Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

Педагогикалық қарым-қатынастағы сендіру.

Педагогикалық тіл табысу, оның мәні, қызметі, стилі. Мектептегі басты тұлғалар – мұғалім және оқушы. Олардың сабақтағы, сабақтан тыс уақытта, бос уақытында қарым-қатынас жасау сипаты оқу-тәрбие үрдісінің тиімділігіне әсер етеді және ол оқушы тұлғасын қалыптастырудың басты құралы болып табылады. Педагогикалық қарым-қатынас – бұл педагог пен оқушылардың тіл табысуын, өзара түсінісуін, өзара әрекеттесуін ұйымдастыру, тұрақтандыру және дамытудың көпқырлы үрдісі. Қарым-қатынас арқылы педагог оқушылардың іс-әрекетін, тәртібін ұйымдастырады, олардың жұмысы мен әрекеттерін бағалайды, болып жатқан құбылыстар, оқиғалар жайында ақпарат береді, белгілі бір әрекеттері бойынша қажетті толғаныстарын тудырады, қиындықтарды жеңуде көмек береді, өз мүмкіншіліктеріне сенімін арттырады. Қарым-қатынастың тиімділігі проблемасы соңғы уақытта ерекше өзектілікке ие. Бұл мәселеге психологтар А.А.Бодалев, Б.Ф.Ломов, Е.С.Кузьмин, В.В.Занков, А.А.Леонтьевтердің, педагогтар И.А.Зимняя, Я.Л.Коломенский, А.А.Реанның еңбектері арналған. Педагогикалық қарым-қатынастың басқа қарым-қатынас (әлеуметтік, психологиялық, тұрмыстық, кәсіби және т.б.) түрлерінен ерекшелігі - оның оқушылардың дамуы мен тәрбиесіне бағытталған педагогикалық міндеттерді шешуі. Қарым-қатынастың екі жағы бар: қатынас және өзара әрекеттесу. Қарым-қатынастағы қатынас және өзара әрекеттесу – бұл айсбергтің суүсті және суасты бөліктері сияқты. Суүсті бөлігі – бұл сөздік және сөздік емес әрекеттер қатары болса, суасты бөлігіне адамды қарым-қатынас жасауға итермелейтін қажеттіліктер, мотивтер, қызығушылықтар, сезімдерді енгізуге болады. Педагогикалық қарым-қатынас – бұл ерекше қарым-қатынас, оның спецификасы осы қарым-қатынас субъектілерінің түрлі әлеуметтік-рольдік және қызметтік позицияларымен белгіленеді. Педагогикалық қарым-қатынас спецификасын оның өзара байланысқан екі жақты қыры да белгілейді. Бір жағынан, қарым-қатынас – бұл оқушылармен қарым-қатынастағы педагогикалық шығармашылық. Екінші жағынан, бұл педагогикалық шығармашылық үрдісіндегі балалармен қарым-қатынас. Кәсіптік-педагогикалық қарым-қатынас – бұл педагог пен тәрбиеленушілердің әлеуметтік-психологиялық өзара әрекеттесуінің жүйесі (дағды мен тәсілдері). Оның мазмұны – ақпаратпен алмасу, тәрбиелік ықпал жасау, коммуникация құралдары көмегімен қарым-қатынасты ұйымдастыру.

Қарым-қатынас әлеуметтік-психологиялық үрдіс ретінде мынадай қызметтерге ие:

- адамдардың бірін-бірі танып-білуі – қарым-қатынас үрдісінде адамдар бірін-бірі көзбен қабылдайды, бағалайды, яғни «әлеуметтік перцепция» (А.А.Бодалев) жүзеге асады.

- ақпаратпен алмасу – қарым-қатынас материалдық және рухани құндылықтармен, интеллектуалдық-эмоционалдық ақпаратпен алмасуды қамтамасыз етеді. «Адамның қандай болатындығын оның басқа адамдармен қарым-қатынас жасауда қандай екендігінен, осы қарым-қатынасқа оның көзқарасы қандай екендігінен оның еркінің қайда бағытталатындығынан көруге болады» (В.А.Сухомлинский);

- іс-әрекетті ұйымдастыру;

- рольдермен алмасу;

- тұлғаның өзін-өзі бекітуі;

- бірге әсерленушілік.

Педагогикалық қарым-қатынас құрыдлымы (В.А.Кан-Калик):

1. Болашақ қарым-қатынасты модельдеу (жобалау кезеңі).

2. Бастапқы әрекеттесуде тікелей қарым-қатынасты ұйымдастыру (коммуникативті шабуыл).

3. Дамып отыратын педагогикалық үрдісте қарым-қатынасты басқару.

4. Жүргізілген қарым-қатынас жүйесін талдау және оны келесі іс-әрекетте модельдеу.

Мұғалімнің қарым-қатынас стилі – бұл оның бағалауында, бағытталуында, тұлға мен ұжымға ықпал ету тәсілдерінен, басқару стилінен көрінетін мұғалімнің балалаларға, оқушылар ұжымына деген көзқарасының, қарым-қатынасының сипаты.

Педагогикалық қарым-қатынас стилінде педагогтың коммуникативті мүмкіншіліктерінің ерекшеліктері, педагогтың шығармашылық даралығы, педагог пен тәрбиеленушілердің өзара әрекеттесуінің сипаты, оқушылардың ерекшеліктері көрінеді. Қарым-қатынас стилі педагогтың жалпы және кәсіби мәдениетінің деңгейін, оның кәсіби біліктілігін айқындайды. Басқару стильдерін алғашқы экспериментальдық психологиялық тұрғыдан зерттеуді 1938 жылы неміс психологы Курт Левин жүргізген. Зерттеу барысында қарым-қатынас стильдерін жіктеу енгізіліп, осы күнге дейін қолданылып келеді. Олар: авторитарлық, демократиялық және бейтарап. Авторитарлық қарым-қатынас стилінде педагог сынып ұжымындағы, жеке оқушының басындағы мәселелерді өзі ғана шеше береді. Жеке көзқарасына сүйене отырып, өзара әрекеттесудің жағдайын, мақсатын белгілейді, іс-әрекет нәтижесін субъективті тұрғыдан бағалайды. Оқушыларға тікелей қатысы бар мәселелерді олардың талқылауынсыз, қатысуынсыз шешеді, ал олардың белсенділігі мен дербестігі теріс бағаланып, мұғалім тарапынан қолдау таппайды. Авторитарлық қарым-қатынас стилі өктемдік тактикасы және қамқорлық жасау позициясынан жүзеге асырылады. Педагогтың басқаруына қарсы щыққан оқушылардың әрекеті нәтижесінде ұжымда тұрақты конфликтілі ситуациялар орын алады. Осы стильді ұстанған педагог оқушыларға белсенділік, дербестік танытуға мүмкіндік бермейді, олар көбінесе оқушыларды түсінбейді, дұрыс бағаламайды. Авторитарлы қарым-қатынас стиліндегі топпен байланыс орнату формалары – бұйрық, нұсқау, сілтеу, ереже, сөгіс, мадақтау. Демократиялық қарым-қатынас стилінде педагог әрекеттесу барысында оқушының ролін арттыруға, әрбір оқушыны жалпы, ортақ істі, мәселені шешуге қатыстыруға бағытталған. Бұл стильдің негізгі ерекшелігі - өзара қабылдасу және өзара бағдарлану. Сыртқы белгілері бойынша демократ-педагогтың әрекеті «өте жақсы» деген бағаға иеленбегенімен, топтағы әлеуметтік-психологиялық жағдай, әдетте, жағымды сипатқа ие болып келеді. Ондағы тұлғааралық қатынастар талап қоя білу және сенім артумен ерекшеленеді. Демократиялық қарым-қатынас стилінде педагог оқушыларды белсенділік, дербестік танытуға шақырады, оқушылардың өз-өздерін жүзеге асыруына қажетті жағдай жасайды. Қарым-қатынастың негізгі формалары - өтініш, кеңес, ақпаратпен алмасу. Бейтарап стиль педагогтың іс-әрекетке мүмкіндігінше аз араласу ұмтылысымен сипатталады, мұғалім белсенділік танытуға жоқ. Берілген тапсырманы мұғалім немқұрайлы, формальды түрде орындайды. Жауапкершіліктен бас тартуға бейім.

Педагогикалық епті игеру шарттары. Балалармен психологиялық байланыс орнату және дамыту мүмкіншілігін сипаттайтын басты талаптың бірі – педагогикалық еп. Еп (такт) әсер ету, қол тигізу деген мағына береді. Бұл адамдардың өзара әрекеттесуін реттеуге көмектесетін адамгершілік категориясы. Ізгіліктік ұстанымына негізделе отырып, педагогикалық еп кез-келген күрделі де қиын ситуацияда адамға деген құрметтің сақталуын талап етеді. Еп – жоғары адамгершілікті мақсатқа жету үшін адамның моральдық ымыраға (компромисс) келетін іс-әрекет формасы. Бұл басқа моральдық талапқа нұқсан келтірмей, нақты адамгершілік талаптың жұмсаруы, саналы түрде әлсіреуі. Еп – қиындықтардан бас тарту емес, мақсатқа жетудің қысқа жолын таңдау, көру. Епті болу - әрбір адамға, әсіресе педагогқа, қойылатын адамгершілікті талап. Дегенмен, әрбір епті адам педагогикалық епке ие емес. Педагогикалық еп – мұғалімнің кәсіби қасиеті, оның шеберлігінң бір бөлігі. Педагогикалық ептің ерекшелігі – бұл мұғалім тұлғасының қасиеттерін (балаларға деген құрмет, сүйіспеншілік, сыпайылық) ғана емес, оқушыларға дұрыс жол табу, яғни балаларға тәрбиелік ықпал етудің тиімді құратын таңдау.Осылайша, педагогикалық еп – бұл педагогикалық үн мен қарым-қатынас стилін педагогикалық тұрғыдан дұрыс орнату іскерлігі. Педагогикалық епке тұлғаны құрметтеу, түсіну, тану керек. Оқушыларды құрметтей отырып, мұғалім өзінің құрметін оқушыларға көрсете білуі керек. Педагогикалық еп шеберлікпен бірге меңгеріледі, тәрбиеленеді. Еп – бұл мұғалімнің рухани жетілуінің, толысуының нәтижесі, балалармен қарым-қатынас орнату іскерлігі мен арнайы білімді жинақтаудағы өз бетімен жүргізілетін жұмысының нәтижесі.

Педагогикалық епті меңгеруде мұғалімге қандай білім қажет? Қазіргі жасөспірімдердің жас ерекшелік психологиясын, жеке ерекшеліктерін білу. Жасөспірімдермен қарым-қатынас стилінде құрметтеу, тану, сенім арту, кәсібилік, салмақтық реңдері болғаны жөн. Мораль негіздерін білу, іс-әрекеттің адамгершілік мәнін көре білу іскерлігі де маңызды. Әрине, оқушыларға ықпал ету тәсілдерін білу керек. Олар:

- балаларды сүю, өз махаббатын орынды көрсету;

- балалар іс-әрекетінің ішкі мәнін түсіну, көру, бақылау;

- нақты жағдайда дұрыс бағыт табу;

- ықпал етудің ыңғайлы тәсілін таңдау. Бұнда тәрбиенің жанама жолдарын білу өте маңызды: «Сен өзің білесің, бірақ мен саған айтар едім...»;

- балалармен әңгімелесу.

Қарым-қатынастың дұрыс стилін қалыптастыруда шыдамдылық, өзін ұстай білу, әділдік, озат тәжірибені шығармашылықпен қолдану, педагогикалық техниканы дамыту, әзіл зор мәнге ие. Бұнда мұғалім оқушылармен қарым-қатынаста оларды құремттеп, өз абыройын сақтап қалуды ұмытпағаны жөн. Үгіттеу – ықпал ету тәсілі. Үгіттеу – тәрбиеші балалардың сана-сезіміне, тәжірибесіне жүгіне отырып педагогикалық ықпал ету тәсілі. Оның мақсаты – тәрбиеленушілердің ақиқатқа, адамдар іс-әрекетінің мазмұнына, нормаларына саналы көзқарасты қалыптастыру. Үгіттеу – адамның санасына, өзін және қоршаған ортаны түсінуіне әсер ету, оның түсініктерін ғылыми білімнің, моральдың талаптарына сәйкестендіру.Үгіттеу – бұл адамның немесе ұжымның рационалдық және эмоционалдық салаларына тұтастай ықпал ету. Ол жаңа көзқарастарды, қарым-қатынастарды қалыптастыруға бағытталған. Үгіттеу екі мағынасында қолданылады: біріншіден, бұл ықпал ету тәсілі немес әдісі, екіншіден, бұл үгіттеп ықпал етудің нәтижесі, яғни белгілі бір ұстанымдарға, өмірлік позицияларға негізделген сенімдер жүйесі. Педагогикалық практикада үгіттеудің мына формалары кең таралған: әңгімелеу, түсіндіру, дәлелдеу, әңгіме, дәріс.

Үгіттеуге қойылатын талаптар: -үгіттеудің мазмұны мен формасы тұлғаның жас ерекшелік деңгейіне сәйкес болуы, оқушыларға түсінікті және қол жетерлік деңгейде ұсынылуы; үгіттеу оқушылардың жеке ерекшеліктерін есепке ала отырып құрылуы тиіс; үгіттеу бірізділікке, қисындылыққа, дәлелдікке ие болуы шарт; үгіттеуде жалпылама қағидалармен (ұстанымдар, ережелер) қатар нақты фактілер, мысалдар, көрнекілік, үлгі қолданылуы тиіс; басқаны үгіттей отырып, тәрбиеші өзінің айтқанына сенуі керек.

Үгіттеудің тиімді шарттары: Үгіттеудің күштілігі оның мазмұндылығына және үгіттеушінің беделіне тәуелді. Үгіттеудің тиімділігі үгіттелушінің психикалық ерекшеліктеріне (қызығушылықтары, қажеттіліктері, талғамы, ойлау ерекшеліктері), олардың үгіттеуде есепке алынуына тәуелді. Үгіттеуші мен үгіттелушінің өзара әрекеттесуі барысындағы интеллетуалдық-эмоциональдық күйіне тәуелді. Үгіттеудің мораль оқудан айырмашылығы – үгіттеуде белгілі бір қағида дәлелденсе, моральда тек ұсынылады, мысалы: «оқушы міндетті...», «ұят болады...» және т.б.

Педагогикалық қарым-қатынастағы сендіру. Сендіру, немесе суггестия (латын сөзі – сендіру) – бір адамның басқа адамға немесе адамдар тобына психологиялық ықпал етуі. Оның мақсаты – айтылған сөздерді, ондағы ойларды және ерікті сынға алмай қабылдау және сіңіру. Сендіру – бірнеше ғылымдар (жүйке жүйесінің физиологиясы, психология, әлеуметтік психология) зерттейтін күрделі құбылыс. Сендіру құбылысы «сендіруші – сенуші» күрделі жүйесі болып табылады. Онда өзара байланысқан үш элементтер ажыратылады: іс-әрекеттік (сендіру ықпалы), процессуалды (осы ықпалды сенушінің қабылдауы), нәтижелік (сенушінің жауабы, реакциясы). Суггестивті ықпал жасаудың басты құралы – сөз және сөздік емес факторлар (қимыл, мимика). Әлем әдебиетінде сендірудің мына түрлері ажыратылады: ояу кезінде сендіру, гипноз кезінде сендіру, ұйқы кезіндегі сендіру. Педагогикалық практикада сендірудің бірінші түрі қолданылады, оның болжамды және болжамсыз түрлерін көрсетеді. Болжамды сендіру – бұл суггестордың кімге нені сендіру керектігін білетін, алдын-ала ықпал ету тәсілдерін таңдап алатын,саналы түрде ұйымдастырылып, мақсаты белгіленетін психологиялық әсер ету. Болжамсыз сендіруде мұғалім оқушыға белгілі бір ойды, әрекетті және т.б. сендіруді мақсат тұтпайды, бірақ оның ескертулері («Сен ешқашанда түзелмейсің!», «Сен, әдеттегідей, дұрыс нәрсе айтпайсың!») оқушының бойында жағымсыз, қажетсіз күйлерді, ерекшеліктерді қалыптастыруы мүмкін.Сендірудің жағымды және жағымсыз түрлерін белгілейді. Ықпал ету тәсілі бойынша сендірудің тікелей және жанама деп анықтайды. Тікелей сендіруге:

- өсиет айту - императивті формада, ешқандай аргументсіз берілетін педагогтың сөзі, оқушылардың «орындаушылық» әрекетін талап етеді. Ол оқушының сеніміне, санасыз мотивтеріне, эмоционалдық саласына тікелей әсер етеді. Оның сөздік формалары – бұйрық беру, нұсқау, тыйым салу. Оның тиімділігінің шарттары: мұғалімнің беделі, мұғалім мен оқушының арасында тұрақты конфликтінің болмауы, сыныптағы жағымды микроклимат.

- команда, бұйрық дәл және тез орындаушылықты талап етеді. Олар қысқа да нұсқа формада берілетін вербальды ықпал етудің ерекше түрі. Мектеп практикасында команда және бұйрықтар дене шынықтыру сабақтарында, ойындарда, шепте, оқушыларды тәртіпке шақыру ситуацияларында кең қолданылады.

Жанама сендіру түрлері: білдіру (намек) – оқушының эмоциясына және сеніміне әзіл, мысқыл, кеңес, аналогия арқылы ықпал ету. Үгіттеу және сендіру мұғалімнің оқушыларға ықпал етуінің негізгі формалары ретінде өзара біріктіріле, бір-бірімен байланыса қолданылады.

Өзін-өзі бақылау сұрақтары:

  1. Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімінің тұлғалық мәдениеті деген не?
  2. Педагогикалық қарым-қатынас стильдеріне сипаттама беріңіз.
  3. Қазіргі мектепте педагогикалық қызметтің қай стилі басым?
  4. Педагогикалық еп дегеніміз не?
  5. Педагогикалық епті игерудің қандай жолдарын білесіз?
  6. Педагогтың оқушылармен қарым-қатынас орнату техникасын көрсетіңіз.
  7. Педагогтың ата-аналармен қарым-қатынас орнату техникасын көрсетіңіз.
  8. Үгіттеудің мәні, формалары, шарттары қандай?

Әдебиеттер тізімі:

1. Усманова А. Системный подход к коммуникативной организационно-педагогической деятельности руководителя организации среднего гуманитарного образования в целях активизации педагогических кадров к воспитательной работе. //Ізденіс. – 2005. – №2. – 209 б.

2. Жолдасбекова С., Махмудова Г. Болашақ мұғалімдерді дайындауда оқытудың ақпараттық технологиясын пайдалану жолдары. //Ізденіс. – 2005.- №1. – 238 б.

3. Абенова Е., Машенбаев Т. Жас мұғалім жақсы ұстаз болу үшін //Қазақстан мектебі. - 2003. - №9. – 7б.

 


Дата добавления: 2015-12-01; просмотров: 175 | Нарушение авторских прав



mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.01 сек.)