Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

Дельфинге атша мініп

 

Күннің шыққаны жаңа ғана еді, аяусыз күйдіре бастады. Күмістей жалтыраған көгілдір аспанда шөкімдей де бұлт жоқ, мұхит беті тып-тыныш. «Медуза» бұл кезде Буэнос-Айрестің түстігіне, жиырма шақырымдай жерге тоқтаған. Бальтазар- дың ақылымен зәкір судан екі айыр болып шығып тұрған жартасты жағалауы бар шағын шығанаққа тасталған-ды.

Қайықтар шығанақ бетінде шашырай жүзіп жүр. Әр қайықта, әдеттегідей екі-екіден терімші бар: бірі сүңгісе, екіншісі оны судан тартып алады. Сосын олар орын алмастырады.

Қайықтардың бірі жағаға тым жақындап келген-ді. Сүңгігіш арқанның ұшына байланған бор кесегін аяғымен орап алды да, шапшаң сүңгіп теңіз түбіне түсті.

Су жылы әрі мөп-мөлдір еді – теңіз түбіндегі әр қиыршық тасқа шейін анық көрініп жатқан. Жағаға жақындау тұстан су асты бақшасының бұталары іспетті маржан тастар сойдиып- сойдиып көрінеді. Сол бұталардың ара-арасында алтын-күміс түстес кішігірім шабақтар асыр салып ойнап жүр.

Сүңгігіш теңіз түбіне жетіп, еңкейе жүріп тез-тез қауашақтарды теріп, белбеуіне қыстырылған қапшыққа сала бастаған. Оның еңбектес серігі – үндіс-гурон, арқанның бір ұшын тас қып ұстаған күйі қайықтың жақтауына асыла еңкейіп, су түбіне көз тастап отыр.

Кенет ол сүңгігіштің орнынан ыршып түсіп, қолдарын ербеңдете арқанға шап бергенін көрді және ананың жіпті қатты жұлқып қалғаны соншалық, гуронның өзін суға әкете


 

 

жаздады. Қайық теңселіп кетті. Үндіс-гурон жолдасын тездете тартып алды да, оның қайыққа мінуіне жәрдемдесті. Сүңгігіштің аузы аңқайып ашылған, өзі әрең тыныстайды, көздері бақырайып шарасынан шығып кеткен. Қола түстес қоңырқай өңі сұрланып, тіпті бозарып кетті.

– Акула ма?

Бірақ сүңгігіш түк жауап қата алмады, қайықтың түбіне сылқ құлап түсті.

Теңіз түбінде мұның зәресін кетірген не пәле болуы мүмкін? Гурон еңкейіп су түбіне тінтіне қарады. Иә, ол жақта бір оғаш оқиға болып жатқандай. Манағы шабақтар қырғи тиген құстардай су асты орманының түкпір-түкпіріне тым-тырақай зытып бара жатты.

Содан кенет үндіс-гурон су асты жартасынын бір бұрышынан бейне бір қызғылт түтін тәрізді әлденені байқап қалды. Әлгі қою түтін төңірегіндегі суды қызғылт түске бояп тұс-тұсқа тарала бастады. Тап сол сәтте әлдене қараң ете қалды. Бұл – акуланың денесі еді. Ол ақырын бір аударылып түсіп, жартастың ар жағына қарай кетіп жоғалды. Су астындағы бұл қызғылт түтін, әлбетте, тек теңіз түбіне таралып аққан қан болуы мүмкін. Онда не болғаны? Гурон жолдасына қарап еді, анау аңқиған аузымен ауа қармап, аспанға қарап алақтаған күйі, қозғалуға да шамасы келместен шалқалап жатыр екен. Үндіс дереу ескекке жармасты да, ойда-жоқта дертке ұшыраған әріптесін «Медузаға» дереу жеткізгенше асықты.

Ақыры сүңгігіш жігіт те есін жиған, бірақ ол тілден айырылған тәрізді – басын шайқап, ернін көнтитіп, ысылдап- пысылдап, құр ыңырана береді.

Кемеде қалған терімшілер сүңгігіштің тіл қатуын күтіп оны айнала қоршап тұрған.

– Сөйле! – деп жекіді ақыры бір жас үндіс сүңгігіштің иығынан жұлқылап. – Жаныңның барында сөйле деймін енді.


 

 

Сүңгігіш басын шайқап біраз жатты. Ол ақыры қырылдап үн қатты.

– Көрдім... Су перісін.

– Тап өзін бе?

– Әу, айтсаңшы енді былжырамай! – деп шыдамсыздана баж-бұж етісті терімшілер.

– Қарасам – акула. Акула тұп-тура маған қарай келе жатыр. Құрыдым дедім! Алпамсадай түсі қап-қара, аузын да ашып үлгерген, енді-енді мені жалмауы тиіс-ті. Қарасам

– тағы біреуі жүзіп келеді...

– Басқа акула ма?

– Су перісі!

– Өзі қандай болады екен? Басы бар пәле ме?

– Басы деймісің? Иә, бар секілді. Көздері – тостағандай дерсің.

– Егер көздері болса, онда басының да болғаны, – деп сенімді түрде мәлімдеді жас үндіс. – Өйткені көздері бірдеңеге жабысып тұруы тиіс те. Ал қол-аяғы бар ма екен?

– Шеңгелдері көлбақаныкі тәрізді. Саусақтары ұп-ұзын, жасыл түсті тырнақтары және жарғақтары бар. Тұла бойы балық қабыршағы тәрізді жып-жылтыр. Әлгі акулаға қарай заулап кеп шеңгелін сілтеп кеп қалып еді – тіліп түсті! Акуланың бауырынан бұрқ етіп қан саулап қоя берді...

– Ал енді аяғы қандай екен? – деп сұрады терімшілердің бірі.

– Аяғы деймісің? – сүңгігіш есіне түсірмек болып сәл ойланып қалды. – Аяғы мүлде жоқ. Ұп- ұзын құйрығы бар. Ал құйрығының ұшында – екі жылан.

– Сен қайсысынан көбірек қорықтың – акуладан ба, әлде періден бе?

– Періден, – деп анау ойланбастан жауап қатты. – Жанымды сол алып қалса да, сол құбыжықтан қорықтым. Бұл – сол еді...

– Иә, бұл – сол.

– Су перісі, – деді үндіс.


 

 

 


 

 

– Пақырларға көмекке келетін су тәңірісі, – деп қарт үндіс оны түзетіп қойды.

Бұл хабар лезде шығанақты шарлап, інжу теріп жүрген қайықтағыларға жетті. Терімшілер кемеге жанталаса жетіп, қайықтарын тездетіп тией бастады.

Жұрт әлгі «су перісі» құтқарған сүңгігішті қаумалай ортаға алған. Ол деген құбыжықтың танауынан қызыл жалын атқылағанын, ал тістері кісінің саусағындай сойдиған бір пәле екенін қайталап айтып берумен болды. Пері деген құлағын қайшылайды екен, әлгінің екі бүйірінде қанаттары, ал арт жағында ескек тәрізді ұзын құйрығы болады екен.

Беліне шейін жалаңаш, ақ түсті шолақ шалбар киіп, туфлиін жалаң аяғына іле салған, басында сабаннан тоқылған қоқырайма қалпағы бар Педро Зурита жұрттың әнгімесіне құлақ түре, аяғын тырп-тырп басып, палуба үстінде ерсілі- қарсылы жүрген.

Әңгімешінің бөспелігі арта түскен сайын, Педро соның дені, акула шабуылынан зәресі кеткенде, әлгінің өзі ойдан шығарған бірдеңелер екеніне көзі жете түскендей.

«Әйтсе де, бәлкім, бәрін бірдей ойдан шығармаған шығар. Акуланың қарнын біреудің жарғаны рас қой: су беті қызарып шыға келді емес пе? Үндіс өтірікті соғып отыр, дегенмен, шындықтан да тым алшақ емес. Бұл бір қызық оқиға болды ғой, сайтан алғыр!»

Зуританың ойын осы сәт жартастың ар жағынан оқыс естілген керней үні бөліп жіберді.

Бұл дауыс «Медуза» экипажының төбесіне жай түскендей әсер етті. Әңгіме атаулы кенет тыйылды, жұрт боп-боз болып шыға келді. Ырымшыл терімшілер құдайына жалбарынысып, керней үні шыққан жартас жаққа үрейлене қарасып қалған. Жартасқа таяу мұхит төсінде бір топ дельфин асыр салып жүр екен. Бір дельфин топтан бөлініп шығып, бейне кернейдің шақыруына жауап қайтарғандай қатты пысқырды да, сосын жартасқа қарай шапшаң жүзіп барып, ә дегенше құздың астына жасырынып үлгерді. Жұртты зарықтырған тағы бірер


 

 

сәт өтті. Терімшілер кенет әлгі жартастың арғы жағынан шыға келген дельфинді көрді.

Оның арқасында атша мінген бір пәле – әлгінде ғана сүңгігіш әңгімелеген «құбыжық» отыр екен. Перінің денесі адамдікі тәрізді де, ал маңдай тұсында машинаның шамы тәрізді ме, әлде баданадай көше шамы секілді ме, әйтеуір, күнге шағылыса жалт-жұлт еткен көздері бар екен, терісі көгілдір күміс тәрізді жылтырайды, ал білектері көлбақаның аяғына ұқсас та, жап-жасыл салалы саусақтары жарғақпен жалғасқан. Аяғының тізеден төменгі жағы су ішінде еді. Онысы құйрыққа ұқсас бірдеңе ме, әлде кәдімгідей адамның аяғы ма, ол арасы әзірше беймәлім. Әлгі оғаш жанның қолында ирелеңдеген ұп-ұзын кернейі бар екен. Ол кернейін тағы бір рет шалды да, адамға ұқсап сылқылықтап күлді, әрі кенеттен таза испан тілінде: «Тезірек, Лидинг1, алға!» деп айқайлап жіберді де, көлбақаның табаны іспетті қолымен дельфиннің жып-жылтыр арқасына бір салып қап, екі бүйірінен тебініп-тебініп қойды. Сол-ақ екен, әлгі дельфиннің жүрдек аттай лекітіп заулай жөнелді...

Терімшілер еріктерінен тыс шу ете түсті.

Белгісіз шабандоз жалт қарады. Адамдарды көрді де, ол кесірткедей шапшаңдықпен дельфиннің арқасынан сырғып түсіп, артына жасырынды. Дельфиннің арқасындағы жасыл көл бір сәт жануарды тағы салып кеп қалсын. Тіл алғыш дельфин әлгі құбыжықпен бірге суға сүңгіді.

Қосарланған қос мақұлық, су астымен жартылай шеңбер жасап жүзіп барды да, ә дегенше су асты жартасының сыртына жасырынып үлгерді...

Осынау оқыс оқиғаға бір-ақ минуттай уақыт кетті, ал көрермендер көпке шейін естерін жия алмай есеңгіреп тұрды. Терімшілер у-шу болып, жағаларын ұстасып, палубада әрлі-берлі жүгірісумен әлек. Үндістер тізерлей отырыса қалып,

 

1 Лидинг ағылшынша – жетекші деген


 

 

 


 

 

су тәңірісінен жандарына сауға сұрап жалбарынып жатты. Бір жас мексикандық сасқанынан өрмелеп діңгекке шығып кетіп, енді сол жерден бақырып баж-бұж етеді. Негрлер жағы трюмге тығылысып, бұрыш-бұрышта бүрісіп отыр. Інжу теру дегенді ойлап болмайтын. Педро мен Бальтазар жұртты тәртіпке әрең шақырды. «Медуза» зәкірін көтеріп, терістікке қарай бет алды.

 


Дата добавления: 2015-12-01; просмотров: 52 | Нарушение авторских прав



mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.011 сек.)