Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АрхитектураБиологияГеографияДругоеИностранные языки
ИнформатикаИсторияКультураЛитератураМатематика
МедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогика
ПолитикаПравоПрограммированиеПсихологияРелигия
СоциологияСпортСтроительствоФизикаФилософия
ФинансыХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника

Жай сөйлем және құрмалас сөйлем семантикасы

Читайте также:
  1. E) шығару және орналастыру бойынша қосымша шығындар
  2. Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің оқытушысы
  3. Автоматты сөндіргішті таңдау және оның құрылғысын оқып-үйрену
  4. Азақстан Республикасының сот жүйесі және құқық қорғау органдары туралы жалпы түсініктеме
  5. Азаматтық құқықтық қатынастардың пайда болуы, өзгертілу және тоқталу негіздері.
  6. Азаматтық заңдар және олардың жүйесі.
  7. Аржылардың және қаржылық құқықтың ұғымы

Грамматика (гректің qrammatike – оқи алу,әріп жаза білу деген сөзінен қалыптасқан) сөздердің түрлену жүйесі мен грамматикалық мағыналарын, олардың арасындағы байланыс пен қарым-қатынастарын, сөйтіп сөздердің тұлғалану ерекшеліктерін, сөздердің бір-бірімен тіркеске түсіп, сөйлем құрау сияқты қасиеттерін қарастырады. Осындай тексеру объектілерінің ерекшеліктеріне қарай, грамматика ғылымы морфология және синтаксис деп аталатын екі салаға бөлінеді.

Морфологияның (гректің morphe форма, тұлға және logos - сөз, ілім деген сөздерінен құралған) да зерттейтін басты объектісі сөз. Әрине, морфология лексикология сияқты және сөздердің нақты мағыналарын, олардың қайдан шығып, қалай қалыптасқанын, функциянальдық-стильдік сипаттарын емес, сөздердің жалпы қасиеттерін ортақ қасиеттері арқылы сөздердің белгілі топ құрай алуы мен түрлену, тұлғалану жүйесін соның нәтижесінде пайда болатын жалпы мән-мағыналарды топтап, категориялық ерекшеліктерін зерттеп сипаттайды. Ал синтаксис (гректің syntaxic- құрылыс, тізбек, тіркес, тәртіп деген сөзінен қалыптасқан) түрлену тұлғаларының басқа сөздермен синтаксистік қатынасқа түсу ерекшеліктерін, сөйлемде сөздердің атқаратын қызметтерін, сөйтіп, сөйлем құрау, олардың құрамдық, құрылыстық түрлері мен типтерінің ерекшеліктерін қарастырады.

Грамматиканың басты объектісі – тілдің грамматикалық құрылысын танып, оның негізгі ерекшеліктерін анықтауда оған тән басты-басты грамматикалық ұғымдарды ажыратып, олардың ерекшеліктерін, сипатын айқындап алу қажет. Басты грамматикалық ұғымдарға грамматикалық мағына оның берілу тәсілінің бір түрі грамматикалық форма және осы екеуінің жүйелі жиынтығын құрайтын грамматикалық категория дегендер енеді. Бұл үшеуі бір-бірімен бірлікте болып, тілдің грамматикалық құрылысын құрайды да, қалған жекелеген грамматикалық единицалар мен құбылыстар, жүйелер осы ұғымдардан туындайды.

Грамматика мағына және оның түрлері. Тілдегі әрбір сөздің нақты лексикалық мағынасымен бірге жалпы грамматикалық мағынасы да болады. Сөздің лексикалық мағынасы-нақты, ұғымдық мағына, яғни бір сөзден 2-ші сөзді айыратын реестрлік сөздік мағынасы болса, грамматикалық мағына-сөздің тым жалпы мағынасы, сол сөздің әр түрлі тұлғалар арқылы түрленуінің нәтижесінде немесе басқа сөздермен әр түрлі қарым-қатынасқа түсу салдарынан пайда болатын және сөздерді бір-бірінен бөлмей, керісінше, белгілі бір грамматикалық топтарға ортақ қасиеттер арқылы біріктіретін жалпы мағыналары болып табылады.Грамматикалық мағыналардың өзі біркелкі емес. Тікелей лексикалық мағынадан туатын да, сөздің түрлену жүйесі негізінде тұлғалануынан да пайда болатын грамматикалық мағыналар бар. Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең деген өлең жолдарын талдап көрейік. Сөйлемде қолданылған әрбір сөз бір-бір лексикалық мағынаны және бірнешеден грамматикалық мағынаны білдіріп тұр.

1. туғанда, лексикалық мағынасы- нақты туу қимылы; грамматикалық мағынасы: а)жалпы қимылды білдіру; ә) салтылық мән; б) өткен шақтық мән; 2. дүние -лексикалық мағынасы-әлем мағынасындағы дерексіз зат; грамматикалық мағынасы: а) жалпы абстракт зат атауы; ә) қатыстық меншіктілік мән.

3. есігін – лексикалық мағынасы – үйдің бір бөлігі болып табылатын нақты заттың ауыспалы мағынада қолданылуы; грамматикалық мағыналары:а) жалпы зат атауы болуы; ә) 2-ші бір затқа тәуелді бөлшегі болу, ол тәуелділік 3-жаққа қатысты.

4. ашады – лексикалық мағынасы-ауыс мағынадағы ашу қимылы; грамматикалық мағыналары:а)жалпы қимылды білдіру; ә)ол қимылдың сабақты болуы; б) ауыспалы осы шақ мәнін білдіру.

5. өлең – лексикалық мағынасы – нақты өлең деген зат атауы; грамматикалық мағынасы: а) жалпы зат атауы болуы; ә) ашу қимылының грамматикалық субъектісі болуы.

Грамматикалық мағынаны жасалу тәсіліне, сөздің грамматикалық сипатын айқындаудағы мәніне қарай жалпы грамматикалық мағына, категориялық грамматикалық мағына және қатыстық грамматикалық мағына деп үштүрге бөлуге болады. Жалпы грамматикалық мағына сөз таптарының семантикалық сипаты болып табылады. Мысалы: үй, бала, Алматы, жақсы, аң, әдемі, кел, ойла, т.б.

Қазақ тілінде грамматикалық форма арқылы берілетін мағына категориялық мағына деп аталады. Мысалы: 1) беймаза, бишара, наразы, 2) сөз таптарының түрлену жүйесі. Грамматикалық мағына сөйлеу процесінде сөздің басқа сөздермен тіркесіп байланысқа түсуі, негізгі сөзге көмекші сөздің тіркесуі арқылы, орын тәртібі, интонация т.б. арқылы беріледі. Оны қатыстық грамматикалық мағына деп атаймыз. Мысалы: Бала ойнап жүр. Бала бүркіт түлкіден аянбайды. Бұл – кітапты көп оқиды. Бұл кітап дүкенде сатылып жатыр деген сөйлемдердегі интонацияға назар аударуымыз керек.

Грамматикалық форма. Грамматикалық мағына әр түрлі тәсілдер арқылы беріледі. Грамматикалық мағынаны білдіретін синтетикалық тәсілдің бір типі - грамматикалық формалар. Сонымен, грамматикалық форма белгілі топтағы сөздердің қосымшалар, грамматикалық тұлғалар (жалғау, жұрнақ) арқылы белгілі жүйе бойынша түрленуі болып табылады да, сол арқылы әр тұлғаға сай категориялық мағына беріледі. Осы уақытқа дейінгі оқулықтарда (А. Ысқақов. «Қазіргі қазақ тілі», К.Аханов. Грамматикалық теорияның негіздері. А.72) грамматикалық форманы грамматикалық мағынаны білдіруінің сыртқы жағы немесе сол мазмұнның іске асу, көріну тәсілі деп айтылып келеді.Қазақ тілінде грамматикалық форма дегенге белгілі бір грамматикалық топтағы сөздердің түрлену, өзгеру жүйесі болып табылатын форма тудырушы қосымшалары жатады. Олар: көптік, септік, жіктік, тәуелдік жалғаулары және форма тудыратын: сын есімнің шырай тұлғалары, болымсыз, күшейтпелі етістік, тұйық етістік, шақ, көсемше есімше, рай жұрнақтары жатады.

Грамматикалық категория. Грамматикалық категория ең алдымен, грамматикалық мағынамен және грамматикалық формамен тікелей байланысты. Грамматикаклық мағына, грамматикалық форма болмаған жерде грамматикалық категорияның болуы мүмкін емес және де, грамматикалық категорияның болуы грамматикалық мағына мен грамматикалық форманың өзара бірлігімен, тұтастығымен байланысты.

Грамматикалық категория әрі өзара тендес, мәндес, ыңғайлас, әрі бір-біріне қайшы мәндегі бірнеше грамматикалық мағынадан немесе мағыналар жиынтығынан тұрып, ол грамматикалық мағыналар белгілі тұлғалар жүйелері арқылы беріледі.

Сөз таптары. Зат есім деп – күнделікті өмірде кездесетін жәй заттармен қатар, табиғат пен қоғамдық өмірдегі ұшырасатын әр алуан құбылыстар мен уақиғаларды ұғымдар мен түсініктерді де білдіретін сөз табын айтамыз. Мысалы: гүл, үй, алма деген сөздермен қатар қар, тұман, нарық, ақыл деген сөздер де жатады. Зат есім деп аталатын сөздердің өздеріне тән морфологиялық ерекшеліктері бар. Олар сөйлемдегі өзге сөздермен еркін қарым-қатынасқа түсетіндіктен, сол қатынастарға тән қажетті көптік, тәуелдік, септік және жіктік жалғауларын қабылдап, түрленіп отырады; 2-ден зат есімдердің сөз тудыратын және форма тудыратын арнаулы жұрнақтары бар. Зат есімдер семантика-грамматикалық ерекшеліктеріне қарай: адамзат (кімдік) және ғаламзат (нелік) есімдерін, жалқы есімдер, көптік мәнді есімдер, эмоциялы-экспрессивті зат есімдер, көмекші есімдер болып бөлінеді. Зат есімнің негізгі сұрақтары кім? не? Кім? деген грамматикалық сұрауға жауап беретін зат есімдерге жалпы адам атаулары жатады.

Адам атаулары деп: 1) жалпы адамға тән атауларды (кісі, бала, қыз, ұл, шал, кемпір); 2) туыс атауларын (әке,шеше,әже,жиен,іні, т.б); 3) іс-әрекет пен кәсіп-мамандық иелерінің атауларын (арбашы, әнші, оқушы, оқытушы); 4) әр алуан қызмет баптары мен лауазым атауларын (директер, төре, әкім, президент); 5) кісі аттарын (Асан, Гүлжан, Омар т.б) айтамыз.

Зат есімнің бұл тобына жалпы алғанда, адам атауларымен байланысты ұғымның аттары және кісі аттары енетіндіктен, оларға осы ерекшеліктеріне орай адамзат есімдері деп атауға болады. Не? деген грамматикалық сұрақ, әдетте, адамнан өзге барлық жан-жануарлардың күллі заттар мен, нәрселердің атауларына қойылады. Оған жататындар: 1) деректі я дерексіз барлық заттар мен заттық ұғымдардың атаулары (құм, кітап, сана, қол т.б); 2) өсімдік, жеміс-жидек, көкініс атаулары (өрік, қияр, алма жусан т. б); 3) ас пен ішімдік атауы (ет, сүт, көже, нан, қант); 4) жан-жануар, хайуанат атаулары (жылқы, қой,жылан); 5) балық атаулары (шорттан, сазан); 6) құрт-құмырсқа атаулары (маса, шыбын, шіркей т.б); 7) мекен, қора-қопсы, құрал-жабдықтар атаулары (үй, қора, балға, балта т.б). Сөйтіп, зат есімнің бұл есімнің бұл тобы адамнан өзге жан-жануарлардың, заттар мен нәрселердің заттың ұғымдардың атауларын түгел қамтитындықтан оларды ғаламзат есімдері деп атайды. Егер әдет бойынша кім? деген сұрау қойылатын кісі аты жер-су я мекен атауына ауысса, онда не? деген сұрау қойылады. Мысалы, Орал институтта оқиды. Орал – әсем қала.

Сын есім – семантика-грамматикалық мағынасы жағынан да, морфологиялық ерекшеліктері мен сөз тудыру, сөз өзгерту амалының жүйесі жағынан да, синтаксистік қызметі мен қолданылуы жағынан да қазақ қазіргі тіліндегі өзіне тән ерекшелігі бар сөз табының бірі.Сын есімнің табиғи қызметі ешбір өзгеріске түспей-ақ зат есіммен тіркесіп, заттың алуан түрлі қасиетін, сындық белгісін білдіру болады.

Мысалы: Үлбіреген ақ етті, ашық жүзді, тісі әдемі көріп пе ең қыздың жайын (Абай).

Сын есімді басқа сөз таптарынан ажырататын өзіне тән белгілер:

1) Қазақ тіліндегі сын есімдер өз мағыналарында септелмейді, оларға көптік, тәуелдік жалғаулары да қосылмайды. Егер бұл қосымшаның бірі сын есімге қосылса, ол онда заттанып, субстантивтетіп кетеді. Септік, көптік, тәуелдік категориясы-сын есімге емес, зат есімге тән құбылыс. Сын есімнің бұл ерекшелігі оны - зат есімнен бөлек, дербес сөз табы екенін айқындайды.

Мысалы: Біреуі көк, біреу жер тағысы адам үшін батысып қызыл қанға. Қызылға қонған қорғадай.

2) Қазақ тіліндегі сын есімдер категориясының өзіне тән ерекшеліктерінің бірі – олардың морфологиялық формаларының, шырай жұрнақтарының болуы. Сын есімнің бұл ерекшелігін көптеген тюркологтар оны дербес сөз табы ретінде тануға басты критерий етіп ұсынады. Алайда азербайжан және түрік (Түркия) тілдерінен -рақ,-рек формасы қолданудан шығып қалды, оның орнына басқа тұлғадағы сын есімдер жұмсалады, ал қазақ тілінде-рақ, -рек формасы жиі ұшырайды.

Мысалы: Махамбет образы Исатайдың образынан өзгешерек. Бұл формалар сапалық сын есімге жалғанады да, басқа сөз таптарында қолданылмайды.

3) Сын есімнің 3-ші бір ерекшелігі – түркі тілдерінде олардың қап-қара, сап-сары тәрізді күшейтпелі формасының болуы. Мысалы: Мынау бір жап-жас бала екен десек те, тап – тас екен, ап-ағаш екен деп айтуға болмайды.

4) Сын есім өзінің семантикасы арқылы да басқа сөз таптарынан ерекшеленеді. Заттың сынын білдіре отырып, сын есім кейде қимылдың сынын көрсететін үстеумен астасып келеді. Бұл жағдайда бұл сөз табының бір ерекшелігі - сын есім үстеу қызметінде жұмсала отырып, соның өзінде сын есім болып қалады. Мысалы: Жақсы бала жақсы оқиды.

5) Зат есімдерге септеулік шылаулардың қай-қайсысы болсада тіркесе береді (адам сияқты) ал олар сын есімнің негізгі мағынасында оған тіркеспейді. Ал күшейтпелі мағынаны білдіретін өте, тым, аса, тіпті, керемет тәрізді үстеу сөздер сын есімнің алдында келіп еркін тіркесе береді (ал олар керісінше зат есімге тіркеспейді). Мысалы: тым әдемі – тым шөп т.б.Сонымен, заттың сапасын, сипатын, қасиетін, түр-түсін, көлемін және т.б. сыр сипаттарын білдіретін лексика-грамматикалық сөз табын сын есім дейміз

Сын есімнің түрлері. Семантикалық мағыналары мен грамматикалық ерекшеліктеріне қарай қазақ тіліндегі сын есім мынадай топқа бөлінеді:

1) сапалық сын есім, 2) қатыстық сын есімдер.

Сапалық сын есім. Сапалық сын есім есімдер қосымша формаларынсыз-ақ тұрып, өзінің семантикасы жағынан тікелей заттың сынын білдіреді. Мысалы: қызыл, жасыл, ақ, қара, үлкен, ауыр т.б. Жақсы ат пен тату жолдас бір ғанибет. Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға.

Сан есім – заттың сан мөлшерін, ретін, шамасын білдіретін сөз табы. Мысалы: екі кітап, бес оқушы. Сан есімдер зат есімдерге тіркестірілмей және дара айтылғанда тек абстракт сандық ұғымдардың атаулары ретінде қолданылады. Олардың нақты мағыналары өзге сөздермен қарым-қатынасқа түсіп айтылғанда ғана айқындалып отырады. Екі айда алпыс күн бар деген сөйлемдегі екі, алпыс сөздері ай, күн сияқты зат есімдерімен қарым-қатынасқа түсіп, соларды сан жағынан анықтап тұр. Сан есімдер іштей дара сан және күрделі сан болып бөлінеді. Дара санның атаулары аса көп емес, олардың бар болғаны-жиырма шақты.

1 .2.3.4.5.6.7.8.9.10.20.30.40.50.60.70.80.90.100.1000..................Күрделі сан есімдер осы аталатын дара сан атауларының әр алуан жолмен тіркестіріле қолданылуы және қосарлана айтылуы арқылы жасалынады.

Он тоғыз, бір мың тоғыз жүз тоқсан бес.

Күрделі сан есімнің жасалуы:

1) бір санның үстіне басқа бір санды қосу жолмен жасалады.

Он бір (10+1), жүз сегіз (100+8). Олар жоғары дәрежелі саннан басталып, төмен дәрежелі сандармен аяқталып отырады

2) Бір санды басқа бір санға көбейту жолымен жасалады: екі жүз (2 көбейту 100). Бұлар төмен дәрежелі сандармен басталып, жоғары дәрежелі сандармен аяқталып отырады. Мысалы: алты жүз, сегіз жүз.

Сан есімдер мағынасына қарай алтыға бөлінеді: 1 ) есептік, 2) реттік, 3) жинақтық, 4) бөлшектік, 5) топтық, 6) болжалдық сан есімдер.

Есептік сан есім дегеніміз –бір өңкей заттардың, нәрсенің дәл санын көрсету үшін қолданылатын сандар. Есептік сан есімдер неше? қанша? деген сұрақтардың біріне жауап береді. Мысалы: 15 кітап.

Реттік сан есімдер есептік санға -ыншы (-інші) аффиксін қосу арқылы жасалады да, белгілі бір заттар мен құбылыстың сандық ретін білдіру үшін қолданылады. Мысалы: Мен 3-інші курста оқимын.

Жинақтық сан есім 1-ден 7-ге дейінгі есептік сан есімдерге –ау (-еу) аффиксінің қосылуы арқылы жасалады. Бұндай сөздердің негізгі мағынасы абстракт сан мөлшерін білдіретіндіктен, олар үнемі субстантивтеніп жеке қолданылады. Мысалы,түйе біреу, ат екеу, ешкі екеу, қасқыр бесеу. Жинақтық сан есімдер ешқашан күрделі түрде қолданылмайды.

Топтық сан есімдер. Топтық сан есімдер есептік, жинақтық, болжалдық сан есімдерге, қазіргі кезде шығыс септікке тән грамматикалық мағынадан біржола қол үзген -дан,-ден,-тан,-тен аффисін қосу арқылы жасалады, біркелкі заттар мен құбылыстардың сан мөлшерін топтап көрсетеді. Мысалы: Оқушылыр екі-екіден шыға бастады.

Болжалдық сан есімдер. Болжалдық сан есімдер-белгілі бір заттар мен құбылыстың сан мөлшерін дәл атамай, тұспалдап қана шамамен атайтын сөздер.

Болжалдық сан есімдер морфологиялық жолмен жасалуына мынадай жұрнақтар жатады: 1) - дай,-дей,-тай,-тей жұрнақтары есептік есімдерге тікелей жалғанады.

Мектепке 450-дей бала оқиды. - дай,-дей жұрнағы есептік сан есімдер тікелей тіркесіп анықтайтын мезгілдік, көлемдік мағыналы есімдерге жалғанады да, болжалдық ұғым тудырады. Біз жеті сағаттай жүріппіз.

2) - ер жұрнағы өте көне форма. Қазіргі қазақ тілінде тек бірер сөзде ғана сақталған. Мысалы: Бірер адам машина күтіп тұр.

Бөлшектік сан есімдер. Бөлшектік сан есімдер - негізінде таза математикалық ұғымға байланысты туған сөздер. Олар белгілі бір заттар мен құбылыстың бөлшегін білдіреді.Мысалы: Топтың 3-тен 2-сі жақсы оқиды.

Есімдер тобына жататын сөз табының бірі – есімдіктер. Есімдіктер заттың атын, сынын, санын білдірмейді, бірақ солардың орнына жұмсалады. Есімдіктер белгілі бір түсінікті я ойды жалпылама түрде меңзеу арқылы білдіреді. Мысалы: Сен қымсынба, артыңда біз бармыз. Сен, біз дегендердің мағыналары нақтылы емес, олар жалпылама түрде ғана айтылған. Ал есімдіктердің дәлді мағыналары бұрын айтылған я жазылған сөйлемдермен байланысты анықталады. Мысалы: Мен жаратпаған атшыға қарап едім, ол «тек отыр» дегендей басын шайқады.

Қандай сөздердің орнына қолданылуына байланысты, 1-ден, заттық ұғымды білдіретін сөздердің орнына қолданылатын есімдіктер, 2-ден заттың белгісін білдіретін сөздердің орнына жұмсалатын есімдіктер болып іштей екі жікке бөлінеді.

1-ші топқа негізгі түбір сөздер жатады: мен, сен, ол, біз, сіз, қай, кім, не, міне, бұл, осы, сол т.б.

2-ші топқа мынадай үш түрлі есімдік сөздер жатады: а) мағыналары өзгере келе, есімдік сөз табына ауысқан сөздер: бір, бар, біреу, бүкіл, түгел т.б және әр, күллі, пәлен сияқты араб-парсы тілдерінен ауысқан сөздер жатады;

ә) морфологиялық тәсіл арқылы сұрау және сілтеу сияқты негізгі түбір есімдіктеріне -у элементінің қосылуы арқылы жасалады: мына-у, ана-у, сона-у т.б. және басқа да формалар арқылы жасалған есімдіктер жатады: қан-ша, не-ше, қан-дай, не-шінші, бар-лық; б) синтаксистік тәсіл арқылы жасалынған есімдіктерг е: бірдеңе, бірнеше, кейбіреу, әлдекім, әлдеқашан, әлдеқайда, әрбір, ешкім, ешқайсы, ешқандай сияқты жеке сөздердің бірігуі арқылы және кімде-кім, қай-қайсы, бірде-бір сияқты қосарланып қолданылатын күрделі есімдіктер жатады.

Қазіргі қазақ тілінде етістік ең күрделі сөз табының бірі. Оның күрделілігі лексика-семантикалық ерекшелігінен, түбір тұлғасы мен оған үстелетін грамматикалық формаларының қат-қабаттылығынан және олардың арақатынасынан, грамматикалық категорияларының әр түрлілігінен, жаңа сөз жасау жүйесінен, қолданылу аясынан, сөйлемде атқаратын синтаксистік қызметінен т.б. лексика-грамматикалық қасиеттерінен анық байқалады.

Етістік зат есім сияқты көне сөз табы, басқа сөз таптарының жасалуына негіз болады. Етістіктер (оқы, кел, жүр) іс-әрекетті ғана емес, оның мезгілін де (ол үйіне келе жатыр, кеше мектепке бардық, ол кітапты оқыған), қимыл иесі-субъектінің жағы мен жекелік, көптігін де (мен оқыдым, сен тыңда, біз кеттік), объективті процесс пен оған деген субъектілік қарым-қатынасты да (оқығысы келмейді, оқымақпыз, оқытқалы келген болатын) білдіреді.

Үстеу сөздер заттың әр қилы қимылы мен ісінің әр түрлі сындық, бейнелік, мекендік, мезгілдік, шарттық, мөлшерлік күй-жайларын және сынның белгісін білдіреді. Ал қимылдың белгілерін басқа есім сөздер мен етістік формалары (мысалы, көсемшелер) да білдіре алады. Мысалы: Ол осы үйде тұрады. Мен осында қонамын деген сөйлемде екі пысықтауыш бар. Жатыс септігінде қолданылатын пысықтауыш болып тұрған үйде деген зат есім тұрушының мекенін айқын білдірсе, осында деген пысықтауыш қимыл иесінің бағытын жалпы түрде ғана хабарлап тұр.

2-ден, үй деген зат есім жатыс септікте тұрып қана пысықтауыш болып тұрса, осында деген пысықтауыш бастапқы түбірі осы деген есімдік болғанымен -нда қосымшасы оның табиғи бөлшегі болып тұрақталып, көнеленіп қалған. Сол қалпында пысықтауыш қызметін де жұмсалады. Сосын бірге, бірден, бірде дегендербірде сан есім, бірде үстеу болып қолданылады. Осылайша мағына жағынан әуелгі төркіндерінен (зат есім, сан есім, сын есім, есімдік) бөлініп, лексикалық мазмұны жағынан қимылдың алуан түрлі күй жайларын білдіретін сөздер үстеуге жатады.

Үстеудің мағыналық топтары. Сегіз түрі бар. 1.Мезгіл үстеуі қимылдың жалпы мерзімін я дәлді мезгілін білдіреді, қашан қашаннан деген сұрақтарға жауап береді. Оларға: бүгін, былтыр, ертең, таңертең, кешке, қазір, енді, күнімен, ала жаздай, әлдеқашан.

  1. Мекен үстеуі қимылдың орнын, бағытын, мекенін білдіреді, қайда?қайдан?

Оларға: ілгері, әрі, төмен, жоғары, алға, артта.

3. Мөлшер үстеуі түрлі қатынасты я жалпылап я мөлшерлеп немесе қимылдың, сынның, я кемдік, теңдік дәрежесін білдіреді қанша?қаншалық?

Оларға: онша, сонша, мұншама, ондаған, көптеген.

4. Сын (бейне)үстеуі қимылдың алуан түрлі сапасын, тәсілін, бейнесін білдіреді:қалай? қайтіп? неше?

Оларға: осылай, тікелей, шалқасынан, қолма-қол.

5. Күшейту (ұлғайту) үстеу заттың сынын, қимылдың өзін немесе түрлі мөлшерін, көлемін, аса күшейтіп, я аса солғындатып көрсетеді.

Оларға: ең, әбден, нағыз, дәл, сонша, орасан, өте.

6. Мақсат үстеуі қимылдың мақсатын білдіреді, әдейі, жорта, қасақана деген үстеулер жатады.

7. Себеп-салдар үстеуі амалдың себебін я салдарын білдіреді.

Оларға: жоққа, босқа, амалсыздан.

8. Топтау (саралау) үстеуі амалдың және басқа қарым-қатынастың бірігуі арқылы немесе жекеленіп істелетіндігін білдіреді.

Мысалы: екеулеп, үшеулеп, он-ондап, бас-басына, үйді-үйіне т.б.

Үстеудің сөйлемдегі қызметі.

1.Сөйлемде пысықтауыш мүше болады.

Ерте ояндым, кеш жаттым. Олар етістіктен болған баяндауышты пысықтайды.

Еліктеу сөздердің бір тобы семантикалық мағыналары жағынан табиғатта ұшырасатын әр алуан дыбыстармен байланысты болса, 2-ші тобының семантикалық мағыналары сол табиғаттағы әр қилы табиғи көріністердің бейнелерімен байланысты. Осы себептен бұл сөздер іштей екі салаға бөлінеді: бір тобы еліктеуіш (еліктеме) сөздер деп, екінші саласы бейнелеуіш (бейнелеме) сөздер деп аталады.

Еліктеу сөздердің семантикалық сипаты. 1) Еліктеуіш сөздер. Еліктеуіш сөздер деп табиғатта ұшырасатын сан алуан құбылыстар мен заттардың бір-біріне қақтығысу-соқтығысуларынан туатын дыбыстарды, сондай-ақ жан-жануарлардың дыбысталу мүшелерінен шығатын әр түрлі дыбыстарды есіту қабілеті арқылы белгілі –белгілі түсініктер ретінде қабылдаудан болған және сол түсініктердің атаулары есебінде қалыптасқан сөздерді айтамыз. Еліктеуіш сөздер ауызекі тілде, ауыз әдебиетінде, көркем әдебиетте өте жиі қолданылады. Мысалы: Күбір-күбір адам даусы естілген тәрізденді. Сауған сайын суы молайып, күр-күр етіп, ән салады. Осындағы күбір-күбір, күр-күр деген еліктеуіш сөздер бастапқы түбірінің екі рет қайталануынан жасалған да, амал-әрекеттің үсті-үстіне әлденеше рет қайталанып жасалатынын білдіреді. Ал жалаң түрде қолдансақ, м ысалы: қарқ етті, тарс етті дегенде амал-әрекеттің бір ғана рет жасалатынын білдіреді.

Сонымен, еліктеуіш сөздер дегеніміз – өзіне тән лексика-семантикалық мағынасы, морфологиялық тұлға-тұрпаты бар, дара түрлеріне де, қосарланған түрлеріне де көптік, тәуелдік, септік, жіктік жалғаулары тікелей жалғанбайтын, сөйлемде әрқашан сын-қимыл пысықтауыш болатын және бастапқы түбірлерінен жұрнақтар арқылы есімдер және етістіктер жасалатын сөздер.

2) Бейнелеуіш сөздер. Еліктеуіш сөздер есіту қабілеті арқылы пайда болатын түсініктердің аттарын білдірсе, бейнелеуіш сөздер табиғатта кездесетін белгілі-белгілі елес, құбылыстарды көзбен көру қабілеті арқылы туатын түсініктердің аттарын білдіреді. Мысалы: Кенеттен шыққан дауысқа Ботагөз «Ә» деуге үлгермей, жүрісін кілт тоқтатып, жалт қарады дегендегі кілт және жалт деген сөздер қалай тоқтағандықтың, қалай қарағандықтың бейнесін көрсетеді.

Бейнелеуіш сөздер іс-әрекеттің әрі шапшаң тез болатынын да білдіреді. Мысалы: Найзағай жалт етті.

Еліктеуіш сөздер сияқты, бейнелеуіш сөздер де қосарланып қолданылады да, солар арқылы бейнеленетін құбылыстың бірнеше рет қайталанғанын білдіреді. Мысалы: маң- маң, жалт-жалт, ербең-ербең т.б.

Шылау дегеніміз ішкі мазмұндары жағынан да, сыртқы формалары жағынан да, қызметтері жағынана да өздерінің бастапқы төркіндерінен біржолата қол үзген, өз алдына категория болып қалыптасқан сөздер. Шылаулар сөз бен сөздің немесе сөйлемнің араларын байланыстыру, құрастыру үшін қолданылатын, өздері тіркескен сөздерінің ұғымдарына әр қилы реңктер үстеп, оларға ортақтасып, тұлға жағынан тиянақталған, лексика-грамматикалық мағынасы бар сөздер. Шылауларға тән қасиет оларда грамматикалық мағыналар басым. Тіліміздегі шылаулардың бәрінің атқаратын қызметтері бірдей емес. Осыған орай, олар үшке бөлінеді: септеуліктер, жалғаулықтар, демеуліктер.

Жалғаулықтар өзара тең бірыңғай сөздердің, бірыңғай сөз тіркестерінің және бірыңғай сөйлемнің араларындағы әр қилы қатынастарды білдіреді. Мысалы: қыс пен жаз.

Септеуліктер деп объекті мен объектінің не предикаттың арасындағы түрлі грамматикалық қатынастарды білдіру үшін қолданылып, белгілі бір септік жалғауын меңгеріп тұратын көмекші сөздерді айтамыз. Септеуліктер өздері тіркескен есімдерге, субстантивтенген өзге де атаушы сөздерге себептік, бағыттық, мақсаттық, көмектіктік, мезгілдік, қайталау, үдету, ұқсату сияқты әр қилы грамматикалық мағыналарды жамайды.

1. Атау септігін меңгеретін септеуліктер: а) үшін септеулігі зат есім, есімдік, -ған,-ген,-қан,-кен формалары есімшелермен, -с,-ыс,-іс,-у формалы қимыл атауларымен тіркесіп қолданылады. Мақсат, себеп, арнау мағыналарын білдіреді. Мысалы: Сатай ылғи ас берген ауылда даяшы болу үшін туғандай еді.

Демеуліктер деп өздері тіркесетін сөздерге әр қилы қосымша реңктер (мағыналар) жамайтын сөздерді айтамыз. Олар: сұраулық, шектік, нақтылық, күшейткіш, болжалдық, болымсыздық, қомсыну демеуліктер і болып бөлінеді.

1) Сұраулық демеуліктері: а) ма,-ме,-ба,-бе,па,-пе – зат есім, сын есім, үстеу, етістіктердің бұйрық, ашық, шартты райларымен, есімше, көсемше формаларымен тіркеседі. Мысалы: Жел қуған қаңбақ бөгесін бе? ә) Ше демеулігі. Мысалы: Егер ісіңді реттеймін деп тұрса ше? 2) Күшейткіш демеуліктері күшейту мәнін беру үшін қолданылады: -ау,-ай,-ақ, да,де,та,те. Мысалы: Қап, мынау мені жеңді- ау. Біз үйден шыққанда күн де сәскелікке жақындап еді. 3) Нақтылық демеуліктері айтылатын ойды нақтыландыра, тұжырымдау үшін қолданылады. Оларға: қой, ғой,-ды,-ді,-ты,-ті. Мысалы: Көптің талқысы қиын ғой. Олар елге пана- ды. 4) Шектік демеуліктері іс-әрекетке, амалға, мезгілге шек қоя тұжырымдап айту үшін қолданылады. Оларға: қана, ғана, -ақ жатады. Мысалы: Бірен-саран үйшіктердің маңдарында әлсіреген оттар ғана жылтырайды. Мыңнан аса жылқыны үш- ақ адам бағып отыр. 5) Болжалдық демеуліктері - -мыс,- міс,-ау. Мысалы: Зәрі қатты қырсық әкені Абай қатты кінәлапты- мыс. 6) Болымсыздық демеуліктеріне түгіл, тұрсын, тұрмақ жатады. Мысалы: Жазғы ауыл түгіл, қысқы қыстауды да бірге салдық. 7) Қомсыну демеулігі – екеш. Мысалы: Құс екеш құс та балапанын ұядан қияға ұшырып үйретеді.

Одағай, оның түрлері. Одағай сөз табына жататын сөздер адамның көңіл-күйін, сезімін білдіру мақсатымен ғана емес, сонымен қатар басқа біреуге жекіру, ишара білдіру немесе малды, үй хайуандарын шақыру, айдау, қорғау мақсатында да қолданылады. Тіліміздегі одағай сөздер осындай мәніне қарай үш топқа бөлінеді: 1 ) Көңіл-күй одағайлары, 2) императивтік одағайлар, 3) тұрмыс-салт одағайлары(«Қазақ грамматикасы» бойынша). Албасқа грамматикалық оқулықтарда одағайлар: көңіл-күй одағайлары, шақыру (жекіру) одағайлары, тиым салу одағайлары болып та бөлінеді (А.Ысқақов. «Қазіргі қазақ тілі. Морфология»).

Сондықтан да одағайлар сөйлемде белгілі бір мақсатпен қолданылғанмен, біріншіден, өз алдына жеке-дара тұрып, лексикалық мағына білдіре алмайды, нақты ұғымдық мәні жоқ, екіншіден, сөйлем ішінде басқа сөздермен грамматикалық байланысқа түспейді. Сол себепті одағайлар синтаксистік жағынан оқшау сөздер деп аталатын топқа жатады. Бірақ одағайлардың сөйлемде білдіретін жалпы ойға қатысы бар: айтушының әр түрлі көңіл-күйін, сезімін, ишара етуді, императивтік мәнін, жеку, мал, жануарларға бағышталып айтылу мәнін т.б. білдіреді.

1 ) Көңіл-күй одағайлары адамның әр түрлі сезімдерін, көңіл-күйін білдіреді. Олар сан жағынан мол, семантикалық реңкі өте бай топ. Бұл топтағы одағайлар әрі жағымды, әрі жағымсыз көңіл-күйді білдіре алады. Осы қасиетіне қарай көңіл-күй одағайлары ішінара үш топқа бөлінеді:

а) Жағымды көңіл-күй білдіретін одағайлар: алақай, ура, паһ-паһ, бәрекелді, оһо т.б. Мысалы: Алақай! Ата!Апа!... Есбосындар келіп қалды.

ә) Жағымсыз эмоцияны білдіретін одағайлар: қап, әттеген-ай, әттең,тәйірі, түге,шішту, шіш, бай-бай-бай т.б. Мысалы: Піш, тапқан екенсің қажырлы адамды.

б) Әрі жағымды, әрі жағымсыз эмоцияны білдіретін одағайлар. Бұл топтағы одағайлар көп мәнді болып келеді де, олардың мағыналары контнекс ішінде не ситуацияда анықталады. Пай-пай одағайы таңдану, сүйсіну мағынасымен қатар ренжу, наразылық мағынасында да қолданылады. Мысалы: Пай-пай, қандай жарасымды,ә?! Пай-пай, аяқтарының астында қаламыз-ау!

2) Императивтік ишарат одағайлары адам не хайуанатқа бағышталып айтылатын шақыру, жекіру, тиым салу мақсатымен қолданылатын одағай сөздер жатады. а) Адамға бағышталып айтылатын одағайларға: айда, тәйт, жә, тәк, әуп, әлди-әлди, стоп т.б. жатады. Мысалы: Жә, тоқтат, ақсақал Базаралыдан алмаған өшің бар ма?! ә) Малға, үй хайуандарына бағышталып айтылатын одағайлар: айтақ, моһ-моһ, кәуіс-кәуіс, шөре-шөре,әукім-әукім т.б. Мысалы: Қоянның ышқына қашқанын қызық көріп «Айтақ, айтақ!» деп айқай салды.

3) Тұрмыс-салт одағайлары сан жағынан шағындау болғанымен, өмірде жиі қолданылатын одағайлар. Бұған адамдардың амандасу, қоштасу т.б. сыйластық белгісі ретінде қолданылатын хош, хайыр, рахмет, Ассалаумағалейкум, құп, кеш жарық сияқт ы сөздер жатады. Мысалы: Құп! -деді де, қоштасып жүріп кетті агроном.

Синтаксис гректің syntaхіs құрастыру, құрау деген сөзінен шыққан. Синтаксис грамматикалық ілім ретінде мынадай төрт салаға бөлінеді:

§ Сөз және оның формаларының синтаксисі.Сөзді өзіне тән ерекшеліктері тұрғысынан қарастырады.

§ Сөз тіркесінің синтаксисі. Онда сөздердің өзара тіркесу қабілеттілігі, тіркесу тәсілдері мен формалары, сөз тіркестерінің құрамы, олардың түр-түрі қарастырылады.

§ Сөйлемнің синтаксисі. Онда сөйлемнің құрылу принциптері, сөйлемнің құрамы, олардың түр-түрі қарастырылады.

§ Мәтін синтаксисі.

Жай сөйлем синтаксисі. Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері. Бастауыш – сөйлемнің тұрлаулы мүшесі, А.Байтұрсынов анықтамасы бойынша, «бас мүше, сөйлем ішіндегі сөздер байланатын қазық сөз, сөйлем иесі». Бастауыштың сұрақтары да әртүрлі. Бірақ грамматикалық жағынан тұлғаланған көрсеткіші – атау септігінде тұру. Алайда бастауыштардың кейде формаланбаған ілік септігінде де айтылатынын ескеру керек. Ондай сөйлемнің баяндауышында тәуелдік жалғаулы сөз күрделі баяндауыштың құрамында болып келеді: Сабақ айтайын десем, мыналар кедергі жасап тұрғаны.

Сұрақтары: кім? не? Бастауыш қызметінде жұмсалатын сөздердің көптік, тәуелдік формаларында келуіне қарай сұрақтары да сол формаларға өзгеріп отырады.

Баяндауыш. Сөйлемдегі айтылған ойдың белгілі бір тиянағы болып келетін мүше баяндауыш деп аталады. А.Байтұрсынов: «Нәрсенің срын-сипатын, жайын, амалын, болмысын айтып баяндайтын сөз баяншы мүше болады».

Баяндауыш болатын мүше бастауыштың әр түрлі жай-күйін білдіреді. Оның мұндай қызметі қай сөз табынан, қандай грамматикалық тұлғада, мағынада тұрғанына байланысты. Тіліміздегі сөйлем мүшелерінің қай-қайсысы да, оның ішінде баяндауыштың әр түрлі тұлғада қолданылуы оның қызметі кең көлемді екенін білдіреді.

Баяндауыштың жасалуы.

§ Сөздердің түбір күйінде баяндауыш болуы. Қай сөздің болса да баяндауыштық қызметі сол сөйлемдегі субъектілік, предикаттық қатынастан көрінеді. Сондықтан баяндауыштың қызметі басқа мүшелермен, әсіресе бастауышпен қатар айтқанда айқын болады.Дара тұрған күйінде көбірек баяндауыш болатын –етістіктер.

§ Сөздердің грамматикалық тұлғалар арқылы баяндауыш болуы. Баяндауыштардың мофология-синтаксистік тұлғасы –жіктік жалғаулары. Жіктік жалғаулары әрі баяндауыштық, әрі бастауыш пен баяндауышты қиыстыратын синтаксистік тұлға.

Баяндауыштың негізгі түрлері: етістік баяндауыштар, есім баяндауыштар. Бұл екеуі де дара, күрделі, құрама болуы мүмкін.

Күрделі етістікті баяндауыштың құрамы: негізгі +көмекші. Көмекші етістіктер жоғарғыдай синтаксистік тіркеске түсіп, баяндауыштың шақтық, тұрпаттық, модальдық т.б. мағынасын түрлендіріп, кейде бір қалыптан екінші қалыпқа түседі. Проф. Насилов: су ағып тұр тіркесіндегі етістікке талдау жасай келіп, ағып етістігінің динамиканы, тұр етістігінің статиканы білдіретініні, сөйтіп екеуі тұтасып үздіксіз болып жатқан қимылды білдіретінін көрсетеді.

Күрделі баяндауыштардың қимыл кезеңін білдіруі.

§ Қимылдың басталу кезеңі. Отыр, қал, жатыр, кел, баста, жөнел т.б. етістіктер.

§ Қимылдың болып жатқан кезеңі: тұр, кел,бер, жүр, қой, түс, т.б. көмекші етістіктер болады: Ол Баршагүлге күле сөйлеп келеді.

§ Қимылдың аяқталып қалған кезеңі: қал, кел, кете, жазда көмекші етістіктері болады.

§ Қимылдың аяқталған кезеңі: жібер, кет, бербол, қой, таста т.б.етістіктер болады.

§ Қимылдың дүркінділігі: қой, бер, жатыр, отыр, түс, бар т.б.етістіктер болады. Абай күрсініп қояды.

Сөйлемнің тұрлаусыз мүшелері. Қазіргі қазақ тіліндегі жайылма сөйлемдерде тұрлаулы мүшелерден басқа, оларды айқындайтын мүшелер де бар, олар: толықтауыш, пысықтауыш, анықтауыш.

Зат есімдермен атрибуттық қатынаста жұмсалатын түрлі-түрлі тұлғадағы сөздердің бәрі – анықтауыш, етістікпен және кейбір есімдермен объектілік қатынаста тіркесетін, заттық ұғымы бар сөздердің мүшелік қызметі толықтауыш болады. Сондай-ақ, етістіктерге, кейде кейбір есімдерге қатысты болып, мезгіл, мекен, амал т.б. мағыналарда жұмсалатын сөздер, қандай тұлғада болмасын пысықтауыш қызметінде жұмсалады.

Анықтауыш сөйлемдегі зат есімнен не зат есім орнына жұмсалған басқа есімдерден болған мүшелерді түрлі жағынан сипаттап тұрады. Қазақ тілінде анықтауыштардың көпшілігі анықтайтын мүшелерінен оқшауланбай, қатар тұрып, қабыса байланысады, олар фразалық бір екпінге бағынып, екпін жағынан бір түйдек болып тұрады. Жалпы ереже бойынша анықтауыш зат есімдерден болған мүшені анықтайды, кейде зат есім орнына жұмсалған есімді, сан есімді де анықтауы мүмкін.Анықтауыштар да басқа сөйлем мүшелері сияқты бірнеше сөзден де құралады. Күрделі анықтауыштардың бір тобы (ұзын бойлы, қара мұртты) өзара атрибуттық қатынастағы сөздерден құралған. Екінші бір тобы (өңі құп-қу, жасы келген) зат есім мен сын есімнен немесе зат есіммен етістіктен құралған. Олар өзара анықтауыштық ыңғайда айтылмаған, бірібастауыш, екіншісі оның баяндауышы ыңғайында айтылған. Мұндай анықтауыштарды предикаттық қатынастағы үйірлі анықтауыштар дейміз.

Толықтауыш –қимыл процесінің объектісі болатын мүше. Өзі бағынған сөзбен грамматикалық байланыста тұрып, барыс, табыс, шығыс, көмектес, кейде жатыс жалғауларының бірінде жұмсалады.Мағынасына, синтаксистік қызметіне және тұлғасына қарай екі топқа бөлінеді: тура және жанама. Табыс септігінде жұмсалатын сөйлем мүшесі тура толықтауыш болады. Ол заттың(субьектінің) қимыл процесін білдіретін сабақты етістіктермен тығыз байланыста болады: Олар өткен жылғы табыстарын баянды етті. Пысықтауыш та, анықтауыш сияқты, басқа сөздің ерекше белгілерін білдіру үшін жұмсалатын тұрлаусыз мүше. Одан айырмашылығы: анықтауыш зат есімнен болған мүшені анықтаса, пысықтауыш етістіктен болған мүшені анықтайды. Сондықтан көбінесе анықтауыш қызметінде жұмсалатын сөздер етістікке қатысты болып, етістікті «анықтаса», оларды пысықтауыш деп танимыз.Пысықтауыш қызметінде жұмсалатын сөздер – үстеулер, үстеу мәндес есімдер, сапалық есімдер мен мекендік, мезгілдік, мақсаттық, амалдық мағыналарда жұмсалатын септеулі (жатыс, барыс, шығыс, көмектес) зат есімдер.

Пысықтауыштың мағыналық түрлері:

1.Мезгіл пысықтауыш – етістіктің шақтық мағынасына мезгілдік мағына үстеп, оның қашан, қай мезгілде болған процесс екенін білдіретін пысықтауыш. Мезгіл пысықтауыш қызметінде жұмсалатын сөздер –мезгілдік үстеулер, зат есім, сын есім мен кейбір сөз тіркестері. Мысалы: Лезде қайта оралды. Мен бүгін тойға барамын.

2.Мекен пысықтауыш – қимылдың, іс-әрекеттің болу орнын, бет алысын, қайдан екенін білдіретін пысықтауыштар. Мекен пысықтауыш қызметінде жұмсалатын сөздер –мекен үстеулері (жоғары, төмен, ілгері, кейін т.б.). Мысалы: Ол үйге қарай кетті. Торғайлар бұтаққа қонды.

3.Мақсат пысықтауыш – іс-әрекеттің не үшін, қандай талапқа лайық істелетінін білдіретін пысықтауыш. Кім үшін? не үшін? неге? қандай мақсатпен? деген сұрақтарға жауап береді. Мысалы: Ол жорта айтып отыр. Мақсат пысықтауыш қызметінде жұмсалатын үстеулер өте аз: әдейі, қасақана, жорта, босқа, бекер, әшейін. Сондай-ақ -у қосымшалы қимыл есімдер барыс жалғауында кел, кет, әкел, бер сияқты етістік баяндауыштарға қатысты болғанда, олар мақсат пысықтауыш қызметінде жұмсалады. Мысалы: Біз мұнда білім алуға келдік.

4.Себеп пысықтауыш қимыл процесінің себебін білдіреді. Неліктен? Не себепті? Деген сұрақтарға жауап береді. Себеп пысықтауыштар сөйлемде тек баяндауыш болған етістіктің мағынасын айқындап, тек сол қимылдың болу-болмау себебін ғана білдірмейді, көбінесе, оның қасындағы басқа амал, мекен пысықтауыштармен демағыналық байланыста тұрады: Оның даусы шаршағандықтан бәсең шықты.

5. Амал пысықтауыш қимылдың қандай тәсілдермен атқарылуын білдіреді. Сұрақтары –қалай? қайтіп? қалайша? Амал пысықтауыштар тәсілдік амал және сапалық амал болып екіге бөлінеді.

1.Бірдеңенің не бір істің жайын баяндау мақсатымен айтылған сөйлем хабарлы болады: Асау терек долданып, буырқанып, тауды бұзып, жол салған, тасты жарып (Абай). Күн қызыл арай шатырынан жаңа ғана шыққан (Ғ.Мүсірепов)

Хабарлы сөйлемдердің мазмұны әр түрлі болады. Олардың мазмұны сөйлемге қатысқан сөздердің, сөйлем мүшелерінің, әсіресе, баяндауыштардың мағыналық, тұлғалық ерекшеліктерімен байланысты. Баяндауыштардың тұлғалық ерекшеліктеріне қарай хабарлы сөйлемдер, мысалы, болымды (Жаңбыр жауды), болымсыз (Жаңбыр жаумайды), қалаулы (Енді қырманға барайықшы), болжалды (Жездең ертең келетін шығар) болады, ал баяндауыштарының қай сөз табынан болатынына қарай етістікті (Үйдің іші жылынды), есімді (Күн жылы.Аспан ашық) болып бөлінеді.

Сұраулы сөйлемдер интонация арқылы және сұрау есімдіктері, сұраулық шылаулар, кейбі көмекші етістіктер мен қосымшалардың қатысуы арқылы жасалады. Олардың бастылары мыналар:

1. Сұраулы сөйлемдер ма, ме, ба, бе, па, пе сұраулық шылаулар арқылы жасалады: Жиналыс басталды ма?

Сұраулық шылау қысқарып, жіктік жалғаулардан бұрын келу арқылы да сұраулы сөйлем жасайды: Сен немене, тоңып қалғансың ба? -деді офицер. Сұраулы сөйлемді бұлай құру сөйлеу тіліне тән болғандықтан, олар диалогтарда жиі ұшырайды.

2. Сөйлемде кім? не? қашан? қайдан? кімді? сияқты сұрау есімдіктері арқылы сұраулы сөйлем жасалады: Мұнда қайдан жүрсің?

3. Шығар, болар, қайтеді деген көмекші етістіктер күрделі баяндауыштың құрамына еніп, сұраулы интонациямен айтылғанда, сөйлем сұраулы болады:

Сен осы ауылдың баласы шығарсың?

4.Баяндауыштың құрамында -ау, ғой шылаулары мен одағай айтылып та сұраулы

сөйлем жасалады: Сен кіп-кішкене қуыршақтай едің-ау, ә?

5. Ше демеулігі баяндауыштардың құрамына ену арқылы да сұраулы сөйлем

жасалады: Ал Жамал ше, өзің ше?

6.Кейде (көбнесе диалогтарда) хабарлы сөйлемдерде сұраулық интонация арқылы

сұраулы етіп айтуға болады: Богданов: сіздер ертеңнен бастап теңізге шығу жұмысына кірісіңіздер. Мәжен: Ертеңнен бастап?

Бұйрықты сөйлем біреуді іс істеуге жұмсау мақсатымен айтылады. Ондай сөйлемдер жалаң бұйрық ретінде ғана айтылмайды, сонымен қатар кісінің еркін, талабын, кеңесін, тілегін, жалынышын т.б. білдіреді.

Бұйрықты сөйлем негізінде ауызекі тілге тән, көркем әдебиетте ондай сөйлем диалогте жиі ұшырайды.

Бұйрықты сөйлемдер етістіктің бұйрық және қалау райы арқылы жасалады. Олар сөйлемнің баяндауышы болып жұмсалады да, сөйлем түгелімен асқақ әуенмен айтылады. Бұйрықты сөйлемдердің айтылу әуендері оларды қандай мазмұнда жұмсалуына қарай түрліше болады. Егер бұйрықты сөйлем бұйыру, қатал талап мағынасында жұмсалса, ол көтеріңкі дауыс екпінімен айтылады; егер кеңес, жалыныш, тілек мағыналарында жұмсалса, олар бәсең дауыспен айтылады. Алдыңғы жағдайда баяндауыш көбінесе сөйлемнің басына қойылады: Шеген, тоқта, қайырыла кет.

Бұйрықты сөйлем көбінесе толымсыз (бастауышсыз) болады да, оның орнына қаратпа сөз қолданылады. Қаратпа сөздер істі істеуге тиісті кісіні, бұйрықтың кімге, неге арналғанын білдіреді.

Бұйрықты сөйлемдердің тағы бір ерекшелігі мынау: олар көбінесе аз сөзден құралған ықшамды болады да, екпінді әуенмен тақ-тұқ айтылады: Қорқытпа,тоқта, бала, тоқта! Мұндай сөйлемдерде қаратпа сөздің болуы, сөйлемдердің ықшамдалып айтылуы олардың бұйрықты мәнінің өткір, әсерлі болуымен байланысты. Сондықтан бұйрық, талап, үндеу мәнді болумен байланысты. Сондықтан ондай сөйлемдерді салмақты етіп айту үшін сөйлем белгілі біреуге арналады да сол «біреу» қаратпа сөз қызметінде жұмсалады. Қаратпа сөз болмаса, сөйлемнің бұйрықтылығы күші солғын болады да, бұйрық, талап, тілек көпке арналады. Соңғы жай мақал-мәтелдердің стиліне тән: Темірді қызған кезде соқ, жалғаймын деп үзіп алма, түзеймін деп бұзып алма!

Бірдеңені асыра мақтан ету, масаттану, қолпаштау мағынасында да лепті сөйлемдер жасалады. Ондай сөйлемдердің ішінде кейде қандай ғажап, неткен, болғанда қандай, пай-пай, ай деген сөздер болады: Айналаңа қарашы! Дүние қандай сәнді!

Тұлғасы сұраулы сөйлемдер кейде экспрессивті мағынадағы лепті болып жұмсалады: -Ол –ол болсын, жә, мынау көргеніміз қай мазағымыз! Сонымен жай сөйлемдер мағыналық түріне қарай 4-ке бөлінеді: хабарлы, сұраулы, бұйрықты, лепті.


Дата добавления: 2015-12-01; просмотров: 390 | Нарушение авторских прав



mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.049 сек.)