Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

Юрий Казаков, 4 страница

Читайте также:
  1. 1 страница
  2. 1 страница
  3. 1 страница
  4. 1 страница
  5. 1 страница
  6. 1 страница
  7. 1 страница

Адам жанын жаралау бір пәсте. Ал оны қалыпқа келтіру оңайға соқпайды. Қалған көңіл — сынған кесе сияқты. Құрсаулап пайдаға асырғанмен де бұрынғы сұлулығынан айрылады. Мұның бәрі бүгінгі Исмаил ініммен болған әңгімеден туындап жатыр. Сіздерге ақыл таразысына салу үшін таныстырып өтейін.

...Алматы мемлекеттік университетінің тарих факультетінің бірінші курсын аяқтап қалған кезім. Ауылдағы әкем қылтамақ болып ауырып жатқан. Ауылға тезірек қайтайын деген оймен, емтихандарды уақытынан бұрын тапсыра бастадым. Барлық сынақты, төрт емтиханның үшеуін «беске» тапсырып үлгерген кезімде ауылдан ағамның «Тез жет! Әкең хал үстінде» деген жеделхат келді. Суық хабарды растаған дәрігердің белгісі бар. Сең соққан балықтай мең-зең болған мені досым өзі сүйреп жүріп, аэровокзалға жеткізіп, ертеңгі күнге ұшаққа Қарағандыға билет алып берді. Енді бітпеген бір шаруа бар. Ол соңғы емтиханды тапсырып үлгеру! Уақыт болса аз қалды. Ол кісі жұмыста жоқ. Енді қайттім? Біреулер арқылы мекен жайын тауып, Марат екеуміз амалсыз оқытушыны үйіне іздеп бардық. Жағдайымды түсіндіріп, жеделхат пен ұшақ билетін көрсетіп, емтихан алуын өтініп тұрмын. Қабағы қарс айрылған Б.Ж.деген ұстаз:

—Сен не деген бұзылған бәлесің! Бірінші курста оқып жүріп үйге іздеп келсең, ертең бесінші курста мүлде төбемізге шығарсың?—деп қайта өзіме дүрсе қоя берді. Жағдайымды жеткізіп, жік-жапар болсам да райынан қайтар түрі жоқ.

—Емтиханды жұртпен бірге, белгіленген күні тапсырасың!

Менің «Ағай-ау, бұл жерде қайтыс болды деп жазылмаған ғой. Әкем әлі қанша күн жататынын қайдан білейін. Алаңдамай кетейін, маған «4» не «5» деген баға керек емес, «3» қойсаңыз-ақ жетіп жатыр деп жалынып жалбарынып жатырмын. Қойшы әйтеуір, жарты сағаттан кейін жібігендей болды-ау.

—Мейлі ауылыңа қайта бер! Зачет кітапшаңды достарыңа қалдыр! Келіп үлгермесең ағымдағы бағаларға қарап емтиханды қойып жіберермін, — деді.

Ал менің ағымдағы бағаларым кілең «бес». Алғысымды жаудырып мен қайттым. Ішімнен «түбі жақсы кісі екен ғой, жағдайды түсінді»,—деп риза болып келемін.

Ауылға келген соң бірнеше күннен кейін әкем дүниеден қайтты. Жылап-сықтап, у-шу боп жатқан кезімізде Алматыдан жолдастарымнан «Тез жет! Б.Ж. сені күзге қалдырды», —деген жеделхат жетті. Әкемнің жетісін де беріп үлгермегенбіз. Сол қалпы Алматыға ұштым. Емтихан белгіленген уақыттан екі күн кешігіп келдім. Оқытушы «көппен бірге тапсырмадың» деп емтихан қабылдаудан үзілді-кесілді бас тартты...

Екі күн бойы артынан жүгірдім. Илікпеді. Дәлізде бір ауыз сөйлесуге зар болдым. Қанша жолын тосып тұрсам да тілдеспек түгілі көз қиығын да салмастан қасымнан өте шығатын.

Бар үмітім үзілген соң үлкен қызметте істейтін ағайыныма бар жағдайымды жеткіздім. Ол кісі институтпен хабарласты. Ертеңіне күндегі әдетіммен институтқа келгенімде Б.Ж-ны көріп қалдым. Әбден бетім қайтып қалған соң ба көзіне көрінбей-ақ қояйын деген оймен бұрыла беріп едім ол: «Әй, Исмаил! Сен бері келші, кәне мұнда жүре ғой», — деп жұмсақ дауыспен бәйек боп аудиторияға алып кірді. «Мен қатты сыйлайтын адамға шығыпсың ғой, қайғымен жүріп емтиханға дайындалуыңа да мүмкіншілігің болмаған шығар. Кәне сынақ кітапшаңды бер, тек ешкімге айтпа!», — деп сөйлей жүріп бұрын сөйлесуге зар қылған ағайым «бес» қойып берді.

Міне, аға, өмірде басқа да қиындықтар кездесті ғой. Бірақ, Б. Ж-ның жаным күйзеліп, жарық дүние түнекке айналғанда жасаған «жақсылығы». Одан соң бір қоңыраудан кейінгі ыржалақтаған күлкісі мен үшін өмір бойы ұмытылмайтын арсыздықтың үлгісі болып есте қалды.

Өзгені жәбірлеме! Адамға қанша жақсылық жасасаң да көрсеткен қиянатың есінен шықпай қалады.

Үшіншікінәңді сезіне біл. Бұл иманды жанның бастан өткерер сезімі. Көргенсіз, ұятсыздар ғана кінәсіне қымсынбайды. Жаңағы жоғарыдағы жағдайда қойшы жігіт өз кінәсін ұғынбады. Бұл жерде екі қателік кетті. Біріншісі «қасқыр шапты» деп алдау болса, екіншісі көмекке келген (ерігіп емес) жұртты «ой, қатырдым» — деп мазақ еткені. Өзгелердің шымбайына қатты батты. Осы тірлігін дұрыс істедім бе деп өзіне өзі сұрақ қоя алмады. Өз қателігін түсініп, көпшіліктен кешірім сұрай салғанда бәлкім екінші кезекте еш болмаса екі-үш адам үніне құлақ асар ма еді дейсің?! Сонда шын сөзі заяға кетпес еді. Қашанда немқұрайды, ақылсыз айтылған бір ауыз сөзің адам жанын жаралайтынын есте сақтаған жөн.

 

Е.С.

 

Сені түсіну үшін:

1. Бойыңдағы өзімшілдікті, көре алмаушылықты жоя біл.

2. Ешқашанда өзгелерді ренжітпе.

3. Кінәңді сезіне біл.

* * *

24 мамыр, сенбі, 1997 жыл

 

БАЛАЛЫҚ МӘҢГІ ӨЛМЕЙДІ

(Мектеп бітірушілердің 20 жылдық кездесуінен)

 

Кімге де болса балалықтың бал кезеңін бірге өткізген достары қымбат екені сөзсіз. Кейде сонау қара домалақ кезеңдегі балалық өлкеңе сағынышпен саяхат жасағың келіп тұратыны жасырын емес.

...Шіркін-ай, қаншама қиял, қаншама арман келуші еді, сол бір шақта. Ертелі кеш қиялдаудан, алдағы күнімізге барлау жасаудан жалықпаушы-ек. Бүкіл сынып болып қызғалдақ тере барғанда мойынымыздағы алқызыл галстугіміз желбіреп, сол гүлдердей жайнап кетуші едік-ау. Ән де шырқалып, күлкі де бітпейтін...

Мектеп бітірген соң зымыраған күндер бой бермей кеткен арғымақтай-ау... Әркім өзінше жол таңдады. Бұрын бір күн көрмей қалсақ, шұрқырасып, әңгімеміз таусылмайтын. Енді бір-бірімізді сирек көретін болдық. Арада өткен жылдар балалықты жоғалтып, есейген, өз отбасы бар салмақты жандарға айналып кете барғанымызды ешқайсымызда сезбеппіз.

Мектеп бітіргенімізге – 20 жыл! Сол кезде дүниеге келген жан зіңгіттей азаматтарға айналған.

Осынша уақыт өткеннен кейін бір-біріңді көру де қызық-ау. Бүгін сондай керемет күн болды.

Нұрғали, Жолдас, Оспан, Аппас, Абай, Хамит, Мырзалы, Ибрагим, Ыбырай, Нышан, Түймен, Бегалы, Баймахан, Жұмабай, Сансызбай, Қалдыбай, Рахматулла...

Қыздарымыз Орынкүл, Зәуреш, Үміт, Кәмила, Алтын, Ниеткүл, Гүлнәр, Баян, Гүбәш, Гүбән, Роза, Балқия, Күлазия, Нұрилә, Бибіхан...

Қай-қайсың да қымбатсыңдар. Өйткені миллион доллар берсең де қайтарып ала алмайтын, әйтсе де, одан да ардақ қайталанбас байлығымыздың кәусәр, балауса күндеріміздің куәгерлерісіңдер.

Қызық, екі-үш сыныптасымыздың қыздары дәл осы күні мектеп бітіріп жатса, Орынкүлдің ұлы университеттің бірінші курсын тамамдапты.

Бірінші сыныпқа келіп жатқан бүлдіршіндерге оқу құралдарын сыйға тарттық.

Өзіміз оқыған ескі мектепке барып балалығымызға, өткенімізге тәу еттік. Өз сыныбымызға кіріп, өзіміз отырған парталарға отырдық. Естен кетпес жәйттерді, кейбір қылықтарымызды еске алып, мәре-сәре болдық.

Ұстаздарымыз Төреш, Бердіқұл, Тілеуғайша, Жасия, Тойшыбай, Әбіләзім, Нұрсейіт, Ғалия, Сәлима, Күләш... сынды ағайларымыз бен апайларымыздың ықыластарын ұмытпай жылы лебіздерімізді қайта-қайта арнап жаттық.

Үш сыныптың алғашқы ұстаздары Жолшыбек, Әбілдә, Ермекбай ағайлардың рухына тағзым еттік. Әбсейіт, Арын, Әбденбай, Оңғар, Райысбек ағайлар өмірден өткенімен көңілден өшпейтіндігінің бір дәлеліндей еді бұл күн.

Сұлтан ағай! Бұл қаншама шәкірттердің жүрегінен шыққан сүйікті сөзге айналды екен. Мәңгілік екеніңді тағы жеткіздің-ау.

Ардақты ата! Қолыңда таяқшаң мен географиялық картаңмен көңілімді толқытып дірілдетіп өттің-ау. Сен сабақ бергенде біздер бар жоғы бесінші сыныптың оқушылары ғана едік қой.

Адамның балалығы өлмейді екен. Өз-өзімен өмірбақи өмір сүретіндей. Осынау күні бәріміз қайта бала болып кеткендейміз.

Қоштасу қандай ауыр! Өмір иіріміндегі өз жолдарымызға қайтадан қосыламыз!

Енді қашан жолығар екенбіз?

* * *

 

6 маусым, жұма, 1997 жыл

 

ӨЗГЕНІ ӨЗІҢДЕЙ ТҮСІН!

Өзгенің көңіліне қарамай болмайды.

Жаныңдағы кісіге жақсы болса саған да шапағаты тиеді.

Ескендір Шағырбаев ағамның айтатын сөзі

 

Әркім өз өмірінде кейде жаңсақ басқан қадамына қорланатын сәттері болады. Не істеріңді білмей ұяттан өртенерің де рас. Кейде біреуге көңіліне тиетін сөз айтып қалып (әрине, әдейі емес), күндер бойы ұйықтай алмайсың. (Өз басымнан өтіп тұрады). Кейбір адамдар қаншама қателік жасаса да онысына еш қысылмайды. Қателігін түсінгісі келмеу – нағыз бейшаралық. Дөрекілік –дұрыс қадам деп есептейтіндер де бар. Мақтанқұмар жанның қадірі арта қоймас.

Дәл осы тұсқа «Басқаны даттап, өзіңді мақтап тұрған адамға ешқашанда сенбеңіз» деген сөзді жазып қойған екенмін.

Өзін жоғары санаған адам бәрібір опық жейді.

Тек салауаттылығың мен сенімің, ар-ұжданың мен жауапкершілігің жоғалмасын! Елеусіз қылықтарымыздан-ақ мәнсіз тірлігімізді, осалдығымызды көрсетіп аламыз. Кейде біз өзімізді әлсізбіз дейміз, біле білгенге адам нағыз құдірет, түсінгенге адам қабілеті шексіз. Адам телегей теңіз дүние. Оның ішінде бәрі бар.

Шын ниет етсе ол өзін тізгіндей де, қажет кезінде тәрбиелей де алады. Көбіне осы екі қасиетке күшіміз жетпей жатады. Әйтсе де өз сезімің өз бақылауыңнан шықпағаны жөн. Иә, адамдық сезімдер ғана өмір ләззәтін береді.

Орыс жазушысы Лев Толстойдың 4 қағидасы бар:

1. Нені тез орындау көзделсе, қандай жағдайлар кездеспесін, орындаушы бол.

2. Орындайтын ісіңді жақсылап орында.

3. Ұмытып қалғаныңды еш уақытта кітаптан іздеме, оны өзің еске түсіруге тырыс.

4. Ақыл-ойыңды барлық күш жігеріңмен тек іске жұмсай біл... Мінезсіздік пен ашуланшақтықтан, жалқаулықтан арылу — мен үшін өмірдегі ең мәнді нәрселер.

Өмір сүргенде тек өзіне жақсы болсын деп емес, өзгеге де жақсы болсын деу керек. Саған жақсы болып өзгеге жаман болса онда бәрі бекер.

Мәселен, жапондарда қанша күйзелісті бастан өткеріп жатса да, көңіл-күйін түсірмейді. Яғни сыртқы келбетінен ештеңе аңғармайсыз.

Сездіріп қойса — ол адамның осалдығы, себебі, бұл әдептілікке жатпайды. Қасыңыздағы жанның көңіл-күйі болмаса ол сізге еріксіз әсер ететіні белгілі.

Өмірде жарқын таза жанды көріп рахаттанасың. Күншіл мен жағымпазды көріп жаның ауырады.

 

Е.С.

Адам өзінің ішкі дүниесінің шынайы күресінің арқасында жетіледі.

Жүректен шыққан жеті сөз

Әрбір адам сенің досың бола алмауы мүмкін. Бірақ әрқайсысы сенің ұстазың бола алады.

* * *

Әрине, өзгені түсінгенің дұрыс. Ал өзіңді өзің түсінгенге ештеңе жетпейді.

* * *

Түсінудің бәрі — келісу емес. Адамның ойы — қарама-қайшылықта болып-ақ, қажет деп тапса бір-бірін түсіне алады.

* * *

Өзгенің жетістігіне қуана алмаған — өмір жолын ұға алмаған адам.

* * *

Ниетің таза, пейілің кең, жақсылығың мол болған сайын досың да аз болмайды.

* * *

Өзіңе ең жақын жан — сені түсінетін адам.

* * *

Көбіне қасымыздағы жанның кім екенін білуге құштармыз-ақ. Кейде өзіміздің кім екенімізді білмегендіктен азап шегетінімізді ойламаймыз.

* * *

 

11 маусым, сәрсенбі, 1997 жыл

 

ҚАСИЕТІҢДІ ҚАДІРЛЕ

Өз қадірің — өз байлығың.

С. Сарайи,

Алтын Орда дәуірінің ақыны

Әрбір сағатыңды бос өткізбеуге тырысасың. Өмірдің бар қадір-қасиетін ұғынуға ұмтыласың. Әйтсе де бар мән-мағына мұнымен бітпейді.

Тығыз шаруамен, қызу іс-әрекетпен өткен сайын әрбір күнің қымбат бола түсетіні ақиқат.

Мәселен, өзіңді ұнатпай тұрып, өзгені ұнатуың мүмкін емес қой. Мұндағы мәселе — өз қадіріңді сақтай білуіңде.

Өзін сыйламаған өзгені де сыйламайды.

Шын мәнінде біз өзіміздің қандай екенімізді біле алмағандықтан жапа шегеміз-ау. Қай кезеңде болсын өз қабілетін білмеген қиындыққа душар болады. Тек өзіңе тиесілі қадір-қасиетіңді, сеніміңді, жауапкершілігіңді жоғалту — өзіңді жоғалтқанмен бірдей.

Өмір жолында адам әр түрлі қалыпқа түседі, түрлі жағдайды бастан өткереді. Кейде жаның күйзеліп, өн бойыңды шарасыздық басады. Мұндайда алға ұмтылудың, үміттенудің, адамның өзіне өзі қамқор болуының жәрдемі зор. Өзіңе өзің көмектесу арқылы ғана өз қиындығыңнан шығып, өмір қуаныштарына жетесің.

Қаншама сыр, мұң, реніш, қуаныш жатыр ішіңде. Соны өзіңнен артық ешкім сезе алмайды. Күнделікті түйсік-танымыңды, ішкі қабылдауыңды өзің ғана білесің. Меніңше, адам өзінің жақсы жақтарын сезе білмесе адамдық жолы да ауырлай түседі.

Бәрі өзіңе деген махаббаттан, бар болмысыңды сезінуден бастау алады. Жақсылыққа, ізгілікке қарай қадам бас. Өзіңе ауыр жағдайда жақсы жақтарыңды, қабілетіңді ескере түс.

 

Е.С.

Мақсатқа жетуің үшін – өзгені емес,өзіңді жеңе білуің керек!

* * *

15 маусым, жексенбі, 1997 жыл

 

ӨЗІҢЕ ТІЛ ҚАТҚАНДА

«Өз мініңді көруден басқаның мінін көру оңай».

Ғабит Мүсірепов

 

Бүгін күн демалыс болса да таңғы сағат бес жарымда тұрып кеттім. Түсімде де өзіммен сырласып жатыр екенмін...

Кейде ойланудан, қиялға берілуден артық рахат бар ма? Жалғыз қалғанда өткенің жайлы есеп бересің... Шексіз де шетсіз....Қаншама жәйттер еске түседі. Өзіңе өзің ұрсып алатын да кез болады. Әйтсе де ойланумен пайымын іздейсің.

Қайта, ойланбай қалған күндерің үшін өкінесің... Қашанда ойсыздықтан, санасыздықтан сақтанған жөн.

Барлық қателіктер — ойланбаудың кесірі.

Оңашада небір ғажайып жәйттер мазасыздандырады. Соның бәрін қағаз бетіне түсіре бергенінде ғой, пенде ретінде жан дүниең де тазара түсер еді.

Ал ақ параққа түспеген ойларың — мәңгі жоғалтып алған дүниеңдей күй кешесің...

Жазғаныңа қарап ой қорытасың. Бүгініңмен салыстыру арқылы қандай деңгейде екеніңді сезінесің. Әрбір өткен күніңнің нәтижесін саралайсың. Қысқасы, өзіңді өзің зерттей түсесің. Бәлкім, адам осы мақсатпен өмір бойы аласұратын шығар? Соңдықтан да «не үшін өмір сүремін?» деген сұраққа қал-қадіріңше жауап іздеумен әуресің. Енжарлықтан құтылып, жаныңды тәрбиелегің келеді. Жіберген қателігіңді алдағы кезде қайталамауды көздеп, өзіңнен өзің тағлым аласың.

Өзінен үйренбеген – ештеңені де үйрене алмайды.

Жан-дүниеңдегі ізгілікке көбірек көңіл бөлу арқылы іштегі шаңды тазартасың. Сонда ғана ісің де жарқырап көріне бастайды.

Қызғаншақтық деген қызыл иттен құтылуға тырыс. Әйтпесе ізгі әрекетке деген ісіңді тоқтатып тастауға күш салады.

Адам өз ақылына дер кезінде құлақ түрсе парасаттылыққа қарай бет бұрары сөзсіз. Адам адамға ой салады. Ал бәріне себепші — өзі.

Жүрек дәптеріндегі ойларың сені тереңдете түседі. Өйткені өзіңе-өзің тіл қатып тұрсың ғой.

Е.С.

Барлық қателіктер – ойланбаудың кесірі. Енжарлықтан құтылып, өзіңді тәрбиеле.

* * *

6 шілде, жексенбі, 1997 жыл

 

ТЫЛСЫМҒА ТОЛЫ ТІРШІЛІК

Уақыт қашанда қарама қайшылыққа толы. Күн мен Түн. Жарық пен Қараңғы. Ыстық пен Суық. Ақиқат пен Жалған. Әу баста бәрі де есептеліп жасалынғандай. Жаратылыстың заңына Адам бағынады. Тек осы заңдылықты түсінген жан ғана ақиқат пен жалғанның ара жігін ажырата алады. Табиғат бізге өзінің осы тылсымдылығымен қымбат.

Күнделікті өмір құпияға толы. Әлі де ашылмаған сырлар, жазылмаған жәйттер баршылық. Көптеген сырды білмекке құштармыз. Абай айтқандай білмек, сезбек, кейімек — біздің басты қағидамыз.

Жан-жақты іздене түссек, тылсым дүниені ұғына білсек, хабардар болуға тырыссақ дейміз. Мұның бәрі бізге ауадай қажет деп білем.

«Мен мұның бәрін білемін» деу үлкен ағаттық. Сіз таза білімге ұмтылған сайын әлі де білмейтініңізді сезінесіз. Сонда «осы уақытқа дейін қалай білмегенмін?» дер едіңіз.

Бір ғана қарапайым мысал: қарлығаш екеш қарлығаштың өзі ұясын салуға үй қабырғасының бұрыштарын, боғаттарды таңдайды. Себебі, біріншіден жылы, әрі берік болады. Маң даладан лай талшығын ерінбей тасу арқылы ұя салады.

Қарлығаштың ұясын тазалағанын көріп, таң-тамаша қаласың. Онша мән бермейді екенбіз. Таңертең оянған ана-қарлығаш ұясындағы артық шөп-шаламды аузына тістеп сыртқа шығарып тастайды. Яғни «үй-ішіне» тазалық жүргізеді. Далада ұзақ жүріп, шыбын-шіркей аулап, ұясына қайта келеді. Балапандары да мұны сезіп, шиқылдай түседі. Осы сәт аузын тоса қойған балапанға «тамағын» даққа салып береді. Екінші, үшіншісіне де солай. Кезекпен тамақтандырып болған соң, балапандарының «кіш» ететінін сезіп, күтіп отырады. Тура сол сәтте аузын тоса қояды. Және оны далаға апарып тастайды. Ұя тап-тұйнақтай таза күйінде тұрады.

(Мұны баяғыда мақта шабыққа № 1 кеңшарға барғанда, «дала қосында» байқап, әбден зерттегенмін)

Иә, тазалық, ұқыптылық, зейінділік тек еңбекпен келеді. Күнделікті қарлығаштар тірлігіне қарап, өзіңше түйін түйесің. Тынымсыздығына, мейірімділігіне тәнті боласың. Ынтымақ-бірлігі қандай жарасқан?! Перзенттік махаббатына сүйсінесің. Адамдар да ұрпақтарға деген осындай ұлағатын жоғалтып алмаса екен?! Кейде қатыгез дүниені көргенде, ізгілікті ойлағанда сол қарлығаштарды еске аласың...

 

Құстар әлемінен тағы бір әңгіме

Оңтүстік Америкада «агами» дейтін құс бар. Ол қолға тез үйренеді. Оның бір ерекшелігі, ақылдылығында. Әрі тәртіп пен ынтымақты сүйеді. Үй ауласында маңғаздана жүріп жұлқысып, тентектесіп жатқан әтештерді ажыратады және жазалайды. Өз жерінде ынтымақ пен берекені қалайды. Бөтен тауықтарды қуып шығады. Ал өз мекендеріне масақ теріп әкеліп береді.

Әрбір перзент өз Отанын осы агамидей сүйсе ғой, шіркін?!

 

* * *

 

Айналаға арайлы көзбен қарай білсең өмірдің тек азап емес екенін сезінесің. Күн шуағын шашса, жақсы адамдар шапағатын сыйлайды. Ізгілікті көңіл танытсаң дос та табасың. Қайғымен, уайыммен өткен күн көңілге қаяу түсіреді. Бар қуаныш өзгеде деп ойлау, дұрыс емес. Алдағы күнге өзіңнің ішкі әлеміңді сендіре түс. Ол керемет таңғажайып.

 

Жан-дүниең бос, тапталған болса өзіңе өзің көмектесе алмайсың.

* * *

13 қыркүйек, сенбі, 1997 жыл

 

„13"-ТЕН ҚОРЫҚПА!

Бүгін айдың 13-і...

Осынау сан туралы жұрттың пікірі ерекше. Көбіне біржақты. Көпшілік бұл санды сүйе бермейді-ау.

Кеше бір танысымның «ертең 13-і ғой, жолға шықпаймын» дегені еске түседі.

Өзгелер неге жақсы көрмейді екен? Әйтеуір, жаман ырымға балау жаппай әдетке айналып кеткен секілді. Мәселен, көшеде кетіп бара жатып алдынан ала мысық өтсе тіксініп қалатындар бар. Тіпті, амал жоқ кері қайтып, айналып өтіп жатады. Ал 13 санды жолықтырса «жолым болмайды» деп есептейтіндер де жоқ емес. Көпшілігімізде бұл бала кезден санамызда солай сақталып қалған. Бұл қайдан келгенін ешкім де айта алмайды-ау.

Әлде осы негізге алынғандықтан ба, бірқатар елдерде үйлердің 13 қабаты болмайды екен. 12-ден кейін бірден 14 қабат басталады. Кейбір қонақ үйлерде 13-пен нөмірленген бөлме жоқ. Айтпақшы, өзіміздің Алматыдағы Президенттің іс басқармасы ауруханасында да, он үшінші палатаны байқамадым.

Осыдан ба, кейбіреулер жеңіл көліктеріне 13-тен басталатын нөмір алғысы келмейді. Енді біреулер 13 адамды қонаққа шақырмайды...

Айта берсек бұл жәйттің сырын әркім әр қалай болжайды. Оның бірінде адамзат санақ үйренуге қатыстырады. Аяқ пен қолдың он саусақтарын жекелеп санағанда тек 12 ғана жетіп отырған. Одан кейінгі белгісіз сан адамдарды қорқытқан...


Дата добавления: 2015-12-01; просмотров: 104 | Нарушение авторских прав



mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.027 сек.)