Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

СуҒа батҚан кеме

 

Зуританың ізін қуған бұл кісілер, әлбетте, «Медузада» бүгін таңертеңгісін болған оқиғадан бейхабар еді.

Түні бойы матростар әрі айтысып, бері айтысып ақыры таң алдында мынадай шешімге келген: сәті түскен шақта Зуританы дереу өлтіріп, Ихтиандр мен кемені иеленулері керек.

Таң қылаң бере Зурита капитанның көпіріне көтерілген. Жел басылған. «Медуза» сағатына үш сүйемдік шапшаңдықпен баяу жылжып келе жатқан-ды.

Зурита мұхит бетінен көрінген әлдебір ноқатқа қарап тұрған. Дүрбімен қарап ол суға батқан кеменің радиомачтасын аңғарды.

Көп ұзамай Зурита су бетінде қалқып жүрген құтқарушы шеңберді көрді.

Зурита қайықтың бірін түсіріп, әлгі шеңберді әкелуге бұйырды.

Шеңберді көтерген кезде, Зурита ондағы: «Мафальду» деген жазуды оқыды.

«Мафальду» суға батқан?» – деп таңырқады Зурита. Ол осынау пошта және жүргіншілер таситын американдық алып кемені білетін. Бұндай кемеде бағалы дүние аз болмасқа керек. «Егер Ихтиандрға кемедегі байлықты тасытып алсам қайтер еді? Бірақ соған шынжырдың ұзындығы жете қояр ма екен? Әй қайдам... Егер Ихтиандрды шынжырсыз, бос жіберсең, ол қайтып оралмайды...»


 

 

Зурита ойға шомды. Ашкөздігімен Ихтиандрдан айырылып қалам ба деген үрейі арпалысып жатты.

«Медуза» судан сорайып шығып тұрған сойдауылға қарай ақырын жылжып, таяп қалған. Матростар жақтауға асыла жапырласа қарасып тұр. Жел мүлде тынған. «Медуза» тоқтады.

– Мен бір кезде осы «Мафальдуде» қызмет етіп едім, – деді матростардың бірі. – Үлкен, әдемі кеме. Тұтас қалашық іспетті. Ал жүргіншілері өңшең бай американдықтар.

«Мафальду», сірә, өзінің апатқа ұшырағанын радио арқылы да хабарлай алмай суға батса керек, – деген ойға қалды Зурита. Бәлкім, радиостансасы бүлінген бе, кім білсін. Әйтпесе маңайдағы порттардан неше түрлі жүйрік катерлер, глиссерлер, яхталар қаптаған болар еді де, олардың үсті толған үкімет өкілдері, т ілшілер, фотографтар, кинооператорлар, журналистер, су асты қызметшілері болар еді. Кешеуілдеуге болмайды. Тәуекел деп Ихтиандрды шынжырсыз жіберіп көруге тура келеді. Басқа амалы жоқ. Бірақ оны қайтып келуге қайтып көндіре аларсың? Егер тәуекелге бел буар болса, онда Ихтиандрды өз бостандығының құны – інжу қазынасына жібергені әлдеқайда тиімді емес пе? Бірақ сол інжу қазынасының құны анау айтқандай ма екен, түге? Асырып айтып тұрған жоқ па екен әлгі Ихтиандр?»

Әрине, ол қазынаны да, мына «Мафальдумен» теңіз түбінде жатқан байлықты да қолға түгел түсіргені абзал болар еді. Інжу қазынасы ешқайда қашпас, оны Ихтиандрдан өзге ешкім таба алмайды, тек Ихтиандрдың өзі Зуританың уысынан шығып кетпесе болды. Ал мына «Мафальдудің» байлығы бірнеше сағаттан кейін-ақ мұның қолына ілікпей кетуі бар.

«Сонымен «Мафальдуден» басталық», – деп тұжырды Зурита. Ол зәкір тастауға бұйырды. Сосын каютасына барды, әлденендей бір хат жазды да, сол бір парақ қағазды ұстаған күйі Ихтиандрдың каютасына қарай тартты.


 

 

– Сен хат танушы ма ең, Ихтиандр? Гуттиэре саған бір хат жіберіп еді.

Ихтиандр хатты тез-тез оқып шықты:

«Ихтиандр! Өтінішімді орындай гөр. «Медузаның» қасында суға батқан бір кеме жатыр. Сен теңізге түсіп, сол кеменің ішінен не қымбат дүние тапсаң да түгел осында әкелуге тиіссің. Зурита сені шынжыр байламай, бос жібереді, бірақ сен «Медузаға» қайтып оралуға тиіссің. Мен десең осыны жасағайсың, Ихтиандр, сонда сен тезірек азаттық алатын боласың. Гуттиэре».

Ихтиандр бұрын-соңды Гуттиэреден хат алып көрмеген, оның жазуын танымайтын. Ол хат алғанына қатты қуанды, бірақ іле ойға қалды. Егер бұл Зуританың қулығы болып шықса қайтеді?

– Гуттиэренің өзі неге көп сұрамайды? – деп сұрады Ихтиандр, хатты көзімен нұсқап.

– Ол сәл сырқаттанып қалды, – деп жауап қатты Зурита,

– бірақ сен қайтып оралған соң оны көретін боласың.

– Ол бағалы дүниелердің Гуттиэреге не қажеті бар? – деп сұрады Ихтиандр әлі де сеніңкіремей.

– Егер сен нағыз адам болсаң, мұндай сұрақ қоймаған болар ең. Әдемі киінгісі келмейтін, небір асыл тастарды таққысы келмейтін әйел бола ма екен, сірә? Ал ол үшін ақша қажет. Суға батқан кеменің ішінде жатқан ақша ас та төк. Қазір олар иесіз – ендеше, саған оларды Гуттиэреге неге әкеп бермеске? Ең бастысы – алтын ақшаларды іздеп табу. Онда поштаның былғары қаптары болуы тиіс. Оның сыртында жүргіншілердің бойында алтын заттар, қолдарында алтын сақиналары болуы...

– Сіз не, сонда мені өліктерді тінтеді деп тұрмысыз? – деп сұрады Ихтиандр ызаланып. – Жалпы, мен сізге сенбеймін. Гуттиэре сараң емес, оның мені тап мұндай шаруаға жұмсауы мүмкін емес...


 

 

– Лағынет! – деп баж ете түсті Зурита. Ол тап қазір Ихтиандрды үгіттеп көндіре алмаса, ойға алған ісінің аяғы құрдым боларын сезінген.

Сондықтан болар, Зурита бойын тез жиып ап, жадырай күлді де, былайша сөз бастады:

– Байқаймын, сені алдай алмайды екенмін. Саған шындықты айтуға тура келеді енді. Ал, ендеше, тыңда.

«Мафальдудің» алтынын алғысы келетін Гуттиэре емес, мына мен. Бұған сенетін шығарсың?

Ихтиандр еріксіз жымиды:

– Әбден!

– Өте жақсы, ендеше! Міне, сен маған шын сене бастадың, демек, тіл табысады екенбіз. Иә, алтын маған керек. Егер де «Мафальдудегі» алтын сенің інжу қазынаңның құнына жетерліктей болса, онда мен сені алтынды әкелген сәтіңде- ақ мұхитқа, өз еркіңе жіберем. Бірақ қырсыққанда, сен маған, ал мен саған сенбейтін болып тұрмыз емес пе?! Менің күдіктенетінім: егер сені суға шынжырсыз бос жіберсем, сен сүңгисің де сосын..

– Егер қайтып келем деп уәде берсем, онда сөзімде тұрам.

– Менің оған көзім жете қоярлықтай оқиға болған жоқ қой әзір. Сен мені жек көресің, сондықтан сөзіңде тұрмас болсаң да таңырқамас едім. Бірақ сен Гуттиэрені сүйесің және ол не өтініш айтса да сенің оны орындарың хақ. Дұрыс па? Әне, сол себепті де мен онымен келісіп келдім. Ол, әрине, менің сені босатып қоя бергенімді қалайды. Сондықтан да ол сенің бостандық алар жолыңды жеңілдету үшін хат жазып, маған беріп жіберіп отыр. Енді бәрі-бәрі түсінікті ғой саған?

Зуританың бұл айтып тұрғандары Ихтиандрға көңілге қонымды, шындыққа жанасымды болып көрінді. Бірақ Ихтиандр Зуританың егер «Мафальдудегі» алтын мұның інжу қазынасынық құнына тұрарлықтай болса ғана босатам деген шартын аңғармай қалды...


 

 

«Ал оны салыстырып көру үшін, – деп іштей ойға батып тұр Зурита, – Ихтиандр өзінің інжуін де әкелуі тиіс – мен одан осыны талап етем. Әне, сонда менің қолыма

«Мафальдудің» алтыны да, інжу қазынасы мен Ихтиандрдың өзі де түседі емес пе?».

Бірақ Ихтиандр Зуританың не ойлап тұрғанын қайдан білсін. Зуританың ашықтан-ашық саудасы оның растығына мұның көзін жеткізді де, Ихтиандр сәл ойланып барып келісімін берді.

«Бұл алдамайды» деп ойлады ол.

– Кеттік, тезірек.

Ихтиандр палубаға тез-тез көтерілді де, теңізге бір-ақ секірді.

Матростар Ихтиандрдың теңізге шынжырсыз секіргенін аңдап қалған. Олар Ихтиандрдың суға батқан «Мафальдудің» алтын қорын алғалы аттанғанын да бірден түсінген. Шынымен- ақ бүкіл байлыққа Зуританың бір өзі ие болмақ па? Енді асықпаса болмайтын, сондықтан да олар Зуритаға тарпа бас салған.

Кеме командасы 3уританы қуалап жүрген шақта, Ихтиандр суға батқан кемені зерттеуге кірісіп кеткен-ді.

Үстіңгі палубаның апандай люгі арқылы жігіт үлкен үйдің сатыларын еске салатын баспалдақтарды бойлай төмен қарай жүзіп кеп, бір кең дәлізден бір-ақ шыққан.

Бұл ара қараңғылау екен. Тек ашық калған есіктерден ғана әлсіз сәуле себелеп тұрған.

Ихтиандр ашық тұрған есіктердің бірі арқылы жүзіп өтіп салонға енді. Үп-үлкен дөңгелек иллюминаторлар жүздеген адамдар сыйып кететін керемет кең залға күңгірт жарығын түсіріп тұрды. Ихтиандр әлгі әдемі шамның үстіне мініп алып, жан-жағына қарады. Бұл деген өрескел көрініс еді. Ағаш орындықтар мен шағын үстелдер сумен бірге төбеге шейін көтерілген де, толқынмен теңселіп тұр. Шағын ғана эстрадалық алаңшада қақпағы ашық қалған рояль тұр. Еденге жұмсақ кілемдер төселген. Қызыл ағаштан қаланған, лак


 

 

жағылған қабырғалардың кей тұстары қобарси бастаған. Қабырғаға таяу пальма ағаштары көрінеді.

Ихтиандр шалқалай қозғалып, шамнан түсіп, әлгі пальмаларға қарай жүзді. Кенет ол таңырқай тоқтады. Әлдекім мұның қимылдарын айнытпай қайталап өзіне қарсы жүзіп келе жатты. «Айна» деп болжады Ихтиандр – әлгі алып айна салонның ішіндегі затты күңгірт те болса түгел көрсете қабырғаны тұтас ала орналасқан.

Бұл маңнан қазына іздеп таппассың. Ихтиандр дәлізге қарай жүзді, тағы бір палуба төменірек түсті, тап жаңағы салон тәрізді керемет кең бөлмеден шыға келді. Сірә, мейманхана болса керек. Буфет сөрелері мен үлдіріктерде және сол маңдағы еденде шарап құйылған шишалар, қалбырлар, түрлі қораптар жатты. Су қысымымен көптеген тығындар шишаның ішіне еніп кеткен де, ал қалайы қораптар жаншылып қалған. Үстелдер үстіндегі ыдыс-аяқтар сол қалпында қалған, тек ыдыстардың кейбірі, күміс шанышқылар мен пышақтар шашылып еденде жатыр.

Ихтиандр каюталарға қарай беттеді.

Ол американ сәнімен жабдықталған, үлде мен бүлдеге бөленген талай каюталарды аралап шықты, бірақ бір де бір өлік мүрдесін кездестіре алмады. Тек үшінші палубадағы бір каютадан ғана күп болып іскен, төбеге тақау қалқып жүрген кісі мүрдесін көрді.

«Сірә, көпшілігі қайықтарға мініп қашып құтылған болды ғой» деп ойлады Ихтиандр.

Бірақ үшінші кластық жолаушылар орналасатын ең төменгі палубаға түскенде барып, жігіт жан түршігер көріністің үстінен шықты: бұл каюталарда қаптаған еркек, әйел, балалар мүрделері қалқып жүр екен. Ақ нәсілдер де, қытайлар да, негрлер мен үндістер де бар арасында.

Кеме командасы ең алдымен бай жолаушыларды құтқаруға күш салған да, басқаларын тағдырдың тәлкегіне қалдырған сияқты. Кейбір каюталарға Ихтиандр кіре алмады: есіктерді өлі денелер бітеп тастаған.


 

 

Жанталас кезінде жұрт бірін-бірі басып-жаншып есікке таласқан да, соңғы құтылар жолды өздеріне өздері кесіп тастаған, түге.

Ұзын дәліздерде де баяу қалқыған мүрделер көрінеді.

Су ашық иллюминаторлар арқылы еніп, ісінген мүрделерді толықсыта тербетіп тұр. Ихтиандрдың зәресі ұшты да, ол осынау су асты бейітінен қашып құтылғанша асықты.

«Япырмай, мені қайда жұмсағанын Гуттиэренің шынымен- ақ білмегені ме?» деген ойға қалды Ихтиандр. Шынымен- ақ, ол Ихтиандр өліктердің қалтасын ақтарып, шамадандарын тінтеді деп ойлады ма екен? Жоқ, ол бұлай жасауы мүмкін емес! Сірә, бұл тағы сол Зуританың арамдық қақпанына түскен болды... Мен қазір теңіз бетіне қайыра шығамын да,

– деп ұйғарды Ихтиандр, – Гуттиэренің өзі палубаға шығып, өз аузынан айтуын талап етем».

Жігіт шытырман есік-тесіктер арқылы бейне балықша сырғи отырып жоғарыға шапшаң көтерілді. Ол екпіндей малтып, ә дегенше «Медузаға» жетті.

– Зурита! – деп шақырды ол. – Гуттиэре! Бірақ оған ешкім жауап қатпады. Үн-түнсіз «Медуза» ғана теңіз бетінде теңселіп тұрды.

«Қайда кеткен бәрі? – деп ойлады жігіт. – Зурита тағы не пәле ойлап тапты екен?» Ихтиандр сақтықпен жүзіп кемеге жақындады да, палубаға көтерілді.

– Гуттиэре! – деп қайыра айқайлады ол.

– Біз мұндамыз! – деген Зуританың жағалаудан талып жеткен даусын естіді жігіт.

Ихтиандр жалт қарап еді – жағадағы бір бұтаның түбінен жасырына қарап тұрған Зуританы көрді.

– Гуттиэре ауырып қалды! Бері қарай малты, Ихтиандр!

– деп айқайлады Зурита.

Гуттиэре ауырып қалған! Ол қазір барып көреді оны. Ихтиандр суға секіріп түсті де, жағаға қарай малти жөнелді.

Гуттиэренің:


 

 

– Зурита өтірік айтады! Қаш, Ихтиандр! – деген тұншыға шыққан даусы құлағына келген сәтте жігіт жағаға жақындаған да болатын.

Жігіт жалт бұрылып суға қайта сүңгіп кетті. Жағадан недәуір алысқа кеткен соң барып, ол су бетіне көтеріліп, арт жағына көз тастады. Жағадан ағараңдаған әлденені көзі шалды.

Бәлкім, оның құтылғанын қоштап Гуттиэренің берген белгісі болар бұл. Оны енді қайтып көрер күндері болар ма екен?.. Ихтиандр ашық теңізге қарай шапшаң малтып кете барды.

Алыстан бір кішкене кеме көрінді. Төңірегіне ақ көбік шаша, үшкір тұмсығымен суды тіле кеме оңтүстікке қарай бет алып барады.

«Адамдардан аулақ болайын» деп ойлады да, Ихтиандр тереңге қарай сүңгіп, су астына жоқ болды.

 


Дата добавления: 2015-12-01; просмотров: 84 | Нарушение авторских прав



mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.013 сек.)