Студопедия
Случайная страница | ТОМ-1 | ТОМ-2 | ТОМ-3
АвтомобилиАстрономияБиологияГеографияДом и садДругие языкиДругоеИнформатика
ИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеталлургияМеханика
ОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРелигияРиторика
СоциологияСпортСтроительствоТехнологияТуризмФизикаФилософияФинансы
ХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника

Лекция. ХҮІ-ХҮІІ ғасырлардағы Англия, Франция, Италия

Читайте также:
  1. Греция Италия: 25 июня- 5 июля 2014
  2. Италиядағы империалистік диктатуранын күшеюі және фашистік диктатураның күйреуі.
  3. Костюм Эпохи Возрождения. Италия
  4. Лекция. Қытай
  5. Лекция. Кіріспе. Ерте орта ғасырлар. Феодалдық қатынастардың тууы.
  6. Лекция. Устройства отображения информации
  1. ХҮІ-ХҮІІ ғасырлардағы І жартысындағы Англияның әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуы
  2. Ағылшын реформациясының ерекшеліктері
  3. ХҮІ-ХҮІІ ғасырдың І жартысындағы Франция
  4. ХҮІ-ХҮІІ ғасырлардағы Италия

 

1. ХҮІ- ғасырда Англия территориялық жағынан басқа Европа елдеріне қарағанда шағын болды. Шотландия әлі Британия корольдығына кірген жоқ еді. Салыстырмалы түрде алғанда Англияның халық саны да аз болды. Мысалы, Германияның халқы – 20 млн., Францияның халқы – 15 млн., Испанияның халқы – 10 млн. болғанда ағылшын халқының саны ХҮІІ- ғасырдың басында бар болғаны 4 млн.-нан зорға асты. ХҮІ ғасырдағы Англияны, тіпті, қалалар елі деп атауға келмейтін. Бірақ осы бір Европаның шетінде орналасқан аралдық елде шаруашылықтың капиталистік формаларының дамуы интенсивті түрде жүрді.

Англия үшін ХҮІ- ғасыр капиталистік мануфактураның гүлденген, аграрлық төңкерісінің басталған, ағылшын көпестерінің мұхиттарға шығып, тұңғыш отарлардың негізі қаланған ғасыр. Шаруашылықтың өрлеп оның капиталистік негізде қайта құрылуына екі тарихи фактор айрықша әсер етті:

1. Ұлы географиялық ашулардың нәтижесінде Англия Ескі әлем мен Жаңа әлемнің орталығына айналды. Өзінің қолайлы географиялық орнын Англия ұтымды пайдалана білді. 2-ден, кейінгі орта ғасырларға дейін-ақ Англиядағы феодализмнің терең ыдырай бастағандығы, крепостниктік правоның ерте жойылуы, кенеп тоқу өнеркәсібінің ерте дамуы, елдің тез саяси орталықтануы және бұрынырақтан басталған дворяндардың төменгі тобының (рыцарь, джентри) буржуазиямен жақындауы.

ХҮІ ғасырда кенеп жасау өнеркәсібі Англияның “ұлттық өнеркәсібіне” айналды. ХҮІ ғасырдағы Англияның әлеуметтік – экономикалық тарихының нақты материалдары негізінде одан капиталдың алғашқы қорлануы процесінің ал оның саяси тарихынан – абсолюттік монархияның қалыптасуы мен гүлденуінің үлгісін көруге болады. Сондай-ақ, абсолютизмнің ең алғашқы дағдарысның белгілерін, оның реакцияшыл күшке айнала бастауын, абсолюттік монархия мен буржуазияның арасындағы жанжалдың туа бастауын да, оның ақырғы соңында буржуазиялық революцияға ұласқанын да осы ағылшын тарихынан көруге болады.

Англиядағы капиталдың алғашқы қорлануы процессі батыс европаның басқа елдеріне қарағанда интенсивті түрде жүрді. ХҮІ- ғасырда Англияда крепостниктік құқық біржолата жойылды. Кенеп жасаудың табыстары, жүнге деген сұраныстың Нидерланды мен Англияда өсуі, оған деген бағаны өсірді. Қой шаруашылығы егіншілікке қарағанда тиімді болып, лордтар өздерінің жерлерін жайылымға айналдырды. Осы мақсатта лордтар ең бірінші кезекте қауымдық жерлерді жаулап ала бастады: ормандар, жайылымдар, бос жатқан жерлер, дөң-дөңестер, батпақты жерлер т.б. Жер иелері,басып алған қауымдық жерлерді – орлар, дуалдар, шарбақтармен т.б. қоршай бастады. Сондықтан, ағылшын шаруаларының жерсізденуі техникалық терминмен – “ қоршап алу” деп аталынды. Шын мәнісінде қоршап алу дегеніміз- әлеуметтік–экономикалық құбылыс, еңбекші шаруалар бұқарасын ірі жер иелері лордтардың экспроприяциялауы, шаруаларды негізгі өндіріс құралы жерден айыруды білдіреді. Қоршап алу – капиталдың алғашқы қорлануының басты әдістерінің бірі болды. Бірақ лордтар тек қауымдық жерлерді тартып алумен шектелген жоқ. Олар шаруалардың егістікке жарамды жерлерінде басып ала бастады. Ақырғы соңында, лордтар шаруаларды олардың мұралық үлестік участоктарынан да қуа бастады. Қоршап алулардың нәтижесінде бүтіндей бір елді мекендер жойылып, тұрғындары қаңғып қайыршылыққа ұшырап, мануфактуралар үшін жалдамалы жұмыс күшінің резервіне айналды.

ХҮІ ғасырдағы ағылшын экономикасының спецификалық ерекшеліктерінің бірі – капиталистік қатынастардың өнеркәсіпте де, ауылшаруашылығында да бір уақытта дамуы болып табылады. Ол олма, басқа елдерден ерекшелігі мұнда дәстүрлі қатынастардың сынуы – деревняда капиталистік мануфактураға қарағанда жылдам жүрді. Жаппай пауперизм, қайыршылық пен қаңғыбастық әлеуметтік проблемалардың айрықша өткір болуына алып келді: өнеркәсіп -деревнялардан қуылған, экспроприацияланған шаруалар бұқарасын “жұтып” үлгіре алмай жатты.

Тюдорлар династиясы (1485-1603) қайыршы шаруаларға қарсы қатаң заңдар шығарды. Ол бойынша тек еңбекке жарамсыздар мен еңкейген қарттарға ғана қайыр сұрауға рұқсат етілді. “Дені сау” қайыршыларға дүре соғылып, түрмелерге жабылды. Билік қайыршыларды олардың бастапқы мекеніне жіберіп отыруға тырысты. Сондай-ақ, үкімет лордтардың қоршап алуларына қарсы шаралар да қолданып, заңдар қабылдады. Өйткені, қайыршыланған шаруалар нашар алым-салық төлеушілер болды. Шаруалар санының азаюы елдің әскери жасақтарының жағдайына да кері әсер етті. Үкімет бір жарым ғасыр бойы (ХҮ ғ. соңы - ХҮІІ ғасыр ортасына дейін) қоршап алуға қарсы ордононстар мен үкімдер шығарумен болды. Алайда, олардың барлығы нәтижесіз аяқталды.

Ағылшын шаруалары феодалдық езгімен, қоршап алуға қарсы әлеуметтік күреске шықты. Олардың ішіндегі ең ірісі Норфольк графтығындың Роберт Кэт бастаған шаруалар көтерілісі болды (1549). Үкімет көтерілісті басу үшін негізінен неміс және Итальян жалдамаларынан тұрған 15 мын. әскер жіберді. Көтеріліс 1549- жылдың 27 тамызында басып жаншылды.

Алғашқы Тюдорлар (Генрих ІІ мен Генрих ІІІ) кезінде қалыптасқан ағылшын абсолютизмінің өзіндік ерекшеліктері болды: 1. Мұнда парламент ешуақытта қызметін тоқтатқан емес, керісінше төменгі палатаның белсенділігі өсті. Оның себебі ағылшын жаңа дворяндары мен өсіп келе жатқан буржуазияның мүдделері үнемі тоғысып отырды. Бұл топтардың экономикалық позициялары едәуір нығайды. Оның үстіне олар бір палатда мәжіліс құрды және ХҮІ- ғасырдың соңына дейін король өкіметінің саясаты олардың талап тілектеріне сәйкес келді. Өз кезегінде буржуазияда король үкіметін қолдап отырды.

Екіншіден, Англияда бюрократиялық аппарат тек орталық басқару сферасында ғана пайда болды. Графтықтардағы басқару – жергілікті, негізінен төменгі дворяндардан тұрған бітімгерлік соттары арқылы жүргізілді. Франциядағы интенданттарға қарағанда, олар корольдік чиновниктер емес еді және жалақы алмай жұмыс істеді. Жаңа дворяндардың күшті король өкіметіне деген мүдделілігі сондай, олар корольге ақысыз көмектесуге де даяр тұрды.

Үшіншіден, аралдық жағдайына байланысты Англияға тұрақты әскердің қажеті болған жоқ. Қарулы күштердің негізін ауқатты шаруалардан тұрған жасақтар құрады. ХҮІ- ғасырда әскери флот айрықша күшейтіліп “Жеңілмейтін армаданың жеңілуінде” аз роль атқарған жоқ (1588).

2. Тюдорлардың абсолюттік монархиясының нығаюына Реформацияда септігін тигізді. Англиядағы реформацияның ерекшелігі ол жоғарыдан король өкіметінің инициативасымен жүргізілгендіктен кең қоғамдық қозғалысқа ұласқан жоқ. Ағылшын шаруалары Реформациялық ағымдар мен қозғалыстарға дұшпандықпен қарады. Оның себебі: шіркеу жерлерін секулеризациялау-қоршап алу мен шаруаларды экспроприяциялаудың жаңа толқынын тудырды. Ағылшын үкіметі алғашында реформацияға теріс қарады. Король Генрих ІІІ, тіпті, Лютерьге қарсы айтыс – тартыстарға қатысты. Алайда, Генрих ҮІІІ-нің (1509-1547) бірінші әйелі Екатерина Арагонскаямен ажырасу процесінің барысында Рим папасымен жанжалы басталды. Екатерина Карл І-ің немере әпкесі болғандықтан, рим папасы ажырасуға рұқсат беруге батылы бармады. Бұған жауап ретінде Генрих ҮІІІ папаның рұқсатынсыз ағылшын қалыңдығы Анна Болейнге үйленді (1533), сөйтіп, өзін ағылшын шіркеуінің басшысы деп жариялады (“Супрематия туралы акт”). Айта кететін жәйіт, акті де барлық ескі католиктік догматтар мен жораларға қол сұғылмайтындығы туралы айтылды. Тек шіркеуді басқару, онда да жоғарғы инстанциялары ғана өзгертілді. Папаның орнын король алды, бірақ епископат сол қалпында қалдырылды. Сонымен, жаңа ағылшын (англикан) шіркеуі католицизм мен протестантизмнің арасындағы аралық позицияны ұстанды.

Өзінің ұйымдық құрылымы жағынан ол арзан католиктік шіркеуден аулақ болды. Ол мынандай белгілерімен ерекшеленді: 1. Шіркеудің мемлекеттік аппараттық бөліміне айналуы және оның светтік билікке бағынуы. 2. Кейбір протестанттық және католиктік догмалардың біріктірілуі. 3. Иконаға табынушылықты жоққа шығару, бірақ кейбір жораларды мойындау. 4. Діни рәсімдердің сән салтанатты өтуі, сондай-ақ, шіркеу пайдасына алынатын алым салықтар сақталынды. Салық енді корольдің қазынасына жиналатын болды. 5. Монахтық жойылды, бірақ епископат сақталынды.

Шіркеу жерлерін секулеризациялаудың орасан зор әлеуметтік салдарлары болды. Олар шұғыл сатылып жіберілді немесе корольдің сүйіктілеріне (фавориттеріне) бөлініп берілді. Осыншалықты дәулетке ие болған орта және ұсақ дворяндардан шыққан жаңа меншік иелері буржуазиялық топтардың қатарын көбейтті. Нақ Генрих ҮІІІ тұсындағы реформация нәтижесінде буржуазиямен жақындасқан жаңа дворяндар тобы (джентри) қалыптасты. Жаңа дворяндар болашақ ХҮІІ- ғасырдың ортасында болған ағылшын буржуазиядлық революциясында буржуазияның сенімді одақтасы болды.

Генрих ҮІІІ қайтыс болғаннан кейін оның кәмелетке толмаған ұлы Эдуард (1547-1553) королдық етті. Оның тұсында ағылшын шіркеуі протестантизмге біршама жақындады (жазмыш туралы догматты мойындау), алайда 1553 жылдан бастап, Генрих ҮІІІ мен Екатерина Арагонскаяның қызы Мария Тюдордың билікке келуімен елде католиктік реакция орнады. Оның үстіне Мария Тюдор испан королі Филипп ІІ –нің әйелі еді. Испанияның жәрдеміне сүйенген Мария Англияда католицизмді қалпына келтіруді, сөйтіп протестантарға қарсы қатаң қуғын-сүргін ұйымдастырды (“Қанқұйлы Мария” атанды). Бірақ Мария Тюдор өмірі ұзақ болмады. 1558- жылы кенеттен қайтыс болды. Жағдайды пайдаланып және ағылшын парламентінің қолдауына арқа сүйеген ағылшын шонжарлары король етіп – Генрих ҮІІІ-нің Анна Болейннен туған қызы Елизавета І-ні сайлады (1558-1603). ХҮІ ғасырдың екінші жартысында толық билік құрғандықтан бұл кезеңді кейде “Елизаветаның алтын ғасыры” деп те атайды.

Елизавета І-нің табысты ішкі және сыртқы саясаты оның буржуазиялық топтар алдындағы беделін айрықша көтерді. Парламент Елизаветаның үкіметіне қаражаттарын үлкен ықыласпен беріп отырды. Алайда, Елизавета І-ң басқаруының соңғы жылдарында абсолютизмге деген буржуазиялық наразылықтың алғашқы нышандары сезіле бастады. Діни – саяси форма алған оппозициялық көңіл күй өсе түсті. Королдық жұмсақ реформация, Англияда айрықша белсенділігі мен ерекшеленген радикальды өнеркәсіп буржуазиясын қанағаттандырмады. Ағылшын буржуазиялық топтарының арасында аса танымал болған Кальвиннің жақтастары, өздерін пуритандар (лат. “адал”, “таза”) деп атады. Пуританизм Англияда ХҮІ-ғасырдың 70-жылдары пайда болды. Кальвинизмнің радикальды идеялық ағымдық қанаты ретінде бұл қозғалыста: екі бағыт көзге түсті – пресвитериандар мен индепенденттер. Болашақ ағылшындық буржуазиялық негізгі екі партияның қалыптасуында олар үлкен роль атқарды.

Елизавета Тюдордың басқарған жылдарында Англияның шаруашылық өмірі интенсивті түрде дамып отырды. Нақ оның басқарған жылдарында сан жағынан өте көп сауда компаниялары құрылды, мұхиттың арғы жағындағы ағылшын отарларының негізі қаланды, ағылшын флоты қарқынды өсті, капиталистік фермерлік тамырын тереңге жайды – мұның барлығы “Елизавета ғасыры” дейтіннің неғұрлым жарқын сипаттарын құрайды. Протестантизмді қалпына келтіре отырып, Елизавета жаңа дворяндар мен буржуазияның талап тілектеріне қолдау көрсетті. Генрих ІІІ-нің тұсындағыдай парламент ханшайымға үнемі қол ұшын беріп отырды, феодалдық католиктік топтарға қарсы күресте жәрдемін аямады. Католиктер үміт артқан Шотландия королевасы Мария Стюарт (олда Тюдорлардан) тақтан тайдырылып елден қуады. Ол Елизавета агенттерінің қолынан 1587- жылы өлтірілді.

 

3. ХҮІ ғасырдың ортасында басталған тауарлы-ақша қатынастарының дамуы, “бағадағы революция” шаруалардың жіктелуін тездеткенімен, олардың жаппай экспроприациялануы туралы айту әлі ерте еді. Англияға қарағанда, француз дворяндарының шаруалардың жерлерін жаппай тартып алуға елеулі себептері де болған жоқ. Өйткені, мұнда ірі тауарлы ауылшаруашылығын ұйымдастыруға іштей де, сырттай да импульстар жоқ еді. Сондықтан француз шаруаларына жерінен айырылу қаупі төнген жоқ. Бірақ француз шаруаларының өз ауыртпалықтары болды, атап айтқанда, шаруалардан алынатын алым салықтар өте жоғары еді. Феодалдық рентадан (чинш) бөлек, шаруалар үлкен мөлшерде мемлекеттік салықтар төледі. Өсіп келе жатқан мемлекеттік аппаратты ұстаудың негізгі көзі осы шаруалардан алынатын алым салықтар болды. Шын мәнісінде, француз шаруалары помещиктерге феодалдық рентаны екі рет төледі, бұған қоса католик шіркеуінің пайдасына десетина төлеу сақталынды. Бұлардан да бөлек француз шаруалары өсімқорларға да жем болды.

Француз буржуазиясының әлеуметтік – экономикалық белсенділігі де, ағылшындық әріптестерінен төмен еді. Едәуір қаражаттарын жинап алғаннан кейін, олар мемлекеттік аппаратта қолайлы қызметтер тауып алуға тырысты. Мемлекеттік лауазымдарды сату практикаланды. Мемлекет – лауазымдарды сатуға өзіндік ішкі заем ретінде қарады. Францияның әлеуметтік құрылымының ерекшеліктеріде осында. Лауазымды қызметті сатып алушылар – мемлекетке берген ақшасын бірнеше есе шығарып алуға тырысты. Осылайша буржуазияның дәулеті, өндірістен тыс саладан құралды. Француз капиталы өнеркәсіптік іс әрекетінде, саясатта да тым болбыр болды. Әсіресе, отарлық саясатта белсенділігі кемшін түсті.

Жоғарғы мемлекеттік лауазымдар мен поместьелерді, дворяндық титульдарды сатып ала отырып, буржуазияның бір бөлігі дворянданды.Осылайша, “мантияның адамдары” дейтін\дер пайда болды. Егер Англияда дворяндардың буржуазиялануы процессі жүрсе, мұнда керісінше буржуазияның дворяндануы жүрді. Мұндай “мантияның адамдары” кәсіпкерліктен қол үзумен шектелмей, өздерінің “тектерінде” ұмытуға тырысты. Қызметтегі дворяндар мен буржуазияның король өкіметіне тәуелділігі абсолюттік монархия үшін кең әлеуметтік негіз болды. Француз абсолюттімінің ерекшелігі басқарудың бюрократиялық аппараты мен тұрақты армияның болуы:

Францияда реформацияның дамуы үшін Германия мен Швейцариядағыдай қолайлы жағдай болған жоқ. Францияда реформациялық идеялар гуманистік топтардың арасында пайда болды. Алғашқы реформациялық идеяларды таратушы Лефеврь де Этапль болды. 1512- жылы оның “Апостол Павелдің жолдауы” жарыққа шығып, Лютерьдің “наныммен құтқарылу” идеясы қызу қолдау тапты. Алайда, халық бұқарасы оның ішінде буржуазия да, Париж тұрғындары да католицизм позицияларында нық тұрды. Өйткені, король сияқты католизмде ұлттық бірліктің символы болды. Францияда католик шіркеуі Германиядағыдай папаға бағынышты жағдайда болған жоқ. Ол түгелдей корольге бағынды. Ақырғы соңында, француз дворяндарының көпшілігі Италияда соғысып жатқандықтан, оларда алғашында реформацияға қызығушылық таныта қойған жоқ.

Соған қарамастан реформациялық идеяларда францияда дами түсті. Әсіресе, дворяндар мен елдің оңтүстік батыс облыстарындағы қол өнерші тұрғындардың арасында реформациялық идеялар танымал болды. Италия соғыстары кезіндегі сәтсіздіктер король үкіметіне қарсы оппозициялық көңіл күйлерді күшейтті. Наразылық формаларының бірі католицизмнен кальвинистік нанымға қарай ауысу болды. Калвинистер (гугеноттар) әсіресе, елдің оңтүстігінде 30-40 – жылдары өте көп болды.

ХҮІ- ғасырдың 50-60-жылдары француз монархиясы ауыр дағдарыстарды бастан кешті. Италиян соғыстары сәтсіз аяқталды. Француз феодалдарының Италиядан дәметкен әскери олжаға, жер мен қызметке кенелеміз деген үміті ақталмады. Дворяндар оның ішінде жоғарғы аристократияда бұған наразы болып, король мен оның маңайындағыларға барлық кінәні арта бастады. Оның үстіне басталған “бағадағы революция” француз дворяндары үшін ауыр тиді. Ендігі жерде шіркеу жерлерін секуляризациялау мәселесі дворяндар үшін өзектілене түсті.

ХҮІ-- ғасырдың ортасында дворяндардың бір бөлігінің кальвинизмге өтуі “гугеноттық партияның” құрылуына алып келді. (Гугенот – неміс тіл “бірігіп ант бергендер”). Онда үстемдік еткен Бурбондар басқарған феодалдық топтар – билікке айқын ұмтылды. Өйткені билік құрып отырған Валуалар әулетінен ұрпақ қалмай бара жатты. Католиктік күштерді герцог Гиз әулеті басқарды. Гиздердің де саяси мақсатының Бурбандордан айырмашылығы аз болды. Гугеноттар – елдің оңтүстігі мен оңтүстік батысына арқа сүйеді. Католиктік лагерьді елдің солтүстігі мен орталығы қолдады. Франциядағы азамат соғысын кейде гугенот соғыстары немесе діни соғыстар деп атайды. Алайда, мәселеге байыптап қарасақ, бұл католиктер мен гугеноттардың қақтығысынан көрі, абсолюттік монархия мен феодалдық тәртіпсіздіклердің арасындағы соғыс болды. Абсолютизмнің жаулары алғашында гугеноттар партиясы жағында соғысса, ал кейінірек католиктік лагерь жағында соғысты.

Гугенот соғыстары 36 жылға (1562-1598) созылып, үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде (1562-1572) негізгі абсолютизмге қарсы күш ретінде гугеноттар көрінді. Валуалардың король өкіметі гугеноттар мен католиктердің арасында тепе-теңдік ұстауға ұмтылды. Осындай тактиканың нәтижесінде 1570- жылы бітім жасалынып, гугеноттардың діни нанымына еркіндік берілді. Кепілдік ретінде гугеноттарға елдің оңтүстігінен төрт бекініс берілді.

Екінші кезең 1572 жылдың 24 тамызындағы “ Варфоломей түнінен” басталады. Бұл кезең 1576- жылға дейін созылды. Оның барысында гугеноттар өздерінің конфедеренциясын құрды, сөйтіп, шын мәнісінде, елдің оңтүстігінде дербес республика құрды. Орталықтанған ел ретінде Францияның бөлініп кету қаупі төнді. Бұған жауап ретінде католиктер өздерінің ұйымдарын- Гиздар басқарған “католик лигасын” құрды. Гиздар “еркіндік пен бостандықтың көне құқтары артықшылықтарына”, яғни, феодалдық бытыраңқылыққа ашықтан – ашық шақырды. Генрих ІІІ өзін католик лигасының басшысымын деп жариялауға мәжбүр болды, сөйтіп күштердің арасындағы теп теңдікті зорға ұстап тұрды. 1576- жылғы Блуа қаласындағы бітім бойынша гугеноттардың құқтары кеңейтілді, елдің оңтүстігі – солтүстіктен бір жолата бөлініп кетті.

Ең ұзақ күрделісі - үшінші кезең болды (1576-1594). 1576- жылғы бітімнен кейін он жылға созылған тыныштық орнады. Ол нақ осы жылдары айрықша күшті қарқынмен жүрген төменгі әлеуметтік топтардың күресімен түсіндіріледі. Азамат соғысының шырқау шыңы 1585-1589 жылдарға келеді. (“Үш Генрихтің соғыстары”). Анти абсолюттік қозғалыс оған Париж бастаған католиктік қалалардың қатысуымен күшейе түсті. Қалалықтардың ұйымы, 1585- жылдан жұмыс істеп келе жатқан - Париж лигасы болды. Осылайша, астана мен басқада католиктік қалалардың қолдауы Генрих Гиздардің тобына үлкен көмек пен абырой берді. Өздерін сенімді сезінген католиктік лига басшылары король Генрих ІІІ-ні гугеноттарға қарсы соғыс жариялауға мәжбүр етті. Корольдің қалалар лигасын тарату әрекеті 1588- жылдың 12 мамырындағы Париждегі көтеріліске алып келді (“баррикадалар күні”). Елдің астанасы, 1589- жылдан бастап басқа қалалардың көпшілігі (бүкіл солтүстік, оңтүстіктің бір бөлігі) лигистердің қолына өтті. Өздерінің позициясын нығайту үшін лигстер ұлттық мүдделерді тікелей сатуға дейін барудан тайынған жоқ, атап айтқанда, олар көмекке испан әскерлерін шақыртып жағдайды одан әрі шиеленістірді.

Оңтүстікте де және солтүстікте де елдің одан әрі бөлшектенуі қаупі төнді. Ұрыстардың бірінде католиктік лиганың басшысы Генрих Гиз қаза тапты. Король Генрих ІІІ өзінің жағдайын ірі феодал Генрих Наваррскиймен (бұлда Бурбон) одақ құру арқылы сақтап қалуға тырысты, сөйтіп, оны өзінің мұрагері етіп жариялады. Алайда, бұдан кейін Генрих ІІІ-і Доминикан орденінің монахы Жак Клемонның қолынан қаза тапты (1 тамыз 1589). Генрих ІІІ-нің өлімімен Валуалар династиясы тоқтатылды.

Генрих Бурбон Наварский – Генрих ІҮ-і деген атпен корольдық таққа отырып, жаңа Бурбондар династиясының негізін қалады. Алайда, ол өз династиясының өміршеңдігін көрсету үшін бес жыл тоқтаусыз күрес жүргізуге мәжбүр болды.

Гугенот соғыстары 1589- жылы Нант эдиктісімен аяқталды. Генрих ІҮ-і бұл құжат арқылы гугеноттармен католиктерді біріктіруге тырысты. Эдикт католицизмді Францияның мемлекеттік діні деп жариялады. Біруақытты гугеноттарда өздерінің дінін уағыздауға мүмкіндік алды. Нант эдиктісі – діниымыраға келуді орнатқан тұңғыш европалық үлгі болды. Азамат соғысының нәтижесінде Оңтүстік Францияның гугеноттары едәуір дербестік алды. Алайда, гугенот соғыстары кезіндегі анархия Франция үшін өте ауыр болды (құлдырау, шаруашылық дағдарыс, финанстық берекесіздік т.б.). Мұндай жағдайда күшті король өкіметін қалпына келтіру кезек күттірмес еді.

Генрих ІҮ өзінің маңайына жігерлі де қабілетті адамдарды жинай білді. Солардың бірі оның финанс министрі Сюлли (1560-1651) болды. Үкімет салық жинауды ретке келтірді, тіпті, шаруалардан алынатын алым салық азайтылды. Генрих ІҮ-нің үкіметі мануфактураның дамуына үлкен мән берді, әсіресе, жібек мата,өрнек тоқу, гобелендер даярлау т.б. жолға қойылды. Жол қатынасы жақсартылып, тұңғыш рет елді мекендер арасында - о м н и б у с т а р қатынай бастады. 1604- жылы француз Ост-Индия компаниясының негізі қаланды. Шамамен осы уақытта Солтүстік Америкадағы Француз иелігі – Канада отарлана басталды.

4. ХҮІ- ғасырдан бастап Италияның экономикалық құлдырауы басталды. ХҮ ғасырдың соңында-ақ италиян өнеркәсібінде құлдыраушылық элементтер байқалған еді. Тіпті, Италияның өзінде флоренция шұғасы (мауыты) ағылшын шұғасымен алмастырыла бастады. Ағылшындардан бөлек Франция мен Германияда да өнеркәсіп өрледі. Нидерланды ХҮІ ғасырдың өн бойында сауда жағынан ғана емес, өнеркәсіптік жағынан дамып отырды.

Ұлы географиялық ашулар Италия қала-республикаларының экономикасына үлкен нұқсан келтірді. Венеция аса бай көпестік республика болып қала берді, бірақ оның мұхиттық саудадағы ролі жоқтың қасы болды. Италиян қалаларының саудасы Таяу Шығыспен шектелді. Сауда мен өнеркәсіптен ығыстырыла бастаған италиян буржуазиясы көбіне көп банкілік - өсімқорлық операцияларға назар аудара бастады. Капиталды жұмсаудың басқа формасы жер сатып алу болды. Буржуазия жерлерді сатып алып дворяндарға айнала бастады. Өнеркәсіптің құлдырауы мануфактура жұмысшыларына да әсер етті. Олардың көпшілігі қайтадан қаладан деревньяларға қоныс аударды. Ірі жер иелеріне айналған Италияның буржуазиясы өндірісті дамытуды қолға алған жоқ. Олар да, дворяндар сияқты жерді ұсақ шаруаларға і шартпен пайдалануға берді (испольщина). Осылайша, дамудың белгілі бір кезеңіңде Италияда кері процесстер, яғни феодалдық қатынастардың орнығуы жүрді.

ХҮІ- ғасырда Италия саяси жағынан бұрынғысынша бытыраңқы ел болып қала берді. Солтүстіктегі ең ірі мемлекеттер: Венеция, Генуя, Милан, Савойя және Пьемонт герцогтықтары; Орталық Италияда – Флоренция республикасы (1531 жылдан Тоскана герцогтығына айналды) мен папа мемлекеті; Оңтүстіктегі неаполитан корольдығы (Сицилия құрамында) болды. Бұлардан бөлек ондаған ұсақ тәуелсіз иеліктер сақталынды. Барлық республикалық құрылыстар монархиялық институттармен алмасып жатты.

Бытыраңқы Италия тоқтаусыз айла–шарғылардың, дипломатиялық астыртын күрестің, үлкенді–кішілі ұсақ ұрыс–керістердің ошағы болды. Мұның барлығы ірі мемлекеттердің Итальян істеріне араласуына түрткі болды. 1494- жылы Француз королі Карл ҮІІ дің Италияға басып кіруімен әртүрлі үзілістермен 60 жылға созылған “Италян соғыстары” кезеңі басталды. (1494-1559) Соғысқа түрткі болған “Анжуй мұрасы” үшін күрес болды. Италияның Неопалитон корольдығы ХІІІ- ғасырдың екінші жартысынан “Анжуи” династиясына қарайтын(фр). Ал 1442- жылдан Арагон (Испан) әулетіне өткен еді. 1494- жылы Неаполитан королі Ферранте І Арагон қайтыс болғаннан кейін, оның орны босап қалды. Француз королі өзінің “Анжуй мұрасын” қайтарып алғысы келді. Италян соғыстары, тек 1559 жылы “Като – Комбрези” бітімімен аяқталды. Француздардан бөлек Италияға Испандар және герман феодалдары ұмтылды.

“Като–Комбрези” бітімі бойынша Италияның көпшілік территориясында испанияның үстемдігі сақталынды. Италия экономикалық және шаруашылық жағынан әбден күйзелді. Милан герцогтығы, Неополитон королдығы (Сицилия мен Сардиния) Испанияға өтті. Ірі мемлекеттердің ішінде дербестігін сақтаған Савойя герцогтығы, Генуя республикасы, Венеция, Тоскана және Папа облысы ғана болды. Ұсақ мемлекеттерде:

Парма герцогтығы мен Пьяченца, Модена, Мантуя, Феррара, Урбино герцогтықтары, Монферрат маркграфтығы, Лукка және Сан Марино республикалары – тәуелсіздігін сақтады.

Италиядағы реформация қарсаңындағы діни идеялық қозғалыс Д. Савонаролланың (1452–1498) қызметімен байланысты. Бұл моральдың тазалық жолындағы күрес болды. Реформациялық қозғалыстың ошақтары Лукка, Флоренция, Венеция, Ферраре, және т.б. қалаларда орналасты. Италиядағы реформациялық қозғалыс интеллектуалдық қозғалыс деңгейінде қалып қойды. Елдің бытыраңқылығы, реформациялық қозғалыс бытыраңқылығы,католык шіркеуінің жеңісін қамтамасыз етті.

 

Әдебиеттер:

1. Гусарова Г.П. Город и деревня в италии на рубеже позднего средневековья М., 1983г.

2. История Италий. В 3т., М., 1970г. 1т.

3. Дживелегов А.К.Творцы итальянского Возрождения. В 2 кн., М., 1998г.

4. Искуство и культура Италии эпохи Возрождния и Просвещения.,М.,1997г.

5. Чиколини Л.С. Социяльная утопия в Италии ХҮІ начало ХҮІІ в., М.,1980г.

6. Культура и общество Италии накануне нового времени. М.,1993г.

7. Рутенбург В.И. Народные движения в Италии в ХІҮ – ХҮ вв. Л.,1958г.

8. История средних веков. С.П. Карпова. М.,2003г.

 


Дата добавления: 2015-07-08; просмотров: 2097 | Нарушение авторских прав


Читайте в этой же книге: Верден бөлінісі. | ХІ – ХІІ -ғасырлардағы Византия | Төртінші және соңғы крест жорықтары. Крест жорықтарының салдары. | Испания. | Орта ғасырлардағы Италия дамуының ерекшеліктері. | Христиан діні және католик шіркеуі. | Христиандық көзқарастың Европа мәдениетіне тигізген әсері. | Англия. | Реформацияның Европа елдеріне таралуы. Католиктік контрреволюция. | ХІ- ХҮғғ Италия. |
<== предыдущая страница | следующая страница ==>
Кітап басудың басталуы.| Вестфаль бітімі қорытындылары.

mybiblioteka.su - 2015-2024 год. (0.015 сек.)