Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АвтомобилиАстрономияБиологияГеографияДом и садДругие языкиДругоеИнформатика
ИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеталлургияМеханика
ОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРелигияРиторика
СоциологияСпортСтроительствоТехнологияТуризмФизикаФилософияФинансы
ХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника

Бөлім

Читайте также:
  1. Бөлім
  2. Паспорттық бөлім

Американдық жастар – үш жігіт, екі қыз. Бәрі шала мас. Шарап (виски) пен темекі. Көк түтін.

 

1 жігіт. Ал, алып қоялық. Көтеріңдер. Ішіңдер. Біздің сұлулар кешке ренжіп жүрмесін. (Бәрі күледі).

2 жігіт. (Қарқылдап). Иә, иә. (Арманға). Сайтан алғыр сен де ішсеңші.

1 қыз. (Арманға асылып). Арманчик, аузыңды аш. (Ішкізеді). Бүгін менің төсегімде тулайсың.

Бәрі қырап-топан күледі.

3 Жігіт. Сайқал неме, жаңа ғана менің қойныма құлайтын болып жатыр ең. Арманға келгенде сатып кеткенің не, осы біздің Арманның қыз дегенде қандай құдіреті бар.

2 қыз. Біздің Арман соңғы кездері өзгеріп кетті. Қыздың қойнына жатпағанына да бір жыл болған шығар. Жұмыс басты ғой.

Бәрі у-шу мазақпап күле жөнеледі.

3 жігіт. Бір жыл, жындымысың-ей. Адам өзін солай жазалауға, қорлауға бола ма екен. Олай қайтіп өмір сүруге болады. (Арағын тартып жіберіп, өкінгендей басын шайқап). Қалай шыдап жүрсің!

Арман. Сандырақтамаңдаршы! Басқа әңгіме құрып қалды ма?!

2 жігіт. Сен өзі борбайыңды бекітіп жүрген періште емеспісің! (Күлкі).

Арман. Күліңдер, күліңдер. (Стаканын тартып салады).

2 Қыз. Жоқ, олай емес, иә, Арманчик. Ол жағынан маған қарыздар бұл жігіт.

3 жігіт. Бір жыл қалай...

1 жігіт. Бәсе, неге екеуің Арманды жағалап қалды десем, жандарың ашып жүр екен ғой.

2 жігіт. Екеуің екі жақтасаңдар, Арманның алғысына бөленерсіңдер!

Ебедейсіз күлілер

1 қыз. (Арманды аймалап). Олай да болады. (Өтірік сызылып). Арман, қалай қарайсың. Жеп қояйын ба...

Арман қызды кеудесінен итеріп жібереді. Бәрі шу ете қалады.

1 қыз. Оңбаған! Нақұрыс неме!

- Ой, оңбаған!

- Жындымысың-ей!

- Есің дұрыс па!

Арман. (Ісіне өкінгендей). Қыздар, жігіттер, кешіріңдер. Бүгін бір түрлі болып тұрмын. Есіме көп нәрсе түсіп кеткендіктен бе? Көп ішіп қойған сияқтымын. Жүйкем жұқарып жүр. Кешіріңдер достар.

1 жігіт. Бұрын мұндай емес ең. Не болды? Адамның алып отырған ләззатын бұздың ғой.

3 жігіт. Немене, қазақтығың есіңе түстіп кетті ме!

Үнсіздік. Бәрі сілтідей тына қалады.

Арман. (Ашуланып). Не оттап тұрсың сен, а, оңбаған! (Ұмтылады).

2 жігіт. Ее-еее, болды қойыңдаршы. Біздің Штатта әлемдегі бар адамзат араласып өмір сүріп жатыр. Оған бүлінетін түгі де жоқ! Бәрі бір емес пе, адам қайда барса да адам.

2 қыз. (Килігіп). Қазақ деген немене? Ондай да адам бар ма?

Арман. Жап, аузыңды, арсыз!

1 қыз. Арлы, арсыз деген ұғым жоқ қазіргі қоғамда. Не былжырап тұрсың.

3 жігіт. Сен қазақ екеніңе ұяласың ба?! Кім ол қазақ деген?! Жер бетінде ондай адамдар бар ма, жоқ па, әлде сен солардан қалған жалғыз жетімсің бе?!

Арман. Әй, сен, малғұн, қазір мұрныңды сындырып, бет қылам. Сен өзіңе қарап ал!

1 жігіт. Қазақ... қазақ деген нағыз жәлепхананың ортасы деп естігем. Тіпті, біреулер оларға арнап, қалай еді... а-а-а «Борат» сияқты фильм түсірген. Ол киноны көргенде нағыз өмір сол жақта ма деп қаласың! Сен арсыз дейсің бізді, қазақтар көшенің ортасында ләззатқа батудан арланбайды екен.

Арман. (Ашуланып). Ей, оңбаған! Өлтірем қазір! Қазақтар сендер ойлағандай халық емес. Ондай арсыз киноны қазақтардың өздері түсірмеген. Олай болса Американың бүкіл киносы эротика кино емес пе!

1 қыз. Арман, сен Американың азаматы емессің бе? Болды. Қайтесің, қайдағы бір сасыған қазақтарды.

Арман. Жап аузыңды шіріген жез өкше! Біле-білсең қазақтар ұлы халық, мың өліп мың тірілген халық. Тәуелсіз ел! Тәуелсіздік. (Алдындағы шөлмекті сілтеп салып). Сендер АРМАН деген сөздің мағынасын да білмейсіңдер.

3 жігіт. Мына жетім тірілейін деген екен. Қазақ, қазақ дейсің! Қазағың ұлы халық болса сен неге Америкада қаңғып жүрсің! Әкең жоқ, не анаң жоқ жүрген жеріңде біздің көршілер барып алған болатын! Мүмкін сенің әкең наркоман, анаң жезөкше шығар.

Осы кезде Арман өзін ұстай алмай ашуға мініп 3-ші жігітті ұрып жығады.

Арман. Менің әке-шешеме тіл тигізуші болма, оңбаған! Олар ұрпағы үшін жанын қиған адамдар. Қазақтарда тағдыр бар, тарих бар. Ал Америка, сендер жын-шайтанға бодансыңдар.

3 жігіт. Әй, сасыған қазақ, өлтірем қазір. Қазақ деген шынымен елің болса құрт көзіңді.

Арман да ұмтылып ұрмақшы болады.

2 қыз. Болды! Доғарыңдар! Бәріміз Американдықпыз. (Арашалап). Болды деймін!

2 жігіт. (Қолын шапалақтап). О-о-о-о! Енді жетпегені қазақ пен азулы Америка батырының жекпе-жегі еді. Браво! Жіберіңдер төбелессін.

Арман. (Қолындағы ішімдігін көрсетіп). Міне, мынаған! Құлсыңдар, бодансыңдар!. Мына мен де... (стаканын лақтырып жіберіп, тізерлеп отырып жылай бастайды).

1 қыз. Мынаның есі дұрыс емес. Енді қазақ болып туғанына өкіне бастады. Ей, мүмкін, сен қазақ та емес шығарсың! Мысалы, мен әкемнің кім екенін білмеймін, мені тапқан анамыз шатасып қалған болуы керек. Еврейлерге ұқсап, анамды білген соң Американдықпын деп жүрмін. Жылайтын нәрсе емес ол, Арман!

2 жігіт. Сен сияқты сылқым аналарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Екі қыз қатар: - Эй!

2. қыз. Әкелері аспаннан түспейтін шығар. Жасарларыңды жасап алып тастап кететін біз бе?! Рахатын бөліскенді білгенде, асырап, тамақ тауып беруде бірге болғыларың келмейді.

3 жігіт. (Арманға). Біздің елдегі жетімдердің бәрі жезөкше. Сенің де анаң солардың бірі. (Қарқылдай күліп). Бағанағы «Борат» деген кинодағы сенің анаң емес пе? Түрі саған ұқсайды екен...

Арман. (Ашуланып). Немене!!! Оңбаған, хайуан! Менің анама тіл тигізуші болма! (Төбелесіп кетеді). Менің анам сенікі сияқты жез өкше емес. Мен – қазақпын! Жер бетіндегі ең ұлы халықтың баласымын. (Бәріне күш бермей ұра береді). Менің анам – әлемдегі ең асыл адам!

Қаны қызып үш жігітті де сұлатып салады. Қыздар ойбайлап қалады. Шабуыл жасамақшы болған бір қызды ұруға қолын көтеріп, қатып қалады. Осы кезде есін толық жиған адамдай екі иығынан дем алып, заттарын жинап сахнадан шығып кетеді.

***

 

Ортада үстөл. Арманның американдық әке-шешесі. Сол елдің өмір, тіршілік-тынысына сай заттар орналасуы керек. Анасы Marissa айнаның алдында боянып, сыланып отырады. Әкесі Adrian ноутбукпен алысып әлек. Арман өзімен өзі ойға батып кеткен. Қолында бақилық әкесінің бала кезде берген тұмары. Жібі ұзын, салақтан көрініп тұрады.

Есіне әкесінің бірінші бөлімдегі сөздері түседі. Бала кезі.

Арман. «Арман, неге сенің атыңды «Арман» қойдым, білесің бе?

Арман. Жоқ, әке.

Алмас. Қай жылы туылдың, соны айтшы? Қәне?

Арман. 1-9-9-1 жылы.

Алмас. Жарайсың! Қай айда?

Жайнат. Желтоқсан айында.....

Алмас. Нешінші желтоқсан еді, мамасы?

Жайнат. Он алтыншы желтоқсан.

Алмас. Ол қандай күн?

Арман. Тәуелсіздік күні!

Алмас. Жарайсың балам, жарайсың. Мұның бәрін қайдан біліп алды екен...

Арман. Мамам үйретті». Жимиып күледі.

Арман одан ары күліп, «эх, шіркін» деп дауысын шығарып алады.

Іңкәр. Арман...

Арман. Иә?

Іңкәр. Өскен соң екеуміз үйленеміз бе?

Арман. Қойшы. Үй-й, ұят қой. Өйтіп айтпа, ағай мен апай естісе... ұрсады.

Іңкәр. Өскен соң дедім ғой...

Соңында достарымен болған ұрыс есіне түседі.

«3 жігіт. Мына жетім тірілейін деген екен. Қазақ, қазақ дейсің! Қазағың ұлы халық болса сен неге Америкада қаңғып жүрсің! Әкең жоқ, не анаң жоқ жүрген жеріңде біздің көршілер барып алған болатын! Мүмкін сенің әкең наркоман, анаң жез өкше шығар».

/Текстерді қысқартып алуға да болады/.

Арман. (Оқыс). Жоқ! Мен – қазақпын! Менің анам жезөкше емес. Жоқ!

Marissa. Арман, не болды? (Жүгіріп қасына келеді). Тынышық па?

Adrian. (Өзімен өзі сыбырлап). Құрып кеткір... қашан басталады екен деп жүр ем. (Дауысын көтеріп). Тағы көшенің қаңғыбастарымен ішіп келдің бе? «Олар сенің теңің емес» деп айттым ғой саған. Түрің мынау, есіңнен адасып...

Арман есін жиып, қолындағы тұмарын арқасына жасыра қояды.

Арман. Жоқ. Сап-саумын. Бәрі жақсы. Теңім дейсің бе... олармен шындықты айтады.

Adrian. Әлде біреулер сенің өткен өмірің туралы бірдеңе деді ме?

Marissa. Балам, соңғы кездері өзгеріп жүрсің. Тыныштық па? Мүмкін бір психологқа жазыларсың.

Арман. Мен саумын, есім дұрыс дедім ғой. Мазаламаңдаршы!

 

Кетпекші болып сөмке, телефондарын жинай бастайды. Еш нәрсе түсінбеген Marissa мен Adrian үнсіз тұрып қалады.

 

Adrian. Есім дұрыс дейсің, «мен – қазақпының не?!»

Арман. (Жалт қарап). Немене! Өтірік пе?!

 

Marissa селк етіп кеудесін ұстайды.

Marissa. Арман, не болды, кім не деді? Айтшы бәрін?

Adrian. Сен қазақ емессің! Сен американдықсың!

Арман. Жоқ. Өтірік. Мен – қазақпын! Қазақ!

Adrian. Мен – американдықпын. Ендеше, сен де американдықсың! Американың азаматысың! Мен сені асырап, бағып американдық етіп өсірдім!

Сен Американдық екеніңе мақтануың керек! Және осы елге өле-өлгенше қызмет етесің, тура мен сияқты.

Арман. Менің қаным – қазақ! Осы елде тумай сырттан келген барлық негір өздерін негірміз, қытай- қытаймыз, орыс – орыспыз дейді. Солардың аузына сен қақпақ боласың ба? Олар кез-келген уақытта өз Отандарына бара алады. Сен – Американдықсың, ал мен қайда барсам да қазақпын!

Осы кезде Adrian шыдамай шапалақпен тартып жібереді.

Marissa. Адриан! Тиіспеші балаға. Ашусыз сөйлесейікші. (Қасына жақындап). Сен не деп кеттің, Арман. Сен бізді тастап кетпексің бе? Неге? (Жыламсырап). Не үшін?!

Adrian. Оңбаған, сені осы елдегі ең бақытты балалардың қатарына қосып, оқытып, бар байлығымды бергендегі рахметің осы ма?! Үлкен фирмамды саған бердім! Астыңда ең қымбат көлік, қаласаң жеке үйің де бар! Сені ең текті халықтың ұрпағы деп асырап алдық. Оңбаған, жақсылықты білмейтін нағыз тексіз ит екенсің!

Арман. (Бетінен қолын алып). Жоқ, қателесесің, құрметті Adrian мырза! Бұл керісінше, менің тектілігім шығар. Одан да бір қытай баланы асырап алсаңыз жақсы болар еді. Көптіктері сондай туатын жер таппай жүрген солардың бірі болса үйіңізді толтырары анық!

Marissa. (Жылап). Арман, не деп тұрсың?! Тарт тіліңді. Бар махаббатын салып осы уақытқа дейін бір ауыр сөз айтпай өсірген әкеңді аясаңшы. Біз сені өз баламыздай бағып-қақтық қой. Бұндай тас жүрек болармысың!

Арман. (Одан ары ашуланып). Мен бе тас жүрек. Мен екен ғой. О-о-о, сендер-ақ судан таза, сүттен ақ екенсіңдер ғой. Бәрекелді! Жүректерің нәзік екен-ау. Жараласам кешіріңдер. (Adrianga). Мына мені Іңкәрімнан... (Күрсініп). Тәуелсіз елім Қазақстаннан жылатып әкетіп бара жатқанда ақтықтарың, жүректеріңнің нәзіктігі қайда қалды, а?! Қайда?! (Қолындағы заттар лақтырып жібереді. Marissa мен Adrian қаққан қазықтай қатып қалған). Сол елімді, сол Отанымды ұмыттырғыларың келді. Ал мен 13 жыл бойы елімді, жетімханамды сағындым. Естисіңдер ме, сағындым бәрін. Сендердің мына нәзік жүректерің үшін, мені асырап баққандарың үшін осының бәрін 13 жыл ішімде сақтап келдім. Ондай ауыз азапты сендер түсінбейсіңдер! Түсінбейсіңдер! (Бұлқан-талқан болып). Ал екеуің осыны неге ұқпайсыңдар! Неге! Болды. Шаршадым. Толдым. Шыдай алмаймын енді.

 

Үйдің қабырғасына сүйеніп, теріс қарап жылай бастайды. Adrian мен Marissa Арманның сөздерінің мысынан естерін әрең жинайды.

 

Marissa. Арман, мен... біз айтпасаң қайдан білейік. Барымыз да, байлығымыз да сен болдың. Саған бар махаббатымызды төктік.

Adrian. Асырап аларда өзің де келісіп келгенсің. (Стаканға виски құйып ішеді). Үлкен азамат болам дейтінсің. Ағылшын тілін де тез үйреніп кеттің. (Стаканын викиімен қосып лақтырып жібереді). Мен бәрін ұмытқан шығар деп бәрін бердім саған! Құрып кеткір, сонда неге тілің байланып қалды!

Арман. Онда мен тым жас, бала едім. Рухым болса да ақылым аз болыпты. Өзім де өкінем қазір. Ақымақ болыппын. Шет елден келгендерге бала жетектетіп жібермесе абыройы түсіп қалатындай қалбалақ қағыпты!

 

Marissa жылап, диванға отыра кетеді.

Adrian. Ақымақ болыппын де... (Вискиді шөлмегімен алып іше бастайды). Бастықтарыңнан бастап, сол дәрігер мен директорден бастап, сені бізге берген бәрің, қазақтар – ақымақсыңдар!

Арман. Тиіспе менің халқыма! Ол халық менің әкемді туған, ол халық менің анамның халқы. Мың өліп мың тірілген халық. Қазір қара, қарашы, қандай ел болды. Жиырма жылда қалай өзгерген. Қанша рет әлемді аузына қаратты. Бәрін көріп жүрсіңдер. Соның бәрін жасаған ақымақ халық па?!

Marissa. Айғайлама, болды! Осы өлтіргенің де жетер. Сенің қазақтығыңа кедергі келтірдік пе, айтшы? Сол жылы өзіңмен бірге қанша қазақша кітап арқалап келдің. Оқыдың, әлі оқып жүрсің. Қарсы болдық па? Қазақшаңды ұмытпай әлі сөйлеп жүрсең де тидық па, айтшы, қане, Арман! (Жылап Арманның кеудесінен ұрғылайды). Бір рет «мама», «әке» деп айттың ба? Тас жүрек!

 

Marissa жылап әлек, Adrian басын ұстап, үлкен өкініште отырып қалады.

Арман. Кешіріңдер! Кешіріңдер...

Marissaны сүйеп әкеліп отырғызады.

 

Кешіріңдерші. Шыдай алмадым. Сол бір қиын жылдар... әкем, анам көз алдымда. Сол кезде сендер неге менің әке-шешем болмады деп те сұрамадыңдар. Күндіз ойымнан, түнде түсімнен кетпейді. Сендерге «әке», «ана» деп қалай айтам. Көкірегімде өз әке-шешемді арқалап жүрсем. Білерім... екеуіңе де рахмет. Мені қалай жақсы көретіндеріңді білем. Сезем. Сездім. Сенсеңдер мен де сендерді қатты жақсы көрем. Рас айтам, шын сөзім. Бірақ осы қоғам, өмір барлығы маған жат, мен үшін басқаша. Бөтен... Менің қалағаным басқа сияқты. Америка қанша кең болса мен үшін соншалық тар, қаншалық бай болса соншалық кедей сияқты, әйтеуір, бір дүниеге мұқтажбын. Достарым қанша көп болса да жалғызбын. Мына төрт қабырға кейде құдды түрме сияқты сезіледі. (Үй ішін кезе бастайды). Түсініңдерші... сендерге өмір бойы қарыздармын. Және сендердің де балаларың болып қала берем. Оған сендер әбден лайықсыңдар. Айналып келгенде мына мен лайық емеспін ба деп қорқам. Мойындаймын маған өте жақсы қарадыңдар... Қайтем енді... сондағы сағыныш, Арман, өткен өмір өшпейді екен. Мен сендер үшін тым текті, әрі тым тексіз екенмін.

Осы кезде дірілдеп әрең шыдап отырған Adrian алдындағы үстөлді төңкеріп тастайды.

Adrian. (Айғайлап). Кет! Кетші тез! Жоғал! Қайтіп көзіме көрінуші болма! (Есікті нұсқап). Жоғал!

 

Арман заттарын тез-тез жинап шығып бара жатып қимай тоқтап артына қарайды. Marissa әлі жылап отыр. Adrian: «Жоғал! Кет дедім ғой мен саған» деп айғайлайды. Арман шығып кетеді. Marissa одан ары өксіп жылайды. Adrian тұрған орнында басын ұстап сылқ етіп отыра кетеді.

***

 

Арман көшеде ауыр ойда темекі шегіп отырады. Көше шамдары. Ұзын орындық. Арт жақтан қалың көліктің дауысы естіледі. Арагідік сағатына қарай береді. Біреуді күтіп отыр. Аздаң соң бір бой жеткен келеді. Арман бір нүтеге қадалып отырып қыздың келгенін де байқамайды.

 

Мария. Арман қалайсың? (Арманда үн жоқ). Арман деймін!

Арман. (Арман оқыс басын көтеріп). Мари, кешіктің ғой. Уақыт аз...

Мария. Қайда асығасың, тыныштық па? Түрің бұзылып кетіпті.

Арман. Мен.. Мен... бәріне қол сілтедім. Бәріне!

Мария. Кім кімге қол сілтемей жатыр... Түріңнен түр жоқ, байдың баласы басың салбырап қалыпты ғой. Не болды? Неге қол сілтедің? Түсінсем бұйырмасын... Арман. Айтсаңшы енді. Қорқытпашы адамды.

Арман. Америкаға, Америкаға қол сілтедім... Америкаға!

Мария. (Ішегі қатып күліп). Америкаға! (Іркілдей күліп). Сен жындымысың, Америка сенен бұрын сілтеп қойған. Өзің айтпақшы – бәріне! Тіпті, Америка өзіне өзі қол сілтеген. Сен несін сілтейсің! Бұл сөзің айналып келгенде қорқынышты екен... Ұлы елдің азаматтары естіп қойып оқ құшып жүрме. Өлтіре салады.

Арман. Неден қорқамыз, кімнен?! Әркім өзі үшін өзі жауап береді. Қай елдің, қай ұлттың азаматы болады, ол да өз еркінде. Ал, екеуміз қазақпыз, Мари, қазақ. (Үнсіздік). Неге үндемейсің, өтірік пе?!

Мария. Иа, өтірік емес. Мен де қазақпын, әсілі Қазақстаннанмын. Бірақ сол қазақ деген қандай халық, қандай қасиеті бар. Білмеймін. Сенің мақтауыңа сенсек жақсы сияқты. Білгім келеді, кімдер олар? Саясаттың сахнасына шығып, интернет пен теледидарың бетінен көріп жүрген қазаққа сенбеймін, бір түрлі. Бөтен...

Арман. Неге? Қалай сенбейсің? Тәуелсіз ел. Өз шекарасы, өз туы, өз елтаңбасы, өз тілі бар.

Мария. Мен қазақша да білмеймін ғой.

Арман. Ол да сөз болып па? Есесіне мен білем қазақшаны. Әлі сайрап тұрмын. Үйретем саған. Қаныңда бар бәрі. Біздің геніміз қазақ, ендеше еліміз де қазақ болуға тиіс.

Мария. Қан... ген... қойшы Арман. Мен үшін сол Қазақстан үлкен бір жетімхана секілді елестейді. Мен де жетім, сен де жетім. Асырандымыз. Өзім білетін Америкадағы қазақтардың бәрі жетім. (Үнсіздік). Қанша мойындайын десем де, білмеймін, басқаша қабылдай алмай қойдым. Өмірі өшпейтін өкпе ме, реніш пе, ол жақ мен үшін қараңғы. Менің әке-шешем де – сол қараңғылық. Қараңғы. Кеңістік. Ештеңе белгісіз...

Арман. Олай емес. Осы жерді қалай жарық деп отырсың. Бәрі қараңғы. (Курткасын шешіп көше шамына жаба қояды). Көрдің бе? Қараңғылық қандай. Қазақстан жап-жас ел, болашағы алда. Ал... бұл ортаны көріп тұрсың ғой. Қаптаған арын сатқан арсыздар, маскүнемдер, наркомандар мен кісі өлтіргіш баскесерлер, не бір сұмдықтар, айтуға ауыз бармайды. Мына... сенің көрген күніңді итке де бермесін. Асырап алған әкең анау – алқаш болып кетті. Наркоман. Талай «әкем мені...»... (Үнсіздік) деп... қанша рет жылап келдің.

Мария. Иә... солай.... Сайтан алғыр, сен не, бүгін менің мінімді тізу үшін шақырдың ба?

Арман. Қалай десең де – шындық осы. Анаңды айтпай-ақ қояйын. Ақша табудың не бір жолдарын меңгерген... көзі-басың ісіп қанша рет зәбір көрдің. Соның бәрінен сені әлі тазалыққа тартып тұрған қазақтың қаны. Мен білетін қазақ... әкем... керемет халық.

Мария. Не үшін бетіме басасың! Сенің әке-шешең керемет адамдар емес пе! Сені қалай өсірді, қалай асырады. Байлық десе байлық, дос-жаран, қыз десе қырылып артыңнан еретін. Не жетпейді саған. Сенің түңілетін қай жерің жерге сыймай бара жатыр, а?!

Арман. Отан! Отан жоқ менде! Сен сезімсіз сәби кезіңде келсең, мен... менің.... бәрі көз алдыма: әкем, анам, кішкентай ғана қарындасым. Әке-шешеден көз алдымда айырылсам, құндақтағы қарындасымның тірі, не өлі екенін де білмеймін. Анамның аманаты еді, қайран қарындасым... сол борышым әлі өтелген жоқ. Ал... Іңкәр... ол менің балалық махаббатым болатын. Сарылып күтіп жүргеніне қаншама жыл болды. Оның да жаһанда жер басып жүрген, жүрмегенін білмейтін. Түсінемісің, Мари, оған да келем деп уәде бергем. Мені күткеніне он үш жыл болыпты. Сағыныш деген санамды сарғайтып сағымды сындырмай тұрғанда оны көруім керек.

Мария. Оу, Арман сен не, мендегі жоқ пен өзіңдегі барды түгендегелі шақырған екен десем... қоштасқалы шақырған түрің бе... Және, ана Іңкәрің сені әлі күтіп жүр дегенің күлкілі... Ол да сенің бар, жоғыңды білмейді.

Арман. Иә, рас. Мари, сен мен үшін алғаш танысқан күннен бастап туған қарындасымдай болып кеттің. Саған бір тартылыс күші тартып тұрады...

Мария. Арман, есіңді жи, маған ғашық болып қалдым демеші, Іңкәр жылап жүрер...

Арман. О, не дегенің. Сен мені түсінбедің. Басқа күш. Саған қамқор болғым келеді. Сені бір сәтке тастағым келмейді...

Мария. Не айта алмай аузың көпіріп кетті. Мен бәріне көнем, қайғырмаймын да. (Күліп). Тастап кетіп бара жатқаныңа жаның ауырып тұрған сияқты ғой, солай ма? Мен әлі өлмеймін, қорықпа.

Арман. Ой, сен де, тұра тұршы. Соңына дейін тыңдасаңшы!

Мария. Шаршатып жібердің ғой. Іш киімнің ірзеңкесі сияқты созбақтай бермей айтшы тез. (Темекі алып тұтатады).

Арман. (Ары-бері кезіп). Менде сенен басқа ешкім қалмады.

Мария. Әлгі Олигарх әке-шешең, сансыз достарың қайда?

Арман. Әке-шеше деген аты ғана. Қабылдай алмадым. Сен сияқты бесіктен белім шықпай келсем менен бақытты адам болмас еді. Сансыз достардың саны бар, сапасы сын көтермейтін көгеріп кеткен шетінен. Бәрі қазақтығымды бетіме басудан аса алмайды. Әкем мен шешем де қазақтығыма тиіссе, қалай бақытты болам. Қалай баймын деймін. (Үнсіздік). Менің кететін кезім келді. (Үнсіздік).

Мария. (Темекісін тартып). Кетем де. Дұрыс. Кет! Мені шығарып салсын деп шақырғаныңа рахмет. Жолың болсын. Ол жақта мені осы өмірге әкелген екі қазақты көрсең сәлем айт. Қызы бақытты екен, рахмет айтып жатыр дегейсің. Ол жаққа мен сияқты бөтен емес шығарсың. (Темекісін тастап, тұрып кетіп бара жатып). Саған да рахмет, Арман. Ағам сияқты адамсың. Сау бол. Ол жақта Іңкәр, бұл жатқа мен, ұмытпаймын сені. (Кетіп бара жатып жыламсырап). Қазақтар, бәріңді жек көрем.

Арман жүгіріп келіп құшақтай алады.

Арман. Қарындасым менің, сені қоштасу үшін шақырған жоқпын. (Қолынан жетектеп). Жүр менімен. Қазақ деген елге, өз Отанымызға оралайық. Қане, құтқаралық өзімізді, бәрінен, мына лас қоғамнан. Жасанды өмірден. Жалған Отаннан, жалған әке-шешеден, жалған достардан, жалған күлкіден барлығынан құтыламыз. Біз бөтенбіз бұл жерде. Ол жақта жаңа өмір бастаймыз. Тәуелсіз елде ешкімге тәуелді болмай өмір сүреміз.

Мария. Арман, есіңді жи! (Саусағын тістеп шетке қарай жүгіріп барып тоқтайды). Не деп кеттің...

Арман. Мен саған қамқор болам. Еш нәрседен қорықпа. Кімге алаңдайсың.

Мария. Қалай тастап кетеміз. Жоқ болмайды.

Арман. Неге болмайды. Осы өмірің ұнай ма саған? Күнде таяқ, күнде қорлану...

Мария. Білмеймін... қорқам, Арман, қорқам.

Темекі алып шегеді.

Арман. (Темекісін алып лақтырып жібереді). Неден қорқамыз, жүр кеттік! Қорқатын артымызда еш нәрсе жоқ.

Мария. Мен алдағы күндерден қорқам.

Арман. Ешкім алда не боларын білген емес. Үміт бар. Болашақ бар. Болды. Сену керек. Сен менің қарындасым боласың. Іңкәрді тауып алсам, ол да саған қамқор болады. Ол өте керемет жан. Көресің.

Мария. Қорқатыным, қайда болсам да сенен басқа сенерім жоқ. Басқа амалым да таусылған секілді. Енді сені жоғалтқым келмейді... Тәуекел, ердім соңыңнан. (Құшақтасады).

Арман. (Орындыққа атып шығып). Ура! Оу, қазақ елі, Қазақстан. Біз келе жатырмыз. Қазақстан, менің туған жерім!

 

 

***

 

Келесі көрініс басталмастан бұрын ұшақтың әуежайдан ұшқан, қонған дауысы естіледі. Не тек қоған дауысын берсе болады. Алматы әуежайы дикторының келген рейсті хабарлаған дауысын беруге болады.

Ұлаған-шулаған балалардың дауысы естіледі. Ұрысып жатқан тәрбиешінің дауысы қатар шығады. Жарық жанғанда жетімхана (балалар үйі) екені көрінуі керек. Бұрынғы директордың кабинеті. Егде тартып қалған бұрынды жетімхананың тәрбиешісі жүреді. Кабинеттегі заттар әуелгіден өзгерген. Тура қазіргі заманға сай жабдықталуы тиіс.

Тәрбиеші. Адам баласы деген айтқанды ұғушы еді, қазіргі балаларға Құдай сақтасын, тіл-аузың батпайды. (Стөліне келіп, саусағының сыртымен ұрып тықылдатып). Не деген балалар. Заман ақырдың ұрпақтары...

 

Осы кезде есік қағылады.

(Сыбырлар). Уақсыз уақытта не қылған адам? Кім бұл?!

Дауыс. Мен... мен... деген...

Тәрбиеші. Менің кім? (Есікке таяп). Түн ішінде адасып кеткеннен саусың ба, қарағым!

Дауыс. Кешіңз, мен деген, Алматыдан тун шығып ем, кеш болып қалды. Ашыңызшы.

Тәрбиеші. (Есікті ашады, ішке бағанадан тілі бұратылып тұрған Арман кіреді). Айгул апай, сиз ба?!

Тәрбиеші. Иә, көтек, мен ғой. Сен кімсің, түрің таныс сияқты ма... шырамытып тұрғаным. (Шамданып). Тілің бұратылған өзің қандай қазақсың?!

Арман. Мен Арманмын Айгул апай, Арман. Танымадыңыз ба? (Құшақтай алады).

Тәрбиеші. (Қашып). Ойбай көтек, қайтейін Арман болсаң!

Арман. (Ұмтылып). Мен Арман гой, Арман! Кішкентай кезде...

Тәрбиеші. Ойбай, Құтқарыңдар! Жынды кіріп кетті!

Арман. (Әрең сөйлеп). Өтиниш, қойңзшы! Мен – Оспаналиев Арман! Іңкәрмен бірге осында болған, кишкентай кезде...

Тәрбиеші. (Аузы ашылып, ұзақ тұрып қалады да оқыс). А-а-а-а-а... Арман! (Жүгіріп келіп құшақтай алады). Арман, жаным, бәсе, айналайын құлыншағым! Жынды десем, өзім екен ғой нағыз жынды! Қанша жыл қанша уақыт өтті. Үлкен жігіт болыпсың! Сені де көретін күн туыпты-ау, азамат екенсің. Қайтіп келдің бе! Ер туған жеріне деген.

Арман. Иа, иа, мен келдим. Бир жола келдим.

Тәрбиеші. (Арманның акцентіне қалай түсіп кеткенін байқамай). Айналайын, бир жола келдин бе? (Тағы құшақтап, бетінен сүйеді). Заман қалай дейміз, сол кедегі сендердің орындарың бір төбе екен ғой. (Сол ма дегендей бет аузын ұстап, еңкейтіп мойнын қарайды). Әй, түрің мен тілің өзгерсе де мойныңдағы қалың қалыбында екен. Кеткенде сегізге енді аяқ аттаған бала едің...

 

Арман бөлменің ішін қарап, кезе бастайды.

 

Екеуіңді... көп ойлаймын...Іңкәр...

Арман. Иа, апай екеумизды... Інкәр екеумиз. Биз бирге журетинбыз...

Тәрбиеші. Айналып қана кетейін, басқа сөзге тілің қиналса, «Іңкәр» дегенді қандай таза, қандай тамаша айтасың... Жүрек сүйсе тіл қайда барат деген осы...

Арман. Іңкәр қайда? Айгул апай, Менын Іңкәрим қайда? Ол мени али куткен шыгар. Улкен кыз болган казыр. Мен оны бир сат умыткан жокпын.

Тәрбиеші. (Жалтарып). Иә, Іңкәр да сені көп кутти... Ой, құрысын, тілің бұралып мені де алжастырдың ғой. Бес минутқа жетпей мен шатасып жатырмын, сонша жыл қазақ тілін қалай ұмытпағансың?

Арман. Сіз берген казак китаптарды оки бердим. Кунде. Казакша али оки алам.

Тәрбиеші. Дұрыс айналайын. Тіл уйренуге интернет деген де жақсы болды ғой. Қалай дегенмен қаның қазақ. Тектілігің ғой, әйтпесе, талайды көріп жүрміз. Жиырма жылда біздің өз қазағымыздың кейбірі сен сияқты сөйлей алайтынын қайтерсің! Олардың бәрін сендер сияқты шет елге асыратып жіберу керек. (Аңдамай сөйлегенін сезіп). Кешір айналайын, мен байқамай, ашуланып айтып қалдым.

Арман. Жок, жаксы бары.

Тәрбиеші. Айтпақшы бұрыңғы директор ағайың сені ағылшындықтар асырап алған жылдан кейін пенсияға шығып кеткен. Қазір Астанада. Ұлдарының қолында... Ол кісінің міндетін көріп тұрғаныңдай мен атқарып келемін. Осындай жетімханада директор деген сөздің өзі жараспайды, қысқасы, әлі өзің білетін тәрбиешімін.

Арман. Ал... Іңкәр кайда, апай? Ол уйленип кеткен жок па? Қайда казыр?

Тәрбиеші. Ааа, Іңкәр ма? Іңкәр кетті ғой.

Арман. Не, турмыска шыгып кетти ме?!

Тәрбиеші. Жо-жоқ. Іңкәр, Іңкәр ма... (Бөлменің ішінде сабылып жүре бастайды). Ол... ол... бір жыл бұрын...

Арман. Турмыска шыкпаса... (Жүгіріп тәрбиешіге жақындап). Туыстары алып кетти ме, алде ата-анасы табылды ма? Айтсаншы!

Тәрбиеші. Иә, ол кетті. Кетіп қалды, Арман.

 

Арман күйініп, жан-жағына қарап, сахнаның келесі бетіне «Іңкәрлап» жүгіріп шығып кетеді. Тәрбиеші көзінің жасын сүртіп әлі тұр. Балалардың шулаған дауыстары естіледі. Яғни, Арман, жетімдердің жатын бөлмесінде жүргендігі біліну керек. Аздан соң сахнаға қайта жүгіріп шығады.

 

Арман. Апай, Іңкәрдин төсеги, менин тосегим, бары орнында тур. Балалык шагымды сагыныппын. Іңкәрді сагындым. Тусынбегеним, казак – тауелсиз ел емес пе? Неге? Іңкәр екеумиз сиякты жетимдер неге көп. Калай кобейып кеткен. Оларды да шет елге бере ме?! И-и-и, Іңкәрді да шет елге бердындер ма?! (Отыра қалып басып ұстап, көзін сүртеді). Оны бекер тастап кеттим. Мен бекер кеттым. Оган камкор болуым керек еды.

Тәрбиеші. Өзің де кетем деп қалдың емес пе?

Арман. Сендер емес па, Америка улкен ел. Ол жакта арманына жетесын деген. Аке-шешем болса арманына жетем деп ойлап калдым. Бала болдым. Мени жыбермеу керек еды. (Ашуланып тәрбиешіге). Сендер кыналысындар!

Тәрбиеші. Бізде не билік болды дейсің, балам-ау. Иа, біз, күллі Қазақ елі кінәліміз. Обалдарың өз қолымен жетелетіп жіберген билік деген білгірлердің мойнында, қайтейін.

Арман. Іңкәр, Іңкәрды кай елдын койнына салып бердындер? Кайда кетты?

Тәрбиеші. Жетімектерім-ай, Құдайдың басқа салғаны өзгермейтін қағида болса, біз не істейміз. Тағдыр солай... Қандай қыз еді, Кең дүниеге сыймай кетті...

Арман. Неге сыймайды, симаганы несы?

 

Тәрбиеші шкафтан қалың дакумент салынған папканы алып ақтара бастайды.

 

Іңкәр, алемге сыймай, сол шкафтын ышыне сыйып кетты ме, апай неге тезырек айтпайсыз?!

 

Қалың қағаздың арасынан үш бұрыштап бүктелген хат алып шығады.

 

Тәрбиеші. Мынаны Іңкәр бір жола кетерінде саған арнап жазса керек. Соңғы көргенімде мені іздеп келіп жатса берерсіз деп еді. Байқұс қыз сені өмір бойы күтіп, арманда кетті-ау. Ашып оқуға дәтім бармады.

 

Жылап, сүйретіліп барып орындығына отырады. Арман хатты жайлап ашып сахнаның сол жақ шетіне ойысып отырып оқи бастайды. Сахна қараңғыланып, шеткі планда бой жеткен Іңкәрдің ХАТ жазып отырған көрінісі беріледі. Арман толғанып оқи бастағанда, Іңкәрдің нәзік дауысы хат тексі ретінде беріліп отырады.

ХАТ:

Арман, асылым! Бұл хатты оқып отырсаң мен арманыма жеттім. Сенің бір хабарың келер деп, сан жыл сарылып күттім. Өзім де іздеп, сұрамаған жерім жоқ. Дерек ұшырата алмадым. Қандай азамат болдың екен? Көз алдымда ең соңғы, соңғы рет «Іңкәр, мен сені сүйем» деп, екі шет елдіктің жетегінде кетіп бара жатқан мүсінің қалыпты. Әлі көз алдымда. Сол сәттен бастап менің өмірім құрдымға кетті. Түбі жоқ құдыққа құлап кеткендеймін. Сен келіп шығарып алар деуші ем. Бір-біріміздің тағдырымыз жұмбаққа айналды, Арман. Талай түндерім сені сағынып, жылаумен өтті. Сары ала кенеп болған төсегімдегі жастығым куә. Баяғы бақшадағыдай «Иә, үйленеміз, Іңкәр» деп келіп қалатындай, көз алдымда елес өмірге айналдың. Жарайды, оны қойшы. Сабағымды жақсы аяқтадым. Есейе келе өмір аязы қыр арқамнан шегедей қадалды. Он сегізден он тоғыз жасқа аяқ басқанымда жетімханадан кетуіме тура келді. Амал не, сенімен бірге қол ұстасып бірге шыға алмадым. Алдым – қорқыныш, үрейге толы еді. Кеткенде қимай жылаған қалың жетім көздердің көз жасы, анадай болған апайларымды әрең қиып кеттім.

Нағыз жетімдік жетімхананың сыртында екен, Арман, сыртында. Бір таныс құрбыларыммен квартира жалдап тұрдық. Істемеген жұмысым, қақпаған есігім жоқ. Арқа сүйер жанашырың болмаған соң, тек жылай береді екенсің. Осылай жеңілденем де, желпінем. Қайта тұрам.

Бір күні бір байдың баласына күтуші (нянка) болып жалдандым. Жетім екенімді білгеннен бе, тым мейірсіз, қатал болды. Сол үйдің еркегі арам көзін қадап, жалақтайтынды шығарды. Ары қалай, қалай жазарымды білмеймін, өте ауыр, Арман...

...Ол оңбаған бар документімді тартып алып, басқа бір иен үйде күң қылып ұстады. Оны қойшы, бар абыройымды төгіп, зорлады. Күнде... Өмірімді осылай құртты. Үйіне қамап қойды. Дәрменсіз күйге түстім. Жетімханамды қатты сағынып, мына сұм өмірге қарғыс, нала айттым, талай. Бір сорым ашылмады ғой, Арман. Алғаш етегім ашылып, абыройым төгілген сәтте сенен мәңгі күдерімді үздім. Кешірші, Арман. Сенің бетіңе қалай қараймын. Мен бір шошқа тезегіне отырғызылған, тікенді гүлге айналдым. Өкшесі жез адамдарға... өмірдің мәні, өмірге деген махаббатым, арман-тілегім, қайратым бәрі-бәрі ағып түсті. Бойында жаны бар демесең, адам кейпім жоқ. Не үшін кінәлімін, нені қате істедім, Тәңірге аян.

Шыбын жан шырылдауық. Талай өзімді өзім өлтіре алмай шашымды жұлдым. Мүмкін сен сияқты асыранды болып кетсем, бәрі басқаша болар ма еді?..

Әлгі оңбаған әбден істерін істеген соң мені адам саудасымен айналысатын хайуандардың қолына өткізіп жіберді ме, сатып жіберді ме, тірі өліктердің арасына тап болдым. Енді тартынудың, талпынудың бекер екендігін ұғып осы хатты жазып отырмын. Көз жасым тоқтауды қойған, айғыздалған жазулар үшін ренжіме.

Сенімен, мына өмірмен мәңгі қоштасып отырған жайым. Жетімхана – өскен үйімнен осы хатты тауып алған күні мені бұл өмірден іздеме. Сені бақида күтем.

Іңкәр!

Хатты оқысымен булығып жылай бастайды. Іңкәрдің бейнесі жоғалып кетеді.

Арман. (Зіл салмақпен орнынан тұрып). Неге!!! (Ағылшынша). What!!! Не ушін!!!

 

Тәрбеші жұбатып, сахнаның алдыңғы планына шығарады.

Тәрбиеші. Қайтейін, Арман. Жылама демеймін, мұндайда қара тас та қан жұтар. Өлгеннің артынан өлмек жоқ, тірі адам тіршілігін істейді. Енді сен өмір сүруің керек. Іңкәрдің жетпеген арманына әлі сен жетерсің.

Арман. Қаптаған жауыздық, зорлық-зомбылық, адам өлтіріп, адам сату, сұраусыз көз жасы, маскүнемдік, ар мен тән саудасы, жетімдердің жылаған дауысы, қараңғылық қаптаған! Ол жақта да сол – қараңғылық! Бұл жақта да сол – қараңғылық! Қайдан кетіп, қайда келдім. Қашып келгендегі жарығым осы ма?! Қазақ қараңғылыққа, түнекке неге құмартып кеткен. Әкем айтқан АРМАНДАР қайда?! Не қылып жүрмін мен. Менің Іңкәрімді аямаған қоғам кімді, кімді аяйды! Апай, айтшы, мені ме?! Әлде сені ме?! Мен осындай қоғамда дүниеге келген жоқ сияқты едім ғой! Мен сияқты қаншама қазақтың баласы жатыр мұнда, олар неге көбейіп кеткен?! Неге!

 

Жарық сөнеді.

***

 

Үйдің іші. Ортада стөл үстінде әр түрлі заттар. Шкаф. Сол жақ шетте балкон. Арман мен Марияның жалдап тұрып жатқан квартирасы болса керек. Екеуі үйленіп алған, Мария екі қабат. Іші білініп тұрады.

Арман. Айттым ғой мен саған. Жағдайымыз жаман емес. Қазақтардың ағылшын, орыс тілін білсең төбесіне көтеретін қасиетін білмеппін. Не болса да аштан өлмейміз. Керек десең шағын бизнеспен айналысу ойымда бар.

Мария. Dresm! Орыстар мечта дей ма, Арман десе Арман деуге лайықтысың. Рахмет саған. Қазақтар мен ойлағандай жаман халық емес сияқты. Ақша табудың көзі қандай көп, таң қаласың.

Арман. Сен таң қалма. Қазақты толық біліп болған жоқсың. Қасиеті қанша қалың болса, қасіреті де көп екен. Тәнін сатқан сайқалдар, періште пішінді перілер, адам сияқты асыңды ішіп, артыңнан ататын албастылар да көп мұнда.

Мария. Өзің кетіп, өзің келдің. Менікіндей емес, сенің жөнің басқа. Ол жақтағыдай жамандық аз бұл жерде. Сенің әкең айтқан қазақ осы болса есін жияр.

Арман. Иә, әкем айтқан АРМАНДАРДЫ естігенде мендегі АРМАН таза болатын. Мен үшін қазақтан артық ел жоқ деп ойладым. Туған қарындасымның қайда екенін әлі білмеймін. Өлі ме... тірі ме... белгісіз. Жүрегім ауырады...

Мария. Жүрегің ауырса... Іңкәрді ұмыта алмай жүрген шығарсың...

Арман. Не айтқың келіп тұр? Тура сөйлеу жаныңа жақын еді ғой. Айтсаңшы?!

Мария. Мен – әйеліңмін, сүйіп қосылған. Қосыла алмай қалған махаббатың – Іңкәр. Қайсымыз үшін өмір сүресің?! Кім қымбат саған? Айта бер, маған бәрі бір, сен бар болсаң болды...

Арман. Әкем анама мінезін жиі көрсетуші еді, осы жақтағы өліп қалған әке-шешемді айтам. Сол секілді сен де мендегі әке мінезін шығаратын түрің бар. (Күліп). Сен қазақты білмеймін, танымаймын деуші ең, тура менің анама тартып бара жатқаныңа таң қалам. Өзің нағыз... қазақтың қатыны екенсің.

Мария. (Күліп.) Қан... ген шығар. Бәрін қойшы, Іңкәрға жаным ашиды, шынымен. Сен айтқан пәк қазақ бұндай жауыздыққа барады деп ойламаппын. Америкада ғой, ол таңсық емес. Демек мұнда да солай...

Арман. Көп сөзді қой. Іңкәрға тиісуші болма, оның мен үшін орны бөлек. Өзің де білесің. Туған жерге жетелеп келген жіптің бір ұшы – сол Іңкәр болатын. Енді жеттім дегенде үзіліп кеткен жоқ па. Ал, екеумізді болса... тағдыр өзі қосты.

Мария. Иә, түсінем, Арманчик. (Темекі алып тұтатады. Арман келіп жұлып алады).

Арман. Қашанғы айтам, шекпе бұл бәлені. Өзіңмен қоса ішіңдегі сәбиімізді көк түтінге көмгеніңе болайын. Ол енді екеуміздің болашағымыз.

Мария. Иә-иә. Болды шекпеймін. Әбден үйреніп қалған әдет. Сондықтан мені ауыр ойға салып, ашуландырма... Енді бұл қазақтығыма қарсы келе ме...

Арман. Тап солай. Қазақ бала болып жүріп баласының қамын ойлайды. (Марияны еркелетіп, құрсағын сүйіп, құлағын тоса сөйлеп). Ал екеуміз көп кешікпей ата-ана боламыз. Қазақтың тәуелсіз ұрпағын дүниеге әкелеміз.

 

Мария қуанғанынан Арманды құшақтай алады.

Мария. Мен бақыттымын. Сенің американдық қарындасың ретінде... ал қазір әйелің ретінде. «Бақыт» дегеннің бар екенін сен үйреттің. (Күліп). Көрдің бе, сезімтал, жұмсақ, нағыз қазақ анасы болып барам-ау.

Арман. Әрине. (Ары-бері жүре). Ертең дүниеге келген соң, егер ұл болса атын Оралған деп қоям. Ал қыз болса...

Мария. (Сөзін бөліп). Іңкәр деп қояйық...

 

Арман таң қалғанынан қатып қалады. Бұрылып Марияға қарайды.

 

- Иә, Арман, рас айтам. «Іңкәр» деп қояйық. Сен қарсы емес шығарсың?

 

Арман жүгіріп келіп Марияны құшақтай алады.

 

Арман. Ақылыңнан айналайын. Сен Нағыз қазақ қызы... әлгі анасы екенсің. Қарсы емеспін әрине. Түсінгеніңе рахмет. Іңкәрдің аруағы риза болатын болды.

Мария. Иә, мен көп нәрсені енді түсініп жатқандаймын. (Үнсіздік). Арман... мен өзімнің кім екенімді білгім келеді. Қайдан келдім, қалай теңіздің арғы бетіне шығып қалдым? Кімнен тудым? Әкем кім? Анам кім? Бар ма, жоқ па? Бар болса, неге, не үшін тастап кетті екен. Не мәжбүр етті, бәрін, бәрін өздерінен сұрағым келеді. Баяғыда осындай сансыз сұрақты сен маған күнде қоюшы ең, енді... мен шынымен сенің жан айғайыңды түсінген тәріздімін. Сенің қарындасыңды іздеуге де көмектесейін. Өзің айтпақшы үміт үзбейік, Арман. Туған туысын іздеген жандарға арналған телебағдарламалар да көп, табамыз сенің қарындасыңды. Менің де бір жоқтаушым бар шығар. (Көзін сүртіп, оқыс). Айтпақшы, Арман, мынаны қарашы... (Стөл үстіндегі сөмкесін Арманға әкеліп ұсынады). Бұл заттар сәби кезімде бірге келіпті. Бұрын мән бермейтінмін. Талай тастай салуға оқталып ем, міне бүгін пайдасы тиейін деп отыр. Осы заттардың иесін тапсақ болды. Телебағдарламадан осы заттарды маған кім бергенін сұрасақ, менің ата-анам солар болмақ.

Арман. Иә, Мари, дұрыс айтасың! (Күліп). Сенің осыншалық өзгеріп, тура анамды еске түсірет деп кім ойлаған. Рахмет саған. Мына қарқынмен менің қарындасымды да, сенің ата-анаңды да табу аса қиын соқпас. (Сағатына қарап). Жұмыс уақыты болып қалды. Менің кетуім керек. Тамағың дайын ба...

Мария. Дайын болып қалды, Арман. (Бетінен шөліп еткізі сүйіп алады). Міне, қазір, алып келейін. (Сахнадан шығып кетеді).

 

Арман әйелі берген сөмкені ақтара бастайды. Сол-ақ екен селк етіп, қолындағы сөмке құлап түседі. Ішіндегі әр түрлі заттар шашылып жатыр. Өңі мен түсі өзгеріп, тіл ауыз жоқ қалады.

 

Арман. Жоқ... (Тұтығып). Жоқ... бұл... қалай...

Тез шашылған заттардың ішінен жіпке ілінген тұмаршаны алады.

 

- Тура... мен ұйықтап жатқан болармын...

 

Тентіректеп барып шкафтан өзінің тура сондай тұмаршасын алып, екеуіне кезек-кезек қарайды. Есі жоқ, жынды адам сияқты.

 

- Қалай... бұл әкем... әкем берген екі тұмар ғой... жоқ... жоқ...

 

Екі тумаршаны екі қолына салақтатып ұстап алған сахнаның алдыңғы шебіне шығады.

 

- Өлім бе... өмір ме... өлім... өмір... өлім... өмір... бөтенбіз бе... өлім...!

 

Сандырақтай бастайды.

 

Өлім бе... өмір ме... бөтендер... жоқ! Мен не істеп қойдым! Шамшырақ!.. Мама! Әке! Неге?!

 

Шамшырақтың (Мария) шыңғырған дауысы шығады. У-шу, контраст музыка. Жарық сөнеді де шеттегі балконның пердесі желбіреп, терезесі ашық «шиық-шиық» еткен дауыс шығып турады. Жедел жәрдемнің дауысы. У-шу, ұшақтың дауысы. Музыка. Перде.

 

СОҢЫ

 


Дата добавления: 2015-08-21; просмотров: 90 | Нарушение авторских прав


<== предыдущая страница | следующая страница ==>
Бөлім| ГЛАВА I

mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.086 сек.)