Хасаболатов т.б. қатысты. «Айқап» және оның редакторы сол кездегі саяси-әлеуметтік мәселенің ең бастысы-жер мәселелесі екенін жақсы түсінді. Мұны олар бектік-феодалдық қалдықтарына қарсы күрес барысында батыл көтере білді.
Басталып кеткен империалистік соғыс жағдайында жеке адамдар қаржысымен шығарылып келген журнал көп өмір сүре алған жоқ. Оған цензураның бақылауы күшейді. Кейбір зерттеушілердің анықтауына қарағанда, журналда Ф.Ф.Сыромолотовтың болашақ соғыстың сипаты туралы мақаласын жариялауға тыйым салып, цензор М.Сералинді Сибирьге жер аударамын деп қорқытқан. «Айқап» журналының прогресшіл қазақ интеллигенциясына игі әсер тигізгенін, оның жетекші қызметкерлері кейін көрнекті советтік қоғам қайраткерлері, жазушы және публицист болғанынан айқын көреміз.
«Садақ» атты қолжазба журналды (1915-1918) Уфа қаласындағы «Ғалия медресесінде» оқып жүрген қазақ жастары шығарып тұрған. Оны ұйымдастырушы Бейімбет Майлин және Жиенғали Тілепбергенов болды. Журнал мақсаты – оқуға келген қазақ жастарына жол – жоба көрсетіп, қалам ұстауды, сөз жазуды үйрету, өткендегі өмірдің жақсылық жағын өнеге етіп, жаманшылығынан бездіру.
Онда Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Білімдіден шыққан сөз» деген махаббат, тәлім – тәрбие жөніндегі және «Әкесінің баласы, адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың» деген сияқты жастарға арналған бірнеше нақыл сөздер басылған.
«Садақта» новелла сияқты қысқа әңгімелер, көлемді повестер, очерктер, сын мақалалар, қазақтың ауыз әдебиетінің нұсқалалары жарияланды. Жалпы алғанда журналдың бағыты мәдени-ағартушылық сипатта болды.
Омбыда оқитын қазақ жастары 1913 жылдың күзінде «Бірлік» атты жасырын ұйым құрған болатын. Бұл ұйымға алғашқы кезде Шаймерден Әлжанов, Нығмет Нұрмақов, Сәкен Сейфуллин белсене қатысып, басшылық етті. «Біздің программамыз және көздеген мақсатымыз, - деп жазды Сәкен «Бірлік» ұйымы туралы,- қазақ арасында мәдени – ағарту жұмысын жүргізіп, қазақ әдебиеті арқылы патша үкіметінің қысымшылығына қарсы идея тарату еді. Сәкеннің басшылығымен ұйым мүшелері патша үкіметінің отаршылдық саясатын әшкерелейтін листовкаларды кішкене прессмашинаға бастырып, қазақ ауылдарына таратып тұрды.
Профессор Е.Ысмайловтың айтуынша, Сәкен бастаған топ «Бірліктің» алдына тек мәдени – ағартушылық мақсат емес, сонымен саяси күрес программасын да ұсынған. 1914 жылы ұйымның қала сыртындағы жиналысында Сәкен орыс революционерлерімен бірге патша үкіметіне қарсы күреске қазақ еңбекшілерін қатыстыру мәселесін қояды. «Бірліктің» бірталай мүшелері, буржуазияшыл ұлтшылдар, патша үкіметіне қарсы күрес кезінде қазақ тең аралықта тұрсын деген ұсыныс жасайды. Бұған Сәкен қарсы шығады. Сәкен бастаған топ кейін 1918 жылдың бас кезінде алашордашылардың ықпалында болған «Бірліктен» бөлініп кетіп, өз алдына «Демократиялық совет» деген ұйым құрғаны белгілі
«Ешім даласы» газеті 1913 жылғы сентябрь айынан бастап Петропавлда екі тілде (қазақ, татар тілдерінде) шыға бастап, жыл аяғында жабылып қалған. Ол шығын көлемді, жетісіне үш рет «Ишимский край» газетінің баспаханасында басылып тұрған
«Ешім даласы» жөнінде татар баспасөзінің тарихын зерттеуші И.Рамиль былай деп жазады… «Бұл газет қазақтарды отырықшыландыру мақсатын көздеді. Жыл аяғында газет жабылды. Шығарушылар жазаға бұйырылады»
Тегінде, орталықта және шет аймақтарда революциялық қозғалыс өрлеп тұрған және бірінші империалистік соғыс басталып кеткен жағдайда аграрлық мәселенің шешілуін талап еткен газеттің өмірі ұзақ болуы мүмкін емес еді.

 

Әдебиеттер:

1. Кенжебаев Б. ХХ ғасыр басындағы әдебиет. –А., 1976.

2. Қазақ әдебиетінің тарихы (6 том). –А., 2005.

3. Мұқанұлы С. ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті. –Қызылорда, 1932.

4. Шалабаев Б. Қазақ романының тууы мен қалыптасу тарихы. –А., 19

5. Бейсенғали З. ХХғ.б. қазақ прозасы. А., 1989

6. Қазақ әдебиетінің тарихы (3 том). –А., 1967.

7. Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті. –А., 1998.

2-дәріс. Жүсіпбекқожа, Шәді, Ақылбек шығармашылығы. Ауыз әдебиетінің авторлық әдебиет арқылы зерделенуі мен көркемделуі.


Дата добавления: 2015-12-01; просмотров: 244 | Нарушение авторских прав



mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.018 сек.)